Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Елестеді қым-қуыт.. қамалғандар...

31.05.2019 5063

Елестеді қым-қуыт.. қамалғандар

Елестеді қым-қуыт.. қамалғандар - adebiportal.kz

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.Атаулы күн 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл дата еліміз үшін айрықша маңызға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде қазақ елінің көрнекті ұлдары – Алаш арыстары да болған. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық әлі ата-баба қасіретін ұмытпайды. Осыған орай, елімізге танымал ақындардың атаулы күнге арналған өлеңдерін ұсынамыз.

АҚТОҚТЫ – 37


Фатима Ғабитованың əруағына бағыштадым.

Есе алды да ессіздік пен есірік,
Көз жасы ақты – көктің түбі тесіліп.
Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте
Шырылдады бұрымдары кесіліп!

Керуен бастап кердендеген кесірмен –
Жендет біткен келеді ойнап жесірмен:
АЛЖИР дейтін Алапаттың ішінде –
Ақтоқтылар – бұрымдары кесілген!

Көз алдымда тікірейген тұлымы,
Құлағымда шыр-шыр еткен тұр үні.
...1956.
Келе жатыр кімді іздеп –
Ақтоқтылар – түсіп қалған бұрымы?!!

Ақандар жоқ.
Алаш та – жоқ!
Туыс та...
Кімдер оны қарсы алады гүл ұстап?
Алда – тұман.
Артта – жендет қалды ғой,
Арулардың бұрымдарын уыстап!

Тозаң басқан том-том істі ақтарып,
Мен де қалдым шежіре боп қатталып.
...Бұрымдарын тастап Сұмның қолына,
Ақтоқтылар бара жатыр -
Аттанып!

Хош, Арулар!
Мен де кетем жақында,
Мәңгі ғұмыр жазылмаған ақынға:
Адамзатқа айтып кеттім,
Кесілген
Арулардың бұрымдары хақында...

Ақтоқтылар! Қос қолымды ал –
Қош болыңдар!!!

Серік Ақсұңқарұлы

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ КЕСЕНЕСІНДЕ


Ақпан соңы.

Астана.

Кесенеде —

Арқа аязы есіп тұр еселене.

Сәті түсті көрудің,

Дәл сол күнге

Жазылыпты зиярат пешенеме.

Азынаса ақ түтек боран сыртта,

Көк сүңгі мұз қатырып қас пен мұртқа.

Ішімде де уілдеп ысқырып тұр,

Қалшылдатқан қарлы ызғар ала бұртпа…

…Тызылдатқан бет қару жайына қап,

Тән тоңуы сырттағы айығар-ақ,

Жан тоңуын қайтерсің ішкі өзекте?!

Жүргізіп пе ойға оңай Айы санақ?..

…Тізбектелді көз алдан қызыл қырғын,

Атқан, асқан, сабаған, қуғын, сүргін…

…Тауды, тасты паналап, сай сағалап,

Аш қылжиған өліктер… құмай, құзғын…

Елестеді қым-қуыт… қамалғандар,

Тіс, жақ қирап, бет ісіп қабарғандар.

Еткен еңбек, төккен тер желге ұшып,

Пәле, жала, қиянат жамалғандар.

Елестеді Сібірге айдалғандар,

Өкінішпен бармағы шайналғандар.

Сенген Көсем семдіріп, кеш те болса,

Ыза-кегі бойында қайралғандар!

Таусылар ма шұбырған нөпір тізбек,

Өте берді көз алдан мыңдап, жүздеп…

…Қасат қарға малтығып соларға ердім,

Арасынан Атамды, Көкемді іздеп…

…Әкетіпті жетелеп қиял мені,

Тартты етектен баламның үйелмені:

Тайғақ жолда жығылмай, нық басуға,

Мен екенмін немерем сүйенгені…

Естеу Нүсіпбеков

ҚАРАҒАНДЫ ЛАГЕРІ

Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,

Күнде дабыр бұл тірлік

күнде дауыл.

Алаш жұрты

азаптың аралы ма –

Қарағанды лагері

Бұл не лагерь?..

Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,

деп ойлама ерке қыз,

қаңғыбас ұл!

Сен де міндің келместің кемесіне –

Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!

Ғалам да алаң өткенге

санам да алаң,

Көңіл айтсын адамзат

саған, далам!

Қарағанды лагері

қара түнек –

Қарағанның түбінде қараңдаған.

Қалмаса да зұлымдық мәңгі жасап,

Қиямет-қайым көргенім

қанды қасап.

Жиырмасыншы ғасыр сол

алшаң басқан –

ГУЛАГ архипелагын алдына сап.

Қарағанды,

Қазақтың қара нары,

Самал әні сарнайды

саған әлі.

Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп -

Сталиннің өріп жүр балалары.

Арғымағым,

арда едім,

арыдым де.

Қадірлімнің таба алмай қабірін де.

Сталиннің вагоны музейде тұр –

Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.

Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,

Сүйегімді сол сауал кеміреді.

Қарағанды лагері –

қаралы өлең

Есіл,

Нұра егізім егіледі.

Зар айтады,

қан құсып көкірегі,

Жетім желге қосылып жетігені.

«Жалаңашкөл»

«Алжир» боп

шашын жайып –

«Степлагы» Кеңгірде өкіреді.

Басы бардың бақ тұрмас бар баяны,

Арулардың арман боп ардай әні.

Көктіңкөлі қос қолын көкке жайса,

Сарысудың өзені сарғаяды.

Ірің толған ібіліс іреңінде,

Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірде.

Қарағанды лагері – қара таңба

Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде.

Кешіріңдер,

Жан аға,

ақ аналар,

Сағаналар сөйлесін бағаналар.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы

Қарағанды лагері – қара орамал.

Ғалым Жайлыбай

ҚАСІРЕТ ҚАҚПАСЫ АЛЖИР

Уа, Қасірет қақпасы!
Зұлмат, нәубет, сұмдық болған
Біздің Ақмол жақта осы?
Ол қасірет Елорданың
тап қасы!


Ол, Құдірет, «Алжир» атты Қасіреттің қақпасы!

Енді зұлмат зұлымдықтар тоқтасын!
Елің, жерің тарихыңмен ұлы дүние мәңгілік
Мадақасын, ардақтасын, ұмытпасын, ақтасын!
Қайғы керген құдіретті қасыреттің қақпасын!

Табандарын қамыс тіліп, намыс тұнып, шоқ қарып,
Өткен күннің парақтарын ашып тұрмын ақтарып..
Зар илеген зар заманның аналары-асылым.
Дұға тілеп өтіңдерші маңайына тоқталып.

Алжир – кие, қасиетті барлық дүние төрінен.
Мен несіне қазақ болып бір келуге ерінем.
Мұнда Алаштың ұлт көсемі Шоқай Мұстафасының
Топырағы жеткізілген Ұлы Берлин жерінен.

Мұнда жары Гүлбаһрамы Сәкен ақын серінің,
Жасы тамған қайран ару ұмытады оны кім?
Көкте бұлттың сел боп аққан көз жасындай мөлт еткен
Алжир – мұра, Алжир – тарих , құдіретті кең ұғым!!

О,қасірет дүниеде ұмтылмайтын қайғысың,
Шағылысып жарқырайды маңдайыңда ай- мүсін.
Аңсап өтіп бостандығын,тыныштығын әлемнің
Талай ана алақанын көкке талмай жайды шын.

Шерлі дала, мұңды зарлы күй тұнған.
Саған қайғы қасіретті соншалықты кім қиған?
Бар әлемнің жиып әкеп сұмдығын
Мына сенің кеудеңе әкеп сыйдырған.

Сары Арқада сартап болып,жел соғады кемсеңдеп.
Түсе берген талай жерде қиянаттан еңсем көп.
Ана-құдірет, ана деген қасиеттің төресі
Жүрмін соның бақытына ие болып көрсем деп.

Енді аналар жыламасын ұлы дүние төрінде.
Соңғы қақпа қасіреттің қалсын осы жерімде
Ана рухы асқақтайды балалардың бағына!
Әлем күліп оянады көресіңдер,
тегінде.!!

Сәнді Ақылай

ӘЛИХАННЫҢ ТҮЙМЕСІ

Есімі көңіліме мұң тізді бір,

Таңдағы шолпан яки күндізгі нұр.

Жалт етіп жасын шашқан жалқын сәуле

Жарқ етіп жанып сөнген жұлдыз ғұмыр.

Көктегі көк нұрлардың санатында,

Құсының маржан жанған қанатында.

Арманын Алашының алып ұшқан

Әлихан Бөкейханов – дара тұлға!

Басымдау болса-дағы соры бақтан,

Етеді қазақ жұрты оны мақтан.

Арайын Ақтоғайдың аялаған,

Толқыны Тоқырауынның толып аққан.

Ұрпағы байтағында өніп-өсіп,

Адамның кіндік кескен жері – бесік.

Төреден тегін тартқан төредей ұл

Қазақты сүйген екен өліп-өшіп.

Болса да сол арыстың қысқа күні,

Келеді құлағыма құстар үні.

«Әр тасым түйме болсын өңіріме» -

Осы еді Әлиханның ұстанымы.

Жетер деп: Тақ та маған, бақ та маған,

Ат жалын тартып мінген атпал ағам.

Арманын арай таңға шомылдырып,

Даласын бабасының баққа ораған.

Алаң жұрт, алаң да алаң, алаң бәрі,

Жас болып тамып түскен жанардағы.

Мәңгілік қазақ елі – ей, бауырым,

Аңсаған арыстардың ақ арманы.

Өлеңге айналғанда көңіл нәзік,

Өткеннің өнегесі – өмірге азық.

Алаш деп аламанға ат қосқанда,

Арманы арыстардың - ТЕМІРҚАЗЫҚ!

Көшімнің күнде айналған көрігіне,

Бабамның жері міне, елі міне.

Тас емес Әлиханның ақ арманын

Түйме қып қада, ҚАЗАҚ, өңіріңе!

Мақпал Мыса




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар