Өткен ғасырдың алғашқы жартысында адамзат баласы көрген жаһандық екі соғыс қазақ даласын шарпымай қалған жоқ. ХХ ғасырдың басынан ортасына дейін Алаш жұрты толарсақтан қан кешті, аттан түспей еркіндік жолында күресті. Елімізде ғана емес, Қытай, Моңғолия жерлеріндегі қазақтардың есе-теңдік жолындағы күрестері аса биік белске көтерілді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ата жұртқа аңсап жеткен көнекөздердің қазынасынан өткен ғасырдың талай құнды мұралары табылып жатыр. Қазақтың тұтас тарихын тануға қосар үлесі шексіз мұндай деректердің ел руханиятында алар орны ерекше. Бүгін біз арғы бет (ҚХР) Алтайда туып, жалынды жастық шағын сонда өткізген, ғұмырының соңғы жартысы Моңғол мемлекетінде өткен ақын, қалам қайраткері, Моңғолиядағы жазба әдебиеттің негізін салушы – Ақтан Бабиұлының (1897-1973) жұртқа беймәлім бір дастанын жолықтырып, қуанышты жаңалықты оқырманмен бөліскелі отырмыз.
Дастанның аты: Дүңген төңкерісі. Ғасырға жуық уақыт сақтап, жұртқа жария еткелі отырған ақсақалдың аты-жөні Шорман Қабдырахыманұлы.
Шорман ақсақал Шығыс Қазақстаннан Шынжаңға ауып барған елдің тарихын біршама қаузаған, өзі құймақұлақ, жаттампаз, қарапайым қалам иесі. Өткен жылдан бері өзінде сақталған көптеген мұраны баспаға ұсынып, тыңнан түрен салуда. Ақсақал сақтаған мұраларының ішінен «Дүңген төңкерісі» атты көлемді дастан назарымызды ерекше бұрып отыр. Былтыр ғана «Бодандық» атты кітабын жазып, Алтай мен Арқа ортасындағы арлы-берлі көшкен елдің ауыр тарихын сөз еткен автор, биыл баспаға ұсынғалы отырған екінші кітабына біз тілге тиек етіп отырған «Дүңген Төңкерісін» де енгізіпті. Шорман ақсақал бұл шығарма туралы былай баяндайды:
1933 жылы Шынжаң жерінде қытай мен дүңгендер соғысып, ығысқан дүңгендер Жемсарыдан Алтай жеріне барып, Буыршындағы қазақтарға тырнағын қатты батырады. Кейін Ішкі Қытайдан көп әскер келе жатқанын естіп, дүңгендер Қазақстанға қарай өтіп кетеді. Бүгінгі Қордай өңіріндегі дүңгендер солардың ұрпақтары. Осы бір аумалы-төкпелі кезеңде Қытайдың гоминдаң үкіметі мен Буыршынға ертерек қашып келіп орналасып алған Ақ патша орыстары бірлесіп дүңгендерге қарсы тұрды. Бейбіт отырған қазақ ауылдарын орыстар да, дүңгендер де қыспаққа алды. Орыстар жергілікті қазақтарға қырғыншылық жүргізді. Орыстан кейін ат-көлік алу мақсатында қазақтың малын тонаған дүңгендерді Әкім батыр бастаған ел ағалары құтқарып қалады.
Бұл дастанның авторы Ақтан Бабиұлы. Осы оқиғадан кейін Ақтан ақынның елі үркіп көшіп Баян-Өлгейге қоныстанады. Ақтанның бұл өлеңінің жазбаша нұсқасы қолымызда жоқ. Ел арасында айтылған нұсқасын әкем Қабдырахыманның аузынан естіп, жазып алған едім. Қазақтың тәуелсіздік алмаған кезіндегі нәубет жылдардан келер ұрпақ сабақ алсын деп, «Дүңген төңкерісі» атты дастанды тұңғыш рет осы кітабымыз арқылы жұртқа жариялап отырмыз.
Ш. Қабдырахыманұлы
Дастанның авторы Ақтан Бабиұлы екенін дастан өзі де айтады.
Қолыма қалам алдым «я Құдайлап»,
Ұрпағына қазақтың болсын сабақ.
Болғанда атым Ақтан, атам жәдік,
Нағашым ботақара, қайыным тайлақ.
Дастанның бізді еріксіз өзіне тарта берген себебі, Шынжаң жерінде болған дүңген төңкерісі бала күнімізден құлағымызға сіңісті болған оқиға. Үлкендер Алтайда басталған ұлт азаттық соғысының алдында дүңген мен қытайдың арасындағы қырқыстан да қазақтың ырқы кеткенін жиі айтатын еді. алайда, «Дүңген төңкерісі» атты әдеби, тарихи туынды барын бірінші рет біліп отырмыз. Сонымен, Ақтан Бабиұлының шығармашылығы жөніндегі ашық мәліметті ақтарып көрсек, Ақтан ақынның жұртқа белгілі шығармаларының ішінде «Дүңген төңкерісі» жоқ болып шықты.
Аталған поэма күмәнсіз Ақтан Бабиұлының төл туындысы. Автор шындық негізінде өрілген шығармасын шымыр баяндайды. Оның үстіне дүңген мен орыс және қытай арасындағы қайшылықта қыспақта қалған қазақ ауылының ішінде автор өзі де болған.
Бұл дүңген келген екен жауға қарап,
Жүз жігіт ішімізден алды санап.
Орыс пен атыспақ болып ойдан шыққан,
Оспанның ақ жылқысын жатыр талап.
Мінезі бұл дүңгеннің неткен қиын,
Мал біткен соң талады үйден бұйым.
Бұл халық қайда барып жан сақтайды,
Бауырдан қазан кеткен соң бастан үйің.
Деп тыныш жатқан елге тырнағы батқан, жарақтанған жат ниетті жауына кектеніп, көзімен көрген көргілікті жасырмай жазып отырады.
Жан үшін Алтай мекен жерден аудық,
Тіледік бір Алладан денге саулық.
Мың тоғыз жүз отыз төрт деген жылы,
Баян-Өлгей деген жерге бардық.
Деп ұзақ хиякаяның соңғы нүктесін қоюға дайындалады. Дастан жүз шумақтан (төрт жүз тармақ) асып жығылады.
Жадына сақтап, жас кезінен көшіре жүріп жаттап алған Шорман ақсақал өзі де Қытайдың мың құбылған саяси толқындарын бастан кешірген кісі. Солай бола тұрға әкесінен қалған мұраны әспеттеп, бейнетті өмірдің зейнетін егемен елінде көре жүріп, сексеннің сеңгіріне шыққанда, «игіліктің ерте-кеші жоқ» деп, оқырманға ұсынып жатқанына да жанымыз сүйінуде. Әрине, қағаздан қағазға, ауыздан ауызға таралып келген бұл шығарманы автор алғаш хатқа түсіргендегідей толық нұсқа дей алмаймыз. Дегенмен, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтінін сияқты, өткен ғасыр басындағы Алтай бетіндегі ағайынның жарақтанған жат қауымнан көрген жәбірі мен жапасы шын оқиғалар бойынша баяндалған бұл мұраны қазақ қазынасының бір жауһары деп батыл айтар едік. Дастан енді жұртпен қауышу алдында тұрған, Шорман Қабдырахыманұлының кезекті кітабында жарияланады. Қаламгер Ақтан ақын Бабиұлының мұраларынан жұртқа белгісіз кесек бір туындысы міне осылайша табылып отыр.
Аталған туындының Ақтан шыармашылығын, Моңғолия және Қытайдағы қазақтардың әдеби мұраларын, әдебиет тарихын, тіпті қазақ халқының бір шоғыры басып өткен саяси-тарихи кезеңдерді зерттеуде өзіндік орны бар, бағалы байлық екені даусыз.
Әділет Ахметұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.