Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асқар Сүлейменов: Есектің бағы – жылқымен аталасты...

03.08.2016 5252

Асқар Сүлейменов: Есектің бағы – жылқымен аталастығы

Асқар Сүлейменов: Есектің бағы – жылқымен аталастығы  - adebiportal.kz

                             

А.Сүлейменов.tif (1).jpg

  СЫРТ СҰХБАТ

 



Жазушы Асқар Сүлейменов  «Мен Абай шалмен күнде тілдесем, келіспей қалатын кездерім де аз емес» деген екен. Арагідік кітап басында кемеңгер жазушының өзімен кездесіп, көкейде жүрген бірлі-жарым сауалымызды жолдаған едік. Әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған тұщымды жауаптарды оқырманға ұсынуды жөн санадық.


- «Абай ескірмейді» деп айтқаныңызды білем. Орыстарда Чадаев көнерген емес. Екеуі де өз ұлтының мінезін өзекті тақырып еткен. Осы орайда оқымысты Шоқанның «қазақ харекетінің негізгі қозғаушы күші атаққұмарлық» деген пікірі тағы бар. Король Людвиктің мақамына салып, қазақты «Мен» деп қарасам, менің мінезіме қандай баға берер едіңіз? 


А.С: – Бүкіл қазақтың буын құрты менмендік. Қазақпен бір туған дерт те сол екен: жылдар, кезеңдер, ықылым-замандар өткенмен, ыдырамаған – тұтасқан, бұқпаған – бой түзеген, жұқармаған-шорланған, бекінген, беркінген дерт. Түбіне жетер ауру-сырқатты қасиет көрген адам қайсы? Қасиет қана көрсе бір сәрі; ауру-сырқатты,  дертті жаңағы, ажал ауылының түлегін киесіне балаған ел көрдің бе? Қойшысы жылқышысын тарпитын, сиыры айғырын сүзетін, қарғасы қаршығасына түсетін, жұлдызы айын, айы күнін, көлеңкесі иесін талайтын күн көрдің бе? Кейін, кейін, күндердің күнінде, керауыз жұт ұрғанда кешегі әкеңнің, бүгінгі өзіңнің көктегі Темірқазыққа бұғалық салам деп аспандап қарағаның апанға түсіреді. Жұлдыз санардай боп ақшаңдап, қақшаңдап шапқан аттың түбіне ін жетпек.


- Жылқы жануарды қазаққа балама ретінде көп қолданасыз. «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, Мен жылқыдан жаралғанмын» дегеніңіз есімде. Атқа деген құмарлық қазақтың болмысында біте қайнасқан ұғым ғой. Ойда жүрген сақ сауал, саф сұрақ көкейге маза бермейді. Ақан сері деген кезде неліктен қазақ баласының санасына алдымен оның классикалық әндері емес, Құлагер ойға оралады?


А.С: – Қанша қисынға сал, тірінің демі болғанмен, әннің тірлігі дауылы. Әннің өлімі – өлім, аттың өлімі – қаза; әннің өлімі судың буынғаны ғана, аттың қазасы қанның суынғаны; қан, ол – дем, дем, ол – тірлік, ән – өлі, ат – тірі дерлігі де осыдан. Аттың өзі ән, ән атаулының әкесі. Жанарсыз ән – мың, ал жанарына төрт құбыла жалғанды түгел жимаған тұяқ қайсы? Жалғанның жалғандығын жылқының жанарынан асырып көрсетер айна қане?


- Қазақ поэзиясының падишалары өздерін тау мінез, түз болмысқа тәрбиелеп, бірнеше ағым ауысса да ақау табылмайтын шырақ қалдырды. Сол сәуленің соңынан ере білген Шығыс жұлдыздарының бірі Мағжан дер едім. «Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар» деген теңеуді өзіне теліп ақын нені меңзегісі келді? 


А.С: Мысалы, желде салмақ бар ма?


- Жоқ.


А.С: – Ал жоқ болсын. Желде салмақ жоқ-ақ болсын. Уыста тұрмайтын, безбенге түспейтін нәрседе қаңғып жүрген қай салмақ? Желде бірақ екпін бар. Көкшенің көп көкала шатқалынан, қалың құнар қыртысынан, әсіресе, қара күзде ішін тартып ап торығып жортар желде, жер жастанып жапырылған қамыс құрақ өз алдына, балтаның өзіне бағжиып қарар еменнің өзін енесіне таныстырар қайрат бар. Желде қайрат бар, ал қайрат – салмақ, ал салмақ қозғайды. Бүктіреді, бұқтырады. Жел – тұнып тұрған салмақ, ал оның түс пен бояуға белшеден екенін айтпай-ақ қояйын.


- Қозғалыс жетілудің, жегілудің төркіні дегенді меңзегіңіз келеді ғой. Көзге көрінбей қарқ қылатын ондай мінезге кез-келген қоғам зәру шығар. Ал, жиырмадан жаңа асқан жас Сұлтанмахмуд неге өзгелер сияқты жымыңдаған жұлдыз емес, аялаған ай емес, қазақтың төбесінде күн болуды көкседі? 


А.С: – Күн шығады, ай неге туады? Ай толады, ал күнде неге, қысы-жазы, зар қалпы, саз қалпынан ауытқу жоқ? Нағашылы-жиендей бір нұр, бір шұғыланың кереғар тірлік кешкені неткені? Керіспегенмен, тебіспегенмен, бір белдеудегі екі айғырдай, құлақтарын қатар-қабат жымитқаны неткені? Есектің бағы – жылқымен аталастығы, жылқының соры – есекпен аталастығы.


- Бұл сабақтастық бүгінгі өнерге де кесірін тигізіп жатқаны анық. Қазір жарқырамайтын «жұлдыздардың» көбейген шағы. Осы теңеудің төркіні арқылы індетсек, қаптаған қалың жұлдыз түннің жүгін арқалап күнді бүркемелеп тұрған жоқ па? Адам тағдырын тамағына сыйдыратын әнші қандай болу керек?

 

А.С: – Көзі төбесінен біткен бақ сияқты, дауыс та мыңның біріне ғана қонбақ; дауыс болғанда, әйтеуір дауыс өзгенің үздігін үзілдіріп айтар дауыс емес, өзі шығарып, өзі шырқар дауыс – Біржандағыдай дауыс. Дауыс ол да бір жылқы. Көртақымның жетегіндегі жүйріктен не пайда, не сес? Сұлыны бұқтырып беріп, ақ сөкті, мәйек пен кілегейге қарып ап асата алмаған соң, тұяқтың тәніндегі бұлшықты буып, тынысты бітер зіл тұзды – қамау терді, қабаттап алып ағызып жібере алмаған соң ол жүйріктен, ол жүйріктің иесінен не қайран? Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір, ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір, нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту бір пара; өзбек Науидағы асықтың ғашыққа айтар бір қайырымы: «сенің жаның менің жаным бір жан емес пе?», ән мен әнші ғана емес, әнші мен ел де сол қос ынтықтай бір жан-құрбан болмаққа керек.


- Ән адамнің ішкі иірімін тебірентіп қана қоймай, ақылға үгіттеуі керек дегеніңіз бе? 


А.С: – Мұртын тістемелеп отырып ащы ішектей созатын ән, ол дәріс пе екен? Ақыл әнге апармайды, ән ақылға апарады. Жанның дірілін, жаурағанын, тасығанын – иек артқанмен, сөзді арқаланбай-ақ – қалтқысыз жеткізетін ән. Ән кезегі – сөз таусылғанда. Ақыл-дәріс ми мен санаға ұрса, ән-әуен жүректі бауыздайды. Жүрегі бауыздалмаған мал харам...


 

                                    Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар