Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Арман Шеризат. Шығыстағы сиқырлы да, жұмбақ әлем ...

06.09.2019 3135

Арман Шеризат. Шығыстағы сиқырлы да, жұмбақ әлем 12+

Арман Шеризат. Шығыстағы сиқырлы да, жұмбақ әлем  - adebiportal.kz

Азия – әдебиеті де, мәдениеті де бай шығыстағы сиқырлы да, жұмбақ әлем. Оған ғалам сырына үңілген ғұламалар, сезімін жырмен өрген шығыстағы шайырлар, қара қылды қақ жарған билер, абыздар мен жыраулар дәлел. Оның парқына кешегі неміс халқының терең ойшылы Гетедей таланттар жете біліп, өзіне ұстаз санаған. Осынау алып құрлық Азияда кешегі ұлы өркениеттің иесі болған, Түркінің алтын діңгегі Қазақ елінде, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының төрінде тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» өтті. 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 90-ға жуық ақын-жазушылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер бас қосып үш күнге жалғасқан форумда айтылмаған сөз, қозғалмаған тақырып қалмады. Солардың арасында Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, бейжіңдік жазушы, қандасымыз Әкбар Мәжит те бар. Жалпы бұл форумға Қытай өзінің үш жазушысын жіберген. Ирандық Сайид Ходи Киесари де парсы әлемінде көзі тірі жазушылардың ең танымалы саналады. Ресейден Анатолий Ким бастаған 5 әдебиетші, Үндістаннан «Дурбапутра» романының авторы Амар Митра, Малайзиядан ғалым-ақын Мухамад Саллех, Вьетнамнан «Тексіз адам тарихы» кітабының авторы Хуан Дук сияқты танымал әдебиет өкілдері қатысты. Азия құрлығында мекендейтін бауырлас елдермен арамыздағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайтуы көздеген форум өз мақсатына жеткендей болды.

Форумды Перзидент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашты. Мемлекет басшысы: Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құруды, «Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды. Сөз алған қаламгерлер бірауыздан қолдап, өз тілектестіктерін білдірді.

Әдеби форумның жалпы отырысына Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев, катарлық Моза аль-Мальки баяндама жасады. Барлығы да Азия жазушылары ортақ рухани күшке айналып біріксе екен десті. Аударма мәселесі оң шешімін тапса, әдебиетіміздің болашағына үлкен серпін беретінін айтысты. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері Қабдеш Жұмаділов, Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік те бұл форумның 1973-жылдан кейін, араға қанша жылдар салып қайта жаңғырып отырғанына дән ризалықтарын білдіріп, қуаныштарын жасыра алмады. Қаншама жылдар бойы қордаланған мәселелер, қозғалмай жатқан тақырыптар, тың ұсыныстар да жасалды. Бір ананың баласындай, ізгілік пен адамгершілікті ту еткен ақын-жазушылар адамзат тағдырына да алаңдаушылық білдірді. Бұлттан шыққан күндей көптің көңілі жадырап сала берді. Жастарға жол сілтеп, әдебиеттегі жаңа ағымдар мен бағыттар жайлы да сөз қозғап, тілдің тиегін ағытты. Өлең де оқылып, көкейдегі ой да айтылып қаламгерлер бір жасап қалғандай болды. Ендігі мақсат айқындалып, ертеңгі Азия қаламгерлерінің айбыны асқақтай түскендей күй кештік. Өткен күндерден естеліктер айтылып, оқырмандармен жылы жүздесулер де форумнан тыс қалмады. Қонақтар Азиядағы ең жас қала Нұр-Сұлтанның әсем келбетіне тамсанып, қазақ елінің тарихына көз жүгіртіп, қазақ халқының ұлттық болмыс, келбетіне тамсанды. Қонақжайлығына дән ризашылықтарын білдірді. Форумды ұйымдастырушы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет келген қонақтармен алдағы уақытта да әдеби байланысымыздың кепілі болатын халықаралық келісімшарттарға қол қойып, достық құшағымызды одан әрі бекіте түсті. Мәртебелі меймандар да қазақ әдебиетін өз тілдеріне аударып, насихаттауға бейілді, қызығушылықтарының жоғары екенін айтты. Осылайша Азиядағы алып мемлекетіміз, бейбітшілік пен келісімнің бесігі ғана емес, алып құрлықты біріктіруші, руханияттың да алтын қазығына айналды. Көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген ең ғажабымыз да осы болды.

«Қару мен қалам, даму мен сенім» тақырыбында баяндама жасаған, орыс жазушысы, қазақ әдебиетінің жанашыры Анатолий Ким де ағынан жарылды.

Анатолий Ким жөнінде айтар болсақ, орыстың әйгілі жазушысы, Қазақстанның тумасы әлем оқырмандарына белгілі тұлға. Әсіресе Қазақ елі ерекше құрметтейді. Әдебиеттегі гуманистік ойдың жаршысы болып жүрген жазушыны қазақстандықтар көлемді көркем туындыларының авторы ретінде ғана емес, сонымен бірге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жаңа аудармасының авторы ретінде де біледі. Бір кезде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасын жазушы Әбдіжамал Нұрпейісовтың ұсынысымен орыс тіліне аударған екен.

Қазақ әдебиетінің ең үздік шығармасы «Абай жолын» орыс тіліне жазушының ұлы, өзінің досы Мұрат Әуезовтың ұсынысымен аударып шыққан. Кеңес кезінде 6 адам жамылып аударған шығарманы жалғыз аударып шығу оңайға түспеген. «Маған Мұхтардың рухы жар болды. Мен оны әр күн жазу үстеліме отырған сайын сезіндім» - дейді. Таңғы оннан, кешкі онға дейін демалыссыз жұмыс істеп, аударуға толық 1,5 жыл уақыты кеткен. «Абай жолында» қазақ халқының жаны, ұлы рухы жатқанына анық көз жеткізген. Кешегі көшпенділер өркениетінің түп қазығы болған қазақ халқын одан сайын тереңдеп тани түскенін айтты. «Қазақ халқы өте талантты халық. Олар шетінен ақын, әнші, сал-серілер. Жер бетінде ауыз әдебиетін қазақтай сақтай білген халық жоқ. Жан дүниесінде табиғатқа етене жақындық бар» - дейді жазушы. «Абай жолы» романының аудармасы жарыққа шыққан соң сын айтушылар да болған. Бірақ, түсінуіміз керек аударма деген өте күрделі дүние. Жазушыға пікір айтқандардың көбі сөзбе-сөз аударушылар екен. «Ол меніңше дұрыс емес. Менің ұстанымым бойынша аудармада сөз емес, сөйлем де емес, жазушының ішкі әлемі, сезімі берілу керек. Мен ұлы ұстазым Николай Михайлович Любимов сияқты жолма-жол аударма жүйесін қолдандым - Шекспирді аударған Пастернак сияқты, менің ұстазым аударған Бокччионың «Декамероны», Рабелайстың «Гаргантуа мен Пантагрюылды», Сервантестің «Дон Кихоты» сынды» - дейді аудармашы.

Тек жазып қана қоймай, Алматыдағы Кәріс театырының да құлдырап қалған сәтінде жазушы қол ұшын созып, аяқтан тұруына өз ықпалын жасаған.

Өмірде адамдардың шарықтауын, құлдырауын әр түрлі көңіл-күй ауанын толық сезініп көрмеген адам жазушы бола алмайтынын айтты.


Алдымен Қазақстан, сосын Сахалин, сосын Мәскеу, бір кезде Сеулде де тұрған екен. Бүкіл әлемді аралап, тек Австралияда ғана болмаған көрінеді. «Көпті көріп таныған сайын жан дүнием байып, көңіл көкжиегім кеңіді» - дейді қаламгер.

Ал катарлық Моза аль-Мальки өз сөзінде: «Мен бүгін әдебиет төңірегіндегі айтулы оқиғалар мен елеулі еңбектерге жаңа қырынан үңілгендей болдым. Бұл форумның маңызы біз үшін өте жоғары. Біз біріккен үлкен рухани күшке айналуымыз қажет. Үйткені біздің әдебиетіміз де, мәдениетіміз де өте жақын. Біз қаламгерлер сол жақындықты одан сайын дамытуға, рухани үлес қосуымыз тиіс деп білемін. Осындай келелі жиындар жиі өтіп тұрса игі. Бүгін Азия қаламгерлерінің үздік туындыларына арналған кітап жәрмеңкесіне де қатыстық. Ол жерге көптеген мелекеттердің көрнекті жазушыларының кітаптары қойылған» - деп тіліне тиек етті.

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ағамызды да әңгімеге тарттық: «Бұл форум біле-білсек әдебиетіміз үшін өте маңызыды. Мен сөзімде айтқалы отырғаным, әдебиетте де саясат бар. Ұлттық әдебиетпен қоса ұлы державалық әдебиет бар. Ұлы державалық әдебиеттер материялдық жағынан да, моральдық жағынан да өз үстемдігін бермейді ғой деп ойлаймын. Ортақ сыйлық, ортақ оқырман қалыптастырып, халықаралық деңгейге бірігіп шықсақ деген ниет бар. Қазір кітап оқитын елдер бар, кітап оқымайтын елдер бар. Біз сол кітап оқымайтын елдердің қатарындамыз ба? - деп, қорқамын. Мысалы, мен Германияға барған сапарымда байқағаным. Таңғы ас кезінде немістер бір қолымен кофе ішіп, бір қолымен кітап-газет оқып отыр. Әлемде дамыған елдердің барлығы да халқынан бөлек емес, халқымен бірге дамып жатыр. Бәрі де кітап оқиды. Біздегідей әлеуметтік желі деп өртеніп бара жатқан ештеңе жоқ. Бәріне қалыпты жағдай деп қарайды. Ал, енді өкінішке қарай біз әлі жылтыраққа еріп бара жатқандай сезілеміз.

Мен бір ортаға келсем, бір адам орынынан тұрып мені құрметтеп қарсы алды.

- Неге үйттіңіз? - деп едім:

- Мен бір 5-10 кітап оқыған шығармын, сіз 5 мың кітап оқыған адамсыз, сондықтан сізді ерекше құрметтеймін - деді.

Кітап адамның мінезін, болмысын бәрібір өзгертеді. Біз қандай ұлтпыз, қандай халықпыз, болмысымыз қандай? Қазіргідей құр жалаң саясатпен ұрпағымызды бүлдіріп алуымыз мүмкін. Қандай ұрпақ өседі? Қазір әлеуметтік желіден неше түсті ақпарат тарайды. Желіге үңіліп қарасам, батыс елдеріндегі дін насихаттаушысы шіркеуде айтып тұр: «Сіздер осы шіркеуге келе жатқанда бір үлкен адам жолда қол көтеріп тұрса соған тоқтайсыңдар ма? Жоқ. Тоқтамайсыңдар. Тоқтасаңдар да ақша аласыңдар. Ал, шығыста мұндай жоқ. Олар алмайды» - деп. Діл мен дін бір-бірімен сабақтас қой. Міне, біз осындай үлкен мәдениетке ие халықпыз. Осы қасиеттерімізден ажырап барамыз. Шығыстық мәдениетімізден ажырамауымыз керек.

Кітап оқыған адамның жан дүниесі мүлдем өзгеше болады. Америкада тексерген ғой. Спортпен шұғылданған адам мен кітап оқыған адамды салыстырып қараса спортпен шұғылданатын адамға қарағанда кітап оқитын адамның ойы тыныш, қан қысымы да қалыпты, денсаулығы өте жақсы болып шыққан екен. Одан тыс кітап оқыған адмның бойында, қанында тазару процесі жүргені байқалған. Кітаптың қасиеті қандай, көрдіңіз бе? Біз осындай байсалды ұлт болуға талпынуымыз керек. Кітаптан ажырамауға тиіспіз. Өзіміздің ұрпағымызды, ұлтымызды осындай жақсы тәрбиенің негізінде тәрбиелеуіміз керек.

Бір жазушының «Шабыт» деген романында бір бай әйел дауысы жақсы әнші қызды, - Маған әдеби кітаптарды оқып бер - деп жалдайды. Бізде осындай да адамдар жоқ. Бізде биліктегілер кітап оқымайды да, ойлайды елдің бәрі кітап оқымайды деп. Бір мысал айтайын: Менің «Өнер» деген 6-ақ беттік әңгімемді сайттар арқылы 10 мыңнан артық адам оқыды. Демек біздің сайт, порталдар да әдебиеттің насихатталуына үлкен қызмет жасап жатыр. Қазақтың жазушыларының арасында Тынымбай Нұрмағамбет сияқты үлкен классиктерді айтпағанда, осы әдеби сайттарда өз оқырмандарын қалыптастырған Дәурен Қуат, Думан Рамазан, Қуандық Шамахай сынды қаламгерлер бар.

Мен бір жылдың ішінде 7 әдеби эссе жаздым. Осының бәрінің де оқылымы өте жоғары болды. Бізде билік өкілдері түсінбейді, мынау дамыған үлкен елдер эканомикасымен қоса әдебиетін де үлкен биікке алып шықты. Ал, жастар кімдерді оқиды? Соның артынан ілесіп кетіп жатыр. Үлкен державалар өздерінің державалық саясатын әдебиетте де насихаттап, ықпал ете бастаған.

Жастар оқысын әрине. Мен де әлем әдебиетін көп оқыдым, бірақ ұлттық тамырдан ажырауға болмайды. Қазақта мықты кітаптар өте көп. Сол кітаптар сыйлықтар алса халық іздеп жүріп оқиды. Жазушыға сыйлық халыққа насихат үшін керек. Сондықтан халықаралық деңгейге шығаруға ықпал ету керекпіз. Экономика, саясат деп ұрандай беретін болсақ, әдебиетсіз жалаңаш қаламыз.

Патриоттық әдебиетпен қоса протесттік әдебиет те керек. Протестік әдебиет деп тек билікке қарсы жазылған дүниені ғана айтып отырғаным жоқ, біздің кейбір ұстанымдарымызға, өзіміздің болмысымыздағы керағар қылықтарымызға сын көзбен қарайтын әдебиетті айтып отырмын. Протестік әдебиет бірдеңені төңкеріп тастамайды. Ол ұрпағымыздың көзқарасын кеңейтеді. Протестік әдебиеттен қорқудың қажеті жоқ. Бізде кеңес кезеңінде де протестік әдебиет бірен-сараң ғана болды. Сондықтан мұндай әдебиетке түсіністікпен қарауымыз керек.

Кешегі күнгі Алаш тақырыбы, аштық тақырыбы, Қытайға көшкен босқындардың қырғыны барлығы әдебиетімізде көрініс таппай тыс қалып жатыр. Ұлттың өткен тағдыр жолын қозғаған тақырыптағы әдебиет азайып барады. Ол тақырыптарды әдебиеттен сызу деген сөз, санадан сызу деген сөз. Біз керісінше бұл біздің ұлтымыздың тағдырына арналған кітаптар деп әр үйдің қабырғасына тізіп қою керекпіз. Ол ертеңгі ұрпақ үшін керек. Әдебиет деген тек демалып оқитын ғана әдебиет емес, өзінің тарихын құрметтеп, сыйлап сол үшін уақытын құрбан етіп оқитын әдебиет болу керек. Билік те осындай дүниелерді ескеру керек. Жазушылар не істеп, не жазып жатыр осыны қарап, жаңағыдай тақырыптар қаншалықты жазылып жатыр осының бәрін қадағалап отыру міндетіміз. Бізде қалай, кім билікке жағымпазданса, соны көтере қояды. Бұл жастарға жаман үлгі. Ертеңгі жастар сондай дертке шалдығады. Біз мұны тоқтатуымыз керек. Керісінше шын таланттарға, кесек шығармаларға қолдау көрсетіп соларды мемлекет насихаттаумен айналысуы қажет.

Қазақты танытатын шығармалар көп. Үлкен алыптарымызды айтпағанның өзінде, әлемге Тәкен Әлімқұловтың әңгімелерін, Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері», Қабдеш Жұмаділовтың әңгімелерін, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Бексұлтан Нұржекеұлы «Әй, дүние-ай!», Таласбек Әсемқұлов әңгімелерін, Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі және көз жасы», Несіпбек Дәуітаевтың әңгімелерін, Тынымбай Нұрмағамбеттің «Кене» деген әңгімесінен бастап, «Ауғандық құстарға» дейінгі шығармаларын аударып беруге болады. Нұрғали Ораздың әңгімелерін, динамика мен эмоцияға толы Дәурен Қуат шығармаларын, көп сөзділікке бармай, жаңаша стильде жазатын Думан Рамазанның әңгімелерін, сыншы Амангелді Кеңшілікұлының кітаптарын, Қанат Әбілқайырдың «Жыланның кегі», Мақсат Мәліктің шығыстық дәстүрде жазылған «Құдық басындағы екеу», жас жазушы Досхан Жылқыбайдың астарлы, ойлы әңгімелерін аударсақ та үлкен жеңіс болар еді. Әлем қазақ әдебиетін танып, қызыға түсер еді».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар