Қазақ әдеби аудармасының бастау көзін Ыбырай Алтынсарин ашты. Оның 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» орыс әдебиетінен аударылған бірнеше шығармаларға, атап айтқанда, Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың, К.Д.Ушинскийдің, И.М.Паульсонның ағартушылық бағыттағы туындыларына орын берілді. Педагог Ыбырай Орыс жазушыларының шығармаларының ішінен тек тәрбиелік маңызы барларын ғана аударған. Неге олай істеді? Сол кездегі қазақ қоғамының алға дамып, өсіп-өркендеуі үшін білім-ғылымның аса қажет екендігін түсінген қазақ зиялылары ағартушылық жолға бастады. Халқының мүшкіл халін бар жан-тәнімен сезінген Ыбырай елдің көзін ашу мақсатымен алғаш рет қазақ даласында мектеп ашып, білімнің дәнін шашты «адамдықтың диқаншысы» болды. Алғашқы қазақ тіліндегі оқулыққа орыс жазушыларының білім алуға адамгершілікке үндейтін, яғни «педагогтық», тәрбиелік сыпаттағы шығармаларының іріктеліп алынуының өзі де осы себептерден туған заңдылық еді.
Ы.Алтынсариннің орыс әдебиетінен жасаған аудармаларының көпшілігі тым еркін. Кей аудармаларының еркіндігі соншалық – оның қай бір шығармаларының қайсысы төл туынды, қайсысы тәржіма екендігін айырудың өзі қиынға түседі. Демек, Ы.Алтынсарин орыс әдебиетінен шығармалар аударды десек, онда оның барынша еркін жасалғандығын баса айтамыз. Ал шындығына келгенде, Ыбырай аудармаларының тақырыбын орыс жазушыларынан алды демесек, іс жүзінде түпнұсқаға сәйкес келмейтін, тәржімаға қойылатын талаптарға жауап бере бермейтін, мүлдем жаңадан, қайта жазылған көркем шығарманы көреміз.
Академик Қ.Жұмалиев «Ол әңгімелерді аударғанда Алтынсарин барлық жерде түпнұсқасын бұлжытпай, сол күйі аударуды принцп етіп қоймаған. Кейде тақырыбын, кейде сюжетін кейде баяндау әдісін өзгертіп, қайткен күнде де қазақ өміріне жақындатып, қазақ балаларына түсінікті баяндауды негізгі нысанасы еткен» (Қ.Жұмалиев. Қазақ әдебиті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том, А.,1960 53- бет) – деп көрсетеді. Ыбырай аудармаларының осындай басты ерекшелігін қазақ аудармасының тарихын зерттеуші С.Талжанов та атап өткен болатын: «Ол кезеңде қазақ азаматы Алтынсарин орысшадан аударғанда, қазақ оқырмандарына бейімдеді, жеке сөзін қуаламай, ойын беруге тырысты, өз халқының ұғымына сай етіп аударды.» (С.Талжанов. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» А.,1975, 194-бет) Бұл жайында Ә.Сатыбалдиев «Ол түпнұсқаның шеңберінде қысылып қалмайды, оның идеясын, сюжетін алады да, өз оқушыларының жағдайына қарай, тартымды да көркем әңгіме құрады. Мұның бәрінде, ең алдымен, оның ағартушылық мүддесі бой көрсетіп отырады. Және ол өзінің шәкірттері мен оқушыларының жағдайын ешуақытта естен шығармайды, жазғандарының қалай да соларға түсінікті болу жағын көздейді. (Ә.Сатыбалдиев. Рухани қазына, А., 1987, 17-бет) – деп жазады.
Осы жерде тағы бір ескеретін жәйт: Ы.Алтынсаринның заманында балалар әдебиеті болмады. Рас, ауыз әдебиетінің балаларға арналған жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақ, өтірік өлең, ертегі сияқты түрлері ғасырлар бойы қазақ балаларының сана-сезімінің қалыптасып, тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келді. Енді жазба әдебиетінің дамуына, білім беретін мектептердің ашыла бастауына байланысты жаңа үлгідегі жазба түрдегі балалар әдебиетін жасау міндеті алға қойылды. Осы мәселені шешуге алғаш кіріскен Ы.Алтынсарин осы салада біршама жетістіктері бар орыс әдебиетіне көз салды. Ыбырай орыс әдебиетінен алғанда да балаларға арналған оқу құралдарынан, жинақтардан керегін тапты. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин К.Д.Ушинскидің «Детски мир и хрестоматия», «Родной язык», Л.Толстойдың «Первая русская книга для чтения», «Вторая книга для чтения», «Четвертая книга для чтения», «Новая азбука», И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в руском языке» оқу кітаптарына педагог ретінде көбірек назар салған. Ә.Дербісалиннің анықтауынша, Ыбырай аудармаларының жалпы саны – 35. Олардың ішінде И.И.Паульсоннан – 20, Толстойдан – 6, К.Д.Ушинскиден – 3, қалғандары И.Крыловтан, Шмиттен, В.Дальдан 3-4 шығармадан аударған.
Біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ы.Алтынсариннің қай шығарма өзінікі, қайсысы аударма екенін ажыратудың өзі қиынға соғады. Академик Қ.Жұмалиев Ыбырайдың «Бай баласы мен жарлы баласы» (Асан мен Үсен) мен Салтыков-Щедриннің «Бір шаруа екі генералды қалай асырады?» арасындағы идеялық, сюжеттік құрылысы жағынан ұқсастықтарға назар аударады. (Қ.Жұмалиев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том, А.,1960, 55-бет). «Бай баласы мен жарлы баласы» аударма ма, жоқ әлде Ыбырайдың өз шығармасы ма? Ойланарлық-ақ мәселе. Төл туынды дейін десек, Салтыков-Щедриннің әңгімесіне негізінен тақырыбы, оқиғасы, идеясы жағынан ұқсап тұр. Ал аударма дейін десек, оған қойылатын талаптарға мүлдем келмейді: шығарманың тілдік, стильдік жағынан түпнұсқаға сәйкес келу керектігін айтпағанның өзінде кісі аттарынан бастап, оқиға желісіне дейін өзгеше. Қазақ әңгімесін зерттеушілер бұл әңгімені Ы.Алтынсариннің төл туындысы деп қарастырып жүр. Олай болса «Абайдың Евгений Онегині» неге аударма делінеді? Қазақ тіліндегі Абайдың «Евгени Онегині» орыс тіліндегі түпнұсқадан оқиға желісі, сожеті, композициялық құрылымы жағынан мүлдем басқаша. Демек бұл жерде де ойланарлық мәселе бар екен.
Ы.Алтынсарин көркем шығарманы дәл аударуды мақсат етпейді. Ыбырай орыс тіліндегі туындыға ол қазақ оқырманына, онда да жастарға, мектеп оқушыларына тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан қажет пе, түсінікті ме деген сауалдар тұрғысынан келіп, оның ағартушылық, педагогтық жақтарына үлкен мән беріп отырған. Ол түпнұсқаның шеңберінде қысылып қалып қоймай, қажетті жерінде одан шығып, еркін кетеді. Шығарманың оқушыға тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан пайдалы болу керектігін басты мақсат етіп алға қойған Ыбырай кей жағдайда түпнұсқаның жалпы нобайын сақтап отырса, көп реттерде оның тек идеясын ғана алып, сюжетін де, оқиғасын да кісі аттарын да өзгертіп жібереді; кей жерлерде түпнұсқаның бір ғана оқиғасын, немесе деталін ғана алып, содан бас-аяғы бөтен туынды жазып шығады. Ыбырайдың мұндай шығармаларын аударма деуден гөрі белгілі бір жазушының сарынымен жазылған өз туындысы деп қарастырған жөн.
Қаламгердің орыс әдебиетінен алғандарынаң дені прозалық шығармалар. Әрі прозашы, әрі ақын Ы.Алтынсарин орыс поэзиясынан И.А.Крыловтың бірнеше мысалын аударған. Олардың кейбіреулерінің кімдіке екендігі даулы. «Егіннің бастары»… Даусызы – «Қарға мен түлкі» Ы.Алтынсаринның шығармашылығын зертеушілердің барлығы дерлік бұл мысалдың Ыбырайдікі екендігіне күмән келтірмейді. «Қарға мен түлкі» қазақ әдебиетіндегі әдеби аударманың алғашқы адымы болуымен бірге «мысал жанрының да алғашқы жыл құсы» болды (Ә.Сатыбалдиев. Рухани қазына. А., 1987, 26-бет). Енді осындай екі жақты маңызы бар туындының түпнұсқамен арақатынасына, яғни қаншалықты сәйкес келетіндігіне, аударма талаптарының қаншалықты орындалғанына назар аударайық.
Ең алдымен, «Ворона и лисица», «Қарға мен түлкі» болып дәл аударылған. Мысалы орысшасында 26 жол болса, қазақшасында 28 жол. И.А.Крылов мысалы (И.А.Крылов. Басни. – Москва: Просвещение», 1985, 13-бет):
Уж сколько раз твердили миру,
Что лесть гнусна, вредна; но только все не впрок,
И в сердце льстец всегда отыщет уголок, –
деген негізгі идеяны аңғартар кіріспемен басталса, қазақшасында бұл жолдар түсіп қалған. Ыбырай мысалдың өн бойында айтылатын мақтаншақтықтан сақ болыңдар деген ойды айтып жатуды артық көрген. Жалпы көркем әдебиетке қойылар негізгі талаптың бірі онда айтылар ой, идея жалаң берілмеуі керек; табиғи түрде көркем бейнеленіп, оқушысын ойландырып барып, көзін жеткізуі керек. Осы тұрғыдан келгенде, аударманың кіріспесіз бірден басталуы ұтып тұр. И.А.Крылов мысалы:
Вороне где-то бог послал кусочек сыру;
На ель Ворона взгромоздясь,
Позавтракать было совсем уж собралась,
Да позадумалась, а сыр во рту держала.
На ту беду, Лиса близехонько бежала;
Вдруг сырный дух Лису остановил:
Лисица видит сыр, —
Лисицу сыр пленил,
Плутовка к дереву на цыпочках подходит;
Вертит хвостом, с Вороны глаз не сводит
И говорит так сладко, чуть дыша, -
деген жолдармен бастаса, Ы.Алтынсарин осы жолдарды:
Ашығып түлкі жүрді жапандарда,
Тамақ іздеп жол шекті сапарларға…
Ешнәрсені көре алмай келе жатса,
Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Жүгіріп түлкі соған жетіп келді,
Қарға ағаштың басында мұны көрді.
Тістегені аузында тәтті ірімшік,
Оны көріп, түлкі екең сөйлей берді, -
түрінде береді (Ы. Алтынсарин. Екі томдық шығармалар жинағы. 1 том. — А., 2003, 39-бет).
Түпнұсқа мен аударманы салыстыра қарағанда, ең алдымен, орысшасында қарға мен түлкі атауларының кісі есімі сияқты бас әріптермен жазылуы көзге түседі. Крыловта бірден құдай бере салған ірімшікті таңғы ас ретінде жеуге қам жасап, шырша басында маңғазданып отырған қарғаны оның сорына жуық маңда жортып бара жатқан түлкінің оны байқап қалып, аузындағы ірімшігіне қызығып, арам ойын жүзеге асыру мақсатымен, аяғының ұшымен жақын келіп, қарғаны мақтай бастағанын көрсек, Ыбырайда сәл басқашалау. Крылов қарғадан бастаса, қазақшасында тамақ іздеп, жортып келе жатқан түлкіні көреміз. Түпнұсқада ірімшік іздеген қарғаның көрінісі бір шумақта суреттелсе, қазақшасында «тістегені аузында тәтті ірімшік» деген бір ғана жолмен берілген. Демек, Ыбырайды қарғаның аузындағы ірімшік емес, «қай жерден тамақ кездеседі» деп, жортып жүрген түлкінің бейнесі қызықтырады; оқырман назарын түлкіге қарай бұрады. Қазақ ұғымында түлкі – қулықтың символы. Крыловтың діттегені мақтаншақтықтың опа әпермейтінін ұғындыру болса, Ыбырай оны сәл бұрып, қулықтың құрығына түсіп қалмаңдар дегенді мегзеп тұр. И.А. Крылов шығармасында оқиға желісі мұнан ары түлкінің қарғаны төмендегіше мақтауына ұласады:
Голубушка, как хороша!
Ну что за шейка, что за глазки!
Рассказывать, так, право, сказки!
Какие перышки! какой носок!
И, верно, ангельский быть должен голосок!
Спой, светик, не стыдись!
Что ежели, сестрица,
При красоте такой и петь ты мастерица,
Ведь ты б у нас была царь-птица!
Ал Ыбырайдың түлкісі қарғаға:
- Қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын,
Сырттан тілеу тілейді барша халық.
Қарға-екеңдей дүниеде әуез жоқ деп,
Осылайша шығады сыртқа даңқың.
Сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім,
Жүзіңді бір көруге келіп едім.
Даусыңды бір шығаршы шаттанайын,
Сырттан асық болғаннан өліп едім,
Қарға тақсыр, көзім жасын көріңіз, -
деп, жылмыңдап, жыламсырайды. Мұнда да айырмашылықтар байқалып тұр. Түпнұсқадағы түлкі қарғаны «қарғашым» деп, оның мойнының, көзінің, қанатының, мұрнының «әдемілігінің» аузының суы құрып айтып, «құс патшасы сенің даусың періштенің даусындай шығар, көрейікші бір шырқап жіберші» деп, елпек қағады. Иванның қарғасы ертегідегідей «сұлу», «нәзік» болса, Ыбырайдың қарғасының сыртқы сұлулығы көрінбейді; керісінше «батыр». Қазақшасында түлкінің қарғаны мақтауы «қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын» деген жолмен ғана шектеліп, бар күш «қарға-екеңдей дүниеде әуез жоқ деп» оның дауысын мадақтауға жұмсалады; оның даусын естуге асық болғаны соншалық – көзіне жас алады. И.А.Крылов мысалы:
Вещуньина с похвал вскружилась голова,
От радости в зобу дыханье сперло,
— И на приветливы Лисицыны слова
Ворона каркнула во все воронье горло:
Сыр выпал — с ним была плутовка такова, -
деген жолдармен аяқталады. Ыбырай:
Масаттанып бұл қарға сілкінеді,
Ішін тартып, миықтан бір күледі.
Арып-ашып алыстан келген шығар,
Көңілі тынып кетсінші шіркін» деді.
Мақтау сөзге семіріп, судай тасып,
Пәрменінше «қарқ» етті аузын ашып.
Қарқ еткенде ірімшік жерге түсіп,
Оны кетті түлкі-екең ала қашып, –
деп, аяқтайды. Бұл жерде де азын-аулақ айырмашылықтар көрініп тұр. Крыловта бір шумақ болса, Ыбырайда екі шумақ. Мақтаудан Крыловтың қарғасының басы айналып, тынысы тарылса, Ыбырайдың қарғасы масаттанып, сілкініп, ішін тартып, миықтан күледі; түлкі мен үшін алыстан арып-ашып келіпті, көңілі бір тыншып кетсінші деп, өзіне-өзі риза болған бір сезіммен ойланады. Екеуінде де қарға «қарқ» еткенде, ірімшікті түлкі қағып алады; тек Ыбырайдың түлкісі ірімшік ауызға түсісімен зыта жөнеледі. Жоғарыдағы талдауымыздан көрініп тұрғандай, Ы.Алтынсариннің «Қарға мен түлкі» мысалы аударманың балама түріне жатады. Азын-аулақ өзгертулері болғанымен де түпнұсқаның негізі сақталынған. Ал аз ғана өзгертулердің өзі түпнұсқаны сол күйінде аударуға шаманың келмегенінен емес, түрлі әлеуметтік тұрмыстық жағдайлардан туындаған обьективтік- субьективтік себептерге байланысты туындаған деп ұққан жөн. Бұл жерде аударма авторы ағартушы ретінде тәржімаға көркемдік принциппен емес, ұстаздық мақсатты ұстанып, тәрбиелік оқу құралы тұрғысынан келген. Сондықтан да Ыбырайдың аудармасы жалпы жұртшылықтың, оның ішінде мектеп оқушыларының ұғымына түсінікті қарапайым тілмен жазылған. Ең бастысы «Қарға мен түлкінің» ауызды ашып босқа жүрме, өтірік мақтауға малданып қалма, ертеңіңді ойла, өйтпесеңдер алданып қалған қарғаның аянышты күйін кешесіңдер деген сынды ойлары балалардың түсінігіне орай жеткізілген. Ы.Алтынсарин өмірде түлкі сияқты қулар да, қарға сияқты аңқаулар да бар. Қарға сияқты сенгіш қарапайым адамдар түлкі сияқты қулардың өтірік мақтауларына сеніп қалып, қаншама қиын жағдайларға ұшырап жүр дегенді аңғартып, оқырманын қулық-сұмдықтардың құрбаны болу қаупінен сақтандырады. И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкісін» Абай да аударған. Абайда бұл мысалдың екі түрлі нұсқасы бар. Оның бірі «Жұрт біледі, күледі» де, екіншісі – «боқтықта талтаңдап». М.Әуезов осының екіншісі Абайдікі екендігіне күмән келтіріп, Ыбырайдікі деген пікір айтқан (М.Әуезов. Абай Құнанбаев. Алматы 1967,199-бет). Кейіннен Ы. Алтынсарин аударған «Ашығып түлкі жүрді жапандарда» деп басталатын мысал анықталды да, зерттеушілер Мүрсейіттің қолжазбасында бар екі нұсқаны да Абайдікі деп жүр. Абай «Қарға мен түлкінің» екі бірдей әдеби аудармасын жасаған. Мысалдың екі түрінің де мазмұны, айтар ойы – бір. Айырмасы бірі дәл аударылса, екіншісі еркін. Түпнұсқадағы 26 жолдық мәтін дәл аудармада 47, екіншісінде – 55. Орысшасында буын саны әр түрлі: көбіне 12-13 те, қазақшасында 6,7,8,10 буынды болып келеді. Еркін аударылған нұсқа 7-8 буынды жыр үлгісімен жазылған. Орысшамен салыстырғанда қазақшасының жол қатары көбірек көрінгенмен де жалпы көлемі шамалас. Крылов мысалдарында ойдың түп қазығы басында:
Уж сколько раз твердили миру,
Что лесть гнусна, вредна;
но только все не впрок,
И в сердце льстец всегда отыщет уголок, -
деп берілген. Осы жолдарды Абай:
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын
Сонда солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ, –
түрінде аударған. Айтылмақ ой негізінен қазақша сөйлеп тұр. Аудармадағы аздаған айырмашылықтардың бірі – түпнұсқадағы «күледі», «өкіну» туралы айтылмайды. Қошеметтің жексұрындылығы, зияндығы айдай әлемге аян бола тұра қошеметшілердің жүрекке жол тауып, кете алатындығы жайлы айтылса, тәржімада да осы ой сәл ғана өзгерістермен айтылған. Үш жол алты жол болып аударылғанмен де сөздерінің саны шамалас – екеуінде де жиырма шақтыдан. Ал мысалдың мазмұны асқан шеберлікпен дәл аударылған.
«Вороне где-то бог послал кусечек сыру» деген жолды Абай:
Ірімшікті құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға, -
деп, бір сөзін шашау шығармай сөзбе-сөз берген. Мысалда ірімшікті болған қарға ертеңгі асын ішуге қамданады десе, аудармада қарғаның қарны аштыға айтылады.
Бір жеп алып, шүкірлік
Қылайын деп аллаға, -
деген діншіл қауымға ұғынықты жолдарды өз жанынан қосқан. Ал, түлкінің қарғаны алдап түсіру мақсатымен айтқан қошемет сөздері Абай аудармасында мүлдем құлпырып кеткен. Мысалдың соңы:
Ворона каркнула во все воронье горло:
Сыр выпал — с ним была плутовка такова, -
деген жолдармен аяқталады. Аудармада осы жолдардың:
Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті,
Қу кетті, іс бітті, -
түрінде берілуі шын шеберлікті танытады. Әсіресе түпнұсқадағы :
Голубушка, как хороша!
Ну что за шейка, что за глазки!
Рассказывать, так, право, сказки!
Какие перышки! какой носок!
И, верно, ангельский быть должен голосок! –
деген жолдардың:
«Қарағым, неткен сұлу ең!»-
Деп таңырқап таңданады.
«Неткен мойын, неткен көз!
Осыдан артық дейсің бе,
Ертегі қылып айтқан сөз
Қалайша біткен, япырмай,
Мұрныңыз бен жүніңіз!
Періштенің үніндей
Деп ойлаймын үніңіз», -
түрінде дәлме-дәл аударылуы Абайды аударма өнерінің асқан шебері ретінде танытты. Сөйтіп, Абай И.А.Крыловтың осы мысалын қазақшалау арқылы поэзиялық дәл аударма жасаудың асқан үлгісін көрсетті. Аударманың екінші нұсқасы:
Боқтықта талтаңдап,
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді, -
деген түпнұсқада жоқ жолдармен басталған. Мысалдың басындағы негізгі ойды аңғартатын шумақ мүлдем түсіп қалған. Әр сөздің, сөйлемнің мағынасын сол күйінде аудару мақсат етілмей, негізгі ой мен мазмұн ғана сақталған. Сонымен Абайдың «боқтықта талтаңдап» жүрген қарғасы «бір жатқан ірімшік» тауып алып, «асықпай жемек болып», «бір ағашқа қонып», жан-жағына масаттана қарайды. Сөйтіп отырғанда, «жем іздеген бір түлкінің» көзіне «ірімшікті тістеген қарға» түседі. Ал Крыловтың түлкісі «талтаңдап» жүрмейді; жақын маңда жүгіріп бара жатқанда аузында ірімшігі бар шырша басында маңғазданып отырған қарғаны көріп қалады. Бұл жерде Крылов болған оқиғаны қысқа да нұсқа баяндап жеткізуге күш салса, Абай қазақ оқырманының ұғымына түсініктірек болуын көздеп, талтаңдаған, мазатсызданған қарғаның, қай жерден олжа кездесіп қалар екен деп жүгірген, «жем іздеген» түлкінің бейнесін жасайды. Кең далада, табиғаттың аясында өмір сүрген әрбір қазаққа қарға мен түлкінің адамға ұқсас кейбір мінез-құлықтары етене таныс. Сондықтан да Абай қарға мен түлкіні халықтың санасында қалыптасқан іс-әрекеті үстінде көрсете білген. Крыловтың мысалының соңындағы: Ворона каркнула во все воронье горло: Сыр выпал — с ним была плутовка такова, - деген жолдарын Абай «Қарға мен түлкінің» бірінші нұсқасында : Өзіне біткен өңешін Аямастан қарқ етті. Ірімшік жерге салп етті. Іс бітті, қу кетті, - деп, екі жол өлеңді төрт жолдан тұратын бір шумақпен аударса, осы мысалдың «Боқтықта талтаңдап» деп басталатын екінші нұсқасында: Мақтауға есіріп, Барынша көсіліп, Ырғалып қарқ етті, Ірімшік жерге салп етті. Тап етті, шап еті, Ап кетті қу түлкі. Антұрған, сол тұрған, Жеріңде бол күлкі, - деген сегіз жолдан тұратын екі шумақпен берілген. Екінші нұсқада ақын Абайдың түпнұсқа ауқымында қалып қоймай, одан шығып көсіліңкірегені көрінеді. Орысшасындағы «сыр выпал» тіркесін Абай аударманың екі нұсқасында да «ірімшік жерге салп етті» деп берген. Ал мысалдың соңынағы «с ним была плутовка такова» тіркесі бірінші түрінде «іс бітті, қу кетті» делініп, қысқа қайрылса, ал екінші нұсқасында «тап етті, шап етті, Ап кетті қу түлкі» деген екі жолдан кейін тағы да екі жол «Антұрған, сол тұрған, Жеріңде бол күлкі» — деген жолдар қосылған. Екінші нұсқаның соңындағы екі шумақ қарға мен түлкінің бейнесін барынша ашып тұр. Абай да Крыловтың кез-келген мысалын аудара бермеген. Өзіне қажеттісін ғана таңдап, талғап аударған. Кезінде В.Г.Белинский Крыловтың мысалдарын үш топқа – еліктеу сарынындағы, моральдік бағыттағы, көркемдігі жоғары сатиралық мысалдарға жіктеген екен. Абай орыс мысалшысының шығармаларының ішінен біріншісіне тиіспей, соңғы екі түрінен көбірек аударған. Онда да қазақ тұрмысына, сана-сеіміне мазмұны жағынан үндес келетіндерін ғана іріктеген. Ағартушылық бағытағы Абай да Ыбырай сияқты тәрбиелік мақсатты көздейтін моральдік бағыттағы мысалдарға көбірек көңіл бөлген. М.Әуезов «Мен өзімнің бала күнімнен білетін ескі қолжазбаларымды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары:
1. «Есек пен бұлбұл»
2. «Бүркіт пен қарға»
3. «Шегіртке мен құмырсқа»
4. «Түлкі мен қарға»
5. «Піл мен қанден», -
деп, бес мысалдың атын атайды (М. Әуезов. Абай Құнанбаев. А.,1967, 20-бет). С. Талжанов «…ұлы ақынымыз Абай: «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлы бай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», атты мысалдарын өз мүлкіміз етіп тастап кетті» (С. Талжанов.Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері». А.,1975, 199-бет), – деп жазады. Соңғы уақыттары зерттеушілер Абайдың И.А.Крыловтан он екі аударма жасағанын айтып жүр. Сонымен олар: «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», (Жұрт біледі күледі…) «Қарға мен түлкі» (Боқтықта талтаңдап…), «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», «Есек». «Шегіртке мен құмырсқа» — И.А. Крыловтың «Стрекоза и муравей» мысалының дәл аудармасы. Түпнұсқасы 30, қазақшасы 36 жол. Абай мәтіндегі «стрекозаны» инелік деп емес, шегіртке (кузнечик) деп өзгерткен. Өйткені сирек кезедесетін инелікке қарағанда, жаздың күні далада қаптап жүретін шегірткенің тіршілігі қырда өскен қазақтың баласына етене таныс. Оның үстіне мысалда айтылатын ой мен мазмұн инеліктен гөрі шегірткенің өмір сүру табиғатына дәлірек келеді. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың сирек кездесетін инелікті шегіртке деп алуы ұтымды шыққан. Мысалдың:
Попрыгунья Стрекоза
Лето красное пропела;
Оглянуться не успела,
Как зима катит в глаза.
Помертвело чисто поле;
Нет уж дней тех светлых боле,
Как под каждым ей листком
Был готов и стол и дом.
Все прошло: с зимой холодной
Нужда, голод настает;
Стрекоза уж не поет;
И кому же в ум пойдет
На желудок петь голодный!
Злой тоской удручена,
К Муравью ползет она, -
деген жолдарын Абай былайша аударады:
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған,
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыкүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй.
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жыла жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып, дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Аудармада 22 жолдық мәтін 20 жолмен берілген. Негізінен тәржіма түпнұсқаға сай келіп, мазмұнын ашып тұр. Десек те, Абай жасаған аздаған өзгерістер, толықтырулар да бар. Мысалы, Абайдың шегірткесіндей И.А. Крыловтың инелігі «көгалды қуып гөлайттамайды». Ал Абай асықпайды алдымен жаз, күз келіп, содан соң барып қыс келеді; ал орысшасында бірден қыс түсіп, қыса бастайды.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгенмен не пайда?-
деп, Абайдың шегірткесі өкінсе, Крыловтың инелігінің өкінгені көрінбейді. Абайдың шегірткесі «бүкшиіп», «қабырғасын қайғы жапқан». Крыловтың инелігінің сыртқы түрі қабағы көрінбейді; Ол билемейді де, тек ән салатын. Енді қыс түскен соң аш құрсақпен әнін айта алмай қалады. Абайдың түпнұсқаны дәлме-дәл берген жерлері:
Орысшасы:
Попрыгунья Стрекоза
Лето красное пропела;
Қазақшасы:
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Орысшасы:
Как под каждым ей листком
Был готов и стол и дом.
Қазақшасы:
Жаздыкүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй.
Орысшасы:
Стрекоза уж не поет;
И кому же в ум пойдет
На желудок петь голодный!
Қазақшасы:
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Осындағы қазақша жолдар түпнұсқаның түрін, мазмұнын, айтар ойын сол күйінде жеткізіп тұр. Керек десеңіз «шырылдауық шегіртке» тіркесі «Попрыгунья Стрекоза» тіркесіне қарағанда, әлдеқайда бейнелі де көркем. И.А. Крыловтың инелігі құмырсқаға жайымен келіп, жалынса; Абайдың шегірткесі «селкілдеп келіп жығылады, Аяғына бас ұра.» Түпнұсқада инеліктің құмырсқаға айтқан:
Не оставь меня, кум милый!
Дай ты мне собраться с силой
И до вешних только дней
Прокорми и обогрей! –
деген сөзін Абай екі-ақ жолмен
Қарағым, жылыт, тамақ бер
Жаз шыққанша асыра! –
деп, әрі қысқа, әрі нұсқа, әрі көркем береді. Түпнұсқадағы инеліктің
Кумушка, мне странно это:
Да работала ль ты в лето? –
дегені аудармада:
Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап ең? –
деген бір шумақпен берілген. Мұндағы алғашқы екі жолды аудармашының өзі қосқан. Оның үсіне «Кумушка мне странно это» деген тіркес қазақшасында көрінбейді. Орысшасындағы осыдан кейінгі инеліктің жауабындағы «көгершінім» (голубчик) сөзі қазақшада жоқ. Мысал түпнұсқада:
Ты все пела? Это дело:
Так поди же, попляши! –
деген жолдармен аяқталады. Абай осыны –
Қайтсін қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де билей бер! –
деп, тіпті құлпыртып жібереді. Орысшасындағы «поляшидің» қазақшасындағы «билей берге» «селкілде» сөзінің тіркесіп берілуі айтылар ойды барынша бедерлей түскен. Абайдың И.А. Крыловтан аударғандарының ішінде қазақ оқырмандарына кеңінен тарап, айтарлықтай тәрбиелік қызмет атқарған мысалы осы – «Шегіртке мен құмырсқа». Мұнда өмірін тек қызықпен өткізгісі келген жалқау, ертеңгі күнін ойлай бермейтін, еңбек етпей, сауық-сайранда қызық өмір сүргісі келетін әуейлер шегірткенің бейнесінде аяусыз сыналады. Осы тұрғыдан келгенде, қоғам өміріндегі аса бір маңызды мәселе – еңбек етуді көтерген «Шегіртке мен құмырсқаның» тәрбиелік мәні зор болды дейміз. Бұл туралы С.Талжанов «…Абай шегіртке мен құмырсқа мысалын аударғанда, өзінің көшпелі елін отырықшылыққа баулуды үйретпек болды. Осы мысалдағы «құмырсқа» бейнесінде поселка болып, қыстай-жаздай еңбек істеп жүрген орыс крестьяндары айтылады да «шегіртке» көшпелі қазақ халқының кейпінде көрініс береді.» — деген пікір айтқан (С.Талжанов. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. А.,1975, 200-бет). «Стрекоза мен муравей» мен «Шегіртке мен құмырсқаның» буын сандары негізінен 7-8 буынды болып, бір-біріне сәйкес келеді. Орысшасында өлең шумағы сақталына бермесе, қазақшасында 7-8 буынды жыр үлгісімен жазылудың үстіне шумақ шарттары қатаң сақталынған. Сонымен тәржімашы аударып отырған ақынымен шығармашылық бәсекеге түседі десек, «Шегіртке мен құмырсқаны» аудару барысында Абай да, мазмұны жағынан да «Инелік пен құмырсқадан» бір де бір кем соқпайтын, қазақ оқырманы төл туындысындай оқып, ұғынатын, керек десеңіз, аударма екендігі біліне бермейтін мысалды өмірге әкеліп, биіктен көріне білді. Көркем аударма жүз пайыз түпнұсқаға сай келуі мүмкін емес, бірақ оқырманға берер эстетикалық, тәрбиелік әсері жалпы алғанда бір мысқалға да кем болмауы керек. ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы қазақ оқырманына лайықталып аударылған «Шегіртке мен құмырсқа» бүгінгі күнге дейін өзінің эстетикалық қуатын, тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Абай И.А. Крыловтың «Музыканты» мысалының атауын өзгертіп, «Әншілер» деп аударыпты. Бұл жерде аудармашы мысалдың мазмұнына музыканттар дегеннен гөрі әншілер деп аталғанның неғұрлым жақынырақ келетінін аңғарған. Өйткені мысалда музыканттар музыкалық аспапта өнер көрсетпейді; әншілер ән айтады. «Музыканттар» 15 жолдан тұрады да; ал «Әншілер» — 22 жол. Екі жолдық ой түйіні екеуінде де соңында берілген. «Музыканттардың» қысқаша мазмұны төмендегіше; көрші әнші көршілерін тамаққа шақырады. Әнді сүйетін үй иесінің түпкі ойы көршілерін қонақ қылу емес, олардың әнін тыңдау болатын. Әншілер ән салғанда дауыстары қосылмай, әрқайсысының даусы әр жаққа кетіп, үйдегілердің берекесі қашады; құлақтары шыңылдап, бастары ауырады. Шыдай алмаған қонақтың бірі таңданыспен өңештерін жырта шуылдасқан хордың концертін тоқтатуды өтінеді. Сонда отағасы, рас, бұлардың өлең айтқанда, осындайы бар, есесіне бұлар ішкілікті аузына алмайды, тәртіпті дегенді айтып, отыра береді. Абайда да негізінен осы мазмұн берілген.
Сосед соседа звал откушать;
Но умысел другой тут был:
Хозяин музыку любил
И заманил к себе соседа певчих слушать, -
деп басталуын Абай:
Көршіні көрші шақырды.
Болды да сыйлап, ас бермек.
Қулығын іште жасырды;
Баланың әнін есіттірмек, -
деп, шебер аударма жасай білген. Бұл жерде орыс тіліндегі «молодцы» «балалар» деп алынған. «Запели молодцы: кто в лес, кто по дрова» — деген тіркеске «балалар шулап бақырды» деген сәтті балама берілген.
Мысалдың негізгі ой қорытындысы орысшасында:
А я скажу: по мне уж лучше пей,
Да дело разумей, -
деп түйінделсе, қазақшасында:
Есі шықпай мұнан да ішкен артық,
Қыйсыны жоқ қышқырған не еткен тантық! –
деген жолдармен өрнектелген. Мұнда түпнұсқаға қарағанда, аудармадағы ой барынша көркем келісім тапқандығы көрініп тұр. Сонымен Абайдың «Әншілері» де түпнұсқадан айтар ойы, көркемдігі жағынан болсын, бір де бір мысқал кем емес. Аудармаға қойылатын талаптарға толық жауап бере алатын, аудармадағы озық туындылардың бірі деп білеміз. Әдеби шығарма қоғамдық тұрмыстың көркем бейнесі болу керек. Көркем туындыда адам әдеттегі күнделікті тіршілікте назар аударып, мән бере бермейтін өмірдің кейбір түйткіл мәселелері өнердің құдіретімен лупамен қарағандай үлкейтіліп, оқырманның ойланылуына ұсынылады. Ойланта алған, ой-санасына, сезіміне әсер етіп, дұрыс бағытқа жетелеген шығарма — нағыз өнер туындысы. Абайдың жрғарыдағы талаптарға жауап берерлік туындысының бірі – И.А.Крыловтан аударған «Бақа мен өгіз» мысалы. «Бақа мен өгіздің» көлемі орысшасында – 47 жол. Түпнұсқада тым қысқа да, ал аудармасы екі еседен аса ұзартылған. Мұның басты себебі Абай мысалдың қазақ оқырманына ұғынықты болуын, негізгі идеясының неғұрлым толғырақ жетуін көздегендіктен деп түсінген жөн. Моральдік мәселеге ерекше мән берілгендігін айтылар басты ойдың мысалдың басында бір, аяғында тағы да бір айтылғандығынан да байқауға болады. Ал түпнұсқада ұсынылар ой оқиға суреттеліп болып, оның мазмұны оқырманын ойлантар тұста;
Пример такой на свете не один
И диво ли, когда жить хочет мещанин,
А сошка мелкая, как знатный дворянин, -
деп, соңында берілген. Оқырмандарының арасында жер мен көктей айырмашылықтар бар екенін ескерген Абай мысалды
Қарасаң дым-ақ көп
Көре алмас іші тар.
Несі артық бізден деп,
Салыспақ жұртта бар, -
деп бастап:
Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске.
Боларсың бақадай,
Көп түссең егеске, –
деген жолдармен аяқтайды. Бұл жерде Абай басты идеяны оқырманына мысалдың басында бір, аяғында бір ұғындыруды дұрыс көрген. «Бақа мен өгіз» азын-аулақ айырмашылықтарына қарамастан, аударманың балама түріне жатады. Негізінен мысалдың мазмұны мен басты айтар ойы сақталынған. Түпнұсқада шабындықта жайылып жүрген өгізді көріп қалған құрбақа мен де сондай дәу боламын деп, ісініп-кебініп, соңында қарны жарылып өледі. Осы бір ғана эпизодты орыс мысалшысы қысқа ғана 13 жолмен бейнелейді. Крылов сөзге сараң болса, Абай болған оқиғаны толықтырып, жандандыра түседі. Түпнұсқадағы «Лягушка, не лугу увидевши Вола» деген бір ғана жол қазақшасында:
Су ішкелі бір өгіз
Барып еді бұлаққа,
Бақалар қорқып, тарбаңдап,
Қашып шықты әр жаққа.
Бақаға өгіз таумен тең,
Ұшып кетті зәресі.
Мақтаншақтық сен көрсең,
Бақада екен төресі, -
деп сегіз жолдан тұратын екі шумақпен беріліп, түрленіп кеткен. Орысшасында бақа шыбындықта не қуып жүргені белгісіз, әйтеуір, бір өгізді көрсе, қазақшасында бұлаққа су ішкелі келген өгізді көреміз. Мал бағып өскен қазақтың баласына су ішуге бұлаққа келген өгіздің бейнесі жақындау. Крыловтың қимылсыз, әйтеуір, бір өгізінен Абайдың бұлаққа су ішуге келе жатқан қимыл үстіндегі өгізі ұзағырақ есет қалады. Осы жерде түпнұсқада жоқ «бұлақтың» алынуының өзі де оқиғаны нақтылай түскен. Бақалар көбіне көлде болатынына қарамастан, Абайдың бұлақты алуы қазақтың даласында бұлақтың көп кездесетінін ескергендіктен де болса керек. Аудармадағы:
Бақаға өгіз таумен тең,
Ұшып кетті зәресі, -
деген жолдар түпнұсқада жоқ. Бұл жолдарды аудармашы оқиғаны жандандыру және сол өгізге ұқсауға тырысудың себептерін аша түсу мақсатымен қосқан.
Затеяла сама в дородстве с ним сравняться:
Она завистлива была.
И ну топорщиться, пыхтеть и надуваться, -
деген үш жол қазақшасында :
Мақтаншақтың сен көрсең,
Бақада екен төресі.
Өз-өзінен бір бақа
Күшенді де бөртінді.
Қарны үлкейді қампайып,
Өгіздей болам деп ісінді, -
түрінде, алты жолмен берілген. Өлеңнің жол саны қазақшасында екі есе көп болғанымен де жалпы сөз саны екеуінде де шамалас. И.А. Кроылов:
«Смотри-ка, квакушка, что, буду ль я с него?»
Подруге говорит. Нет, кумушка, далеко! —
Гляди же, как теперь раздуюсь я широко.
Ну, каково?
Пополнилась ли я? — Почти что ничего. —
«Ну, как теперь?» — «Все то ж…»
Абай:
Қасындағы жолдасқа
«Қарашы, — деді – сен бізге!
Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?»
«Ісіндің, кебіндің,
Сонда да не пайда?
Түрі жат өгіздің,
Сен қайда, ол қайда?»
Күшенді кеп күжініп,
Келгенінше шамасы,
Дейді: «Енді бір қарашы!»
Қарады да «Дәнеме
Болған жоқ қой, қой!» — деді.
Қызып алған антұрған
Айтқан сөзге көнбеді».
Бұл жерде де Крыловтың барынша қысқа, Абайдың оқырманына барынша түсінікті болуы үшін сөзді аямай, көсілгені көрініп тұр. Орысшадағы «квакушка», «подруга» сөздері қазақшада жоқ, орнына басқашалау мағынадағы «жолдас» сөзі алынған. Бақаның жанындағымен диалогы екеуінде де бір-бірімен негізінен сәйкес келеді. Тек, қазақшасында болған оқиға аздаған толықтырулармен, қарапайым тілмен түсінікті баяндалған. Мысалы,
«Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?»
«Ісіндің, кебіндің,
Сонда да не пайда?
Түрі жат өгіздің,
Сен қайда, ол қайда?» -
деген сияқты жолдар оқиғаны жетілдіре түсу мақсатымен ойдан қосылған аудармашылық толықтырулар.
…Пыхтела да пыхтела
И кончила моя затейница на том,
Что, не сравнявшися с Волом,
С натуги лопнула — и околела, -
деген жолдар аудармада төмендегіше өрнек тапқан:
Қызып алған антұрған
Айтқан сөзге көнбеді.
Тырқыл қағып, тыпырлап,
Күшенді де бөртінді.
Іш жарылды сытырлап,
Мақтанам деп өзі өлді.
Мұнда тәржіманың жол саны түпнұсқадан көбірек көрінгенімен де жалпы көлемі бірдей (Орысшасында 19 сөз болса, қазақшасы да 19). Аудармадағы
Қызып алған антұрған…
Тырқыл қағып, тыпырлап,
…Мақтанам деп өзі өлді, -
деген жолдар түпнұсқада жоқ. Есесіне «Пыхтела да пыхтела» дегенді «күшенді де, бөртінді» деген екі сөзбен дәл берген. Орысшасындағы «Лопнула» деген сөзге де жан бітіріп, «іш жарылды сытырлап» деп, қалай жарылғанын бейнелейді. Егер де мысалды тура сол күйінде, ешқандай өзгертулерсіз, толықтыруларсыз сөзбе-сөз аударса, онда қазақшасының мазмұны сенімсіздеу, айтар ойы бұлыңғырлау, ең бастысы көркемдігі солғындау шығып, оқырманға түсініксіздеу, берер идеялық, эстетикалық тұщымы әлсіздеу соғып жатқан болар еді. Абай аудармаларының ішінде «Есек» мысалы жайында екі ұдайы пікір бар. Бір зерттеушілер мұны аудармаға жатқызса, енді біреулер ақынның төл туындысы дейді. Мысалы: Қ.Құттыбаев «Сонымен бірге, Абай өз жанынан «Есек» деген мысал жазған… Абайдың өз жанынан жазған «Есек пен шаруа» («Осел и мужик»), «Есек пен бұлбұл» («Осел и соловей»), тағы басқа есек сияқты ақымақтарға арнап жазған мысалдарымен салыстырғанда, мазмұны жағынан ешбіріне ұқсамайды.» (Қ. Құттыбаев. Крылов және Абай. «Социалистік Қазақстан», 27.ІҮ.1954) – деп жазса, Г.Б.Асаубаева «Қазақ әдебиетіндегі мысал дәстүрі және И.А. Крыловтан аудармалар» (Басенные традиции в казахской литературе и переводы И.А.Крылова» А.,2000) атты диссертациялық жұмысында «Есекті» И.А.Крыловтың «Мешок» мысалының аудармасы деп көрсетеді (67-бет). И.А. Крыловтың «Қап» («Мешок») мысалының мазмұны төмендегіше: Кіреберісте, еденде елеусіз бір қап жататын. Үйге кіргендер оған аяғын сүртіп кіретін. Бір күні қожайын ақшаларын осы қапқа салып, оны дүңгіршекке апарып сақтайды. Іші ақшаға толы қапқа, келім-кетім жұрттың бәрі қызыға қарайды. Көпшілік назарына, құрметіне бөленген қаптың көкірегі өсіп, дандайсый бастайды. Анау олай емес, былай болуы керек деген сияқты жұртқа ақыл айтып, берекесін кетіреді. Бір күні қаптағы ақша таусылғанда, қожайын қапты лақтырып жібереді. Содан бері сол қаптан хабар жоқ. Ал Крыловтың «Осел» мысалының мазмұны мынадай: Бір шаруаның жуас есегі болады. Табуға оңай, жоғалып кетпесін деп мойнына қоңырау тағып қояды. Көптің назарына ілінген, даңғой есек бұған мәз болып көкірегі өсіп кетеді. Мақтан тұтқан қоңырауы керісінше, сорға айналады: Бұрын емін-еркін елеусіз жайылатын есекті енді үйдің, егіннің маңына жолап кетсе, қоңыраудың даусын естіп, жұрт қуатын болды. Соңында таяқтаудан, аштықтан көтерем болған есектің құр сүлдері қалды. Абайдың «Есегінде» мал сатып, сауда жасап қайтқан керуеннің ішінде үстіне алтын артқан бір есек келеді. Алтыны бар есектің маңында өңшең байлар жүріп, оған қошеметпен қарайды. Оған жемді де көбірек беріп, Сылап-сипайды, кейбіреулері құлағынан сүйіп те алады. Өзгенің бәрін менсінбейді. «Атты теуіп адамды тістесе де сөгіс жоқ». Жұрттың бәрі есектің амандығын тілейді; «Жаппарқұл мырза» атанады. Бір күні бай есектің үстіндегі алтынды алғанда, бұрынғы қошеметтің бәрі жоғалып, боқ тасуға жегіледі. Абайдың мысалының мазмұны Крыловтың екі мысалынан да мүлдем өзгеше. Крыловта есек мойнына қоңырау таққанға мәз болса, Абайда үстіне алтын артқанға есіреді. Алғашында қоңырауына қуанған есек артынша-ақ одан опық жейді. Ал Абайдың есегі үсінде алтыны бар кезде құрмет көреді де, оны алып қойған соң, «боқ тасуға жегіледі». Крылов мысалын жылпостар әдетте қарапайым, белгісіздеу болып келсе, қалай шені өседі – солай адам танымастай өзгеріп кетеді деген оймен аяқтайды. Абайдың «Есегі»:
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын-құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа
Үстіңдегі алтын ғой, –
деген ой тастайды. «Осел» 25 жолдан тұрса, «Мешок» — 56, ал Абайда — 40 жол. Ал «Мешоктың» оқиғасы мүлдем басқаша. Мұнда есек атымен жоқ. Аяқ астында жатқан жаман қап, іші ақшаға толғанда менменсіп кетеді де ақшасы таусылған соң, далада қалады. «Мешоктың» идеясы:
Велико дело –миллион!
Однака же, друзья, вы столко не гордитесь!
Сказать ли правду вам тишком?
Не дай бог, разоритесь:
И с вами точно так поступят, как с Мешком! –
деген жолдарда жатыр. Яғни орыс мысалшысы қалтамда бірдеңе бар деп көкірегін көтеретіндерді сақтандырады; бірде олай, бірде бұлай болмай, барлық уақытта да адамдық қалпыңды сақта деген ой айтады. Сонымен Абайдың «Есегін» аударма деуден гөрі, «И.А.Крыловтың әсерімен жазылған Абайдың төл туындысы деген дұрыс. Автордың өзі аударма деп көрсетіп, атын «Оселдің» аудармасы «Есек» деп қойғанымен де, шын мәнінде, мұнда айтылар ойдың ұқсастығынан басқа аударманың талаптарына сай, келетін ештеңе жоқ. Әрине, Абайдың бұл мысалдарына болар еді. Бірақ бұл жолы олай етпеген; И.А.Крылов мысалдарының сарынымен қазақ оқырманын ескере отырып, өздігінен жаңадан «Есек» мысалын жазған деп білеміз. «Есек пен бұлбұл» — Крыловтың «Осел и соловей» атты мысалының аудармасы. Мұнда надандық пен ақымақтық аяусыз сыналады. Мүрсейіт қолжазбалары бойынша Абайдың негізгі басылымдарының барлығында жарияланып келеді. Түпнұсқаның мазмұны аудармада дәл берілген. Соған қарамастан, Абайдың мысалында тыңнан қосылған, алынып тасталынған жолдар бар. Крыловта есек бұлбұлды көріп: «Достым, тыңдашы. Жұрттың бәрі сені керемет әнші деп мақтайды. Мен сенің әніңді тыңдап, сенің шын шебер әнші екендігіңе көз жеткізгім келеді» — дейді. Абай есекті бірден бұлбұлға кезіктірмейді. Өздігінен:
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы
Соңырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы, -
деген кіріспені қосып, есектің жай-күйінен хабар береді. Содан кейін барып бұлбұлға тіл қатады. Бұлбұлдың ән салғанын Крылов 12 жолда суреттесе, Абай екі шумақпен дәл жеткізе білген. Крыловтың
Защелкал, засвистал
На тысячу ладов, тянул, переливался;
То нежно он ослабевал
И томной вдалеке свирелью отдавался,
То мелкой дробью вдруг по роще рассыпался, -
деген жолдарын Абай:
Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып,
Шыңғыртып, шымырлаты, сорғалатып.
Мың түрлі күйге шалып, толқынтады,
Маңайда жан біткенді таңырқатып, –
деп жырлайды.
Затихли ветерки, замолкли птичек хоры,
И прилегли стада
Чуть-чуть дыша, пастух им любовался
И только иногда,
Внимая Соловью, пастушке улыбался, -
аудармада:
Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елбіреп,
Көзіне қып-қызыл боп жас мөлдіреп.
Жел соқпай, құс шуламай, бәрі жым-жырт,
Әнге көңіл жіберіп, тұрды елжіреп, -
деп, дәл де шебер аударылған. Тек түпнұсқада алдымен желдің тынып, құстың шуылының басылуын айтып, содан кейін барып малдың жатқаны, қойшының елітіп тыңдап тұрғаны суреттелсе, Абай әнді алдымен адамға тыңдатып, табиғатты соңынан елжіретеді. Сөз суретінің орны ауысқанымен, аударма ұтылмаған. Бұлбұл әнін тыңдап болған соң, есек оған «әнің жақсы екен, бірақ сен, біздің әтештің әнімен таныс емес екендігің өкінішті-ақ. Содан біразырақ үйренсең, бұдан да жақсы болар еді» — деген ойларды айтқан алты жолды Абай төрт жолмен береді. Крыловтың мысалы «құдайым бізді де осындай сарапшылардан сақтасын» деген бір-ақ жол қорытындымен аяқталады.
Абай:
Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасы, -
деп, төрт жолмен түйіндейді. Нәтижесінде Крыловтың 29 жолдық мысалы Абай аудармасында 35 жол болып шыққан. Крыловтың мысалы 6,8,9,12,13 буынды болып келсе, Абай 11,12 буынды өлең түрін қолданып, соңғы қорытынды шумақты 7 буынды жыр үлгісімен жазған. Абайдың «Жарлы байы» — «Бедный богач» атты мысалының еркін аудармасы мысалда мақсатсыз баю, дүниеқоңыздық психологиясы көркем көрініс тапқан. Бас кейіпкер жаман шал кедей кезінде өмірге ойлы көзбен қарайтын болса, баюдың жолына түскеннен бастап, өзіне де өзгеге де сыни көзқарасын жоғалтып, қомағайлана түседі. Жарлы кезінде егер мен бай болсам, байлықпен алыс-жақынды жарылқарем дейтін шал енді оған қолы жеткен соң, мүлдем өзгереді. «Кедей бай боламын дейді, бай құдай боламын дейді» дегендей, байлықтан басы айналған «жарлы бай» адамдық қалпынан айрылып, басқаша күйге түсуі ертегілік элементтерді қосу арқылы бейнелі беріледі. Түпнұсқадағы 74 жолдық өлең қазақшасында 97 жолдан тұратын 24 шумақты құраған. Оқиғаның негізгі мазмұны, айтар ойы бір болғанымен де аудармасында айырмашылықтар бар. Крыловтың мысалы тікелей жарлының байлық туралы ойынан басталса, Абай алдымен, жалғыз шалмен таныстырады:
Жаман үйде жалғыз шал,
Өзі – кедей, күңіренді.
Өзі көрген байлардың
Мінезінен жиренді.
Түпнұсқада монологтан кейін жапырайған лашығында ойланып жатқан жарлыны көреміз. Монолог орысшасында 11, қазақшасында 23 жол. Мысалдағы «тойып тәті тамақ ішпей, ұйқы қанбай, тірнектеп жинаған ақшасының арқасында болған байлық қажет пе? — Өлген соң бәрі де қалады», — деген бір шумақта айтылған ойларды Абай:
Обал жоқ осы байларға
Мал қызығын көрмеген.
Жақсы төсек, тәтті ас жоқ,
Жан қадірін білмеген.
Салпыл қақты, түн қатты,
«Мал-мал деді, мал тапты.
Байыған сайын күтім жоқ
Бейілі кетті, ант атты.
Қартайғанша қақақтап,
Бұл тәңірі атқан талмай ма?
Иттеніп жүріп өлмей ме,
Өлсе, бәрі қалмай ма?, -
деп, үш шумақпен кеңейтіп аударған. Түпнұсқада ақша жинап, баю айтылса, қазақшасында мал тауып баю сөз болады. Сауда-саттығы әлі дамымаған сол кездегі қазақ даласы үшін ақшаның құлаққа тосындау болатындығын ескере отырып, «мал табу» баламасын өте дәл қолданған. Крыловтың мысалын аударып отырған Абай есіне қазақ байларының кейбір ұнамсыз қылықтары түскенде қыза келіп, «ант атты», «тәңірі атқан» деген сияқты ауыр сөздерді де пайдаланады. «Ал, мен бай болсам, адам сияқты өмір сүріп, байлығымды игілігіме жаратар едім, өзгелерге де көмектесер едім» деп ойланып жатқанында лашығына жын-сайтан ба, әлде сиқыршы ма — біреу кіріп келіп, тіл қатады. Абай «жәдігөй ме, шайтан ба?» бір адам кіріп келді деген. Ол «сенің бай болғьң келсе, мына әмиянды ал. Қанша алсаң да ішінен ақша шыға береді. Қажетіңше ал. Бірақ, ақшаны әмиянды өзенге тастаған соң барып жаратуға болатынын ұмытпа» дейді. «Червонец» — ділда», «алтын», «кошелок» — «дорба», «река» — «дария» деп аударылған. Сонымен ол күндіз-түні әмияннан ақша алумен болады. Тағы да, тағы да… ала береді. Тамақ ішуге де уақытты қимай, күннен- күнге аза береді. Осы жағдайды Абай әсірелеп:
Үйіндегі бір нанды
Бір ай жеді аз-аздан, -
деп суреттейді. Әмиянды өзенге тастамак болып, бірнеше рет келіп, «алтынды судай ағызып тұрғанда мұнан қалай ажыраймын» деп, қайта оралады. Абай оқиғаны нақтыландыра түседі: дорбаны суға тастауға жүз рет барып, тастай алмай кері қайтады; «дорбаны сауып, тыныштықсыз бір ай түгіл, жыл өтті» — дейді. Соңында жарлының шашына ақ түсіп, азып кетеді; алтынындай сарғайып, құр сүлдері калады. Түпнұсқадағы:
И наконец, Бедняк мой поседел,
Бедняк мой похудел;
Как золото его, Бедняк мой пожелтел.
Уж и пышности он боле не смехает:
Он стол и слаб ихил; здоровье ипокой -
Утратил все: но все дрожашею рукой, -
деген жолдарды Абай:
Алтындай жүзі сарғайды,
Қол дірілдеп, әл кетгі.
Ассыз, сусыз, дерт жеңіл,
Өзі де әбден жүдепті, -
деп, қысқа да нұсқа аудармасын жасаған. Крыловта жарлы тоғызыншы миллионды санап жатқанда өз лашығында қайтыс болады да, мысал аяқталады. Абайда да солай. Бірақ аударманың соңына «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» екі жолды өзі қосқан:
Алтын қайда, сөз қайда?!
Қу нәпсіден не пайда?
Нәтижесінде Абайдың И.А. Крыловтан аударған «Жарлы бай» мысалы қазақ окырмандарының ұғымы мен түсінігіне сай, төл туындысындай болып шыққан. «Қазаға ұрынған қара шекпен» — «Крестьянин в беде» мысалының еркін аудармасы. Тақырыбындағы «в беде» қазаға ұрынған» деп, өзгеше берілген. Қырық жолдай мысал қазақшасында — 56. Мысалда шаруаның ауласына ұры түсіп, сарайындағы бар жарар дүние-мүлкін алып кетеді. Кеше ғана бай болып, Ұйықтап тұрып бақытсыздыққа ұшыраған шаруа қатты қайғы үстінде ағайын-туыс, жолдас-жора, көрші-қолаң, жегжат-жұрат — бәрін шақырып, көмек, ақыл-кеңес сұрайды. Тамыры Карпыч: «бай екендігіңді жұртқа жаймау керек еді» -дейді. Құдасы Климич: «алдағы уақытта сарайды үйіңе жақын салуға тырыс» — деп, ақыл айтады. Қоңсысы Фока «бәленің бәрін сарайдың үйден алыста болғандығынан емес, аулада кабаған ит ұстау керек еді. Мен саған итімнің бір күшігін берейін» — деп, мырзалык, жасайды. Жиналғандар сөзбен ақыл-кеңесті үйіп тастайды да іспен біреуі де көмектеспейді. Осы оқиғаны Абай казақ оқырманына түсінікті жеткізу мақсатымен өзінше жырлаған. Тұрмысты шаруаны «бай» деп алған. Түпнұсқада сарайға бір ғана ұры түссе, аудармада ұрылар лапкені бұзып, талқандап, үйін де үптеп кетеді. Абайдың байы ұрыны таба алмайды. Қарны ашады; «ішеріне шай да жоқ». Бұлар түпнұсқада кездеспейді Крыловтың кейіпкері көпшіліктен көмек сұрайды. Аудармада ол жылап, мұңын шағады. Орысшасында ақыл-кеңес берген тамырының, құдасының, көршісінің нақтылы аттары аталынса, қазақшасында да үш адам сөйлейді; аттары белгісіз — «біреу».
И словом, от родни и от друзей любезных
Советов тысячу недавно полезных,
Кто сколько мог,
А делом ни один бедняжке не помог, -
шумағы қазақшасында:
Бөз орнына сөз беріп,
Құда, тамыр, дос кетті.
Қол ұстамай, көз көріп,
Айтқан арыз бос кетті, -
делініп, қысқа да нұсқа аударылған. Крылов мысалын басыңа іс түссе, достарың ақыл-кеңеске жомарт келеді де іс жүзінде көмек көрсетуге келгенде, жақсы досыңның өзі саңырау болып қалады деп түйіндейді. Осы ойларды Абай ағайынға іс түссе — қарғыс, көмектің орнына «бишара» мен «байғұс» сөздерін аласың деп корытқан.
«Қарға мен бүркіт» («Вороненок») «Бүркіт пен карға» деген атпен де белгілі. Түпнұсқаның жалпы мазмұны сақталынғанмен де азын-аулақ өзгерістер бар. Крылов мысалды «Қарғаның балапаны» деп атаса, Абай оған басқаша ат қояды. Отыз алты жолдық мысал қазақшасында — қырық бір. Крыловтың мысалы бүркіттің аспаннан құйылып келіп, малдың ішінен бір қозыны іліп кетуінен басталса, Абай:
Қой жайылып жаздыгүн
Шыққан екен қияға, -
деп өзгеше кірісіп, содан кейін барып бүркіттің қозыны ілгенін суреттейді. Мұны көріп тұрған қарғаның баласы «мұндайға тырнақты былғағанша, алғасын мықтысын алу керек; бүркіттер де нашар болады екен; ал мен болсам, патшаға ас боларлықтай ең мықтысын ілемін» — деп ойлайды. Абай:
Қозыны да тамақ деп,
Кім ап шықсын тастарға!
Ең семізін ілейін
Қызық қылып ашарға, -
деп, жеті жолдық монологты бір шумақпен ғана аударған. Түпнұсқада қарғаның жемтігін таңдауы жеті жолмен берілсе, аудармада «деді-дағы, аралап, жабысты келіп қошқарға» — деп, қысқасынан қайырған. Орысшасында қошқардың үлкендігі, жүнінің ұйысып қалғандығы айтылыңқыраса, Абай карғаның аянышты халін суреттеңкірейді:
Қалшылдап, дірілдеп
Тырнағын салады,
Қанатын қайқайтып
Әкетпек болады.
Мысалда қарғаны қойшылар ұстап алады да, ұшпасын деп қанат-құйрығын кесіп, балалардын, ойнауына береді. Аудармада осыған қоса балалар айрылып калмасын деп қарғаның аяғына мықтап жіп байлап қоятындығы да сенімді. И.А.Крылов айтар ойын бір шумақпен:
Нередко у людей то же самое бывает,
Коль мелкий плут
Болшому плуту подражает;
Что сходит с рук вором, за то воришек бьют, -
деп, түйіндесе, Абай қысқа ғана:
Азат басың болсын құл
Қолдан келмес іске ұмтыл! –
түрінде өзгеше аяқтайды. Ал «Піл мен қанденнің» аудармасы түпнұсқаға барынша жақын. Мысалы Абайдың:
Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрді.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді, -
дегені И.А. Крыловтың мысал бастауының:
По улицам Слона водили,
Как видно, напоказ.
Известно, что Слоны в диковинку у нас,
Так за Слоном толпы зевак ходили, -
дегеннің дәлме-дәл көркем аудармасы екендігіне көз жеткізу қиын емес. Сол сияқты Крыловтың:
Отколе ни возьмись, навстречу Моська им.
Увидевши Слона, ну на него метаться,
И лаять, и визжать, и рваться;
Ну так и лезет в драку с ним, -
бір шумағын Абай:
Көшеде кез боп бір қанден
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап жүрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып, -
түрінде өрнектеген.
«Піл мен қанден» «Слон и Моськаның» мазмұнын, айтар ойын дәл, шебер жеткізеді. Аздаған айырмашылықтар да кездеседі. Сөзбе-сөз аудармасы «Піл мен Моська» болу керек болса, иттің аты Моська мысалдан мүлдем алынып тасталынып, орнына қанден сөзі алынған. Себебі, орыс атауы Моська қазақ оқырмандарына түсініксіздеу болған болар еді. Мысалдың көлемі Крыловта 20 жол болса, Абай 24 жол қылып аударған. Түпнұсқада шумақ жолдары әрқалай болып келсе, қазақшасындағы 6 шумақтың әрқайсысы 4 жолдан тұрады. 5 -ші жолдағы » Откуда ни возьмись, навстречу Моська им» деген жол «Көшеде кез боп бір қанден» болып аударылып, «отколе ни возьмись» деген сөздер түсіп қалған. Қазақшасында қанденге бір итті кездестіріп,»әліңді білсеңші» дегенді айтқызса, орысшасында кімнің кездескені, бұл сөздерді кімнің айтып тұрғаны белгісіз; тек төл сөз ғана берілген. Орысшасында Моськаға айтылған ақыл 5 жолдан тұрса, қазақшасында — 7 жол; Моськаның жауабы 7 жол болса, қандендікі — 8 жол. «Могу попасть в большие забияки» «Ер атанып көремін» деп, қысқа қайырған. Аударманың соңғы шумағындағы «Жұрт мұнымды көрмей ме?!» деген жол түпнұсқада жоқ. Крыловта қанден иттер туралы айтса, аудармашы «жұрт» сөзін қолданып, мағыналық ауқымын кеңейте түскен. Орысшасында «пілге де үрген Моська қандай күшті» дегенді иттер айтып жүреді деген ойлар айтылған соңғы шумақ:
Пускай же говорят собаки:
Ай, Моська! знать, она сильна,
Что лает на Слона!
Абайда:
Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден — ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме? –
түрінде аударылған. «Сильна» деген сөздің орнына «батыр», «ер» сөздері қолданылған. Сөйтіп мысалдың қазақ оқырманына түсініктілігі, әсерлілігі арта түскен.
Түпнұсқадағы мысалдың тақырыбын аудармада өзгерту Абайда жиі кездесетіндігі көрінеді. Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей, баяндалар оқиғаны қазақ өміріне жақындата түсу, ұсынылар идеяны әсерлі де ұғынықты, жеткізу мақсаттарынан туындап отырған. Жоғарыда тоқталып өткеніміздей «Музыканты» «Әншілер» болып аударылған. Музыкант қазіргі оқырмандар үшін түсінікті шығар, бірақ Абайдың кезі туралы бұлай айта алмас едік. Ал қазақта екінің бірі — әнші. Тәржіма жасағанда Абай осы жақтарын ескерген сияқты.
«Емен мен шілік» — Крыловтың «»Дуб и трость» мысалының аудармасы. Мұнда да тақырыптағы «трость» құрақ деп аударылмай, шілік деп алынған. Мысал Абай аудармаларының ішіндегі ең сәттілерінің қатарында. Көлемін сақтап, мазмұнын, айтар ойын, тіпті кейбір бейнелі сөздеріне дейін дәл аударуда «Емен мен шілік» ерекше көзге түседі. Мысалы: Түпнұсқада:
С тростинкой Дуб однажды в речь вошел:
«Поистине, роптать ты вправе на природу,
- Сказал он. — Воробей, и тот тебе тяжел.
Чуть легкий ветерок, подернет рябью воду»…
Осы шумақтың қазақшасы:
Шілікпен Емен бір күн сөйлесіпті:
— Аллаға, сорлы, неден жаздың? — депті.
Торғайға да майысып солқылдайсың,
Жел бүлк етсе, тебесің әткеншекті.
Түпнұсқада:
Ты очень жалостлив-сказала Трость в ответ,-
Однако не крушись: мне столько худа нет.
Не за себя я вихрей опасаюсь;
Хоть я не гнусь, но не ломаюсь:
Қазақшасында:
- Есіркегіш екенсің, — деді шілік -
Онша сорлы емеспін, тартпа күйік!
Сынбаймын майыссам да, солқылдаймын,
Желден маған келмейді еш кемшілік.
Бұл арада өлең құрылысы диалогқа дейін толық сақталынған. Әрбір жолдың, тармақтың соңында шумақтың аудармасы дәл берілген. Тіпті, әр сөзіне дейін сөзбе-сөз аударылған. Мысал негізінен дәлме-дәл аударылғанымен де, кездесетін азын-аулақ өзгертулер де бар. Түпнұсқада дауыл Солтүстік жақтан келсе, аудармада «Кавказға бір қап-қара бұлт мінді» дейді. Крыловтың мысалы:
Вдруг мчится с северных сторон
И с градом и с дождем шумящих аквилон.
Дуб держится,- к земле Тростиночка припала:
Бушует ветер, удвоил силы он,
Взревел- и вырвал с корнем вон Того,
кто небесам голавой своей касался
И в обласи теней пятою упирался, -
деген жолдармен аяқталады. Абай осы жолдарды:
Кавказға бір қап-қара бұлт мінді,
Есітіп тұрған кісідей тау күңіренді.
Жер дүниені шаң, тұман қабат басып,
Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді.
Арты бұршақ, арты шаң, жел құтырды,
Шілік жерге бас ұрды, емен тұрды.
Басы көкке, сыйрағы жерге енсе де,
Ақырып долданғанда алып ұрды, -
деп аударған. Табиғат мінезі бейнеленген бұл өлең жолдары тәржімадан гөрі ұлтымыздың төл туындысына жақын. Яғни мәтіннің тәржіма екендігі білінбейді десек де болады. Мұнда сөзбе-сөз дәлдіктен гөрі көркемдік жағынан сәйкестік басым. Дауылдың соққаны, сол кездегі емен мен шіліктің қандай күй кешкендігі екі ақында да барынша кестеленген; Құдды бір-бірінен қалыспай, өнер жарысына түсіп тұрғандай. Абай суреттеліп отырған оқиғаның көркемдік бояуын қалыңдата түсу мақсатымен («Кавказға бір қап-қара бұлт мінді, есітіп тұрған кісідей тау күңіренді»), Кавказға «бұлт мінгізіп», одан «тауды күңірентіп», дауылды «ақыртып», «долдантып» («Ақырып долданғанда алып ұрды») қояды. Мұның өзі кең далада жортып жүріп, еркін өскен табиғаттың қыр-сырын жетік меңгерген қазақ баласының сезіміне әсер етпей қоймайды. Демек, аударманың оқырманға берер эстетикалық мәні арта түскен.
Абай мысалдың соңына негізгі идеяны аңғартар екі жол қосқан:
Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан сөйлеме сен де о ғұрлы.
Бұл жерде иілгеннің, майысқанның барлығы жеңіліс емес; өмірде бәрі де болады; кейде жеңу үшін жеңілу де керек деген сияқты терең ойлар еске салынып тұр. Өмір философиясы дегеніміз осы емес пе?!
Абайдың шет тілдерінен орыс тілін ғана жетік білгені белгілі. Қазақтарға бейтаныс бай орыс әдебиетімен жете танысып, оның ішіндегі ұлы ақындардың өлмес шығармаларын жыға айырып, осы бізге қажет-ау дегендерін ғана аудару — Абайдай ұлылардың ғана қолынан келетін іс. Өйткені, ұлылармен ұлылар ғана үндесе алады. Абай орыс тілі арқылы Европа әдебиетінің Байрон, Гете, Шиллер, Мицкевич сияқты ірі өкілдерінің кейбір өлеңдерін де қазақ тілінде сөйлетті. Сөйтіп, ұлттық поэзиямызды әлемдік әдебиеттің озық үрдістерімен байыта түсті; қазақ әдебиетін көркемдік дамудың әлемдік даңғыл жолына салды.
Абай — қазақ әдебиетіндегі аударма өнерін алғаш қолға алып, тыңнан жол салған ақын. Қазақ әдебиетінде бүгінгі түсінігіміздей тәржімашылық дәстүрдің болмауы себепті де Абайдың аудармаларында шығыстағы нәзирашылдық пен батыс әдебиеттеріндегі дәл аударманың екеуі де көрініс береді.
Сонымен, Абай орыс мысалшысы И.А. Крыловтың мысалдарын қазақшалағанда, мағыналық, құрылымдық және идеялық тұрғыдан ауытқымай дәл беріп, кейде еркінірек кетіп, аударма жасаудың небір клласикалық үлгілерін жасады. Аударма өнерінде ақынның екі түрлі принципті ұстанғандығы көрінеді. Оның біріншісі – эстетикалық, көркемдік принцип. Яғни мысалда суреттелген оқиға, мазмұн, айтар ой қазақ оқырманына сол күйінде түсінікті болған жағдайда барған. Оның «Емен мен шілік», «Піл мен қанден», «Қарға мен түлкі», («Жұрт біледі, күледі»), «Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл», т.б сияқты мысалдары азын-аулақ өзгертулеріне қарамастан, осы көркемдік принципті, яғни түпнұсқаның көркемдік қалпын сақтай отырып, аударылған. Сол сияқты «Теректің сыйы», «Қарасам, қайғырар жұрт», «Тұтқындағы батыр», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау», «Жартас», «Дұға», «Альбомға», «Менің сырым, жігіттер, емес оңай», «Бородино», «Қанжар», «Қараңғы түнде тау қалғып» түпнұсқаның көркемдік ерекшеліктерін сол күйінде толық сақтап, дәлме-дәл шебер аударылған клласикалық туындыларға жатады. Соңғы өлеңді Абай Лермонтовтан, Лермонтов Гетеден аударған. Қазақ, неміс, орыс тілдерін жетік білетін танымал ғалым Г.Бельгер үш ақынның да (Гете-Лермонтов-Абай) мәтіндерін салыстыра отырып осы өлеңге тамаша талдау жасаған. Өлеңнің үш тілдегі нұсқаларын салыстырған ғалым айтар ойы, көркемдігі жағынан Абайдікі екеуінен де артық болмаса, кем емес, тіпті кей тұстарда жоғарылау тұр деген пікір білдіреді (Г. Бельгер. Гете мен Абай, А.,1989,93-бет). Ал кей тұстарда қазақ ақыны автормен өнер жарыстырғандай болады. Бұл ретте түпнұсқаға қарағанда, қазақша аудармасының сәттірек шыққан тұстар да баршылық. Оған дәлел ретінде Г. Бельгер мен Т. Шапай жасаған талдаулардан көптеп мысалдар келтіруге болады…
Аударма ісінде Абай ұсынған екінші принцип — өнердің адамның күнделікті тіршілігіне қажеттілігінен туындайды. Ағартушылық бағыттағы Абай, Крылов мысалдарының ішінен қазаққа пайдалысын, даланың тұрмыс салтына орайласатынын оқырманына ұғынықтысын таңдайды. Осы тұрғыдан қазақ пен орыстың өмір сүруі, сана-сезімі, ұлттық ерекшеліктері сияқты көптеген әлеуметтік факторларды ескере отырып, кей тұстарда түпнұсқаны өзгерте жырлауға саналы түрде барады. Мұндағы басты мақсат аударманының қазақ оқырманына түсінікті болып, оған өнердің құдіретімен әсер ету, яғни әдебиетті тәрбие құралы ретінде пайдалану болған. «Есек», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Қарға мен түлкі» («Боқтықта талтаңдап»), т.б. сияқты мысалдар түпнұсқадан біршама алшақ кеткен. Бұларды аударма деуден гөрі бір тақырыпта екі ақынның жарыса жырлап, нәзирашылдық үлгімен жазылған ақынның төл туындысы дерлік. Сол сияқты Абайдың «Евгений Онегинін» зертеушілер осы күнге дейін А.С.Пушкиннен аударылған деп жүр. Шындығына келсек, мұнда түпнұсқадан тек романның «Евгени Онегин» деген деген тақырыбы мен аты ғана. Романның сюжеті, композициясы, мазмұны қазақшасында мүлдем өзгеше. Абай романның негізгі идеясын, рухын алған да соны қазақ оқырманына түсінікті етіп, өзінше жырлап берген. Абайдың «Евгени Онегинін» орыс жазушысынан аударма дегеннен гөрі, бір тақырыпқа жазылған сарындас туынды деп бағалау шындыққа жақындау.
Сонымен бірге Абай барлық уақытта да дәл аударып отырғанның өзінде де өз оқырманын ескере отырып, міндетті түрде азын-аулақ өзгерістерге, толықтыруларға барып отырады; еркін кеткеннің өзінде де түпнұсқаны темірқазық етіп, соның сарынымен жүреді; бірақ көркемдік кестелері өзгеше өрнектеледі. Бұл турасында академик З.Ахметов «Абай Крылов мысалдарын дәл аударып, оның құрылыс-қалпын сақтауды мақсат етпеген, сюжетін еркін баяндап, көшіре аударма емес, қазақ тілінде төлтума болып шығатын сарындас аударма беруді мақсат еткен» (З.Ахметов. Білімдіден шыққан сөз. «Егемен Қазақстан», 22.01.1994), – деген пікір білдіреді. Кей тұстарда Абайдың еркін кететіні соншалық – кей өлеңнің төл туынды немесе аударма екенін дөп басудың өзі қиынға соғады.
Әлемдік әдебиетте мысал жанры Эзоптан бастау алады. И.А.Крылов өз мысалдарының сюжетін көбіне Лафонтеннен, өзіне дейігі мысалшылардан алып отырған. Бір-бірінен сюжет, ой алмасып отыру, оны әр ұлттың ерекшеліктеріне орай қайта жырлау мысал жанрының тарихында заңдылыққа айналған. Әдебиет-сөз өнері. Ал өнер ұлттық сипатта болады. Ақын басқа әдебиеттен оқиға, ой ауысқанымен де басқа тілге апарып қондыра салуға келмейтін шығарманың көркемдік бояуы бар. Өйткені әдебиеттің көркемдік болмысы белгілі бір ұлттық топырақта ғана өмір сүреді. Әдеби шығарманы сол күйінде сөзбе-сөз, дәлме-дәл екінші тілге аударғанда ол көркемдік бояуын жоғалтып, жай ғана сөз тіркесіне айналады. Аудармашы екінші бір тілден аударма жасағанда, оның оқиға желісін, идеясын пайдаланғанымен де оның көркемдік болмысын түбірінен қайта жасауына тура келеді. Сол себепті де әдеби аударманы сөз өнерінің ерекше бір саласына жатқызып, оны да ұлттық әдебиеттің ауқымында қарау керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абай қазақ әдебиетіндегі мысал жанрын аударма арқылы биікке көтерді деп білеміз.
Дандай Ысқақұлы
Д. Ысқақұлы. Аудармадағы Абай дәстүрі. / Әлем әдебиеті. – 2012. – №3. – 182-203б.б.