Тілге арналған тұңғыш форум ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтеді дегенде қатты қуандық. Тәуелсіздік алғалы 27 жыл өтсе де ана тіліміздің аясы тарылып, мемлекеттік тіл деңгейіне жете алмай отырғаны баршамызға аян. Қордаланған мәселе, шешілмеген түйткілдер мінбеден айтылады деп күттік. Ойымыз алдамапты. Тіл дегенде, тілін тістеп қалған ешкім болмады. Бойында қазақтың рухы бар, елдің ертеңіне алаңдаған әрбір тіл жанашыры осы форумнан табылып, көсіле сөйледі.
Мемлекеттік тілге деген талап күшейтіледі. Кез келген тілдің болашағы – балалардың, жастардың қолында екені рас. Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы – ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Әр отбасында отбасылық тілді дамыту бағдарламасы жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан, қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында екенін ұмытпауға тиіспіз.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты тұңғыш форум Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыстың, «Тіл-Қазына» орталығының арнайы әзірлеген көрмесін тамашалаудан басталды. Көрмеде мемлдекеттік тілді оқытуға және жаңа латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйренуге арналған инновациялық жобалар таныстырылды.
Тіл форумының жалпы отырыстында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында көрсетілген мемлекеттік тіл саястын жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырысты жүргізген көрнекті жазушы Әлібек Асқаров қазақ тілінің бүгінгі хал-ахуалына кеңінен тоқталды. Қазақ балабақшасы мен мектептеріндегі балалардың орысша сөйлеп жатқанына қынжылды. Еліміздегі тіл орталықтарының мәртебесі төмендеп кеткенін, олардың көбінің жабылып, кейбірінің басқа бөлімдермен қосылып кеткендігін айтты. Мемлекеттік тілді білмейтін адам, мемлекеттік қызметке отырмауы керектігіне баса тоқталды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының аясында тиісті жұмыстар атқарылғанын атап өтіп:
- Тіліміздің қоғамдағы қызметін арттырып, оның әлеуетін көтеру ісі біздің жіті назарымызда. Әліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тектіктерін іске қосу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оның жолдарын анықтау, Қазақстандағы және әлемдік тілдік қауымдастықтағы қазақ тілінің рөлі мен мәртебесі туралы заманауи білім, ақпарат, насихат алаңдарының жұмысын ұйымдастыру – бүгінгі форумның міндеті, - деді.
Алқалы жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Амангелді Айталы «Тіл саясатының әлеуметтік мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Қазіргі өмір сүріп жатқан төрт буынның ішіндегі үміт артып отырғанымыз – жастар. Тіл саясатын солар қолға алып түзетпесе, алдыңғы буыннан үміт жоқ», - деп кесіп айтты.
Тіл саясатының бүгінге дейін жүріп өткен жолына жан-жақты сараптама жасады. Тіл туралы бағдарламаның әлі де болса жүйесіздігін сынға алды. «Ұлттық жаңғырудың негізі – тілдік жаңғыру» тақырыбында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы сөз сөйлеп, көпшілікке ой салды.
Парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те орыс тілінің шет тілі ретінде оқылу керектігін, латын қаріпіне еліміздің тұтастығын сақтай отырып, жүйелі түрде көшуіміз керектігін ескертті.
Сонымен қатар қазақ тілінің қазіргі ахуалы мен жаңа әліпбиге көшудің артықшылықтары турасында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, «Амал боокс» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов баяндама жасап, жаңа бастамаға жұртшылықты жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Түстен кейін форум жұмысы секция отырыстарымен жалғасты. «Ғылым, білім және тіл», «Бизнес және тіл», «Заң және тіл», «БАҚ және тіл», «Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы», «Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау» тақырыптарында пікір алаңдарында тақырыптар кеңінен ашлып, нақты мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары ойластырылды. Әрбір секция отырысының жеке қарары қабылданды.
Форум соңында тұңғыш форумның қарары оқылды. Қарарда әрбір құзырлы органға ұсыныстар айтылып, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында әріптестік орнату қажеттігі айтылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі Елбасымыз атап айтқандай, «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек.
Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Осы мүдде әр қазақтың, әр қазақстандықтың мүддесіне айналса екен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.