Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Елеусіз Мұратұлы. Кейіпкерлерімнің образын өмірден...

31.05.2023 1389

Елеусіз Мұратұлы. Кейіпкерлерімнің образын өмірден аламын 14+

Елеусіз Мұратұлы. Кейіпкерлерімнің образын өмірден аламын - adebiportal.kz

Детектив шығарма жазатын авторлардың ойлау қалыптары да бөлек пе дейсің. Әлдебір тартымды әрі соншама күрделі оқиғаны құпиялылықты жасыра отырып баяндаудың тәсілін табады, бір қарағанда қалыпты көрінгенімен мінезі, әрекеті бөлектеу кейіпкерлер арқылы психологиялық күй тудырып,  оқиға сюжеті аяқ астынан басқа арнаға шығып... қарапайым оқырманды еліктіріп алады.  Бір сөзбен айтқанда жақсы детектив ешуақытта жалықтырмайды. Және кез келген қылмыстың өз себебі болады. Ал енді осы детектив жанрының біздің елдегі даму жайы қалай? Біз детектив шығармалардың авторы, жазушы Елеусіз Мұратұлымен сұхбаттаса отырып, детектив жанрының табиғаты, жанр ретінде қалыптасып, дамуы  жайында  сұраған едік. 

- Елеусіз аға, сіздің «Өткінші өмір», «Тобық», «Тіршілік», «Сексендегі шалдың махаббаты», «Жуас жігіт» сияқты әңгімелеріңізден  бір нәзік лирика көрініп тұрады.  «Тұңғиық түбіндегі жарық» дегенде  бүгінгі қоғам бейнесі бар. «Суындықтың асуындағы сұмдық» дегеніңізді оқыдық... Өзіңіз осындай әңгімелер жаза отырып, бәрібір де детектив жанрына  бөлек ықыласты  көрінесіз. Детективке неге қызығасыз, оған сот, полиция саласында қызмет еткеніңіз, көп жайды көзбен көргеніңіз себепші ме? Жалпы детектив жанрына  қалай, қандай дайындықпен келдіңіз?

- Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, ақтық демі үзілгенше ақиқат  іздеп,   оны таппай, торыққан кездерінде  қоғамға  деген  қыжылы мен ащы запырандарын түрлі тәсілдермен ақтарып, сол арқылы өз заманына деген  өкпесін білдіріп, нәлетін айтқан   көкірек көзі ояу адамдар әр дәуірде де болған.  Басқасын айтпай-ақ, қояйық, егер ғайыптан  атақты Крылов пен Эзоптың   жануарлар кейпіндегі персонаждарына  жан бітсе, олар заматында өз заманының адамдарына айналып кетер еді. Қанша жерден қоғам өзгерді десек те  кез келген ортадан өсіп шығатын бай мен кедей тәрізді таптық жік сол күйінде қалды және ол қала беретін де сияқты. Мен де сол адамдар  таппаған әділдікті біреулердің атын атап, түсін түстемей-ақ өзім бейнелеген кейіпкерлерім арқылы үмітімді үзбей, сарыла  іздеп, өз-өзімді жұбатып  жүрген адаммын.  Негізі маған  құқық тақырыбына тереңдеп үңіліп жазуды  Бас прокуратураның «Заң және заман»-«Закон и время» журналында  қызмет еткен жылдарым үйретті. Аласапыранға  толы тоқсаныншы жылдардың аяғы бұл Назарбаев тарапынан қысым-қиянатқа ұшырап, басты күші тергеу жүргізу құқығынан айырылған прокуратураның соңғы білікті кадрларынан айырылып,  тоз-тозы шыға бастаған кезең еді. Кез келген істі парақтап жіберіп, қылмыстың қаншалықты заң талабына сай тергелгенін тамыршыдай тап басып айтып беретін прокуратураның бұрынғы тергеушілерінен көп нәрсені үйрендім. Менің кейбіреулер жеңіл-желпі дүние  деп, ал кейбіреулер  жанын қинамай, айыптау үкімдерінің негізінде жаза салатын жанр деп санайтын   детектив ауылына ат басын бұрып,  іргеліс қонуыма сондай жағдайлар әсер етті. Кейін бұл жанрдағы жазылатын әңгімелерге мына таскерең қоғамдағы кез келген адамның даусы  жетпейтін, жетім-жесірлердің обал-сауаптарын аяқасты ететін  әділетсіз әрекеттерді өзек ете бастадым.

- Кітап дүкенінен детектив іздесең кілең орысша, бізде детектив жазушы санаулы ғана. Өзіңіз күні бүгінге дейін бес кітапқа жүк болатын шығарма жазыпсыз. Оның екеуі көркем әңгіме, ал, былтыр баспа жүзін көрген «Байғыз жылаған түн» атты шытырман оқиғалы шығармалар екен. Қалған «Тірі өлік», «Маньяк», «Хайуан» атты кітаптарыңыз қаржы-қаражатқа байланысты кідіріп тұр екен. Детектив жанры  шытырман оқиғалардың түп атасы Кемел Тоқаев ағамыздың атақты бес-алты кітабынан кейін мүлдем тоқтап, тоқырап қалған тәрізді. Сіздің детектив жанрына жазған дүниелеріңіз оқырмандарына жетіп жатыр деп ойлайсыз ба?

- Қай бір жылы шытырман оқиғалы шығармаларымды аттай қалап, құда түскен  бір баспаның басшылары   өздерінің бастамасымен «Байғыз жылаған түн» атты кітабымды  мың данамен шығарып, үш жүзін маған беріп, қалғанын өздері саудаға шығарып, пайда көрмекші болған. Бірақ кейін неге екені белгісіз  бастапқы  ұстанымдарын өзгертіп,  кітап шығаруды түрлі сылтаулармен кідірте бергеннен кейін олардан бас тарттым. Сонымен әзірге үш кітапқа жүк болатын шытырман оқиғалы шығармаларым қоржында жатыр. «Байғыз жылаған түн» мен оның жалғасы іспеттес «Тірі өлік» шығармасына ойдан шығарылып, жазылған детективтер топтастырылған. Ал,   келешекте баспа жүзін көруге тиісті «Маньяк», «Хайуан» кітаптарына  өмірде болып, тиісті жазасын алған қылмыскерлердің өмірінен жазылған деректі детективтер  енгізілген. Егер  қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған бұл жанрға   қамқорлық жасап, дайын тұрған кітаптарымды шығарып беремін  дейтін  қалталы демеушілер табылып жатса, Алла разы болсыннан басқа айтарым жоқ. 

- Детектив шығарма жазу үшін адамды танып, іс-әрекеті арқылы оның табиғаты қандай екенін аңғаратын психолог болу керек пе? Детектив жаза алатын  жазушының дәстүрлі жазушыдан айырмашылығы неде? 

- Жазушы немесе журналист  детектив жанрын  ғана емес, өзі көтеретін кез келген  мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ол жөнінде мол мағлұмат жинап, алып барып жазбаса,  ол жай ғана  татымы жоқ,  сылдыр су  болып шығады. Детективтің отаны болып саналатын Ұлыбритания мен басқа мемлекеттерде детектив үлкен сұранысқа ие, кірісі көп  жанр болып саналады. Мына іргедегі көршіміз Ресейдің өзінде детектив жанры қатты дамыған. Жыл сайын  детектив жанрындағы кітаптарды  мыңдаған таралыммен шығарып, пайдаға кенеліп отырған баспалар қаншама. Өкініштісі Қазақстанда бұл сала дамымай қалған. Проза, поэзия, драмматургия  бар, ал, детектив жанры жоқ. Әлде біздегі қылмыс әлемінде қаламға түрткі болатын оқиғалар жоқ па, бар, тек соны терең талдап жазатын қаламгер жоқтың қасы. Детектив деп айдар тағып жарияланып жүрген дүниелерде көркем тіл мен жанды образ жоқ. Олар көбінесе  тергеушінің айыптау қорытындысы мен соның негізінде шығарылған  үкімнің ыңғайымен жазылады. Біздің түсінігімізде, нағыз  детективтік шығарма  Кемел Тоқаев ағамыздың  мәнерімен жазылып,  оқырманын ойландырып тастайтын  шытырман   болуы керек.  Ал біздегі  баспасөз бетінде жарияланып жүрген детективтік шығармалар мен «Заң газетінің» жыл сайын  ұйымдастыратын  дәстүрлі бәйгесіне қатысып, маңдайлары жарқырап  жүлде алып жүрген дүниелердің басым көпшілігі айыптау үкімінің негізінде сірескен қалыппен  жазылып,  қанша қамшыласаң да оқырманын тартпайтын қасаң  деңгейінен аса алмай жүр. Оқиғадағы талас пен тартыс, оқырманының ойын сан саққа жүгіртіп, күдік-күмәнін күшейту, оқиға  шырқау шыңына жетіп, аяқталған сәтте құдайдай сеніп жүрген  адамыңның қолына өзгенің   қаны жұққан әккі қанішер екендігін ұғындырып, терең дем алдыру тек шынайы жазылған  детектив жанрына ғана  тән  қасиет. Көптеген қаламгерлердің тергеу органы тексерген   немесе соның негізінде  сот үкімі шыққан оқиғаның   қаңсыған тамырларына қан жүгіртіп, ондағы адамдарды  тірі кейіпкерлерге айналдыра алмауының басты себебі   жасалынған қылмыстың  себеп-салдарын жетік білмеуінен.  Қазіргі детективтік шығармаларға тән  ортақ кемшіліктің бірі - олардың   орыс компаниялары шығаратын кинолардың ізімен кетіп, соларға еліктеп-солықтаудың әсерімен жазылатындығы. Қылмыскер де, тергеуші де адам. Абайсызда, бөтен пиғылсыз жасалынған әрекеттен басқа қылмыстарда белгілі бір себеп-салдар болады. Федор Достаевскийдің «Қылмыс пен жаза» шығармасындағы Раскольников егер   тұрмыс жүдетіп, ақшадан тарықпаса, кейуанаға балта көтерер ме еді? Тергеуші өзі тергейтін оқиғаның  түп төркіні мен астарына психологиялық зерттеу жүргізіп, құпиясына   үңілсе, талай жұмбақ жайттың   құлпы  қиындықсыз ашылар ма еді, қайтер еді.   Криминологияда қылмыстың сипатына талдау жасай  отырып,   қылмыскердің қандай адам екендігіне баға беріп, портретін жасауды  профайлер деп атайды. Өкінішке қарай біздегі  жедел уәкілдер мен тергеу саласының мамандарында қылмыскердің  әрекетіне психологиялық тұрғыдан зерттеу жүргізіп, баға беру жетіспейді. Детектив жанрына қалам тартатын  жазушы да ой-қиялымен сол оқиғаның ортасында жүретін болғандықтан қылмысқа қатысатын кейіпкерлерінің психологиялық жай-күйіне талдау жасауға тиіс.  Ал, көркем шығарма жазатын жазушылар өз қиялындағы оқиғаның шеңберінен емін-еркін  шығып жүре береді.  Детектив жазушы қалай еркін көсілсе де ол қылмыстың шырқау шыңы мен аяқталу түйінінен алысқа кете алмайды. 

- Кейбіреулер детектив жанрын  «жеңіл», интеллектуалдық жағынан пайдасыз деп санайды., бұл шынымен солай ма? Егер оны дамытсақ, бұдан жалпы әдебиетке  пайда бар ма?

- Одақтың тұсындағы орыстардың саясатын жүргізу үшін жазылып, оқытылған «Ғылыми коммунизм» еңбегінде «түбі коммунизм орнап, қылмыс атаулы түп тамырымен жойылады»  деген соқыр түсінік болды. Шын мәнінде материалдық игіліктер бар жерде  қылмыс атаулы  мүлде жойылып кетпейді. Ол  қоғамдағы жағдай мен адамдардың әл-ауқатына қарай  бірде азайып, бірде көбейіп, тербетіліп тұруы мүмкін, бірақ тарихтың қойнауына біржолата  сіңіп  жоғалмайды. Әлемдегі ең бай мемлекет саналатын Сингапурдың өзінде де қылмыс  бар. Ал қылмыс жасалынатын қоғамда оның  сыр-сипаты  мен жасалыну жолдары туралы шығармалардың жазылатындығы заңдылық. Детектив қазақ әдебиетіне қажетті жанр. Тек оны жаза біліп, дамыту керек. Жақында Жазушылар одағы бұған дейін болмаған детектив жазатын қаламгерлердің секциясын ашып, кенже қалып кеткен жанрды дамытуды қолға алды деп естідік. Сондағы байқағанымыз бұл жанрға  қалам тартып жүргендер саусақпен санарлықтай ғана екен. Детектив жанрын Тоқаев ағамыз қалыптастырып кеткен  қалыпқа  түсіруіміз керек. Егер қазақ детективі дәл қазіргідей сот үкімдерінен көшіріліп алынып, сіресіп, қатып қалған заң тілімен  жазылатын болса,  оның көк тиындық  құны болмайды. Детективті пайдасыз деп аттандап жүргендердің дені  оның сипатын түсінбейтіндер деп ойлаймын.

- Өзіңізге ұнайтын детектив шығармаңыз қайсысы, шығармашылық лабораторияңыз туралы білсек, қалай дайындаласыз, неге көбірек мән бересіз?

- Қасиетті ана тоғыз ай толғатып жарық өмірге алып келген перзенттерін мынау жақсы, анау жаман деп бөліп-жарып  айтпайды. «Іштен шыққан шұбар жыланның» бәрі де жақсы. Оның жақсы-жаман екендігін ажырататын тек  оқырман ғана. Шығарма  сол көпшілік үшін жазылады.  Сол  шиеленіс пен  тартысқа толы оқиғаның бір бүйірінде  кейіпкерлері қуанса,  шаттанып, торықса, бірге торығатын шығарманың авторы жүреді. Сол себептен де мен  жазатын дүниелерімді мына детектив, анау көркем шығарма деп бөлектемеймін. Көбінесе оқиға желісін өмірдің өзінен аламын. Кейіпкерлерімді де өз ортамнан іздеймін.  Бастысы қағазға түскен  шығармадан мына қарама-қайшылығы көп өмір өз бояуымен көрінсе болды. Жазатын тақырыбым ойымда пісіп-жетілмейінше, ондағы кейіпкерлердің сыр-мұңын түсініп, олармен сырласпайынша қолыма қалам ұстамаймын. Ойда пісіп-жетілген ондай әңгімелердің жазылуы да оңай болады. Бастысы - сол ойды үзіп алмай, қағазға түсіру ғана. Әрі қарай оны қырнап-сүрнеп, өңдеу оңай.

- Сіздің «Заң газетінде» қызмет істегеніңізді білеміз. Одан басқа да  құқық қорғау органдарында болған шығарсыз. Жалпы қылмыс туралы жазғанда жазу тәсілдерін біліп, динамиканы ұстап отыру өз алдына, сол қылмыстың жасалуына қатысты, ашылуына қатысты ұңғыл-шұңғылын білу керек ғой, өзіңіз жас кезіңізде  тергеу, сот саласын армандап па едіңіз?

- Рас, мен «Заң газетінде»  біраз жыл қызмет атқардым. Алайда менің соттардың шимай-шатпағын түзеп газетке дайындағаным соттың журналисі екенімді білдірмесе керек. Мен прокуратураның мектебінен шыққан журналиспін. «Заң газеті» арқылы жоғарыдағы ұлықтардың тапсырмасын  құлдық ұрып, ләппайлап орындайтын соттардың осал жерлерін біліп, солармен күресу тәсілін үйрендім. Негізі  журналистика саласының білгір маманы, Тауман Салықбайұлы Амандосов ағамыз айтқандай «Заң газетіне»  прокуратурадан  үйренген дағдыммен келіп, кетерімде  соны арқалап қайтып, зейнеткерлікке шықтым. «Заң газетінде» қызмет атқарып жүріп бір байқағаным, қазылар қауымы әшейінде «біз қашан да ашықпыз» деп өздерін өздері жарнамалағанымен  кейбір ішке бүккен құпияларын  түрлі сылтаулармен сыртқа шығаруды қаламайтын   жабық орган. Кезінде қапияда қаза тапқан Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкиев тәрізді тағы да басқа  тұлғаларымыздың істерімен танысып, қылмыстың  шын мәнінде қалай жасалынғанын білгім келген, бірақ  үмітім ақталмады. Сот төрағалары алдын ала мұрағат басшыларымен өзара келісіп ала ма, олардың шекесіне баттитып қол қойған өтініштеріне мұрағаттағылар   пысқырып та қарамайды. Соған қарағанда жоғарыдағы белгілі тұлғалардың қазасына қатысты істерде  құпия көп тәрізді. 

- Кейде ойлайсың, осы бізге кісі өлімі, зорлық-зомбылық туралы оқыған не үшін қызық? Адам неге оған әуес?  Бастағаннан баурап әкететін қызық оқиға болса да, шебер баяндалып, ширығып, соңында дейін жалықтырмай ұстап отырса да онда қан төгіледі, нешетүрлі жауыздық жасалады ғой. Осының бәрін шығарма етіп жазу арқылы жазушы қылмыс жасауға бейім адамдардың қиялын дамытып, жалпы адамдардың табиғатын қатайтуға себепші болмай ма, қалай ойлайсыз?

- Өмірдің  ағысы мен қоғамның дамуына қарай қылмыс та  сан  құбылып отырады. Рас, соңы  өкінішпен аяқталатын қайғылы оқиғаларды қабылдай алмайтын адамдар болады. «Мынауың тұнып тұрған негатив қой» дейтіндер де бар.  Өмір деген түпсіз дария тек жақсылықтан ғана тұрмайды ғой. Оның қабырғаңды қайыстыратын қайғысы да қажет кезінде  есігіңді  қағып тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен өз қаржыма «Қылмыс хикаялары»- «Криминальные истории» атты екі тілде шығатын түрлі-түсті детективтік  журналдың  алты санын өлермендікпен  шығардым. Соны «Заң газетіндегі» құқық тақырыбына жазып жүрген кейбір әріптестерімнің өзі «сенің әлгі қан-қан журналың қайда» деп күлкіге айналдырып жүрді.  Тірілердің мына бес күндік жалғаннан түсінетіні қайғы мен қуаныш қана. Адам неге қуанады, неге қайғыдан қан жұтады? Неге біреулер бай-қуатты болып өмір сүреді, неге біреулер шүкірмен, тоба мен өмір сүреді, неге мына тіршіліктің шегесі ретсіз қағылған? деген сұрақтарға жауап табу қиын. Кім біледі, ол бәлкім адамзат өзінің қандай тіршілік иесі екендігін тапқан кезде сырын ашар. Тек  басыңа түскен қайғының салмағы  арқылы қуаныштың қадірін білесің. Бүгін басыңа ауыртпалық түссе, ертең жолыңа сәттілік кезіге қалатындай елеңдеп жүресін. Адамдардың қалауынан тысқары өмір сүріп, өз заңдылығымен жүретін тіршілік дегеніміз сол. Кез келген детективтік шығарма қаныпезерлік пен қаталдықты дәріптемейді, оның қалай жасалғанын баяндап,  кісі ақысын жегендердің түбі оңбайтынын,  жолы оңғарылмайтынын аңғартып, ой түйдіреді.

- Детектив жанрында жаза бастағандарға қандай кеңес бересіз? Қандай кемшілік  анық көзге ұрып тұрады? Сосын детектив тілі дегенге не айтасыз?

- Детективтік шығарма дәл қазіргідей заңның қасаң, сіресіп қалған тілімен емес, емір-еркін жазылуы шарт. Қаламгер мықты болса, кез келген тақырыпшадан тақырып деңгейін көтеретін  салмақты  дүние жаза алады. Бірақ ол үшін   тақырыпты жан жақты меңгере білуің  керек. Онсыз жазғаның қан-сөлі жоқ құнарсыз дүние болып шығады. Қылмыс жасаған адамның  бойында да жағымды-жағымсыз  қасиеттері болуы мүмкін. Мәселе - соны әсіре-бояусыз қаз қалпында  жеткізе білуде.   

- Әңгімеңізге рахмет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар