Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Дидар Амантай. Форма жоқ жерде өнер де жоқ...

27.01.2022 4085

Дидар Амантай. Форма жоқ жерде өнер де жоқ 12+

Дидар Амантай. Форма жоқ жерде өнер де жоқ - adebiportal.kz

- Қадірлы Дидар аға, ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті дегенде ойыңызға не оралады? Біздің әдебиеттің артықшылығы мен кемшілігі не де? Бұл күнде сізді не толқытады?

- ХХІ ғасыр ХХ ғасырға қарағанда, сан алуан, әр түрлі: еш ғасырға ұқсамайтын күрделі болмыс-бітімі тұрғысынан ерекше дәуір. ХХ ғасырдағы модернизм рационализмге құрылған, белгілі бір тәртіп, ережеге бағынған философиялық тұжырымдама, жұрт қабылданған шарт, бекітілген низам бойынша өмір сүрсе, кітаптарды тексерген сын өлшемі анық болса, ХХІ ғасырда бірыңғай өлшем бірлігі жоқ, бірізді жүйе, біркелкі таным жоқтың қасы. Әркім өз мінберін ақиқат санайды. Яғни ақиқаттың өзі сан түрлі. Ғылымның өзі бірнеше салаларда бірігіп кеткенін де байқау қиын емес. Яғни, белгілі бір обьектіні субективті тұрғыдан бір ғана ғылымның зерттеу нысаны емес, көптеген біріккен ғылымдардың талабымен қарауға тура келеді. Демек, технологиялардың ғарыштап дамуы әдебиетке де өз әсерін тигізіп отыр. Әдебиетте жазудың жаңа технологиясы ашылып, жаңа ережелер табылып жатыр. Хемингуэйше, фолкнерше, толстойша, әуезовше жазуға болады. Тек қана олар ұстанған принциптерді орындасаңыз болды. Сондықтан да ХХІ ғасыр бізді, бір жағынан, өнердің күрделілігіне әкелсе, енді, бір жағынан, өнердің дағдарысына тіреп отыр. Бұл үдерісті, біздің ХІХ-ХХ ғасырда қалыптасқан мәдениетке деген түсінігіміздің дағдарысы деп атауға да болады.

Қазіргі кезде мені толқытатын үлкен мәселе – кітап тағдыры, оқырман тағдыры, жазушы тағдыры.

Біз үш супер-мағына күйреген заманда өмір сүріп отырмыз. Соңғы екі ғасырда құдай, адам және автор “өлімі” жарияланды. Бұл постмодернистік постулаттардың бір көрінісі.

Кітап болса, о бастан адам баласына серік, қоғамға ермек, танымға мектеп тұрғысында қалыптасты. Адамзат тарихында кітаптың рөлі өте зор болды. Адамның өзі жайлы, болмысы туралы ойлануына мүмкіндік беретін рухани күш еді. Кітаптың атқаратын қызметі көп, оның бәрін жіпке тізе берудің өзі артық. Дейтұрғанмен, кітап тағдыры мені қашанда алаңдатады. Кітап жойылып кететініне сенбеймін, бірақ, капиталистік қоғамның перзенті ретінде айтарым, оқырман қатары күрт азайып кетуі мүмкін. Бұл процессті Батыс философтары ем қонбайтын дертке теңеді.

Қаржы-қаражат басымдылығы, ақша үстемдігі, тауар фетиші, байлық культі кітап қадірін кетіре бастады. Бірақ, бұл сау санамен қараған көзге алдамшы нәрсе. Кітап өзінің орнықты тағында отыр. Айталық, елімізде Тәуелсіздік алғаннан бері жүзден астам роман жазылыпты. Бұл да көп нәрсені айғақтап тұрған құбылыс. Сондықтан, кітап қашанда Борхес айтқан биігінен түспек емес. Стефан Малларме алға тартқан бір сөзі бар ғой «Әлем кітапқа ену үшін жаралған» деп. Әлем мен кітап арасындағы мұндай өміршең қатынас әлі де жоғалған жоқ. Сондықтан да, кітап мемлекеттік идеологияға айналуы тиіс деп есептеймін.

- Жазушыға жан азаттығы қаншалықты қажет? Сіз қаншалықты тәуелсіз адаммын деп ойлайсыз?

- Жазушыға жан азаттығы ғана емес, жан азабы да керек. Бәрінен азат, механт шегіп, азап көрмеген сана жақсы туынды тудыруға негіз бола алмайды. Өйткені, біреуге жанашу, біреудің қиындығын сезініп, оған иіліп ортақтаса білу, осының бәрі бойымызда ұйықтап қалғып бара жатқан адамгершілік сананы оятады. Сондықтан өнерпаз тұлғалар, өмірдің машақатынан, сүзгісінен өткені дұрыс. Ал, тұлғаның тәуелді, тәуелсіз болуы шартты ұғым және салыстырмалы дүние. Тәуелді адам кейде басқа тараптан тәуелсіз болуы мүмкін. Тәуелді, тәуелсіз дейтін пайымдар үлкен ұғымдарға ғана жарасымды. Әрине, жазушының жан қаруы қаламы бәрінен азат болуы тиіс. Дегенмен, біз бәріміз ешуақытта адамзаттан тыс өмір сүре алмаймыз. Ницше ақиқат адамға бостандық әпереді, деп жазады.

- Кез келген қалмгер жерден шықпайды, көктен түспейді, өзіне тән әдеби бастау көзі болады. Әдебиетке алғаш келген жылдары сізге кімдердің әсері, ықпалы болды? Қай мектептің түлегісіз?

- Менің бірінші ұстазым – Абай. Абай маған ауызша жетті. Атам Абайды, Ақбайдың Жақыбын, Аманжолдың Қасымын ауызынан тастамайтын. Жантайып жатып «Көкейкестіні» тартатын. «Бестөре», «Сарыжайлауды» да алғаш сол кісіден естідім. Біржанның «Жамбассипарын» да жаны сүйіп айтатын. Одан кейін мектепке барып, қара таныған шағымда жаңа шығармалармен таныса бастадым. Солардың ішінде «Қалың мал» романы да болды. «Қалың малды» ХХ ғасырдағы қазақ прозасының бейнелеу мәнерін қалыптастырған бірден бір шығарма деп есептеймін. «Қалың малды» оқып отырсаңыз, Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында кездесетін көптеген сөз тіркестерін, сөз ирімдері мен оралымдарын байқайсыз. «Қалың мал» қазақ әдебиетінің ұстазы секілді. Осы тұрғыдан ол өзінің нақты бағасын ала алмай келе жатқандай әсер береді. Сол оқушы жылдары Мұқан Иманжановтың «Адам тағдыры» әңгімесін оқығаным есімде. Оның да әсері айрықша болды. 70 жылдардың басында Буниннің «Балқарағай» деген кітабы шыққан еді. Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов бастаған жазушылар бірігіп аударған. Содан Бунинмен танысып, оның «Антонның алмалары», «Есалаң суретші» деген әңгімелерін оқып қатты тебірендім. Онда мен өлең жазып жүруші едім, осы шығармаларды оқыған соң бағытым прозаға бейімделе бастады. Әрине, «Абай жолы» – менің ұстазым. Сонымен қатар «алпыскерлердің» ішінде Асқар Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматай, Тынымбай Нұрмағамбетов қатарлы жазушылардың бәрі менің ақылшы серігім болды. Шетел әдебиетіне келер болсақ, маған жекелеген жазушылардан гөрі, олардың оқшау тұрған, бөгенайы бөлек шығармаларының тікелей ықпалы болды.

- Өткен ғасырдың соңын ала эстет жазушы Асқар Сүлейменов: «Қазіргі қазақ әдебиетінің бейнелеу тілі ескірді» деген ойды ортаға салады. Асқар ағаның осы ойы әлі өміршеңдігін жоғалтпаған сияқты, сіз қалай ойлайсыз? Жазушы үшін тілдің маңызы қандай?

- Әдебиеттің жазу мәнері тұрғысынан келетін болсақ, мен тіл ескірді дегеннен гөрі, жазу мәнері ескірді деген сөз тіркесін қолданар едім. Тілдің ескіруі образды сөз екенін түсінем, десекте, дәлірек, жіңішкелеп айтқанда, жазу мәнері ескірді, жазу мәнері өзгерді, жазу мәнері жаңаруы тиіс деген пайым ойға қонымдырақ. Жазу мәнері ескірді деп тұтас қазақ әдебиетіне емес, жекелеген авторлар жайында айтқан жөн. Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі жастардың бет алысы мені қызықтырады. Олардың тілі терең, әуезді, сазды. Атап айтсақ, Ырысбек Дәбей өз қатарынан сурылып шыққан жазушы. Екі бірдей айтулы романның авторы. Қазір де үлкен ізденіс үстінде. Сол қатарда Жадыра Шамұрат, Қанағат Әбілқайыр, Қанат Тілеухан сынды жазушылардың шығармашылығынан да олардың өздеріне тән қолтаңбасы анық сезіледі. Маған Бақытбек Қадырдың ізденісі, талпынысы қатты ұнайды. Оның әр жазған әңгімелерінен өсу, жаңару, түлеу үрдісі байқалады. Алмаз Мырзахмет, Есбол Нұрахмет, Әлішер Рахат сынды жастардың алғырлығы, еңбекшілдігі ұнайды. Әрине, Дәурен Қуаттың жөні бөлек, ол алдыңғы лектегі қаламгерлерінің санатында. Әдебиетке бірден өз туын ұстап келді. Ол сөз саптауы, тілді меңгере білуі, ойды образға құра білуімен ерекшеленетін жазушы. Әлем әдебиетінен молынан сусындап, олардың жазу шеберлігін үйрене білген. Ерлан Төлеутай прозаға мойын бұрса, эпикалық қаламгерге айналар еді. Ол қазақ прозасының кеніші боларына сенімім мол. Қазір жазушы Сәкен Сыбанбай бастаған мықты аудармашылар тобы да қалыптасып келеді. Олар прозаны ғана емес, поэзияны, әдебиет теориясына қатысты еңбектерді де тамаша тәржімалап жүр. Асылбек Ықсанды айтуымызға болады. Тамаша, ғажап жазушы. Роже Бордье тәрізді: әңгімелерін мерзімді баспасөз беттерінде жариялап тұрса да, бір кітабы да жарық көрмеген автор. Алайда, кітабы шыға қоймаса да, баспасөз бетіндегі әңгімелерін қалт жібермей оқып отырамын.

Негізі, тізімім үлкен.

Алдыңғы сөзімізде атап өткендей, ХХІ ғасыр – технология ғасыры. Техникасын үйретіп, орта деңгейдегі стандартты жазушыны тәрбиелеп шығуға болады. Дегенмен, таланттың аты талант. Ұлы шығарма жазылуы үшін ұлы қаламгер керек. Айталық «Жүз жылдық жалғыздықты» қайта жазып шығу үшін бізге Габриэль Гарсиа Маркес керек екені анық. Қазақ прозасы – өзінің сан тарау даму жүлгесі бар үлкен проза, өзіне ғана тән жетістіктері бар ұлы проза деп ойлаймын. Нобель сыйлығы туралы шығатын дау-дамайды да жылда естіп қаламын. Ол саяси сыйлық, біз сол үшін ала алмай жүрміз дейтіндер де бар. Жалпы, Нобель сыйлығын алған кездейсоқ шығарма жоқ. Олардың бәрі таңдаудан өткен туындылар. Сондықтан, Нобель сыйлығына құрметпен қараған жөн. Нобель алған ортаңқол шығармалардың өзі, кейбір мақтауы бар, айтары жоқ нашар шығармалардан биік тұрғаны анық. Айтайын дегенім, әдебиетте, өнерде іштегі қызыл итті өлтіріп, қызғаншақтық пен бақталастықты қойып, әр нәрсеге әділетті қарауымыз керек.

- Бүгінгі қазақ әдебиетінің болмысы көңіліңізден шыға ма? Кейде жоқтау мен мақтау, яки даттау басым орында сияқты көрінеді. Бізде неге қарсылық бағыттағы сын немесе көркем шығарма аз?

- Бүгінгі қазақ әдебиетінің артық-кем тұстарына келетін болсақ, мен ол хақында толыққанды баға бере алмаймын. Десек те, жекелеген авторлар бойынша айтуға болады. Қазақ әдебиетінің өткен ғасырлардан қалған бір мұрасы – көп сөзділік, жалпақ шешейлік және пафос. Ол енді советтік идеологияның сарқыншағы. Пафос жойылмайынша атмосфера құрылмайды. Атмосфера болмайынша өнер тумайды. Атмосфераны тудыратын форма. Бертольд Брехттің «Жаңа ой айту үшін жаңа форма керек» дегені осыны меңзейді. Жаңа форма жоқ жерде жаңа өнер де жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар