«Астана Опера» театры бүгін 7 қыркүйекте XII театр маусымын ресми түрде Kazakh Opera Gala концерттік бағдарламасымен ашпақ. Театрдың бас дирижері, бағдарлама авторы Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестр және опера солистері отандық классиканы орындау шеберлігін паш етпек.
«Көшпенділер ойыны» аясында ұйымдастырылып жатқан мәдени іс-шаралармен қатар, жаңа маусымның ашылу салтанатын өткізгелі отырған бұл жолғы «Астана Операның» жаңа маусым ашары өзгеше концерттік қойылыммен басталмақшы. Осы жайында кеше театрда баспасөз баяны ұйымдастырылып, театр ұжымының дайындығын көзден кешіріп, театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев пен опера труппасының директоры Мейір Байнешті сөзге тартқан едік.
- Бұл жоба біздің музыкаға құштар ата-бабамызға, опералық мәдениетімізді қалыптастырған ұлы тұлғаларға, алғашқы классик композиторларымызға, бірегей құбылыс тудырған қазақ операсының негізін қалаушыларға, сондай-ақ оның беделін нығайтқан кейінгі буын өкілдеріне шексіз құрмет пен зор алғыстың белгісі болып табылады. Композиторларымыз асқан сүйіспеншілікпен жандыра жазды және өз музыкасына ең шынайы да жалынды әуендерді қосуға, халқының мұң-шерін, бастан кешірген орасан көп күйінішін бейнелеуге тырысты. Қайталанбас халық нақыштары мен әуендері тамаша оркестрлік орындауда ерекше әуелесе, «Құрманғазы» операсындағыдай бірегей дала күйлері екпіндете еседі, ал Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің классикалық қазақ әдебиетіндегі асқақ бейнелері Ғазиза Жұбанованың өткір драмалық музыкасында немесе Сыдық Мұхамеджановтың шынайы лирикасында сахналанған кезде терең әсер қалдырады, - дейді жоба авторы, маэстро Алан Бөрібаев.
- Сондай-ақ концертіміз операмызды ұлы композиторлармен бірлесе құрғандардың бәріне, көптеген шығармалардың алғашқы орындаушылары болған әрі авторларын көзі көрген дирижерлер, әншілер, музыканттарға деген сүйіспеншілік пен алғыстың көрінісі болып табылады. Бұл концерт – бүгінде операмыздың өзіндік бет-бейнесін қалыптастырған Манарбек Ержанов, Қанабек және Күләш Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Абай Байтоғаев, Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Байғали Досымжанов, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Эра Епонешникова, Бибігүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Мұрат Мұсабаев, Шора Үмбеталиев, Рахима Жұбатұрова, Хорлан Қалиламбекова, Әлібек Дінішев сынды сахнамыздың аңыз адамдарының, тарихи премьералардың алғашқы дирижерлері Григорий Столяров, Леонид Шаргородский, Ғазиз Доғашев, Валерий Раттер, Тұрғыт Османов, Фуат Мансұров, Төлепберген Әбдірашев және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың шығармашылығына тағзым. Біздің концертіміз – бұл өзіміздің түп тамырымызға оралу, - деп түйіндеді сөзін маэстро.
- Биылғы ашылғалы отырған XII театр маусымымызды Kazakh Opera Gala концерттімен бастағалы отырмыз. Қазақ елінің қазіргі заман мэтрі, маэстросы, опера труппасының жетекші солистері мен театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтің бастауымен Қазақ Гала программасынан қазақтың жауһарлары, біздің төл тіліміздегі операларымыз: Брусиловскийдің «Қыз жібегі», Мұқан Төлебаевтің «Біржан-Сара» операсы, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» сынды операларымен басталғалы отырмыз. Және де тағы бір айта кететіні өкінішке орай көп орындалмай жүрген Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операсы, Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операларын да қайта жаңғыртып орындауды қолға алып отырмыз.
Биылғы жыл Астанада қыркүйектің сегізі күні «Көшпенділер ойындары» ашылатын болса, біз соған орай жетсі күніне арнап Kazakh Opera Gala қойып отырмыз. Себебі, бұл мәдени шараға шетелден келетін қаншама қонақтарымыз бар. Олардың біздің театрға тамашалап келіп, біздің өнерімізбен, опера тарихымызбен танысып, көзайым болсын деп келген қонақтарға өзіміздің төл операларымыздан үзінділер көрсетіп, өзіміздің қазақтың өнерімен таныстыру деген насихат жасағалы отырмыз.
Дайындалуға келетін болсақ, бұл дайындыққа бізде он бесінші тамыздан бері бастадық. Жұмысқа шыққалы осы жаңа маусымға қауырт дайындыққа кірісіп кеттік. Енді қатысатын адамдарға келетін болсақ, мамандар қазіргі біздің бетке ұстар, солистеріміз Жанат Шыбықбаев ағамыз бастаған Жұпар Ғабдуллина Бибігүл Жанұзақ сынды әріптестеріміз бар және де осы кісілерге қарап бой түзеп өсіп келе жатқан жаңа буын жас солистеріміз бар. Ол деген біздің жастарымыз үшін келешекке ала кететін үлкен тәжирбесі болатынына сенімдімін.
Бұл Kazakh Opera Gala концерті бір рет қана қойылатын іс-шара емес. Осы маусымда қазақстанның 4 қаласына барамыз деген жоспар құрып отырмыз. Ал, шетелге гастрольдік сапармен шығу туралы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұйыртса көре жатармыз.
Ал, «Көшпенділер ойнының» ашылу салтанатына және осы ойын барысында өткізілетін бірнеше концертке дауысымен қазақстандық және шетелдік көрерменді тәнті еткен «Астана Опера» опера труппасының жетекші солистері, сондай-ақ әрқашан жоғары деңгейде өнер көрсететін театрдың симфониялық оркестрі, операның балет труппасы мен хор әртістері қатысады.
Kazakh Opera Gala «Астана Операның» алдағы қызықты да сан түрлі XII театр маусымының шымылдығын ашылуына қонақ болып, көрермен ретінде тамашалауларыңызды күтеміз!- деп опера труппасының директоры Мейір Байнеш сөзін түйіндеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.