Қазақстан Республикасы - өзге ешбір мемлекетке ұқсамайтын, өзіндік қалыптасу тарихы, тағдыры бар, біртұтас жас мемлекет. Қазақтың кең байтақ даласы – тағдыр тоғыстырған сан түрлі ұлттардың құтты мекені. Яғни, тәуелсіз Қазақстан – көпұлтты мемлекет ретінде әлемге танылып отыр. Сондықтан да ҚР Конституциясының: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып...», - деп басталу негізі де осында жатыр. Сингапурдың тұңғыш президенті Ли Куан Ю: «Біз – біртұтас ұлт, біртұтас халықпыз. Елімізде әртүрлі ұлттардың және әртүрлі тілдердің болуы – біздің кемшілігіміз емес, артықшылығымыз», - деген ұстанымды басшылыққа алып сингапур халқын бүгінгі бақуатты өмірге алып шыққан екен. Біздің мемлекетіміздің де бағыты осы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық зайырлы мемлекеттегі барша халықтың бостандығы мен теңдігінің кепілі. Бұл кепілдік ҚР Конституциясының 14-бабымен айқындалған: «1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды».
«Ұлтаралық келісім мен бірліктің алтын бесігі» атанған Қазақстанда татулық пен тыныштықты бұзуға деген кез келген әрекетке жол жоқ. Ата Заңның 39-бабының екінші тармағында бұл туралы: «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», - делінген.
Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен бірлікті одан әрі нығайту, жалпыұлттық идеяларды жүзеге асыруға жұмылдыру мақсатындағы консультативті-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын.
ҚР Конституциясының 44-бабының 20-тармағында: «Қазақстан Республикасының Президенті: Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады», - деп көрсетілген және Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі 2008 жылғы 20 қазандағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңы арқылы үйлестіріледі. Заңның түсіндірмелік кіріспесінде былай делінген: «Осы Заң қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты, "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін, оны қалыптастыру және жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды». Яғни, Ата Заңда көрсетілгеніндей, ҚХА – ҚР Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме болып табылады.
ҚХА құру жөніндегі алғашқы идеяны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы тәуелсіздіктің алғашқы жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында көтерген болатын. Нақты бастауын 1995 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру» туралы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығынан алады. Аталған 23 жыл мерзімінде ҚХА өсу жолынан өтті. Қазақ халқының топтастырушы рөлін негізге ала отырып, қазақстандық патриотизмді және қазақстандық азаматтық біртектілікті, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруды жүзеге асыруды мақсат ететін ҚХА-ның жүріп өткен жолы да жалпы халықтың көз алдында.
«ҚХА туралы» ҚР Заңында көрсетілгеніндей, Ассамблея қызметі мынадай қағидаттарға негізделген:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығына;
2) халық пен мемлекет мүдделерінің басымдылығына;
3) нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге деген қатынасына, нанымдарына немесе кез келген өзге де жағдайларына қарамастан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне;
4) Ассамблея мүшелерінің тең құқылығы және оның құрамындағы қызметі үшін дербес жауапкершілігіне;
5) жариялылыққа.
Әлемде Армения, Жапония, КХДР қатарлы моноұлтты мемлекеттер әлемде некен-саяқ десек, көпұлттылық және осыған байланысты туындауы мүмкін жағдайлардың алдын алу, ұлтаралық қатынастарды дамытудағы түйткілді мәселелерді шешу – қай қашанда күн тәртібінде. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның «Халықтар Ассамблеясы» бірегей жобасы бүгінгі күні әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отыр.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.