ҚАРСАҢДА
«...Енді аз күнде қойдан құтылып, армандаған Алматыңа да жетерсің, балам», – деп мейірлене жымиды әкем.
... Бұлың да бұлың сағымың буалдырлаған,
Көз суаруға белдерге құмармын, далам.
Төсіңде тұрып серт түйіп алайыншы бір,
Алматыға да аттанар туар күн маған!...
Шулы шаһардан маған да табылар мекен,
Шимайларымның еленер жағына кетем!
Өреге жайған апамның сықпа құртынша
Қой шашылған жон, сені де сағынар ма екем?..
Қимастық билеп, жүк етіп қалам-дәптерді,
Жаныма жақын бір белгі табам деп келді,
Тілекші болсаң, тілек қос сол сапарына,
Сиыр сүрлеу мен қой шиыр, алаңдатпа енді!
... Естелігімде сені де ерте кетейін,
Мені еске салар сан қой көздескен кер төбе кейін,
Тілсіз де болсаң, сенімді серігім едің,
Құтпаным, кә, кел, соңғы рет, бәлкім... еркелетейін!
... Бозторғай бүгін бөлекше сайрайтындай ма...
Көңіліме менің босаңдық салмай тынбай ма?
Мерейім өсіп Қобыландыдай Қазанды жеңген,
Оралар ма еді, шіркін-ай, сондай күн қайда,
Дала?!
1990 жыл, шілде
КӨЗМОНШАҚ
Қарындасым Нәзираға
Қарашығымсың – көзімсің,
Тағы сен – өлең-назымым,
Жанашырымсың – өзімсің,
Сүйкімдім әрі нәзігім!
Жуымай саған, жаным, мұң,
Болғай-ды дәйім жаз – өңің.
Жартысы менің жанымның,
Нәзөкөн, Нәзкөн, Нәзөгім.
Сен десе, менен жан мансұқ,
Үмітімді тек бақшы үрлеп,
Айналдым, саған ауған сұқ
Адасып мені тапсын деп!
Қалқасы бар жан өзіңдей
Қалай мұң бойға алғызсын?!
Жалғыз болған соң тәтті емес,
Тәтті болған соң – жалғызсың!
Айналдым, ботам, мен сенен,
Жан жетпес тәттім, жақсым деп,
Маған бір бақыт келсе егер,
Айналып сені тапсын деп!
Алақан жайып, қанатым,
Алладан тілек тілер ем:
Тіл-көзден сені қағатын
Көзмоншақ болғай бұл өлең!
Әумин!!!
1995 жыл, Алматы
МЕН ҒАШЫҚ ҚЫЗ
Мен ғашық қыз сыймайды екен фәниге...
Пәктігі оның хас тек қана сәбиге!..
Қиялымда періште бар, ол – сол қыз,
Мен періште емеспін ғой, әрине.
Талып іздеп, түкпірледім жер-көкті,
Қиял қажып, ал жүрісім өнбепті...
Дәл ондағы нәзіктік пен ұяңдық,
Сөйтсем, әлі бұл өмірге келмепті!
Қызығымды шыжық қылды-ау қазымыр мұң,
Қаламыма жан азабын жаздырдым.
Ондай көрік, ондай сымбат, ол қылық
Түсіне де кірді ме екен Мәжнүннің?!
Жүрегімнің лүпілімен тербетем,
Жан таба алмай қойдым оған жерде тең!
Махаббатты сараң жазсам, біреулер
«Ғашық болып көрмеген ғой... » дер ме екен?
Қолдан адам жасар Тәңір емеспін,
Бірақ... кейде өз-өзіммен егестім:
Көзіне шөп салғым келмей ышқындым
Қиялдағы сол мүбәрак елестің.
Мына жалған – жалған екен, шын жалған,
Бейбақ басқа беріш болды-ау мұңлы арман.
Мен ғашық қыз сыймайды екен жалғанға,
Немесе оған лайық емес бұл жалған!..
Осы болса өміріңнің сияғы,
«Өлең емес, өксік» десем сыяды.
Түңілдім мен сол бейнеден басқадан
Жетпейтіндей еш пенденің қиялы!..
Мен ғашық қыз сыймайды ғой фәниге,
Ал сен маңдайды айтасың...
23.11.1994 ж. Алматы
МЕКТЕПТЕСІМ МАЛДЫБАЙ МИЛИЦИЯҒА
МАДАҚ
О бастан-ақ жоқ ең сауап-обалға,
Өлең – саған «бір былжырақ» қадірсіз.
Біздікіндей безбүйректеу қоғамда
Таптырмайтын кадрсыз!
Кездескенде сәлемнен соң сұрарың:
«Бір тақпаққа қанша доллар төлейді?».
Оқталам да тіл қатпаққа, сосын... үнсіз тұрамын,
Тоқталамын ылғи да мен қырнап барып көмейді...
– Осы неге жылайсыңдар, ай-күн аман, ел есен?!
Мұң деген не? – дейсің маған
(Мықтысың-ау, Малдекем!).
Сәл-сәл ғана жетпей жүрген капитандық демесең,
Төрт құбыласы сендей түгел бар ма екен?!
Беу, Малдеке, отыздан соң тек орысша сөйледің
(Сауатсыздау демесеңіз, айыбы).
«Ана тілім...»
Күмілжіген сөзім құрсын, өй, менің,
Біздің тіл де тіл болып па, тәйірі?
Обал жоқ-ау, әй, обал жоқ мен сықылды қасқаға
Осы тілде өлең жазып сорлаған!
Үй жоқ, күй жоқ, ақша да жоқ, басқа да...
Өл де маған милиция болмаған!
2002 жыл, Алматы
ҚАЛАДАҒЫ БҮГІНГІ БЕСІК ЖЫРЫ
«Айналайын баладан,
Тауып алған даладан.
Далада бала жата ма?
Түсіп қалған ғой шанадан...» –
... Тербетіп «тауып алған» Әлішерін,
Тарқатып осы әнменен әрі шерін,
Айнагүл ақ бөпесін әлдилейді.
Сынбапты бойындағы әлі сенім...
Ұқсамай түңілгенге шырайы әлі,
«Көкесі келмейд...» деп тек мұңаяды.
Хабар жоқ ауылдан да көптен бұған,
Сирепті құрбысы да қылаяғы.
Көңілін үмітті ойға демдетеді:
«Ертең-ақ құлыншағым ержетеді!..»
«Қырық шырақ» қыз да болса қиын, қиын...
«Шырағын қырық бірінші» ол тербетеді.
Бөбегін бесіктегі күлдіреді,
Өзі де бір жыласа, бір күледі.
Көркінің құдай берген бұны бүйтіп
Өртіне орағанын кім біледі?...
Өксітіп тапталғаны пейілінің,
Артынша қайта тауып мейірімін,
Нұрланып жас жамалы (жас – жанары),
Мұңая әндетеді сүйіп ұлын:
– Айналайын баладан,
Тауып алған даладан.
Далада бала жата ма?..
Түсіп қалған ғой бұл шанадан...
2004 жыл, Алматы
ҚАЙРОШ-ҚАЙЫРБЕК. БОСТАНДЫҚ
Ауыл мені «ақын бала» деп кетті.
…Алматы астым бітірген соң мектепті.
Студентпін. Сағынып-ақ жүр едім,
Хат жазды апам: «Каникулда жет!» депті.
Шабан аттай қамшы арылмас сауырдан,
Пойыздың да жүрісі өнбей ауырлап,
«Бала шәкірт Абай» сынды асыға,
Алып-ұшып жеткем сөйтіп ауылға.
…Маған қарап қызығып та қызғанып,
Қиялымен Алматыға жүз барып,
Кішкентайлар әсіресе үйірсек,
Тыңдайды ұйып, ауыздары суланып.
«Астанадан!..» деген «атақ» таңылса,
Жан қала ма, өңкей тентек жалынса?! –
Әсерлірек жеткізуге тырысам
Алматының әңгімесін барымша.
Бедел өсіп шыға келді кенеттен.
«Алматымды мақтауым керек, демек, мен!»
– Есейіпті, – десіп жатты біреулер,
– Е, бәсе, астананың аты – астана демеп пе ем?!
Маңызданып, еленгенге үлкенге,
Марқайдым мен, өсіп қалды бір кеуде.
Батылсыздау:
– Аға, – деді Қайырбек, –
Сонда Алматы Бостандықтан үлкен бе?...
Тым-тырыс боп тына қалған ілкіде
Жұрт ду етті, жарып қалдық күлкіге.
Ақтап жатыр апасы ұлын ұялған:
– Е-е, мына ауданды көрді ме екен бұл, түге!
…Кетті ме әлде «Алматымнан» жалығып,
Кеше ғана бір көруге зарық ұл,
Ойда жоқта демесін бе бір күні:
«Бостандықтан күшті жер жоқ бәрібір!..».
…Ауыл үшін болсам дағы жиі алаң,
Тарыққандай бейне қағаз-сиядан,
Сол баланың сезіміне татитын
Бір өлеңім жоқтығына ұялам...
1995 ж. Алматы
ЖАБЫҚҚАНДА
Таппай қалып сенетін де жан аса,
Ізгі ойыма іздегенде араша,
Аяулы ана, сізді жоқтап көңілім,
Әлі өзіңе шағынғым бар балаша.
... Пенде шіркін неткен көнбіс, төзімді?!...
Төрт жыл бопты-ау Сен жұмғалы көзіңді,
Тәніңді біз топыраққа табыстап,
Жүрегіме жерлегелі өзіңді.
О дүниенің Құрандағы дерегі
Хақтығына ұлың қазір сенеді.
Кейде мынау өгей шеше – Өмірден,
Апа, саған қашып кеткім келеді.
Апа, саған қашып кеткім келеді...
2006 жыл, Алматы
ШҮКІРШІЛІК
Тірідей тозаққа қамалғандай,
Тауқыметтен соң тірелген бейне аранға:
– Разымын, – дедім, – Хақ Аллам-ай,
Өмірді мәңгі қылмағаныңа адамға!...
...Жанға зіл сынақ алдымнан кейде тосылса,
Жиі сыр берді иманы жарты сабырым...
Тірі болғанда білетін мен бе ем осынша
Ертерек кеткен жан анашымның қадірін?!
Кім біледі, мыңжылдап жүрсек жалғанда –
Бақұл боп басқа салғанға,
Қанағат қылу болушы ма ед біздей жүрегі кіршең пендеде?..
«Жалықтым, – дер ме ем? – жақсы өмірден де, Аллекем»,
«Тарықтым, – дер ме ем?.. – бақиға лайық арманға...»
Шүкір!!!
2007 жыл, Алматы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.