Ардақты әкенің игі ісі балаларымен жалғасты. Үлкен қызы Райхан Әбікейқызы Сәтбаева (1912-1989) медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері болды. Оның өмірлік жары – академик, техника ғылымдарының докторы, әлемге аты мәлім ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Химия ғылымдары институтына есімі берілген Ә.Б. Бектұров. Әбікей Зейінұлының екінші қызы – Раушан Әбікейқызы (1916-1986). Оның да есімі ғылым әлемінде кеңінен танымал. Медицина ғылымдарының докторы Раушан Әбікейқызы қатерлі ісік проблемаларын зерттеумен шұғылданды. Қатерлі ісіктің диагностикалық тәсілдері мен емдеу әдістерін зерттеді. Р.Ә. Сәтбаеваның өмірлік қосағы – әкесінің сүйікті шәкірті, кейін академик болған, Қазақстан археология ғылымы мектебінің негізін салған, профессор Ә.Х. Марғұлан. Бүгіндері ҚР Ұлттық ғылым академиясының Археология институты көрнекті ғалым, академик Ә.Х. Марғұлан есімімен аталады.
Үшінші қызы Нәзира Әбікейқызы да сәтімен тұрмыс құрды. Жұбайы Дүйсен Құрманбайұлы Құдабаев кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, докторлық диссертациясын бастаған еді. Алайда, ажал айтып келе ме, алдымен қызы Ділдәні, онан соң сүйікті жары Нәзираны қара жер қойнына алады. Бұл қайғыны ол бір ай бастан өткізіп, 44 жасында өте ерте дүниеден өтті.
Бүгінгі күні көптеген немере-шөберелері аталары Әбікей Зейінұлының есімін абыроймен көтеріп келеді. Біздер, әріптес-ізбасарлары, Әбікей Зейінұлының идеялары мен өсиеттерін ой елегінен өткізіп, қайтадан парақтап отырмыз. Өйткені Әбекеңнен Отанға қызмет етудің қайталанбас үлгісін үйренуге болады. Қарапайым еңбекқор – педагог болған ол пайдалы істер мен оқиғаларға толы жарқын ғұмыр кешті.
Ұстаздардың өз пәнінен қаншалықты терең білімі болса да, оқушыларының тұлға боп қалыптасуына аздық етеді. «Тек ұстаз ғана адам баласын Шебер сияқты ажарлай алады», – деп жазған еді Ә. Сәтбаев. Ол өз ісінің асқан шебері болды, ал жерлестері ол туралы не біледі, оның есімі туған жерінде мәңгіге сақталған ба? Өйткені дәл осы жерде ол өзінің педагогикалық ізгі жолына алғашқы қадамдарын жасады. Ардақты ұстаз алты жыл Павлодардың орыс-қазақ училищесінде директор ретінде еңбек етті. Ұзақ уақыт бойғы тиым салу және тұмшалаудан кейін Әбікей Зейінұлының есімі Отандық тарихтан өз орнын алып қана қоймай, сонымен бірге, оның қызметі де барлық педагогтарға, әсіресе, осы мамандық жолына жаңа-жаңа түсіп келе жатқан жастарға үлгі болатынына сенімдімін» - дейді әбікейтанушы Алтынбек Нухұлы.
Семейдің Мұғалімдер семинариясы мен Сәтбаевтар әулетінің арасындағы байланысты М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Алдамжарқызы өз сөзінде: «Ел болашағының жарқын болуы жан-жақты рухани білім алған, отаншылдық сезімін бойына сіңірген рухы мықты жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі һәм ертеңгі заман талаптарына ұлтжандылығы мен елжандығы сай сондай өскелең ұрпақты ізгілікке баулып, іліммен шыңдай түсетін оқу ордаларының бірі – Семейдің М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі.
Қай-қай түлегі де бек қасиеттеп, зор мақтаныш тұтатын педагогикалық колледж тарихы халқымыздың әр жылдары осы ұяда білім алып, қайсыбірі кейіннен осында оқытушылық қызмет атқарған аяулы перзенттері Әбікей Сәтбаев, Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Биахмет Сәрсенов, Сейітбаттал Мұстафин, Халел Ғаббасов, Тайыр Жомартбаев, Ғалиақпар Төребаев, Мәннан Тұрғанбаев, Ахат Шәкәрімұлы, Шәкен Айманов, Әзілхан Нұршайықов, т.б. есімдері арқылы әр қазаққа ардақты бола түспекке керек.
Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, геология-минералогия ғылымдары саласының аса көрнекті өкілі, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жастық шағы – осы оқу орны тарихының жарқын беттерінен саналады.
Қаныш Сәтбаев өмірінің Семей кезеңі, мұғалімдер семинариясындағы оқуы мен жастық шағы, қызметі туралы жазылған мақалалар, естеліктер, ғылыми еңбектер аз емес. Уақыт өткен сайын Қ. Сәтбаев сынды арыстың өткерген өміріне мұқият зер сала, соңында қалдырған асыл мұрасын ыждаһаттылықпен зерттеп-зейіндеушілер санының көбея түсері де анық. Өйткені, ұлтын ұлықтай білген ұлдарын елі де ешқашан зердесінен өшірмейді, рухы мен арының шамшырағындай мәңгі қастерлейді, қасиеттейді. Кезінде Алаштың ең айбынды арыстарына айналған озық ойлы саналған қазақ жастарына өте сапалы білім берген, заманына сай тәлім мен өнеге дарытқан ежелгі оқу орны тарихының Сәтбаевтар әулетімен байланыстылығын ел жадында қайыра бір жаңғыртып отырмыз.
Өткен ғасырдың басында, еліміздегі бірегей, үздік білім ұясы, өзіндік дәстүрі қалыптасқан салиқалы білім ошағы туралы «Қаныш Сәтбаев ғұмырнамасы»-ның авторы, белгілі жазушы Медеу Сәрсеке: «Мұғалімдер семинариясы Семейдің теріскей тұсында, қаланың даламен шектелетін қиыр шетінде орналасқан. Көшесі де сол себепті «Степная» аталған. Семинария үйі сол күннің өзінде қаладағы ең еңселі, іші-сырты ою-өрнектермен безендірілген, тіпті, қақпа, шатыр жиектеріне дейін неше түрлі нақыштармен көркемделген, екі қабатты тас ғимараттардың бірі еді. Түу баста, 1902 жылы іргесі алғаш қалана бастағанда, ол діни семинарияның оқу корпусы болады деп жобаланғанды. Бірақ, генерал-губернатор кеңсесі әлдеқандай себеппен оны сол қарсаңда ашылған (1903 ж.) мұғалімдер семинариясына береді» деп баяндайды. Семинарияның білім берудегі деңгейі, ұстаздардың үлгі-өнегесі турасында оқу орнының қазақ педагогикалық техникумы тұсындағы түлегі, ғалым Әлкей Марғұлан: «Бұл семинария – қыр округіндегі оқу орындарының бір тәуірі болатын. Кейін, революцияға қатынасқан қазақ жастарының көбі осы семинариядан оқып шықты (Бұл пікір 1969 жылы Кеңес Одағы кезінде жарияланғандықтан, автордың «революцияға қатынасқан қазақ жастары» дегенін біз «Алаш партиясының жас қайраткерлері – жасалаштық семинаристер» деп қабылдаймыз. Ш.Ж.). Семинарияда қазақ балаларына білім беруді шын жүрегімен мақсат еткен бірнеше прогрессшіл, саңылақ адамдар болды. Олардың ішінде, әсіресе, ағайынды А.Н., В.Н. Белослюдовтар, Н.Я. Коншин, Н.П. Ильминский, В.И. Попов, Н.А. Сулима-Грузинский, т.б. болды. Оқушы жастарға олар әдебиеттен, тарихтан, географиядан осы күнгі пединституттар көлемінде білім беріп, олардың ой-санасын аса байытып шығаратын» – дей келе, оқытушылардың Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Ленинградтан келген шетінен оқымысты, кілең тілге жүйрік ұстаздар болғанын, ал, семинарист Қаныш Сәтбаевтың математика пәні оқытушысы, ерекше интеллигент Е.Г. Мертвецовтың шәкірті болғандығын еске алады.
Қара Ертіс бойы қалың елдің өскелең ұрпағы оқыған білім ұясы – Семейдің мұғалімдер семинариясы мен шалғай мекен – Баянауылдағы Сәтбаевтар әулетінің тарихи байланысы әріден басталады. Өмірбаяндық дерегінің бірінде Қ. Сәтбаев: «Білім алуыма зор септігін тигізген туысқан ағам, қарт интеллигент Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа өзімді ғұмыр бойы қарыздар есептеймін...» деп жазыпты. Сондай-ақ, көрнекті ғалым, академик Ә.Х. Марғұлан да өзінің ұстазын ыстық ықыласпен еске алады. – деп жазады. Енді Қаныштың сол немере ағасы Ә.З. Сәтбаевтың оқу орны тарихына қатысына сәл тоқталсақ.
Алаш қайраткері, ұлттың айырықша зиялысы, оқу-ағарту саласында аянбай еңбек еткен, орыс тілі мен әдебиетінің қазақтан шыққан алғашқы мамандарының бірі, Қазақстандағы ұлттық мұғалім кадрларын дайындайтын алғашқы оқу орны – Семейдің қазақ педтехникумының тұңғыш директоры Ә.З. Сәтбаев 1926 жылы өз қолымен жазған өмірбаянында Павлодардағы екі кластық ауыл шаруашылық мектебін бітіргеннен кейін, өзінің теориялық білімінің жеткіліксіз екенін сезініп, Семейдің мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1908 жылы бітіргенін, 1905 жылы Семейде жүргенінде қаланың оқушылары мен жұмысшылары ұйымдастырған демонстрацияға қатысып, айлық стипендиясының 2/1-і алынып, жазаланғанын жазады (Семей, қазіргі заман тарихының құжаттама орталығы, қор – 415, іс – 2). Қолымыздағы тағы бір мұрағат дерегі – «Сведения об административного персоне за 1925-26 уч, г.г.» (Семей, қазіргі заман тарихының құжаттама орталығы, қор – 415, іс – 1) деген құжатта да Ә.З. Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясын тәмәмдағандығы көрсетіледі. Абайтанушымұхтартанушы ғалым Қ. Мұхамедханов «Тамаша тарихы бар техникум» («Семей таны», №67, 1992 ж. 2 маусым) атты мақаласында: «Ә.Сәтбаев мұғалімдер семинариясын Семей қаласында бітіріп шыққан соң, үздіксіз оқу-ағарту жолында қызмет еткен» – деп айта келе, Ә.З. Сәтбаевтың тұңғыш қазақ техникумын ұйымдастырудағы жұмысына, жан аямай атқарған өлшеусіз еңбегін айырықша маңыз бере баяндайды.
Бұл мәліметтерді жаңғыртудағы мақсатымыз, біріншіден, оқу орны тарихының Сәтбаевтар тағдырымен байланысын көрсету болса, екіншіден, Ә.З. Сәтбаевтың Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқуы туралы кезінде жаңсақ пікірлердің болғандығын да көрсете кету. Қазақ Совет энциклопедиясының 10-шы томының 79-бетінде «Ә.З. Сәтбаев Омбы семинариясында білім алған» деп көрсетілген. Мұндай қайшылық Әбікей Сәтбаевтың шәкірті (күйеу баласы) Әлкей Марғұланның естеліктерінде («Қаныш аға», «Жазушы» – 1989., 28 б.) де, «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясында» (1998 ж. ІІ-том) да кездеседі. Мұндайда өз зерттеулерінде мұрағат материалдарын қатаң басшылыққа алған Қайым ағаға жүгінуге тура келеді. Оның «Мұхтар – семинарист» атты мақаласы 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Мақалада автор мұрағат құжаттарына сүйене отырып, Ә.З. Сәтбаевтың Семей мұғалімдер семинариясында оқығандығын атап көрсетеді: «Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түскен қазақ азаматтары тегінде аз болмаған. Мысалы, 1904 жылы семинарияға оқуға түскен қазақ азаматтары: Барлыбаев Ахметолла, Зеинов Әбікей, Нүркинов Тәуекел, Хасанов Әбіш. Бұлардың ішінде Зеинов Әбікей – Қаныш Сәтбаевтың немере ағасы. Қазақ Совет энциклопедиясында Әбікейді «1905 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген» деп жазыпты. Ал, архив документтерінде Әбікейдің және онымен бірге 1904 жылы оқуға түскен жоғарыда аталған үш жігіттің 1906-07 оқу жылында Семей семинариясының екінші класында оқып жүргенін көреміз».
Сонымен, әртүрлі мағлұматтар мен мұрағаттық құжаттарды салғастыра келе, түйгеніміз – Ә.З. Сәтбаевтың Омбы семинариясында емес, нақты Семей мұғалімдер семинариясында оқығандығының анықтала түсетіндігі.
Әбікей Зейінұлы семинарияда оқыған уақытта, сабақ төрт сатыдан, яғни бір – дайындық, үш негізгі класс құрылымында оқытылған. Әбікей Сәтбаев оқуды бітіргеннен кейін, араға уақыт салып, 1914 жылы семинарияға қайта оралған. Оған себеп – осында мұғалімдік қызметке шақыртылуы. Кейінірек, 1922 жылы осы семинария негізінде ашылған қазпедтехникумда 1927 жылдың жазына дейін директорлық қызмет атқарады. 1927 жылдың маусым айында жаламен түрмеге қамалады (Семей, қазіргі заман тарихының құжаттама орталығы, қор – 415, іс – 1-2). Қуғын-сүргін көре жүріп, 1937 жылы жалған жала кесірінен атылып кеткен.
Әуелде, семинарияны бітірген Әбікей Баянауыл өңіріндегі орыс-қырғыз (орыс-қазақ. Ш.Ж.) мектебінде, Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде және жоғарғы бастауыш училищесінде, Семейдегі мұғалімдер семинариясы мен Семей халыққа білім беру институтында ұстаздық қызмет атқарады. Алашорданың Семей облыстық кеңесінің және облыстық Земство басқармасының мүшесі. Семей губерниялық халыққа білім беру бөлімін басқарған.
Әбікей Сәтбаевтың шәкірттері, педтехникум түлектері – академик Әлкей Марғұланның, ҚССР ішкі істер министрі генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев пен ҚССР оқу министрі, профессор Әбдіхамит Ибінияұлы Сембаевтың, Төлеужан Мусиннің естеліктері арқылы біз ол кісінің ұстаздық келбетін барынша танып, адамдық тұлғасына етене жақындай түсеміз. Мысалы, соғыс және еңбек ардагері Т. Мусин өз естелігінде ұстазын былайша еске алады: «Әбекең кейде: «Орыс, қазақ әдебиетінен қандай классиктердің шығармаларын оқыдың немесе оқып жүрсің?» – деп сұрап отыратын. Қайсыбірінде оқып жүрген программа бойынша орыс әдебиетінің бір шығармасынан үзіндіні өзі айтады да, оның қай кітаптан және авторының кім екендігін сұрайтын. Бір өлеңнің бір шумағын өзі бастап, «ары қарай сен жалғай қойшы!» дер еді. Әбекеңнің мұндай оқыту әдісінің зор әсері болатын».
Ә. Сәтбаев қазпедтехникумға басшылық жасай жүріп, ұлттық мектептің толғақты мәселелері жөніндегі ой-пікірлерін баспасөз бетінде жиі-жиі білдіріп отырған. Оған «Оқытушы деген кім?», «Мұғалім – білім рухын себуші», «Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек?» т. б. мақалалары дәлел.
Семейдің мұғалімдер семинариясы тарихында айырықша орын алатын Сәтбаевтар әулетінің келесі өкілі – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ә. Зейінұлы кезінде өзі оқыған әрі сол уақытта мұғалімдік қызметке өзі жолдама алып отырған мұғалімдер семинариясына бауыры Қанышты да оқуға шақырып: «... ашылғанына біраз жыл болған, оқытушыларын жақсы білемін, өте білікті жандар» деп кеңес береді. Деректерге сүйенсек, аға ақылын құп көрген Қаныш 1914 жылы Семейге, мұғалімдер семинариясына оқуға аттанады.
Мұрағат қорын мұқият зерттеп, кешегі арыстардың ұрпақ жадында сақталуына аянбай тер төккен ғалым Қайым аға Мұхаметханов «Мұхтар – семинарист» мақаласында Қаныштың семинарияда оқыған уақытына қатысты төмендегідей дерек береді: «К 1-января, 1916 г. Земским стипендиатами Семипалатинской области при вверенной мне семинарии состояли: Губарев Григорий, Мауытов Жакыпбек, Сатпаев Габдул-Ганий, Нурмухаметов Казы, Сейсембаев Ахметбек, все эти воспитанники, как о том мною сообщено Семипалатинскому областному Правлению в отношении от 14 июня за №62, в 1915/16 учебном году обучались при отличном поведении вполне успешно и по своим успехам переведены в следующие классы: а именно: Нурмухамедов, Новиков, Сейсембаев в І-ый, Зубков, Ошкин, Сатпаев ІІ-й...».
Бұл – семинария директоры К. Моргайликтің 1916 жылы, 23 августе Семей губернаторына жазған хатынан үзінді.
Оқу орнының тарихынан білетініміз, 1914 жылдан бастап, семинарияда білім беру бес кластық жүйеге көшірілген, яғни бір – даярлық, төрт негізгі кластан тұрған. Семинарияда оқу мерзімі – бес жыл. Қаныш Сәтбаевқа қатысты естеліктер оның семинариядағы оқуы 1914 жылдан басталғандығын көрсетеді, бірақ, мұрағат құжаттарына мұқият Қайым аға: «Қаныш семинарияға Мұхтардан үш жыл кейін, яғни, 1915 жылы түскен. Оны архив мағлұматы дәлелдеп береді» – деп, жоғарыдағы дәйекті ұсынады.
Мұндағы бір жаңсақтық – Қайым аға Қаныштың семинариядағы оқуының даярлық класс мерзімін (1914-15 жж.) ескермей, төрт жылдық негізгі класс уақытынан бастап қана есептеуі. Әрине, ол бойынша, Қаныштың 1915-16 оқу жылдары ІІ-класқа көшкендігі дұрыс болып шығады. Осылайша есептегенде, Қаныш Сәтбаев Мұхтардан екі жыл кейін – 1914 жылы оқуға түсіп, семинарияны 1919 жылы бітірген болып шығар еді.
Сол кезеңде Жүсіпбек Аймауытов та семинарияда оқыған. Қолымызда Ж. Аймауытовтың семинарияны бітіргендігі жөніндегі куәлік көшірмесі бар. Онда Ж. Аймауытовтың семинарияға 1914 жылы оқуға қабылданып, бес жыл оқып, 1919 жылы аяқтағанын көреміз. Куәлік 1919 жылы, 5-маусымында толтырылып, К. Моргайликтің қолы қойылып, мөрмен расталынған. Сонда 1914 жылдан бастап оқу мерзімі бес жылға ұзартылған болса және Қаныш та 1914 жылы оқуға түскен болса, онда ол кісі де оқуды Жүсіпбекпен бірге аяқтауы керек. Алайда, Қаныш Сәтбаев туралы еңбектерде оның оқуды 1918 жылы аяқтағаны көрсетіледі. Демек, Қаныштың семинариядағы оқу кезеңін әлі де нақтылай түсу керек болады. Біз ол мәселеге мақала барысында тағы бір тоқталамыз.
Семинарияда оқыған жылдарында Қаныштың үздік білімімен, ынта-жігерімен, талантымен көзге ерекше түскен озық шәкірттердің бірі болғандығы Қайым ағаның мұрағаттық деректерімен айқындалады. Бұған қосарымыз, Қаныш туралы естеліктерде оның 1917 жылы науқасқа шалдығып, оқудан қол үзіп, емделуіне тура келгенде, семинарияның педагогикалық шешімімен оның келесі класқа емтихансыз көшірілуі де ұстаздарының өнер-білімге аса ықыласты шәкірті ретіндегі ғылымпаз жасқа көрсеткен өзіндік құрметінен десек болар.
Әлкей Марғұлан семинарист Қаныштың оқумен қатар, география қоғамына үздіксіз барып, онда қазақ тарихы, Абай, Шоқан, Ф.М. Достоевский туралы оқылған әр лекцияны қалт жібермегендігін айтады. Қаныш Семейде оқыған тұсында тек семинарияның оқу бағдарламасымен шектеліп қалмай, ғылымның әр саласына да жастайынан ден қойғанын көреміз. Қ. Сәтбаевтың соншалықты айырықша интеллектуалдығы мен энциклопедиялық білімпаздығы, жылдар өте келе, өзінің халық ауыз әдебиетін зерттеулеріне, әдеби-мәдени-тарихи тақырыптардағы тың ізденістері мен құнды еңбектеріне ұласады.
Жігерлі жас өзге де талапты жастармен бірге, қаладағы қазақтың мәдени өмірін жандандыруға көп үлес қосқан. Сол уақыттарда Семейде «Шығыс кеші» деген атпен ойын-сауық кештері өткізіліп отырған. Бұл кештерді ұйымдастырып-өткізуде мұғалімдер семинариясы оқытушылары мен оқушылары аса белсенділік танытқан. Ондай тағылымды кештерді ұйымдастырушылардың қатарында шәкірттерін өнерге баулыған семинария мұғалімдері, ерлі-зайыпты зиялылар Нұрғали, Нәзипа Құлжановтарды атар едік. Сондай кештердің бірі – 1915 жылдың 13 ақпанында, Семейдің приказчиктер клубында өткен мәдени-этнографиялық қайырымдылық кеші. Кештен түскен қаржы Петроградтағы мұсылман-соғыс ауруханасы мен тұрмысы нашар қазақ шәкірттерінің мұқтажын өтеуге пайдаланылған. Кешке талапты да талантты қазақ жастары және семинария шәкірттері Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаевтар да белсене қатысады. Сол уақыттың «Айқап» (1915 ж, №5), «Қазақ» (1915 ж, №110), «Семипалатинский телеграф» (1915 г. №24), «Сибирская жизнь» (1915 г. №52) сынды белгілі басылымдарында ол кеш туралы бірталай мақалалар жарияланған. Солардың бірі: «В Семипалатинске 13 февраля, по инициативе Н.С. Кульджановой, местными киргизами был устроен литературно-вокально-музыкальный вечер исключительно для киргиз. Дружная работа устроителей увенчелась успехом. Зал был полон киргизами, это был праздник, на который съехались почти все живущие в городе киргизи» («Сибирская жизнь», Томск, 1915 г., 7 марта, №52) деп жазады. Ол кеште семинарист Қаныш И. Крыловтың Абай аудармасындағы «Бұлбұл мен есек» мысалын мәнеріне келтіріп оқып беруімен қатар, мандолина аспабында да шебер ойнап, кеш салтанатына өнерімен сән үстеп, жұртшылықты талантымен тәнті еткен. Кейін ел ішінде қызметте жүргенде де үнемі мәденикөпшілік іс-шаралардың басы-қасында болып, ұдайы белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленгендігі және белгілі. Осыған орай, нақтылай кететін бір жәйт бар. Әлкей Марғұлан өзінің Қаныш туралы естелігінде («Қазақстан мектебі», №4, 1969 ж.): «Қаныштың айтуынша, Мұхтар, Жекей деген бала үшеуі бір пәтерде тұрып, бір кезде бітіріп шығады»(Семей мұғалімдер семинариясын. Ш.Ж.) дейді-дағы, 1915 жылғы 13 ақпанда өткен кеш туралы баяндай келе: «Бұл кеште Қаныш аз роль ойнамаған. Ол сайыста, біріншіден, Қобыланды батыр болып шықса, қалған екі бөліміндегі әннің көбін орындап шығады, оның ішінде Жарылғапбердінің әні, Мұстафаның әні «Топайкөк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», т.б.
Жекей Біржан сал болып шықса, Назифа Сараның ролін атқарады» дейді.
Бұдан «осындағы Жекей деген кім?» деген сұрақ туады. Ол – Жүсіпбек Аймауытов. Оның «Жекей» аталуының үш түрлі себебі болуы мүмкін. Біріншісі, осы естелік жазылған уақыт – Жүсіпбек Аймауытовтың әлі ақталмаған кезі. Сондықтан оны Әлкей аға «Жекей» деп жасырын атап отыр деп ойлау жөнге келеді. Екіншісі – қазақи ғұрып бойынша, ардақты адамды еркелете атау дағдысына сәйкес болса керек. Мысалы, Қаныштың шын аты – ҒабдулҒани, ағасы Бөкештің шын аты – Ғабдул-Ғазиз. Үшіншісі – әдеби псевдоним.
Қалай десек те, естелік бойынша, «Мұхтар мен Қаныш екеуімен бір пәтерде тұрып, оқуды бір жылы бірге бітірген азаматтың» Жүсіпбек Аймауытов екендігі шүбә келтірмейді. Өйткені, әлгінде айтылған кештің мұрағатта сақталған бағдарламасы бойынша, Біржан сал рөлін Жүсіпбек Аймауытов ойнаған. Яғни, Әлкей Марғұлан естелігінде айтылмыш «Біржан сал болып ойнаған Жекей» – Жүсіпбек Аймауытов. Бірақ, Нәзипа ол кеште Сара ролін ойнамаған, оны ойнаған – Тұрар Қозыбағарова.
Бұл естелік негізінде түйінделетін басты ой, ол – Қаныштың мұғалімдер семинариясын Мұхтар және Жүсіпбекпен бірге 1919 жылы аяқтайтындығы. Демек, Қаныш Семейдегі бес жылдық мұғалімдер семинариясына оқуға 1914 жылы түскен болып шығады. 1914-15 жж. даярлық класын бітірген. Сонсоң, негізгі кластарда төрт жыл оқып, 1919 жылы семинарияны аяқтаған.
Белгілі тарихшы-ғалым Ерлан Бәттәшұлы Семейде ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалап, іргетасын нығайтуға белсене атсалысқан қазақ зиялылары – Алаш мұғалімдері қатарында Қаныш Сәтбаевтың да есімін атайды («Шәкәрім және Алашорда». Алматы, «Раритет». 2008 ж.). Ал, Орынбор қаласында Алашорда үкіметінің ІІ-ші жалпықазақ сьезінде ұлттық мектептерге арналған оқулықтар жазу комиссиясының құрылғаны тарихтан белгілі. Аса маңызды осы шешім ел болашағы үшін ерте қам жеген жас Қаныштың «Алғашқы қазақша алгебра» оқулығын жазуына түрткі болса керек. Қаныштың өзі ол туралы: «...кітап 1919 жылдан былай басталып, онан бері әртүрлі толастар арқылы созылып келіп, 1924 жылдың ішінде аяқталып отыр» дейді. Жас Қаныш Алашорданың білім саласындағы істеріне білек сыбана кірісіп, Семей уездік Земство басқармасының қолдауымен құрылған қазақ мұғалімдер одағының мүшесі болған. Алаш қаласындағы мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курста оқытушылық қызмет атқарған.
Семей мұғалімдер семинариясы дегенде, тағдыры осы оқу орнының негізінде 1922 жылы ашылған қазпедтехникумының тарихына қатысты Сәтбаевтар әулетінің үшінші бір адамы, Қаныштың жұбайы – Таисия Алексеевна Кошкинаны ескермей кетуге болмайды. Оқу орнының – 1925 жылғы тұңғыш түлектерінің фото-суретіндегі оқытушылар қатарынан Т.А. Кошкина бейнесін де көреміз. Бұл суретке түсініктеме берген Қ. Мұхамедханов «Т.А. Кошкина Алматыда тұрады (Қаныш Сәтбаев марқұмның әйелі)» деп таныстырады.
Қазпедтехникумда 1923-28 жылдар аралығында оқыған Төлеужан Мусин өзінің «Өмір баспалдақтары» деген естелік кітабында Т.А. Кошкинаның оқу орнында геология, минералогия пәндерінен сабақ бергендігін айтады. Оқу орнының сол кезеңдегі педагогикалық кеңесінің хаттамаларында Т.А. Кошкина есімі үнемі ұшырасып отырады. Семей мемлекеттік мұрағатынан табылған 1924 жылдың 15 қазанындағы Семей және Алаш қалалары оқу орындары оқытушыларының (108 адам) тізімінен де Т.А. Кошкина есімін кездестіреміз.
Бүгінгі күні оқу орнында өз түлегі Қ.И. Сәтбаевтың өнегелі ғұмырын, ғылыми мұрасын насихаттайтын салтанатты кештер мен салиқалы кездесулер жиі болып тұрады. Сонымен қатар, «Сәтбаев оқулары», Қаныштың өмірі мен творчествосына арналған ғылыми конференциялар, түрлі сайыстар жылма-жыл тұрақты өткізіліп келеді.
1999 жылы, Қ. Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, бас оқу ғимаратының қабырғасына оның барельеф-бейнетақтасы орнатылды. Сондай-ақ, оқу орнының тарихымен таныстыратын мұражайымыздың тұтас бір бөлімін ғұлама ғалымның өмірі мен еңбегіне арнадық. Тағдыры қилы, тағылымы мол ғалымның бай мұрасын бүкіл ұжым болып тереңдей меңгеруді біз әрдайым мақсат тұтып келеміз.
Тарихи ескерткіш санатындағы колледждің бас ғимаратына еніп, Алаштың ардагер ұлдарының ізі қалған баспалдақпен екінші қабатқа көтерілгенде, қарсы алдарыңыздан Қаныштың семинарист кезіндегі ойлы да асқақ кейіптегі бюст-мүсіні қарсы алады. Сол мүсінге қарап, ақын Әбділда Тәжібаевтің «Далаға – Қаныш, Қанышқа Дала жарасқан...» деген өлең жолдары ойға оралады. Ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегенін еліміздің осындай дара да дана перзенттеріне ғана қарата айтсақ жарасар! Өйткені, Қаныш Сәтбаев өз туған халқы алдындағы парызын еселеп-еселеп атқарып кетті».
СОҢЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.