Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы: Чехов осылай өлген. Шоқан ше...

24.01.2018 2590

Асылбек Байтанұлы: Чехов осылай өлген. Шоқан ше...

Әлемге әйгілі адамдардың әрбір басқан қадамы аңыз десек, артық айтпағандық болар еді. Тіпті олардың көлденең келген апаттан немесе аурудан қайтыс болғаны да кейінгі зерттеушілер мен оның шығармашылығына бас июшілердің назарынан тыс қалған емес.

Әлем әдебиетіндегі ең үздік әңгімешілердің үштіген ойып тұрып орын алатын орыстың әйгілі жазушысы Антон Павлович Чехов туралы да осыны айтуға болады.

1904 жылы 15 шілдеде 54 жасында Германияның Шварцвальд таулы аймағындағы Баденвайлер курортында кенеттен ұстаған жүрек талмасынан қайтыс болды делініп келген әйгілі жазушының өліміне қатысты тың деректер ұсынылып отыр.

Ұлыбританияның Норидж қаласындағы Куодрэм биологиялық ғылымдар институтының зерттеушілері The Times газетіне жариялаған қорытындысында жазушының миына кенеттен қан құйылып қайтыс болғанын анықтағандығын алға тартқан.

Зерттеушілер заманауи зерттеу әдісіне сүйене отырып, драматургтің жолдаған ашық хаттары мен жазбаларынан, ең негізгісі қайтыс болар алдында киген көйлегіндегі қан дағынан сынама алып мұқият сараптау арқылы осындай қорытындыға келген. Жазушының қан құрамында туберкулез микорбактериялары бар екендігін дәлелдейтін протеинге қоса, қан ұйығын туындататын ақуыздық заттарды тапқан. Осы арқылы ғалымдар жазушының тамырлары бітеліп, миына кенет қан құйылғанын анықтап отыр. Сол кезде қасында болған әйелі Ольги Книппер-Чехованың айтуынша жазушы бір бокал шампанға тапсырыс беріп, көптен бері шампан шарабын ішпегендігі туралы күлімсірей, жайма-шуақ сөйлеп тұрған. Сәлден соң төсегіне барып, сол жақ қырына қисая беріп, бірер минуттан соң қайтыс болған екен.

Туберкулез көптен меңдетіп жүргенімен, осылайша кенеттен өмірден өтуіне себеп бола алмайтындықтан, жазушының жүрек талмасы ұстаған болар деген чеховтанушылардың болжамы осылайша түбегейлі теріске шығып отыр.

Міне, дамыған заманауи ғылым кешегі күннің дүдәмал сұрақтарына жауап табуда. Тарихи дәуір тұрығысында кеше ғана өмірден өткен Чехов түгіл, ондаған ғасыр бұрынғы Тутанхамон перғауынға қатысты да талай түйіннің шешуін ғылыми медицина алақанға қойып беріп жатқандығы – шынымен жетістік емес пе! Кешікпей Кунсткамерада немесе айдалада жатқан бас сүйекке әлдебір заманауи құрылғыларды қосып, әлгі бастың тірілігінде бастан өткерген өмірін теледидар экранындағыдай көз алдыдан өткізетін күн де алыс емес сияқты. Әлгі қазақ аңызындағы: «Е, сенің арғымақтың басы екеніңді кім білсін? Менің Толыбай сынышының баласы екенімді кім білсін?», – деп зарлайтын бала да бекер емес екен ау...

Туберкулез демекші, Шоқан Уәлиханов та туберкулез меңдеп, қайын атасы Тезек төренің аулында өмірден өткен-міс. Туберулезбен ауырып жүрген адам Шымкент жорығына соңына дейін қатысудан бас тартқан соң туған жеріне неге кетпеді? Сонау Петербордың өзінен талайлар келіп саумал ауа, сары қымызынан шипа тауып кетіп жататын Саумалкөл-Сырымбетіне емес, Алатау басып Алтынемелге неге сапар шекті? Өкпе ауру меңдеткен жігіт күрлкідеген күйімен қайын жұртқа кетуші ме еді? Сұрақ көп...

Қазіргі ғылым бұл сұрақтардың жауабын оп-оңай-ақ тауып беруге әзір. Оған дәлел – Чехов өлімінің сыры. Қазақтың тұңғыш кәсіби ғалымы, ұлтымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың жарық дүниеден татар дәмі шынымен де туберкулезден болып таусылды ма?

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар