Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Англиядан келген хат...

15.09.2022 2832

Англиядан келген хат 14+

Англиядан келген хат - adebiportal.kz

Сонау Англиядан хат келіпті. Бұл өлкеде бөгде тілде өрнектелген мұндай хатты оқып, аударып беретін де кісі аз.  

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

 «Hello Manarbek, my dear!  The angel of salvation.  You gave me a second life.  I am eternally indebted to you.  I'm still scared to think of those difficult days.  I wouldn't be in this life if I didn't meet you.  You are a real hero of a fairy tale.  I'm still sorry I couldn't be there!  You are not forgotten for a moment.  I missed you!  I hugged!» 

                                                                                       Hi, Ela.  England.  London. 

 

«Сәлем, Манарбек, қымбаттым! Құтқарушы періштем. Сен маған екінші өмір сыйладың. Сенің алдыңда мәңгілік қарыздармын. Сол бір ауыр  күндерді ойласам әлі шошимын. Өзіңіз кездеспегенде бұл өмірде болмас па едім. Сен, ертегідегі нағыз батырсың. Қасында бола алмағаныма әлі өкінемін! Бір сәтте есімнен шыққан жоқсың. Сағындым! Құшақтадым!»  

                                                                             Сәлеммен, Эла. Англия. Лондон.  

 

Құс қайтып, шөптің тамыры қатайған шақ. Жонды жерге қырбақтап қар түсіп қайта еріген. Бір аптаның алдында аяқ астынан табиғат өзгеріп алай-дүлей боран соғып, қайта ашылған. Боранның ұйытқығаны сонша ат құлағы көрінбей, адам адастыратындай қатты болған. Шың басындағы сүрі қардың үстіне ақ ұлпа мамық түскен. Енді оның шіліңгір шілде айында да ери қоюы екіталай. Шыңына ақиық қыран ұялайтын атақты Қарақия тауы менмұндалап тұр. Қарақияның басы қар, етегі шалғын. Сайдың ішінде ирелеңдеп Ойғыр өзені ағып жатыр. 

 

Жайлаудың  қызығы қайтқан, сүреңсіз уақыт. Елдің көбі ойға түсіп кеткен. Күзгі малдың қонына бола бірнеше ауыл әлі жонда отыр. Қоралы қой Қарақияны бауырлап Бесбоғдаға қарай бағыт алыпты. Жирен атты сипай қамшылап малдың соңында малшы келеді...  

 

Алтайдың Мұзтаудан кейінгі екінші биік  шыңы - Бесбоғда. Қысы-жазы басынан етегіне дейін мұз құрсап, басына бұлт шөгіп жатады. Сайдың іші сарқырап жатқан өзен. Өзеннің жан-жағы айқұш-ұйқыш мұз, терең шыңырау. Тау аңсап келген талай саяхатшы шыңырауға түсіп кетіп, сол күйі сүйегі табылмаған.

 

Бесбоғда сөзінің төркіні моңғолдан шықса да, қазақтар оны «Бес Тәңір»,  кейде «Бес асқар» деп атайды. Не керек, атақты Бесбоғда әлем туристері мен альпинистерін өзіне магнитше тартатыны рас. Күн жылына бастағаннан-ақ көп қарасы ағыла бастайды. Ақсары ағылшыны да, қысық көз жапоны да, қап-қара афро-американдығы да, бойшаң французы да осы жерден табылады. Тау көрмегендей қаптайды да жүреді. Шет тілінен хабарсыз түз қазақтарының бұлармен шаруалары жоқ, өз тірліктерімен айналысып, кейде ғана тауға, тұмса табиғатқа деген құмарлықтарына сүйсінетін.

 

Қарақиядан өрген қой қапталдап жайылып Қоңырбелге бет алған. Қоңырбелдің қыратында кітапқа шұқшиып Манарбек қойшы жатыр. Қасында жайылып жүрген жирен ат ара-тұра пысқырынып қояды. Анда-санда басын көтеріп жан-жағын шолып қойғаны болмаса, қойшы кітаптың қызығына әбден кірген. Айналаны шолу, биік төбеге шығып дүрбі тарту оған бала күнінен әкесінен жұққан әдет. Бұл осы ауылдың барлық малшыларының бойында бар әдет. Қай сайда қандай мал жүр, айнала ит-құстан ада ма дегендей сақтықпен қарайды. Кітаптың қызығына түсіп біраз жатып қалған екен, бір қараса, Қоңырбелден асқан қой Бесбоғда сайына құлап барады. Алдынан шықпаса болмас. Жирен атқа қамшы басып, "тәйт, қайт" деп желіп алдынан шықты. Жыра-жыра, бел-бел сайдың кейбір аңғарлары анық көріне бастады. 

 

Кенет көз ұшында бірдеңе қарауытқандай болды. Манарбек көзін сүртіп қайта қараған. Апырм-ау, алыстан көзіне шалынған аң ба, мал ма? Анық көре алар емес. Жиренді қамшылап, биіктеу белеңге шығып, дүрбі салды. Алыстан қарауытқан нәрсе бұлдырап барып, бір кезде анық көрінді. Бір құлап, бір тұрып, бұлғақтап жүрген қара – адам екен. Аяғын тәлтіректей баса беріп, қайта сүрінеді, қолын тіреп тұрғандай болып, сәл еңбектей беріп, қайта жатып қалады. Манарбек ойланып тұрмастан, дереу көмекке ұмтылды. Атына міне сала алыстағы әлгі адамға қарай желе жөнелді. Кенет есіне осыдан бір апта бұрын Бесбоғдаға келген туристер түсті. Мүмкін, геолог, әлде алпенис па екен деп ойлап қояды. 

 

Келген туристер тау-тасты жеке кезіп кете беретін. Сол күні бұлыңғыр күн аяқ астынан бұзылып, алай-дүлей қар жауған. Көбі адасып, қас қарая тіккен шатырларын әзер тауыпты. Бір қыз қайта оралмағанын Манарбек те естіген. Жолдастары іздеп таба алмай, астанадан арнайы тікұшақ та шақырған. Келген құтқарушылар бір-екі күндей қарағанда таппай, тарығып қайтыпты. Мүмкін, сол адам шығар деген ой Манарбектің түйсігіне сақ ете қалды. Жиренге қамшы басып, шабысқа көшті.  

 

Эла бала күнінен саяхаттағанды жаны сүйетін. Осы күнге дейін әлемнің қанша еліне барғаны есінде жоқ. Өзі туып-өскен тұманды Альбион елінің оңтүстік-батысындағы Бристоль университетінің магистратурасын бітірген. Табиғатқа шыққанды, мұз тауларды суретке түсіргенді ұнататын. Барған жерінен неше түрлі тасты ала келетін, сондықтан Эланың тас коллекциясы үздіксіз толығып отыратын. Бұл қыз Бесбоғда туралы университетте бірге оқыған құрбысы Кристидан естіген. Бірнеше жыл бұрын Моңғолияға саяхаттап барған Кристи  мұзтау мен оның маңайындағы қаймағы бұзылмаған  жабайы табиғат туралы айтып, қатты қызықтырып қойған. Бірден әлеуметтік желіге кіріп, аңсарын ауғызған Бесбоғда тауын іздеді, біршама мағұлмат жинап алған соң, демалыс алып, құстай ұшқан. Алыс жолдың азабын тартып, қиырдағы мұзтауға келгенде Эланың жан сарайы ашылып, жадырап сала берген. Жабайы табиғатты суретке түсіріп, құпия сыр жасырынғандай көрінген алуан тастарын терем деп жүріп, жолдастарынан алыстап кеткенін байқамапты. Кенет ойламаған жерден ауа-райы да бұзылып, адасып қалған.  

 

Боран басталғанда Эла сайдың аяғында болатын. Компасына сенген. Онысы суықтан қатып қалып, бағытынан адасып қалды. Боранға қарсы бағыт алып келе жатып, Бесбоғда өзенінің жарқаш мұзына құлапты. Қатты құлағаны  сонша басы мұзға соғылып, екі күн ес-түссіз жарқаш мұз арасында жатқан. Іздеушілердің таба алмауы сондықтан. Есін жиғанда дірілдеп жатыр екен. Көзі қарауытып, бір аяғы тіпті қозғалтпайды. Бұл өңірге қалай келгені, тау арасында саяхаттағаны, боранда адасқаны бәрі бір сәтте есіне түскенмен, осы бір қабірдей суық жерде қанша жатқанын есіне түсіре алмады. Бар күшін бойына жиып, өмір үшін күресуге бел буды. Жарқаш мұз арасынан суырылып шығып, жанталаса етекке қарай еңбектеді. Әл-қуаты әбден құрыған кезде  жанына жақын адамдарды, туып-өскен мекенін көз алдына келтіріп, өмірмен қоштасып, баз кешпек те болады. Бірақ сол сәтте жарық дүниеге деген құштарлығы оянып,  жігерін қайрап, жақпар тастай алып мұзды таяныш қылып, орнынан көтерілді. Сынған аяғына да қарамады. 

 

Эланы өлтірмеген – жығылмас жігері мен жасымас күші болатын. Бар азапты тартып, шынтағымен тайғақ мұзды тіреп, сынған аяғын сүйретіп, еңбектей-еңбектей үш жүз метр жердегі аузы апандай үңірейген үңгірге жетіп, ішінде үш күн жатты. Сумкасынан дәрі алып ішті. Аздап ауқаттанып алды.  Тағы бір таң атқанда, тамағы да таусылған еді. Енді «Өлсем далада өлейін, өлмесем біреу жолығар» деп келе жатқан беті осы.  

 

Өзіне қарсы шауып келе жатқан адамды көргенде, Эла талып қалды. Ес-түссіз жатқан қызды алдына алған Манарбек қойды Қарақияға қаптатты да, үйіне қарай сар желді. Ақбоз үйдің сыртына келіп айғай салды. Үйден келіншегі Бибі мен кішірек екі баласы атып шықты. Күйеуінің алдында ессіз жатқан ағылшын келіншекті  көрген Бибі:

  — Көтек, бұл кім? - десін. 

  —Тезірек, аш есікті, пештің түбіне көрпе сал, - деді Манарбек. Пеш түбіне жатқызды. Бойы жылынған Эла ыңыранып, ауыр қозғалды. Бибі, аузына жылы су тамызып, қол-аяғын уқалады. Біраз жатып есін жиған. Есін жиды да, жан-жағына қарап, аман екеніне көзі жетті ме ұзақ жылады. Өз тілінде сөйлейді де, жылайды, үй иелері оны ұққан жоқ.  

 

Кешкі қойды қоралаған Манарбек аяқ жақтағы ауылдарға барып, қызды тапқанын айтқан. Олар төменгі ауылға шауып, орталыққа да ақпар кешікпей жеткен.  

 

Таңертең Эла сергек тұрды. Үй иелерімен бірге шай ішті. Бибіге қуана сөйлеп, Манарбекке ерекше бір сезіммен қарап, күле сөйлеп, жадырап отырды. Үшеуі де бір-бірін ыммен ұққандай. Бибі үйдегі бар дәмдіні Эланың алдына тартып, шәй іш дегендей ишара қылады. Эла олардың асты-үстіне түсіп, бәйек болып күткендеріне риза болып, қалай алғыс білдірерін білмей абдырады. Үйдегі 5-6 жастағы екі балада Элаға таңырқай қарайды. 

 

Шайдан соң Манарбек далаға шыққан, қой бағуы керек. Эла да бірге шықты. Киініп апты. Бірге кетем дегендей. Манарбек ымдап «қал» деген. Эла, түсінді. Ол өзін өлімнен құтқарып, аман алып қалған жігітке қатты ырза еді. Қамшысын алып бұрыла берген жігітті құшақтап бас салды. Ауылдың момын қазағы ұялып, сасып қалған. Эла, бас салып мойнынан құшақтап, ернінен сүйіп алды. Итеріп жіберген Манарбек, атына мініп тұра шапты. Артына қараған жоқ. Өзінен өзі ұялып келеді. Қызарып кеткен. Әйелі мен балалары көрмегеніне де қуанды. Күні бойы ернін сүртіп, қысылды да қойды.  

 

Арада екі күн өткенде астанадан тікұшақ келді. Арнайы органнын адамдары және Эланың достары бар. Қуаныштарында шек жоқ. Манарбекке   медаль, марапат ала келіпті. Шетелдіктердің сыйлығы бөлек. Мақсаттары Эланы алып кетпек. Қойшының үйінен шай ішіп, болған оқиғаға қанықты. Элаға сөз берген. Ол өз сөзінде:  «Мен бұл жігітке қарыздармын. Ендігі менің өмірімнің қожайыны осы кісі, осы азамат болмағанда өліп те қалар едім. Мәңгілік осы жігіттің қасында болғым келеді», - депті. Аудармашыдан Эланың сөзін естігенде Манарбек қатты қысылды. Бибі, жымиып жерге қарай берді. Ағылшындардың бұндай ашық болатынын, өз ойы мен сезімін еркін айтатынын білмейтін. Манарбек сасқаннан:

  — Мен рұқсатымды бердім, алып кетіңіздер, ештеңе де керек емес, - деді. Аудармашы Элаға жеткізді. Қыз жылап келіп, жігітті құшақтай алды. Бетінен сүйіп жатыр. Екі бала төсектің астына  кіріп кетті. Бибі, ұялып қолына ақ құманды алып есіктен шыға қашты. Далаға шыққанда Эланың достары Манарбекке бір уыс доллор ұстатты. Ол басын шайқап еді, қойнына тығып жіберді. Эла, тікұшаққа мінгенше қол бұлғап барады. Манарбек қыздан құтылғанына қуанған.

 

Қызыра батқан күн уақыт арбасына мініп батысты беттеп барады. Әуеге көтерілген тікұшақтан қараған Эла осынау тәкәппар әлемде ажалмен бетпе бет келгенін ойына алып, ауыр күрсінді. Ауылға қарай бет алған қой сансыз әскердей аяндап келеді. Эла бұлттар арасынан арманын іздегендей күй кешеді. Ол іштей Манарбек пен Бибіге алғысымды дұрыс жеткізе алмадым-ау деген ой күдігіне қамалған. Сәлден соң өмірге қайта келгендей әсерленіп, жүрегі дүрсілдей, келер күндеріне деген үмітін жалғай түсті. Басына шудалы қою бұлттар қонақтаған тәкәппар Бесбоғда ештеңе болмағандай асқақтап артта қалып барады... 

                                                                    Ербол Бейілхан. 

13.06.2022 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар