Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Cкифтер арасында өмір сүрген Овидий (I бөлім)...

22.07.2024 1133

Cкифтер арасында өмір сүрген Овидий (I бөлім) 14+

Cкифтер арасында өмір сүрген Овидий (I бөлім) - adebiportal.kz

Осыдан кейінгі екінші жазбамызда гот текті Византиялық тарихшы Джоранстың «De origine actibusque Getarum» (қаз. Геталардың [Готтар] шығу тегі мен әрекеттері) атты еңбегіндегі қызық деректерге тоқталып, Томирис ханшайымның Кирмен соғысы және осы соғыстан кейін Кіші Скифияға барып, Мозия жағалауында өзінің атымен аттас Томис қаласын салғаны жайлы ақпараттармен бөлісетін боламыз. Әрине, Томиристің ханшайымның Қара теңіздің жағасында қала салып-салмағаны бізге белгісіз. Десе де, аталған қала мен оның айналасында түрік халықтардың арғы тегі деп есептелінетін скифтер мен сарматтардың  өмір сүргені, сонда тіршілік еткені жайлы деректер тарих беттерінде жетіп артылады. Біздің бүгінгі жазбамызда да скифтер мен сарматтар өмір сүрген Томис қаласының географиясы, халқы, ондағы Рим империясының гегемониясы және ең маңыздысы осы қалада скифтермен бірге өмірінің бір бөлшегін өткізген адамзаттың алапат ақыны Овидий жайлы айтатын боламыз. 

Есімі латын әдебиетінде Вергилий Маро және Квинт Гораций Флаккпен бірге аталатын, атақты «Метаморфозалар» атты шығарманың авторы, Рим ақыны Публий Овидий Насо 51 жасында Рим императоры Августтың жарлығымен дәл осы Томис қаласына жер аударылады. Ал Томис дегеніміз қазіргі Румынияның Констанца (Констанца) қаласы, Дунай өзенінің Қара теңізге қосылатын сағасының оңтүстігінде орналасқан, Рим дәуірінде Төменгі Мосияда орналасқан мекен болатын. Дәлірек айтсақ, Рим территориясына біздің дәуірімізге дейінгі 72 жылы ғана қосылған қала, алдымен скифтердің, одан кейін Митридаттың, одан кейін ғана Римнің қол астына өтеді. Ал бұл уақыттарда император Августтың оң қолы болған қолбасшы Маркус Валерий Месселла Корвиннің қолдауына ие болып, Римде дәурені жүріп тұрған ақын, жастайынан әдебиетке қызықса да, әкесінің өтініші бойынша риторика мен саясатқа бет бұрады. Рим мен Афинада өз заманының үздік ұстаздарынан тәлім тәрбие алып, Анадолы мен Сицилияға да саяхат жасайды. Жастайынан-ақ айы оңынан туып, оқуын бітіре сала, біраз уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Тіпті 20 жасында-ақ «Triumvir capitalis» атанады. Овидийдің кезінде мұндай атаққа ие болып екінің бірінің қолынан келе бермейтін мәртебе болатын. Әрмен қарай, жүз бес адамнан тұратын мұрагерлік істерді қарайтын соттың мүшесі қызметін де атқарады. Осылайша, ақын білімі мен білігінің арқасында Рим әкімшілігінің жоғары лауазымды адамдарымен, мемлекет қайраткерлерімен, сарбаздармен, жоғары лауазымды тұлғалармен және әдебиет қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатады. Бірақ көкірегіндегі өлеңге деген махаббаты оны мемлекет істерінен алыстатып, әдебиетпен ғана шұғылдануына итермелеумен болды. Соңында жүері ақылын жеңіп, тек қана әдебиетпен шұғылдануға белшене кіріседі. Бұл аралықта ақын үш рет үйленіп, Перилла есімді қызы дүниеге келеді. Бірақ әдебиетке толыққанды бет бұрғанымен өткен өмірінің басым бөлігі саясатпен байланысты болғанын ескерсек, оның әлі күнге дейін себебі айқылдалмаған жер аударылуына да осы өткен өмірінің тікелей қатысы бар секілді көрінеді. Көптеген ғылыми-танымдық, әдеби мәтіндерде Овидийдің Томис қаласына жер аударылуын «Арс Аматориа» (Махаббат өнері) атты шығармасымен тікелей байланыстырады. Тіпті бірнеше ай бұрын «Айқын» газетіне жарияланған сатирик Берік Садыр өз сұхбатында Овидийдің император Августы келемеж еткені  үшін Томиске жер аударылған (сұхбатта Дунай деп беріледі) деген пікір білдіреді. Әрине, сұхбатта Берік Садыр ағамыз сатира жанрына байланысты сұрақтарға жауап беріп отырған соң, Овидийдің жер аударылуын сатираға байланысты айтып тұрғанын түсінуге болады-ақ. Сонымен қатар, Аманжол Әлтай да ақынның «Махаббат өнері» аталатын дидактикалық поэмасындағы ой-пікірлерді императорға бұрмалай түсіндіргендіктен, император Августің қаһарына ұшыраған ақын Римнен аласталып, Қара теңіз жағалауындағы Томис (автордың жазбасында «Тома» деп беріледі) қаласына (қазіргі Румыниядағы Констанца қаласы) жер аударылады» дей отырып Овидий мен Жиембет жыраудың өмірімен ұқсастықтар іздейді. Десе де, аталған пікірлердің ешқайсысы әлі күнге дейін нақты дәлелденбегенін де айта кетуіміз керек. Яғни, бұлардың ешқайсысы тарихи факт емес. Себебі адамзаттың алапат ақыны бір ғана келемеж үшін немесе «Махаббат өнеріндегі» «бұрыс түсініктер» үшін өмірінің соңына дейін Томиске жер аударылып, қайта келуіне рұқсат етілмеуі қисынға сәл симайтын секілді көрінеді. Десе де, Овидийдің Томиске, скифтердің арасына жер аударылуына байланысты жоғарыдағы пікірлерді бағалай отырып, тағы бір балама пікір ұсынып көргіміз келеді. Ол, бұл сүргіннің артындағы саяси оқиға жайлы болмақ.  Кейбір болжамдар бойыша, Овидий император Августтан кейін Тибериийдің таққа отырғанын қаламай, Клавдий әулетіне қастандық жасағандардың қатарында болған деседі. Император Август өз тағына көз тіккендердің ішінде Овидийдің бар екенін көріп, осы Рим империясының қауіпті аймақтардың бірі Томиске  ешқашан қайта оралмау бұйрығымен жер аударған деген болжам бар. Әрине, Овидийдің дәл осы себеппен жер аударылды деген нақты дәлел жоқ. Бұл тек жоғарыдағы «шығарма үшін жазаланды» деген пікір секілді кезекті болжамдардың бірі ғана. Десе де, Овидийдің жер аударылуының нақты себебі белгісіз болғандықтан, мұндай болжамдар легі бір-екі себеппен бітіп қалмайтынын да айта кеткеніміз жөн секілді. Ал оның жер аударылуына байланысты болжамдар легін төмендегідей тізбектен көрсек, жазбамыз нақты және түсінікті бола түседі деген ойдамыз. Алғашқысы, әрине, әдебиетшілер арасында кеңінен таралған өлең үшін жер аударылуы. Мұндай болжамның пайда болуына ақынның сүргін жылдарында жазған «Тристиа» кітабының екінші тарауы себеп болған. Себебі аталған кітаптың екінші тарауында «carmen et eror» деген жолдар кездеседі. Бұл қазақшалағанымызда «поэзия мен қылмыс» деген мағынаны береді. Екіншісі себеп болса, шығармаларындағы әдепсіз деп танылыпған элементтер үшін болуы мүмкін. Үшінші себеп, жоғарыда айтылған «Махаббат өнері» кітабы үшін болуы ықтимал. Себебі б.з.б. 1-ші жылдар шамасында жазылған «Арс Аматория» кітабы Август кезеңінің рухына және ресми құндылықтарға, тіпті Август жасаған моральдық реформаларға қайшы келген. Келесі бір себеп, император Августтың қызының махаббат оқиғасына қатысты болуы мүмкін. Себебі сарай істеріне тікелей қатысты болған Овидий Августтың қызының сезімі арқылы келесі билікке келетін адамның жолын кеспекші болған деседі. Келесі бір себеп болса, Овидийдің жер аударылуы белгісіз бір қателіктің нәтижесінде орын алған болуы мүмкін. Себебі сол кездің өзінде қоғам мен билік ішінде едәуір дәрежеде ықпалға ие болған Овидийді тікелей императордың шешімімен жер аударған. Яғни, бұл шешім ешқандай сенаттың немесе сотттың қарауынсыз, император Августтың бұйрығымен болады. Қарап отырсаңыз, бірнеше болжамдардың негізгі екі фундаменталды себебі бар болатын болса, олар я шығармасы үшін яки саяси себебі үшін болып отырғанын аңғаруға болады. Десе де, адамзат ақыны Овидий қандай себеппен қуғындалса да, Джордансттың пікірімен айтатын болсақ, Томирис ханшайымның соққан қаласы, Томиске, Овидийдің өз тілімен айтатын болсақ, Скифияға жер аударылғаны ақиқат еді. 

Ең қызығы, Овидийдің мойнына қамыт болып киілген «жер аудару бұйрығы», ақын өлімінің 2000-жылы ғана, дәлірек айтсақ, 2017 жылы Рим әкімшілігі тарапынан «жіберілген қатені түзету» мақсатымен алынып тасталынды. Осылайша, өмірінің 9 жылын, өлімінің 2000 жылын сүргінде өткерген Овидий, осыдан бірнеше уақыт бұрын ғана «еркіндікке» қол жеткізді. 

Сонымен, Овидий себебі белгісіз оқиғалардан кейін өз Отанынан алыстан, Томис қаласына жер аударылады. «Тристиа», «Ибис» атты шығармаларынан басқа «Эписулае экс Понто» (Қара теңіз хаттары) атты шығармасы сүргін жылдарындағы ақынның көрген күні мен қоршаған ортасы жайлы толыққанды ақпарат береді. Ақын шығармаларында өмірінің соңына дейін үйіне қайтуды аңсап өтсе де, Томис қаласының тұрғындары,  яғни скифтердің өзіне асқан мейірімділікпен қарап, үлкен құрмет көрсеткенін айтады. Тіпті ақынды жергілікті салықтардан босатып, емін-еркін жүріп-тұруына барлық мүмкіндікті жасайды. Десе де, өзгенің үйі өзіңдікіндей бола алмағаннан кейін, сүргіндегі жылдарында жазған үш шығармасында да Отанға деген сағынышы мен аңсары батыс желіндей есіп тұратынын сезуге болады.  Себебі Томиске аяқ басқан Овидий, мұнда Римдегідей табиғатты, қоршаған ортаны кезіктіре алмайды.  Шығармаларында Томисдің ауа-райын көбіне қыс мезгімімен суреттейді. Жер бетін мәрмәр секілді мұзға қапталып, қарларының ешқашан ерімейтін болып көрінетіні, күннің көзі сынып ғайыптан тайып қар ери қалса, еріген сәтте-ақ солтүстік желінің қайтадан мұзға орайтынын жазады. Тіпті бораннан ғимараттар құлап, шатырларды алып кететінін бейнелейді. Адамдарын болса, сақал-мұрттарының ақ қырауланып, қатқан өзен үстінде жүретінін де айтады. Сонымен қатар, Овидий Томис пен оның төңірегіндегі егістіктердің жеміс бермегенін, оның ішінде жүзімді өсіруге болмайтынын, өзен жағасында тал, төбелерде емен ағаштарының жоқтығын айтады. Тіпті теңіздің берекесі болса да, игілігін көре алмағанын да тілге тиек етеді. Себебі қатты желдің салдарынан толқынға оранған теңізге ешкімнің шыға алмайтыннын, «дүниенің шетіндегі» өзі секілді тәрк етілген мекендей суреттейді Томисті. Себебі мұнда өзі өскен Римдегідей жүзім ағаштары мен егінді мекендердің бірі де жоқ. 

Мұндағы жерлерді тақыр, ағаштары жеміссіз, жалаңаш дейді Овидий. Осылайша, қысы ешқашан өтпейтіндей, көктемі ешқашан келмейтіндей болып көрінген Томисті Римге қарама-қарсы позицияда суреттейді. Десе де, Овидийдің бөтен елде бөтенсіп, жат сезінгені үшін қақаған қыстың аяқталмай, мәңгілік жалғасатындай болып көрінуі ақындық сезім мен мелонхолияның әсері ме деп ойлаймыз.

Себебі Овидий жер аударылған өмірден құтылу үшін өзінің жағдайын әдейі драматизациялағаны және шынайылықтан алыс, асыра шағымдарды қосқаны байқалады. Шындығында, Геродот пен Страбон Скифияның географиясы мен қатал ауарайы жағдайлары туралы неғұрлым нақты мәліметтер бергенін ескерсек, Овидийдің Томис пен оның төңірегі климатты мұз бен қардан ғана тұрады деп айтуы шындыққа жанаспайды. Тіпті кейде өз сөзіне өзі қарсы шығып «Тристия» атты еңбегінде көктемнің Томиске қалай келгенін суреттейтін жерлері бар. Дәлірек айтсақ, шығармада Зефир (Батыс) желдерімен қала өмірінің қайта жанданғанын, адамдар түрлі ойындар мен мерекелермен көңіл көтере бастағанын, Дунай өзенінің суы ерігенін бейнелейді. Ал оның алдындағы Томисті сұп-сұр бозарған мекен деп суреттеуі, Римге деген сағынышы мен аңсарының көрінісі деп ұққанымыз жөн. Әрісі, «скиф тайпалары» арасында өмір сүрудің үлкен жаза екенін білдіре отырып, мұз қатқан мұндай өлкеде жерленгісі келмейтінін де жасырмай айтады.  Бұдан бөлек, Овидийдің Томис қаласын және оның айналасын суреттегенде, яғни жердің физикалық ерекшеліктерін суреттегенде Сармат және Скиф атауларымен сипаттауы да Томис қаласының басым көпшілігі осы халықтардың тұрғындары екенін де көруге болады. Тіпті Сарматтар мен Скифтермен қатар, Геттарды (готтар) осы мекенді бейнелеу үшін қолданады. Овидий осы арқылы Томис қаласындағы саяси және әлеуметтік басым тайпалардың ерекшеген болуы мүмкін деген болжамға келеміз. Тіпті Римнен жер аударылғанда гет немесе сармат емес, «Мен Скифияға жолға шығып барамын» дегені де мұндағы жердің скифтерге тиесілі екенін көрсетеді. Десе де, Овидий Томис қаласындағы сүргін жылдарын суреттеген кезде скиф, гет, сармат халықтардың өзара ынтымақтастықта өмір сүретінін де баса айтады. Мысалы, өз еңбегінде «Бұл жерде (Томисте) мені жігерлендіретін және нәрлендіретін кітаптардың көптігі жоқ. Олардың(кітаптардың) орнына жебелер мен садақтар сондай-ақ сауыттар жетіп артылады. (...) Менің айналамда Фракия мен Скифия тілдері сөйлейді, ал мен Гет өлшемінде (өлең) поэзия жаза аламын деп ойлаймын» десе, келесі бір мәтіндерінде өзі жазып жүрген латын тілінің гет тіліндегі сөздермен біртіндеп араласып кеткенін және тіпті латын өлшемдерін пайдаланып, гета тілінде өлең жазғанын атап көрсетеді. Себебі бұл маңайда латынша сөйлесетін адам табудың қиын екенін ескерте отырып, жергілікті халықтардың тілдерін қаласын-қаламасын үйренуге тура келгенін айтады. Осылайша, ақынның бастапқыда жергілікті халықтармен байланысу үшін қиындықтарға тап болғанымен, уақыт өте келе гет, скиф және сармат тілдерін үйреніп, сол тілдерде сөйлегенін аңғаруға болады. Бірақ Овидий жергілікті халықтардың тілін үйрену, мәдениетімімен танысу оның Римге деген махабаттына нұқсан келтірмегенін де ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, Овидий Томис қаласындағы сыртындағы көшпенді Геттердің Рим империясына жеткілікті дәрежеде қауіп төндіретінін баса айтады. Тіпті өздерінің әскери күштеріне өте сенімді геттар мен оларды қолдайтын сарматтардың Рим билігін жек көретінін және қорықпайтынын ескертеді. Бұл екі тайпаның әскерлерінің күші Рим империясы ойлағаннан әлдеқайда мықты және сәйгүліктерінің өте төзімді екенін де баяндайды. Ол аз десеңіз, бұл тайпалар аштық пен шөлге шыдамды, ұзақ уақыт бойы ас ішпей, су ішпей жүре алатынын, осы күштерінің арқасында жауларына оңайшылықпен беріле қоймайды дейді Овидий. Тіпті сармат пен гет шопандарының өздері жылқыларынан бір елі ажырамайтынын, олардың барлығы дерлік жебелер мен садақтарын асып жүретінін және ең қауіптісі де жебелерінің ұштарында жылан уын жағатынын да жасырмай айтады. Сонымен қатар, оң жақ қапталында үнемі қанжар болатынын және көбінің оң қолында тыртық болатынын да жазады. Мұндай көшпенділердің дауыстары өте жуан және толықтай барлығы қаба сақалды, суық жүзді, бетіне тіке қарауға жүрексінетінін де айтады ақын. Себебі бәрі де даланың толыққанды иелерідей алшаң басып, көк тіреп тұрғандай өмір сүреді дейді. Томис қаласының сыртында өмір сүретін бұл көшпенділер былғарыдан жасалған киімдерді ғана киетінін, ат қылынан жасалған садақтарымен кез-келген қақпаны қақ айырып түсетінін жазады. Қала ішіндегі сарматтар мен скифтер, геттер де жергілікті халықтардың басым көпшілігін құрағаннан кейін олардың да ештеңеден қорықпайтын, Римнің өзіне жалғыз біреуі ғана қарсы тұра алатын күшке ие адамдардай өмір сүретініне таң қалады. Десе де, Томис және оның айналасында өмір сүрген көшпенді тайпалардың барлығы Овидий айтқандай сұсты немесе келісімді білмейтін «бас ал десе шаш алатын» адамдар емес екенін де ескергеніміз жөн. Овидийдің өзіне ұқсамайтын халықтарды алғашында бөтенсінуі, елді жерсінбеуі осыған дейін де айтқанымыздай үйіне деген аңсар мен сағыныштай туындаған сезімдер мен көріністер деп түсінуге болады. Олай болмаған жағдайда, уақыт өте келе Овидий бұл мекенді өз үйіндей көре алмайтын еді деген ой келеді. Себебі Овидий достарына жазған бір хатында Римге ендігі қайтамын деген үміті үзілгенін, Томисті өз үйіндей көре бастағанын жазады. Сонымен қатар, Томис қаласы және төңірегіндегі көшпенді халықтардың ұдайы әрекет ішінде өмір сүретіні және әлеуметтік және экономикалық өмір сүру стратегиялары да көшпенділікке құрылғанын ескерсек, дүниелердің барлығы Овидийге бөтен келгені де жасырын емес. Әсіресе Овидийдің аталған халықтардың Дунай өзенін мұз басып, оңтүстікке қарай үдере, қоныс аударғанын суреттегенін аңғаратын болсақ, мұндай ауқымды көштер гет, сармат, скиф халықтары үшін өмірдің бір бөлшегі ретінде сипатталатынын да ұға түсеміз.  Яғни, олардың стереотиптік, кәдімгі және дәстүрлі көші-қон қозғалыстарын тұтастай алғанда қандай да бір тұтас саяси стратегияның бөлігі ретінде сипаттауға болмайды. Овидийдің суреттеген көші-қон әректетері саяси басқыншылық қозғалыстан гөрі күнкөріс іздеулеріне байланысты болуы мүмкін деген болжамға келеміз. Ал олардың басым көпшілігінің көшпенді, жартылай көшпенді және жартылай отырықшы екенін ескерсек, қыс қыстауға, жаз жайлауға қоныс аударғаны қалыпты жағдай. Десе де, қала сыртындағы және ішінде үздіксіз мұндай әрекеттердің  аз да болса қаланың бір бөлшегін қалыптастыратын отырықшылардың өміріне, күнкөрістеріне кедергі келтіретін қайта-қайта атап көрсетеді. Тіпті олардың егіншілікпен айналысуларына, ауыл шаруашылығының экономикасына едәуір дәрежеде зиянын тигізіп жатқанын, көшпенділердің кесірінен отырықшы халықтар өнім өндіре алмайтынын, қай кезде шабуыл мен соғыстың басталып кететінін білмей, үнемі қорқыныш ішінде өмір сүретінін айтады. Сәйкесінше жердің қанша үлкен болғанына қарамастан, өз жерлеріне өздері иелік ете алмай, көктем мен жазда талан-таражға түседі деген қорқынышпен ештеңе екпейтінін, ештеңе жасамайтынын алға тартады. Бірақ жоғарыдағы көшпенділер жайлы эмоцияналды бейнелері секілді мұнда да Овидий шамадан тыс сезімге берілгенін және түпкі мақсаты Римге қайта оралу болғанын аңғаруымызға болады. Себебі жерге егін егілмейтіні, отырықшы халықтардың егістікпен айналысуына көшпенділердің кедергі келтіретіні жайлы өз хаттарындағы ақпаратқа басқа бір хаттарында өзі қайшы келеді. Яғни, толыққанды болмаса да, Томистің кей бөліктерінде ауылшаруашылық өндірісінің жайы, дамуы туралы ақпараттармен бөліседі. Ал тарихи географиялық орны бойынша Овидийдің сүргін жылдарында Тракия және Моезия аймақтарында тұрақты астық өндірісі болғанын ескергеніміз де жөн секілді. Осылайша, өз жерінен жырақта, өмірінің соңына дейін Римге оралуды аңсап өткен адамзаттың ақыны Овидий қанша жерден сұсты, суық қорқынышты деп санаған скифтер мен сарматтардың ортасында көз жұмды. Әрине, алғашында бұл халықтарды жатсынғаны, бөтенсінгенін оның достарына жазған хаттарынан анық байқауға болады. Бірақ уақыт өте келе бұл маңға бойы үйреніп, жергілікті халықтардың тілінде сөйлей бастағанын, тіпті өлең жаза бастағанын ескерсек, көшпенділер ақынға ала көзбен қарамағанын аңғаруға болады. Қалай дегенмен де, Овидий император Августтың әмірімен Томиске жер аударылғаннан кейін, ешқашан Римге қайта келмеді. Әрине, император Август қайтыс болғаннан кейін де, Римге оралу үміті қайта жанданғанын да ескергеніміз жөн. Осы үшін Августтан кейін император болған Тиберийді, оның ұлы Друсты және оның асырап алған ұлы Германикті мадақтайтынын да көруге болады. Жазған өлеңдері арқылы олардың асыл тұлғаларын, жетістіктерін дәріптейді. Алайда, билік ауысқанымен ештеңе өзгермейді. Отанға деген сағынышын кеудеме басып жүріп, ақыр аяғында осы сағыншқа өртеніп кетеді Овидий. Дәлірек айтсақ, сүргінінің тоғызыншы жылында отанынан жырақта, көшпенділердің арасында Томис қаласыда жан тәсілім етеді. Бүгінде адамзаттың ақыны көз жұмған Томис қаласында Овидийдің атымен аталатын алаң бар. Тіпті өлгеніне екі мың жылдан астам уақыт өтсе де есімі ел есінде сақталып, өлеңдері сүйсіне оқитын Овидийдің атында 1961 жылы Констанцада педагогикалық институт құрылып, 1990 жылы институт университетке айналды. Тіпті ең маңыздысы, жоғарыда да айтып кеткеніміздей, өлімінің екі жылдығына орай 

Рим әкімшілігі Овидийдің мойнына қамыт болып киілген «жер аударылу» жазасы 2017 жылы алынып тасталды. Енді Овидий өзі сүйген, аңсаған, сағынған Риміне орала алады. 

                                                                                                                                                                                          (жалғасы бар)

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар