Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ардақ Үсейінова. Қарғыс...

27.09.2023 3027

Ардақ Үсейінова. Қарғыс 16+

Ардақ Үсейінова. Қарғыс - adebiportal.kz

Әңгіме

Әкеден жалғыз емес еді. Аралары екі-ақ жас болса да, тіршіліктің мойнына салған қамытына ерте мойынсұнған көнбіс болды. Сол көнбістігі өзіне сор екенін түсініп те үлгермеді. 

Кіші деп қорғап жүретін қамқорлығын момындыққа балап, бұл да әбден ағасының мойнына мініп алатын. Тірліктен қашады. Сылтауы көп. Аңдамай шалынып кетсе де, айқайға басып, жерге домалай кетеді. Ал мұның барқыраған ащы даусы шықты дегенше, қысқа күнде қырық құбылып отыратын әкесі, әй-шайға қарамай, ағасына қамшы үйіреді. Кейде жон арқасына қатты тиген қамшыны ауырсынып, көзінің жиегі суланып қалса, «ой, қызталақ, шешесінен аумай қалғанын қарашы» деп одан бетер екіленіп, есті алатын.    

Үлкен ұлға мейірі түспегенімен, әкесінің бұған келгенде көңілі көл. Ойынға беріліп, өрістен қайтқан малды түгендеп, айдап келмесе, ақырып келіп, мұны емес, тұңғышын таяқтың астына алатын. Ал Қадырғали бір қатерден құтылғанын көрсе де, қатал әкенің айбарынан қаймығып, қора айналып қашып кететін. Қазір ғой кей еркектің тұңғышты әйелі төркінен ертіп әкелгендей, суық қарайтынын түсінгені. Ал өзінің өйтіп бөліп-жаратындай жағдайы жоқ. Өзінде – жалғыз. Өзі де жалғыз.

Қадырғали жалғыз емес еді. Анасының да, бауырының да басын жұтқан –әкесінің өзі тыя алмаған тілі мен таяғы. Қырсықтың басы қарасан келгір қара сиырдың өрістен келмей қалуынан басталды. Түнімен ауылды адақтап шыққан Беріктің жолын тосып, анасы да көз ілмеген сол күні. Таң ата ілбіп басып өзі келген ұлды Тоқтасын аяған жоқ. Сусылдаған шыбыққа өз арқасын тосып, ұлын қалқалаған Қаламқасты қоса қуып жатып: «Қара сиырды таппай қайтсаң, қара суға батып өл», деді ақырып.

Сол күні кешке көрші-қолаң төлін қызғанып, Қарасаздың ит тұмсығы батпас ну қамысына кіріп бұзаулаған қара сиырды айдап шығарамыз деп жүріп, шым тартып кетіп, тұншығып өлген анасы мен баласын қамыстан байлаған шиге салып әкелген...

***

Қадырғалидың маңдайын қос қолымен сығымдап ұстаған күйі қыбырсыз отырғанына біршама уақыт өтті. «Әй, бұлайша отырысыңа жол болсын, көтер басыңды, жи есіңді» деп айтар жан табылсашы. Үй ішінде өлі тыныштық орнаған. Тырс еткен дыбыс жоқ. Екі-үш күннен бері мезгілсіз келген қазаға қайғырып, жанашырлық танытып жүрген жолдас-жора, ағайын-туыс бәрі кеше тарқасқан. Енді міне, өз ойымен алысып, жалғыз қалды. Жалғыз қалған соң неше күннен бері жанын жегідей жеген мазасыз ой анталап келіп бас салғандай... 

Басы меңіп, көзінің алды бұлдырап кетті. Үйдің ішін буалдыр тұман басқандай ма қалай? Жанарынан жылып аққан жасты алақанымен сылып тастап, ауызғы бөлмеге қараған. О, тоба, ауызғы үйде әлдеқашан о дүниелік болған шешесі пешке от салып отыр екен. Отын дегені көк талдың жас бұтағы ма қалай, бірден тұтанып кете қоймай, бықсып, түтіндеп жатыр... 

- Апа, отты неге жағып отырсың? Жансеріктің қырқын да берген жоқпыз ғой әлі... Бұл үйдің оты өшті ғой енді...

-  Әй, балам-ай, өзің жаққан отты өзің өшірдің ғой, қайтейін. 

- Кәсібімді дөңгелетіп, көмекшім бола ма деп ем... Жиған-тергенімді шашқаннан басқа оңған тірлігі болмады. Ақыл кірмеді...

Қадырғали оқыстан қатты шығып кеткен өз даусынан өзі шошып селт етіп, есін жиғандай болды. Көзін уқалап жіберіп, ауызғы үйге қайта қарады. Дәнеңе де жоқ. Көзіне қос көрінейін деген бе, жоқ әлде әбден қалжырап шаршағандікі ме екен...

Күндердің күнінде дәл осылай сормаңдай болып қалармын-ау деген ой басына кіріп-шықсашы Қадырғалидың. Табысы тасып, үнемі жолы болып тұрған соң жалғанды жалпағынан басып жүре беремін деп ойлады ғой. Жеке меншік фирмамды үлкейтемін деп інісінің үйі мен ұлына деп әперген пәтерді кепілге қойып, несие алды. 

Інісінің мүлкін тігерде ішкі есесін қайтарғандай, зәрлі бір мысқыл үйірілген езуіне. Анасы қайтқан соң жыл өтпей келген өгей шешесі көрер көзге бұған қылдай қиянат көрсетпесе де, жылт еткен мейірімнің ұшқыны жоқ суық жанары жонарқасынан оқ болып қадалып тұратын. Құдайға сау адамның санасын байлап, адастырам десе, әп-сәтте екен ғой, өзінен туған Берікке мейірі түспеген Тоқтасын Ерікке келгенде тым жуасып қалған.

Оның әуелгі азан шақырып қойған аты Асқан екен. Бірақ ағайын-туыс Беріктің қайғысын ұмыттырмасын, Тоқтасын тобаға келсін деп алты айлық сәбиге қайта ат қойған.

Жә, жарайды Ерікке істегені әуел бастан есепке құрылған. Ал Құдайдан тілеп жүріп көрген жалғыз ұлдың атына жазған баспананы кепілге қоярдай не қара басты мұны?! Қарлығашты тастап, үйелменді-сүйелменді үш қызы бар келіншекке үйленіп, екінші рет отау көтергені ше?!

Несиені қайтара алмады, кепілдегі екі үй де кетті. 

Алла адастырған адамды кім тезге салсын. «Аузынан шыққан сөз сор, өзіне қазылған ор болды». Қадырғали жан баласына сездіруге қорқып жүрген ішкі ойын өз үкімін өзі шығарғандай дауыстап айтты...

Сол күні Қадырғали жұмыстан кеш оралған болатын. Ұлы келіпті. Күтіп отыр екен. «Әшейінде, бұл үйге аттап баспаушы еді, тағы да шұғыл ақша керек болған ғой» деді іштей күңк етіп. Жансерік ешнәрсені ашып түсіндірмеді. Бірден «ақша бер, үйленемге» басты. 

 - Қайда асығасың, алды-артыңды ойландың ба?

- Маған ақыл айтып қайтесіз, ақша тауып бер одан да.

Қадырғалидың сұрағы жауапсыз қалды. Шарт кетті. Ашуға булығып: «Табыттан табылғыр, маған тап дейді ғой. Қайдан табамын!» деген. Не айтып, не қойғанын Жансерік сыртқы есікті сарт жапқанда бір-ақ түсінді. Ертеңінде туыстары көлік қағып кетіп мерт болған ұлының мәйітін табытқа салып әкелген... 

Анасы мен бауырының сүйегін әкелгенде ауыл ақсақалдары айтқан сөз құлағында қалған еді. «Құран Кәрімде Алланың адам ақыл-ойы жетпейтін Құдіреті жайында: «...Ол «бол» десе болады...» деген сөз бар. Жаратқанның адамзаттың қолтығына қысқан төрт кітаптың бірі - Інжілде жазылғаны: «Әуелі сөз болған. Сөз Құдай еді» деген-ді…

Тараз қаласы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар