Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
«Сен ішкен у – әбілхаят сусыны...»...

08.08.2025 3805

«Сен ішкен у – әбілхаят сусыны...» 14+

«Сен ішкен у – әбілхаят сусыны...» - adebiportal.kz

Биыл қазақтың рухани Гипократы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Өлең сөздің патшасы» атты халықаралық мүшәйра жарияланған болатын. Жиыны жетпіске жуық ақын бақ сынаған сол байқаудың жеңімпаздарын портал атынан құттықтай отырып, жүлдегер атанған ақындардың өлеңін назарларыңызға ұсынсақ дейміз.

 

Бас жүлде Ұмтыл Зарыққан (Астана)

 

Мінәжәт

«Аспанда ай менен күн шағылса да»

                                                                  (Абай)

Қарт Шыңғыстау,

Ғұлама – құз,

Ұлы айдын,

Ұлды айдынға жете алмай бір құлаймын.

Ту сыртымнан күрсінгені абыздың

Самалындай аңқып соққан

Құдайдың...

 

Бұл ғайыптың ұғына алмай биігін,

Қатпар-қатпар дұға ішінде ұйыдым.

Шыңғыстау боп күрсінеді Ол бір сәтке,

Бұлтқа сүйеп иығын.

 

У тамғандай қара қобыз тілінен,

Сор ағады сол абыздың ділінен.

Құлап кетпей қырық құлаш құдыққа,

Тұрдым ұстап Мықан ағаш діңінен.

 

Шөп тілі,

Құстың үні,

Құдай жанын,

Шыңғыстау, сенен ұқты бұл маңдайым.

Қуат ап сол Хакімнің дидарынан

Пәниге қайта келіп тұрғандаймын.

 

Сол уақыт, әмірі үстем, жаны мыстан,

Санамда сансыз ойлар сабылысқан.

Рухыма мұғжизалы деміңді сал, 

«Аспанда ай менен күн шағылысқан».

 

Тұз бүркіп жүрегімнің жарасына,

Өксісем өмір-өлім жағасында.

Талықсып саған келіп ой түзедім,

Құдайсыз «құдайлардың» арасында.

 

Шыңғыстау,

Сенен туған Нұр шырайды,

Білмейді, түйсінбейді жұрт былайғы.

Хакімнің  Жан – Арымен жұбатамын,

Ішімде іңгәлаған сол «Құдайды».

 

1-орын Нұрбек Кеңесбай (Астана)

 

              Сөз құсы

                                   (Абай рухына)

 

Сен ішкен у – әбілхаят сусыны,

Мәңгілікпен теңестірген болмысын.

Өмір-ағаш мың жылда бір сілкініп,

Ұшырады қанаты алтын сөз құсын.

 

Нұр төгілген көріп Тәңір дидарын,

Сүмбіледей сұлу таңда ояндың.

Қасіретті хан ұлындай сыйладың,

Ізгі мұңға омырауың боялды.

 

Нәбилерді алаламай тең сүйіп,

Төрт кітаптың түгел ашып жұмбағын.

Шүңетіне тартқан шақта дерт ұйық,

Басталған-ды ғапыл күннің бұлғағы.

 

Кешкеннен соң пайғамбарлық ғұмырды,

Тірліктегі өткел – жалғыз, соқпақ – тар.

Кім күйгізді кісен түспес тіліңді,

Келер күннің ақ жолына от қаптап.

 

Бір сөз қалды жүрегіңде таусыншақ,

Көне өсиет кітабындай қадірлі.

Қалам деген мұғжизаңмен алтын сап,

Тербете алдың салқар теңіз жаныңды.

 

Сүйегі асыл, нәсілі Ұлы адамды,

Сүйе білдің, жоқтай да алдың ұлыңдай.

Қазағыңдай алқам-салқам далаңды,

Тұяғымен турап өткен дүбірді-ай?!

 

Оны білер қарт Шыңғыстың жондары,

Түркілердің түп қонысын тербетіп,

Қасқабұлақ жайлауына қонғалы,

Күндерде күн келер әлі ел көшіп.

 

Анау тұрған моласы емес бақсының –

Саналының күн сәулелі жүрегі.

Ұғынғанда дүние ділін, қақ сырын,

Адам біткен сендей өмір сүреді.

 

Сен ішкен у – әбілхаят сусыны,

Екі дүние ескірте алмас жамалын.

Мен де бір күн тұғырымнан сілкініп,

Саған қарай қанатымды қағамын…

 

2-орын Бауыржан Жақып (Алматы) 

 

            Жидебайда 

 

Мұнда келсең ,оралар күйлер ойға,

Жыр төгеді түнінде имек Ай да.

Кең даласын қазақтың мұхит етіп,

Кеме жүзіп барады Жидебайда.

 

Барсаң сәлем айта бар ауылыма,

Үлкен-кіші, дос-жаран, қауымыма.

Бұл кемеде данышпан Абай жатыр,

Қысып алып Оспанды бауырына.

 

Онда барсаң, жыр оқы, хат ақтарып,

Небір жұмбақ шешуге тақап қалып,

Бұл кемеде Шәкәрім бабам жатыр,

Жанына үлкен ұлы Ахатты алып.

 

«Адамзаттың бәрін сүй,бауырым деп»,

Тұрғандайын Ұлы Абай жарығым деп,

Елең ете қаласың Жидебайда,

Жапырақ боп Абайдың жаны гүлдеп.

 

Сыбдыр ете қалады жапырақтар,

Сол сыбдырды тыңдаған атырап бар,

Өйткені онда Абайдың бар дауысы,

Жаңғырығып жететін топырақтан.

 

Жаңғырығып жететін тау-тастардан,

Шыңғыстағы құздардан, жартастардан,

Абай үнін бауырым, естіп пе едің,

Табиғаттың өзімен қолпашталған.

 

Мұнда жол да сөйлейді Абай болып,

Мұнда жар да сөйлейді Абай болып,

Мұнда су да жырлайды Абай болып,

Мұнда ну да жырлайды Абай болып.

 

Көріп пе едің дәл мұндай арай көрік,

Көзің әлде талды ма қарай беріп.

Таң да мұнда атады Абай болып,

Күн де  мұнда батады Абай болып.

 

Абай болып сайрайды бұлбұлдары,

Ашылады даланың сыр-мұңдары.

Абай болып гүлдейді қияқтары,

Қараған,т обылғысы, жыңғылдары.

 

Не іздесең де осында табылады,

Абайдың демі қалған шаңырағы.

Жидебайда кие бар, біле білсең,

Мәңгі өлмейтін ол-ақын аруағы.

 

3-орын Дәурен Тілеухан (Түркістан)

 

Автопортрет немесе Абай мүсініне мұң шағу

 

«Абай-Алаштың автопортреті…»

                              С.Ақсұңқарұлы

«Халықтар өзін тану үшін ақындарын дүниеге әкеледі…»

                                                                           (ескі нақыл)

             

«Қозғаған бір қайғысы жүз қайғысын»

Міз бақпай қалай тұрсың мұздай мүсін?..

Тасадан тас атқандар тірі екен ғой,

Соны ойлап сорым қайнап, сыздайды ішім.

 

Шағылған аз ба тауы табанды елдің,

Сен соның әрбіріне алаң болдың.

Шерленіп, сонша ғасыр Өзімді іздеп,

Сенделіп ақырында Саған келдім!..

 

Төбеден тауқымет боп көшкенде бұлт –

Саған келдік ақыры көп сенделіп.

Көрсетші, өзіміздің Жанымызды

Сенсіз де көрер болсақ «өстер ме едік?..»

 

Сүреңсіз сурет сонда сарғаяды –

Қазақ ол!

(сорлап жүрген оңбай әлі…)

Өзгерген ештеңе жоқ, бәрі орнында,

«қайғысыз, ойсыз күндер» сол баяғы.

 

Жүдеткен жан-жүйесін нала-мұңы,

Жүрекке сендік зардың тамады Уы.

…Дала бұл – ана болған дана Абайға

Қарауыл –

Рухымыздың қарауылы!

 

Кірпіктің ұшында тұр ақырғы сәт –

Жанымды жаралы ойлар жатыр тұсап.

«Мыңмен жалғыз алысып», мұңнан өлген

Қандай қиын сөз айту Ақын құсап!..

 

Өзгенің өлең-жырын талай күндеп,

Өздерін күннен жарық санайтын көп.

Сондайда «жылт еткеннің бәрі жұлдыз –

Абайы жоқ аспанды» аяймын кеп.

 

…Ескі мұңмен егіз қып зарымызды,

Есіл өмір есейтер әлі бізді.

Абай-айна, алдыңа тағы келдік,

Көрсетші енді тірілген Жанымызды!..

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар