Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Ақжайық, сенің орның алабөтен...

26.06.2023 2723

Ақжайық, сенің орның алабөтен 14+

Ақжайық, сенің орның алабөтен - adebiportal.kz

Ақ Жайық вокзалы. Тәулік бойы шойын жолмен жүйткіп келген жүрдек пойыз қалаға кіре бере Жайық өзенінің үстінен өткен еді. Шіркін! Бұл – тіршілікке нәр беріп, өңір жұртына ырыс болған, бабаларымыз толарсақтан қан кешіп жүріп, жағасында талай ұрыс салған Ақ Жайық қой. Бұл –  Маралтай ақынның жырындағы «Бабамыздың белінен тарқатылып түсіп қалған» гәккулі мекені Ақ Жайық қой…

Перронда сабылысқан сансыз жолаушының арасында тұрып, бойымды бір жұмбақ әсер биледі. Көне Оралда үш күн аялдап, әйгілі «Капитан қызын» жазып шыққан Александр Сергеевич Пушкин, Қырым соғысында бірге болған жолдасы Аркадий Столыпинмен кездеспекке Оралға ат басын бұрған әлем әдебиетінің алыбы Лев Николаевич Толстой, атақты мысалшы Иван Крылов, «Тынық Дон» романының бірнеше тарауын Жайық топырағында жазған кеңес жазушысы Михаил Шолоховтар қаланың қай қақпасынан кірді екен? 

Нобель сыйлығының иегері, «Тынық Дон» роман-хамсасының авторы Михаил Шолохов 1942 жылдың шілде айы мен 1943 жылдың қауыс айы аралығында жанұясымен бірге Орал шаһарынан отыз шақырым жердегі шағын ғана Дариян ауылында тұрыпты. Естуімше, Дариян ауылында «Тынық Дон» шығармасын баспаға әзірлеп, «Көтерілген тың» кітабының бірнеше бөлімін жазып шыққан. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін де жаз, күз айларында Оралға бірнеше рет келіп, демалып, ой сергітіп қайтқан көрінеді. Өмірінің он алты айға жуық уақыты Орал өңірінде өткен қаламгер бұл қалада соңғы рет 1974 болған деседі. Ақ Жайықтың қай ерекшелігі мен қасиеті Шолықтың немересін қызықтырды екен? Оның бұл қалаға жиі-жиі ат ізін салып тұруының сыры неде?

«Асың барда беріп жүріп ел таны, атың барда желіп жүріп жер таны», - демекші, іссапармен келген мені ең әуелі шаһардың ішкі мәдениеті мен тазалығы таң қалдырды. Халқы да жылы жүзді, қонақжай. Еуропалық сәулет стилінде салынған ескі ғимараттар мен заманауи стилде тұрғызылған зәулім үйлерді көріп, құдды қос ғасырдың арасында қалған жолаушыдай күй кештім. Көне мұражайлары да тоналмай, бұзылмай қаз қалпында сақталыпты. 

Ақ Жайық – Еуропаның есігі, қаншама қазақ ақынының алтын бесігі болған өлке. Марқұм Есенғали Раушанов көзі тірісінде бір топ Оралдық ақынның шығармашылығымен танысып көріп: «Ендігі қазақ өлеңінің бұлты Жайыққа қарай ауған екен», – депті. Алаш ақтаңдағы Ғұмар Қараштай, күллі қазақияның төлқұжатына айналған «Мен қазақпын» жырының авторы Жұбан Молдағалиевтей, қазақ поэзияның сұңғыласы Қадыр Мырза-Əлідей, Ақ Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереевадай, көрнекті ақын Сағат Əбдуғалиевтей, Қазақстандағы тұтас бір саяси кезеңнің оқиғалары қамтылған “Ақ Жайық” трилогиясының авторы Хамза Есенжановтай тектілерді тудырған өлке әдебиетінің бүгінгі хәл-күйін білмекке, Қадыр  Мырза-Әлі атындағы шығармашылық үйіне бас сұқтым. Қадыр үйінің табалдырығын аттағаннан Талғат Мықи мен Әнуар Аманжоловтай ақеден, ақкөңіл ақындар қарсылап, мұражайдың ішкі тыныс-тіршілігімен таныстырды. 

                                              Қадыр үйі хақында

2015 жылы қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза-Әлі сексенге толады. Осы мерейтойдың қарсаңында «Қадыр Мырза-Әлі атындағы Мәдениет және Өнер орталығы» ашылған. Зәулім өнер ғимараты сол тұстағы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың тапсырмасымен салынған. Зайыбы Салтанат апамыздың рұқсат етуімен Қадыр Мырза-Әлінің Алматыдағы жеті мыңға жуық бай кітап қоры осы мұражайға көшіріліп әкелінген. Сол жылы шығармашылық үйінің ашылу рәсіміне кемеңгер Әбіш Кекілбайұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілі қатысыпты. 

Қадыр Мырза-Әлі қорының алғашқы басшысы болып Ақжайық өңіріне танымал компазитор Донеділ Қажымов тағайындалыпты. Ал, Қадыр Мырза-Әлі орталығының бүгінгі басшысы жұртымызға танымал ақтаңгер ақын – Халиолла Бауыржан Ергенұлы. Қадыр орталығының концерт залында әр аптаның жұма күні «Жұмадағы жыр мәжілісі», «Елеулі есімдер» атты әдеби-сазды жыр кештері ұйымдастырылып, әдебиеттен де тыс өңір халқына еңбегі сіңген медицина, білім, спорт саласының мамандарымен кездесу өткізіліп тұратынынан білдік. 

Ақынның өз қолтаңбасы

Ақжайық өңіріндегі әдебиеттің қарашаңырағы іспетті Қадыр Мырза-Әлі үйінің екі әдеби залы бар. Бірінші залына Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев сынды қатарлас  қаламгерлердің және Орал өңірінде ізі қалған Александр Сергеевич Пушкин, Ғабдолла Тоқай сынды тарихи тұлғалардың еңбектері топтастырылып, қойылған. Екінші залына тек Қадыр ақынның шығармашылығы мен өміріне қатысты естелік-еңбектері орналастырылыпты. Мұражайда ұзын саны 55-56 адам жұмыс істейді. Шағын әдеби кештер 150 орындықты концерт залында, ал жаз айларындағы ұлттық мерекелер  1200 адамға шақтап салынған амфитеатрда өткізіледі. Жазғы қоңырқай кештің салқын самалымен қала халқы амфитеатрдағы мерекелік шаралардан керемет рухани әсер алып қайтатынын естіп, ұжым басшылығының атқарып жатқан жұмысына іштей разы болғанымыз жасырын емес. 

Қадыр Мырза-Әлі үйінде шығармашылық, шаруашылық, ақпараттық секілді үш бөлім қалтқысыз қызмет етуде. Шығармашылық бөлім әрбір әдеби іс-шараларды жедел әрі жоғары деңгейде ұйымдастырса, ақпарат бөлімінің мақсаты – сол ұйымдастырылған шараларды жергілікті басылымдарға жариялап отыру. Бауыржан Ергенұлы ҚЖО-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы боп сайланғалы бері қаңтарылып қалған жұмыстар өз жүйесін тауып, қайта жанданған. Мысалы, 2020 жылдан бері он шақты ақын-жазушы Қазақтан Жазушылар Одағының құрамына өтіп, сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгер Айтқали Нәріков пен ақын Қазыбек Құттымұратұлына «Алаш» әдеби сыйлығы табысталған. Қадыр үйінің тағы бір көңіл қуантар жаңалығы – орталықтың жанынан құрылған жаңа баспа үйі. Биылдың өзінде баспадан жазушы Мүсірбек Айташовтың, Махмет Қажиахметовтің, ақын Ғайсағали Сейтақтың кітаптары жарық көрген. 

2017 жылы Қадыр Мырза-Әлінің шығармашылығын насихаттайтын «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы құрылып, бұған дейін Қазақстанның барлық өңірін аралап шығыпты. Ұжым өнерпаздары ұйымдастыратын әдеби-сазды кештердің жүргізушісі әйгілі журналист Бауыржан Ғұбайдуллин. Өзі өлсе де өнері өлмес Қадағаның шығармашылығын насихаттау жұмыстары барысында ел арасында айтылатын әзіл-қалжыңдары мен «...Деген екендері», даналық ойға айналған афоризмдері, жауһар жырлары мен өзі сөзін жазған әсем әндері сахналанады екен. 

Ертеректе Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласына әкімі болып тағайындалған уақытта Қадыр Мырза-Әліні ел арасынан іздестіріп, тауып, қабылдауына алғызады. Әңгіме арасында Имекең Қадыр ақынға қарата: «Қадаға, сіздің қандай өтінішіңіз бар. Қажет нәрсеңіз болса, айтыңыз. Төрт бөлмелі кең үй керек болса, үйіңізді алып берейік», - депті.  Сонда Қадағаң: «Шүкір, менде үй де, басқасы да бар. Үйге қарап қалған күнім жоқ. Тек, менің үйімде үлкен кітапханам бар. Анда-мында шашылып қалады-ау деп соның болашағына алаңдаймын. Сол кітапханамды орналастыратын мұражай салып бере аласыздар ма?» - деп өтінішін білдіріпті.  Әйтсе де, көп ұзамай Иманғали ағамыздың қызметі ауысып, бұл бастамасы аяқсыз қалған. Бір қайырлысы, бұл мұражай Алматы қаласында емес, түптің түбінде Қадағаңның туған жері Ақжайықта салынды. Иә, бұл -Қадағаң көзі тірісінде армандаған мұражай үйі. Ақжайықтың арда туған перзентінің, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік классик ақынының жатқан жері жайлы, рухы шат болғай-ды!

             ***

Біз осы орайда ҚЖО Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Қадыр Мырза-Әлі атындағы Мәдениет және Өнер орталығының» басшысы, ақын Бауыржан Халиолла ағамызбен сұхбаттасқан едік. 

Бауыржан Халиолла: Өлеңмен ақыл айтқанды ұнатпаймын

- ҚЖО-да кейінгі өткен құрылтайдан кейін сізді Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан сынды төрт облыстың хатшы-кураторы етіп тағайындапты. Жұмысыңызға толайым табыстар тілеймін, Бауыржан мырза! Алдағы уақыттарда жүргізілетін жұмыс жоспарыңыз жайлы бір-екі ауыз айтып өтсеңіз?

- Рахмет ниетіңе. Жазушылар Одағы деген ақы төленбейтін қоғамдық жұмыс болғасын, өз еркіңмен шаруа жасап, барынша бастамаларға ықпал ету деген сөз. Бұған дейін БҚО филиалы аз қызмет атқарған жоқ, енді соның ауқымы кеңейеді. Жалпы менде қағазға сызылған жүйелі жоспар болмайды. Шай басында, көлік ішінде, көшеде келе жатып оқыс ойлар келсе соны қорытып, айналаммен ақылдасам да көзсіз тәуекелге қойып кетемін. Әйтпесе ұзаққа созылып, нәтижесі ойдағыдай болмауы мүмкін.

- Осы уақыт аралығына дейін «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн» секілді жыр жинақтарыңыз қалың қазақ оқырманына жол тартыпты. Естуімше, жақын маңда жаңа жинағыңыздың тұсауын кескелі жатыр екенсіз. Жаңалығыңыз оңынан болғай! Бұл жинағыңызда шығармашылық болмысыңыздың қай кезеңі баяндалған?

- Жаңа жинақ болғанмен барлығы бірдей жаңадан жазылған жырлар емес. Бұрынғы кітаптарды толықтырып, соңғы жазған туындыларымды қосып шығарсам деген ой бар. Әзірге қаржы жағы қолбайлау боп отыр.

- Сіз үшін ақын деген кім? Өлең деген не? Және өзіңізді өлеңге қаншалықты адалмын деп ойлайсыз?

- Мен үшін Ақын – Алланың назары түскен ерекше жан. Бірақ оны ақынның өзі жасанды  мінезге ұластырып, қияли әлемге еніп, өзін жұрттан ерекшелеп алмау керек. Ол да қатардағы пенде. Бізде қызық қой өзі. Қызыл-жасыл киініп ап, арқырып қолын сермеп өлең оқып, ортаны бұзып-жарып жүрсе, ақын сол деп ойлайды. Өзіне өлеңі сай болса деп ойлаймын. Өмірде талай өтірік айтқан шығармыз, айтатын да болармыз, бірақ өлеңде қалай, не деп өтірік айтасың? Себебі ол сенің тап сол сәттегі көңіл-күйің болса? Өлеңмен ақыл айтқанды ұнатпаймын…

- Сіз айтыскерсіз бе? Әлде жазба поэзияның өкілісіз бе?

- Мен үнемі айтыскер жоқ жерде жүріп, мәжбүрлеумен сахнаға шығып кеткен адаммын. Есенғали ағамнан да, Фариза апамнан да ұрыс естідім, айтысқа шыққаным үшін. «Біз сені тым тәуір ақын болады деп жүрсек, мұның не, таста давай» - деп Есағам кездескен сайын жекитін. Себебі мектеп бітіріп Алматыға оқуға барған бойда іздеп барып, батасын алған адам ғой.

- Халқымыздың лиро-эпостық дастаны «Қыз Жібек пен Төлегеннің» оқиғасына қатысты алып-қашпа әңгімелер көп қой.  Сол жырда Кескентерек атты кейіпкер бар. Әрі Төлеген Бекежанның емес, Кескентеректің қолынан қаза тапқаны  айтылып жүр. Бұл бір бөлек тақырып. Қазір сіздің Қособа жеріне дейін халықаралық стандартқа сай жол салынуына бастамашы, себепкер болып жатқаныңызды естиміз. Бұныңызды сауапты һәм игілікті іс деп танимыз! Ал, бұл бастамаңызға қаржылай қолдау білдірушілер бар ма? Осы хақында айтып берсеңіз?

- Қособа – тарихи әділ бағасын ала алмай келе жатқан ауыл. Ол жерге жол мәселесі көптен айтылып келе жатқан болатын. Аудан орталығынан 25 шақырым, одан ары Жұбан ағамыздың туған жері Сайқұдық тиіп тұр. Соны кесіп өтіп Ақжайық ауданына кетесің. Бұрын осы бағытпен Ресейге баратын халықаралық жол салынады деген жоспар болған. Сол әңгіменің шетін естіп ап келген әкімнің құлағын мүжідік қой. Есқалиев аймақ басшысы боп тұрғанда «Қалғаны кейін салына жатар, әзір басын бастай беріңізсейші» деп басын қатырдым. Сөйтіп басталған жолға Төреғалиев қолдау білдіріп, биыл-келер жылы жол бітіп қалады деп ел-жұрт қуанып отыр.

- Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Тірі адамды мақтауға оның әрекеті кедергі болады» деген сыңайда ой айтады. Ал, бақилық болған қазақ ақындарынының жақсылығын айтып, нұрын шалқытып, рухын бір аунатуға болатын шығар? Сізді алдыңғы толқын ағаларға жақсы іні бола білген деп естіп жатамыз. Тәлімін көріп, өнегесін алған ағаларыңыздың бірі – Есенқұл Жақыпбеков екен. Сол ақын ағамызбен ортақ естеліктеріңіз бар ма?

- Ооо... Ол енді бір сұхбатқа сыймайтын тақырып. Себебі мен жақсы ағаларға жастай ілесіп, көп шапағатын көріп, үзеңгі-жолдас болдым. Қазір өзегімді өртейтін өкініш-солардың көбі келместің кемесіне мініп кетті. Есенғали, Есенқұл, Әзімбек, Оразалы...тізім созыла береді. Соның ішінде Есенқұлмен жақсы сыйласқаным қазір өзіме мұңайып отырып сағына еске алатын естеліктер сыйлады. Аңқылдаған, адал, бала сияқты шынайы ақын еді. Ол сияқты өзі де, өлеңі де бір-біріне астасып кеткен ақын көргем жоқ. Сіз қазір неше ақынның өлеңін алдыма жайып тастасаңыз да Есағамның өлеңін шатаспай тауып алар ем. Мейлі ол мен оқымаған жыры болса да сөз саптауы мен жып-жылы тіркестерінен бірден танимын. Білмеймін, адамды осынша құлай жақсы көріп оқу мүмкін бе әлде басқа адамда да бола ма мұндай жағдай? Егер сенде сондай сезім болса сұхбатты өзің жалғастыра бер.…

P.S Бауыржан Халиолла тек «ондықтан ұрар сұр мергеннің епті қимылын сөзбен жеткізе алмайтын астарша» аста-төк сөйлемейтінін ұқтым. "Ңөң" айсберг бітімді, жоспармен кетпей жосықпен кетер ағаның аз сұхбатына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар