(толғау)
1. Малшының мұңы
Қайран бас, сая тұтқан талдың түбін,
Қылтиып қылтимадан қалдың бүгін.
Салдырды-ай, жемсауларға нарық шіркін,
Қалдырмай кеңшарларда малдың түгін!
Көкжалдай қамаудағы халім қиын,
Олжамдай талаудағы сағым қиыр.
Ен жайлап жүруші еді кең жайлауды,
Отар қой, үйір жылқы, табын сиыр.
Қырық жыл мыңғырған мал баққанымда,
Кеңшарым, шалқып-тасып жатпадың ба!
Кеңестік күн сөнгенде тозғаныңды,
Аңғардым азаттықтың ақ таңында.
Қайда да Қорқыттың сол көрі сынды,
Төрелер төмен қойды төл ісімді.
Ішінде кең кеңсенің тарылтты ғой,
Төрт түлік өргізетін өрісімді!
Атадан қалған қара шаңырағым,
Тұл болып, туған жерде қаңырадың.
Сиреген балқаймағы, шалғайдағы
Кім күйттер шырайы жоқ ауыл қамын?!
Атаулар бас жылқышы, шопан деген,
Қорамен өшті бірге, қотанменен.
Ал, енді мені қамап тас қалаға,
Әлемді қызықтырмақ Отан немен?
Ұстанбай оң саясат әсілі біз,
Кейіннен дауламасын бәсін ұл-қыз!
Аңшылық hәм малшылық емес пе еді,
Ежелгі кәсібіміз, нәсібіміз?!
Арнаған ауылына күшті шағын,
Бір ойдың ауырына түсті шалың.
Әлі де тұғырынан таймай тұрып,
Әліне нұқсан келген ішқұсамын.
Өзбектің өзек жалғап қауынымен,
Батыстың өңеш алдап тауығымен,
Қырғыздың күлшесіне қосып жедім
Орыстың қалбырдағы балығын мен.
Қытайдың кеспесінен сораптаған
Ауылдық ағайындар – қонақ маған.
Кезінде сыйласып ек бас мүжісіп,
Ал, қазір... Сорлағанда, сол-ақ бағам!
Сөйлейміз бай-манапша астамсымай,
Байқалмас тұрмыстан да тасқан сыңай...
«Ауылдан елге ешбір пайда жоқ» деп,
Ойпырым-ай, қасқайғанның қасқасын-ай!
Еріксіз көп жылдан соң көнді міне,
Жүн, тері, ет, сүт, шұжық өндіруге.
Кешігіп есін жиған кейбір мына
Шырақтар шынымен-ақ жөн білді ме?
Кім кепіл бекер ақша шашпасына?
Тірлігі – Абай сөзін растау, сірә?..
Ауылдың өң мен сиқын қашырды ғой,
«Би болған өңкей қиқым бас-басына»!
Бұрынғы дауыл даңқын тозаң ұтты,
Дамытпақ жеке-жеке қожалықты.
Шетелдік сиыр етін тұтынамыз,
Қымыз бен шұбат көріп бозалықты.
Білмеп ем экспортты мол ағын деп,
Асымда улы қоспа болады деп.
Салғанмен көз қиығын дүкендерде,
Жүрген жоқ осыларға жолағым кеп!
Шешемнің құрты-ай, шіркін, сөредегі!
Таңдайдан кетпес дәмі бөлек еді.
Қара құрт, ежігей мен сүзбе, малта,
Көсегең қашан сенің көгереді?!
Әй, қайдам!.. Сонау жазық, сонау қырдың
Баурайы – жұрнағы ғой, көп ауылдың!
Төрелер байлығын тек еселейтін
Байтақтың асты-үсті тоналды мың.
Дәурен-ай, нақ беліңнен сызып қайғым,
Тіреді бір дәуірге біз ұқпайтын!
Қалада қаптай түсті ұлтсыз ұрпақ,
Түп тамыр – ауыл жаққа қызықпайтын.
Санасын АҚШ, араб сиқырлаған
Мәңгірген мәңкүстердің сиқы жаман!
Бұлардан біздің жастық бақыттырақ,
Қыратта құрық ұстап қиқулаған!
Таппаған қылтимадан қарап бағын,
Байғұстың күрсінісін жаратпадың...
Бар шынын төрт қабырға тұтқындаған
Малшының мұңы осы, қарақтарым!
2. Мұнайшының мұңы
Жүрегім – шұрық-тесік. Нанасың ба?
Жанымның жазылмады жарасы да.
Қолымен шенділердің шенеуніктер
Атты ғой, Жаңаөзен қаласында!
Бұл билік бізге нұсқап тәмам жолды,
Ал, өзі қанға малды арам қолды.
Қысылмай жанарынан ғаламшардың,
Алғаны нысанаға жаман болды!
Еліме дұшпан кірген секілденді,
Достарым құбылаға бетін берді.
Аузынан автоматтың шыққан ажал,
Арттырды жас жесір мен жетімдерді.
Қайтемін сұм жендетке кектеніп құр?
Тәңірім, тағдыр сырын тек сен ұқтыр!
Барлық оқ аналардың көмейінде
Еселі қарғыс болып кептеліп тұр.
Қойсаң да қан жұтқызып мұсылманға,
Басатын тылсым сырын мысың бар ма?
Ауаны оңды-солды осқан дыбыс,
Әкелер дұғасында ысылдауда.
Мұнайды қалқып ішіп, шалқығандар
«Сен жақсы, мен жақсымен» халқын алдар.
Өйткенше, жалақысын жеті ай күткен,
Мындағы жұмысшының қалпын аңғар!
Бұйырған қара термен маған ырыс –
Қара нан, қара шәй мен қара жұмыс.
Қайраңнан бала-шаға несібесін
Тамшыдан құрап қана табам дұрыс.
Ойласса қырсыз қоғам егер жұрт боп,
Негізі біз едік қой елерлік топ!
Керекті шайлығыма, керісінше,
Қосатын байлығына шенеунік көп.
Ешкімге опа бермес әдет түбі,
Түсінбей басшыларым әлек мұны.
Жегені – қарапайым жұмысшының
Жұпыны тұрмысына қажет пұлы.
Шыққанбыз соны сұрап көшеге біз,
Қойды бір көгермей-ақ, көсегеміз!
«Ол – жаппай тәртіпсіздік» деп таратқан
Үкімет үкімі мен өсек – егіз!
Сондай-ақ, қытайы мен түрігі бар,
Каспийде, ойбой, тіпті ірі бұлар!
Қайтеміз, күнкөріске тәуелділік –
Амалсыз қу жаныңды сірі қылар.
Мені құл, күң етердей қатынымды,
Шығарды келімсектер шатылуды.
Тұман боп тұрып алды көз алдымда,
Тұмшалап ашу-ыза ақылымды.
Өзекті өртер күні сесті лебім,
Досымнан бір сұмдықты естіп едім.
Бөлмеде оның жарын күштеп ұстап,
Өткізген өздерінше кешті керім.
Тұрып ап соның бірі кезегімде,
Бетіме асханада безеруде.
«Түбі бір екеніңді ұрайын-ау,
Бірінші түседі ғой тезегің де!»...
Ол күнгі хикаяны ел біледі,
Қинаудың қажеті жоқ енді мені...
Қысқасы, жаппай қырғын салдарынан,
Өз заңым өз қазағын кергіледі.
Тек қазақ төбелеске жауапты ма?
Тоғытты бізді ғана абақтыға.
«Тудырды ұлтаралық араздық» деп,
Тастады шемен шерге жамап кінә.
Каспийдің тартқан ырыс тұнығынан
Өтеді келімсектер құбырынан.
Қызығын «қара алтынның» солар көрсе,
Мен кіммін?.. Расында да құлымын-ау?!
Шырқайтын күнім туар бақыт әнін,
Бүгінше қиындыққа жатық халім.
Бар дейді бекіре мен уылдырық,
Көрмедім олардың да татып дәмін.
Білмейміз мұнай мен газ өндіруді,
Үйрендік шетелдікке көндігуді.
«Бай қазақ» атанғандар ұялмастан,
Шикізат қаржысына көмді мінді.
Теңізге малғандықтан мұраттарын,
Сеземін «қабырғада құлақ барын»...
Оқ тескен жүрегінен жасы тамған
Мұңы сол мұнайшының, шырақтарым!
3. Мұғалімнің мұңы
Кешкенім алағай да бұлағай күн,
Жоқ шығар еш салада мынадай мұң?..
Демеймін кесіп айтам... Несін айтам?!
Жас құрғап қалғандықтан, жыламаймын.
Тұнғандай жанарыма жалған бақыт,
Күтпейді күлімдеуім арманнан түк.
Десе де жарасады «Терминатор»,
Темірдей болмысымды қалған қатып.
Басшының бассыз шәкірт саналатын,
Бағасы «үштік» еді бар алатын.
Бір күндік «көк қағазы» қазір оның –
Бір жылдық маңдай тер мен табан ақым!
Білмейді еш құранай-тұранайды,
Ешкімнен ештеңе де сұрамайды.
Ал, маған есеп беру ұнаса да,
Есігі есепшінің ұнамайды!
Сезбеген бір ұстаз да құтын әлі,
Біртүрлі реформалар бықынады.
Бір сәттік ашық сабақ өткізуге
Бір айлық табысымыз жұтылады.
Қосылып мынаған да, анаған да,
Үйрендік тиын-тебен санағанға.
Күнбе-күн бәрімізді мезі қылды,
Таусылмас той-мереке, шаралар да.
Бір мақал ойлап таптым, мақал аздай:
«Иегің қышымайды сақал азбай».
Сап құрам үстемақы сұрамай-ақ,
Шұбыртқан балапанын атақаздай.
Тұрғанда уысымыз тізгін сығып,
Екенін байқатпаймыз жүздің сынық.
Мемлекет менсінбейтін театрдың
Тұрақты көрермені – біздің сынып.
Науқанның бірі – төмен, бірі – биік,
Танытып қайтсаң болды тірі кейіп.
Жалауша желбіретіп, «уралауда»
Тағы да мен тұрамын сүмірейіп.
Айтқандай көрінгенмен қазір аңыз,
Ұстаздар – сарқылмайтын «қазынамыз»!
Аталған шығыстардың мезетінде,
Зорлықпен баспасөзге жазыламыз.
Бүгінде басшы да жоқ зар тыңдайтын,
Боп алған «тонауынан» тартынбайтын.
Жан бағып жүрген жай бар аз теңгемен,
Тамақ пен жолақыдан артылмайтын.
Жарымай оқулыққа, киімменен
Өз балам кәсібіме сүйінбеген.
Мінеки, баяғыдан мақұрымбыз,
Музыка, спорт сынды үйірмеден!
Өтірік сыйлағансып халыққа құт,
Мінберде дейді билік: «нарық – бақыт».
Айлыққа шайлық қосып береді де,
Қояды тауар құнын шарықтатып.
Салмап ем салмағымды бос егеске,
Алмап ем қиянатты сосын еске...
Тепкені оқушының жанға батты,
Кеткені қадірімнің осы емес пе?!
Жүйкемді ауыр ойлар меңдей қапты,
Көзімнен дәрменсіздік селдей ақты.
Ата-ана шаң жуытпай сотқарына,
Сүйрейді соттарына мен бейбақты.
Бұдан соң тамбай қайтсін тілімнен у?!
Жан сырым – саясатқа қырын келу...
Тек соған арналмай жүр мүмкіндігім,
Міндетім болса-дағы білім беру.
Басшының тапсырмасы тынбай оңбас,
Қашанда жорғалайды құрдай жолдас.
«Мұғалім мәртебесі» деген қайда?!
Ол ұғым іс жүзінде мұндай болмас...
Қол тимей тоқсан бойғы хаттамадан,
Сабақтар сағаттарды ақтамаған.
Алады аттестатты оқушымыз,
Он бір жыл дұрыс жаттау жаттамаған.
Білмейді тарихтағы Құбылайды,
Білмейді ұлылардың жыры жайлы.
Авторы «Әліпбидің» Ахмет пен
Атасы «Әліппенің» Ыбырайды.
«Үнсіздік тасасында жай қалайын»,-
Десем де, реформада айла дайын.
«Бесаспап» етіп қойған көнбістігі,
Мұңы сол мұғалімнің, айналайын!
4. «Мамбеттің» мұңы
Қаласы барып жатқан жігіттердің,
Маған да нәсібіңнен үміт бердің.
«Ауыл» деп әжептәуір аталатын
Қиранды арасынан шығып келдім.
Алайда қабылдамай, сыртқа тептің,
Тексіздік мысын басты мықты әдептің.
Әлжуаз ақсаусақтың айтуынша,
Тірліктен түк ұқпаған қырт «мамбетпін».
Басты шарт – сөйлеу екен орысшаны,
Көңілге содан кірбің қоныстады.
Өзімнің өткір тілім – ескерусіз,
Кездіктей болып қалды қоныштағы.
Қаперге шенеуніктер ілмегеннен,
Өйткені, өз отбасы білмегеннен,
Тұрмыстық жұмысыма жарап жатыр,
Мың жерден «Мемлекеттік тіл» дегенмен!
Алмадық жағдайды да онша қамдап,
(Сол – пана, қайда барып қонса қаңбақ).
Байларға көпқабатты үй салғандар –
Тұрамыз саяжай мен монша жалдап.
Тырқылдап тракторша от алмаған,
Мысқылмен қарамашы, ботам, маған!
Қалалық сиық емес өз сиқың да,
Тізеңді бүгіңкіреп шоқаңдаған!
Паңдығың от ауыздан шоқ тепкесін,
Жасырам көргенімнің жоқ деп несін?
Билетіп биік өкше туфлиді,
Тобығың ойнамалы боп кетпесін!
Жасанды кейіптегі тамаша қыз,
Мен – «мамбет», сен – «мамбетка». Жарасамыз.
«Тесікке жыртық күлді» дей көрмейін,
Кел бері, сырласайық оңаша біз!
Кәдімгі өмірдегі, өңіңдегі
Хас тұлпар мәстек сынды көрінеді...
Е, әлгі суреттегі сұлулық па?
Ол – менің озған сәтім көп ілгері!
Сен ессіз еліктейтін қалалықтың
Кеспірін естіп емес, қарап ұқтым.
«Мәңгүрт» деп аталған соң оның өзі,
Келмейді күлгеніне жан ауыртқым.
Атауға мән бергізсем, мың құбылма!
Мәңгүрттік былай болған шындығында:
Ертеде түркімендер тұтқындағы
Дұшпанын айналдырған жынды құлға.
Алдымен шашын алған құнттап қырып,
Жатса да аямаған жұрт бақырып.
Түйенің жаңа сойған төс терісін
Таңған-ды төбесіне мықтап тұрып.
Теріні тастаған соң басқа қаптап,
Желімше жабыстырған асқан аптап.
Сұмдық-ай, сыртқа емес, өсіп ішке,
Сананы сансыратқан шаш шабақтап!
Танымай өзге түгіл, ата-ананы,
Мәңгіріп, содан «мәңгүрт» атанады.
Жыртқышша ырылдайды қандасына,
Не тіл жоқ, не түйсік жоқ, мақау бәрі!
Бүгінде баламасы сондайлардың
Демейді «Мен тексіз боп, оңбай қалдым».
Ар-намыс, иман-иба, сабыр кемшін,
Тән сынды басымына ол байлардың.
Қайырым, ізет деген ойдан ада,
Ден қойған сырт көрініс – бойға ғана.
Сайтани сиықтарын жасандырып,
Кеш батса, қыдырыс пен той баға ма?
Мұндайда ішімдікке әуес келер,
Ниет жоқ жанайқайды сәл ескерер.
Зинаның зиянын көп тартып жатыр,
Тағдыры тастанды боп, нәрестелер!
Бойында қатыгездік сақталғасын,
Некесіз нақұрыстар ақталмасын!..
Ышқыры берік қыздар адалдықпен,
Барады ақ босаға аттауға шын.
Керзаман, мейлі, солай күйінте бер!
Кербезің кердеңдеуге үйір келер.
Қалсам да тас қаланың тасасында,
Жөні жоқ, бірақ, менен жиіркенер!
Қаңғыртып қыр ұлдарын, тау ұлдарын,
Байлады нарық шіркін, ауыл бағын!..
Шаhарда орнын таппай шаршап жүрген
«Мамбеттің» мұңы осы, бауырларым!
5. Менің мұңым
Білімнен шын бекінсе қор жыюға,
Соқпайды талант үшін ол қиынға!
Өнердің өркешіне ербең етіп,
Өресіз өрендер де қонжиюда.
Табылмай тоқтатудың бір амалы,
Тым ерсі көрінуде мыналары!
Оу, қайда бара жатыр қиқалаңдап,
Қалмастан түк рухани мұралары?!
Шоуқұмар – күрсініп бұл нұсқағаным,
Шоуменге сирек сезем ұқсағанын.
Кергиді «шығарма» деп былжырақты,
Ет тұрмас қамырындай тұшпараның.
Жоқ маған алты аласы, бес бересі,
Әншейін, кірсін деймін ептеп есі.
Ел-жұрттан ұят енді, көбісінің
Болмауы есте қалар ештеңесі!
Жатқанда мата даңқы бөз ұсынып,
Кеткендей ел алдына өзі шығып.
Қоғамдық пікірді де айтқансиды,
Ауаға пәтуасыз сөз ұшырып.
Мәселен, «әнші» деген аты бар да,
Тартпайды соған лайық қалпын алға.
Ұлиды, шыңғырады, айқайлайды,
Талтайып тұрып алып сахнада.
Отырса әнсымаққа сөзім құрып,
Далақтап тауысады төзімді нық.
Жараспай киімдері алба-жұлба,
Жасырған көзді қара көзілдірік.
Мәтіннің басы дұрыс құралмайды,
Нотадан жүз сүрініп, мың аунайды.
Әнінен сәні басым сылқымдар-ай,
Тәндерін жарнамалап бұраңдайды!
Емес бұл жазықсызға жапқан жала,
Күтуге әуес неге мақтау ғана?
«Жүрміз ғой халық үшін» дейді сосын,
Бесіктен белі шықпай жатқан бала.
Деймісің талғам таяз халқыңдағы,
Ұғатын «шедевр» деп халтураны?
Сенімен деңгейлестер – бірен-саран,
Баспайды бір сызықта мауқын бәрі!
Шоушылдың енді бірі – қылжақбастар,
Ауызды бос мылжыңнан бір жаппастар.
Анайы анекдотты шиырлауда,
Дегендей күлсе болды кіл жақтастар.
Түсіріп жатқандарын құнды кейде,
Сауатты сатираға үлгі дей ме?
Ыржаңдап алдымызға әртіс емес,
Шыққандай көрінеді жынды бейне.
Болмаса көріністің келешегі,
Ешкімнің үзілмейді емешегі!
Әйелді ер сомдаса, күле беру
Көрермен міндеті де емес еді...
Жаттанды монологтар – ала-құла,
Жымимас жалыққан жұрт шамалыға.
Сойсын деп шымшықты да шын қасапшы,
Сықақты жаздыртса ғой, маманына!
Бар аздап юморлар да жақсы, жылы,
Жақсының ескерілді жақсылығы.
Сәнінен сахнаның шықсын бірақ,
Баланың ойыны мен бақсы жыны!
Және де инкубатор асабалар,
Мұндайда көзден қалай таса қалар?
Таптаурын ойыны да, жұмбағы да,
Мән бермес тойда оған мас ағалар.
Аздығын руханият салмағының
Білсе де бұдан бей-жай қалмады кім?
Сауабын алсақ игі бабалардың
«Саналы болсын!» деген арманының!
Экран да шоуға толы жарқ-жұрқ еткен,
Жобасы – шаласауат, артық кеткен...
Жә, жазу үстеліме жайғасайын,
Қойып ем шабыттанбай, шалқып көптен!
Шығармай жатыр екен ішім нені?
Уайымнан баспады еш іс ілгері.
Оянсам, ойыма бір оралмай жүр,
Ұлы жыр өзім жазған түсімдегі.
Жазарда тың дүние тосын, ұтқыр,
Қаламгер қала берді тосылып құр.
Хас талант – халтурщиктер тасасында,
Ақынның мұңы, міне, осы боп тұр!
Астана
2016 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.