Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Марфуға Бектемірова. Әже рухымен сырласу...

27.08.2025 749

Марфуға Бектемірова. Әже рухымен сырласу 12+

Марфуға Бектемірова. Әже рухымен сырласу - adebiportal.kz

Өмірден ерте озған таланатты ақын Марфуға Бектемірованың «Әже рухымен сырласу» поэма-диалогі мен топтама жырларын ұсынып отырмыз.

 

Ақ әже, өзің жоқсың, қиын маған,

Күнде дауыл, көк нөсер, құйын далам.

Сені соңғы көргенде есіңде ме?

Жаңа ғана асып ем жиырмадан.

 

Келем деп ең, оралып келмек едің,

Ертегіңмен, әніңмен тербемедің.

Сен кеткен соң жетім қап дүниеде,

Көрмегенім жоқ менің, көрмегенім.

 

Ақ әже, есіңде ме, жыр алмасы?

Тентегіңнің өлеңсіз жүре алмасы.

Содан бері қаншама көктем өтті,

Күздер келді, тауларды тұман басты.

 

Ақ әже, неге асықтың сонша неге,

Сен лайық жан ба едің қара жерге?

Сен кеткенде жанымды қинап қалған,

Жазылатын емес-ау жара менде.

 

Жылап қалғам, сол жасым құрғамады,

Мұң болып ақ қағазға жыр тамады.

Ақын дейді мені жұрт жүректердің,

Қасіретін, қайғысын жырлағалы.

 

Бұл өнерді мен кімнен сұрап алдым,

Өлең-жүрек өзімді сынаған мың.

Бақ дейді қонған оны, білем жалғыз,

Кейіпкері өзіңсің шығармамның.

 

О әже, алтын әже, мұңдасым-ай,

Өзіңмен қоштасқан күн мың ғасырдай.

Көктемдегі көк өзен секілденіп,

Кеудемдегі тұр әлі мұң басылмай.

 

Жанымды жаралады өмір менің,

Мен кеше бақытты едім, көңілді едім.

Өсегін тыңдай-тыңдай пенделердің,

Құлы боп өтер болдым көрінгеннің.

 

Басылмай тұр кеудеде мына боран,

Сан киік мертікті де, құлады ойдан.

Қызғанышты жан-жақтан топырлатқан,

Қатал тағдыр... оған да кінә қойман.

 

Менсіз өмір біреуге арман екен,

Кетер едім, ондай мекен бар ма екен?

Қара жердің иесі солар болса,

Мен құтылып олардан қайда кетем?

 

Сен болсаң ғой жанымда ақыл, данам,

Мейірімді аңсайтын ақын да адам.

Мен жыласам көзімнің жасын сүртіп,

Әр сөзімді тыңдап ап, мақұлдаған.

 

Өтірік пен өсекті жалғастырып,

Отыр әне, бір пенде малдас құрып.

Осындайлар біздерде құдай боп жүр,

Жалғандықты жанына жолдас қылып.

 

Кеудесінде тулаған жүрек емес,

Олар үшін жүрек боп жүреді елес.

Өнерлінің барлығы – оның жауы,

Кеудесінде қан майдан, кілең егес.

 

Тыңдап оны толқиды көп пенделер,

Жинап алар дәніңді, көктемде егер.

Құдайы жоқ дүние, бақыты оның,

Ажал да жоқ оларға көктен келер.

 

Мен көрдім қарғалардың талағанын,

Күлдірейді әлі күн алақаным.

Күлді олар, көз алмай қарап тұрды,

Отқа қақтап аққудың балапанын.

 

Мен көрдім қызғаныштың тістенгенін,

Түске енгенін қайтерсің, түске енгенін.

Қара түнде қарқылдап күлгендерін,

Жеңіс үшін уралап ішкендерін.

 

Мен көрдім, көрмегенім жақсы еді,

Қаралады қарғаның нақ сүйері.

Жер бетінде шашылып қалсын деді,

Аңға жем боп арманның ақ сүйегі.

 

Көрдім мен, бәрін көрдім, апажаным,

Соны ойлап жүдеп түнде жатады ақын.

Өлең қылып жаздым да ән шығардым,

Жетпегесін өзіңе жазған хатым.

ӘЖЕ РУХЫ (1 жыр):

- Алтыным-ай,

Сынығы ең асылдардың,

Маған жетті жүрекке жасырғаның.

Елесіммен жүрермін сені жебеп,

Қарашығым, мен сенің қасыңдамын.

 

Есікті аш,

Мен келем, түрегел де,

Қиналғанда, жырды ойлап жүдегенде.

Мен сені қалай ғана сүйемеймін,

Сен мені қаршадайдан сүйегенде.

 

Бұл өмір,

Саған аппақ жүрек берген,

Жасыңды сүртіп алам жібекпенен.

Бір күні өмір сені қуантады,

Дәл бүгін жылатқанмен, жүдеткенмен.

 

Кіршіксіз,

Пәк көңілің гүлдейді әлі,

Кетеді көп қайғының түндей мәні.

Жас жүрек дауылдардың соңында да,

Самалдың бар екенін білмейді әлі.

 

Өлең...

Сенің сүйгенің, өмірің де,

Сол үшін ыстық жасын төгілуде.

Сені қайдан түсінсін кей пенделер,

Өлең оқып көрмеген өмірінде.

 

Тылсым сыр бар,

Дауылдың тынғанында,

Адамға тән – қуану, мұңдану да.

Қателесу, қайғы да табылады,

Жүрген жанға жабығып жыр бағында.

 

Күйің бар,

Домбыраңда шертілмеген,

Тынады бұл ақынның серті немен?

Жұрт құсап күліп-ойнап жүрер едің,

Өнердің ауырмасаң дертіменен.

 

Қызым-ау,

Тұнып тұрған қайғы басың,

Жұлдызды да жарылқап ай қыласың.

Тау құсап жел мүжіген шөге берсең,

Алланың бергенінен айырыласың.

 

Басыңды,

Көтер жаным, көтерілгін,

Сен күлсең қайғы деген кетер ұғым.

Күндестен құтылам деп ойламағын,

Жайқалмай жатса егер көк егінің.

 

Сен әлі,

Жеткен жоқсың мұратыңа,

Бұл бақыт сені күтіп тұратын ба!

Екі бұлт... бірі қара, бірі аппақ,

Қарасы келе жатыр құлатуға.

 

Ал ағы,

Көтереді аспанға әлі,

Құйылар әділеттің тастан тағы.

Өсек пен сақтап сені күндестіктен,

Құтқарар айдын көлдің қасқалдағы.

 

Қызғаныш – пенделіктің пішіні ғой,

Алманың аяз сорған үсігі ғой.

Күні-түні ұйқы бермей күндестердің,

Оятар шекелерін ісіріп ой.

 

Қоям деп қарғанады талай надан,

Олардың ісін сезіп таяды арман.

Көргем мен оңдайлардың талайларын,

Қолына шоқпар ұстап, таяқ алған.

 

Біреудің көре алмаған болмысын да,

Тұрмайды бұл қызғаныш қол қысуға.

Олардың туғанынан қанында бар,

Найзасы мен жарылар бомбасы да.

 

Тар кеуде, пасық оймен туысқандар,

Демеймін өмір жолын дұрыс таңдар.

Ондайдан аулақ жүргін, жаным менің,

Бет жыртып, айғайласып, ұрыспаңдар.

 

 Айғайды жеңіс дейді надан мұндар,

Шошытар айғай салып бабаңды бар.

Өзіңді ақымақ қып жұрт алдында,

Өзі надан, сені де надан қылар.

 

Күн де әне, көкжиекке барады аунап,

Өлеңмен соғып мүсін, қала да орнат.

Жаныңның қиналғанын көріп күнде,

Адамдар қатыгез деп қалам ойлап.

 

Жақсыдан ғұмыр бойы үміттенгін,

Жөн емес үмітіңді үгіткенің.

Күндесің қарап тұрса зәрін шашып,

Жылама тек, қайсарлан, күліп келгін.

 

Күліп жүр ақпанда да, шілдеде де,

Ақылды ақымаққа сыр бере ме?

Қыл-қыбыр жабысқанмен қалады әлі,

Тазалық мәңгі қажет бұл денеге.

 

Түсірме көлеңкеңді тау үстінен,

Тау сынды қорғанышың намыс деген.

Жолбарыс жүре берсін жөнін біліп,

Шөп шайнап, суын ішіп, қамыс жеген.

 

Бұл өмір қас-қағымдай тұрсаң қарап,

Берсе де жете алмайсың мұнша қанат.

Өмірді өмір қылып аяласаң,

Жүрекке құйылады мың шапағат.

 

Жаныңды аяласын ардақты әнің,

Сеземін сан қайғыңда салмақ барын.

Сыртыңнан қарап тұрып егілемін,

Қызғаныш қайрағанда қайрақтарын.

 

Кеудеңді қасіретің кеміре ме?

Тып-тыныш ұйықтап жатыр мені деме.

Бір кеткен соң өмірге оралу жоқ,

Рұқсат жоқ тәңірден келуге де.

 

Бар еді сенде қалың орман-арман,

Жүзіңе қарап тұрып ойланар жан.

Сенімен бірге туып, бірге ойнаған,

Сенімен еріп талай тойға барған.

 

Сол арман көзге түсті, түсті көзге,

Қаны қайнап шараптан ішті кезбе.

Сен мүмкін мұнша қайғы шекпес едің,

Біз өмірде бар кезде, күшті кезде.

 

Қоштасып ерте кеттік, жетім еттік,

Жырың бар жазған онда жеті беттік.

Ақын ғып қойды сені енді өмір,

Ел жеткізіп, жырыңды жер түлетіп.

 

Қоштасып кеттік ерте, қарамадық,

Сен қалдың қара жерде жараланып.

Біз кеткенде бойжетіп қалған едің,

Бұл ғұмыр қалай жылдам барады ағып.

ӘЖЕ РУХЫ (2 жыр):

Алтыным,

Әлі күнге баладайсың,

Тазалықтан басқаны қаламайсың.

Мен біреуге жақпадым деп осынша,

Жүрегіңді несіне жаралайсың?

 

Ескертпегем,

Өмірдің сұмдықтарын,

Жүдеп қалды қапыда мұңлық жаның.

Құлыншақ ең далада еркін өскен,

Ұнамады біреуге құйғытқаның.

 

Надандар жүр,

Бастарын қатырып мың,

Құпиясын аша алмай ақындықтың.

Түнгі ұйқыдан шошынып оянады,

Жырың сенің мазалап, алып құтын.

 

Жыр осыған,

Қай жақтан құйылады,

Өлең толы тапты ма құмыраны?

Сен жұмбақ болған сайын көп жауларың,

Қасіретіңе, қайғыңа құнығады.

 

Пенде болсаң,

Сені ешкім көрмес еді,

Сен – көктемсің,

Сол көктем сел кешеді.

Сүйсе елің, түк те емес, не істейсің,

Бір надан талантыңа сенбесе енді.

 

Сенің мұңың,

Оларға – той, дабыра,

Пенделер ғой, мәз болар тойғанына.

Абай бол, жүрмесінші көп ойыншың,

От қойып қапияда орманыңа.

 

Жаным, соны,

Ұққайсың мәңгі атынан,

Сәбиім ең ғажайып таңда туған.

Тамұқ жақсы деп жүрме бір күндері,

Өмірдің жарқыраған жәннатынан.

 

Кеудеңдегі,

Өзенге таласқандар,

Өз жолынан өмірде адасқандар.

Қорғайтын ондайлардан отты жырды,

Халқың бар, өз елің бар, ақ аспан бар.

 

Тыңда, қызым,

Өткеннің сырын терең,

Тұяқ жоқ, бұл өмірде сүрінбеген.

Оңай деп ойлайсың ба өлең жазу,

Онан қиын өмірді сүру деген.

 

Есіңде ме...

Дұшпаның күлген бір кеш,

Бұл азаптан құтылу мүмкін емес.

Әлі күнге жаныңды азаптайды,

Сақ-сақ күлген сондағы сайтан елес.

 

Ұмытып,

Қас-қағымда барыңды сен,

Кеудеңде қақ айырылып жарылды сең.

Сен осынша күйзеліп, қайғырмас ең,

Екіжүзді жандардың барын білсең.

 

Кейде ойлайсың,

Өткеннің сабақ бәрі...

Олар «шөңге, шөп-шалам балақтағы».

Бекерге жазғырасың сен оларды,

Олар да құдайымның жаратқаны.

 

Дауысың,

Шұрқыраған жетті күнім,

Шертпегей тіршіліктің кекті күйін.

Біреулер құлағанын тәуір көрер,

Тұлпардың сезген кезде тектілігін.

 

Жапалақ,

Жалпылдайды жоқта жарық,

Көбелек күйіп кетер отқа барып.

Жырыңның түсірмегей ақ жалауын,

Нәзігім, өмірдегі жоққа налып.

 

Түн іші...

Тыңдап келем талай үнді,

Қара жер көкірегімді қақ айырды.

Жүруші ең сәби кезде өлең жаттап,

Жаныңнан бір шығармай Абайыңды.

 

Сол таңдар,

Әлі талай атар керім,

Сүйерсің туған жердің самал желін.

Балалық қиялыңмен ойнаушы едің,

Ұқсайды деп Абайға атам менің.

 

Сезесің бе...

Сен ұзақ жолда тұрсың,

Айыпты емес әйел ақын болғаны үшін.

Жаныңа медет болсын сенің мәңгі,

Ұлы Абай, бабаларың, қорғанышың.

АҚЫН МҰҢЫ (1 жыр):

Қайғылыны,

Қара бұлт қамалаған,

Оны қайдан түсінсін надан адам?

Жас еліктей тығылам өз үйіме,

Орманымдай өсектен паналаған.

 

Қызғанышқа,

Құзғынның тұнып көзі,

Мен тигем жоқ,

Ол маған құнықты өзі.

Бұл өмірден жүрген ем өлең іздеп,

Көңілдің де ол кезде тұнық кезі.

 

Не жаздым?

Білмей қойдым осыларға,

Улы сөзін тұрады тосып алда.

Өзі арам, өзгені арам көрер,

Соны көрген көңілдің хошы қайда?

 

Өзін қойып,

Баласын үйретеді,

Шерте берсең көңілден күй кетеді.

Сыртыңнан суық сөзді бұрқыратып,

Алдыңнан амандасып күнде өтеді.

 

Әттең, әттең,

Айттың не, айтпадың не,

 

Айтқаннан қызғаныштан қайтады не?

Көктем өтті, күз жетті, сол көкектер,

Қайта әніне салады, қайта әніне.

АҚЫН МҰҢЫ (2 жыр):

Талағаны,

Есімде талағаны...

Әлі күнге сыздайды жаралары.

 

Ұлымыз деп жүргендер кеуде керіп,

Ақиқатты айтуға жарамады.

Жас елік ем,

Жаутаңкөз даладағы,

Жүрегімді осылар жаралады.

 

Қолыңды бер...

Мен құздың ұшындамын...

Жанарыңнан досым-ау, ұшып жалын.

Жұрт алдында жер қылып бір өтуге,

Неге осынша көкем-ау, құшырландың.

Өздеріндей өсектің құзғыны емес,

Қарлығаш-жыр еді ғой ұшырғаным.

 

Ақын болу –

Алдымен азаматтық,

Таза тұрдық,

Дүние-ай, таза жаттық.

Осы үшін бетіңе бір түкіріп,

Жүректерді ауыртар жаза таптық.

Жыртығын да бұлдайтын жан беріспей,

Одан дағы дедім-ау, базар артық.

 

Өмір мені,

Оңдырмай сынағанын,

Сезіп тұрып ішімнен жылап алдым.

Сонда да өсе берді бір ақ қайың,

Құлы болмай қисайып құлағанның.

Ұя салды қарлығаш ұшына кеп,

О ғасырдан қалған бір мұнараның.

 

Мен жалғызбын,

Жалғызға оңай емес,

Қарға кеңес береді, қурай кеңес.

Ол жалғыздық – жанымның қасіреті,

Түн тыңдайды мұңымды, тыңдайды кеш.

Көз алдыма келеді ғажап өмір...

Ол өмірде бәрі де мұндай емес.

 

О, әже, жүрегімнің иесімен,

Шаршамасаң, сен енді өзің сөйлес.

 

ӘЖЕ РУХЫ (3 жыр):

Жаным, жаным,

Қайғыңды ұғармын мен,

Ақ жүрегің,

Алып шығар мұнар күннен.

Сенің көрген бейнетің,

Бар азабың,

Өтелмейді өмірде мың алтынмен.

 

Мұздай еді,

Жылдардың жасы неткен!

Аулақ болғай жалғызым, қасіреттен.

Сенен де бұрын,

Талай тарлан,

Аңдамай о дүниеге қамсыз кеткен.

 

Бұл қайғы,

Жас жүректі езгілейді,

Сырт көзге білдірмейді, сездірмейді.

Көшкен жұртқа қалдырған қайыршыдай,

Сені ертең қасірет көзге ілмейді.

 

Есіл ғұмыр өтеді,

Жылдар қымбат.

Таулар қалар, жасанды құздар құлап.

Ешкім де ер екен деп ескермейді,

Толағайдай өтсең де тауды арқалап.

 

Дидарың бар,

Дауылдың алар есін,

Шын ақынның артында қалар есім.

Аяйсың ба, солардың ала алмаған,

Атақтары бар болса ала берсін.

 

Көрерсің,

Қайда қарай ұшқандарын,

Күйдірер қызғаныштай қызған жалын.

Сен бірақ оларды тек қызғанбағын,

Хан болып кетсе дағы дұшпандарың.

 

Сонда олар,

Аузына салар тығын,

Ақындықтан сезеді хан артығын.

Пенделермен айтыссаң, мен білмеймін,

Сенің онда олардан нең артығың?

 

Тұру керек,

Ақындық биіктерде,

Биіктерден қол бұлғап сүйікті елге.

Жүрер сонда қолдары жетпей саған,

Қызғаныштан түк шықпай, күйіп пенде.

 

Өмір, өлең...

Бәрі де басыңа сын,

Сол үшін ағарттық қой ғасыр басын.

Қайғырмашы, әжемнен айырылдым деп,

Сен менің қошақаным, қасымдасың.

 

Сені әлдилеп,

Сүйетін самалың бар,

Сен – анасың,

Балаң бар, базарын бар.

Сен керексің халқыңа, күллі еліңе,

Сыйға тартар өлеңің, жазарың бар.

Қош қызым, қош...

***

Қош әже, жаным,

Қош, қош, қ...о...ш!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар