Кеш. Сағат тілі тура 18:30-ды соққан. Редакцияның күнделікті күйбеңімен уақыт өлтіріп, үйге қайтуға жинала берген шақ. Бақсам, кабинетте ағам екеуміз ғана қалыппыз. Біздің алтыншы қабаттағы терезеден қала да беймаза көрінеді. Есінеп тұрып бір керілдім де, жүн жейдемді қолыма қыстырып, ағама шығайық деп ымдадым. Ол кісі:
- Темекің бар ма?-деді.
- Бар, бар, - деп темекі қарасам, екі-ақ түйір шылым қалыпты. Лифтіге міндік те, төмен құлдилай жөнелдік. Ағам екеуміз әр жолы лифтіге мінген сайын тозаққа құлап кетердей күй кешемін. (Жақында Пер Лагерквистің «Лифт тозаққа түскен болатын» әңгімесін оқыған едім. Сол әңгіменің әсерінен әлі арыла алмай жүрген жайым бар).
Ғимараттың алдына шығып, шылымымызды тұтаттық. Көшеде ары-бері сабылған адам. Кептеліскен көліктердің сигналы да ішкі тыныштығымды сүйкімсіз бұзады. Кешегі кездескен қыздың тәкаппарлығы мен биік талғамы, шектен тыс пысықтығы мен сұлулығы, жеңілтектігі мені көңілсіз еткені сондай, шылымымды құшырлана сордым. Қала кешіндегі көңілді думанға еліте алмай тұрғаным да қандай өкінішті...
Кенет аялдамаға бет ала бере ағамнан:
- Режиссер Бернард Роуз түсірген италиялық сазгер Никола Паганинидің өмір тарихы баяндалатын «Пагинини: Скрипач дьявола» фильмінің соңғы сахнасы әсерлі шыққан екен. Басты рөлді Дэвид Гаррет те жақсы сомдапты. Жанын ібіліске сатқан сазгер жайлы кинотуындыны көріп пе едіңіз?-деп сұрадым. Ағам:
- Иә, көрдім. Бірақ ібіліске жанын сатпай-ақ, Паганинидің деңгейінде өнер жасай алған тұлғалар бар ғой,-деді.
Ой ойды қозғайды. Содан «ібіліске жан сату» тақырыбы қызық көрініп, шет-шегі жоқ қиялымда сансыз сауал маздай түсті. Ең ауыры, көкейдегі әлде бір сауалға жауап тапқанда, алдыңыздан он сауал күтіп тұрады. Он сауалыңыздың жауабы тағы жиырма сұраққа жүк. Әрі қарайғы сауалдардың салмағы да ауыр тартпақ. Ағам өз автобусына мініп, кете барды. Ал мен ойларыммен оңаша қалдым.
Ібіліске жан сату деген не өзі? Миф пен көне аңыз-әпсаналарға негізделген идея ма? Бүтін мұсылман қауымының қасиетті кітабы Құран-шәріпте барша ілім-ғылымның тілін меңгерген ібіліс Құдайдан ақыретке дейін адами-зат қауымын азғырып, жолдан тайдыруға уақыт сұрамаушы ма еді?.. Жо-жоқ. Жан емес, бұл – Құдайдың кеудемізге үрлеп салған демін, киелі рухын сату. Кемеңгер Абайдың:
«Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?» дегені немесе Абай көзқарасының аясын одан әрі кеңейткен Шәкерім қажының: «Рух – дінсіз таза ақыл, Мінсіздің ісі шын мақұл, Айуандағы ақыл ол емес, Аз ғана сөзім – аз тақыл, Нәпсі дер рухсыз жандарды, Мейлі адам, мейлі аңдарды, Үстіртін қарап ұқпайды, Қай молда мұны аңғарды, Мәнісін білмей шатасқан?» деген өлең жолдары осы ойыма тамыздық болғандай.
Христиан, иудаизм, ислам діндеріндегі таным-түсінік, наным-сенім, періште мен ібіліс, жұмақ пен тамұқ ұғымдарына терең үңілсек, түбі, ділі бір екенін аңғарамыз. Еуропа және әр текті славян халықтарына ортақ демонологиялық жүйеде кейіпкерлер екі түр мен категорияға бөлінеді»,-дейді филология ғылымдарының докторы Людмила Виноградова. Біріншісіне табиғи болмысынан тыс қабілеттерге ие (сиқыршы, бақсы-балгер, мыстан) адамдар, екіншісіне – мифтік кейіпкерлер, яки рухтар мен жын-перілер әлемі жатады. Бірінші топқа жататын адамдардың демонологизацияға ұшырау процесі сыртқы күшпен байланыс әрекетінен, мәселен, табиғаттан тыс білім мен көрік, сиқыр мен күш, зеректік пен зейін ібіліспен келісімге келу әсерінен пайда болатынын айтады.
Философияда диалектиканың үш заңдылығы қарастырылған делік:
1) қарама-қарсылықтың өзара бірлігі мен күрес заңы;
2) терістеуді терістеу заңы;
3) сандық және сапалық өзгерістердің өзара ауысу заңы.
Осындағы қарама-қарсылықтың өзара бірлігі мен күресі – ішкі қарама-қайшылығымыздың сипаты. Әлімсақтан бері ми-жүрек, өне бойымызда шарпысқан иман мен нәпсінің, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, мейірім мен зұлымдықтың, Құдай мен ібіліс ісінің айқасы. Қызығы сол, шайқас қанша ұзаққа созылса да, өзара бірлікте күн кешеді. Онсыз дүние тұл. Мәнсіз.
Мәселен, неміс философы, ақын Иоганн Вольфганг Гетенің шығармасындағы Фауст образын алайық. Фауст бірнеше ғылымды игеріп, адамзат қауымы дүниенің құпиясына жете алмайтынын ұғынып, Мефистофельге жанын сатпаушы ма еді? Біз жоғарыда сөз еткен италиялық Никола Паганини де, әйгілі веналық сазгер Вольфганг Моцарт да өлмеу үшін өз жандарын сатқан. Кейбір аңыздарда Моцарттың өліміне Сальериді кінәлайды. Себебі Сальери Моцарттан Архимедтің құпия, сиқырлы цифрларына симфония жазуын сұрайды. Ал бұл тапсырысында музыка өнеріндегі жеті нотадан бөлек, тағы бес нота жасырулы болған. Он екі нотадан шыққан шерлі симфония өз шегіне жеткенде Моцарт тағдырының пернесі үзілген екен. Екінші дүниежүзілік соғыстың себепкері Адольф Гитлер ше? Оның «Менің күресім» атты кітабы да ібіліспен мәміледен кейін жазылғанын бір атеист досымнан естіген едім.
Таласбек Әсемқұловтың «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты төрт бөлімнен тұратын мақалалар сериясында Асқар Сүлейменовпен екеуара әңгіме-естеліктері баяндалады. Сұхбаттардың бірінде ағылшын жазушысы Мэри Шэллидің «Франкейнштейн немесе қазіргі Промотей» атты романы турасындағы көзқарастар талқыланады. Романдағы басты кейіпкер швейцариялық ғалымның қолымен жасанды алып адамды жасап шығарады. Әйткенмен жаратылған жасанды адам қоғамнан өз орнын таба алмай, түбі ғалымның өзіне қарсы шығады. Сұхбат барысында Асқар Сүлейменов: «Бұл роман – Інжілдің кіші сюжеті», - дейді. Інжілде Құдай Адам ата мен Хауа ананы жаратып, өсіп-өнген зәузатын басқара алмай, амалсыз топан су қаптатқаны жазылған екен. Бұған он үш мың жыл бұрынғы Нұқ пайғамбардың дәуірі дәлел. Бұл бір емес. Классикалық әлем әдебиетіндегі Інжіл сюжетінің идеясына құрылған романдар жетерлік.
Әр халықтың ǝдебиетінде бұрыннан ᴋеле жатқан, бір ǝдебиеттен екінші ǝдебиетке, дәуірден дәуірге ᴋөшіп жүрген ᴄюжетті ᴄарындар бар. Мәселен, Латын Америка әдебиетінде магиялық реализм жанрының көрнекті өкілі Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы да тура Інжіл сюжетіне құрылуы бек мүмкін. Және бұл ойымды дәлелдеуге академиялық зерттеудің қажеті шамалы шығар?.. Роман-хамсадағы Хосе Аркадио Буэндиа – Адам атаның, оның зайыбы Урсула – Хауа анамыздың прототипі, меніңше. Олар көшіп келетін Макондо шаһары – Жер шары. Ұрпағы – адамзат. Торай құйымшақты сәбилердің дүниеге келуі – түбі бір азғындыққа ұшырайтындай кеп. Заманның ақыры болары, адамның азары, ғаламның тозары қасиетті төрт кітапта да (Зәбүр, Інжіл, Тәурат, Құранда) ескертілген ғой.
Нағыз америкалық төріңді бәтеңкесімен малшылап отыра береді. Мұнысын ерсі көрмейді. Мұны олардың «қашты-қудыны» көп көрген ата салты дейік. Жә-ә, бұл – пенде үйінің төрі ғой. О дүниелік ұжмақтың төрінде бір адам кебісімен қалып кеткен. Ол – Ыдырыс пайғамбар. Әңгіме аяқ киім жайлы болған екен, қазақтың наным-сенімінде етік босағада қалуға тиіс. Табаны кір-былғаныш бәтеңкемен төрге озуға болмайтыны тәрізді, пенделік сана «ең төменгі сана» деп қабылданады бізде. Әрі-беріден соң ұлтымыздың өз құндылықтары мен діни шариғатқа деген сенімі өте берік. Құдайдың ісіне араласа бермейді. Пенделік санаңмен жаратқанның ісіне араласу – дәстүрге жат қылық. Лас қолыңмен әппақ мамықты ұстап, саусағыңның баттасқан кірін мамыққа жұқтырғандай нәрсе. Түсініп отырған шығарсыз? Мен, мәселен, қазір ел жақтағы бір таныс, діндар ақсақалдан «ібіліске жан сату» жайын телефон соғып сұрай қалсам, экранның арғы жағынан білегін түк басқан, тарамыс саусақты бір қол атып шығып, алқымымнан ала түсетіндей.
Мен бұрын екі шығарманы оқып, ғажап әсерленіп едім. Оның бірі Оноро де Бальзактың «Шегірен былғарысы», екіншісі – Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» романы. Сыртқы формасы, ішкі сюжеттік құрылымы, эпизодтардың шебер қиысуы, кейіпкерлердің тағдыр-талайы екі бөлек демесеңіз, екі автор да бір идеяны шебер суреттей білген. Ол идея – Адам жанының ібіліске сатылуы. Университеттің төртінші курсында оқып жүрген шағым-ау деймін. Қызығушылығым оянып, режиссер Оливер Паркердің «Дориан Грейдің портреті» фильмін құмарта құнығып төрт-бес рет қарап шықтым. Сұлулықпен ауырғаным сондай, тіпті өлең де жаздым. Ол жырымды талай думанды кабактарда екі қолымды сермеп-сермеп оқушы едім. «Сүгір кеудемді жыр керген сәтте, сүрмелі қасын бір керген, талай қыздар да сүзіле қарап, сүйсінді білем» (Есенғали Раушанов). Ол өлеңім былайша өрілуші еді:
Эx, Дориан!
Күлкісінен кептерлер үркіп қашқан,
Жамалынан мейірім әтірі аңқып.
Сұлулықтың сиқырын пір тұтпастан –
Дәуір көші келеді ақылы артық.
Екі қолың жуылған таң шығына,
Кәкір-шүкір дүниені мансұқ еткен,
Кәкір-шүкір дүниенің қаншығына,
Зұлымдықтың қанжарын шаншып өткен.
Сұлулықтың қанжарын шаншып өткен!
Қаншық иттің құйрығы бұраңдағыш,
Бұраңдағыш әрі олар - сыр арбағыш.
Сен өлгенде жылайды бүкіл әйел,
Жылай-жылай сарқылып жылауға күш.
Эx, Дориан!
Сұлулық Тәңірісі...
Тек сен емес, жеңілген ар сотынан,
Тек сен емес, жеңілген жан сотынан!
Жұлдыз жасын сығады, түн егіле,
Баянсыздау сілеме тағдырыңды.
Шаң тұныпты, тәкаппар гүл өңіңе –
Мөлдір шық шайып өтті, шаң ғұмырды.
Эxx, Дориан!
Сұлулық Тәңірісі...
Шығармадағы Дориан Грей есімді жігіттің сұлулығына сұқтанған суретші Бэзил Холуорд оның портретін кескіндеуге рұқсат сұрайды. Дориан да келісімін береді. Бозбала Дорианның көмекшісі лорд Генри оны жеңіл жүрісті қыздарға апарып, көкнәр шегуге үйретеді, шарап ішкізеді, құнды да қымбат қағидаларын қиратып, нәпсісін «ширатады». Әкесінен мұраға қалған мол дәулетті оңды-солды шашқан Дориан да есіл дүниенің есебі жоқтай ессіз күйге түседі. Өзі қартаймайды. Портреттегі бейне іріп-шіри береді. Ол – ластанған арының кеспірі. Сүйтсем, дәл осы роман да дін идеясының көшірмесі ме деп айран-асыр қалдым. Суретші Бэзил Холуорд – Құдайдың, лорд Генри – ібілістің, Дориан Грей – бейкүнә адам жанының көшірме кейіпкерлері десем, нанасыз ба?
Хош. Қымбатты оқырман, ғафу өтінемін. Сіз осынау шатпақ-шимайдан қандай да бір керемет қорытынды, түйін күтсеңіз, қателестіңіз. Соңғы күндері мені ібіліске жан сату деген «тылсым» қатты толғандырып жүр. Айналып келгенде әңгіме ерікке тірелді. Ерікті тізгіндей алсаңыз, жаныңыз тыныштық табар. Ішкі гармония сақталар. Ал игере алмасаңыз – қауіп. Немесе әрбір жасаған қателігіңіз үшін өзіңізді болмашы себептермен ақтап аласыз. Себебіңіз өзіңізді ақтай алса, әлбетте. Абай: «Адам әуелі толық сезімді болып туылу керек», - дейді. Одан кейінгісі ата-анаңызға, дос-жаран, өскен ортаңызға, ұстазыңызға байланысты. Акутагава Рюнэске де өз болмысындағы жақсы-жаман әдеттердің үштен бірін ата-анасынан, екіншісін – жақын достарынан, үшіншісін – өзін қоршаған ортадан алғанын айтады. Менің де айтқым келгені, ерік-жігерді билеу ісі бала күні құйылған сана-салиқаңыздың іргетасына қатысты. Бәлкім, сіз күніге жан сатумен айналысасыз. Құдайға я ібіліске. Ерік өзіңізде.. Һәкім Абай бір сөзінде: «Азғыр-азғыр, ол да өзіңдей ит болсын» деуші ме еді?..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.