Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Дулат Исабеков. Біздің кемемізде капитан жоқ...

13.07.2023 3964

Дулат Исабеков. Біздің кемемізде капитан жоқ 14+

Дулат Исабеков. Біздің кемемізде капитан жоқ - adebiportal.kz

Биіктік Алатаумен, ал кеңдік кемеңгерлікпен өлшемді. Әлбетте, әр елдің өз биігі мен кемеңгері бар. Жақында Алматы қаласына барып едім. Әдетте Алматыға барған адамның Алатаудың баурайына саяхаттағысы келіп тұратыны бар. Бұл ретте Алатаудай асқар қаламгер Дулат Исабековтің әңгімесін тыңдағымыз келіп, ат басын ағамыздың үйіне бұрдық. Бүгінгі күні сөз базары қызып тұрған ақсақалдың әңгімесін тыңдай отырыңыз, қадірлі оқырман. Мархабат!

- Дулат аға, естуімізше жақын уақытта «Гауһартас», «Дермене», «Сүйекші», «Тіршілік», «Ай-Петри ақиқаты» сынды бес повесіңізді жинақтап, мектеп оқушыларына лайықтап «Көкжиек» баспасынан шығарып жатыр екенсіз. Жаңалығыңыз оңынан болғай! Әңгімеміздің біссіміләсін осы хабарыңыздан бастасақ деп едім... 

- «Ай-Петри ақиқаты» атты әңгімем 1990 жылы жарық көрді. Тәуелсіздік жылдарынан кейін ең бірінші мемлекеттік сыйлық осы «Ай-Петри ақиқаты» шығармасы үшін маған берілген еді. Негізі, шығарма басқа бір әңгіменің атымен аталған. Ішіндегі кейіпкерлерінің тағдыры ұқсас болғаннан кейін «Ай-Петри ақиқаты» деп қойдым. «Ай-Петри ақиқаты» атты аңыз бар. Ай-Петри – Қырым тауларыдағы Ай-Петри яйла комплексінің тауы. Алупка маңындағы тау-орман табиғи қорықтың құрамына кіреді. Қара теңіз жағасында тік жарқабақтанып бітеді. Өзі ерекше тау. Қырым патшалығында көптеген гаремдердің бірінде екіқабат әйел болған. Әйел кемемен кетіп бара жатқан кезінде, кеме апатқа ұшырайды да, ішіндегі әйел бір тақтайға жабысып, тірі қалады Қайда бара жатқанын да белгісіз. Қараңғы түн. Алдында ажал күтіп тұрады. Сол мезетте найзағай жарқ ете қалып, Ай-Петридің суреті көрінеді. Өлім мен Өмірдің арасында арпалысқан әйел қатты қуанып, жағалауға қарай жүзіп аман қалады. Міне осы аңыз кейіпкерінің тағдырын өз әңгімемде пайдаланған едім. 

- Ертеректе жазылған «Шойынқұлақ» атты әңгімеңіз бар ғой. Сол әңгімеңізде қазақ оқырманы күні бүгінге дейін сүйіп оқиды. Мұнда тракторшының өмірін жан-жақты баяндайсыз. Қаламгер болғаныңызбен, техникадан хабарыңыз бары байқалады. Бұл шығармаңызға прототип ретінде кімді алғаныңызды білуге бола ма? 

- Ауылдың баласы ерте есейеді ғой. Тоғызыншы сыныптан соң, ауылдағы үш ай каникулда бидай орағы болады. Ауылымыздағы Жидебай деген кісі: «Сол Шойынқұлақтың кейіпкері менмін», - деп мақтанып жүреді ғой. Ол тракторшы – менің өзім.

 - Өз өмірбаяныңызда айтқаныңыздай, емізулі кезіңізде бір, жас күніңізде екінші мәрте өлім аузынан аман қалыпсыз? 

Қартқожақов деген Атырау жақтың жігіті бар еді. Өзі – досым. Әнес Сарайлармен бірге теңіз әскерінде төрт жыл борышын өтеген. Сол әңгімесін айтып, айтып отырып: «Ой ребята что я не был?» - деуші еді. Сол сияқты, оның бәрі басымыздан өткен оқиғалар. Кішкентай кезіміздегі өмірбаяндық шығармалар ғой бәрі де…

- Жазушы Мұхтар Мағауин сізге қарата «Оралханды да, Құдайыңды да ұмытқан екенсің» деп хат жазғаны бар еді. Сіздің бұл хатқа қатысты берген пікіріңіз ел арасында кең талқыланды. Араларыңызда болған даудың себебі бар ма? 

- Мұхтар Мағауин «Жұлдыз журналын он тоғыз жыл басқарды. Ешкім осынша жыл басқарған емес, шырақ. Және журналдың бәрі: «Мен, мен, мен». Жалғыз сол ғана «шын жазушы». Асанәлілер бастап, марқұм Кәрібай бар, бес адам: «Мұхтар-ау мұның не? Қалғанының бәрі жазушы емес те, сен ғана жазушысың ба? Ол деп бірдеңе айтпайсың ба? Үнемі «Мен» дейсің», - деп хат жолдады. Мұхтар Мағауин ешқандай да үкіметтен қыспақ көрген адам емес. Кетерінің алдында төрт ай бұрын Иманғали Тасмағамбетов төрт бөлмелі үй алып берді. Одан артық оған не керек? Бүкіл атақты алды. Баласы Прагада жұмыс істейтін, әрі қарай Америкаға кетті. Бірақ, қалай өмір сүріп жатқанын білмеймін. «Это не мое дело». Ол кіммен күресті? Биліктің жағында да болды. Сөйтіп, өзі кетті де қалды. 

Мен Назарбаевпен соттасуға дейін барған адаммын.  Үкімет жағынан қысым көрген адам болса, шетелге мен кетуші едім. Мұхтар ақыры шет елде жүр екен. Қалың ағылшын тілдінің ортасында, Америкада жүріп жатыр. Неге қазақ әдебиетін насихаттамайды? Неге «Әнуар Әлімжановтай АҚШ-тың университетінде қазақ әдебиетінің кескекті шығармалары жайында лекция оқымайды? Тым болмаса өзінің шығармашылығын насихаттасын. Ол да жоқ. Сонда немен айналысып жатыр? «Дулат Исабековты тәубесіне келтіру» деп мақала жазып, маған тиіскен өзі ғой. Мақаласында «Оралханды ұмытып кетті» - депті. Ол өз «Менімен» алысып жүргенде, мен Оралхан туралы еліне барып баяндама жасадым, алпыс жылдығына «Өмір деген ертегі» атты мақала жаздым. Оралхан қайтыс болғанда мәйітханадағылар кеудесін қағып-қағып жіберіп: «Хорошое тело» - деді. Кешегі дүрілдеп жүрген дүлдүл Оралхан «Хорошое тело» ғана боп қалды…

Не істедің десең, мен саған отчет берейін. Әлемнің он бір елінде менің пьесам жүріп жатыр. Лондонда, Санкт-Петербургте, Австралияда, сонау Мельбурнде шығармаларым сахналанып жатыр.Төрт кітабым ағылшын тілінде жарық көрді. Кеше бесіншісі келді. Және мен қанша мақалалар жазып жатырмын. Қазақ әдебиеті жайлы шет елде жүріп, бір ауыз сөз айттың ба? Кезінде сен «Жас ғалым ашқан жаңалық» деп ғылыми диссертация қорғадың. Бір күн де кітапханаға барып, ғылыммен айналысқан адам емессің. Мен айтып берейін, «Жас ғалым ашқан жаңалық» сенің емес, Ханғали Сүйіншәлиевтің еңбегі. Байғұс шалдың еңбегін пайдаланып кеттің. Ал Мырзан Кенжебай сенің «Аласапыран» романыңды кімнен көшіріп алғаның жайлы мақала жазған еді. Мұхтардың «Аласапыраны» Әбіштің «Елең-алаңынан», «Үркерінен» кейін шықты. Мұхтардың жауабын күтіп: «Контраргумент айтып көрші», - деп едім, ол үндемей қалды. Жым-жырт. 

Қазір мына үйде қызымыз екеуміз ғана тұрып жатырмыз. Өмір сүріп жатқаным – сол қызымның арқасында. Әйтпесе, талай қиындықтар өтті ғой бұл басымыздан. Шетелге шыққанда дәрілерімді алып кетемін. Айман-Шолпан деген егіз қызымыз бар.

- «Сүйекші» әңгімеңізде шиеленіскен психологияны терең сипаттайсыз. Ол өмірден де хабарыңыз бар ма? 

- 1971 жылы «Жұлдыз» жорналында жұмыс істеп жүрген кезім. Бір кезде есікті ашып Әбу Сәрсенбаев қарады. Далада жаңбыр құйып тұрған, бәрі үйіне қарай жинала бастаған мезет еді.

«Әй, анау Фатих Дінисламов деген ақын бар еді. Өзі Абай атындағы Опера және Балет  театрының әдебиет бөлімін басқарып жүрген. Сол бауырымызға уақыт болыпты. Баратын адам болмай тұр. Жүріңдерші біреуің» - деді. Екі-үш-ақ адамбыз. Моланы бір ноғай кісі қазып жатыр. Жер балшық. Бір шығып, бір кіреді. Сол кезде: «Япырмай, бұл кім? Қандай адам? Бұл да анадан туды ғой. Бұның да анасы емізіп отырып, ыңылдап бесік жырын айтты ғой. Балам көр қазады деп армандамаған шығар. Әкім болады, ақын болады, ғалым болады деп армандады ғой байғұс. Енді міне көр қазып жатыр. Өзінің үйі бар ма екен? Әйел-баласы бар ма екен? Үйіне барғанда «Әке» деп жүгіріп, балалары алдынан шыға ма екен? Әйелі екеуі қандай әңгіме айтып отырады екен... Неге күледі екен, неге қайғырады екен, бұлардың өмірлері қандай болады екен» - деген ой соңымнан қалмады. Что за человек? Осы өміріне өзі қанағаттана ма? Мақсаты бар ма? Әлде «осының өзі маған жетеді» деп бәріне көндіккен адам ба? Бұл адам тағдырдың қандай сорты? Бала кезінде ойнап жүріп, мен көр қазуменен нан табамын деп ойлады ма екен? Содан ойлап-ойлап, одан кейін де талай рет барып көріп жүрдім. Оларға сыра алып беретінмін. Алғашында ол әңгімем «Үндемес» болып басылып шықты, кейін Асқар Сүлейменов «Сүйекші» деп өзгертіп берді. 

- Жазушы Асқар Сүлейменовпен болған ортақ естеліктеріңізді айтып бере аласыз ба?

- Ойе-бо-ой... Қазақ әдебиетінде, Шығыста, бүкіл Орталық Азияда Асқардай адам болған жоқ, енді болмайды да. Өзбектер мен әзірбайжандар «Эмигрант» атты мақаламды жариялады ғой. «Неужели қазақ әдебиетінде осындай адам болды» - деп қайран қалды. Өзі Түрікменстаннан басқа жерге бармаған адам. Соған қарамастан мақаламның атын «Эмигрант» деп қойдым. Так... Қазақ: «О дүниеге ешкім ештеңе алып кетпейді» деп айтып жатады ғой. Ол тек бер жағы ғана. Ал мен айтамын: «Көп нәрсені өзімен бірге алып кетеді». Ол – рухани байлық. Соншалықты телегей теңіз білімімен, сондай интеллектуалдық деңгейге жеткен Асқар Сүлейменов соның бәрін өзімен бірге алып кетті. 

Біз Асқармен бірге көп жолдас болдық. Мен оған «Түн адамы» деп ат қойғанмын. Өмірі күндіз ұйықтап, түнгі саған екі жарымда қоңырау шалады. Телефонды ала қалсаң: «Слушай, мынаны тыңда», - деп пластик музыкасын қосады да кетіп қалады. Бетховен, Шопен, Глазуновтардың симфониялары жарты сағат қосылып тұрады. Соңында Асқар келіп: «Ну как?» - дейді. Неге осыны күндіз айтпайсың десем: «Күндіз адамның миына еш нәрсе қонбайды. Қонатын нәрсе түнде қонады», - деп өз теориясын айтатын. Бір қызық оқиға айтып берейін. Оны «Дулат Исабековтың әзіл-қалжыңдары» деген жинағыма қосқанмын.

Асқар екеуміз «Жұлдыз» журналында бірге істеп жүрген кезіміз. Төлеген Тоқберген деген сыншы болды. Дауысы қарлығып сөйлейтін. Бір күні Асқар екеуміз ерігіп, Төкеңнін жынына тиейік дедік. Бір қатты жынданғанда боқтайтыны бар еді. «Давай, бір боқтатайық», - дедік. Сағат түнгі екі әлде үштің кезі. Мен звондадым. Зайыбы Бәтима Батырбек, ол да – ақын ғой. Біраа-а-аздан кейін барып, телефонды әйелі алды. Даусымыз жарқын-жарқын:

- Бәтеке сәлеметсіз бе! 

- Сәлемет пе!

- Қалдарыңыз жақсы ма?

- Жақсы ғой.

- Төкең қайда?

- Ойбай, ұйықтап жатыр ғой.

- Ойбай, Бәтеке, срочно Төкең керек болып жатыр.

- Жарайды енді, - деп бір кезде Төкеңді телефонға ертіп келді.

- Төке, ассалаумағалейкүм!

- Әликісалам.

- Сіз осы апта Алматыда боласыз ба? Біз соны білейік деп едік, - деп, он бес минуттан кейін қайта хабарласамыз. Үшінші ретте, Асқар алды да, қоңыр даусымен: 

- Бәтеке, сәлеметсіз бе? Бізге Төкең керек еді, - деді.

- Төкең ұйықтап жатыр ғой. 

- Мен таңертең сағат жетіде самолетпен Шымкентке кетіп бара жатырмын. Бір мәселелер бар еді, Төкеңнен соны сұрап, біліп кетейін деп отырмын, - дейді. Бәтекең:

- Жарайды, көрейін, - деп Төкеңді шақырып келді. Сонда Асағаң: 

- Төке, ассалаумағалейкүм, - дей беріп еді, ар жағынан боқтаған дауыс шықты. 

Болды, шегіміз қатты. Ақыры дегенімізге жеттік. Төкең таңертең жұмысқа келді. Жүзі сұп-сұр. Бізге қарамайды. Бір уақта отырып, Асекең: «Төке, сіз үлкен жігіт ағасы болдыңыз, сын бөлімін басқарасыз, жұрттың бәрі сіздің ауызыңызға қарайды, оның үстіне соңғы уақытта мұсылмандыққа бет бұрып жүрсіз. Бірақ «Ассалаумағалейкүм», - дегенге: «Бірдеңемді жеме», - деп жауап бергенді қай мұсылманнан көрдіңіз? Мұныңыз күпірлік қой!» - дей беріп еді, Төкең: «Ей, есектің миын жеген екі есек, соны тауып айттым деп отырсыздар ма?» - деп зекіп тастады. Содан кейін біраз уақыт бізбен сөйлеспей, тымырайып жүретін.

Көп адам Асқар Сүлейменовті түсінбейді. Оның ішіп отырып айтқан сөздерін ұға білу қажет. 1979 жылы менің «Гауһартас» атты повесім неміс тілінде шықты ғой. Сол еңбегімді тәржімалаған кісілермен бірге академик Сайын Балмұқановтың саяжайында бірге болдық. Сонда неміс аудармашылары Асқар Сүлейменовтың біліміне таң қалып кетіп еді. Асқар алдарында түк білмегенсіп жүреді. Ал немістер өздерін білімді, биіктеу санап отырады ғой. Бір-екі сағаттан кейін Асқар аттың басын жіберіп, неміс музыкасынан Бетховеннен Моцартқа шейін сөз қозғап, Бертольд Брехтің шығармаларын жатқа айтып береді. Асқар арақты Мұқағали сияқты «грязно» ішпейтін. Кейін Германияға барғанымда әлгі ғалымдар Асқарды көп сұрап, оның ішпеуін өтініп: «Егер ол біздің Германияда туылса, әлемнің жарық жұлдызы болар еді», - деп айтушы еді. Мен де Асағаңа: «Шегірткеден басқа ештеңесі жоқ Созақта туып неңіз бар? Не жүз жыл бұрын я жүз жылдан кейін тууыңыз керек» - деуші едім. Кабакқа келіп, әркіммен бір отырып сырласатын. Мен ол кісіге: «Кім көрінгенмен сөйлесе бермеңіз, олар теңіңіз емес!» - деп ұрсатынмын. Сол кезде Асағаң: «Әй, бала, сен осы Арыстың суынан акула іздегенді қашан қоясың? Ал, Гегель қазақ деп ойлай ғой, ол Алматыда тұрады деп ойла. Сонда ол кіммен отыруы керек? Сен-Симон жоқ, Шопенгауэр жоқ, Спиноза жоқ, ең арысы Маркске шейін бұл жақта жоқ. Ол сонда кіммен сөйлесуі керек? Придется с кем попало пить» - деп өзін ақтаушы еді. Бір күні телеарнаның бір журналисі: «Абай ескіре ме?» - деп сұрақ қойды. Асағаң: «Қазаққа ес кіргенде, Абай да ескіреді» - деп жауап берді. «Қазақ ұлт бола ма?» десе: «Болады, бірақ болмайды. Болады, егер руға бөлінгенді қойса, бірақ қазақ руға бөлінгенді қоймайды», - дейтін. 

- Амандық болса, ұлт болып ұйысуға ниеті бар елміз. Әйтсе де, осы руға бөлінуді қоймайтын сияқтымыз…

Қайта осы нәрсе тәуелсіздік алғанымыздан кейін күшейіп кетті. Біз ҚазМУ-де сегіз бала болып жаттық. Біреуіміз ру сұрасқан емеспіз. Совет үкіметі тағы елу жыл тұрғанда жақсы болар ма еді деймін. Бұл – ауруға айналды. Оспанхан Әубәкіровтің: «Бес миллион қазақта он миллион ру бар. Әкесі омыртқалы руынан, шешесі қабыртқалы руынан» - деп айтатыны бар еді. Мәселен мен Қазақ теледидарының бас редакторы болдым. Қызметкерлерімнің біреуінің руын сұраған адам емеспін. Біз әлі тайпалық түсініктен арылмадық. 

- Елімізде неге ұлттық идеология жоқ?

Менің түсінігімде, ұлттық идеологияның өзегі – ұлттық дәстүр мен қазақтың тілінде. Болды. Осы екеуінің төңірегінде бірігуіміз қажет. Ұлттық тіл – ұлттық идеология. Дүние жүзінде өз тілінде сөйлеуді қораш санайтын жалғыз халық – қазақ. Жастардың шетелге кетіп жатқаны еліміздің – даму перспективасы жоқ. Бізде мемлекет ретінде система қалыптаспаған. Біздің еліміз үлкен бір бизнес корпорациясы секілді. Мемлекетті ел басшысы, ал ұлтты әдебиет пен өнері танытады. Жоғарыдағылар әдебиет пен өнерге өгей бала секілді қарайды. Тіпті, күледі. Әдебиетімізден Абай мен Махамбетті, Әуезовті сызып тастағанда кім қалады? Ұлттан әдебиетті алып тастаса, сықырлаған тиын мен сақырлаған автомат ғана қалады. Абай роман-эпопеясының екінші томында Абай жартастың басына шығып, Ералы жазығына қарап отыратын жері бар. Сонда Ералы жазығы үлкен бір теңіз секілді көрінеді. Хакім: «Осы кеменің ішінде менің қазағым кетіп бара жатыр. Алдындағы кемелерді қуып жете ме, жете алмай ма?» - дейді. Міне осындаймыз. Біздің кемемізде капитан жоқ. 

Аристофанның: «Кеме капитанының міндеті матростарды тамаққа тойдыра беру емес, желдің қайдан соғатынын білу» - деген сөзі бар-ды. Желдің бағытын күнібұрын білетін адам ғана кеменің капитаны бола алады. Заңсыз мемлекетпіз. Күні кеше 12 млрд. теңге жеген шенеунікке шартты жаза кесілді. Көлікпен біреудің екі қойын қағып кеткен жүргізушіні 3 жылға соттады. Екі қойыңыз бен 12 млрд. теңгенің айырмашылығы қандай? Ал, бұл әділетсіздік пен жемқорлыққа экс-президентіміз кең жол ашып берді. Бүкіл күштік құрылымда біріншінің адамдары отыр. Ең аяныштысы, біз осы көндіккен қалпымызбен кете беретіндейміз. Себебі, алысты бағдарлайтын мемлекеттік структура қалыптаспаған. Билікте білімсіз адамдар отыр. 

Жалпы, ағалы-інілі Томас Манн мен Генрих Манн екеуі неміс халқының дамуына ықпал етті. Халқы өзінің төл әдебиеті мен мәдениетінен сусындап, соның бағытымен жүреді. Алақандай көне Грекияда қаншама ойшылдар өмір сүрді. Сол ойшылдарды таратып жіберсеңіз, әрқайсысы бір-бір елдің данагөйі болар еді. Афинада қырық жеті мың халық өмір сүрген. Ал, театрында жиырма жеті мың орындық болған. Театрда қандай ой айтылса, сол ойды мемлекеттің девизіне айналдырған. Аристофанның Клеонға: «Сен келдің де, Грекия жындыханаға айналды, гректердің ата дәстүрі қайда? Музыкамызды жын-ойнаққа айналдырып жібердің, экономикамыз кері кетіп, елді жемқорлық жайлады!» - деп ұрысқанында, Клеонның өзі сахнаға атып шығып, екеуі төбелесіп кетіпті. Жұрт бұл қойылым шығар деп ойлайды, бірақ шындық еді. Екеуі үш рет соттасып, үшеуінде де Аристофан жеңген екен. Біздің елде жазушылар мен Тоқаев соттасса, кім жеңеді? Міндетті түрде, ел басшысы жеңеді. Гректер, немістер де, ағылшындар да өз идеясы үшін күресіп, жүзеге асыра білді. Ал ондай ұлттық идеологияны жасайтын адам бізде жоқ. Ұлттық идеологияның классикалық формасын жасап берсең де, оны қабылдайтын халқың жоқ. Халқымыздың санасы әрі-тәрі. Басын біріктіру қиын. Екі алып елдің ортасында жатқан Қазақстанның дамуының өзі шектеулі. Мен өзім жұртымыздың санасының ұлт ретінде биікке көтерілмеуінен қауіптенемін. Ұлттық сананы қалыптастыру үшін, әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі ұлттық характерлерді келер ұрпақтың санасына жастайынан сіңіруіміз тиіс. Жарайды, бірақ бізде ондай шығармалар бар ма? Біздің әдебиетімізде белгілі бір кезеңнің трагедиялары ғана қамтылған. Ұлт болып ұйысуға шақыратын идея жоқ. Мен қауіптенсем, өзімнен қауіптенем.

- Мағыналы, мәйекті сұхбатыңызға мың да бір алғыс, ақсақал! Жасыңыз ұзақ болып, қазақ әдебиетіне береріңіз таусылмасын!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар