Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ақ қыс – ақ арман...

01.03.2024 1902

Ақ қыс – ақ арман 12+

Ақ қыс – ақ арман - adebiportal.kz

Кең даланың төсін шарлап барлау жасап, кен қазып ел байлығын еселеуші  тау-кен саласында жүрген қауым арасынан әдебиетке, ән-жырға бейім шығармашыл жандар көптеп шыққанын білеміз. Осындай туындыгерлердің бірі - тау-кен инженері Шерияздан Тайконұлы. Сарыарқаның сайын даласында еселі еңбек ете жүріп, көңілдің алуан күйлерінен жыр өретін ақынның топтама өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 

Жыр тұлпар – болшы, серігім

Жылыстап жылдар өтсе де,

Жырақтап жастық кетсе де.

Жыр көктем әлі өшкен жоқ,

Жаңбырлы күзім жетсе де.

 

Жалаулы жастық сән құрған,

Желбіреп өттік сан қырдан.

Жалғасып міне бүгінге,

Жадымда ән боп жаңғырған.

 

Жағаны соққан толқындар,

Жарасқан әуен ол тыңдар.

Жарқ етіп өткен жас дәурен,

Жылдарға сіңіп қол бұлғар.

 

Жетелеп алға жыр желкен,

Жүрекке нұрлы сыр берген.

Жайлауда жатып жазғы түн,

Жұлдызды көктен сыр тергем.

 

Жатсам да тұрсам жерігім,

Жыр тұлпар болшы серігім.

Жағама таққан тұмардай,

Жаныма мәңгі телідім. 

20.01.2022ж.  Қарағанды қаласы

Ақ қыс – ақ арман

Арқаға әппақ қыс келіп,

Арқам бір қозды ағайын.

Ақша қардан жыр теріп,

Аяздан моншақ тағайын.

 

Ақ теңіз – алда атырап,

Айдынға бейне ұқсаған.

Ақ сағым бейне шашырап.

Арманым сынды құшпаған.

 

Ақ желкен жайып айдынға,

Ақ кемем алға ұмтылғай.

(Арманнан асқақ тайдым ба?)

Алға тарт ешбір қымсынбай.

 

Ақ бозын мініп арынның,

Ақ қыста атой салғанмын.

Ақ қарда жанған жалынның,

Алауын бойға алғанмын.

 

Көкірек кетті тазарып,

Көркіне қыстың елтіген.

Таң келед атып бозарып,

Түкпірін көңіл желпіген.

 

Ақпанда туғам аңқылдап,

Алтаймен егіз – жүрегім.

Ақ бата берген саңқылдап,

Ағалар жүрген – тірегім.

 

Алмасып келер маусыммен,

Ақ қысым мәңгі бітпегін.

Арқырап келер даусыңмен,

Ақынға сенім жүктегін.

27 қаңтар 2024 ж. Шұбаркөл

Арқада қалған ақбөкен

Арқаның сәні – ақбөкен,

Алладан берген бақ па екен?

Алдымнан жөңкіп өттіңдер,

Алмастан ешбір жат секем,

Алашқа берген бақ бекем.

 

Ақ қармен сәнді бұл дала,

Аңырдым қарап тұлғаңа.

Алыстан жүйткіп жетуші ең,

Айшыққа толса гүл дала.

 

Ал енді мынау ақпанда,

Ақ боран соғып жатқанда.

Ақ дала болып қыстауы,

Ақ қыстан аңсар тапқан ба?

Аңқылдап жүріп абайсыз,

Ақ қардан жастық жастанба.

 

Алты қыр алда қашаған,

Жар болсын саған жасаған.

Тоймайтын көзі аш адам,

«Сұқ мерген» аңдып тасадан.

 

Алдыңда қанша кедергі,

Адамдар қолмен жасаған.

Арқаның қатал қысынан,

Шыға алармысың бас аман.

 

Тағдырдан көріп шетқақпай, 

Арқада жүрсің шөп таппай. 

Мекеніңнен адасып, 

Меншігің болған Бетпақтай. 

 

Кететін дәйім көз тиіп,

Сенсіңдер әсем жезкиік.

Құртуға сені сәл қалды,

Мүйізің болып көз күйік.

Даланың сәні өзіңсің,

Атады қалай көз қиып.

 

Арқада небір ақын бек,

Жырына қосты жақын кеп.

Жезкиік деп толғанған,

Кешегі өткен Кәкімбек.

06.02.2023ж.

Талдысай-Қорғалжын асжолы

Ескі жұртты аңсау

(Әкем Тәйкөн Таукейұлымен анам 

Дәтер Қалелқызының рухына)

 

Жете алмай жүрген жайым бар Жетіөткелге,

Бара алмай кеткем асығыс болып өткенде.

Ақ өзен тасып, сағадан асып қайыңдар алқа таққанда,

Барсам ғой шіркін, дүркіреп жатқан көктемде.

 

Көктемде барсам ақ бұлттар тауға шөккенде,

Мұнартып ақ шың, сіркіреп жаңбыр төккенде.

Алшаңдап басып ауылды жаяу кезсем ғой,

Аққолдың ерке самалы беттен өпкенде.

 

Қыратқа шықсам қиқулап әкем құс салған,

Жусанын иіскеп көктеммен бірге бүр жарған.

Жағаны кезсем жалықпай шарлап күн ұзын,

Сырғанақ теуіп, ақсүйек ойнап жүз барған.

 

Тәтті шақ кетті-ау уақыттың сонау көшінде,

Оқушы кезім интернат тұрақ есімде.

Әкем мен анам тұратын жылы ұяға,

Жарысып желмен жетуші ем сенбі кешінде.

 

Әр күнгі таңы арайлап ылғи ататын,

Қызыл күн аунап Қызылқобыдан бататын,

Жинап ап ылғи ауылдың ығай-сығайын,

Бүркітін мақтап кәукілдеп әкем жататын.

 

Жаюлы тұрар дастарқан таңнан қара кеш,

Таппайтын дамыл анам мен үйде қара пеш.

Алаңсыз өткен күндерді еске салатын,

Балалық деген басталып еді дара көш.

 

Бар ма екен сонда жақсы мен жайсаң жұрнағы,

Көшкен де болар мекенге мәңгі қырдағы.

Ескі жұрт түссе есіңе ата-анаңмен,

Ауылға тартқын атыңның басын бұрдағы.

02.10. 2022 ж.

Ностальгия

Қаламынан ақынның жыр боп саулап,

Өтіп жатыр біздерден жылдар аунап.

Қатпарынан өткеннің мен іздеймін,

Кешегі өткен өмірді жасыл бау-бақ.

 

Қалған екен біздерден бүгін жырақ,

Бір кездері қол созған көкшіл қырат.

Көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатыр,

Сыңсып аққан беткейден сыршыл бұлақ.

 

Сыршыл бұлақ ағатын таудан құлап,

Тапқан едік өзіңнен аз күн тұрақ.

Екпініңді кешегі тас құлатқан,

Аңсағанда жазамыз жыр ғып құрап.

 

Ойға түстік баяулап ағысымыз,

Бір арнаға түскендей шабысымыз.

Қырандардай кәнігі шолып ұшып,

Өзгергендей қос қанат қағысымыз.

 

Күздің желі ызыңдап есетіндей.

Көз алдымнан көк мұнар көшетіндей.

Алау жастық алыстап кеткен екен,

Көз салмаймын қияға кешегідей.

 

Өмір өтті жасынның жарқылындай,

Ойнақ салған күн қайда тор құлындай.

Он ойланып сан мәрте талпынсам да,

Таба алмаймын кешегі қарқынымды-ай.

Қарқынымды-ай тасыған тау суындай.

 

Самалына сары дала кеуде тосып,

Өткен шақты отырмын жырға қосып.

Саяқтыққа салынба сал күреңім,

Салқар көші өмірдің барады озып.

Барады озып Арқада күндер жосып.

20.01.2023 ж.

 

Сарыарқаға тағзым

Сананы билеп сағыныш,

Сабылып өмір кешкенбіз.

Салторы көңіл алып ұш,

Сарыарқа сен деп көшкенбіз.

 

Сары дала бағымды ашқандай,

Сабасын піскем байлықтың.

Сапыңа кіріп жасқанбай,

Саған кеп қанат жайдық шын.

 

Сарыарқа саған тағзым,

Салкүрең өмір өткізген.

Санама сіңді нағыз үн,

Саумалдай  жырды төккізген.

 

Сапырып кенін Арқаның,

Сан жылды артқа тастаппыз.

Санамда сенің әр таңың,

Сан мәрте жырға қоспақпыз.

 

Сары жігіт мынау кешегі,

Сарыжайлау күйін тыңдаған.

Сара жол саған төседі,

Сабырмен төзім шыңдаған.

 

Сандалкер, танба жүрістен,

Сар желісті жалғастыр.

Сағынышымды сарқып түн ішкен,

Сарала  таңға алмастыр.

 

Самалдай өпші жыр әнім,

Сыдыртып асар қырқаны.

Самғай бер көкте қыраным,

Сақ, ғұнның қайсар ұрпағы.

30 қаңтар 2024 жыл. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар