Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Бабалар тағылымы...

30.11.2023 696

Бабалар тағылымы 14+

Бабалар тағылымы - adebiportal.kz

Абақ көші Алтайдың батыс күн бетіне ілінген кезеңі іргелес екі империяның да отарлық саясатының, ірге кеңейту іс-қимылдарының белсенді кезеңінің басталуына сәйкес келді. Бүгінгі қазақ тарихының құрамдас бір бөлігі саналатын аталған тайпалық бірлестіктің өзіндік тарихы әне сол түстан бастап ұлт тарихынан айрықша бағытта өрби бастады. Бұған өзіндік салдары терең тарихи оқиғалардың себебі болғаны баршаға мәлім. Абылай хан өз тұсында хандықтың ішкі саяси жағдайын орнықтылыққа алып келуге бар күшін салды. Алайда, Абылай хан көз жұмғаннан кейін (1781) хандық бірден әлсіреді. Орталық биліктің қожырауы, ру-тайпалардың жан-жаққа тарта бастауы, екі империяның отарлық қадамдарының барған сайын қарқын алып, Қазақ даласын қос бүйірден қыса түсуі де түптің түбінде отарлануға алып келді. 

Абылай ханның билік дәуірінде қазақ құрамындағы абақ керей тайпасы негізінен Ер Жәнібек батырдың билік ықпалында ордамен саяси-әкімшілік байланысты берік сақтап тұрды. Алайда, Абылай хан көз жұмғаннан кейін хандық ішіндегі саяси жағдай мүлде өзгерді. 1780 жылдардың орта шенінде Абақ керейлер Әбілпейіз сұлтан баласы Көгедайды өзіне төре етіп алдырып, өзінің ішкі әкімшілік басқару жүйесін бекемдеуге мәжбүр болды.  Абақ Керейдің Көгедайды өзіне төре етіп алдыру себебін, сол кездегі тарихи жағдайларды сараптай отырып бағамдауға болады. Бұл тұста ат басын Алтайға бұрған Абақ көші Қалба, Маңырақ тауларына, бір шеті Зайсаң маңына дейін жетіп, осы өңірде бір мезгіл байырқалап тұрған. Ал, жаз жайлауында Сауыр жоталарына, Ертісті бойлап Үліңгір сағасына дейін жетіп жайлап жүрді. Осы кезде арғын мен найманның қанаттас рулары және Сауыр жақтағы торғауыттармен өріс-қонысқа қатысты ұдайы қайшылықтар орын алған. Бұл жағдай абақ керей одағына өз мүдделерін қорғау үшін қазақ ішіндегі ықпалды ақсүйек әулеттен төре алдыруға итермеледі. Әбілпейіз балаларынан төре алдыру – абақ керей елбасыларының Көкпектідегі үлкен жиынында  талқыланған екен.

Көгедайдан бұрын абақ керей ішінде Әділ төренің болғаны белгілі. Ал, Әбілпейіз сұлтанның (кей деректерде хан деп аталады, Найман ішінде қаракерейдің билеушісі болған) балалары арасында Көгедай таңдалды. Себебі, бұның алдында сұлтанның Ханқожа, Жолшы, Ағадай, Ақтай қатарлы ұлдары да болған, олар өзге ру-тайпалардың төресі ретінде таңдалып қойылған. Әбілмәмбет хан баласы Әбілпейіздің қырғыздан алған ханымы Тұмар ханымнан туған Көгедайға абақ керей рубасыларының да қалауы түсіп, сәйкесінше ел ішіне төре ретінде алынды. Көгедай ғана емес, анасы Тұмар ханыммен бірге, туған бауырлары Сәмен мен Жабағыда ордасымен Абақ Керей ішіне көшіріліп алынды. Осы тарихи әрі саяси қадам абақ керейдің өзіндік рулық билік жүйесінің бекемделіп, дамуына жол ашты. Абақ жұртына төре билігі ретінде араласқан Көгедай әулеті 1780 жылдардан тартып, өткен ғасырдың орта шеніне дейін сол елдің ең жоғары билік әулеті ретінде сақталып тұрды. Көгедай мұрагерлері Ажы, Қасымхан, Жеңісхан гүңдер мен Әлен уаңға дейін 161 жыл тұрақты билік сақталды. 

 «Гүң» мәртебесі – қытайдың ерте дәуірлердегі патшалықтарында болған мансап атының бірі. Миң патшалығы дәуірінде  бұндай мәртебе тек патша әулеттеріне ғана берілді. Ал, Мән-Чиң (Цинь) кезінде оны өзінің патша әулеттерімен қоса өзіне тәуелді немесе тікелей байланыс орнатқан іргелес елдердің билеуші әулеттеріне беріп отырды. Әсіресе, өз территориясының батысы мен солтүстік-батысындағы қазақ, моңғол, тибет, ұйғыр секілді халықтардың билеушілерінде болды. Қазақ ішінде Цинь патшалығынан «гүң» мәртебесін алған билеуші тек Көгедай ғана емес, нақты деректерге сай, Абылай ханның төрт ұлы осындай шен атағын алған. Айталық, үшінші ұлы Әділ төре 1773 жылы, сегізінші ұлы Сыдық 1780 жылы, тоғызыншы ұлы Сақай 1782 жылы және 1787 жылы Қасым төре де алған екен. «Гүң» сөзін әулде қазақтар «Күнде» деп алған, зерттеуші-ғалым Зардыхан Қинаятұлы өзінің «Жылаған жылдар шежіресінде» де бұл шен атауын қазақшалап, «күнде» деп береді. Өзге тарихшылар еңбектерінде «гүнтің» деген баламалары да бар. 

Көгедай билігі заманында Абақ Керей өзінің атақоныс Алтайға бағыттаған көш-жорығын жалғастыра отырып, ішкі-сыртқы дау-шарларды төре билігі арқылы реттеп отырды. Ол көз жұмғаннан кейін билік мұрагері болып ұлы Ажы төре отырды. Алайда, Ажы төре заманы салыстырмалы түрде күрделі геосаяси кезең болды да, Абақ Керейдің билік жүйесінде үлкен реформалар жасауға тура келді. Яғни, Ажы тұсында көпке белгілі «Төр би-төре» билік жүйесі қалыптасты. Бұл шын мәнісінде төре әулетінің билігін рулардан сайланған төрт биге қарай тармақтаған сол кездегі далалық демократияның бір көрінісі еді. Ол тек бір ғана қыры, тағы бір жағынан алып қарайтын болсақ, тайпалық бірлестік ішіндегі төре әулеті билігінің хан тұқымы емес, жаңа сайланған билермен бөлісілуі сол кездегі қазақ даласындағы үлкен саяси-әкімшілік өзгерістерге де қатысты. Олай дейтініміз, сол заманда  партшалық Ресейге қарасты қазақ жерлерінде Шыңғыс тұқымды төре билігі жойылып, оның орнына патшалық үкімет жағынан бекітілген жаңа әкімшілік билік түзімі қалыптасты.  Осы жағдай патшалық Ресейге бағынышты болмаса да, абақ керейдің өз ішіндегі билік жүйесі өзгерісіне де белгілі деңгейде әсер еткен болуы да мүмкін

Міне, осыдан кейін абақ керейдегі дәстүрлі биік жүйесі «Төрт би-төре» билік жүйесі деп аталды. Көгедай төренің ізін жалғаған төре тұқымдары да, алғашқы сайланған төрт бидің ізбасарлары да билікті мұрагерлік түзімімен атадан балаға жалғап отырды. Айталық, Жәдік руынан сайланған екі бидің бірі Бейсенбі Дөненбайұлының билігін кейін ұлы Оспан (Қара Оспан) алып, одан немерелес мұрагері Түркітан Қасенұлына, одан інісі Кәкен Қасенұлына, Дутоп Кәкенұлына, соңында Ашырап Кәкенұлына дейін жетті. Тағы бір Жәдік биі Құлыбек Жантеліұлының билігі баласы Нашынға, одан Өміртай Нашынұлына, соңында Әбілмәжін Өміртайұлына дейін жалғасты. Жәнтекейдің Базарқұл атасынан сайланған Көкен Мамытұлының билігін баласы Жұртбай би жалғап, одан оның ұлы Мәми Жұртбайұлына, ретінде Қанапия Мәмиұлына, Бұқат Қанапияұлына, Ежен Бұқатұлына дейін жетті. Барқы атасынан сайланған Топан Мамытұлының билігі баласы Бапыға, одан немересі Жақыпқа, шөбересі Оспанға, шөпшегі Қабдашанға дейін мұрагерлікпен беріліп келді.. 

Төрт бидің сайлануы 1836 жылғы Үштас жайлауындағы жиында болса, осыдан кейін жарты ғасырдан аса уақытта билік жүйесінде күрделі өзгерістер де болмады, тек мұрагерлік жолмен әр бидің орнын баласынан таңдалған біреуі басып отырды. Қасымхан гүң билігінің соңғы дәуірінде ғана (1883 жылы) бір төре, төрт би – бес адамдық билік құрылымына тағы екі лауазымды орын, екі амбы қосылды да жеті адамдық билік жүйесіне өзгерді. Бұл сол кездегі Цинь үкіметінің солтүстік-батыс өңірінде жаңа әкімшілік аймақтарды құруы сынды іс-қимылдарға тұс келуі назар аудартады. Осыдан кейін тағы 20 жылға жуық өзгеріссіз сақталған билік құрылымы 1905 жылға келгенде ғана «қара көктасты 10 зәңгі» деген қосылып, рулық билік жүйесі жекелеген ру іштеріне қарай терең тармақталды. Соңғы аталған өзгеріске сай, зәңгілік көбінде түтін саны мың түтіннен асқан немесе соған жуық руларға берілді. 

Цинь билігі кезінде мың түтінге толған рулардың көсеміне тәйжі (Тай жи/ Тай шы) деген лауазымдарды берді. Бұл негізінен Цинь патшалығының соңғы жылдарында болды. Одан бұрын тибет пен моңғолдың хан әулеттеріне берілген мансап аттары болатын, бастабында қазақ ішіндегі ең жоғары билік өкілдеріне беріліп, кейін ру көсемдеріне де берілген. Қытайда билік құрған Цинь және Минго үкіметтернің әр кезеңдегі әкімшілік басқару саясаттарына қарай Абақ Керей рулары мың түтінге толғандарына бір тәйжі (рубасы), 500 түтінге бір үкірдай (үкіртай, мыңбасы), 100 түтінге бір зәңгі жүз басы, 50 түтінге бір залың (ауылнай) мансаптарын беретін әкімшілік басқару жүйесі болды.

Абақ керейдегі «Төрт би-төре» билік жүйесі Көгедай дәуірінен бастап есептегенде 161 жылдай, «Төрт би-төре» заманан бері есептегенде 113 жылдай уақыт дербес өзін-өзі билеу жүйесін сақтап, дәстүрлі билік жүйесін ұстанып отырды. 1911 жылға дейін, яғни Цинь үкіметі құлағанға дейін бұл билік жүйесінің шырқы бұзыла қоймады. Қытай Республикасы кезінде де әкімшілік-құрылымдық өзгерістер орын алғанымен, өз ішінде билік жүйелері басқару механизмін жүзеге асырып тұрды. Тек, сол дәуірдің тарихи жағдайларына байланысты аумалы-төкпелі, ұлт тарихының аса ауыр заманын бастан кешіріп жатты. Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда өңірлерінде ірге тепкен рулар үркін-қорқын күндерге тұс келді. Соңғы ұлт-азаттық қозғалыстарына ұласты. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар