Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Еламан Хасенұлы: Әдебиет – ардың ісі...

10.07.2015 5012

Еламан Хасенұлы: Әдебиет – ардың ісі

Еламан Хасенұлы: Әдебиет – ардың ісі - adebiportal.kz


  

10155801_1413377502264157_3630314487015912938_n.jpg



Тоқтарбайдың Елдосына жауап


 

Қазақ әдебиеті – қазақтың жаны, жүрегі, рухы. Қазақтың сөзі  қазақтың өзі. Бұл әлімсақтан белгілі. Абай айтқандайын «алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің» бір-бірін қуып толқып, тулап жатуы – әдебиет «айдынындағы» әдеби процесс деуге саятын секілді. Өр досым Ел-аға (менен екі ай үлкендігің бар ғой), әдеби хатыңда: «бүгін саған арнайы хат жазу себебім: қатарластарымыздың шығармашылық әлеуеті хақында сөз қозғау, пікірлесу», – депсің. Атқа қатар қонған біздің үзеңгілес достарымыз болашақта қазақ әдебиетінің сөзін сөйлейді деп ойлаймын және сенемін.


Ел-аға, «Үркер» журналына шыққан Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті жайлы мақалаңда «өзіміз іргетасын көтерер үшінші онжылдықты» «жылымық күннің әдебиеті» деп атапсың. Және сол мақалаңнан үзінді келтіре кетсем: «...Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығының кіндігін кескендер де бар. Олар 2011 жылдан бері әдеби аренаға танылып қалған жасөрендер.

Атап айтсақ, Мерген Тоқсанбай, Мақпал Сембай, Мақпал Төребек, Құндыз Жұбаева, Ботакөз Бексары, Салтанат Қожа, Шерхан Талап, Айбол Исламғалиев, Асылан Тілегенов, Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбекұлы, Манас Қайыртайұлы, Әлішер Әлімжан, Еламан Хасенұлы, Марғұлан Ақан, Тұрсынбек Башар, Жандарбек Жұмағұлов, Мейіржан Жылқыбай, Серік Қантаев, Алпамыс Файзолла, Жанайдар Болатбекұлы, Жәнібек Қойтай, Ләззат Мақаш, Нұргүл Қалимолда, Дина Бөкебай секілді жас қалам иелері. Бұл тізім мұнымен таусылмайды. Әлі де жалғасады. Жалғаса бермек... «Хияметте басталған, ахиретте нүктесі қойылады» (Айбек Қалиев) дегендей, біздің бағзы заманнан басталған әдебиетіміздің өміршең боларын осындай жас толқындардың жыл сайынғы қаулап келіп жатқан лектерінен байқаймыз...»  


Қазіргі қазақ әдебиеті өкілдерін буын-буынға бөліп, атын атап, түсін түстеп берген осынау мақаланың жүгі ауыр деп білемін. Тиісінше, мақала авторы ретінде сенің мойыныңа түсер салмақ та жеңіл емес, әрине. Ендігі кезекте, оқырман қауым сенен аты аталған жастар не себепті осы тізімнен орын алып отырғанын дәлелдейтін, әр автордың шығармашылықтағы аяқ алысы хақындағы жеке-жеке сыни мақалаларды күтеді. Асыға күтеді.


«Шабыт» фестиваліне барғанымызда көрдік: қазір қалам ұстап жүрген жастардың қарасы мол. Өзің айтқан «жылымық күннің» 150-ге тарта жас ақыны бар екен. Бірақ барлығына уақыт  елеуіш, уақыт  таразы екені тағы ақиқат. Уақыттың елеуішінен сау етіп түсіп кетпес үшін ірі болуымыз, жазғанымыз ауқымды болуы міндет біз үшін. Тәңір қалам берді қолымызға, жаза алмасақ бізге серт!


Ел-аға, өзің білетіндей, жуырда ғана күллі қазақ жұртшылығын қуантып «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының он томдығы оқырманға жол тартты. Х томға біз де еніппіз, бір топ болып. Абыройымыз аспандады, мәртебеміз өсті... Дегенмен де бұл біз үшін өте зор жауапкершілік... Осы орайда қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес деп 2000 жылы Ұлықбек Есдәулеттің құрастыруымен жалғанның жарығына шыққан «Жас ақындар жырының антологиясын» атап өткім келеді. Сол уақытта қазіргі біздің «буынның» жасындағы жастар, Темірхан ағамыз «алтынкөпірліктер» деп атаған адуынды буынның осы күндері, қазіргі қазақ әдебиетінің ажырамас бөлігіне айналуы Ұлағаңның «тұлпарды құлынынан танығаны» емес пе? Осыншалық жүгі бар тағы бір жинақ 2012-жылы  шыққан «Жаңа ғасыр жырлайды» (Серік Сағынтай ағамыздың құрастыруымен. Редакторы Әмірхан Балқыбек) атты жас ақындар антологиясы. Серік аға бізге де сенім артыпты.


Тағы бер атап өтерлігі, Қарағанды қаласындағы бір топ әдебиет жанашырларының мұрындық болуымен былтырғы жылы республикалық «Қасым» сериясымен жас ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруды қолға алынды. Серия аясында қарқаралылық Аян Мейраштың «Саған арнадым», семейлік Арман Шеризатовтың «Тәңірқұт» жинақтары жарық көрді. Қанаттас достарымыздың  тырнақалды туындылары сенің ғана емес, өзге де сыншылардың назарына ілігуі – біздің буынға жанашырлық болар еді. Осы орайда айта кетерлігі еліміздің қай өңірі болсын, Қарағандыдағы әдеби ортадан үйренері мол. Бізді де талаптандырған һәм қанаттандырған осы қала.


Ел-аға, біздің буын әдебиетке елеусіз ғана келген буын. Оны өзің де білесің. Біздің буын қазақ әдебиетінің қос қанатындай болып кеткен  Қадыр мен Тұманбай ақындардың дүниеден өткен шағында келген буын. Сол шақта Шерхан Алматыға:


 «...Арман қалам-ай, жағама жармаса берме,

Ақжайық маған: Қадырды жоқтатпа», – деді»,  деп келді. Біз болсақ, 


«Жаратқан Хақтың әмірі берік.

Жанымды берем!

Тамыры кеуіп,

Қадырдан қалған қара өлеңімнің

қалмауы үшін қадірі кеміп»,–  деп едік.

«Теңіз – теңіз ойларда тербелдім көп,

Ел көргім кеп талпындым, жер көргім кеп.

– Өлең қайда? – дедім мен Алматыға,

Тоқаш көкем жолықты:

– Ол – менмін, – деп,

Күтпеген жерден...», – деп Есенғали көкем жырлағандай, біз де алып-ұшып жүрген шақта Әмірхан ағамыз жолықты. Күтпенген жерден. Жалпы, Әмір аға біз үшін үлкен мектеп болды. Азаматтығымен, ақындығымен, білімімен, бітім-болмысымен. Сол «рухани мектептен» алған тәліміз  біздің өмірлік жолнұсқаушымыз. Аяулы ағамыз жайлы біздің жігіттердің қай-қайсысы болмасын, тебіреніп айтып бере алады.


Біз Есенин сияқты жүргіміз келді. Думандатып, дүбірлетіп, дүрілдетіп. Дәуітәлі көкем 1972 жылы ҚазМУ-де өткен жыр кешінде айтқан: «Жақында мен «Жазушы» баспасының поэзия редакциясына барып едім- есігі тарс жабық екен. Әнеки, алдымдағы поэзияның есігі жабық! Поэзияға мені ешкім кіргізер емес, жолатқысы да келмейтін секілді. Содан, босқа келдім бе деп, сырттан темір лом әкеліп, поэзияның есігін бұзып кірсем- қақ төрде Қадыр ағам малдас құрып отыр екен»,- деген бір әңгіме еске түсіп отыр, Ел-аға. Бірақ біздің еркелігімізді көтерер қоғам емес еді бұл қоғам.


Қазақ әдебиетіндегі әр буынның өз «өларасы» болатыны ақиқат болса, біздің буын әдебиет есігінің тұтқасына қол созған уақыт та сондай-тұғын. 

Ел-аға, ал енді сенің сауалдарыңа келер болсақ: «Біз не істеп жүрміз?»,  депсің. Дұрысы: «Біз не іздеп жүрміз?» болар. Біз өлең іздеп жүрміз. Өзімізді іздеп жүрміз. Біздің буын қалыптасу кезеңінде. Шындығын айту керек, бізге берілген уақыт-алдағы 5-10 жыл. Осы уақыт ішінде сол іздеп жүргенімізді тауып алуымыз міндет. Егер осы уақытқа дейін мақталған болсақ, атымыз аталып, сенім білдірілген болса, ол бізге берілген аванс.»

«Кімді оқып жүрміз?»

«Алдымен өзімнен бастар болсам, Аманхан ағамыздың айтуымен, өмірден ерте кеткен талантты ақын Өмірзақ Қожамұратовтың «Ой кешу» кітабын оқып бітірдім.

«Батыр ақын болмаса,

Батырлыққа мін емес.

Ақын батыр болмаса,

Көрген күні күн емес», – дейді Өмірзақ ақын. Ойландырады. Ал біздің буын оқудан қол үзген емес деп сеніммен айта аламын. Егер осы бастан оқудан ішіміз пысса, ертеңгі күні не боларын білмеймін».

 «Бүгінгі әдеби сын неге қауқарсыз?»

«Жақында әлеуметті желіден Серік Ақсұңқарұлының қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлы жайлы пікіріне бүркеншек атпен жолданған «коментарийге» көзім түсіп қалды, жағамды ұстадым. Былапыт сөздер. Бірақ содан  Серік ағамыздың да, Жанаттың да ақындық, азаматтық абыройы түсіп кетті демеймін. Мықты болса, соларың жасырынбай, орынды сын мен пікір білдірер болса, шіркін. Осындай жайт ғаламтор беттерінде жиі қайталанатын жайт болып тұр, қазіргі кезде. Сонымен қоса, сыни мақалалар автордың тек шығармашылығы жайлы жазылып, ондыққа  дөп тиетіндей болса, бұл қалам иесін өшіру емес өсіру емес пе? Кезіндегі Жарасқан Әбдіраштың Қадыр Мырзалиевті сойып сынаған мақалалары бұған дәлел бола алар.


Тағы бір айта кетер мәселе- көркемдік кеңестің жоқтығы. Кезінде болды деп естиміз. Қазіргі уақытта Қозыбай Құрман, Бағашар Тұрсынбайұлы мен Алмас Нүсіп жазып жүреген мақалалардан басқа жастар шығармашылығы жайлы татымды сын оқымаппын. Ағаларымыздың да жанайқайы естіліп жатады. Әдеби ахуал жыл қорытындысында бір талданады. Біздіңше, ол аздық етеді. Көркемдік кеңес құрып, бүгінгі қазақ сынын бір жүйеге келтіру керек. Кез келген жаңа шығарма дүниеге келген сәттен бастап, ыстығы басылмай жатып-ақ талданып, сараланып, тек бір ғана пікір емес, аузы дуалы ағаларымызбен қатар жас талапкер сыншылар да өз пікірлерін ортаға салып отырса. Тіпті, тек сыни мақалалар топтастылылатын журнал шығарылса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ әдбиеті соған зәру.


Қазіргі жастар арасында экспериментке барып, жаңашылдықпен жыр жазып жүргендер аз емес. Бұның барлығы бізге керек. Ең бастысы, қазақы иіс, қазақы табиғат, қазақы дәстүр сақталса болғаны. Шынын айту керек, бұл күндері өлеңді шоуға айналдырып жүргендер аз емес. Ондайлардан Құдай сақтасын. Біз айтып отырған Көркемдік кеңестің міндеті – сол шығармаларға дер кезінде өз бағасын беру.»

 «Аға буын өзінен кейінгі буынды біледі ме?»

«Біледі, әрине. Аға буынды әдебиеттің болашағы алаңдатпайды дегенге  сенбеймін өз басым. Дәстүр жалғастығы, рухани сабақтастық үзілмеуі керек. Сондықтан да аға буын өзінен кейінгі жастарға, қашанда, сеніммен және зор талаппен қараған. Ашып айта бермесе де, сыртынан бақылап жүретіндері белгілі. Семейдегі бүтін бір ортаны ұйытып отырған- Тыныштықбек ағаны жастардың шығармашылығына немқұрайлы қарайды деу қателік болар. Тіпті ФБ-да жастарға жазған пікірлерінде «АҒА» деп сөйілеуінің өзі көңіл қуантады. Жоғарыда атап өткен Қарағандыдағы әдеби орта Серік ағамызға қаншалықты қарыздар болса, Павлодар Арман Қаниге, Ақтөбе Ертай Ашықбаев пен Мейірхан Ақдәулетке, Маңғыстау Светқали ағамызға қарыздар деп ойлаймыз. Алматыда Аманхан Әлімұлы ағамыз бар. Жақсы шығарма оқыса, пікір білдіруге асығып тұрады. Жастардың шығармашылығына бірден-бір жанашыр адам осы кісі.»

«Бүгінгі қазақтың ақын қыздарын неге Фаризаның көшірмесі дейді?»

«Ел-аға, мен өлең оқысам, мынаны қыз жазыпты, мынаны жігіт жазыпты деп, бөлмеймін. Жақсы өлең болса, көңілімдегіні дөп басып таба алса, сүйсініп отырамын. Мен үшін, Періштеде жыныс болмайтыны секілді, ақында да әйел ақын, еркек ақын деген түсінік жоқ. Тек өлең ғана бар.»

«Жастар шығармашылығы дегенді қалай түсінесің?»

«Ел-аға, осы күндері кім шығармашылықпен айналыспай жатыр. Бірақ оның барлығы бірдей шығармашылық па? Жоқ. Әуелі, шығармашылықтың өзін түсініп алуымыз қажет. Ұлтқа, әдебиетке, мәдениетке, өнерге, руханиятқа, тамшыдай болса да үлес қоса алса, ол шығармашылық. Әйтпесе «кс-кс чк-чк пуп-пуп ааа»,   деп жүргендерде қайдағы шығармашылық. Сенің сұрап отырғаның әдебиеттегі жастардың шығармашылығы жайлы ғой. Меніңше, бізге дейінгі «алдыңғы толқын» ағалардың ізін лайықты жалғау, сол ағалардың талабына лайықты жауап беру – жастар шығармашылығы.»  


«Осының бәріне ыждахаттылықпен жауап берерсің», – деген сеніміңнен шықтым-ау деймін, Ел-аға. Егер шықпасам, кешірерсің. Бұл тек менің өз ойым. Келісіп-келіспеу әркімнің өз ықтиярында. Досыңа осындай мүмкіндік бергеніңе рахмет саған.

Ал енді, Мейіржан Жылқыбай деген жігітке келер болсақ, мен оны жақсы танимын. «Қырық бірінші өтіріктің соңы», «Саяқ»  әңгімелерін оқыдым. Жақсы әсер алдым. Мейіржан жайлы жазған пікіріңе толық қосыламын. Және де Салтанат Мінайхан, Досхан Жылқыбай сынды замандастарымыздың шығармашылығына да сенің пікіріңді білгім келеді. Алдын-ала рахмет!


«Сен маған өзіміздің тұстастарымыздың арасынан кімнің шығармашылығын ұялмай айтатын мерейіміз дей аласың? Осы сұрақ мені жиі мазалап жүр»

«Біздің тұстастарымыздың қай-қайсысының болсын өлең-жырларынан дәмді тамшыларды татуға болады. Ел-аға, өзің келтірген тізімге:


«...Қараңғы аспан, мазам қашқан тамұқ түн,

Сен  мүлгуден, мен  қалғудан жалықтым.

Кермек ойлар түн түнекті жамылып,

Келетінін жаңа ұқтым...»,   деп жырлайтын Абылайхан Жұмашевты,


«Көк қаршыға  көңіл самғап,

О, қайда?!

Жүрегіңнің қалауына жоқ айла!

Көп кітаптың ортасында тұрдың сен,

Қойбүлдірген іздегендей тоғайда.

 Не іздедің?   деп сұрап ем,

(Төзім кем)

 Сезім жайлы кітап,  дедің.

Сезінгем...

Сезім жайлы шығарманы ең ұлы,

          Қалай ғана байқамадың көзімнен?» (Кітапханада қауышқан қыз),   деп жырлайтын Айдын Байысты, жүрек сырын:


«...Ақымық қой, ақымақтан жерідім,

А,дариға! Ай,дариға, көңілім.

Аз бақытты, аз уақытты кешірдім

Ақын болып кетемін деп ең ұлы!

Сосын,сосын сүйгенім бар – Құландық,

Бойында оның бір қылық жоқ ұнарлық.

Біз бақытты бола алмаспыз,- деді де

Кетіп қалды еркіндігін сыңар ғып.

...Тізе берсем бола қоймас өлшемі,

Тізе берсем көтермеспін еңсені.

Шексіз мұңға алып кетем бір күні,

Шексіз бақыт құшағынан мен сені.

Шексіз сезім аралына мен сені...» (Парадокс),   деп өретін Нұрболат Жолдасбекті,


«Көңіл ғой мына толқитын құзда,

Күрсініп әр-бір елеңге...

Абайды сүйіп оқитын қызға,

Аянның жыры деген не?

Тәйірі мұнша ұнатар ма едім,

Дір ете қалып жүрегім.

Тағдырдан сені сұратар едім,

Қалса егер соңғы тілегім.

Татып үлгерген тәтті удың бәрін,

Ең нәзік сырды еле сен.

Шайтанкөлдегі аққудың әнін,

Көшіріп алдың демесең...

Сезімнің бердің сен маған гүлін,

Онсыз көктемің солғын деп.

Абайдан асып не жазам, Күнім,

Абайсыз ғашық болдым деп», – дейтін Аян Мейрашты,


«Алакеуім. Сейілді қараң аумақ,

Алтын нұрға алғандай далам аунап.

Алмадайын көрініп көкжиектен,

Алқызыл күн келеді шала лаулап.

Көрінді күн жамылып нұр шапанын

Көркем деп ойлаппын ба мұнша таңым?!

Көрпесін серпіп жердің періштелер,

Көктен төмен шашып жүр күн шапағын...

...Таңғы самал не деген тартымды еді,

Тандырды естен өпкен сол салқын лебі.

Таңдандырып таңымның табиғаты-ай,

Таңып койды сезімге бәлкім мені»,  деп жырлайтын Наурызбек Саршаны,


«...Жел тұрмаса желбіремес жалаудай,

Тұтанбаса тырп етпейтін алаудай.

Өлер алды қабыл емес қалаудай,

Баяны жоқ бұ жалған.

Бір оянсам жылқы екен,

Бір оянсам түлкі екен.

Олай тартсаң күлкі етем,

Бұлай тартсаң бұрқ етем.

Соңымдағы үйірді,

Қайда апарып жұрт етем?!»,   деп толғайтын Бекзат Смадиярды,


«...Мен ешқашан Есенин бола алмаймын,

Бола алмас ед Есенин Ерболаттай»,  дейтін Ерболат Қуатбекті және

«Уақыт емші, сенгішім, жақұт-мұңға,

Ол да сырқат, жаралы бақыты көп.

Бізді қойшы ей, біз түгіл уақыттың да,

Өзін-өзі емдеуге уақыты жоқ.

 

Бірі ұмытса біреуі ұмыта алмай,

Тік сөйлейді дәуірлер көлденеңнен.

От жанады  өз-өзін жылыта алмай,

Ағын судың талайы шөлдеп өлген...»,   деп өзгеше өрнегімен ерекшеленген Нұржан Қадірәлі  сынды тұстастарымды қосқым келеді. Және де, осындай нарық заманында әдебиет үшін төрт жылын құрбан еткен, болмысымен  өлең Әріби-Әрібек Өр Алтайды атағым келеді.


Ел-аға, қазіргі қазақ баспасөзінің хал-аһуалы жайлы айтқаның, тебірене айтқаның өте орынды. Не деп жауап берерімді білмей отырмын. Мүмкін осы әдеби хатыңды оқыған жастар сенің жан шырылыңды түсініп, сен айтқан мәселе төңірегінде ойланар. Ойланып қана қоймай қолға алар. Қолға алармыз. Алармыз емес, аламыз. Мен де өз-өзімді кінәлі сезініп отырмын. Мүлдем ойланып, бас қатырмағаныма. Шынымен де, қазақ халқының рухының, тілінің, ділінің қорғаны болып тұрған басылымдарымыздың «ғұмыры қысқа болу» қаупі баршамызды қынжылтқанымен, нақты жанашырлық таныта алмауымыз, танытпауымыз  азаматтығымызға сын екенін сезсекші. Ішінде іліп алар дәнеңе де жоқ, жарқ-жұрқ суреттерге толы, атауы да мазмұны да бірдей талай журналдарды білеміз. Солар өтімді. Солар оқырман талабына жауап беріп жүр-мыс.


Ел-аға, қазақ әдебиетінің батыс не шығыс, болмаса орыс әдебиетінен ешқандай кемшілігі жоқ, асып түспесе. Біздің ұлттық жауһарларымыздың әлем халқын таң қалдырарына сенімдімін. Серік Сағынтайдың: қазақ халық ертегілерін кино қылып түсірсе, Голливуд та, Болливуд та жолда қалады,  дегені бар еді. Сол секілді әдебиеттің озық үлгілерін тудырған классик жазушыларымыздың шығармалары шет елге жол тартса, Еуропа аузын ашып қалады. Бірақ... Бәрін осы бірақ құртады.  Әлемдік деңгейдегі кәсіби аудармашылардың жоқтыға қолбайлау болып отыр емес пе? Орыстың, болмаса ағылшынның ортаңқол жазушысы аударған біздің классиктеріміздің классиккалық шығармалары бейшараның күйін кешіп қалады. Аударылмады емес, аударылды. Мүмкін біздің қазақ тіліміздің құдіреттілігі сонда шығар. Есесіне кез-келген шетел жазушысының шығармасы қазақша сөйлеп кете алады. «Қонақжай қазақтың шетелдіктерге оюлы шапанын жапқанда құлпырып шыға кететіні» секілді біздің аудармашылар да өзге тілдегі шығармаларды ажарландырып жібереді. Кәсіби тәржімашаларды даярлайтын орталықтар ашып, білікті мамандарды жұмысқа тарту қажет. Осы күндері ағылшын тілін үйрететін курстар қаптап кетті. Дұрыс та шығар. Дегенмен олар тек ауызекі сөйлесуге ғана үйрететін тәрізді. Әдеби сауаттылық керек қой  Шекспирді түпнұсқадан оқу үшін.


Ал Нобель сыйлығына келер болсақ, ол өзі сыйлық па? Осы кезге дейін сол сыйлықты кім алыпты, кім алмапты деп ойланбаппын да, ізденбеппін де. Әйтеуір бір білетінім жапондық Акутагава Рюнэскоға, орыстан Лев Толстой, Максим Горький, Анна Ахматоваларға бұл сыйлықтардың берілмегені. Есесіне, Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаятында» жазылғандай: олардың талантынан аса алмайтын Александр Солженицын мен  Иосиф Бродский лауреат атанған. Ал олардың қалай лауреат атанғандығын біз жақын арада біле алмаймыз. Өйткені Швед академиясының мұрағатында жатқан Нобель сыйлығының материалдарымен сыйлық туралы шешім шыққан соң 50 жыл өткеннен кейін ғана танысуға болады». Меніңше, осы сыйлықтың өз саясаты, өз мақсат бар секілді. Бірақ  бір жақсы жағы болатын болса, ол танымалдылық. Басқасын көріп тұрған жоқпын.


Бізде Нобелден де құнды сыйлық бар. Ол ата-бабаларымыздан қалған рухани мұра. Сол мұраға қасық қанымыз қалғанша күресе алсақ, сол абырой. Жер бетінен қаншама ұлттар мен ұлыстар жойылып кетті. Солармен бірге қаншама мұра жоғалды. Міне бас қатыратын мәселе. Тіліміз бен ділімізді сақтау, рухымызды қорғау- бабаларымыздың алдындағы борышымыз. Ал қазақ әдебиетінің өлшемі Нобель сыйлығы емес. Бізге жүктелген міндет: «Әдебиет  ардың ісі» деген сөзге лайықты жауап беру.


Ел-аға, жанашырлығың үшін, бүгінгі күніміз бен болашағымызға алаң көңілің үшін рахмет!


Еламан Хасенұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар