Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ермек АМАНШАЕВ: БАҒАЛАСАҢ, МӘҢГІЛІКПЕН БАҒАЛА......

12.03.2016 12005

Ермек АМАНШАЕВ: БАҒАЛАСАҢ, МӘҢГІЛІКПЕН БАҒАЛА...

Ермек АМАНШАЕВ: БАҒАЛАСАҢ, МӘҢГІЛІКПЕН БАҒАЛА... - adebiportal.kz



(О.Бөкеевтің «Атау-кере» повесі турасында)


Оралхан.jpg

Бүгінгі таңда қоғамымызда – «тамырдан ажырау», «тірек-тектен іргені аулақ салу», «ата салттан безіну» секілді этикалық-моральдық қағидалардың көпшілік назарын аударып отырғаны рас.


Мұндай «тамырсыздық», немесе рухани «тексіздік» – біздің тарихи өремізден, ұлттық тағдырымыздан туындап жатыр...


Жалпы, «өркениеттің» айыр құлаш жезтырнағының адам жанына салған ойдым-ойдым іздерін ашуды бүкіл творчествосына арқау еткен жазушыларымыздың бірі – Оралхан Бөкеев.


Әдетте, өз қаһарманын қоғамдық қиыр-шиыр дағдарыстардан, ондағы ілік-шатыс қатынастардан бөлек алып, ұлы кеңістікке «тастап», адамның адамдығын, әлеует күшін сол ендікте «тексеретін» Оралхан Бөкеевтің кейіпкерлері – көбінесе – жалғыз, «қияли», «кісікиіктеу» болып келеді. Өйткені, олар – күнделікті тіршілік ағысынан шығып қалған, не саналы түрде шығарылып алынған. Сол себепті, қоғам санасымен саралап, соның көзімен есептегенде аталмыш кейіпкерлер – көрер көзге «оғаштау», сәл өзгешелеу келеді.


Қасат-қасат, мізбақпас қар қамалы. Сол тығырыққа тірелген адам.

Алыстан қол бұлғап, өмірге, күреске шақырған «қар қызы».


Немесе, «сайтан көпірден» өтерде қар көшкінінің астында қалып, екі аяқтан айырылған Аспан шал. Арада әлденеше жылдар өткеннен кейін дәл сол «сайтан көпірге» аяқ басқан оның ұлы Аман.


Бөкеев үшін, табиғи стихия – адам баласының алдында төселген тосқауыл ғана емес, ең алдымен, адам табиғатының, оның жасампаздық қасиетін сынайтын «сайтан көпір». Адамзаттың сол көпірден аман өту, өтпеуі – өз жүрегінің дүрсіліне байланысты. Жамандық пен Ізгілік боп қабат соққан кеудедегі қос дүрсілдің қайсысына ден қойып, дес бергендігіне байланысты.


Жалпы, өркениеттің «терісаққан» қалпын, адам пейілінің тарыла бастап, «тамырсыздыққа», «тексіздікке», баянсыздыққа бет бұрған қалпын Бөкеев өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері айтып келеді.


Ал, оның шығармаларындағы «Қар қызы», «Жетім бота» т.с.с. көркем образдар – адам жанынан, жалпы өркениеттен табан бекітер орын таба алмай, аулақта, сағым көшінде, әуеде, су арасында, жағалауда абстрактілі бейне ретінде өмір сүрген шын Сұлулықтың символдық бейнелері. Немесе, «өркениет» қажетсіз деп танып, өз денесінен сығып тастаған үйлесімділік, Әсемдік.


Мәңгілік «мұзтау» категориялар мен адам табиғатының бетпе-бет келуін арқау еткен О.Бөкеевтің ірі шығармасы – «Атау кере» повесі. «Атау керенің» алайда, оның басқа шығармаларынан бір ерекешелігі бар. Егер бұрын мәңгілік стихия – сынаушы күш болса, бұл шығармада – жасампаз күш, адам жанын дүр сілкінтіп, түлетіп, баяндылық жолына бұратын, «тазалықшы» күш.


Әлқисса, «Атау кереге» кеңірек тоқталайық Бұл шығармада бір-бірімен жиі шағысатын екі бағыт бар. Олар – «қауіпті будан» Ерік және өмір сырғанағында тайғанақтап, тайып жығылған Таған. Осы екі әлемнің қақтығысы, өмір сайысы – асқаралы Алтай тауының бөктерінде өтеді.


Бұрын, табиғат – сырлы, сыншыл стихия, мызғымас алып күш ретінде суреттелсе, «Атау кередегі» Алтай тауы – жанды кейіпкер. Сондықтан, шығарманың үштен екісі соның суреттеріне арналған.

«...Атақты «Мұзтау» деп аталатын шың Алтайдың мәңгі жығылмас, шаңырағы шайқалмас ақ отауы сынды еді... Таулы Алтай өлкесіне жақындағанда, тау-таудың омырауынан бұлақ саулап қосылып, мөлдірленіп барып Обьқа құятын ағынды өзеннің солтүстігін алтайлықтар, оңтүстігін қазақтар жайлайтын...»


Табиғат суреттеріне шығарманың қомақты бөлігі арналған. Бірақ, табиғат мізбақпас, қаперсіз стихия емес... «Бұдан былай жасыл түсті жайлаудың шыбынсыз жазы басталады: не дірілдеп жаурамайсың, не пысынап ыстықтамайсың, «ойхой», дүние – серуен, адам бір көшкен – керуен» деп, қымызға қызған қазақтардың мұңсыз-қамсыз қарқ-қарқ күліп, малдас құрып, кеңес ашып отырар жұмағы да осы; әзірше техниканың тісі тимей, құйқасы тың, ағашы асқақ, шалғыны жайқалып, хош иісті гүлі бұрқырап, бұлақтары сарқылмай сарқырап тұрған да – осынау кең қонысты, бейбіт өрісті Шабанбай жайлауы еді»...


Табиғаттың көл-көсір сұлулығы, тазалығы – адам табиғатының да мөлдірлігін қажет қылғандай.


Жалпы, О.Бөкеевтің қай-қайсы шығармасын алсаңыз да, табиғат – Сұлулық өрісі. Адамдар әлемінен, өркениеттен «қуылған» немесе аластатылып – үдере қашқан Сұлулық – табиғат ананың бойын сағалағандай, тек соның баурайына тығылып, аман қалғандай.


Сондықтан, әсемдік, үйлесім қашқан адамдар әлеміндегі қарым-қатынас тым құрғақ, тым дөрекі.

Еріктің өзін жыл бойына зарыға күтетін, сүйген келіншегі «Перінің қызы Бекторы» – Бекзатқа деген қатынасы да сондай.

– Өртеп-ақ жаққан екенсің... (Монша жөнінде – Е.А.)

– Сенен немді аяйын. Сағыныштан шығар...

– Ыстыққа күйіп өлсін дегенің бе? – деп, Ерік әзілдеген болды. Бірақ басқа-басқа, бұл жігітке әзіл айту жараспайтын. Балшықтан төртбұрыштап қолапайсыз соға салған секілді, төртбақ денесі селкілдеп рахаттана күлгенін естіген, суық та сұсты ақ сұр бетінің жайсандана жадырағанын көрген пенде жоқ-ау, әй, жоқ!..» (19-б.).



Сырттай жылтырап, құшақ ашқан әйелге деген оның ішкі ойы: «Перінің қызы Бекторы деп бекер айтпаған-ау сен сайқалды». «Жо-жоқ, ол ондай емес. Адал. Бірақ кісіден жем жеп үйренген», деп өз ойына қарсы шықты...» (15-б). Міне, кеңістік төріне тарыдай шашылған адамдар тағдыры бір-біріне қапелімде жұғыса қоймай, дөрекілеу қалпымен көрініс береді. Бір-біріне ұмсына түсінуге, түсінісуге деген талпыныс жоқ. Еріктің құдай қосқан қосағы Айнаның ойы мынандай: ...«Тәңірім-ау, сонда не қызық көрді? Көрер қызығымыз алда дейін десе, өзі отыздан асып, Ерік қырыққа толыпты...» (34-б.). Сырт қарағанда, алыс тау арасында жалғыз үй боп түтінін түтетіп, омарташылықпен күн көріп отырған Ерік пен Айнаның тіршілігі адам қызығарлық. Байлық та, дәулет те, береке-ырыс та солардың ошағында. Бірақ екеуінің жаны екіұдайыға тартады.

Ал, сол дәулетті Еріктің орыс шешесі – Нюра – Нүрке кемпірдің ойы бір басқа. – «...Күні ертең жиған-тергеніңе ие болар ұрпағың жоқ болған соң, дүние боқтың керегі не? Шыр еткенге зар қылған тәңірдің тәлкегіне не дауа... (32-б.).

...«Жалғыз бала қатты болады деуші еді, содан ба, Ерігім өсе келе жұртқа жұғымы жоқ, даланың тағысы секілді тәкаппарлау болып кетті. Саған да обал, келін шырақ, ішім сезеді, құсалық бар, қайтейін, Алтайдың аңғарына қамап тастайтын аң емессің...» (46-б.).

Міне, осылайша, алғашында салғырт та маңғаз, сұлу да тәкаппар көрінген Алтай аңғарының – Еріктің пейіліне сай Айнаның жанын езген қапас болғандығын біле бастаймыз.


Осы повестегі екінші бағыт ілгерішіл тұлға Тағанмен байланысты. Оның алғашқы шығарма төріне шығу ұсқыны – ... «жетім балаша қол-аяғын бауырына ала бүрісіп жатқан маскүнемнің жанына жақындады. Үсті-басы адам көргісіз кір-қожалақ, ұзын болып өсіп кеткен шашы құйын ұрғандай дудырап білтеленген, кір басқан аяғына әбден тозығы жеткен бәтеңкені шұлықсыз сұға салған және өмір бақи шешпейтін болуы керек, бауы шиленген, ауының, өңірінің бірде-бір түймесі салынбаған. Ең сұмдығы сол - жатқан жері, жамбасы су, астына жіберіп қойғанын сезбеген-ау, жазған...» (22-б.).


Жалпы қазақ әдебиетінде, соның ішінде прозада, сонау өткен ғасырдың 70-жылдарында («тоқыраудың» қаймағы шайқалмай тұрған тұста) бүтін тағдыры – қоғам алға тартқан салт-жоралғылардың тегеурініне төтеп бере алмай, морт сынған кейіпкерлер галереясы баршылық. Алғашында болашағынан үлкен үміт күттіріп, дарынымен жарқ етіп, дүйім елді мойындататын кейбір жас жігіттердің – кейін, ондаған жылдар бойы бар мүмкіншілігін сығып бере алмай, тырпыл-тырпыл, берекесіз күн кешуі – сол кездегі қасат қоғам арынын есептесек, заңды да. М.Мағауиннің «Архив хикаясындағы» кейіпкер осы тектес образдардың жуан ортасында.


Таған да – сол галереяның жалғасы. ... «Алматыда бес жыл қатар оқыған, аспирантураны тауысқан, ешкім жауырынын жерге тигізіп көрмеген жігіттің сұлтаны, қыз-келіншектің сырттаны Таған еді!..» (23-б.). Сол Таған енді міне, – ішімдік үшін, қу құлқынның қамымен айдаладағы Еріктің ауылына құл болуға мойынсұнып, ілбіп басып келеді. Не қоғам адамның бар қабілетін өз игілігіне сарқа жұмсай алмай, не тұлға бар берерін қоғамға сығып бере алмай, екі арадағы үйлесімділіктің бұзылган тұсы – осы Таған.


Бірақ, тіршілікке деген жоғалған құштарлығын, өмірдің баяндылығына деген сөнген үмітін Таған мәңгілік стихиямен – Алтайдың жадыраған табиғатымен, тәкаппар биік үнсіздігімен бетпе-бет келгенде табады. Оның жаны да табиғат жанына сәйкес қайта түлеп, ол бірте-бірте өз Ренессансын, Қайта Жаңғыруын бастан кешіреді.

Міне, бірде тозақ-қапас, бірде жұмсақ бостан боп екіұдай түрленген табиғат бірте-бірте түбегейлі түлеу, жаңғыру жағына шешіледі.

Сөйтіп, маскүнемдіктен сауыға бастаған Тағанның санасы, «тоқтап қалған сағатты бұрап қайта жүргізгендей, сыртылдап істей бастайды». (167- б.).

Шығармада әлсін-әлсін бой көтеріп, әр жерде бір жылт етсе де, мағынасы, көтерер жүгі қомақты екі сала бар. Бірі - аралар мемлекеті, екіншісі - Қатын суының арғы бетінен жұмасына бір көрінетін, салт атты, жаулықты Қыз.

Аралардың арасында – африкалық пен еуропалық тұқымдарды будандастырғаннан пайда болған «Қауіпті будан» бар. Сол «қауіпті будан» ақыр-аяғы – Еріктің өзі қолқалап, мыңдаған шақырымдардан алдырғанына қарамастан, оның шешесі Нюраны шағып өлтіреді... Әрі беріден соң, Еріктің өзі де – сол «қауіпті будан», деген түйін жасайды автор.

Ал, салт атты, жаулықты қыз – «қатал да, қайырымсыз, ешкімге де, еш нәрсеге де сенбейтін, сезімсіз «сергектік» жайлаған адамдар әлемінің, адамдар қоғамының яғни, өркениеттің өз бойынан қажетсіз деп сығып тастаған Сұлулықтың символы. Ол Сұлулықты Ерік те сырттай қызықтаушы, өйткені, әлдеқашан өз бойынан аластатқан...

«Атау кереде» Табиғат-ана, – сөйтіп, Ерікті, Айнаны, Нюра кемпірді, Тағанды ақтық рет бойына жинап, тіршілік картасын тағы бір жайып тастап, ондағы арасалмақты ізгілік жағына бұрмақшы болады.

Аралар арасындағы «қауіпті будан» – жат-жұрттық тұқыммен будандасқан ұрпақ. Ал, Табиғат-ананың бойындағы қауіпті будан – адам, адам болғанда, Ерік секілді, ділінен бұзылған ұрпақ. Әрине, «Атау-Кередегі» Ерік проблемасын тектік сипаттармен ғана түсіндіру – автордың позициясын тым қарабайыр бағалағандық болар еді.

Тағдырдың мұзтайғағында тайып жығылған Таған – қаймағы бұзылмаған мәңгілік сұлулық – Алтай қойнауына келгеннен кейін, қайта жаңғыруын бастан кешіріп, Өмірге қайта оралады. Оралғанда, өгей өмірдегі жалғыз тіреніші болған енесі – Нюрадан, Нүрке кемпірден айрылған Айнамен бірге оралады. Екеуі сезім табыстырып, жұбымен оралады...

Ал, Ерік... Еріктің тағдыры өзгеше... Ол – салт атты, жаулықты Қыздың қолынан қаза табады. ...«Құдайдың құдіретімен омарташы (Ерік – Е.А.) араға айналды... бірақ бал арасына емес, малға тыныштық бермейтін көкбас сонаға айналды. Айналуы сол екен, арғы жиектегі Қызға зымырай ұшқан. Ұшқан қалпы ғашығына жетіп, иығына қонды. Не болғанын білмей сасып қалған Қыз қолындағы екі бүктелген қамшымен сескене салып қалғанда, енді ғана арманына жеткен «Ерік-Сона»» қанатын серпуге шамасы жетпей, тырапай асып домалап түскен... мәңгілікке...» (216-б). Бұл тек Еріктің ғана емес, барша ізгілік атаулыны тәрк еткен әлемнің, «қауіпті будан»-ұрпақтың заңды ақыры...


Шығарманың «Атау-кере» аталауы тегін емес. «Атау-кере» – адамның өлер алдында, яки ақтық демі таусыларда ғана ұрттайтын сусыны.


...«Бұл жалғандағы ең сорлы нәсте – өзіңді өзің тұтқындау, өзіңнен өзің қашып құтыла алмау, бұған дейінгі жиіркенішті әрі жаныңды жарылқамай жаралайтын ойсыз қылықтарың мен опасыз әрекеттеріңнен құлан-таза арыла алмау, немесе тазалықтың нарқын бағамдай отырып, рухыңа, болмысыңа, тіпті, тәңірім-ау, табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында сүңгілесіп жүру емес пе»? – дейді автор. (35-б.).


Міне, мәселе осында. Осынау «табиғатыңа жат оғаштықтың ортасында». Бұл өркениеттің символы. Өйткені, Адам мен Жалған арасындағы үйлесімділіктің – «адам табиғатына жат оғаштықтың» тұсында жүзеге асуы әсте мүмкін емес.

Өйткені, өркениеттің бойында – табиғатқа, әсіресе, адам жанына «қауіпті будандастық» бар. Ол будандастық Сұлулық, Ізгілік атаулыны өзіне жат, «артық» көріп, денесінен сығып тастаған. Аластатқан...

Сол «будандастық» – адамзаттың «атау кересі» болып жүрмесін?!

Өзі айтпақшы, «адамның арманы бұзылмаған заманда» өмір кешіп, сол заманда мәңгілікке сапар шеккен Оралхан Бөкеевтің өркениетке бағыттаған ескертуі – аманаты осы...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар