Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бекен Қалымбекұлы. Доңыз қырған жыл...

28.03.2024 2427

Бекен Қалымбекұлы. Доңыз қырған жыл 14+

Бекен Қалымбекұлы. Доңыз қырған жыл - adebiportal.kz

Әңгіме

Заманында беделді молда болған атам марқұм: «Доңыз мұсылмандарға харам етілген, оның етін жемек түгілі тезегін тыңайтқыш етуге де болмайды. Доңыз жапалаған, сарыған жерлердің шөбін малға жегізбей, отпен өртеп тазартып тастау керек», - деп  айтып отыратын еді. Сол себепті осы бір талпақ танау, ұсқынсыз хайуанды көрген кезде жиіркеніп, денем тітіркеніп кетеді.

Менің туған ауылым – асқар таулы Алтайдың баурайындағы, Көктоғай елді мекеннің тастақты тау бөктеріндегі Жігербай деп аталатын бір шағын ауыл. Ертіс өзеніне құятын көлге тамған тамшыдай болса да, өзіндік үлес қосып, баяу сырғып жататын, қыста қызыл суланып өткел бермес, жазда шырдақ су болып қалатын Тұрғын өзені осы біздің қыстақтан алыс емес жерде ағып өтеді. Үйге құбырмен келіп жатқан су жоқ және іргемізден бүлкілдеп қайнап шығып жатқан бұлақ көзі болмағандықтан, қыстай малдарымызды бүкіл қыстақ болып, сол Тұрғын өзенінен суаратынбыз. Тіптен, үлкен көлемдегі темір күбімен қыс бойы ауыз суды да осы өзеннен тасыдық. Қыстақтың бір топ қара домалақ ұлдары өзіміз үйреткен бір-бір тайымызға мініп алып, алдымызға салып, қыстақтың сиырлары мен жылқыларын суаруға айдап апаратын едік. Ал Тұрғын өзенінен қайтарда тай жарыс басталатын. Бір топ бала тайларымызды қатарластырып алып, ауылға қарай жарыстырып тізгінін жіберетінбіз. Үлкендердің «Әй, енді ғана су ішіп, шөлін қандырған байғұс тайды алқындырып өлтіресіңдер!» дегеніне қарамастан, тайларымызды күнде  жарыстыратын едік. Дүбір көрсе, делебесі қозып дес бермей кететін, қаныныа сіңген әдетіне басып, қасиетті жылқы жануары да біздің жарысқанымызға орай тоқтамай шауып, үйдің есік алдына бірақ келіп дамылдайтын еді. Көрші балалармен асық ойнауға жиналғанда, тайларымыздың қалай шапқанын айтып бір мақтанып, дуылдасып қалатынбыз.

Мен бірде әкемнен, біздің қыстақтың неге осы бір тастақты тау етегінде орналасқанын,  анау өзен жағасындағы Пәнчу ауылы (өзеннің арғы жағасында орналасқан қытайлар тұратын ауыл) секілді су аулаға ағып келіп жататын жерде емес екенін сұрағанымда :

- Алғаш 1960-70 жылдары Шәкүртіден осында халықты көшіріп, қыстақ басшыларына орналасатын жерлерін таңдауды ұсынған. Біздің қыстақ басшымыз Мыңбай марқұм: «Біз қазақ малсыз отыра алмаймыз, мал өргізетін тауы, жайлымы бар осы жер ыңғайлы. Тауға да, өзенге де жақын» деп осылай орналастырып еді. Осы шешім дұрыс болды. Қазір малымыз жайылымсыз емес. Анау қытайлар мал ұстамайды, ауласына шөп-шалаң егіп, соны сатады, олар біз секілді мал баға алмайды. Ал ежелден етпен қоректенген қазақ халқы малсыз отыра алмаймыз – деп түсіндірді. Мендегі бала көңіл,  шынымен, дұрыс шешім болған екен деп, өз сұрағыма қанағаттанарлық жауап алғандай болдым. Ал анау Пәнчу ауылындағы Қытайлар алғаш ішкі өлкесінен қаңғып келгенде, осы біздің қыстақтағы ақкөңіл қазақтар: «бұл да бір қытай болса да, жан иесі ғой» деп, қораларына түнетіп, тамақ беріп, қыс бойы жандарын алып қалыпты. Десе де ешқайсысын үйлеріне кіргізіп, дастархандарынан дәм татқызбапты. Себебі осы өңірдің қазақтарында «діні жоқ қытайлармен шайтан ілесіп жүреді, үйіңе кіргізсең шайтаны бірге кіреді» деген түсінік бар. «Маңжиезі (қаңғыбас)» деп аталатын сол қытайлар көктем шыға Тұрғын өзені жағасынан бір-бір жер төле қазып кіріп, бір ауыл болып кетіпті. Ал қазір олар сол кездегі қаңғыбас қытайлар емес, осы жердің тұрғылықты адамдарына айналды. Бәрінің баспанасы, тұрақты жұмысы бар, ауқатты тұрады. Соңғы жылдары бағатын жалпақ танау доңыздарының санын көбейтіп, қорасынан шығарып, көшеге қорсылдатып бос жіберіп қоятын болды. Жігербай, Даркен, Қозыке ауылдарының қазақтары ауылдық үкіметке құжат жұмыстарымен немесе зат алу үшін базарға қатынайтын кезде, тіптен, балалары оқуға қатынайтын жол осы Пәнчудің қақ ортасынан өтеді. Түрі сүйкімсіз жалпақ танау, жалпиған жардай доңыздарды көргенде, аузы-мұрынымызды басып әзер өтетін болдық.  Үлкен кісілер ауыл басшыларына қаншама рет барып ескерту жасаса да, ешқайсысы құлағына да ілмеді. Тіптен, «бұл  біздің өз ауылымыз, өз көшеміз»-деп қарсылық көрсететінді шығарды. Арамның мұрынды ашытып, кеңсірікті жарып өтетіндей күлімсі иісті кемсеңдеген иегіндегі ерні салпиған, көзі шүңірейіп, белі бүкірейіп, таяғына әрең сүйеніп тұрған қытай кемпірлері рақаттана иіскеп, езулері ырсиып, ыржиып қарап отыратынды шығарды. Ақыры жай айтқанға көнбегеннен кейін бірнеше қазақ ауылының молдалары бастап, білімді, оқыған жастары қостап, ауылдық сот мекемесіне арыз түсірді. Арнайы комиссия тағайындалып, тексеріс жүргізілді де, қытайлардың бұл әрекетінің ұлт аралық араздыққа әкеліп соғатынын түсіндіріп, қорсылдақтарын қораларына қаматқан болды. Ендігі жерде арам етілген жаратылысты көшеден көрмейтін болдық, десе де қытекеңдер тағы бір арсыздық ойлап тапты. Тарпақ танауларын жүгері, бидай егілген атыздарының арасына бос жіберетін болыпты. Айтуларынша, шошқалар шөп жемейді екен. Арасындағы құрт-құмырысқаны теріп жейді, тіптен, тезектеген дайрағы келесі жылға тыңайтқыш болатынын айтып мәз. Өстіп өздерінше бір шешім ойлап тауыпты. Бұны естіген үлкендер жағы: «Беті аулақ харамнан...», - деп түкірініп қойды.

Біздің ауылдың егістік жерінің оңтүстік жақ шеті осы қытай ауылының бір жағымен шекараласады. Шекараны ат арба жүретін қара жол және су ағатын бұқа арық бөліп жатыр. Қытайлардың домаланған талпақ танаулары осы бұқа арықтан өте алмайтынына Жігербайлықтар сенімді болса да, тұрғындар қырағылықтарын арттырып, күнделікті қарауылдап, қарап жүрді. Егіннің сарғайып, пісуіне жақындап қалған тамыз айының бір күні ауылымыздың жас жігіттері көшенің қақ ортасын шаңдатып, айқайды салып, күрең атымен шауып келе жатты. Бұл шабысы күндегіден өзгеше еді. Тұрғындар: «Баяғы ұйғыр Айсаның Тұрсынжаны ғой!»-дейтіндей шабыс емес, бейне бір жау шапқандай: «Ана, қытайлардың шошқалары біздің атызда топтасып жайылып жүр, бұқа арықтан өтіп кетіпті»-деп алқына айқайлайды.

Ауылымызға сонау алыстағы ұйғырлар мекені Қашқардан көшіп келіп, қазақтар арасына тастай батып, судай сіңіп кеткен Айса марқұмның балалары, кейде «ұйғыр» десең шамданатын. «Мен қазақпын, руым керей, қарақаспын»-деп, шешелерінің руын меншіктеп алған. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі қарақас руынан болғандықтын, қарақас құрдастары сол «Қарақаспын» деген сөзді айтқыза түсу үшін әдейі қалжыңдап қитығына тиетіні бар. Бұл айқайды салып, ұрандатып келген сол Айса марқұмның үлкен ұлы Тұрсынжан еді. Хабарды ести салған ауылдың атқа мінер азаматтары бірден жинала кетті. Төменгі көшенің жігіттерін ауыл бастығы Сұлтан бастады. Ал «Ақ қала» деп аталатын біздің көшенің жігіттерін әкем бастап атызға қарай жол тартты. Біз бір топ ауылдың кішкентай балалары әкелеріміздің «Қалыңдар!» дегеніне қарамастан шұбырып, шулап-шұрқырап еріп алдық. Қытай ауылымен шекаралас атызға келе салып, өз көзімізге өзіміз сенбей қалдық. Қытайлардың неше жүздеген талпақ танау доңыздары, атасының төрінде жүргендей егістіктің ортасында құрт-құмырысқа теріп, алшаң басып жайылып жүр. Барлығының Алласы ауызында, біссімілләсі түзу, иманды жігіттер мына масқараны көріп, шыдап қарап тұра алмай, қолдарына аша-бақандарын, күректерін алып харам  хайуандарды бақандарымен шаншып, күрек балталарымен шауып, шетінен қыра бастады. «Қаны үстілеріңе шашырап кетпесін, жігіттер! Абайлаңдар», «Қорсылдақ бәлелеріне ие бола алмаса, не үшін бағады, кәпірлер?!», «Адал еңбегімізді рәсуа қылғанын-ай, мына доңыздардың»-деген ашынған айқайлар толастар емес. Арғы жағалауда доңыз егелері бақылап қарап тұра берді. Тек қашқан оншақты доңызынан басқасы дерліктей қан жоса болып, қырылып егін арасында қалды. Жастар жағы әбден қызынып алған. Әсіресе, сонау бір жылдары, діндері мұсылман болса да тілдері қытаймен төркіндес дұңған ұлтының жігіттері, қазақтардан тері жинап, тапқан қалталарындағы азғантай ақшаларына мастанып, қазақ қыздарына жөн-жосықсыз тиісіп, намыстарына тиген кездерде, оларға шаңырақ кімдікі екенін түсіндіріп, қасиетті төрімізді таптатпау жолында ерен еңбек сіңірген, басынғандардың басына әңгір таяқ ойнатып, орнына қойған лақап атпен танымал Шіңке мен Тоңқа аталып кеткен Салтанат пен Болат атты егіз жігіттер ерекше белсенділік танытып жүр. Осында жүрген Жігербайлықтардың ешқайсысы ердің адал еңбегі, қарындастың намысы үшін жан алып жан беруден аянар емес.

Барлық жұмысты тиянақтай етіп тындырған жастар үлкендерге қарап: «Мына арамның аяғы тиіп, нәжісі тамған, қанымен боялған егінді не істейміз»-дегендей, үлкендердің шешімін күтіп тұр. Бірнеше егде кісілер бар білгендерімен бөлісіп, қызу талқылай бастады. Ақыры, харамның аяғы тиген жердің өнімін тұтынудың өзі харам болады деп шешкен халайық сол маңдағы егінді өртеп жіберетін болып келісті. Сонымен, шынжыр табан ДТ трактордың соқасымен жерді жыртып, егістікті екіге бөліп өтті де, харамның қаны ақтарылып жатқан жағын өртеп жіберді. Ал қорыққан қытекеңдердің шытырлап жанып жатқан егістіктің арасындағы шошқаларына алыстан қарап тұрғаннан басқа еш амалы болмады, тек қашып барған оншақты доңыздарын ғана қораларына қамап алды. Қазақтарға қарсыласайын десе, батылдары бармайды. Қайтсін енді, бір замандарда қаншама жүздеген, мыңдаған, басынан аяғына дейін мұздай қаруланған сары аяқ, қызыл аяқ әскерлерінің тізесін дірілдетіп, Қытай мемелекеті азаттығын жарияласа да, берілмей он жыл партизандық соғыс жасап, талай қарулы әскерлерін тау арасына кіргізіп, қырып тастаған хас батырлардың ұрпағына қарсыласуға жүректері дауа бере қоймас. Оның үстіне, бұл қытайлар ішкі өлкелерінен қаңғып келгендіктен, осы өңірдің жергілікті тұрғындары, тарихи мекенінде тұрған қазақтарға қарсыласуға батылдары жете қоймайды. Барлығын үкіметтің заңы арқылы шешуді жақсы көреді. Екінші жағынан, үндемей тұруларының себебі де сол, ертең сот арқылы доңыздарына құн төлетудің оңтайлы сәтін ойлап тұр. Оқиға болғанына ет асым уақыт өтпей жатып, бірнеше сақшы көліктері сайдың тасындай сау етіп жетіп келді. Шамасы іштерінен бір қытай, шайтан көліктерімен ұшып барып хабар жеткізген болар.  Келген сақшылардың бір-екеуі ғана қытай, қалғандары өзіміздің қазақтың қара домалақ ұлдары екендігін аңғарған біздің жақтың жігіттері қуанысып қалды. Сақшылардың кейбіреулері доңыздардың қалай өлгендігін тексеріп, кейбіреулері екі жақтылы сұрақтар жаудыртып, кезекті тергеулерін бастап кетті. Қазақтар жағы жапырласа сөйлеп, болған мән-жайды діни тұрғыдан түсіндіріп жатыр, ал қытекеңдер құқықтық тұрғысынан барлық шыққан шығынды өндіріп беруін талап етіп, дау басталып кетті. Лидр атты белсендісі  шала қазақшасымен: «Біздің малды Касакы өлтыледі, біздін айел бала кім багады? Бізді шошқаларға обал болады...»-деп ентелеп, сақшыларға кимелеп бара жатты. Сол сәтте: «Ей, оңбаған қытай! Сонда сенің мына харам шошқаң құнды екен де, біздің адал егістігіміз құнсыз ба?»-деп топ ішінде тұрған Оспан ағамыз зекіп тастады.  Дәрет алатын құмандай ғана тапал бойлы Лидр қытайдың Наполеонның етігіндей болып шошайған иегі кемсеңдеп барып, қылғынып барып бір жұтынды да, тоқтай қалды. Оспан ағаның зілді айбаты мен түксие қараған сұсты көзқарасы шынтақтай ғана қара қытайлардың мысын басып жіберсе керек, осыдан кейін бірде бір қысық көз «ләм-мим» деместен, айтар сөздері көмекейлеріне тығылып үнсіз қалды. Десе де жүздеген тарпақ танауларының қан жоса болып жайрап жатқанын көрген қытекеңдер үнсіз қалмайды-ау.

Сонымен қызыл сиреналарын жарқылдатып келген сақшылар, болған мән-жәйді жазып, сызып тіркеп алды да, діни көзқарастары, салт-санасы екі түрлі ауыл тұрғындарына келесі аптаның дүйсенбісі күні сот мекемесіне келулерін ескертіп кетіп қалды. Бір-біріне көз аларта қарап, екі ауыл тұрғындары да өз жайларына қарай бет алды. Сақшының ескерткен межелі күні де келіп жетті. Біздің қыстақтың басшысы Сұлтан, менің атам және әкем үшеуінің міндетті түрде сот алқасында болуын қатты қалады. Сол себепті осы үш арыстай ата-әкелеріміздің жетегінде жиырмаға тарта адам межелі күні, межелі жерге айтылған уақытында келе қалды. Тауықпен бірге тұрып, жанталаса жұмыс жасайтын қытекеңдер де сәл ертерек келіп алып, сот мекемесінің алдында күтіп тұр екен. Олардың да шамасы жиырмаға тарта адам көрінеді. Еңселері көтеріңкі, еңгезердей қазақтарды көргенде тағы да ұнжырғалары түсіп, салысы суға кеткендей, бастарын салбыратып қарап тұр. Іштеріндегі пысықай қыстақ бастығы Шау Сүн барлығын жинап алып, бір нәрселерді түсіндіріп айтып жатыр. Жұмыс уақыты басталып, сақшы мекемесінің үлкен дарбазасы ашыла салғаны сол екен, екі тараптан келген қырық шақты адам мекеменің ауласын толтырып, екіге бөлініп тізіліп тұра қалды. Ұлт аралық дау-жанжалдың болмауын өте ыждахаттықпен қарайтын қытай үкіметі, бұл істің оңтайлы шешімін жергілікті тұрғындардың, яғни дауласаушы екі тараптың да уәждерін ескере отырып, шешім қабылдауға мүдделі еді. Екі топ бірде айқайласып, бірде ерегесіп, сақшы қызметкерлерінің бірнеше ескертулеріне қарамай, барлық арыз-амалдарын, тіпті, бұрыннан келе жатқан өкпе-реніштерін де жасырмай айтып салды. Кейбір кісілер:  

- Баяғыда  осы сендердің әке-шешелерің қаңғып келгенде, біздің Жігербайдың халқы пана болып, ас-ауқаттарын беріп, жандарын аман сақтап, қыстатып шығарып еді ғой, енді жүндерің жетіліп, қоңдарың майлана бастап еді, қоқыраңдайтын бопсыңдар. «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегеннің керін келтірдіңдер , – деп шақпа сөздерімен тұқыртып та алды. 

Жамыраған қозыдай шұрқырап кеткен топты тынышталуға шақырған қасқа маңдай заң қызметкері «осылардың ішіндегі беделдісі осы болар»-деген оймен қазақи шапан, кестелі тақия киген атамды сөзге тартты. Шамасы аудандық соттан арнайы шақырылған қызметкер болса керек. 

- Ақсақал, мына жастарды неге тоқтатпадыңыз? Ана доңыздарды өлтіргенімен қоймай, егінді де өртеп жіберіпті, – деп сұраулы көзбен атама қарады. Сұрақтың төркінін түсінген атам, оқты көздерімен әлгі ұлты қытай болса да, қазақшаны жатқа сөйлейтін заң қызметкеріне тіке бір қарап алды да:

- Айналайын, төреші, қазақшаны судай сөйлегеніңе қарағанда, қазақтардың арасында өсіп, осы қаймана қазақтың қара наны мен қара көжесінің дәмін татқан жанға ұқсайсың. Қазақ дәстүрін жақсы білетін шығарсың? – деп сонау  тар жол, тайғақ кешу замандарында босып келген «Маңга» деп аталатын қытайлардың өткен тағдырын астарлай қарсы сұрақ қойды. Әлгі заң қызметкері атамның айтқанына келіскендей үнсіз келесі айтар уәжіне құлақ түрді. 

 - Қазақ арасында өскендер біледі. Біз қазақи дәстүр мен Құдайдың Құранындағы үкім етілген заңнамасын ұстанған халықпыз. Олардың малы мұсылмандар үшін харам болған доңыз болса, бізде адал төрт түлігіміз бар. Біз оны егістіктен аулақтағы сонау қаздиып тұрған тастақты тауға жібереміз. Дихандардың ала жаздай күн астында қақталып адал еңбек еткен бір тал бидай, бір уыс дәндеріне де ешбір зиянымызды тигізбейміз.  Біз қазақ дәстүрі бойынша көршімізді сыйлаймыз. Егер қорсылдақ доңыздарын қорасында бақса, шаруамыз жоқ. Ал олардың біздің егістікке жібергені қай бассыздығы? Бұл бір болсын де! Біздің кітабымыз құранда осылардың тарпақ танауы арам болып табылады, оның еті былай тұрсын, табаны басып, нәжісі тиген жердің шөбін жеген мал да арам болып есептелінеді. Сонда біз олардың қараусыз жіберген қорсылдақтарының маңдайларынан сипауымыз керек пе?! Бұл екі! Үшіншіден, осыдан бірер жыл бұрын ауылдық сот тарапынан тарпақ танауларын көшеге шығармай, үйде бағу керектігі туралы ескерту жасалынған. Сонда бұлардың өкіметтің заңын да елемей, дінімізді де сыйламай тұрғаны қай басынғаны?! Бұларды үнсіз есігімізден кіргіздік, отау тігіп, керегесін тіктеуіне жол бердік, енді басымызға шығару ғана қалғаны ма сонда?! Істеп отырған әрекеттері үкіметтің ерекше ұстанатын ұлттық саясатына мүлдем қайшы! «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» бұлар шығынды орнына қойып, егіншілеріміздің адал еңбегін төлеп берсін! – деп сөзінің артын зілмен тоқтатты.  

«Ұлттық саясат» десе елең ете түсетін үкіметтің заң қызметкері басын изеп, қабағын бір көтеріп қойды.

Таласа-тармаса сөйлеген екі тараптың барлық уәждерін тыңдаған сот қызметкерлері қажетті шешімді қабылдап, бірнеше күннен кейін айтатындарын ескертіп, аулада тұрған тұрғындарға үйлеріне қайтуды бұйырды, әйтпесе, мына сақшы мекемесінің ауласында үлкен төбелес болып, оқиға шиеленісіп кететін түрі бар. Үйлеріне қарай беталған Жігербай тұрғындары: «Әй, бәрекелді! Ақсақалысыз керемет айтты, сөздің нарқын түсінген адамға осы да жеткілікті болар» -деп дуылдасып бара жатты.

Ақыры көп ұзамай соттың шешімі де шықты. «Ұлтаралық ынтымақ, ауылды жердегі мал ұстау ережесі» ережесінің әр түрлі баптарына сүйене отырып, қабылданған шешім бойынша «қытай ауылының тұрғындары бірлесе үлкен мөлшерде айыппұл төлейді және өртенген атыздағы өнімнің құнын жер иелеріне төлеп берілсін!» деген арнайы жазба бекітіліп, дөңгелек қызыл таңбамен мөрленген қағаз сот мекемесінің хаттамасына тіркелді. Сөйтіп ешқашан заңның шешіміне қарсы шықпайтын қытекеңдер сол жылғы доңыз талқандаған жердегі шығын болған өнімнің құнын есептеп, барлығын төлеп берді. Ала жаздай егініне дұрыс қарамай, күзде аз өнім алып, қыстай көршілерден ұн сұрап шығатын кейбір отбасы сол жылы ұн сұрамады...

Еһ, шіркін! Сол бір жылдарда көк түркінің түп қазығы болған, Алтай елді мекендеріндегі ата қонысында еркін сайрандаған қазақтар салт-дәстүрін, діни сенімін қорғауда еш тартынбастан, заңға сүйене отырып, өз уәждерін талап ете алатын еді. Оның бір айқын дәлелі мұсылмандар мен қытайлар бірге тұратын үлкен қалаларда, мейрамхана, асхана маңдайшаларында мұсылмандар үшін «мұсылман асханасы» ал қытайлар үшін «қытай асханасы» деген арнайы ескерту белгісі жазылып тұратын. Кейде қытайша хат танымайтын үлкен кісілер адасып, қытай асқаналарына кіріп кеткен жағдайда қызметкерлері міндетті түрде ескертетін. Төрт түлік малдың еті сатылатын дүкендерде, базарларда сол бір жалпақ танау доңыздарының етін ешқашан бірге қойдырмайтын, тіпті, бірге қойдырмақ түгілі, мал еті сатылатын дүкенге қойғызбайтын.

Сол бір киелі мекендегі қазіргі жастардан рухты ағалардың намысты әрекеттері ешбір байқалмайды. Тек тастақты таулардың қатты киыршықтарының астында қалып бара жатқаны жүректі сыздатады. Өткен замандардағы сан мыңдаған жылдар бойы рухын тік ұстап, намысын таптатпаған аталарымыздың батырлығы осымен тоқтағаны ма?! Әрбір тарихты бойына сіңірген қиыршық тастар, әшекей бұйымдарға айналып Көктоғай өңіріне туристік сапармен келген ішкі өлке қытайларының кеуделеріне алқа, қолдарына жүзік болып тағылып кетіп барады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар