Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ақұштап Бақтыгереева. Мені әдебиетке ұлттың намысы...

28.08.2022 3055

Ақұштап Бақтыгереева. Мені әдебиетке ұлттың намысы жетелеп әкелді 14+

Ақұштап Бақтыгереева. Мені әдебиетке ұлттың намысы жетелеп әкелді - adebiportal.kz

Ақұштап Бақтыгерееваның туған топырағы Махамбет жортқан Жайықтың жайқын даласы, оның бесігін Құрманғазының дауылпаз күйі тербеткен. Әбубәкірдей әз бабаның асыл сойлы жырымен ауызданған. Сүбелі сөз, киелі өлең Бақтыгерееваның сүйегіне сіңген, жүрегіне біткен. Осының бәрін әйел жанының нәзік сезімінен, бойжеткеннің бұла мінезінен, ана мейірінің ыстық құшағынан өткізіп, махаббат пен мейірімге шомылған іңкәр әлемде, поэзия көкжиегінде тоғыстырады. Сол сәттен бастап сіз бірте-бірте ақынның сыңсыған ой орманына сіңіп, бір ауық жұмбақ та, сырлы күй кешесіз. Астананың тамылжыған тамызының сәтті бір күнінде, сондай бір дидарғайып кездесу болып еді. Сонда айтылған әңгіменің ауанын бұзбай, өздеріңізге толықтай ұсынғанды жөн көрдік.   

- Ең әуелі маған балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз, сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға сол бір кездің қаншалықты әсері болды?

- Менің балалық шағым өткен ғасырда қалды. Менің замандастарымның бәрінің балалық шағы ұқсас еді. Соғыстан кейінгі жылдар. Біздерді тәрбиелеген – қазақтың ұлттық бітімін, сана-салтын сақтаған, даланың ұлы өнегесін алған әжелер болды. Сол мақалдап, мақамдап сөйлейтін әжелердің өнегесін біз әдебиетке азық алдық. Менің қарт әжем арабша кітап ақтарып отырып содан түйгендерін айтып отыратын. Соның бәрі кішкентай кезімізден құлағымызға сіңді. Бұл қазір біз жоқтап отырған ұлттық тәрбиенің негізі еді. Және ұлы даланың ата-бабалардан алып келе жатқан борышы, міндеті болатын. Қазір қазақ әйелі алай болды, былай болды дегенді көп айтып жүрміз. Жоқ, қазақ әйелі ұлы болды, дана болды. Қазақ әйелі бәріне жауапты болды. Бесігін тербетіп, баласын тәрбиелеп, ер азаматын орнында ұстады. Міне, мен сондай әжелердің болмысынан, қазіргі қоғамда жоғалып бара жатқан құндылықтарды алып қалған сияқтымын. Ол – алдымен адам сыйлау, құрметтеу. Ал адам сыйлау – тіршіліктің негізгі мәні. Одан кейін ұлттың тағы бір арманы – ұл бала. Әкем жас үйленді, одан соғыс басталды, жараланып бір қолды оққа ұшырып келді, сосын мені көрді дегендей. Менің ұл балаша өскендімді қалады. Жалғыз қолымен атарба айдайтын, мені алдына отырғызып алып қос делбені ұстатып қоятын. Мені ешуақытта «қызым» деген жоқ, «балам» дейтін. Ұлша киіндіріп қасынан бір елі тастамады. Қыста шанада, жазда арбада жүрдім. Мен солай әкемнің қасында өстім. Сондықтан болар әкеге арнаған алғашқы өлеңімді, әдеби орта ыстық қабылдап, елең ете қалды. «Болсада нәзік гүл өңім, Өсірдің еркек баладай, Қыз деуді, әке, білемін, Көңілің жүрді қаламай». Бұл әке туралы өлеңімнің алғашқы шумақтары. Сосын «Жинамай асық қалтаға, Ерекше сенің өсті «ұлың». Бір күні менің арқама, Төгіліп түсті қос бұрым» деп өкінемін. «Тағдыры қыздың мүлде өзге, «Жаралды жатқа деме» сен. Асығып күткен бір кезде, Армандай балаң емес пе ем»?! деп жалынам, сыр ақтарам. Міне бұл менің тағдырымның тезінен туған шынайы өлең болғасын, сол кезде жұрттың көңілінен шықты. Сол әке тәрбиесінен сіңген арман күні бүгінге дейін әлдилеп келеді. Сол Бақтыгерей деген адамды қағазға жазып, тасқа басып қалдыру. Соның атын өшірмеу, соның намысын өлтірмеу, кір келтірмеу. Бұл әке алдындағы ғана парыз емес, ұлттық жауапкершілік. Міне бұл ұлы даланың ұлттық тәрбиесі, осыны үзіп алмасақ деген өкініш басым, бүгінгі ұрпақ хәлін ойлап ұйқысыз өткен түндер, аналық жүректің мазасыздығы. Сол үшін әлі де қалам ұстаймын. 

- Соғыстан кейін туып, әдебиетке алпысыншы жылдары келген ұрпақ, өнерге үлкен бетбұрыс әкелді. Сіз солардың көбінің көзін көрдіңіз, қатар жүрдіңіз. Сол ұрпақтың аталары аштықты, соғысты, қуғын-сүргінді көрді. Соның бәріне қарамастан олар өртеңге өнген гүлдей қаулап өсті. Осыншма қуатты шоғырдың құбылыс болып әдебиетке келуінің тәрихи-мәдени себептері не де болуы мүмкін?

- Тарихқа белгілі, біздің ғасыр – әдебиет пен өнердің алтын ғасыры. Себебі арпалысып, таласып мағжандарды қыршынынан қиса да бәрібір өсіп шықты. Әдебиет пен өнердің әр саласынан алтын шоғырлар қалыптасты. Солардың арасында жүру, көзін көру, әрине, бақыт. Ол бәлкім, үзіліп бара жатқан үміттің қайта лап етуі, жоғалып бара жатқан дүниенің қайта тірілуі сияқты дүние ғой. Сол кезде бізде бары – шашырап жатқан фольклор, Абай мен Әуезов, қалғанының бәрі оталған, тұншыққан. Сөйтіп, оқ пен оттың ортасынан бір топ қаламгерлер шықты. Айталық Қасым, Сырбай, тоқаштар... бір құрып, бір тіріліп отыру бұл да бір тарихтың, уақыттың өзі ғана білетін заңы сияқты. 

- Алтын ғасырдың бел ортасында жүрдіңіздер?

- Иә, ғажап ғасыр болды. Ең жақсысы сол кезде бүтін қоғам сөз тыңдады. Бүтін қоғам кітап оқыды және соған иланды. Кітап ең қасиетті нәрсеге айналды. Адамдар үлкен демей, кіші демей, қоғамдағы орнына қарамай үйіне кітап жиятын. Сол кезде біз қазіргідей дүниені емес, ана бір кітапты қайдан алсақ екен деп армандадық, іздедік. Міне сондай бір кезең өтті бұл қазақ баласының басынан. Студент кезімізде таңнан тұрып, кітапханаға барып бір орын алу үлкен жауапкершілік болтын. Бірінші кететін досыңа айтып қоясың, сен маған қасыңнан бір орын алшы деп. Оқырман билетімізді тұмардай ұстадық. Міне осындай ұлттық жаңғыру, ұлттық түлеу дәуірі жүріп жатты. Бірақ, қай уақытта да біздің халықтың қыздарына оңай болған жоқ. Бүгін де солай. Өйткені қыздар үшін, қалам қарудан да ауыр. Біз де сол әдебиетке «бұл қазақтың қыздары не бітруші еді» демесін деген намыспен келдік. Сол жолда арпалыстық, күрестік, қиындығына шыдадық. Көбі шыдай алмады. Жол ортадан шығып қалғандары болды. Оның бәрі табиғи үдеріс. 

Біз сол ғасырдағы ұлы деген қаламгерлердің бәрін көрдік. Ойшылын да, батырын да көрдік. Бауыржан Момышұлының әңгімесін тыңдаудың өзі неге тұрады. Әуезовтің лексиясын тыңдаудың өзі бір ғанибет. Қабдолов, Ғабдуллин, Жұмалиев сынды академиктердің жүріс-тұрысының өзі қандай. Осылар қарапайымдылықтың, дегдарлықтың, ұлылықтың үлгісі болып көз алдымызда жүрді. Осылардан сабақ алған ұрпақ кешегі Кекілбаев, қазіргі Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік сынды бүгінгі әдебиеттің ту ұстарлары. Әдебиетіміздің шаңырағын көтеріп, биіктеткендер.

- Қарағайдай қаптаған кілең ірілердің ортасында өзіңізді жоғалтпай, өсіп, жетіліп, алаштың Ақұштабы атанып отырғандығыңздың өзі, бала кезден алған тәрбиенің, әке мен әженің маңдайдан қақпай өсіруінен бе деп ойлаймын, сол кезде қалыптасқан қайсарлықтың ұшқыны сізді үнемі жетелеп отырған сияқты?

- Жалпы қазақ қызын қонақ деп өсірген. Қызын ешқашан қорламаған, төмен түсірмеген. Мен қазіргі қазақ қыздарының айдың-күннің аманында бүркеніп, қап-қара боп тұмшаланып, кім-көрінгеннен талақ болып жүргеніне таң қалам. Ашынам. Бұл қазақ қызының мінезі емес. Бұл біздің идеологиядан кеткен қателік. Қазақ қызын қонақ ретінде өсіріп, келесі үйдің отын тұтатып, шамын өшірмейтін парызын аса нәзіктікпен, сезімталдықпен, күнделікті тұрмыстық мәдениетпен жіңішкелеп түсіндіріп отырды. Оған ешқашан сен ертең біреудің қатыны боласың деген жоқ. Гүлім деп, өрісім деп, үкі тағып әлпештеп өсірді. Бойжетсе өз қатарынан қалдырмай, даланың салтыменен теңін тауып, бағын ашып отырды. Әйел затына осыдан артық не керек.

- Қыз баланы ұл сияқты өсіретін қазақтан басқа халықты біле бермейді екенмін?

- Біздің мына ұлы даланың салты мүлде бөлек қой. Күні кешегі соғыстың өзін де, ер азаматтардың бәрі майданға кетті. Көбі оралмады. Солардан қалған тұқымды ешкімнен кем етпей өсіремін деп ұрпақ үшін күресті ғой аналарымыз. Сол аналар қайда қазір... Бұл қазақ анасына қанды тарихпен бірге, асыл табиғаттың нілімен бірге келген жаратылыстың сыйы. Сондықтан да біздің ұлттың қыздары көп халықтың алдында тұратын, үлгі алатын парасатқа ие. Қазақ қызы ата-анасының мәпелеуімен бар асылын мойыны мен құлағына тақты, үстіне киді. Кісі сыйлауды, жар күтуді, ұрпақ өсіруді даланың өзінен, үлкендердің көзінен үйренді. Қазақ мал жиса қыз ұзату, ұл өсіру үшін, ұрпақ салтанатын асыру үшін жинады. Бұл ұлттың даналығы.

- Сіз қазақ поэзиясына алғаш келгенде, қазақ өлеңінен өрімдей талантты қыз келді деп, маңдайыңыздан сипаған, жол нұсқаған аға-апаларыңыз туралы айта отырсаңыз?

- Ол кезде әдебиетке келген қыздар санаулы ғана болдық. Ол кезде жұрттың білетіні Біржанмен айтысқан Сара, ауыз әдебиетіндегі арулар. Жұрттың бәрі алас-қапас болып, аласапыран күй кешіп жатқан, қазақ қызына ақын болу қайда онда. Көшіп-қонып жүрген қауым, соғыстан қайтпаған ұлдардың орнын толтыру үшін қыз беріп, күйеу келтіріп ұрпақ сақтау қамында жүрген әбігер ел. Бүтін даланың салтын, тірлігін сақтап қалу үшін күйбең тұрмыспен, азаматтармен қатар малдың, егіннің бір шетінде жүрсе оның қай жағында ақындық жүрмек керек. Әуелі адам өз уақытының талабын орындау керек қой. Соған қарамастан қазақ әйелдерінің ішінде шешені, ақылманы, жол нұсқары болған. Сондай бір алмағайып кезеңде біз әдебиетке келдік, қарғам. Алдымызда Мариям Хакімжанова болды, ол кісі 1937 жылдың құқайын көрген, одан соң Тұрсынхан Әбдірахманова апамыз болды, ол кісі социалистік қайта құруда «айда комсомолдың» жұмысына жегілген... осындай үзік-үзік үдерістен кейін әдебиетке Фариза, Ақұштап, Күләш болып біздің топ келді. Сосын Қанипа қосылды. Оның өзін далада қиналып жүрген жерінен Әбу Сәрсенбаев ақсақал тауып әкелді. Сөйтіп, әдебиетте саусақпен санарлық қыздар пайда болды. Біз поэзияға әр қайсымыз өз таңдауымызбен, өз тағдырымызбен, өз жол, өз дауысымызбен келдік. Қамқорлық деген ол ұлтқа, әдебиетке деген қамқорлық. Айталық, Шерхан ағамыз Фаризаны Маңғыстау даласынан Атырау кезіп жүрген жерінен шақырып, үй бергізіп, жұмысқа алғызды. Шығыстан Оралхан Бөкейді көріп, оны әкеліп, еркелетіп ұстады. Әбу Сәрсенбаев деген әулие болды, әулие демей қайтейін, біздерді көргенде өзінің туған қызы келе жатқандай қуанатын. «Қоңыр қозым», «ақ қозым» деп бізді алақанында ұстады. Үлкен жүрекпен, терең сүйіспеншілікпен қарады. Қанипаны әкеліп емдетті, балдағын тастатып, қаламын ұстатты, кітабын шығартты. Сөйтіп қамқорлыққа бөленіп, ағалардың мейірін сезініп өстік. Қатар жүрдік, шет-қақпай көрмедік. Ол кезде әдеби өмір қазандай қайнап жататын. Студент Мағауин, студент Әбіштің әңгімесін тыңдау да ғажап еді. Бір жерде Қалихан, бір жерде Жұбан, Бір жерде Қадыр қаздай қаңқылдап сөйлеп, теңіздей тербеліп өлең оқып жататын. Бір жақта Мұқағали жүрді, гүрілдеп, дүрілдеп өз-өзіне симай, өлеңі өзінше бөлек Тоқаш Бердияров жүрді. Бәрінің өз орыны болды. Жұмекен қандай, көп үндемейді, бірақ ақтарылып жатқан ой қандай. Бір кезде сонау Қарақалпақстаннан бір ақын келіпті. Бұрын ешкімнен көрмеген, естімеген таудан құлаған тасқындай ұйқастар. Осылайша қара өлеңді екі иығымен іреп поэзияға Төлеген келді. Тұманбай ағамыздың өлеңі күнде ән болып әуелеп жатты. Өтежандай тентегі, Сағидай сыршылы да, Оспанхандай күлкіге көміп кететін от тілді, орақ ауызы да болды. Поэзияның қандай үні керек, қандай түрі керек соның бәрі болды. Қазір сіздің замандастарыңыз айтуы мүмкін, осылар өткенді айта береді, айта береді деп. Бірақ, шын мәнін де айтуға лайықты алтын ғасыр болды. Әлі де сол әдебиетті ұялмай әлемге шығаруға болады. Өйткені олардың шығармашылығында ешқашан өзгермейтін адамзатқа ортақ құндылықтар бар. Биік парасатқа суарылған көркемдік өре бар. 

- Қазіргі поэзияны оқып, қарап жүресіз. Бүгінгі қазақ поэзиясы көңіліңізден шыға ма? Бағыт-бағдары қалай?

- Тоқсаныншы жылдардағы қайта құру – біз үшін тағы бір жоғалту кезеңі болды. Жасыратын ештеңесі жоқ, қайта құру кезінде қаламгерлердің өзі не істерін білмей адасып қалды. Тек қана экономика, экономика. «Неістесең де ақша тап», «ақылың болса неге кедейсің»? Бұрын ар, ұят, адамгершілік деген алдыңғы орында болса, енді ақша, ақша деп ұрандап шыға келдік. Көз алдымызда барлық құндылықтар өзгеріп сала берді. Тірнектеп жиған кітптың бәрі шашылып далада қалды. Оның орнын алтын, күміс, қымбат жиһаздар басты. Бәрінің мұраты қалай да, қандай жолмен болса да мал табу. Жағынсаң да, бағынсаң да жолын табу. Біздің таным одан басқа болды. Біз қарапайым, адамдықпен, іліммен мақтансақ, ендігілер қалтасымен мақтанатын болды. Осыдан келіп құндылықтар қақтығысы туды. Содан бері отыз жыл. Бір адамның саналы ғұмыры осындай мәнсіз дүниелердің шылауында кетті. Бұл кезде әдебиетке келгендер жаңағыны амалсыз үйренді. Ал бұрынғылар не істерін білмей дағдарып қалды. Олар келсе киіміне қарап қабылдайтын болды. Қожанасырдың «же, шапаным, же» дейтіні сияқты. Міне біздің қаламгерлер Қожекеңнің «ескі шапанымен» қалып қойды. Жаңа ұрпақ келіп ақшасы мол «жаңа шапан» киді. Жаңаша өмір сүру салты дегенді жалау етіп, адами құндылықтарды қирата бастады. Содан дүние миша былықты... әрине, табиғат сана бергеннен кейін, оның ар жағында ар-иманы болалды ғой. Сосын да жазады. Бірақ құдіретті жырды сатып, сарайдың еденіне таптап жүрген қыз-жігіттер бар. Оның сыры неде? Біз үшін одан ауыр күнә жоқ болатын. Ол адам баласына қызмет ету үшін құдайдың сізге берген құралы. Онымен тек қана қолыңнан келсе ұлтыңа қызмет етуің керек. Өкініштісі осындай өміршең құндылықтар зат ретінде бағаланып саудаға түсіп кетті. Бәрімізде әдебиетті осындай ластықтан қалай аман алып шығамыз деген уайым болу керек. Сезімтал жүрек ондай арамдыққа ешқашан бармайды. Барғандар бәрібір опық жейді. Алдынан шығады. Ертектегі «Ұртоқпақтың» кебін құшады. Біз ұлы сүрлеуден, ұлылар салған ұлы даңғылдан адаспауымыз керек. 

- Жастардың шығармашылығын қарап жүресіз ғой?

- Қазір жазып жүрген жастар жоқ емес, бар. Біздің ісімізді алып келе жатқандардың ішінде талайлар бар еді. Бәрін атасақ көп уақыт кетеді. Өмірден бірәзі ерте кетті. Анау Жарасхан, Тынышбай, Кеңшілік сынды марқасқалар. «Дала, сенің ұлыңмынды» жазғанда сол жарасхандар жап-жас еді. Сонда бүкіл жас ұрпақ дала боп сөйлеп тұрды ғой. Тыншбайдың әндері, лирикалары қандай еді. Ол ұрпақтан кейін Қалқаман Сарин сияқты ақындар келді, олардың өлеңінде де аға буынның сарыны болды. Сол дауыспен тәрбиеленген Серік Ақсұңқар, оның өлеңдегі дауысы, жыры бәрі бөлек. Басқа халықтың классиктерінен аударған өлеңдерінің өзінен қазақтың исі шығып тұрады. Бұл деген керемет қой. Прозада да сондай тегеурінді буын болды. Олардың ішінде мен Асқар Алтайдың замандастарын бөлек қоямын. Олар уызына жарып өскен, тарихи санасы уланбаған ұрпақ. Сосын жаңа жас ұрпақ келді. Жас ұрпақ жаңалық әкелемін деп өзінің тамырынан ажырай бастады. Модни дүние жасаймыз деп, анадан, мынадан, аударма сияқты, жан-жақтан құрап, жамап-жасқап жасанды дүниелер ұсына бастады. Ол көрініп тұрады. Тамырсыздығы білініп тұрады. Сенің жазғаның өз ұлтыңның саналы сезімінде ойлай алмаса бәрі бекер. Ондай дүние маусымдық модни көйлек сияқты, киесің, өзгереді, сосын жайына қалады. Осы кейбір жас бунның шығармасы кезеңдік дүние сияқты қалып қалмаса екен деймін. 

- Олар неге сондай «әдебиет» жасауға әуестеніп кетті деп ойлайсыз?

- Себебі, тым жалаң еліктеушілік басым, іштен өткізіп қорта білу, қортқан дүниеңді ұлттық сезгіден өткізіп ұсына білу жоқ. Сонымен қатар сараптан өткізіп отыратын сыншы жоқ. Өзіміз би, өзіміз қожа болып кеттік. Сауатты, парасатты, жанашырлықпен қарайтын сыншылармыздың көбі өмірден өтіп кетті, «тәйт!» дейтін адам қалмай барады. Әрқайсымыз мен білемдікке салынып, сыңар езулеп кеттік. Ондай әдебиет бөтеннен әкеліп қосқан мал сияқты, бөтеннен әкеліп қосқан бала сияқты жетім қала ма деп қорқам. 

- Енді былай қарасаңыз, қазіргі әдебиетке келіп жатқан өркен, тәуелсіздік жылдарында туған ұрпақ қой. Олардың ұлттық бояуынан, туған топырағынан тыс дүние беруі мүмкін еместей көріненді кейде? Бұл жерде біз түсінбейтін басқа сыр бар ма?

- Менің ойымша, біз ата-бабамыздың үйде де, түзде де берген ұлы тәрбиесінің алтын арқауынан ажырап қалдық. Ата жолы не деп еді демей, мен өзім білем деген психология көбіміздің тамырымызға балта шапты-ау деп есептеймін. Бәрібір өзінің соқпағына, өзінің исіне, өзінің қасиетіне қайта оралмаса, басқаның жылтырағы бізді ұшпаққа шығармайды. Бір қарасаң жастар жазып жатыр, аударып жатыр, солармен қатар тұрамыз деп жанталасып жатыр. Ән өнеріне қарасаң да сол, біреу қырғыздың, біреу өзбектің, біреу француздың, біреу италияның әнін әкеліп былықтырат та жатады. Бірақ ол қазақтың өз кеудесінен күңіреніп шыққан өз дауысы емес қой, өз даусың болмаса сенің жер басып жүргеніңнен не қайыр. Бұның бәрі уақытша алданыш. Соны түсіну керек. Дейтұрғанмен, мен бәрінен күдер үзбеймін. 

Оқырман қауымға біраз  танылып үлгерген Ерлан  Жүніс баламның  жырлары жаныма  жақын.

Жұлдыздардың  сөнбеуі үшін жарығы,

Гүлдерімнің сембеуі үшін тамыры,

Мен бір ұлы ұмтылысты тудырам

Тудырамын  бұлқынысты және Ұлы! Иә, келер ұрпаққа үлкен  бұлқыныс керегін  сезеді... Сондай-ақ  Дүйсенәлі Әлімақын өлеңдерінде өзіндік ерекшелік сезем.

Мезгілсіз тағы қар түсті алаңға,

Көбелек күздің ұятын  көміп.

Адамның бәрі әртіс  заманда

Қайтеміз, қалқам, театр көріп.

Ойыңды дөп басады, ойға қалдырады, ескертеді айналаң жасанды екенін.Көңілің шындықты іздейді бір сәт.

Ал, Динара Мәлікованың  лирикасы  арасынан:

Ауыл- сырқат, түксиеді  түнеріп,

Щұрық-тесік шапанына оранып,

Сәби-жүрек әлди-әуен тіленіп

Қайтып барам тоналып-деген жолдар көкейіме қонады. Өйткені, мен бұл сәттен Туған Жер тағдырына алаңдаған Азаматтық үн естимін. Сондай-ақ, Сағыныш Намазшамова деген қызымның:

Неге Күн,батарыңда қызарасың,

Бойыңда, бәлкім, сенің  ыза басым.

Таңертең күліп көкке шығып ең ғой,

Кеште де күліп құла құлағасын!- деген жолдарынан мықтылыққа үндеген қайрат сеземін.Жалпы, мені қыздардың  жылауы аз, қуатты өлеңдері  қуантады.

 Ал, Файзолла Төлтай  өзінше  жаңалық әкелмекші. Талпынысы қызық. Айтары бар сияқты. Күтейік. Әлі жас қой. Қазақтың  қара өлеңінде қасиет барын мүлде ұмытуға болмайды-ау дегім келеді. Уақыт көрсетер. Алпамыс Файзолла деген оралдық бала бар, оның қадамы да жаман емес. Енді ауылда Әділет, Ақтілек Орынбасаровтар деген екі бала бар. Бір үйдің тумасы. Енді солардың өлеңі, құдай-ау, ерте есейген балалар. Олардан үлкен үміт күтем. Қазір олар орталыққа шыға алмай жатыр. Қазір «мен бүйтем, мен сүйтем» деген балалар да көп. Әлгі, Елдос Тоқтарбай деген балам бар ғой, Сәбит Мұқановқа тисіп жүрген. Бұлай болмайды қарғам, себебі, сен оның қыр-сырын білмейсің, сен оның тағдырын білмейсің, сен оның кезеңін, дәуірін білмейсің, сезінбейсің. Шәкерім айтпай ма «Мені түсіну үшін, мен туған уақытта өмір сүр» деп. Ал жап-жас болып бабаға ұрынуға болмайды. Сәбит Мұқановты біз көрдік. Бірақ олардың кезеңін, қоғамын, қоғамы тудырған қайшылықтарды көргеміз жоқ. Ол заман кедейлер үкіметін құрамыз деп Ресей Романовын атты, біздікі хан мен бидің бәрін құртты. Содан жалаңаяқтар билікке келді. Ал, Сәбит Мұқановтың жөні басқа. Ол туралы ұзақ айтуға болады. Өлгендердің күнәсін сен көтерме, ол өзі жауап береді. Ал, Сәбит Мұқанов өмірде өте мейрімді адам болды, ешкімді алаламайтын. Төрде отырып алып, өзіне берген сыбағаны босағадағы баладан бастап бәріне үлестіріп шығатын. Оның «Ботакөзін» біз іздеп таппай жүріп оқитынбыз. Туған күндердегі ең үлкен сыйлық Сәбеңнің кітаптары болатын. Оның «Өмір мектебі» қандай ғажап. Қазақтың далалық таза, құнарлы тілінің озық, биік үлгісі Сәбит Мұқановтың ғана қаламында болды. Сондықтан да, қазақ баласын бір-біріне жау қылып көрсетудің еш қажеті жоқ. Одан тек біздің тарихи санамыз ғана ұтылады. Саясат басқа, адамдық, ұлттық қасиет, қарым-қатынас басқа. Алдымен өзіміз біреуге күйе жақпай, таза жүруді үйренейік. Сонда ұлт өседі, өркендейді. 

- Соңғы кездері «Егемен Қазақстан» газетіне әртүрлі тақырыпта ұлттық мәселелерді көтеріп жиі жазып жүрсіз. Соның бәрі осындай көңіл-күйден туған дүниелер ғой?

- Иә, мазалап жүрген ойларымды жазып жолдап жіберем, шығарып жатады, рақмет. Өткенде Түркістанға бардым. Бұрын да барып тәу етіп жүрген жер. Ішіне кіргенде жүрегің ауырады. Шашылып жатқан молалар, былайша айтқанда, аяғыңның асты бәрі мола, себебі молалар, аруақты аталардың сүйегі жатқан жердің бәрі жол боп кеткен. Борышым ғой деп жаздым. Одан кейін «Бастық болу оңай ма?» деп жаздым. Билікте жүрген балалар, осыным қалай, қалай жүріп, қалай сөйлеп жүрмін деп ойламайды ғой. Бәрінікі мен білемдік. Көргесін, ашынғасын айтамыз. Әйтпесе, сексенге тақаған жасымызда осының бәрі маған не керек, қойшы, жетер осы десем, отыра берем ғой өз алдымда. Бірақ, мазасызбын, ұрпақ қайда барады деп алаңдайсың. Әсіресе, мына уахабистер, сәләпиттер ұлтты тұншықтырып болды. Мына әсіре діншілдер тек қана намаз, тек қана дін, тек қана орамал. Бітпейді даулары көп. Бір әйелде алты бала десең, он әйелде алпыс бала. Оларға ата-анасы намаздан басқаны айтпайды. Сонда алпыс бала сауатсыз болып шығайын деп тұр. Мұнымен біз қайда барамыз. Сонда ғылымды, білімді кім игереді. Ертең бізді емдейтін маман қайдан шығады? Бұлай жалғаса берсе не боламыз. Қайтадан қараңғы қалпымызға түсеміз бе? Сақал қоюдың да өз мәдениеті бар еді ғой. Қазақы жолда әкесі тірі бала сақал қоймайды. Ондай балаларға «әкеңді жұта алай жүрсің бе» деп үлкендер зекіп тастайтын. Бұл өзі халқымыздың атадан балаға жалғасқан бұлжымайтын төл дәстүрі. Ал қазір далаға шықсаң шолақ шалбар, ұзын сақал жіберген бала. Ол не ғып жүр, не ойлап жүр? Онымен нені дәлелдемекші? Кеше ғана бір сақалды өзіне жұмыс беріп отырған қожайынын пышақ салып өлтірді. Сондағы айтары «сен менің ақымды жедің» дейді. Әй, ондай болса заң бар, сот бар, дұрыстап есептесуге болады ғой. Оның қай жері иман, сақалдан көрген жақсылығымыз осы ма? Ал ана қыздар қара қарғадай тұмшаланып алып, неге жалынды жастығын қор қылып жүр? Әркімнен бір талақ болып, әркімнен бір бала тауып, не он жөнді оқытпай... осыдан артық өзін-өзі мүгедек қылуға бола ма? Баяғы қос етек, бұраң бел үкілі қыздар қайда? Міне үйдегі тәрбие мен түздегі идеологияның орасан қателігі бізді от бастырып отыр. Тамырдан ажырау деген осы. Байы өлген қатындай шашын жалбыраты тағы бір топ қыз-қырқын шықты қазір. Оларға бірдеме десең бетіңнен алуға бар. Айтатындары сол біздің заман, біздің уақыт осылай, менің құқығым деген бір бәлелерді көлденең тартады. Заманда тұрған ештеме жоқ. Әр нәрсенің орны бар, талабы бар, сол жолмен жүрген абзал. 

- «Бастық болу оңай ма?» деген мақалаңыздан шығады ғой. Сіз әртүрлі ортада, әр саланың адамдарымен кездесесіз, сыйлап шақырады дегендей. Сонда биліктегі шенеуніктердің жандүниесін, психологиясын бақылап көрдіңіз бе? Олар не ойлайды? Олардың арманы қарапайым халықтың мүдесімен қабыса ма?

- Дәл қазіргі басшылардың арасында ұлттық тәрбиені алған, ұлттың сөзінің қасиетін білетін саусақпен санайтын ғана тұлғалар бар. Біздің мансаптылардың бәрі тілден айрылып қалған. Көбі орысша оқып, орысша тәрбие көргендер. Қазақ тілінен, қазақы бітімнен алыс қалғандар. Сондықтан қазақ сөзінің мәйегін, астарын терең түсіне алмайды. Бірде жаңадан тағайындалған бір басшыға айттым «Сен азамат деген сөзді түсінесің бе?» деп. «Это мужчина» деп қарап тұр. Ер адам мен азамат ұғымы екеуі екі сөз ғой қазақта. Оған сен «Ат көп, қазанаты бір төбе, жігіт көп, азаматы бір төбе» дегенді түсіндіріп бере алмайсың. Сондықтан да ол өз ісінде азаматтық көрсете алмайды. Ана тілі деп шырылдай беретініміз содан. Оларға бір жағы кінә таға алмайсың. Десе де, осының бәрі мемлекетіміздегі ұлттық идеологияның жоқтығынан болып отыр. Қазір қаптап кеткен әртүрлі тренигтер оған көмектесе алмайды, өйткені оның басында ұлттық діл жоқ. Ұлттық психология жоқ. Соның салдарынан қазір біздің тәлімімізді тыңдайтын, сөзімізді ұғатын аудитория жоққа жақын. Бүкіл ғылыми атақ, дәреже, мәнсап барлығы сатылмға көшті. Одан не миат тапқанымызды көріп отырсың. Енді жаңарамыз, жаңа ел құрамыз деп жінігіп жатыр ғой, түзеліп жатса, қызығын сендер көруге жазсын, біз айтарымызды айттық. Ат салысатын сендер, бұл елді жаңаша құратын да сендер.

- Әңгімеміздің ауанын да осыған әкеле жатқан сияқты. Қазіргі Қазақстанды «Қаңтар уақиғасына» дейін және «Қаңтар уақиғасынан» кейін деп бөлмеске шарамыз жоқ. Осы орайда «Жаңа Қазақстан» деген пайым бой көтерді. Сіздегі үміт пен күдіктің тайталасы нені меңзейді?

- Біз 1986 жылғы желтоқсанды көзімізбен көрдік. Тек қана ұлттық намыстың жетегімен жастар алаңға шықты. Қазақты қазақ басқарсыншы, қалғанынан шаршадық деді. Себебі, Голощекин басқарды, қырып салды. Мирзоян басқарды оңдырмады, омақастырды. Одан Брежнев келді жетіскеніміз шамалы. Жұбан Молдағалиев айтқандай Қазақстан, қазақ жері, қазақ жастары отаршыл елдің эксперимент жасайтын құралына айналды. Міне жылдар өте біз осы даланың иесіміз деген бұғып жатқан намыс жарылды. Қазақ жастарының қанын қайнатып алаңға алып келді. Онда шыққан балалар кітап оқыған, санасы сау, ақылы уланбаған, шын мәнінде ұлтын жақсы көретін қыз-жігіттер. Олар ештеңені қиратқан жоқ, ештеңені сындырған жоқ, бүлдірген жоқ. Ақырып теңдік сұрады, бар айыбы сол. Бірақ оларды да арандатты. Ал «Қаңтар қырғынының» сипаты өзгеріп кетті. Елдің жанайқайын пайдаланып ортаға қорқаулар түсті. Біреудің жеке мүлкіне, мемлекеттің мүлкіне қол сұққан, қиратқан жандайшаптар қаптап кетті. Солардың қатарында алданып қалғандар, арбалып, от басып қалғандар болды. Жастар кімнің сойылын соғарын білмей тобырмен бірге тонауға кірісті. Бұл да біздің елдігіміздің әлсіздігінен, отаншылдық идеологияның қателігінен болған кесапат еді. Оны мойындау керек. Оған қоса жұмыссыздық, әділетсіздік, қарызға батушылық бәрі келіп қосылып аласапыран болып кетті. Бұл енді тарихта «Қаңтар қырғыны» деп қалары сөзсіз. Ел-жұрттың бәрі біліп отырғандай, бұ да сәләпиттер мен уахабистердің лаңы. Домбыра ұстап жүрген балаңа дейін уахабисті жақтайды, олардың қатарында мұғалімде, ата-анада жүр. Сөйтіп барлық рухани алаң қараусыз қалды. Ал олардың ар жағында ақшаның әлегінен басқа түк те жоқ. Жұмыссыз, қиналған жастарды болмашы тиынға жалдап алды. Ол айдан анық нәрсе, оған факті іздеп қажеті де жоқ. Олардың бас көтерерлері күні кеше арамызда жүрді, депутат болып, телеарна басқарып, бұлбұлдай сайрап отырды. Қазаққа қызымет ететін кереметтей жігіттер еді, солар барып шатысты. Бәрін былықтырып тайып тұрды. Ақша, құнығу, байлық. Ақыры не болды? Туған жұртын, кідік қаны тамған, анасының тері сіңген, бабасының басы жатқан туған жерін сатты. Міне соның киесі атып қазір олар абыройсыз қалды. Ертең бәрі ашылады, тарих орнына қояды, сонда ұрпақ алдында қарабет болады. Сайрады, сайрады, сақалын сипады, алтынды сапырды, бәрі уақытша, соңы не болды, туған жерінен өз еркімен аласталды. Одан артық жаза бола ма?! Өйткені, әр нәрсенің есебі бар, сұрауы бар. Қанағат, аманат деген асыл ұғымдар бар. Аттмайтын қастерлі танымдар бар. Олар соны мансұқ етті. 

- Қазіргі халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, бәрін біліп отыр деп ойлаймын?

- Иә, өткен жылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордаға бардық. Мерекелік іс-шара болды. Сонда Мұқаметжан Тазабекті көрдім, келіп сәлем берді. Баяғыда айтысқа келгенде қандай тап-таза, мөлдір бала еді. Жарқырап тұрған талант еді. Киноғада түсті. Содан «Әй, балам, дедім, адасып жүрсің ғой, тапсай жөніңді, адастың-ау, балам» дедім. Маған қарады да «мырс» етіп күлді. Сен не білесің дегендей тоқ күлкі. Сенің мендей дәулетің жоқ қой деген сыңайдағы паң күлкі. Әйтпесе, менің баламнан да кіші ғой. Бәріміз күткен үмітті, құдай берген талантты бәрін сатып жіберді ақшаға. «Асыл арнамен» де ол талай адамның көзқарасын өзгертті, санасын улады. Одан да сол арнамен ұлттық рухты, ұлттық мәдениетті көтеретін дүние жасамады ма? Егер тура сондай ұлттық бағыттағы жұмыс жүргізгенде, ол қазіргі қазақ жастарының көсеміне айналар еді. Соның зардабы не болды ал, туған даласының бір уыс топырағына зар болады ертең. Туған даланың қарғысынан ауыр не болуы мүмкін? Енді соның зардабын тартады, қасіретін шегеді. Бұл дүниеде кешірілмейтін құндылықтар бар екенін әманда ескеру керек. Менің шырылдап осы уақытқа дейін жазып-сызып жүргенім сол үшін емес пе? Ана борышы үшін емес пе? Паустовскийдің ертегісінде айтатындай әр нәрсенің өз тілі бар. Мысық миаулайды, ит үреді, қарға қарқылдайды, бұлбұл сайрайды. Барлық жаратылыстың өз тілі бар. Ал тілінен безіп, табиғат заңына көлденең келіп жүрген біз ғанамыз. Біздің қазақ қана. Әр нәрсенің өз орыны, әркімнің өз жолы бар. Содан айнымаған адаспайды. Әркімнің өз даусы бар. Қазақ өз даусымен, өз үнімен сөйлесін. Сонда ғана темірқазығымыздан адаспай, тұғырымызды биіктете аламыз. Қазақ өзін-өзі таныса, одан артық ұлы халық жоқ. 

- Әңгімеміздің соңында, мен сұрап үлгермеген, өзіңіз айтсам деген, халық білсе деген ойларыңыз болса біз жеткізуге дайынбыз? 

- Уақыттың желіне еріп желпілдей бермесе дер едім. Орынсыз дарақылық, сахнаны, өнерді қорлап, алтынға құнықпай өз басын ардақтай білсе екен деймін. Аз күндік қызық үшін абыройыңды төкпей өмір сүруден арылса екен деймін. Достығын, мейірбандылығын, адамға деген махаббатын жоғалтып алмаса екен, ауыл ортаймаса екен деймін. «Өзім үшін өмір сүрем» деп түбі омақасып түспесе екен, ертеңгі ұрпақ мысығын, күшігін құшақтап жападан жалғыз қалып құсалықпен күн кешірмесе екен деймін. Қауымдасып, қауқылдасып ғұмыр кешкен көпшілдігімізді жоғалтпайық деймін. Мал шашудан, қарызға батудан, өзіне қол салудан аман болса екен деймін. Әр қазақ алтын басын аман алып жүріп, айналасына нұрын шашып жүрсе, әр қазақ өзіне-өзі есеп беріп, өз отбасына жауапты болып, қазақ иісі аңқыған қоғам құрса екен деймін. Бабадан келген, даладан жұққан ұлы адамгершілік болмысымыз үзілмесе екен деймін. Осылардың жалауы жығылмаса қазақ ешкімнен қор болмас. Талай тарыдай шашылып барып есімізді жиып, еңсемізді тіктегенбіз. Қазақтың түп тамырын, түп қазығын тауып, өзге жұртпен терезесі тең, керегесі кең өмір сүретініне бек сенімдімін. Мен көрмесем сендер көресіңдер, соған жеткізсін, шырағым!  

- Ақ пейілден, шын жүректен ақтарыла айтқан әңгімеңізге рақмет!    


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар