Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Біз өзімізге-өзіміз қожа боламыз...

11.09.2022 2891

Біз өзімізге-өзіміз қожа боламыз

Біз өзімізге-өзіміз қожа боламыз - adebiportal.kz

Америкалық жазушы, сценарист Джон Эрнст Стейнбек (1902-1968) Калифорния штатының Салинас қаласында дүниеге келген. Әңгімелері мен өлеңдері алғаш рет Стэнфорд университетінің «Spectator» журналында жарық көреді. ХVII ғасырдағы қарақшылар өмірі туралы жазған «Cup of Gold» атты алғашқы романы арқылы оқырманның ықыласына бөленіп, шығармашылық жолын сәтті бастайды. Іле-шала «Tortilla Flat» шығармасы әлемдік бестселлерге айналып үлгіреді. Әлем әдебиетінде есімі америкалық жазушылар Хемингуэй, Фолкнер сынды алыптар шоғырымен қатар аталатын Стейнбек 1962 жылы нобель сыйлығының иегері атанған болатын. Оның экранизацияланған «Адам мен тышқан хақында» атты хикаяты «Оскар» сыйлығының төрт номинациясын бірдей қанжығасына байлаған. Стейнбектің атағын алты құрлыққа жайған шығармаларының бірі осы – «Адам мен тышқан хақында» атты шағын романы. Автордың бұл хикаятының құндылығы уақыт өткен сайын артып келеді. Заманында бұл шығарма Харпер Лидың «Құйқылжық торғайды өлтіру», Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гетсби», Джордж Оруэллдың «1984» романдарымен қатар аталып ең үздік жүз туындының қатарынан қара үзбей келіп отырған. Американың кітапхана ассоциациясы бұл туындыны Сэлинджердің «Жар жағалаған жалғыз», Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 4510» романдарымен бірге оқуға қатаң тыйым салған. Соның бәріне қарамастан Стейнбектің шығармалары ешуақытта оқырманын жоғалтқан емес. Қайта уақыт жаңарып, ғасыр аунаған сайын мәңгіліктік сипаты бар туындылардың сабында бой түзеп келе жатыр. Жақында ғана Джон Эрнст Стейнбектің «Тышқан мен адам хақында», «Інжу-маржан» сынды екі хикаятын жазушы, драматург Заман Төлеуов ағамыздың аудармасымен «Фолиант» баспасынан ана тілімізде жарық көріп отыр. Ендігі әңгімеміз осы екі шығарма хақында болмақ.     

Жазушы Джон Стейнбек өз шығармаларында ештеңеге үкім кеспейді, әр уақиғадан қортынды шығармайды, әсіре ділмарлыққа да бармайды. Ол болған жайтты баяу ғана риәсіз түрде баяндап береді. Оның баяндау мәнері тым салқын қанды да емес, тым күйіп-піскен ұшқалақ та емес, барынша оқшау, оңаша күйді қалап алады. Оның осы жазу машығындағы қоңыр ағыс бірте-бірте қорғасындай ауырлай береді. Өзі жаратқан әлемге келсін келмес қол сұқпайды. Сосын да оның кейіпкерлерінің оқыс іс-әрекеті, жалт еткен бір жанары, үнсіз тұнжырап қалатын сәттері, тұйыққа тірелуі, ақымақ, ожарлығы бәрі-бәрі де шығарманың жүрек қағысындай тынымсыз лүпілдеп тұрады. Жазушы осы қарапайым бітімімен кейіпкерлерінің күрделі болмысына барлау жасап, олардың қоясын қопармай, жан сырын ақтармай-ақ жантамырын дөп басып, оқырманның өзегіне шоқ тастап отырады. Оның кейіпкерлері қарапайым Америка азаматтары. Өмірден қорлық көрген, тірліктен қағажу тартқан, әлеуметтік әділетсіздікке ұшырған жанкешті жандар. 

Джон Стейнбек қарапайым ғана шаруаның, жер емген диханның отбасында дүниеге келген. Оның осы ортадан көрген тәрбиесі болашақ суреткерге мол ырыздық болғаны сөзсіз. Ол өзінің әкесі тәрізді шауақор адамдардың жапалы тірлігін сырттай бақылап көңіліне түйе жүрген. Табиғаттағы қайнаған тіршілік әлемімен біте қайнасып кеткен. Джон Стейнбек әдебиетке араласа бастаған ХХ ғасырдың алғашқы ширегі тұтас әлемде, оның ішінде алып  Америка құрлығында «Ұлы тоқырау» дәуірінің әмірін жүргізіп тұрған алмағайып шағымен тұспа-тұс келеді. Дүниежүзілік екінші соғысқа дейін жалғасқан бұл экономикалық дағдарыс исі адамзат баласын тентіретіп жіберген еді. Осы сәтте әдебиетке қадам басқан көптеген америкалық жазушылар Еуропа құрлығына, оның ішінде мәдениеттің ошағы саналатын Париж шаһарына қоныс аудара бастаған еді. Ал, Стейнбек болса алысқа ат сабылтуды қаламады. Ол өзінің шағын ортасындағы қарапайым адамдардың күрделі мінезі мен ауыр өмірін зерттеді. Солардың күйбең тіршілігін суыртпақтап жазып, өзінің бөлекше америкалық қаламгерге тән биігін сомдады.

Стейнбектің «Тышқан мен адам хақында» хикаяты Джордж және Ленни есімді екі жалдамалы жұмысшының басынан өткен уақиғасы туралы. Әңгіме екеуінің жұмыс іздеп белгі бір шаруа қожалығына келуінен басталады. Ленни қара күштің иесі. Сонысына қарамастан жандүниесі нәзік, баладай сенгіш һәм аңғал, тіпті оны ақыл-есі кем бе деп те ойлайсың. Осының бәріне қарамастан ол ерекше мейірімді һәм қорғансыз. Ал Джордж елгезек, істің жөнін білетін, досқа адал, ақ жүрек азамат. Екеуі үнемі бір жүріп, бірге тұрып жұмыс істейді. Джордж барынша Ленниге бас-көз болып, қарайласып жүреді. Екеуінің туысқан жақындығы да бар. Сөйтіп олар әдеттегідей белгілі бір шаруа қожалығына жұмысқа келеді. Өздері сияқты жалдамалы жұмыскерлермен бірге таңнан кешке дейін азапты жұмысқа жегіледі. Әңгіме осы жерден бастап күрделене бастайды. Ақыры ерен күштің иесі, бірақ біреуге әдейі қол көтермейтін, ешкімге қастандығы жоқ Джордж қожалық иесінің келінін абайсызда өлтіріп қояды. Өзінің не бүлдіргенін білген Ленни ранчоны тастап қашады. Болған уақиға бүкіл ранчоны дүрліктіріп, елді аяғынан тік тұрғызады. Ақыры Джордж алысқа ұзап қаша алмаған Ленниді тығылып отырған жерінен тауып алады да, көзінің жасы сорғалап отырып, оны басқа әңгімеге айналдырып отырып өз қолымен атып тастайды... Шығарманың тұтас құрлымы осы екі жігіттің хикаясы арқылы, сол кездегі Америка қоғамының, тұтас әлемде болып жатқан депрессияның салдарын, адамдардың күйзелісін көрсетеді. Джордж бен Ленни шын мәніндегі дәрменсіз адамдар еді. Олардың бар армандары шағын ғана өздеріне жетерлік шаруа қожалығы, яғни алақандай жер. Сол жерде керекті дәнін егіп, тыныш өмір сүру. Қарапайым адамға керекті ең аласа арман. Соның өзі бұларға қолжетпес биікте. Оны өзара әңгіме ету арқылы ғана айтып, шер тарқасады. Олардың ешқашан орындалмайтын, орындалмайтынын өздері де сезетін армандарын таусыла, ерекше сеніммен әңгімелеуі тұтас шығарманың жанды жері. Ол хикая барысында оқтын-оқтын қайталанып отырады. Қайталанған сайын олардың қанаты сынған құстай хәлдерін көз алдыңа әкеліп отырады. Сондай бір сәттен үзінді оқып көрелік. 

- Джордж, сол ранчо туралы маған әңгімелеп берші,- деп Ленни өтінді.

- Кеше ғана айтып берген ем ғой.

- Мейлі, тағы бір айтшы, айтып берші.

- Ондай болса, былай... оның он акр жері бар,- деді Джордж. – Жел дирмені бар. Кішкентай үйі мен тауық қорасы. Тағы, ас үй мен шағын бақ, онда шие, алма, шабдалы, жаңғақ, сосын әр алуан жидек өседі. Жоңышқа себетін тұсы да бар, суғаруға су молынан жетеді. Шошқа қора да бар...

- Қояндар ше, Джордж!

- Қоян қорасы әзірше жоқ, бірақ бірнеше үйшік жасай салу аса қиын шаруа емес, оларды жоңышқамен асырауыңа болады.

- Қолымнан келеді ол! – деп қолдай кетті Ленни. – Қолымнан келетініне құдай куә!

Джордж пасьянс жайғанды тоқтатты. Даусы бірте-бірте жұмсара түсті.

- Шошқа ұстауымызға болады. Баяғыдағы атамдікіндей ыстағыш саламыз, шошқаны сойып, майы мен қоң етін ыстап, сүр жасаймыз. Ал өзенге күмжі балық көтерілгенде оларды топырлата ұстап, тұздап, ыстаймыз. Таңғы асқа жейтін боламыз. Ысталған күмжінің етінен тәтті дүниеде еш нәрсе жоқ. Жеміс-жидек пісе бастаған кезде өзімізге жетерліктей етіп әзірлеп аламыз, қызанақты да, оның түк қиындығы жоқ. Жексенбіге қарай, бір тауық немесе қоян соямыз. Сондай-ақ сиыр яки ешкі ұстауымыз да мүмкін. Оның кілегейі сондай қалың, Бақ-Бақ шал да көзін алмады.

Сосын Ленни ақырын ғана күбір етті.

- Біз өзімізге-өзіміз қожа боламыз.

- Енді қалай деп ең, - деді Джордж. – Біздің бақшамызда жемістің сан түрі болады, егер виски ішкіміз келсе, он шақты жұмыртқаны немесе аздап сүт, әлде тағы бір нәрсені сата саламыз. Сөйтіп, өзіміздің ранчомызда рахат өмір кешеміз. Ешқайда тентіремей, қайдағы бір жапонның ботқасын жемейтін боламыз. Бізден аулақ жүр енді туысқан, біздің өз баспанамыз бар дейміз, ендігәрі бараққа түнемейміз. 

- Үйіміз туралы айтшы, Джордж. – деп тағы өтінді Ленни.

- Әлбетте, біздің өз үйіміз болады, ұйықтайтын бөлмеде жайлы төсек тұрады. Қарны шртиған темір пеш, одан қыс бойы дүрілдеп от кетпейді. Ранчоға тиісті жер онша үлкен емес, сондықтан аса бел талдыра қоймаспыз. Әрі кеткенде күніне алты-жеті сағат шығар. Он бір сағат бойы арпа қаптаудан құтыламыз. Астық піскен кезде ысырапсыз жинап аламыз. Сөйтіп, еңбегіміздің зейнетін өзіміз көреміз.

Міне олардың бар арманы, тіршілігінің бар құны мен күш-қуаты, өмірлерінің бар мұраты осындай қарапайым да, жайдақ ғана. Оны арман деуге, өмір сүрудің тірегі деуге ауыз бармайды. Олар ешкімнен ештеңе күтпейді. Олар тек өз күштеріне ғана сенеді.  Екі қол, бір күректеріне ғана сүйенеді. Ал сондай жәй ғана қарабайыр тұрмысыңа керекті дүниенің аспандағы айды алумен бірдей дәрменсіз болуы қанадай ауыр, қандай аяныш. қандай қораш. Адамзат баласы өзінің даму тарихында осындай да сүркейлі кезді бастан кешкен. Стейнбек өзінің кейіпкерлерінің шағын диологтары арқылы олардың жанәлемін ақтарып, тұтас қоғамның қоясын қопарады. Автор өз заманы құрған мемлекеттік жүйенің өз адамдарын қандай жаралы күйге түсіргенін жаны ауыра отырып жазады. Бірақ оны шығармасында сездірмейді, қандауырмен шабақтамайды. Жай ғана өмірдің өзіндей шынайы ілтипатпен баяндап береді. Сосын да Стейнбектің шығармалары уақыт озыған сайын өз оқырмандарын үнемі жаңартумен келеді. Сөз соңында осы ойымыздың ұшығын одан ары сабақтай түсу үшін белгілі әдебиеттанушы Ақерке Асан замандасымызға сөз береміз. 

«...Спокойно ждем
Мы счастья, а судьба несет
Невзгоду в дом...»

Роберт Бёрнс

Адамдар мен тышқандар...

Америка оқу бағдарламасының ең беделді авторларының бірі Стейнбектің қазақ оқырмандарына жақын екенін байқадым. 1937 жылы жарыққа шыққан «Адамдар мен тышқандар туралы» повесі ұлы депрессия көңіл-күйін барынша шебер жеткізген шығарма деуге болады. Ал әлеуметтік желілерде Стейнбекті қазақтың көші-қон кешкен Істенбектер әулетінен шыққаны туралы мифті көзім шалып қалғанда, бұл аңыздың ақиқатқа үйлеспейтінін түсінсем де, жазушының қазаққа жақындығын тағы бір мәрте еске алған едім.

Үлкен тарихи оқиғалар оқулықтар мен монографиялардың парақтарында басылған жай ғана даталарға айналса, әдебиетте адамзаттың мұңына ұласатыны сөзсіз. ХХ ғасырдың 30-жылдары орын алған экономикалық дағдарыс қазір көш басында жүрген Америка мен Еуропаны есеңгіретіп жіберіп еді. Стейнбектің әдеби миссиясы да осы кезеңге дөп келді. Автордың «The Grapes of Wrath» романы осы орайда үздік деп бағалануы да орынды. Ал ақын Роберт Бёрнстың өлеңінен төгілтіп, көлемі жағынан шағын жазылған Адамдар мен тышқандар туралы повестің бағасы дәл қазір біз үшін артық болып тұрғандай. Мемлекеттің шаңырағы төмендеп, халықтың тынысы тарылған шақта екі жұмысшы Джордж пен Леннидің Калифорнияның алтын дәнді даласын кезіп, ен далада қиялға беріліп, арман қуған әңгімелеріне еріксіз сенгіміз келеді. Біз де бір күні өз тұрағымызды табармыз... Біз де бір күні дөкөйлерге жалданбай, өз өмірімізді сүрерміз дейді Стейнбектің кейіпкерлері. Араға жүз жыл салса да, адамзатты әлі сол арман алдап келе жатқанын түсінгенде жүрек қысылады...

Стейнбектің пейзажы ғажап. Қаламынан нұр тамған Оралханды оқып өскен бізге жағатыны белгілі. Ұлы Әдебиет сонда дүниенің бір шетіндегі Калифорниямен қазақ даласын солай жақындатады екен ғой. Демек, бізге жаһандану емес, кітап оқу қажет.

Сюжеттің басында, Чеховше айтатын болсақ, қабырғада ілулі тұрған мылтық, күндердің бір күні іске кірісетінін сеземіз бәріміз. Бірақ сол мылтықтың оқырманның жүрегінен дәл көздегенін Стейнбектің «Адамдар мен тышқандар туралы» повесінен әбден сездім. Ендеше, сіз де оқып көріңіз, аяулы оқырман…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар