Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Ерболат Баятұлы. Қаллеки театрындағы жаңа қойылым ...

22.06.2022 3965

Ерболат Баятұлы. Қаллеки театрындағы жаңа қойылым несімен ұнады? 12+

Ерболат Баятұлы. Қаллеки театрындағы жаңа қойылым несімен ұнады? - adebiportal.kz

Уақыт деген ұлы өлшем үнемі қозғалыстағы ұғым. Әлмисақтан. Сол уақыттың мәңгілік қозғалысы жартылыстағы өзгерістерді тудырады. Бұл заңдылық адамзат қоғамына да тән құбылыс. Абайша айтқанда, «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек». Өзгеріс – заман талабы. Қалыпты дүние, қатып қалған нәрсе жоқ. Ілкі замандардан бермен қарай қоғам үлкен өзгерістерді, зор трансформацияларды басынан өткізіп келеді. Әр дәуірдің өз сұранысы бар. Кез келген ой да, идея да, тақырып та соған сай құбылып, түрленіп отырса керек-ті. Өнерде де солай. Әсіресе театр өнеріне тән құбылыстармен өзгерістер, жаңарулар мен түрленулер сонау Эсхил заманынан бері қарай әсте толастаған емес. Мольер, Шекспир өмір сүрген уақытта да жаңаша түр мен мазмұнға ие болды. Осынау дегдар, бекзат өнердің қалыптасуы сол халықтың рухани-мәдени кемелдігіне тікелей әсер етті һәм қоғамдық сананың, эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі бола білді. «Театр – өмір айнасы», - дейтініміз содан.

Қазіргі қазақ театр өнері де жаңаша ізденістер мен заманауи өзгерістердің үстінде. Оның бір дәлелі – күні кеше ғана Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында үш күн қатарынан қойылған «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» драмасы дер едік. Ғабит Мүсіреповтің әйгілі трагедиясын (1940 жылдан бастап қойылып келеді) жаңаша форматты қойған – Гүлназ Балпейісова деген қазақтың талантты қызы, мәскеулік режиссер екен.

Ең әуелі жаңа қойылымнан байқағанымыз – постдрамалық, постмодернистік белгілердің айқын басымдылығы болды. Ондай тенденцияға бой ұрған театрлық қойылымда әдеби мәтіннің басымдылығы алға шықпайды, оның орнына режиссерлік тәуелсіз шешімдерге еркін жол беріледі. Постдрамалық театрда заманауи театр өнерінің барлық мүмкіндіктері, олардың шағын элементтері, хэпенинг синтезі ұтымды пайдаланылады. Театрдың өзі синтездік өнер екенін ескерсек, мұндай концепциялар әсте жат емес.

Екіншіден, қойылымнан заманауи режиссураға негізделінген шығармашылық интерпретацияны, жеке персонаждарды айқындайтын мінездемелерді, жанрлық ерекшелікке сай жаңаша тұрпаттанған актерлік ойындарды, соны ырғақтарды, сәтті ойластырылған мизансценаларды және соны декоративтік бейнелеуді, музыкалық-дыбыс тасқынын көрдік.

Әрине мұндай тың, батыл эксперименттерді ә дегенде жатырқайтынымыз рас шығар. Өйткені кез келген жаңашылдық бірден қабылдана қоймайды. Оның үстіне біздегі дәстүрлі консервативтік көзқарастар мен ұстанымдар әлі де сіресіп тұр. Әсіресе ұлттық классикалық шығармаларға келгенде әсіредәстүршілдік көп нәрсеге тұсау болып келгенін несіне жасырамыз. Тегінде өнер атаулы өзгерістер арқылы жаңарып отыруды қалайды. Онсыз өнер өспейді. Қасаң қағидалалар, таптауырын болған шаблондар, сыңаржақ ұстанымдар өнердің жаңаша кеңістігіне жол салмайтыны бесенеден белгілі.

Үшіншіден, жаңа режиссура, жаңаша қойылымда ұлттық колориттің сақталуына, драмалық мәтіндердің бұзылмауына мейілінше мүдделі болғанын аңдадық. Бір сөзбен айтқанда сіз бен біз білетін махаббат хикаятының фабуласына, персонаждар жүйесіне (кейбір қосымшаларды айтпағанда) бәлендей қиянат қылмаған. Әсіресе ұлы жырдан атақты трагедияға дейін ұласқан адал махаббат пен арам қаскөйліктің арасындағы бітіспес күрес идеясы менмұндалап тұр.

Төртіншіден, спектакльде махаббат трагедиясының байырғы аңыздық сипатына басымдық бергендігін айтуға болады. Яғни ертегілік көріністердің элементтері бар деген сөз. Байырғы аңызда айтылатын «шоқ терек» символикасына спектаклде айрықша мән берілгендей көрінді. Шоқтерек – өмір мен өлімнің аралық шегі. Мұнда мифопоэтика бар. Сол сияқты Баян мен Қозы – жер бетіндегі тіршліктің ұрығын себушілер болса, құдық һәм көр қазғыш Қодар – жерасты патшалығының һәм өлімнің өкілі. Ай мен Таңсық – космологиялық тектік бейнелер. Бір сөзбен айтқанда «Қозы мен Баян» аңызының астары өте тереңде, арғы замандарда жатыр. Барлығы да ілкі бейнелер.

Бесіншіден, қойылымның музыкалық әрлеуіндегі ұлттық және заманауи әуендердің астасып, жымдасып кетуі. Әрбір мизансценаға сай өзгеріп отыратын әуен ұлттық бояуын, орындаушылық дәстүрін сақтаған. Былайша айтқанда фонограмма емес, жанды музыка. Алайда театр тілімен айтқанда заманауи режиссурадағы «музыкально-шумовое оформление» дегенге аса сақ болған дұрыс сияқты. Әуендер тасқыны кеңістікті жаулап алып, персонаждардың дауыстарын көміп кетіп жатты. Дегенмен де әңгіме – музыкалық әуендерді, әнді оқиғалық ситуацияға, персонаждар мінезіне, әрекетіне сай үйлестіре білуінде. Әйтпегенде замануи батыстық музыка құлаққа түрпідей тиетіні анық еді.

Алтыншыдан, махаббат аңызында (шартты түрде осылай атадық) сәтті ойын көрсеткен актерлық ансамбльдің жан-жақты дайындығы мен кәсіби шеберліктері айрықша көрініп тұрды. Өзі сомдаған образын терең зерттеп, соны мейілінше ашуға тырысқан кәсіби актерлық шеберлікті Шах-Мұрат Ордабаевтан (Айбас-Жарқын), Жасұлан Ерболаттан (Қарабай), Алтынай Нөгербектен (Мақпал), Айнұр Жетпісбаевадан (Күнікей), Әнуар Бектестан (Жантық), Шалқар Бегарыстан (Қодар), Ақниет Орынтайдан (Баян), Марғұлан Наменовтен (Қозы) байқадық.

Драмадағы ішкі жандүниелері қайшылық пен қараулыққа толы Қарабай мен Жантықтың орындары ала бөтен. «Қарайбайдікі дегенге бұл жұрттың қызықпайтыны болсайшы. Тек талап алайын деп отыр. Түс көрсе, менің жылқымнан басқаны көруді қойыпты бұл ел!» - дейтін Қарабай монологына ерекше мән берген режиссер аталмыш персонажды псих ретінде, яғни жүйкесі сыр берген, жан-жүрегі сырқатқа шалдыққан адам ретінде көрсетуді мақсат етсе керек. Өйткені сахнадағы Қарабайдың сөз саптасы, дауыс ырғағы, іс-әрекеті, мимикасы, түр-әлпеті тура осыны әйгілеп тұрды. Жасұланның Қарабайы бұрында болған, қазір де бар. Анығында боқ дүниеден, малдан, ақшадан басқаны көрмей қалған адам – ауру адам. Ол – зұлмат әкелуші. Қара басының мүддесінен басқаны ойламайтындар. Дәл осындай Қарабайлар осы қоғамда жоқ деп кім айта алады? Биттей өріп жүр. Жүздеп. Дәл қазіргі қоғамның дерті – осы! Аспан қақырап, қара жер қақ айрылса да Қарабайға бәрі бір, оған тек дүние боқтың бүтіндігі – қырық мың жылқының амандығы керек.

Ал Қарайбайды да, Қодарды да арам айласымен шыр айналдырған жәдігөй, жылпос, қорқақ, бақай есептің Жантығы ше? Тап қазір Жантықтардың асығы алшысынан түсіп тұрған заман. Спектакльдегі Жантық бейнесі де дәстүрлі Жантықтарға ұқсай бермейтін қалпымен ерекшеленді.

Сол сияқты есерсоқ. Ұрда жық Қодар бейнесінің адами сезімге тән нәзік иірімдері байқалап қалды. Еңкілдеп жылаған Қодарды көрдім. Режиссер, Қодар персонажына біркелкі қара бояу жаға салудан саналы түрде бас тартқандай. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Оспадар Қодардың Баянның алдына келгенде әлсіздік танытатыны бар. Қара күшке сала алмайды. Аянышы бар. Неге? Өйткені Қодар да махаббат пен сұлулықтың алдында дәрменсіз екен. Алайда өзгенің айтағымен жүретін Қодар Жантықтың аярлығына алданып, қолын қанға былғады. Қарғыс алды. Атына қара дақ жақты. Махаббат хикаятында тікен болып қалды. Мәңгілікке.

Спектакльдің финалында ақ махаббаттың иелері Қозы мен Баян ақ қанат періштедей көкке көтерілді, қолы қан Қодар қарғыспен қара жерге кірді. Контраст. Антипатия. Екі кеңістік. Екі әлем. Екі түрлі таңдау. Бұл әлмисақтан келе жатқан ақ пен қараның бітіспес күресі, ежелден әңгімеге айналған уәзипалы аңыз! Анығында мәселе осыларды қалай, қайтіп, немен көрсете білуде ғой, достар?! Жалпы жақсы өзгерістен қорықпаған дұрыс. Өзгеріс болмаған жерде өсу, өркендеу жоқ! Бұл жазғандарымыз – көңілге түйгеніміздің жартысы ғана. Келелі сөзді театр сыншылары айта жатар. Айтпақшы спектакльдегі жарық бір бейне Жарқынның: «Өмір бір-ақ рет беріледі. Адам бір рет қана сүйеді...», - дейтіні бар. Сол айтқандайын...

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Ерболат Баятұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар