Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Кадзуо Исигуроның «Жерленген алыбы»...

07.09.2024 795

Кадзуо Исигуроның «Жерленген алыбы» 14+

Кадзуо Исигуроның «Жерленген алыбы» - adebiportal.kz

«Адамның ең үлкен бақыты – ұмыта алуы дейді Ницще. Бәлкім расында жолымызды жалғастыру үшін кей дүниелерден ешқандай сабақ алмай, ешқандай нәтиже шығармай-ақ жай ғана ұмыту керек шығармыз. Әрине, жасаған қателіктерімізді (әрдайым қателік болуы міндетті емес, болған болуы керек болған, болып жатқан оқиғаларымызды) сараптап, онымен бетпе-бет жүздесіп, олармен белгілі бір компрамиске келіп, содан кейін ғана жолға шығуымыз орынды-ақ. Бірақ бұл үнемі осылай бола бере ме?! 

Ұзақ уақытқа созылған емі табылмас дерттей кей оқиғалардың соңы болмайды. Бейне бір самсара шеңбері секілді үздіксіз айналады да тұрады. Мұндайда бұл оқиғалардан қашудың жалғыз жолы – ұмыту» дейтін еді, егер Казуо Исигуроның «Жерленген алып» романындағы Король Артурдың оң қолы Мэрлин бүгінгі заманда өмір сүрген болса. Бірақ біздің заманда өмір сүрмегеніне қарамастан, ешқандай шешімі табылмаған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ағылшындықтар мен саксокдықтардың арасындағы соғысты тоқтату үшін Мэрлин, Исигуроның романында жазба басында жазған сөйлемдерімізге сәйкес бүкіл халықтың есінен өткенді шығарып жіберетін сиқыр қолданған болады. Осылайша, өткеніндегі қырғи-қабақ соғыстың елесі де қалмай, қоғамның барлығы бақытты және тыныш өмір сүруді мақсат тұрады. Белгілі бір деңгейде Мэрлиннің мұндай шешімі қоғамдардың болашағы мен өмір сапасы үшін таптырмас шешімдердің бірі болғанымен, адамдардың «неге?» деген сұрақ қоя алатын күмәні барлық сиқыр мен магиядан биік тұратынын да ұмытпағынмыз жөн. 

Сонымен, осы және осы сарындас оқиғаның шеңберінде Нобель сыйлығының иегері Кадзуо Исигуроның «Жерленген алып» атты романы, бұған дейінгі шығармалары секілді еске түсіру, еске алу, жоғалту, махаббат, кінә, азап және соғыс тақырыптары төңірегінде өрбиді. Сонымен қатар, Исигуро оқырмандары жиі байқайтындай барлық романдарында үнемі өткенге саяхат жасайды. Ол үшін өткен өтпеген секілді, үнемі еске алып отырып өткеннің бастау алған жеріне барғысы келеді.  Дәл осы секілді «Жерленген алыпта» да есте сақтау, еске түсіру мәселесі алдыңғы қатарда орын алады. Дәлірек айтсақ, «Жерленген алып» - ұзақ уақыт бойы көрмеген, тек естеріне еміс-еміс қана түсетін ұлдарының ауылына сапар шеккен қарт ерлі-зайыптылар Аксл мен Беатристің оқиғасын баяндайды. 

Олар өз ауылындағы адамдармен бірге жоғарыда айтқан Мэрлиннің сиқырына сиқырланған жандар. Яғни, ұмытшақтықтың кесірінен жалғыз ұлын да Аксл мен Беатрис ұмытып қалған болып шығады. Бірақ аталған сиқыр жайлы романның соңында ғана айталатынын ескерсек, роман бойынша ауылды басқан қалың тұман жайлы айталды. Сәйкесінше ауылдағы қалың тұманның ішінде жүріп Аксл мен Бетарис және кіл ауыл жұртшылығы естеріне ештеңе сақтай алмайды. Десе де, ауылдың бұл ұмытшақтығы ешкімге ешқандай кедергі келтірген емес. Барлығы күнделікті тіршілігімен айналысып, мамыражай күн кеше береді. Күндердің бір күні қарт жұптар өмірлерінде тағы бір адамның, ұлдарының бар болуы мүмкін екенін ойлай бастайды. Бірақ нақты ұлдарының бар яки жоқ екеніне де сенімді болмайды. Ақыр аяғында ұлдарының бар екенін, бірақ қайда және қашан жоққа айналғанын білмей дал болады. Міне, осындай ішкі теке-тірестің нәтижесінде Аксл мен Бетарис ұлдарын іздеп көрші ауылға жолға шығады. Жолға шыққанымен де ұлдарының бар және оның кетіп қалғанынан басқа ештеңені естеріне түсіре алмайды. Осылайша, Козуо Исигуроның таңғажайып толы романы есіктен имене кірген қонақтай бастау алады. 

Әлқисса, Кадзуо Исигуро (жапон. かずお・いしぐろ («Казуо Ишигуро») немесе 石黒一雄 («Ишигуро Кадзуо»)- жапон текті ағылшын жазушысы, қазіргі ағылшын әдебиетінің ең танымал жазушыларының бірі. 2017 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын жеңіп алу арқылы өзінің танымалдылығын одан да арттырды десек қате болмас.  1954 жылы Нагасакиде дүниеге келген Исигуро 1960 жылы отбасымен Англияға көшіп келіп, осында білім алып, 1982 жылы Ұлыбритания азаматтығын алады. 

Өзге қоғамдар секілді қазақ қоғамында да оның ең танымал романдары деп «Өткен күннің қалдығы», «Жетім болған кездеріміз» және «Мені ешқашан тастама» атты шығармаларын айтсақ болады. Міне, осы романдарын кейін жазылған, біздің зерттеу объектіміз ретінде алынып отырған «Жерленген алып» (2015) шығармасында да басқа шығармаларындағы секілді жоғарыда айтқанымыздай соғыс пен күрес, жоғалтулар мен махаббат және ұмыту мен еске алу сынды концептілер аясында жазылған. 

Яғни, аталған ұғымдар «Жерленген алыптың» да эпицентрінде орналасып, баяндаушылар мен кейіпкерлер өткенді еске түсіру арқылы яки ұмыту мен жоғалту арқылы сол өткеннің өзіне оралғысы келеді. Тіпті автор 2005 жылы «Never Let Me Go» дистопиялық романын жариялағаннан кейін «Der Spiegel» журналында жарияланған сұхбатында да оқырмандардың жиі байқайтын осынау «еске сақтау», «ұмыту» сынды ұғымдар бойынша сұрақтарына төмендегідей жауап беріп еді:

-Есте сақтау тақырыбы мені бұрыннан қызықтыратын, тіпті әлі де мені қызықтырады деп айтсам болады. Ал ендігі мақсатым – қоғамның немесе ұлттың жекелей адамдары қалай есте сақтайтыны немесе ұмытатыны туралы жазу. Есте сақтау яки ұмыту қашан және қай кезде адам өміріне пайдалы? Меніңше, бұл шынымен назар аударатын маңызды мәселелердің бірі. 

Көріп отырғанымыздай, сұхбатта берген жауабы да біздің автордың шығармаларында байқаған ерекшеліктерді белгілі бір деңгейде растап тұрғандай. Десе де, Исигуроның соңғы романында бұл ұғымдарды ұғымдық шекарасын кеңейтіп, жалпы ұмыту немесе есте сақтау қоғамның болашағына, ондағы индивидтердің өміріне қаншалықты деңгейде ықпал етеді? Индивидті жад пен коллективті жадтың мұндайда атқаратын қызметі мен маңызы қандай? Әрісі егерде ұмытылған дүниелер қайтадан еске түсетін болса, естеліктеріміздің жаман-жақсысын сұрыптай аламыз ба? Әлде еске түсіру адамның монотонды тыныш өмірінің астан-кестеңін шығара ма? Егер қоғамдық өмір өткенді ұмытып бірізділеніп болашаққа бастау алса, ұмытылғандары еске алудың қажеті қанша? – сынды сұрақтарға жауап іздейді. Бұл үшін басты кейіпкер ретінде Аксл мен Беатрис сынды қарт кейіпкерлерді таңдауы да маңызды. Себебі жастарға қарттарға салыстырғанда өткен маңызды болып көрінбеуі мүмкін. Яғни, жастардың өткені алда, олардың көрер, татар дәмі алда болады. Ал қарт кісілерге өткеннің маңызы жоғары. Себебі олардың алдарынан өткен шықпайды. Міне, осындай кішкентай детальдарды есепке алғанда автордың романда кейіпкер ретінде екі қарт кісіні алуы өте оңтайлы шешім болған деуге болады.

Жалпы роман қазіргі шақта емес, сонау бесінші ғасырда Ұлыбританияда өтеді. Дәлірек айтсақ, Король Артур қайтыс болғаннан кейін британдықтар мен саксондар өмір сүретін ауылда орын алады. Автор сол кезеңдегі Англияны сипаттай отырып, өмірдің қаншалықты қиын болғаны туралы былайша суреттейді:

Ол кезде кейінгі кезеңдерде Англия дегенде ойға оралатын бұралаң қара жолдар мен тыныш шалғындарды кездестіру қиын еді. Егіссіз, қаңырап бос жатқан жерлер бірнеше шақырымға созылып, анда-мында ойлы-қырлы жолдар тік төбелерді немесе жалаң далаларды кесіп өтетін. Римдіктерден қалған жолдардың көпшілігі қазір қираған, кейбіреулері шөп басып, қырлардан еш айырмашылығы жоқ болатын. Өзендер мен батпақтарды тұман басып, халқы әлі күнге дейін өмір сүретін құбыжықтың құрсауда күн кешетін.... Бірақ мұндай құбыжықтар ешкімді таң қалдырмайтыны және бар. Бұл құбыжықтар сол кездегі адамдар үшін күнделікті қарапайым қауіптер қатарында орын алатын. Десе де, адамдардың құбыжықпен айналысар уақыты да жоқ еді десек болады. Себебі олар құбыжықтан гөрі, сортаң топырақтан азық алу, отын табу, бір күнде он шошқаны өлтіріп, балалардың бетіндегі жасыл бөртпемен күресу сынды проблемалары әлдеқайда маңызды болатын. (Романнан аударма жазба авторына тиесілі)

Үзіндіден де көрініп тұрғандай құбыжықтар да, перілер мен елестер де қарапайым адам қатарында орын алады немесе адамдар олардан тылсым жаратылыс ретінде қорықпайды. Яғни, ауыл халықтарының өміріне қарапайым кейіпкерлер ретінде сіңіп кеткені соншалық, оларға ешкім ешқандай қосымша мағына үстеуге талпынбайды. Осындай құбыжықтардың бірі, дәлірек айтсақ, Король Артурдың оң қолы Мэрлиннің  жасаған сиқырынан кейін Кериг айдаһары шығарған дем қалың тұманға айналып ауыл халықтарының барлығын өткеннен айырады. Сәйкесінше барлығы ештеңені есіне алмайтын, тіпті ұмытқанын да ұмытып қалатын хәлге душар болады. Ең қызығы, барлық адам бұл хәліне дән риза, ешкім шағымданбайды.  

Романның ілгерілеген бөлімдерінде Аксл мен Беатрис те ауыл халқы секілді қарапайым өмір сүріп жатқаны бейнеледі. Бірақ ауыл адамдары оларға дұрыс қарамайды, бәлкім дұрыс қараған түрлері осындай болып көрінеді. Яғни, ерлі-зайыптылар үйлерін өртеп алуы мүмкін деген себеппен шырақ бермей қояды. Бірақ Аксл пен Бетарис ауыл халқының бұл әрекетіне өкпелі де, қуанышты да емес. Болуы керек жағдай ретінде күнге кешегі қараңғылықты ұмытып кетіп әр таң сайын «жаңа» өмірге қадап басып отырады. Міне, осындай «жаңа» күндердің бірінше Аксл мен Беатрис ұлы бар екенін бұлдыр-бұлдыр есіне алғандай болады. Бірақ расында ұлын есіне алып жатыр ма, жоқ па; тіпті екеуінің ұлы болған ба болмаған ба; егер ұлы болса өлі ме, тірі ме; бұл сұрақтардың ешқайсысына нақты жауап бере алмайды екеуі. Жауапсыз сұрақтардың ішінде жүріп ерлі-зайыптылар ұлының бар екеніне сеніп, егер ол қасымызда болмаса басқа ауылда, біз сол ауылға баруымыз керек деп жолға шығады. Әрі сапар бойынша ұмытқанымыздарымызды есімізге түсіреміз деп ойлайды. Бұл жерде екі егде тартқан жұптың сапарға шығуы романдағы маңызды детальдардың бірі. Себебі, Аксл пен Беатристің өлімнен басқа ең үлкен қорқынышы өткенді ұмыту. Өлімге де разы болып шыққан жұп ұмытуға әсте шыдай алмақ емес. Қандай жағдай болмасын барлығын естеріне түсіріп өлгісі келеді. Тіпті өткенін еске түсіру үшін өлімге де бас тігіп жолға шығады. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, өткеннің жастар үшін аса құнды емес, өйткені олардың жаңа естеліктерді жасауға көбірек уақыты болады деген танымға саяды. Ал Аксл мен Беатристің алдағы жылдарында, бәлкім айларында мұндай мүмкіндіктері көп емес. Сол себепті де өткен өмірлерін еске алып барып сапарды аяқтағысы келеді екеуі. Бірақ екеуі үшін өткенді еске түсіру қаншалықты қиы болса, соншалықты қорқынышты болып көрінеді. Себебі екеуі де өткенінде не істеп не қойғаны белгісіз. Бәлкім олардың ұзақ отбасылық өмірлері де осы ұмытуға тікелей байланысты ма кім білсін?! Не еске түсірер білмей, түскен жағдайда не боларын білмей күдік пен күмәннің ішінде Аксл мен Беатрис сапарларын жалғастыра береді. Бірақ бұл үшін ешкімнен, ешбір жаннан көмек ала алмайды:

«Неліктен Аксл басқа ауыл тұрғындарынан өткенді еске түсіру үшін көмек сұрамайды деп ойлайтын шығарсыз; бұл сіз ойлағандай оңай емес. Өйткені жол бойы ауылдарда да өткен туралы көп айтыла бермейді. Бірақ бұл тыйым салынғандықтан емес. Бұл жерлерде неге екені белгісіз өткеннің барлығы батпақтардың үстіне шөккен тұман көміп қалған. Сол үшін де ауыл тұрғындары өткен өмір тұрмақ, кеше болған оқиғаны да ойлай бермейді». 

Осылайша, жұқпалы ауру секілді барлық ауыл-аймаққа жайылған ұмыту дертінің ішінде жүріп Аксл мен Беатрис ұлдарын іздеуді жалғастыра береді. Бір күні нөсер жаңбырға тап болып, қираған белгісіз бір үйді паналауға тура келеді. Үй ішінде қайықшы мен кемпірге жолығады. Сөйлесе келе, қайықшының жұмысы – адамдарды қарсы жағадағы аралға апару екенін біледі. Бір қарағанда, романдағы аты-жөні жоқ қайықшы кейіпкері грек мифологиясындағы Стикс өзенінде өлгендерді алып бара жатқан қайықшы Харонға сілтеме жасайтын секілді. Арғы жағалауға тек күйеуін ғана өткізгені үшін кәрі кемпір де қайықшының артынан бір елі қалмайды. Кемпірдің бар дерті, күйеуінің соңынан өткісі келеді. Онсыз өмір сүре алмайтынын, одан бөлек жүре алмайтынын, не де болса күйеуімен бірге болғысы келетінін айтады. Бірақ қайықшы кемпірді өткізбейді. Себебі қайықшы олардың ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббаттарына шынымен сенген кезде ғана жұптарды бірге өткізе алады. Яғни, кемпір қанша жалынғанымен де, күйеуі екеуінің махаббаты шынайы емес болатын. Мұны естіген Аксл мен Беатрис те өз махаббаттарын іштей сынай бастайды. Расында, күні ертең барлығын есімізге түсірген уақытта да дәл осылай бір-бірімізді сүюді жалғастыра аламыз ба? –деп ойлай бастайды. 

Олар жолын жалғастыра бергенде, тағы бір бейтаныс адам жолып, Аксл мен Беатриске Құдайдың өзі өткен оқиғаларды ұмытып кеткенін айтады. Сондықтан, Құдайдың ойында ештеңе жоқ болса, адамдардың ойында бірдеңе қалуы мүмкін емес деп ерлі-зайыптыларды шатастырады. Беатрис мұндай нәрсе мүмкін емес деп санайды. Өйткені адамдар Құдайдың ең сүйікті перзенттері және Құдай шынымен де адамдардың не істегенін, не бастан кешкенін ұмыта алмайды. Әрі кетке Құдай адамдардың істеген ісіне ашулануы мүмкін, сол үшін кей затты ұмытуы ықтимал, бірақ бұлайша барлық өткенді ойымыздан шығарып тастауы немесе өзі ұмытып кетуі мүмкін емес дейді Беатрис. Осылайша, жолда олар қайықшы, жесір кемпір және бейтаныс адамнан басқа бірнеше адамдарды кездестіреді. Дәлірек айтсақ, жетім бала; Эдвин, саксондық жауынгер; Вистан мен патша Артурдың немере інісі сэр Гавайн олардың сапарында бірге жүреді. Мұндағы Вистан мен Гавайн Акслды білетін секілді, дұрысы танитын секілді бір жерден көрген секілді болады. Бірақ естеріне түсіре алмайды. Оқиғалардың ілгерілеген бөлімдеріндегі кейбір детальдарға байланысты Акслдің де уақытында Артур патшаның адамдарының бірі болуы мүмкін деген болжамға келеміз. Бірақ бұл нақты романда айтылмайды.

Жол бойыдағы Аксл мен Бетаристің айналасындағы ең маңызды кейіпкерлер ретінде Вистан мен Сэр Гавайды айтуға болады. Вистанға кіл халықтың есінен айырып, өткенін демімен өшіріп жатқан Кериг айдаһарын өлтіру тапсырылған болса, Сэр Гавайн да бастапқыда дәл осындай миссиямен келе жатқаны айтылады. Алайда романның соңғы бөлімдерінде Сэр Гавайнның айдаһарды өлтіру үшін емес, оны қорғауға жауапты екенін білеміз. Жылдар бойы халықтар арасындағы тыныштық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін барлық өткенді ұмыттырып келген айдаһардың өміріне Сэр Гавайн жауапты болып шығады. Бірақ Вистанның қуатының алдында кәрі Гавайнның күші сарқылып, екеуара соғыс кезінде Вистан сэр Гавайнды өлтіреді. Ендігі айдаһарды қорғайтын ешкім жоғын ескерсек, барлық ұмытулардың себебіне айналған айдаһар да Вистанның қолынан ажал құшады. Осылайша, жылдар бойы есінен айрылған барлық халық өткеніне қауышып, ұмыт болған оқиғаларды бірте-бірте естеріне түсіре бастайды. Бір қарағанда өткенімен қауышып өздерінің кім екендерін тани бастаған халықтар екінші жағынан әлі есептесіп болмаған өткеннің кейбір бөлшектерімен бетпе-бет жолығуына, дәлірек айтсақ, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан британ-саксон соғысын еске түсірулеріне тура келеді. Бұл туралы романның мына бір үзіндісінен оқуға болады:

...Адамдар түнде көршілерінің үйін өртеп жібереді. Таң ата балаларды ағаштарға асады. Өзендер су бетіне қалқып шыққан ісінген өліктерге толып, мүңки бастайды. (...) Ал біздің әскерлер кек алу үшін дайындалып көбейе береді. Британдықтардың үстіне ашу алауы шаршып тұр. Не қашып құтыласың, не өлесің. 

Айналада болып жатқан мұндай хаоспен бірге Аксл мен Бетарис те кей оқиғаларды есіне түсіре бастайды. Мысалы, жолға шығуға себеп болған ұлдарын ешқашан таба алмайтыны, оның өмірде жоқ екенін естеріне түсіреді. Себебі ұлдары басқа ауылға емес, көп уақыт бұрын өмірден көшіп кеткенін біледі. Қайтыс болған ұлы жайлы барлық шындықты естеріне түсіріп болғаннан кейін, Аксл мен Бетаристің отбасылық өміріне сынала бастайды. Себебі сан жылдар бұрын Беатристің Акслды алдағаны туралы шындық ашылады. Бірақ Беатристің бұл оқиғасын Бетаристің өзі де, Аксл да ұмытып кетіп, ұзақ уақыттан кейін еске түскенімен де бейне бір «баяу жазылған жарадай» ешкім ешкімге өкпелей алмайды. Тіпті Акслдың өзі де әйелінің мұндай опасыздығы үшін кек қайтарам деп жүріп, қай уақытта қай кезде кешіріп қойғанын білмейді. 

Исигуро романның соңында Беатрис пен Акслдың бұл оқиғасы арқылы классикалық мағынадағы «уақыт бәрінің емшісі» деген хабар бергісі келетіндей көрінеді. Бірақ «уақыт бәрінің емшісі» болғанымен де, емі жоқ дерттей болған кей оқиғаларды уақыт та, өмір де емдей алмайтынын Исигуро жақсы біледі. 

Тіпті оның кейіпкерлері Аксл пен Беатрис те мұның парқында. Егер барлық жаралар мен қасіреттің емі уақыт болса романның сүйегін қалыптастырған оқиға –Мэрлин неге айдаһарды сиқырлады? –деген сұрақ туындайды. Бәрібір уақыт бәрін емдейтін болса Король Артурдың оң қолы Мэрлин неге уақытқа арқа сүйемеді?! Себебі уақыт бәрінің емшісі емес. Уақыт жай ғана ауырсынуды басатын таблетка дәрілер секілді. Бірақ, сіз айтыңызшы, құрметті оқырман, ауырсынуды басатын дәрілерді шамадан тыс көп қолдану өз-өзіңе қол салу емей немене?! Мэрлин мұны жақсы білді. Мэрлин жаралар мен қасіреттерді уақыттың қолына тапсыра алмас еді. Себебі уақыт – бұл жаралар мен қасіреттерді жазбайды, керісінше ауырсынуын басып қасірет пен жара иесін өлтіріп тынатынын білді Мэрлин. Міне, осы үшін тыйм салынған сиқырға жүгініп айдаһар арқылы халықты аман сақтап қалғысы келді. Бірақ романның соңғы бөлімдерінен көрілгені секілді, сиқыр бұзылып, айдаһар өлтіріледі. Барлық жаралар мен қасірет «күн бетіне» шығады. Қанша жерден Аклс Беатристі кешіргенімен, екеуінің біреуі ғана қайықшымен арғы жағалауға өтуі керек болады. Себебі кешірдім деп кешірілген затты еске алу бәрібір кешірмеуді білдіреді. Осылайша, ұзақ жылдар бойғы бақытты отбасылық өмірлеріне қарамастан, роман Беатристің қайықшымен қарсы аралға өтуімен, Акслдың жағада жалғыз қалуымен аяқталады.

Автор осы арқылы расында ұмыту мен есте сақтаудың мән-мағынасын ашып көрсеткісі келеді. Бір қарағанда, коллективті жад өткен заманда болған сұрапыл британдық-саксондық соғысты есіне түсірмей, бейбіт, қауіпсіз өмір сүре береді. Халықтардың тыныштығы мен бостандығы үшін ұмыту таптырмас мүмкіндік секілді көрінеді. Бірақ, бұл расында солай ма?! Автор бізге осы сұрақты өзімізге қоюға итермелейді. Егер, ұмыту тыныштық пен бақыт сыйлайтын болса, адам яки халық өткенсіз өмір сүре ала ма? Өмір сүретін болса, ол адам яки халық қаншалықты тірі болып есептеледі? Себебі өткен – сүрілген өмірдің нақ дәлелі. Өткенсіз адамның яки халықтың ешқандай болашағы жоқ. Сәйкесінше өмірі де жоқ. Бірақ күрмеуі шешілмес оқиғалардың ішінде буынып өлген дұрыс па, немесе ол оқиғаларды толықтай ұмытып, өткенсіз өлген дұрыс па, құрметті оқырман?! Адамдар яки халықтар өткенді ұмытқанымен, өткеннің жоғалып кетпейтінін ескерсек, адам, халық өткеннен қаншалықты дәрәжеде қашып құтыла алады?! Автор роман бойынша бізге осы сауалдарды қоюмен болады. Сіз әр бөлім сайын мың сан рет жауабыңызды өзгертіп, соңында жағалауда Акслмен бірге ұзап бара жатқан Беатриске қараумен боласыз. Әттең дейсіз, ештеңені есіне түсірмегенде ғой дейсіз. Бірақ кеш. Барлығы күні кеше ғана болғандай сіздің де, Акслдың да есінде. Акслдың немесе Акслдың қасында отырған сіздің бұл оқиғаныңыз – бейне бір шулы ортада құлаққаппен өлең тыңдап отырып, әннің әуезіне балқып, өзіңізді тау басында немесе теңіз жағасында тып-тыныш мекенде отырғандай сезінгеніңіз секілді. Бірақ кенет қасыңыздағы әлдебіреу құлағыңыздан құлаққапты шығарып жіберді. Сонда сіз ешқандай тау басында немесе теңіз жағасында емес, айқай мен ұрысқа толы шулы ортада отырғаныңызды түсінесіз – міне, сіздің және Акслдың жағалаудағы күйі құлағыңыздан құлақтапты шығарғандағы шуға ұқсайды. Бір сәтке әнмен бірге барлығын ұмытқан секілді едіңіздер, бірақ ең өкініштісі, бұл ұмытулар ән біткенге дейін (айдаһар өлгенге дейін) ғана екен.

Осылайша, Нобель сыйлығының иегері, жазушы Кадзуо Исигуро жекелей және колллективті жадтың арғы жағында жатқан жарақаттар мен қасіреттер арасында ерекше байланыс орнатып, халықтың өткені және Аксл мен Беатристің өткенін паралельді бейнелейді. Оқырман екі жағдайда екі түрлі пікірде қалып, кей шекаралардың ішінен сытылып шығуға талпынады. Тіпті кей бөлімдерде индивидуалды және коллективті жадтың шекаралары бұлыңғырланып, бір-бірінің ішіне кіріктіріліп кетеді. Мәселен, халықтардың болашағы үшін британ-саксон секілді аяқталмас соғысты ұмытып, кейбір фактілерді елемеу керек болады. Яғни, өз тарихындағы келеңсіз оқиғалардың үстінен перде тартып, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруді таңдай алады. Сәйкесінше бұл тапсырманы романдағы айдаһар Кэриг өз мойнына алады. Яғни, өткеннің қазіргі және болашаққа қауіп төндірмеуіне жол бермеу Керигдің міндеті. Бірақ Аксл мен Беатрис үшін бұл жағдай сәл өзгешелеу. Себебі, жоғарыда да айтқанымыздай, олар өткенін еске түсіру үшін өліп кетуге бар. Олар үшін сүрген өмірлерінің дәлелі ретінде өткенін еске түсіру қажет. Әйтпесе кіл өмірлері босқа кеткен болады. Бірақ олардың барлық өткен оқиғалары мен өмірі тікелей халықтардың жарақаты мен естеліктеріне байланысты. Олай болса, кім маңызды?! Адам ба, әлде қоғам ба?! Роман соңында халықтар арасында қайта соғыс тұтатып, өмір бойы бір-бірін сүйіп өткен Аксл мен Беатрис та айрылғанын көргенде, жалпы өткенді еске түсірудің индивидуалды жадқа да, коллективті жадқа да «пайдасы» тимегенін көруге болады. Бірақ мұнда екі түрлі жадқа ортақ тағы бір сұрақ туындайды: Шындық па, әлде бақыт па?! Автор ретінде Исигуро өз жауабын романда ашық және нақты береді: Айдаһар өлді. Тұман тарқады. Барлығы жылдар бойы ұмытқан өткенімен қауышты. Шындықтар ашылды. Автор енді оқырман ретінде жауапты сізден күтеді. 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар