Телефон қоңырауы шырылдады. Ақжан ұйқылы-ояу кілем үстінде жатқан ұялы телефонын қолына ала сала, қарауға да үлгірместен «Алло, бұл кім?» дей беріп еді, арғы жақтан шыққан «Балам» деген әкесінің қоңыр үні құлағына жетті. Арсыз ұйқының жетегінде күн көтерілгенше марғауланып жатқан боз жігіт бойын тез жинап, «Ассалаумағалайкум әке, қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма?» деп амандық жайын жіпке тізген маржандай қапсырлата сұрай жөнелді.
– Аманшылық, жақсымын, балам!
Бірақ осы екі ауыз сөзден-ақ әкесінің сөзінде аздаған дірілді байқағандай.
– Әке, менен бірдеңені жасырып тұрған жоқсыз ба?
– Балам, мені әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ, сәл болар-болмас суық тиген сияқты, белім аяқ астынан шойырылып қалды. Әй, балам, сен қатты алаңдап кетпе, ыңғайың келіп жолға шығарыңда хабарлас.
Әкесімен сөйлесіп болысымен жүрегі атша тулап, қан тамырлары солқылдап соққандай болды.
Кеше түн ортасында жүрегі ауызына тығылардай болғаны есіне түсіп құдайдан медет сұрап жақсылыққа жорыды.
Енді басқа жұмысты ысырып қойып ауылға ат басын тіреуді жөн санағандай, ауыл мен қаланы қауындықтың жолығып жүрген таксистерге хабарласып, бос орынның бар-жоғын біліп еді, әйтеу бір орынның барына қуанды.
Такси басқа да жолаушыларын отырғызып алды да, ауыл қайдасың дегендей жүйткіп келеді.
Жол ортасына келген тұста асханадан әлденіп алуға түсірді.
Ақжан да ел қатарлы тамағын алып, бір бұрышқа жайғасты, алған тамағын іше алмады. Іштей алаңдау басым.
Араға бірнеше сағатты артқа тастап ауыл шетіне де ат шаптырым жер қалған еді. Әкесіне қоңырау шалып еді, әлі көз ілмеген екен. Сарыла күтіп отырғандай.
Межелі жерге де жетіп таксиске алғысын айтып, жүгіре басып үйіне де жетті.
Есікті еппен ашып әкесі жатқан бөлмеге қарай алып ұшып жеткенде өз көзіне өзі сенбей қалды. Алпамсадай әкесінің шөкімдей ғана болып төсегінде жатқанын көргенде аяғы алға жылжымай босағада тұрып қалды.
Есті әке есікте аңырып қарап тұрған баласын көрісімен: «Балам, босағада тұрма! Келе ғой!» дегенде ұйқыдан жаңа ғана тұрғандай есеңгіреп барып, жалма-жан әкесінің бауырына басын қойды. Кеуде тұсынан Ақжанның әкесіне тән ғана терінің қошқыл жағымды иісі бар, бозбала құшырлана мауқын баса алмай иіскеп жатыр.
Әлден уақытта сыртқы есіктің сықыр еткен дыбысы естілді, ес жиып бас көтергенше қаршадай ғана қара ұл иіліп сәлем беріп, қолындағы бір құмыра кеспе көжесін Ақжанның қолына ұстатып жатып: «Шешем беріп жіберді, нағашы атам тезірек сауығып кетсін» деді де, кері кідіріс жасап есікке қарай беттей бастады. Қаршадай ғана баланың ілтипатына дән риза болып, алғысын айтып, үйден шығарып салды.
Үйге қайтып кірісімен келген баланың мән-жайын сұрады, сөйтсе арасы төрт-бес ата аралаған жамағайын апайының баласы екен!
Көктем келгенімен, күннің көзі әлі де болса жылына қоймаған шағы болатын, төсек тартып жатқаннан бері іш пен сырттың шаруасы сәл де болса басылып қалыпты. Білегін сыбана салып сырттан тезек пен көмірдің қиыршықтарын әкеліп, күлі қобырап жатқан темір пештің ауызын ашып, күлін мысық жалағандай ыңғайлап алды да, дайындап әкелген отындарын салып, жылуы қаша бастаған үйге көмірдің қызуы күшейгенде әр кіре бастады.
Қора-қопсы жақта азын-аулақ малға шөп салып жатқан, баласының жанына таман келіп, таяуда ғана ауысып алған күрең құнанды көрсетіп өзіндік сынын айта келіп, «бұйырса мамыр айында бәйгеге қосам, көр де тұр бұл жануар шашасына шаң жұқпай мәреге бірінші келеді» деп өз жорамалын жасап қояды. Әлден уақытта «Балам, Қозыкүреңнің бәйгеден келгенін анаң да көретін болады» деді де кемсеңдеп, теріс айналып жасын көрсетпейін деген болуы керек, бойын тез жиып алды.
Баласына «Алда жақсылық бар, анаң да келетін күн алыс емес, бұл саясат деген сайқалдың құрбанына айналған азғантай ғана халықтың не кінәсі бар? Айыпты – кінәлілерін ғана құрықтаса бір жөн, еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін «Саяси үйрену» деген лақап атты алған жер бетінің тозағына айналған тар қапаста арғы беттегі туыс-туғаның, құдай қосқан жан жарының біреуі болмаса біреуі шыбындай жаны шырқырап жатыр ма?» деген уайым қайғының салмағын ауырлатып тұрғаны.
Көрші елде жіпсіз байланып алты ай бойы келе алмаған жарының қайғыдан қан жұтып аһ ұрып әкенің қолдан келер дәрменінің жоқтығынан тәңірінен ақ жолыңнан тайдырмай, жақсылыққа жаршы болып, кең дүниені тарылта көрме құдай, бір құрсақты жарып шыққан жетеудің бесеуі арғы бетте қалып қойғаны арқасына аяздай батып тұрғанын әке ойын бала кезден көзінен оқыған баласы көңілі құлазып тұрған әкенің көңілін көтеруге тырысып бақты, әне-міне дегенше ымырт үйіріліп малды ыңғайлап болып әкесі екеуі еңсесі биік ақ үйге қарай аяңдай бастады.
Үйге кірісімен әкесін төсегіне ыңғайлап жатқызып кешкі астың қамына кірісіп кетті, арасы бірер сағаттың ішінде күріш көже де дайын болып үстел басына әкесін әкеліп жайғастырды, күріш көжені ішіп болысымен қызыл күрең шайды сораптай ішіп, әкесінің самайынан аққан терін анда-санда бір сүртіп қойып, түн жарымына дейін ұзақ әңгіме айтылды.
Уақыт та бір жерге барып, ұйқыға бас қояр шақ болса да бөлменің жарығын жаңа ғана сөндірсе де, әкесі анда-мұнда әңгімесін аяқтағысы келмей, тып-тыныш бола қалса, «Әже, ұйықтап қалдың ба?» деп оятып алып ұзын-сонар әңгімесін ары қарай тағыда сабақтай жөнелді...
– Балам, – деп бастады бір уақытта, – екеуіңнің екі қалада білім алып жатқандарың мені қуантады, бәрі көз алдыңда шығар, осы күнге жету жолында қаншама қиындықтар мен жауапсыздықтардың, сылдыр сөз бен сумақы құлқының құрбаны болдың, жеме-жемге келгенде сырт айналып шыға келген екі көзіңнің бірінің кісілік келбетіне де көзің жетті. Ойыңа сақта: бүгін сатқан адам ертең де сол қателігін қайталай береді, ондай ұятты қалталарына салып алған баукеспелерден абай бол! – деп сөзін тәмамдады.
Арада төрт-бес сағаттың қалай өте шыққаны да беймәлім, сырттан есікті біреу қағып тұрғанын ести сала аяғына көлденең жатқан бір кебісті сүйретті де, есіктің ілмегін ашса, еңгезердей ұзын бойлы, қара сұр, әкесінің туған ағасы қасында қолындағы ұлы мен келінін ертіп әкесінің көңілін сұрауға және күні кеше ғана әкесінің шақырғаны есіне түсіп жақын туыстарымен жамырай амандасып төргі үйге қарай бет түзеді.
Сырттан самбырлай сөйлеп кірген етжақындарының дауыстарын естігенде төсекте пырдай болып ұйықтап жатқан әкесі басын төсектен жұлып алып, аз уақыт болса да көріспеген ағасына сәлем беріп, ұл мен келіннің сәлемін жылы қабылдап, келгендеріне балаша мәз болып ауылдағы бала-шағасының хәлін сұрап көсіліп сөйлеп, нұрлы дидарымен жан-жағына алма-кезек көз тастап қояды. Ағалы-інілі екеуі өткен-кеткендерін айтып біресе күліп, біресе мұңайды. Мұңайып отырғанның жөні бар: бір құрсақтан тараған жеті ағайынды: үш ұл, төрт қыз, екеуінен басқасы Тарбағатайдың арғы бетінде балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, ел қатарлы жандарын бағып жатыр. Қос әкені ойландырып-толғандырып, толқытып тұрған соңдарынан ерген інілерінің әлі қоныс аудармағаны, содан тараған шынашақтай ұлдың ертеңгі тағдырын бүгінгі мына тұрлаусыз дүние мен зобалаң заманның ағысымен бағамдап майсыз отқа қуырылғандай шыр-пыр болып екеуінің де иықтары түсіп, кемсеңдеп бірдеңелерін айтып, шай қайнатым уақытта Орқашар мен Маңырақтың арасын ойқастап тастағандай...
Сүт пісірім уақыт өткенде шай қайнап төрт-бесеуі қаумалап дөңгелек үстелді айнала жайғасып ыстық шайдан бір сораптап ішіп, бірі бастап екіншісі қостап әңгіменің тиегін ағытты.
Етжақындары келіп ширап алған әкесі дәрігерге барып қаралуда естен шығып кеткендей. Шүйіркелесіп улап-шулап отырғанымызды байғыздың сұңқылындай жедел жәрдем көлігі есіктің алдына келіп тоқтағанда жүрек дір ете қалды. Кезекші дәрігерлер бәз-баяғыша үйреншікті әдістерімен қан қысымын, одан ары қарай жүрек тұсына, жауырынына сәл-сәл тигізіп, жағдайы бір қалыпты деді де, есік қайдасың дегендей сөмкелерін іле салып үйден шығып бара жатқанда ағам:
– Мына кісінің жағдайы қалай, екі-үш күн бойы орнынан тұра алмай төсек тартып жатып қалған еді, қайта бүгін тетігі жақсы сыртқа да өзі шығып келді, – деп сөзін әрімен қарай сабақтады: – Үлкен орындарға апарып көреміз бе? Әлде кісі шошитындай қауіпті емес пе? – Сұраулы көзбен алдында тұрған ақ халатты дәрігерлерге қарады.
Олар тым асығыс еді, қаратсаңыздар жедел жәрдем көлігімен ала кетейік дегендей сыңай байқатты...
Күн де екінтіден ауып барады, Ақжан әкесін больница төсегіне таңып, жеңгесі екеуі керекті дәрі-уколдарын алудың абыр-сабырымен төрт көшені шарлап жүрді. Алып келген дәрі-дәрмекті келіп өткізіп, әкесі жайғасқан бөлмеге қарай аяңдады.
Төсекте бөлмеде жүрген медбикенің қас-қабығына қарап жапақ-жапақ етіп отырған әкесін танымай да қалды.
«Әке-ау! Сіз жапақтамақ құрлы кісі баласынан именбей ақты ақ, қараны қара деп төрелігін айтып, осы жасқа келгеніңше бетіңе жұмыр басты пенде қарамаған еді ғой, әке! Тіпті жат болсын, жақының болсын, өтірік айтып қипықтаса тезге салып отырушы едің ғой. Неге? Неге сонша әлсіреп, неге сонша әлің құрып отыр, әке!» деп жанарымен ғана сөйлескендей болды.
Бір сәтте ол: – Тәуір болып қалдым, тым абыржып алаңдап кетпеңдер, аз күнде жазылып шығам! – деді.
– Бағантай, атаң кірсінші! – деді.
Артынан ерген құла бестісінің төсек тартып жатқаны жанын жегідей жеген атасы жағы суалып, жанары мөлтілдеп бөлменің есігінен інісіне қарай бір басып екі басып қасындағы төсекке келіп жайғасты.
– Ау, Дәйаға!
– Менің ай-күнім жақындаған сияқты, артта қалған қос құлыным өзіңе аманат. Аналары келгенше жүдеп-жадап қалмасын, өзіңнен басқа кімге тапсырам?! Өмір бар жерде өлімнің де болатыны ақиқат.
Артынан ерген інісінің әрбір сөзі жүрегін шымырлатып, қимастықпен қос жанарынан саулап аққан жасын жан қалтасындағы ала шытымен сүрткенімен түйдектелген ыстық жас әлсін-әлі тамшылауын тоқтатар емес. Іші езіліп, қолқа-жүрегін біреу қопарып әкетердей мең-зең болып отырған ағасының әрбір қимылын жіті бақылап отырған әкесі: «Сіз былай егілсеңіз, күйзелсеңіз, арттағы ұл мен қыздың қолтығынан кім демейді, босамаңыз. Өмірде төрт мезгіл іспеттес күні кеше ғана бүр жарған боз бала едік, жайқалған жаздың құрағындай алшаңдай басқан жігіттік шағымыз да артта қалып, күңіренген күздің де уақыты келіп, жер ортасы жастан да асып барады екем, бұлаңдаған өмір бізден де өтіп бара жатқандай» деді.
Қос туыстың ағалы-бауырдың шер тарқасып сөйлесіп отырғандарына сүт пісірім уақыттан да асыпты.
Әкесіне жауапты дәрігер баспалай келіп «Науқасты демалдырыңыздар, ертең де күн бар ғой» дегендей жайма-шуақтап бізді тысқа шығарды.
Аудан орталығындағы әкесінің немере ағасының үйінде кешкі асты ішіп отырғанбыз, кенет атасының ұялы телефоны безілдей жөнелді.
– Алло, алло, бұл кім?
Атасы бірнеше рет қайталап отырған орынынан ұшып тұрды. Телефонның арғы жағынан тезірек келіңіздер деген сөзді ғана естігендей болдық.
Телефон үзіліп кетті.
– Құдайым-ай!
«Не жаздым, не жаздым алла-ау!» деп, өкіріп басын қос қолымен төмпештеп егіліп жылаған атасы: «Айырылып қалдық!» деді.
«Айырылып қалдық» деген ащы дауыс құлақ түбінен естілгенде отырған орнынан қалай сұлап түскенін де білмей қалды, төбесінен жай түскендей...
Ертесі таң қылаң бере аудандық ауруханаға әкесінің қос ағасын және немерелес ағаларымен жетіп барса, аурухананың негізгі есігінен бастап үш бірдей есігі жабық тұр.
Тек бұрыштағы екі кісі әзер сыятын есікпен ішке енсе, емхананың іші адам төзгісіз суық әрі үрейлі көрінді өзіне.
Жаңа үш бірдей есіктің жабық жатқаны күні кеше ғана кішігірім жарақатпен түскен отызға аяқ баспаған соқталдай азамат біліксіз дәрігерлердің қате дәрі-дәрмек бергенінен көз жұмыпты, інісінің қазасына жаны төзбеген ағасы аурухананың бір дәрігерін жазым қылған екен, соған барлық есікті жауып отырған түрлері екен.
Ақжандар да салып ұрып жетіп барып әкесін қараған дәрігермен тілдесейін десе, қараған дәрігер бой тасалап ерте жарықта үйіне тайып кеткен көрінеді.
Ұлардай шулап үлкендер өксігін баса алмай ет жақындары жан тәсілім болған бөлмеге қарай бүкшиіп, езіле басып бас сұқты.
Есіктен аттай бере терезе жақ төсекте ұйықтап жатқандай жымиып тып-тыныш жатқан әкесінің бейнесін көргенде жүрегі жанын шыдатпай ауыртып барады.
Баспалап келіп аяғына қолы тиді, аяғы салқын тартып барады екен, жүзіне де бажайлап қарап өкініш өзегін тырнаған жас жігіт күні кеше ғана әкесінің түннің бір уағына дейін көз ілмей баласына басын қойып, ұзын-сонар әңгімесі аяқтай бере тағы бір әңгіменің тиегін ағытып таң қылаң бергенше сөйлесіп жатқан еді.
Енді ойлап қараса, жарықтық жарық дүниені де артта қалып бара жатқан қос құлыны мен аяулы жарын қимай жатқан екен ғой.
Сөз арасында тура болмаса да жұмбақтап іштей дайындаған екен ғой. Сезбеген ғой.
Қалай ғана сезсін, қалай ғана өлімге қисын?!
Егіліп еңкілдеп жылап отырған әкесінің туған ағасы иіні босап өз көзіне өзі сенбегендей, әлде бұлай боларын ойламағаннан ба, есін жия алмай, дел-сал күйінде қос ағасы бірінен кейін бірі демдерін салып, жағын қайта таңды да, сүйекті ауылға әкетпекке көлік қарастыра бастады.
Сондай қым-қуыт қарбалас шақта бөлмеге кезекші дәрігерлермен бірге қос полиция өкілі жетіп келіп, қайғыдан қара жамылып тұрған қаралы топқа көңіл айтып басу айтқанның орынына бірден бұйрыққа көшіп, бірер сағаттың ішінде аудандық бөлмшеге баруларын бұйырды.
Бірі қалмай жақын жағаластарының барлығы барды бір-бірлеп тергеу бөліміне кіре бастады. Ақжан да кірді.
Іште екі полиция өкілі отыр, бірі толықтау келген мес қарын, екіншісі шырайына шыр жұқпаған қара тақырдың дәл өзі.
Есіктен аттай берген Ақжанға бұйыра тіл қатып:
– Алдыңдағы орындыққа отыр! – деді зілді түрмен. – Нендей жағдай болған, біз барлығын хаттамаға түсіруіміз керек. Көрген-білгеніңнің бәрін жасырмай айт!
Ақжан аң-таң, қайда келдім, бұлар неге бізді тергеуі керек, бұлардікі қаншалықты заңды деген сауал ойына орала кетті.
Бежірейіп екеуі көзін алмай қарап отырған сәтте басын қақшаң еткізіп қос заң саласының өкіліне сұраулы жүзбен:
– Біз қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Үлкен-кішімізді еш себепсіз тергеуге алғандарыңыз қалай?
Алдында отырған екеуі еш шіміркенбестен езу тартып күлкіге айналдырып қояды.
Ақжан іштей бұндай қорлық пен сорақылыққа төзіп енді шыдас беріп отырудың еш қажеті жоқтығын ұқты да, сазарған саз беттерге заңсыздықтарын беттеріне айтты да, қара есікті жаппастан шыға жөнелді.
Кеше ғана бала сияқты бұлғақтап жүрген бозбала бір тәулікке аяқ баспай есейе бастағанын ұқты.
Қайран, әке!
Мәңгілікке бет бұрып кіндігіңнен тараған қос ұрпағыңды кімге тапсырып кеттің!
Ертесі таң қылаң бере әкесінің сүйегін аталас ағасының жүк машинасына орналастырып, ауылға жеткенше төрт-бес кісі сүйек ары-бері қозғалып кетпеуі үшін ұстап отырып, ауылға қарай бет түзеді.
Ақжанның қасында немере ағасы Ұмтыл қалып, нәзірмен қонақ асына соятын малды ыңғайлап алу үшін аудан орталығындағы Ақжандардың еңселі ақбоз үйіне қарай аяңдады.
Үйге кірді. Үй тым сүркей әрі тым жат.
Меңірейіп ғана алты-жеті бөлмеге иін тірсекен дүниенің өзі көзге тым жиіркенішті көрінді.
Есіктен кіргендегі қос бөлмені жинастырып жүріп әкесінің мал санын түгендеп отыратын қойын дәптері көздеріне түсті.
Қолдарына алып парақтап жатыр. Соңын ала екі жарым бетке өсиет жазып кетіпті. Тіпті анасымен де арыздасып, аяулы жары мен қос құлынын ағайын-туысына аманаттап жазған екен. «Ажал жақындағанда сезіледі» деген шындыққа жанасатын сияқты ма қалай? Әу бастан сезіп жүрген екен ғой, жарықтық!
Қорғанда қос құлағын қайшылап тұрған қозыкүреңмен қолдағы үш-төрт ұсақты сойып алып Шіліктіге қарай бет түзеді ағасы екеуі.
Маңырақ тауының ирелеңдеген тау жолымен жүріп Сарыөлеңнің тұсына жеткен де Астана қаласында ЖОО оқитын қарындасынан қоңырау келді.
– Алло, Баян айта ғой!
– Қалың қалай, сабағың қалай?
– Жақсымын, аға!
– Сабақ та жақсы, атам сәл сырқаттанып қалды деп еді, қазір хәлі қалай?
Жүрегінен тұншыққан үн әзер дегенде шықты.
– Атамыз жақсы, тәуір болып қалды. Суық тиген дейді, аз күн ауылға барып сорпалануға алып барамыз.
– Жақсы болған екен, аға! Тезірек сауығып кетсе екен, біздің бағымызға.
Осы үн естілгенде машинаны тізгіндеп келе жатқан ағасы екеуінің жанарынан саулап аққан жастары беттерін жуып кетті. Жылағанын сездірмей бойын тез жинап алды да.
– Алаңдама, Баян! Мүмкін ыңғайың келсе, оқу орның рұқсат берсе, бір жұмаға келіп қайтсаң да болады.
– Жақсы, жақсы, аға! Мен сұранып көрейін, – деді де ұялы телефонды қоя салды.
Ауылға жетті.
Машинада түсе берген Ақжанды қаумалаған қалың жұрт көңілдерін айтып, бет көрісіп жатыр. Бәрі түс сияқты.
Әйтеу артын жақсылап аттандырайын деген ойды басымдылыққа алып әкесінің туған ағасы Иісбай атасы мен аға-жеңгесінің ақылдарына жүгініп соңғы парызын өтеумен әбігерге түсіп жүрді.
Ертеңі күн көзі көтеріле бере алыс-жақыннан келетін туыс-туған, құда-жегжат, көрші-қолаңның барлығы лек-легімен келе бастады.
Алғаш әкесінен айырылғанын естіген сәтте есі шыға жылағаны ғана есінде, одан кейін өзі де жасын іркіп есін жиып, әкесінің тұспалдай айтқан тағы бір сөзі есіне орала кетті.
– Балам, бесікте қалып бара жатқан жоқсың, анаңмен қарындасыңа бас-көз бол! Есің шығып езіліп көп жылама, өлім қайда барсың сынға барам деген аталы сөзден аттама.
Әр ойдың жетегінде дегбірсізденіп отырғанда даңғарадай қақпадан ұлардай шулап, ой бауырымдап он шақты ер адам, арттарынан жұбын жазбай жеті-сегіз әйел кісі келеді.
Ерлер сыртта қаз-қатар болып орындықтарда отырған ерлерге еңкілдеп жылап келіп, іргедегі үйде жылауда отырған әйелдерге қарай бет бұрды. Топтың артынан келе жатқан әйелдердің сай сүйегіңді сырқыратар көрістері тізбектеліп отырған ерлерді еңкілдетіп жылатып буын-буындарын босатып жібергендей.
Ертесі күн төбеге келген шақта аулдың молдасы жақын жағаластан екі-үш кісіні алып сүйекті жуып болысымен бірден сүйек көрсетуге ішкі үйге кіргізді.
Ақжан жанарынан саулап аққан жасқа ерік бере алатын емес.
– Қош әке, қош! – деп келді де, бас салып құшақтай алды, жанын қарып барады.
Шыдап бағуда, әке жүзін соңғы рет көретініне нанатын емес. Жылы жүзін енді мәңгі көрмейтін сезгенде бір сәтке болсын жібергіш ойы да жоқ. Егіліп отырған бозбаланы қолтығынан демеп қос ағасы сыртқа шығарды.
Жаназа оқылды.
Кілемге орап қозы көш жердегі қорымға кезектесе көтеріп тізбектеліп бара жатыр.
Алыс-жақыннан келген қара нөпір халық бір-бір уыс топырағын салып үй-үйлеріне тарасты.
Жалған дүние жалғандығын алғаш сездірген еді.
Сол күннен бастап Ақжан бойында бір жалғыздықпен қолқа жүрегін қапқан ащы шер пайда болды. Әкесіз күндер басталды.
Әкесімен өткен жылы естеліктерін тек еске алып, әкесінің мал жайып жүретін ой-қырына барып, әкесі құлатөбеліне мініп келе жатқандай сағымға толы мәңгілік сағыныштың құшағына шомып кетті.
Әкесінің жылына бір ай қалғанда екі жылға жуық белгілі кедергілерге байланысты шекарадан өте алмаған анасының келуі өміріне жаңа бір леп әкелді.
Жүрегіне байланған шері де күн өткен сайын басыла түскендей, бірақ әкеге деген мәңгілік сағыныш жүрек дәптеріне жазыла берді.
Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.