Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
«Бізден кейін де өмір бар, әділ болайық, жігіттер!...

11.07.2024 1294

«Бізден кейін де өмір бар, әділ болайық, жігіттер!..»  Әлия Бөпежанова 14+

«Бізден кейін де өмір бар, әділ болайық, жігіттер!..»  Әлия Бөпежанова - adebiportal.kz

немесе Асқар Сүлейменов қалай Мемлекеттік сыйлық  иегері атанғаны туралы  аз-кем сөз…

Белгілі журналист Қызжібек Бәкірмен Асекең туралы көлемді сұхбатымыздың осы үзіндісін оқырманға   ұсынсам ба, жоқ па деп біраз ойлана келе, ұсынуды жөн көрдім. Өйткені қазір әдебиет пен өнерден Республика Мемлекеттік сыйлығына іріктеуден өткен шығармаларды талқылау өтіп жатыр. «Сыйлыққа  әркімнің-ақ бар таласы...» болып тұрған кез. Биыл сыйлыққа әдебиеттен он бес, өнерден алты (ұжымдық жұмыстармен қоса) үміткер бар. Бұл аз ба, көп пе? Дәстүрлі үрдіс,  талқылау-таңдауларға салғанда бұл көп сияқты, өйткені талап жоғары, іріктеу қатаң болуы керектей.  Ал, енді, бір есептен,  өзін Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықпын деп додаға қосылған азаматтардың «эгосын» түсінуге тырыса отырып, тәуелсіз еліміздің таланттары, шаппайберлері көп болса - оның несі айып деген де ойға қаласыз. Кім мәреге жетеді – уақыт көрсетеді. Қалай дегенде де осы үміткерлердің нағыз лайықтары алса деген тілек біздікі (кезінде мәртебелі сыйлық Гер-аға, Бельгер мен Мұрат Әуезов сынды мықтыларға «бұйырмай» қалғаны белгілі.) Мемлекеттік сыйлық – шүлен тарату емес. Мықтының мықтысын таңдай алу  Мемлекеттік комиссия мүшелерінің білім-білік, таным-таразысына, тіпті Тұлғалық деңгейіне де сын. Ендігі әңгіме көрнекті суреткер, марқұм  Асқар Сүлейменов шығармашылығының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы мен берілуінің қиын-қиыр жолдары және  осы жолда сол кездегі Мемлекеттік комиссия мүшелері, көрнекті драматург Қалтай Мұхамеджанов пен көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің Тұлғалық деңгейлерінің шешуші роль атқарғаны туралы. 

- Көрнекті жазушы-драматург, сыншы, аудармашы Асқар Сүлейменовке Мемлекеттік сыйлық «Ситуациялар» триптихі үшін 1996 жылы, өзі дүниеден кешкеннен төрт жылдан соң берілді. Бұл мәртебелі сыйлықтың дүние салған суреткерге алғаш рет берілуі болса керек.  Осының жөн-жосығын айтып берсеңіз. 

- Ия,  солай. Асекең бұл қатардағы алғашқы лауреат. Одан бұрын  Мемлекеттік сыйлыққа 1984-жылы М.Мақатаев ұсынылған. Бірақ құдыретті ақынға сыйлық сол жолы емес, 2000-жылы берілді. Бұдан кейін және ең соңғы рет 2010 жылы Мемлекеттік сыйлық Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовке берілді. Ал, Асекеңнің лауреат болуы жатқан бір тарих. Асекең ойламаған жерден дүние салғанда оны бүткіл қоғам жоқтады, өзекті өкініш өртеді. Мен үшін де сол өкініштердің бірі - шығармашылығының лайықты бағасын алмауы еді.  Әлі есімде, Асекеңді 1994 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы Қалихан (Ысқақ) ағамен пікірлескенімде, ұсынылатын кітабының шыққанына екі жыл өтуі керектігін айтты. Асекеңнің «Адасқағы» 1988-де шыққан, ал, «Бесатары» әлі баспада жатыр еді (біз көп күткен бұл жинақ Асекең дүние салған соң төрт жылдан кейін аз ғана тиражбен шықты).  1995 жылы сәуір айында М.Әуезов театрында А.Сүлейменовті еске алу кештерін өткіздік, осы театрда белгілі режиссер Ә.Рахимов сахналанған «Ситуациялар» триптихін («Төрт тақта – жайнамаз», «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтарын) үш күн қатарынан көрсеттік. Ол кезде  мен «Қазақ әдебиеті» газеті өнер бөлімінің меңгерушілігімен қатар осы театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететінмін. (Екі жерде жұмыс істеу оңай емес, Әсмәні ұйықтатқан соң түннің бір уағына дейін газетке мақала жазамын, Асекеңнің кітаптарын дайындап, машинкаға басамын. Қолым қалт етсе Әсмәмен Айтотыға барамын, әйтеуір бір тыным таппаушы едім. Сол кездегі күш-қажырыма өзім қазір таң қаламын. Шамасы, Асекеңмен кеткен кеңістікті толтырмақ қарекетім болса керек.) Еске алу кештері өте жақсы өтті, үлкен ғалымдар, сыншылар керемет пікірлер айтты. «Асекеңді Мемлекеттік сыйлыққа осы «Ситуациялар» триптихі арқылы ұсынуға болады-ау» деген ой маған сол кезде келген еді. Бұл ойымды  ең алдымен Зейнолла ағаға (Серікқалиев) айттым.  «Дұрыс, - деді сонда Зейнолла аға сенімді түрде.  - Асқарға сыйлықтың қажеті жоқ, бірақ, шығармашылығы Мемлекет тарапынан бағалануы, мойындалуы шарт, бұл, әрі-беріден соң жас ұрпаққа, келешек ұрпаққа керек». Сонымен Асекеңді Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну атты үлкен жобаны бастап кеттік. Асекеңнің іні досы, режиссер Әубәкірмен, сол кезде театрдың басшысы, Асекеңді қатты сыйлайтын Тұңғышбаймен (Жаманқұлов) пікірлесіп, келістік. Сонсоң театрдың Көркемдік кеңесінің шешімімен – драматург А.Сүлейменовті, режиссер Ә.Рахимовті, актерлер Т.Мейрамов, З.Шәріпова, Ж.Медетбаевтарды Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлікке ұсындық. Абырой болғанда, сол жылы Мемлекеттік сыйлық комиссиясының өнер секциясына мүше болдым (кандидатурамды ұсынған жас әріптес-дос, талантты жазушы-драматург, сыншы, сол кезде Министрлер Кеңесінің жауапты қызметкері  Ермек Аманша ма деймін.)  Комиссияда да бүкіл процестің қалай өткеніне куә болдым. 

Спектакльдер үміткерлікке өтіп, талқылау басталғанда Республикалық баспасөзбен жұмысқа кірістім, енді айта берсем болады, бір үлкен газеттегі мақаланы өзге автордың атымен (әрине, келісімімен) өзім жаздым, қалғандарын өздерінің қалауы және менің де өтінішіммен танымы мықты азаматтар жазды. 

Зейнолла аға комиссия мүшелерімен пікірлесе бастады. Ең алдымен, Қалаға, Қалтай Мұхамеджановпен сөйлесті. Қалаға Асекеңді қатты сыйлайтын, қолдайтынын айтыпты.  (Еске түсіп отыр, кейінірек, 1998 жылдың көктемінде Асекеңнің 60 жылдығын өткізу туралы комиссия мүшелері Одаққа жиналғанда Қалағаның «Асқар құмда (Созақта дегені) өскен банан сияқты ғой» деп күлдіргені бар.)  Комиссияның алғашқы отырысында біздің, яғни Әуезов театрынан тағы бір спектакль – «Шыңғысханмен»  авторы И.Оразбаев, режиссері Б.Атабаев және актер Т.Мейрамовтың ҚазМУ арқылы ұсынылғаны белгілі болды. Мен әріптес, дос-жаран деген азаматтардың мұнысына таң қалдым. Өйткені бір театрдан екі спектакльдің, оны айтасыз, бір актердің, яғни Т.Мейрамовтың екі рет ұсынылуы – Мемлекеттік сыйлық шарттарына келмейтін еді. Комиссия  мүшелерінің бірі бұл туралы сол отырыста айтты да. «Мемлекеттік сыйлықты топтап беру дегенді қою керек», деген пікірлер де болды. Сонымен дауыс беру нәтижесінде  «Шыңғысхан», содан кейін Жезқазған театрында Ж.Хаджиев қойған «Ерте ояндым, ойландым...» спектакльдері келесі турға өтпей қалды. Ал, «Ситуациялардан» тек Асекеңнің кандидатурасы; Ғ.Мүсірепов театрынан ұсынылған «Індет» спектаклінен басты рольдегі актер Д.Жолжақсынов; ал «Көзімнің қарасы» фильмінде режиссер С.Нарымбетовтің кандидатуралары ғана өтті. Спектакль, көркем фильм қалай дегенде де ұжымдық жұмыс, сондықтан онда бір-бір ғана адамның кандидатурасын талқыға жіберу, әрине, дұрыс емес-ті. Бірақ, «машина іске қосылды», енді артқа жол жоқ еді. 

- Бір сөзіңізде «Сол жолы Асекеңе Мемлекеттік сыйлық бұйырмауы да мүмкін еді» деп едіңіз... 

- Шынында да солай. Ең қызығы – комиссияның ең соңғы отырысында болды. Отырыс соңында дауыс беру басталды. Санақ комиссиясының құрамында, үш адам - белгілі актриса, Асекең шығармашылығын қатты бағалаған Г.Қазақбаева, белгілі дирижер Т.Әбдірашев, үшіншісі, қателеспесем, белгілі әнші Қ. Байбосынов болды ғой деймін. Санақ нәтижесінде С.Нарымбетов пен Д.Жолжақсынов тиісті межеден өтті. Асекеңе тиісті межеден өтуге екі дауыс жетпеді, ал, негізінен қарсы дауыс бергендер саны төртеу (Кімдер қарсы дауыс бергенін іштей сездім, бірақ, оларға  не дерсің...).  

Санақ комиссиясы Асекеңе байланысты нәтижені айтқанда  үлкен кабинетте өте бір жайсыз тыныштық орнады. Менің жаным шығып барады. Комиссия әні-міне тарағалы тұр, тарап кетсе бәрі бітті!..  Үнсіздік созылып кеткен соң  «Мәртебелі комиссия!» деп, орнымнан тұруға енді оқтала бергенімде, «Ай, жігіттер!» деген жұмсақ бір дауыс естілді.  Айналып кетейін Қалаға, Қалтай Мұхамеджановтың дауысы. 

 «Жігіттер, бәрі дұрыс қой, - деді Қалаға. – Бәрі дұрыс. Бірақ, мен айтқалы тұрған әңгіме Асқарға, Асқар Сүлейменовке байланысты. Кеше ғана арамызда жүрген Асқардың кім екенін сол кеше де, тап бүгін де біздер әлі толық біліп-тани алған жоқпыз. Асқар Сүлейменов – ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ топырағында жаңа сапалы өнер, жаңа әдебиет жасаған үлкен тұлға. Келер ұрпақ Асқардың шалқар кеңістігінен сусындары анық. Басқа басқа, Асқарға сыйлық бере алмасақ – ар-ақиқат алдында қиянат жасағанымыз... Келер ұрпақтың алдында қарабет болмайық (Қалаға тура осылай деді!). Бізден кейін де өмір бар, осыны ұмытпайық, әділ болайық, жігіттер! Мен Асқардың кандидатурасын қайтадан жабық дауысқа салуларыңызды аса сұранамын. Меніңше, өзгелердің еш таласы болмауы тиіс» деп барып тоқтады. Сол сәтте Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов орнынан ұшып тұрды. «Қалаға прав, в тысячу раз прав! Мен бұл пікірге қосыламын. Асқардың қазақ өнері үшін орны бөлек. Ол өз уақытынан асып туған азамат. Шынын айтайын, мен Асқармен дос болған жоқпын, қайта ол менің тұсымда театрдан жұмыстан кетті. Бірақ, Асқарға Мемлекеттік сыйлық берілуі керек...» 

Комиссия мүшелерінің ешқайсысы да  бұл пікірлерге қарсы дау-уәж айта алмай, Асекеңнің кандидатурасы қайтадан жабық дауысқа салынды. Нәтижесі жүз пайыз! Мемлекеттік сыйлықты, ең алдымен, Асекеңнің өз шығармашылығы жеңіп алды. Дей тұрғанда Қалтай Мұхамеджанов пен Әзірбайжан Мәмбетовтің сол  аталы сөздері де тікелей себеп болды!  Олар сол аталы сөзін айтпағанда Асекеңнің кандидатурасы өтпеуі әбден мүмкін еді.  Бұл – 1996 жылдың 19-желтоқсаны күні, кешкі сағат жетілер шамасы.  Тап осы күні. М.Әуезов театры 70 жылдық салтанатының екінші кеші өтіп жатқан. Парламенттен алыс емес үйге жаяу тарттым.  Жапалақтап қар жауып тұрды, жүріп келем, әйтеуір бір әділдік орнағанына көңілім шат болып келеді. Ол кезде ұялы байланыс деген жоқ, үйге кірісімен Зейнолла ағаға телефон соқтым. «Аға, сүйінші, досыңыз лауреат болды!» «Айналайын, бұл просто... просто керемет болды, просто...» деп қатты қуанды Зейнолла аға. Артынша телефон шылдырады. Иран-Ғайып екен – қуана құттықтады. Содан өзім тағы үш-төрт жерге телефон соғып, қуанышыммен бөлістім де, театрға тарттым. Театрдағылар қатты қуанды. Сахнадан «Құрметті халайық! Асқар Сүлейменов М.Әуезов театры сахнасында қойылған пьесалары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  атанды!» деп хабарланғанда бүкіл зал дүркірей қол соқты. 

- Сыйлықты Республика Президенті тапсырды ғой. 

Ия. Онда Алматы астана мәртебесінде. 1996 жылдың 27 желтоқсаны күні таңертең маған жұмысқа тиісті қызметкерлер хабарласты. «Ертең Республика Президенті Мемлекеттік сыйлықтарды тапсырады. Құжаттық толық мәліметтеріңіз керек.»  «Өте қуанышты хабар. Бірақ, сыйлықты алуға анасы барғаны дұрыс шығар. Жасы келген, өмірін ұлына арнаған ана ғой. Бірақ, ауырыңқырап қалып еді, алдымен хабарласып алайын» дедім. «Әлия, сен қызық екенсің, өзің бармайсың ба?» десті сонда кабинетте отырған жігіттер.  Олардыкі де дұрыс, бірақ, қалай дегенде де Айтотының баратын реті. «Ұлының мәртебесі жоғары екенін өз көзімен бір көрсін» деп ойладым. Өйткені Асекең қайтарынан бірер ай бұрын: «Айтоты маған ырза емес...» дегені есімде.  28-желтоқсанда Айтоты Президент Н.Назарбаевтың қолынан ұлының сыйлығын алып, бірге суретке түсіп, жұрттың көл-көсір көңіліне ырза болып, аса қанаттанып оралды. Сол жолы «Абай» энциклопедиясы үшін жеті адамдық авторлық ұжым да сыйлық алған. Лауреаттардың бірі, қазақтың арда азаматы, кейін мемлекет қайраткері,  академик  Мұхтар Құл-Мұхаммед еді. Асекең үшін де ерекше қуанған ол сыйлық қаржысын Айтотыға беріпті. Ертеңіне Асекеңнің туған күні, кешке туған-туыс, дос-жараны  жиналып, керемет  отырыс болды. Асқар бір сәтке қайта оралғандай бәріміз ерекше бір  күй кештік. Сол кеште, ол кезде «Атамұра» корпорациясының президенті  Мұхтар Асекең туралы естелік кітапты шығаруға уәде берді. Нәтижесінде «Парасат падишасы» атты сол керемет  жинақ 1999 жылы «Атамұрадан» жарық көрді.  Асекеңнің 60 жылдық мерейтой салтанаты 1999-жылдың Наурыз мерекесі қарсаңында М.Әуезов театры сахнасында жақсы өтті. Мұхтар  «мерейтойға тартуымыз болсын» деп, «Парасат падишасының» 200 данасын берген-ді. Мазмұнды да көркем жинақты «Достық» қонақ үйінің мейрамханасында Асекеңнің ұлы Әлішер жайған еске алу дастарханында болған қадірлі қонақтарға сыйға тарттық. Жаңа жылда Саудакенттен «Айтотыны ұлының лауреаттығымен әрі Жаңа жылымен құттықтайын» деп анам Шырынгүл арнайы келді. Әдеттегідей дастархан жайылып, өте жақсы сыйлас анам екеуі әңгімелесіп отырды. Ет желініп, шай ішіліп бола бергенде Айтоты шарт байланған бір түйіншек әкелді. «Әлия, өткенде қарбалас болып кетті ғой,  мынау Асқардың сыйлығының ақшасы, 350 мың теңге екен, Қарагөз дөлләр (Айтоты дөлләр деуші еді) дей ме, соған ауыстырып, 6 мың 200 шығыпты. Осыдан қажетінше Әсмәға ал, қалғанын Асқардың зиратына жаратсақ, деп отырмын» деді.  Сыйлықтың ақшасы болады дегенді ойламаппын, біртүрлі абдырап қалдым, Дастархан басында үнсіздік орнады. Қиын кез еді дедім ғой, екі жерде жұмыс жасасам да еңбекақым аз, қаламақы деген көзден бұлбұл ұшқан. Тиісті бөлігін алып, Әсмәнің қажетіне жаратсам ештеңесі болмас еді. Алайда оны жөн көрмедім, «бөліп-жарып қайтемін, Асекеңнің зиратына жұмсалсын» дедім. Сонда Айтоты түйіншекті үстелден алып қойды да, «онда мына қағазы мен ордені Әсмәға әкесінен ескерткіш болсын»  деп лауреаттық диплом мен төсбелгіні берді. Дипломды анам қолымен аялап сипап, ашып оқыды да маған берді. Мен танысқан соң маңдайыма бастым да, төсбелгісімен қосып, сөмкеме салып қойдым. Ол құжат пен төсбелгі содан бері үйіміздің сыйлы сөресінде, арнайы шкатулкада тұрады.

 - Асекеңнің лауреаттық дипломы мен төсбелгісін 80 жылдық мерейтойында, көрмеде көрдік қой. 

- Ия, Мемлекеттік сыйлық дипломы мен төсбелгісі Асекеңнің 80 жылдығына орай 2018 жылы 23-желтоқсанында М.Әуезов театрында өткен еске алу кешіндегі көрмеде  көпшілік назарына алғаш рет ұсынылды. Мерейтой кеші де керемет өтті. Халық көп жиналды. Көрме, баспасөз конференциясынан кейін «Адасқақ» шығармасы бойынша қойылған «Біржанның соңғы әні» спектаклі көрсетілді. Соңынан үлкен дастархан жайылып, Асекең туралы небір естеліктер айтылды. Сондай бір жылы да жарқын кеш. Қатысқандардың барлығы ерекше рухани кеш болғанын айтып ертеңіне телефон соқты. Бұл ретте театр ұжымына үлкен ырзашылық.  А.Сүлейменовті еске алу мерейтой шарасы ертеңіне ұлы Әлішердің ұйымдастыруымен Абай атындағы опера-балет театрында жалғасты. ...Асекең лауреат атанғаннан бері қаншама жыл өтті. Ал, көрнекті суреткердің лауреаттыққа өту-өтпеуі сын болған сол бір жиын еске түссе - Қалтай аға Мұхамеджанов пен Әзірбайжан аға Мәмбетовтің  жарқын тұлғалары мен аталы сөздері жадыда жаңғырады.

-Әңгімеңізге көп рахмет. 

сұхбаттасқан

Қызжібек БӘКІР

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар