Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Балалық шақтың елесі...

29.06.2023 2748

Балалық шақтың елесі 14+

Балалық шақтың елесі - adebiportal.kz

Бала күнімде ауылда әжемнің қолында өстім. Мен туатын жылы ақын деген дардай атағы бар әкем үйленіп алғанымен, баспанасы болмай, Алматының шетіндегі үйлердің бірінің жертөлесін жалдап «Әубәкір туралы эллегия», «Анар», «Төлеутайдың төрт қызы», «Өліара мезгіл» тағы да басқа шеберлігі жағынан бірінен-бірі асып түсетін өлеңдерін бұрқыратып жазып жатқан шағы екен. Жиі-жиі қонақ шақыра беретіндіктен үй иесіне жақпай пәтерді жиі ауыстыруына тура келетін әкемнің тапқан-таянғаны өз алдына жеке баспана жалдауға жетпейді. Көңіл көк дөнендей болғанымен, қол қысқа. Оның үстіне қолына қарға тышып, тиын-тебен тапса суша шашып жіберіп, ақша ұстай алмайтын мәрт мінезі бар. Университетті бітірмек түгіл, оған әлі түспеген де. Жоғары білімсіз тәртібі темірдей ол заманда айлығы дұрыс, жақсы жұмысқа тұру әсте мүмкін емес.  

Әкемнің жұрт қатарлы оқуға түсіп, оны құрдастарымен бірге бітіріп шығуға лайық білімі де, білігі де бар-тұғын. Бірақ оған кінәлі тағы да өзі. Университетке түсерде емтихан алушылар «Шығарманы өлеңмен жазбаңдар. Өлеңмен жазған балаға бірден екі қоямыз» деп қатаң ескерту жасапты. Олардың мұндай ескерту жасағанына ол қырсығып, мінез көрсетіп шығармасын бастан-аяқ өлеңмен жазып шығыпты. Ол аздай «құласам өлеңнен құлайын!»  деп батитып қолын қойыпты. Бірақ ақынның ол мінезі кімге керек? Емтихан алушылар оны бірден құлатып жіберген. 

Әйткенмен, «айдағаны бес ешкі болғанына» қарамастан әлі бір жыр жинағы шықпаған мінезі тентек сары жігіт алпысыншы жылдары әдебиетке найзағайдай жарқылдап, күндей күркіреп, ақ жауындай төгіліп келген, өзінен бір итжейдені бұрын тоздырған талантты толқынның ішіндегі ең мықтыларын мойындатып үлгеріпті. Ақселеу ағасы «ақынсың» деп арқасынан қағып, өлеңдерін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан») газетіне үзбей жариялап тұрыпты. Тіл байлығынан кенде емес Оралхан мен Қалихан поэзиядағы төгілген тіліне тамсаныпты. Алғырлығын қарасайшы. Анау-мынау емес, өзінен он жас үлкендігі бар Мұқағалидың мықты ақын екенін салғаннан танып, арасынан қыл өтпейтіндей дос болып алыпты. Ол тіпті ащы судан ұрттамаған кезінде мінезі майдай сары інісін үйіне ертіп апарып, таң атқанша қымызға тойдырып, өлеңдерін оқытқызып рахатқа батататын көрінеді. Бір күні ол Мұқағали ағасына он екі жасқа толғанда жүрегінен жыр нөсері болып төгілген «Қарлығаш құс-ау, келдің де тірі келдің бе?» деген тырнақалды туындысын оқып береді. 

    Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі, келдің бе?

    Сағынған дала бусанып қоя берді ғой. 

    Сағынған аспан сен келген күні теңбілдеп,

    Сәулесіменен сары адырларға төнді ғой. 

 

      Сен дағы келдің, көктем де келді қаз-қалпы,

      Біздегі жанар бәрін де көріп үлгерсе. 

      Екеуміз енді қызықтаймыз ғой жаздарды,

      Көз жұмғандар да, көз жұмғандар да бір көрсе.

   

          Көре алмай ма екен, қайғырмай-ақ қой, жасыма,

          Бұл дүние тек тірілердің отаны.

          Сен келеді деп қабірлердің де басына 

          Қайырымды қолдар су тоқтар жасап жатады.

 

           Пендеміз-ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ,

           Сені де кейде үркіткен көздер болып жүр.

           Елемеші оны, қасиетті құсым көз жұмсақ,

           Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр. 

Өлеңін оқып болғанда бергенде толқып кеткен Мұқағали ағасы оны қапсырып құшақтай алып, «Әй сары бала. Поэзияда менің ешкімнің алдында иілмейтінімді білесің ғой. Не болса да сенен қорқам. Сенің тілің күннен күнге шығып келеді, менікі ішінен кіріп барады» деп ерекше тебіреніп, бір кесе қымызды өз қолымен толтырып құйып беріпті. Даланың қымызынан гөрі, сөздің қымызына мас болған сары тентек Мұқағалидың берген бағасынан басы айналып, сол күні түні бойы ұйықтай алмай дөңбекшіп шығады. 

Бірнеше күннен кейін оның өмірінде тағы да бір ертегіге бергісіз ұлы оқиға болады. Ол достарынан әскери міндетін өтеп келген жас жазушы Әбіш Кекілбайдың астанада жүргенін естиді. Ойға толы көздері үнемі күлімдеп тұратын, әр сөзінің астарында қорғасындай ауыр салмақ жататын Әбіштің әңгіме-хикаяларын ол мектепте жүрген кезде оқыған. Содан бері мінезінде бір керемет кеңдік, бүкіл әлемді құшағына сиғызып жібере алатын ойларында даладай дархандық бар көшелі азаматты бір көріп, өз құлағымен әңгімесін бір тыңдауды біраз жылдан бері армандап жүрген-тұғын. Мына жаңалықты ести салысымен, қолтығына бір дәптер өлеңін қыстырып, тай құлындай тебісіп бірге өскен досы Серік Тұрғынбековты қасына ертіп алып, сау етіп үйіне жетіп барады. Дәл осындай беймезгіл уақытта қазақтың екі мықты ақынының өзін іздеп үйіне жетіп келетінін   Әбіш те күтпеген болуы керек. Сасып қалып, үйіндегі бардың бәрін алдарына тосып екі ақынды қонақ қылып күтеді. Түні бойы сыр шертіліп, неше түрлі әңгіме-хикаялар айтылады. Жаныңлы тебірентіп, сезіміңлі майдай ерітіп жіберетін лирикалық жырлар оқылады. Риза болған Әбіш «Ақын екенсіңдер» деп арнайы іздеп келген інілерінің арқаларынан қағып, батасын береді. Сол күннен бастап әкем енді өлгенше осы қаладан кетпеуге өзіне-өзі серт береді. 

                                                 *** 

Мен туған жылы әкемнің ағасы Бақтыбай әскери қызметін өтеп Торғайға келе жатып, жолда Алматыға, үйлі-баранды болған інісіне соғады. Тұрмыс-тіршіліктерінің мәз емес екенін және оның үстіне біреулердің суық жертөлесінде тіршілік етіп жатқандарын көріп «Сендер мына баланы өлтіріп аласыңдар» деп оларды ауылға алып кетеді. Әжем баласы мен келінінің елге аман-есен жеткеніне, немере сүйгеніне жүрегі жарыла жаздап қуанып атымды «Амангелді» қойыпты.

Әкемнің Алматыда тірлігі бар. Азғантай уақыт қана ағайын-туыстарының арасында болып, мені және шешемді ауылға тастап, астанаға кетіп қалады. Шешем бір жыл бойы ауылда қалып, мен емшектен шыққанша сондағы мектепте ұстаздық етті. Әжем де сол кездері, келінінен үш жыл бұрын кенже қызы Кенжегүлді босанған болатын. 

Бір күні шешем жұмысқа кеткенде, тамақ сұрап бақырып жылап жатқан мені қалай жұбатарын білмеген әжем өзінің емшегін менің аузыма тоса қойыпты. Қомағайланып сорып жатқан маған қараған әжемнің емшегі иіп қоя беріп, сүт ағып кетіпті. 

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Сол жылы сиыр бұзаулап, бие де құлындап Құдай біздің шаңырақты бір жарылқап тастады. Қол аяғым ширай бастаған соң әжем біресе уыз, біресе саумал ішкізіп Алланың берген несібесімен мені асырады.

Бір жылдан кейін шешем де Алматыға кетуге қамдана бастады.  Әжем анамның мені әкеткісі келгеніне көнбей қойды.  Дақпырты дардай баласының біреулердің үйінің суық жертөлесінде тұрып жатқанын естіп-білгенде, ол ешкімнің сөзін құлағына ілген жоқ. 

Тірліктің қамымен анам да кетті астанаға.   Мен ауылда, әкемнің ағасы Бақтыбайдың үйінде қалып қойдым. Туыстықтың тамыры үзілмеуі үшін ағайынды адамдардың бір-бірінің баласын бауырына басып алуы, ол жылдары үйреншікті құбылыс еді. 

Біздің әулетіміздің қара шаңырағы ағайын-туыстың бәріне ортақ үй болды. Келіп-кетіп жатқан адамдарда есеп жоқ-тын. Түрлі шаруамен аудан орталығына сау ете қалған алыс-жақын туыстың бәрі де біздің үйге түсетін. Бірнеше күн бойы, кейде, тіпті, апталап жатып алатын. Үйдегілердің ешқайсысы да олардан ауылына қашан қайтатынын сұрамайтын. Қанша күн жатқысы келсе де, патша көңілі білетін.  Көзімді ашқан күннен әжемнің етегіне жармасып өскендіктен, ол да мені туған балаларынан да артық жақсы көрді. Соны білген мен де көлеңкесіндей болып, әжемнің қыр соңынан бір елі қалмайтынмын. Елдегі өлім-жітім, той-томалақтың бәріне де әжеммен бірге еріп барамын. Кейде ауылдың шалдары тілі енді шыға бастаған менің сөздерімді қызық көріп: 

- Кімнің баласысың, - деп сұрайтын. 

- Әжемнің – деп мақтанышпен жауап беретінмін мен ондайда. 

- Әжеңнің аты кім? 

- Мәркүл. 

- Әкеңнің аты кім? 

- Ол соғыста жараланып, қаза тапқан. 

Тістері кетік ауылдың шалдары менің сөзіме мәз-мәйрам болып, қарқылдап күліп алатын. Неге күліп жатқандарына түсінбей, мен олардың жүздеріне аң-таң қалып қарайтынмын. 

Үйіміздің төрінде атамның суреті ілініп тұратын. Ағытай атам қараторы адам болған екен. Кейде адам жоқта төргі бөлмеге кіріп, атамның суретіне ұзақ қарайтынмын. Суреттегі түрінен-ақ оның өмірде қой аузынан шөп алмайтын момын адам болғаны көрініп тұратын.

Үлкен атамыз Мырзабек елге аты шыққан атақты ұста болған екен. Біздің үйде атамыз соққан, көрген адамның көзінің жауын алатын түрлі бұйымдар көп еді. Сондай бұйымдардың бірі Мырзабек атам соққан пышаққа жұрттың бәрі қызығатын. Әжем Мырзабек атамның қолынан шыққан бұйымдардың бәрін де көзінің қарашығындай сақтайтын, қастерлеп ұстайтын. 

Ағытай атам мен әжемнің арасында жиырма жылдай жас айырмашылығы бар. Бойдақ болып ұзақ жүріп алған атамызды туған-туыстары жабылып жүріп, әжемізге үйлендіріпті. Мен кейін өскенде әжеме еркелеп: «Апа, (мен әжемді апа дейтінмін) сіз атамды шын жақсы көрдіңіз бе?» деп сұрайтынмын.  Сонда әжем «Ол заманда біз махаббат-сахаббат дегенді ойламайтынбыз. Аталарымыз қалай айтса, солай болатын» дейтін де, бір кезде осы сөздерді айтып қойғанына қысылғандай болып «Махаббатта не жұмысың бар?  Сабағыңды дұрыстап оқы» деп зекіп тастайтын...

Қойдың кезегіне шыққанда әжемнің айтқан әңгімелерін құмарта тыңдап, кештің қалай түскенін байқамай қалушы едім. Арғы атамыз Жәнібек-Шақшақұлының елге әйгілі батыр болғанын маған жыр қылып айтып беретін. Торғайда қатты ашаршылық болып, халықтың қалай қырылып қалғанын да мен тұңғыш рет әжемнің аузынан естідім.

***

Әжем үлкен атамыз Мырзабек туралы жиі-жиі әңгіме айтатын.  Әулие адам болғанын, совет заманында да қаза қылмай бес уақыт намазын оқығанын сөз қылып, үлкен атамды аузынан тастамайтын, жарықтық. Қоғамда бір үлкен өзгеріс болса «Атам солай айтушы еді. Айтқаны келіп жатыр» деп кез-келген оқиғаға орай ол кісінің көріпкелдігін мысалға келтіріп отыратын. Сол әңгімелердің бірлі-жарымы кейде еміс-еміс есіме түседі. Әжемнің көзі тірісінде айтқан әңгімелерін диктафонға жазып алмағаныма қазір қатты өкінемін. Өйткені әжем тұнып тұрған шежіре болатын.  Жадының мықтылығына таң қалатынмын. Көзімен көрген оқиғалардың болмашы бір сәтін де ұмытпайтын. Тілдің майын тамызып, көркем сөйлейтін. 

Әжемнің айтуынша, Мырзабек атамыз отызыншы жылдары біздің әулетімізді Қазасалғанға көшіріп, ашаршылықтан аман алып қалған. Шығыр жасап, егін егіп, балық аулап, әулетін асыраған.  Мырзабек атамның бойында ерекше қасиет болған екен. Туыс ағайындарымыздың бірінің келіні Дәметкен апамыздың балалары бірінен соң бірі шетінеп кете берген соң, ол кісі үлкен атамыздың көйлегін сұратып алыпты. Кішкентай сәбиін сол көйлекке орап баққаннан кейін ғана Дәметкен апамыздың балаларының шетінеуі тоқтап, бірнеше перзент сүйіпті.           Мырзабек атамыздың белінен туған перзенттері де бірінен соң бірі шетініп кете берген екен.   Аман қалған жалғыз тұяғы –Ағытай ғана.   

Үлкен атам Мырзабектің де, Ағытай атамның да мен көзін көрген жоқпын. Біздің әулетіміздің екі үлкен шалы да мен дүние есігін ашпай тұрғанда өмірден өтіп кетті.  Ағытай атамыз қайтыс болғанда жазған әкемнің бір өлеңі бар: 

Әкем дүние салды,

Артында бір шаңырақ – бір үй қалды.

«Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап,

Көзін жұмбай тіріде кім иланды.

Алтын нарқын кім сезген – «кеш білем» деп,

Ал асылдар ойлай ма «ескірем» деп,

Төсек тартып қалды әкем талай рет,

Ауырғанын ыңырсып естігем жоқ.

Кім әкесін өлімге қия алады,

Тұрды әкемнің қаңырап үй-орманы,

Жемге кеткен қарлығаш қайта оралмай,

Қызылшақа біз қалдық ұядағы.

Біз қозы едік. 

                         Марқаймай кешігеміз,

Қатты қорықтық, тудық деп несіне егіз.

Айналайын заңынан табиғаттың,

Бір түп көде бар екен – несібеміз!

Шөп тасыған таңменен бірге тұрып,

Бір самаурын шай ішіп, бір кекіріп.

Қашарымыз өлгенде қабақ шытпай,

Қамыты сынса колхоздың жүрді өкініп.

Жалап-жеген колхоздан кәні емес ең,

Жалап-жеген қулармен және егес ең.

Қайран әке, мінезің қызық еді, 

Бала емес ең, әрине дана емес ең.

Жалған бітті. 

                     Жарқ етті лағыл – арың,

Жарығыңа зәрумін, жанығамын.

Сағынамын, әке, мен сағынамын,

Әке болып қалыппын, не қыламын?!.

Бала күнімде де әкемнің аталарыма арнап жазған өлеңдері мен әжемнің айтқан әңгімелері арқылы ғана мен ол кісілердің қандай адамдар болғанын қиялыммен болжайтынмын.   Мырзабек атам көздері көк, бойының кішкентайлығына қарамастан қолдары өте қайратты адам болыпты. Қамшымен өгізді бір салып жіберіп, бас сүйегін сындырып жібергенін ауылымыздың ақсақалдары аңыз қылып айтатын. Жалпы ол кісінің әулиелігі, көріпкелдігі, бармағынан бал тамған шеберлігі жайлы хикаяларды әжем бар ынтасымен беріліп суреттейтін. Мен сол ғажайып әңгімелерді түннің бір ортасына дейін діңкем құрып шаршап, көзіме ұйқы тығылғанша әжемнің қойнына жатып алып тыңдай беруден жалықпайтынмын. Үйдегілер «көп нәрсені ойынан қосып алады» деп әжемнің кейбір әңгімелеріне аса сене қоймайтын. Мен ғана әжем айтқан хикаялардың еш қоспасы жоқ шындық екеніне имандай иланатынмын. Тіпті, үлкен атамның өзенді кері айналдырып жібере алатын қасиеті болғанына да шүбә келтірмейтінмін. 

Әжемнің туған анасы Бибігүл мен әлі мектепке де бармаған кезімде дүние салды. Ол жылы біз Торғайдың қақ ортасындағы сырты көк сырмен боялған, зәулім қақпалы үйде тұрдық.  Бибігүл әжем өте кербез кісі болатын. Айнаның алдына барып, ұзын шәшін тарып, ұзақ уақыт сыланып отыратын. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. 

Ол кісі жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде дүниеден өтті. Далада ойнап жүрген едім, үйден зарлап жылаған апамның дауысы естілді. Төргі бөлмеге кіріп барсам, жаңа ғана дүниеден өткен әжемнің басында апам жоқтау айтып отыр.  Мен еш нәрсенің мән-жайысын түсінген жоқпын. Таңертең ғана қасына шақырып алып, көрпесінің астынан құрт алып берген әжемнің жұмылған көздеріне қарап, оны ұйықтап қалған шығар деп ойладым.  Бибігүл әжемнің мәңгі ұйқыға кеткенін білген жоқпын.... 

***

Үйге келіп-кететін кісілердің көп болғанынан ба, білмеймін, тілім ерте шықты. Үш жасқа толмай жатып, апаларым неше түрлі тақпақ жаттатқызып, үйге келген қонақтарға айтып беріп, оларды күлкіге қарық қылатынмын. Бір күні мектепте оқитын сотқар ағаларымның бірі қызық көріп, маған неше түрлі жаман сөздерді үйретті. Баланың жады естігенін жылдам жаттап алады. 

Жаздың ортасы еді. Қарғаның миын қайнатып жіберетін шілденің ыстығы. Көшеде ойын қуып жүрген бала да жоқ. Ыстық құм табаныңды шоқтай күйдіріп жібереді. Ақшығанақ ауылынан ат арылтып келген көкелеріммен бірге, төргі бөлмеде ұзыннан жайылған дастарханның төменгі жағында, әжемнің тізесіне сүйеніп шәйді сораптап ішіп отырмын. Маңдайымнан сорғалап аққан терімді қайта-қайта әжем көйлегінің етегімен сүртіп қояды. Көкелерім әңгімені соғып, шәйға әбден қанып алған соң, тілім енді шыға бастаған мені ермек көріп, сөйлете бастады. «Өлең айтшы, мына алманы беремін» деді бір кезде. Бағанадан бері қолымды қанша созсам да жете алмай отырған ұлы арманым көздің жауын алатын – осы қып-қызыл алма еді. Тартынған жоқпын, күні кеше немере ағам жаттатқан тақпағымды заулата жөнелдім: 

Атын кім? 

Пшан. 

Қайда балашын?

Тшам.

Алышка тыш, 

Кокам,

Жакынга тыш.

Ұяя-я-м.

Енді кайда тышашын? 

Тап шенин башына тышам.  

Қонақтар көздерінен жас аққанша шек -сілесі қатып, күліп жатыр. Үйдегілерге шәй құйып беріп отырған Зибан апам баж ете қалды. 

- Ойбай, айтпа ондайды. Ол кісі сенің атаң. Бұндай жаман сөздерді кім саған үйретті? – деп мені салып жіберуге оқталып, жаман көздерімен ата қарады.

Істің аяғы насырға шауып кете жаздап еді, «балама тиісуші болма» деп алдымен әжем араша түсті, маған.  Көкелерім де «әлі ештеңені білмейтін сәби ғой» деп оған қосылып, қорғаштай жөнелді. Осындай бір әдемі ұрымтал сәтті пайдаланып, сыртқа қарай зыта жөнелгенімде, аяғыммен қағып кетіп, шәугімді құлаттым. Әжемнің жаны шығып кете жаздап, шар ете түсті. «Ойбай, өлді мына байғүс». Бірақ өлмек түгіл, дәнеңе болған жоқ. Құдай сақтап, шәугімнің ішіндегі суы сарқылып қалған екен. Еш жерім күймесе де, қолыма дәу алманы ұстаған күйі бақырып жылап, далаға қарай жүгірдім...

***

Есік алдында топырақты шашып, алаңсыз ойнап жүр едім, әжем шақырып алды. Шаң-шаң болған киімдерімнің бәрін шешіп тастап, легеннің үстіне тұрғызып, басымнан су құйып, сабынмен денемді ысқылап, әбден жуындырды. Сыртының бояуы оңа бастаған дәу ескі сандығын ашып, ішінен судай жаңа көйлек пен шалбарымды, қоңыр бәтеңкемді алып кигізді. Сандығының түбінен құрт пен кәмпит алып, қалтама салып берді. Көйлек-көншектерін жинастырып, өзі де жол жүруге қамдана бастады. 

Түске таман бір жеңіл көлік тоқтай қалды, үйдің алдына. Ішінде Бақтыбай көкемнен басқа мен аса жыға танымайтын тағы да бір-екі адам бар.  Апам екеуміз артқы жағына жайғасқан соң, көлік қозғалып, Арқалыққа жүріп кеттік. Өмірімде тұңғыш рет үйден шығып, алыс жаққа сапар шегіп барамын.  Әжемнің алдында отырған мен әлсін-әлсін терезеге қарай басымды созып, сыртқа көз тастап қоямын. 

Шексіздігінен сағымның өзі адасатын, ұшы-қиыры жоқ даланы бірінші рет көруім. Тамыз айының аяғы-ау, деймін, Табиғат-Ананың ең әдемі көйлектерін киіп, құлпырған шағы.  Албарбөгет ауылынан асқан соң көлігімізді тоқтатып, бәріміз сыртқа шығып, құрысып қалған қол-аяғымызды жаздық. 

Бақтыбай көкем мен шопыр жігіт екеуі ауыздарынан түтіндерін будақтатып, шылым шегіп тұр. Әжем жанымыздағы бізбен бірге қалаға бара жатқан кісілерге тоқтаған жеріміздің тарихын таныстырып, әңгіме соғып жатыр. 

Мен аузым аңқиып, сұлулығын тілмен суреттеп жеткізе алмайтын теңіздей толқыған далаға таңырқап қарадым.  Желмен тербелген ақ селеулер бір әсем әннің әуеніне билеп тұрғандай теңселеді. Сона-а- у алыстан бозторғайдың шырылы еміс-еміс құлағыма естілді. Кенет әлдеқайдан бір дала тышқаны шыға келіп, екі аяғын көтеріп, жүрегі зәр түбіне кете жаздаған мені біраз тамашалағандай болды да, шөптің арасына сыза жөнелді. Ніл көк аспанға қарап едім. Мекенін тастап, жылы жаққа кетіп бара жатқан құстардың тізбегін көзім шалды.  Туған жерін қимағандай болып, біраз уақыт айналып жүрді де, ұшып кетті. Алыстаған сайын құстардың тізбегі қара ноқатқа айналып, көзден жоғалып бара жатты. Тап осы сәтте жүрегімді бір аяулы сезім шымшып өтті. 

Арқалық қаласына ымырт үйіріліп, қас қарая бастаған шақта келдік. Кеш батса да көшелері самаладай жарқыраған шаһарды көзіммен көргенімде көңіл-күйімді бір ғажайып сезім әлдилегендей болды. Бірнеше күн бұрын мені ұйықтатар алдында әңгімелеп берген әжемнің ертегісінде суреттелетін сұлу қалаға келіп түскендей хәлді басымнан кешіп тұрмын. 

Көлігіміз көп қабатты бір үйдің жанына келіп тоқтады. Дәліздегі есіктің алдынан бізді әкемнің немере ағасы Айдарбектің жұбайы Жамал мен үлкен қызы Қазия қарсы алды. 

Дабырлап үйге кіріп, үшінші қабатқа көтерілдік. Төргі бөлмеде дастархан жайылып қойыпты. Үсті толған неше түрлі тамақ пен жеміс-жидек. Ас бөлмеден, ашып келген қарнымызды одан бетер шұрылдатып жіберген еттің иісі келді мұрныма. 

Жамал апамыз мінезі ашық, өте пысық, екі бетінен қан тамған көрікті кісі екен. Қимылы ширақ. Ауылдың адамдарындай емес, бәрімізбен де емен-жарқын сөйлесіп, көңілімізді тапқысы келіп, бәйек қағып жүр. 

- Немереңіздің бауы берік болсын, апа! Мол жігіттің (әкемді ол кісі мол жігіт дейтін) газет-журналдардан жазғандарын оқып тұрамыз. Қалай үй алды ма балаңыз? – деп жылы сөздерімен, әжемнің іші-бауырына кіріп барады. 

- Әй, айналайын! Сол балам маған әбден уайым болды. Казитке жолама деп қанша айтсам да көнбеді. Бұл заманның балалары әке-шешенің айтқан ақылын тыңдаушы ма еді? Өзімен бірге оқыған балалардың бәрінің ауылда қазір үйі бар. Қолымызға су құюға жарамайтын мұрынбоқтардың бәрі де шеттерінен дырдай бастық. Ал, біздің бала болса, өлең жазып, суретінің казитке шыққанына мәз, - деді әжем кейіп. 

- Ой, апа, олай демеңіз. Мол жігіт әлі-ақ Торғайды ғана емес, бүкіл қазақты мойындатқан ақын болады. Айтпақшы, немереңіздің бауы берік болсын! Атын кім деп қойдыңыздар? 

- Басқа ат құрып қалғандай Мағжан деп қойыпты ғой...

***

Cүт пісірім уақыттан соң ет түсіріліп, қонақтар қолдарын жуып, тамақ жеуге кірісті.  Айдарбек көкем көзінің қиығымен маған күлімсіреп қарап қояды. Ол кісіні тап осындай жақыннан тұңғыш рет көруім.  Ұзын бойлы, ат жақты, көркіне қанша қарасаң да көзің тоймайтын сұлу кісі екен.  Көп сөйлемейді.  Тұйық. Мінезі туған ағасы Қамиқанға мүлде ұқсамайды. Қамиқан көкеміз қайта керісінше үлкенмен де, кішімен де әзіл-қалжыңы жарасып, емен-жарқын сөйлесе беретін, аузын ашса ар жағынан кіршіксіз таза жүрегі көрініп тұратын, ақкөңіл адам. 

Арқа-жарқа болып қалған ағайын-туыстың әңгімесіне бөгет жасамауымыз үшін Жамал апам бізбен қалаға еріп келген Бақтыбай көкемнің үлкен қызы Бақыткүл, өзінің қызы Қазияны және мені ас бөлмеге шығарып жіберді де, сол жерден тамақ берді.  Көрген бетте бірін-бірі бұрыннан танитындай шүйіркелесіп, екі қыздың әңгімесі тез жараса қалды.  Тамаққа тойған соң, менің ішім пысты. Көзім –терезеде, ойым –далада. 

Айтпақшы, әңгіме қызығын қуып оқырманды Бақыткүлмен таныстыруды есімнен тарс шығарып алған екенмін ғой.   Ол менен үш жас үлкендігі бар, сары қыз.  Ұқыпты, бір затын шашау шығармайды. Үстінде өзінің келбетіне әдемі жарасқан, етегі желбіреген сарғыш көйлегі бар. 

Төргі бөлмеде тамақ ішіп отырған әжем қайта-қайта біз жаққа көзінің қиығын салып қояды. Әрине, әжемнің зор уайымы- мен.   Немересінің мінезін бес саусағындай білетін ол менің көшеге шығып, үлкен қалада адасып кетуімнен қатты шошып отыр. Шындығында да әжем бекерден –бекер үрейленбепті.  Туған-туыстың әңгімесінің көрігі қызып, бізді ұмыта бастаған шақта, жұрттың көзін ала беріп, ешкімге білдірмей, зып етіп, далаға шығып кеттім. 

Күн ұясына батқанымен көшенің шамдары жанып, үйдің алды самаладай жарқырап тұр.  Кішігірім күндей жан-жағына сәулесін шашқан көше шамдарына таңырқап, аузым аңқиып қарадым. Әсіресе, сонау бір алыстағы зәулім үйдің жанындағы шамдардың жарқылы ерекше жайнап, көздің жауын алғандай болады. Жақыннан көргім келіп, сол жаққа қарай жүре бердім. 

Қасына келдім. Апамның қолындағы алтын сақинасындай жалтылдап, менің көзімді алыстан арбаған нәрсе дүкеннің шамдары болып шықты.  Ауылдағыдай емес, адамдар қалада қараңғы түссе де көшеде жүре береді екен.  Қайта қала тіршілігі күн батқан соң қызатындай ма, қалай? Дүкеннің алдындағы ауладағы орындықта бірнеше адам отыр. Мен білмейтін бір тілде ән шырқап, қолдарындағы стақандарын тап бір үйде отырғандай соғыстырып қояды.  Қызықтап, қастарына бардым. Дауыстары дабырлап, мәз-мәйрам болған олар мен жаққа мойындарын бұрып қараған да жоқ. 

Үйден шыққанда ет қызуымен байқамаппын. Дала салқын екен. Жазғы көйлектен өтіп кеткен күннің суықтығын сезіп, денем тоңазып кетті. Үйге қайтқым келіп, қайда барарымды түсінбей, жан-жағыма алақ-жұлақ қарадым. Оң жағымда да, сол жағымда да, артымда да, алдымда да қаптаған қабат үйлер.

«Апа» деп бақырып жылап жібергенім, есімде.  Жаңа ғана кешкі думанның қызығына батып, мәз-мәйрам болып жатқан адамдардың жаныма қаумалап, түсініксіз бір тілде менен бір нәрсені сұрап жатқанын жадымда сақталып қалыпты.  Еліктің лағындай ойнақшып тұрған, секпіл бет сары қыздың айғайлап, көше кезіп жүгіріп кеткенін көзім шалып қалды. Бір кезде жаңағы қыздың соңынан ілесіп келе жатқан әжемнің сұлбасы көрінгенде, одан бетер бақырып, оған қарай сүріне-қабына жүгіре жөнелдім. Әжем мені бауырына басып құшақтап, жылап жіберді.

- Құлыным-ау, көліктің астына түсіп қалды ма деп зәрем зәр түбіне кетті ғой. Әй, менде де ақыл жоқ. Сонау Алматыға ертпей-ақ, ауылға тастап кетуім керек еді, сен жүгірмекті. Қол-аяғың тастай ғой. Ең болмағанда жылы да киініп шықпапсың үйден. 

Біраз уақыттан кейін бойындағы үрейі басылған соң - Сені ме, сені. Алматыға жеткеннен кейін тастап кетемін әкең мен шешеңе – деп, ұрса жөнелді... 

(Жалғасы бар) 

Көрнекісуреттер Амангелді Кеңшілікұлының жек архивінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар