Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ермек Тілеген. «Кім... айналайын...»...

16.02.2024 2308

Ермек Тілеген. «Кім... айналайын...» 18+

Ермек Тілеген. «Кім... айналайын...» - adebiportal.kz

әңгіме

«Мен бастағанда тоғыз еді, – деп ойлады қабырғадағы сағатқа қарап ентігіп тұрып. – Енді бір бес минут шыдасам, жарты сағатқа жеткіземін».

Бірақ жеткізе алмасын білді. Өкпесі күйіп, кеуде тұсы ашып, әр жұтым ауа өңешін жыртып өтіп жатқанын сезді. Қос құлағы шыңылдап барып бітеліп қалды, жүрегі үсті-үстіне үдей бұлқына соқты. 

– Кім... айналайын... – деді қарсы алдында, төсектің шет жағында ары қарап тізерлей етпеттеп жатқан қызды жамбасынан қағып. – Демал... Жуынып келейін... – Сөйтті де тәлтіректей басып шегіне берді.

«Осындай қонақ үйлердің бөлмелері кішкентай болғаны қандай жақсы, екі аттап жуынатын жерге кіріп келдім» деп ойлады оң жақ қапталдағы қолжуғышқа бұрыла беріп. Сол сәтте аядай бөлменің ақшаңқан қабырғасы алаулай қызарған сияқты болды да, басы айналып құлап бара жатты. Миыма қан шапты ма деген үрей бойын билеп, сол жақта тұрған ваннаның ернеуіне қолын соза ұмсынған беті шөкелей берді. «Басымды соғып алмайын...»

Есін жиғанда жерде жатыр екен. Суық тас еденнің ызғары кеудесінен өтіп барады. Жер таянып еңсесін тіктей беріп еді, шекесі лық ете түсті де, көзі қарауытып кетті. Сәлден соң темір ваннаның қырынан бір қолымен ұстап тұрмақ болып еді, әлі келмеді. Енді бөксесі сүйретіле барып, екі білегін бірдей артып, ернеуіне ілінді. Оң қолын созып еді, су ағызатын тетікке жетеді екен. «Көгі – суық су». Ваннаның түбінде жатқан сушашқыны ұстап, мұздай суды бетіне шашты, одан соң басына құйды. 

Ентігін басып, жуынып-шайынып, жатын бөлмеге кіргенде қабырғадағы сағатқа тағы көзі түскен. Оннан өтіп барады екен. «Жарты сағаттан көп жатқанмын ба сонда, – деп ойлады. – Әжетханада өліп қалсам да, мына қыз сезбейді екен ғой». Жалаңаш қыз етпетінен түсіп, жұқа көрпені белінен асыра жамылып ұйықтап жатыр екен. Енді байқады, терезе әлі ашық, күздің кешкі салқыны бөлмені жайлап алған. Терезені жапты да төсектің аяқ жағындағы шөгіңкі  сұрықсыз қызыл креслоға барып отыра кетті. 

«Жасы он сегіз не он тоғызда, – деді қызға қарап отырып. – Менің қызыммен шамалас». Басқа қалада оқып жатқан қызы есіне түсті. «Жатақханасына төлейтін ақшасын салып жіберу керек еді, ұмытып кетіппін ғой». Кенет бір қорқынышты ой сумаң етіп миына кіріп келді: «Мен сияқты біреу...». Бойы мұздап кетті де, өз қызы туралы ойламауға тырысты. 

Қонақ үйдің астыңғы қабатындағы дүкеннен үш бөтелке мұздай сыра ала кіріп, креслоның жанына қоя салған еді, біреуін ашып іше бастады – әлі сұп-суық екен. 

«Мұны тәлкек қылғанды қояйын, – деді қатайып: – Қызымның атымен... – Жүрегі шым етті. Қызының атымен ант етуге дәті бармады: – Әлі уақыт бар, ұйықтап алсын. Оянған соң бірден жатақханасына апарып саламын. Одан соң хабарласпай кетемін». 

Хабарласпай кету сүйікті тәсілі еді. Осындай жас қыздардың көңілін тауып, ығына бір жығып алған соң шарт қоятын: «Беймезгіл уақытта, әсіресе жұмыстан тыс мезетте не демалыс күндері телефон соқпайсың. Көшеде біреу-міреумен келе жатсам, танымаған адам болып өте шығасың. Керек кезіңде өзім тауып аламын». Одан соң бұл араға бірер апта не ай салып барып хабарласатын . 

Тәтті ұйқыда жатқан қызға қарап ұзақ отырды. Университеттегі кездесуге барғанда өлеңдерін оқыған. Ұзын бойлы, кеуделі, мықынды, қысқа қара шашты аққұба қыз. Түрі есінде қалмапты. Кейін сол жерде жұмыс істейтін, жаңағы кездесуді ұйымдастырған досына айтқан «әлгі бір қызды тауып берші» деп. «Қай қызды айтасың» дегенде сырт тұлғасын суреттесе де, бет әлпетін сипаттап бере алмаған. «Ит-ай, саған беті емес...» деп әзілдеген досына «ана өлеңімді оқыған қыз ше» деп отырып әзер түсіндірген. Қазір де ұйықтап жатқан қыздың бет пішінін есіне түсіріп көрмек болып еді – көзі қара ма әлде қоңыр ма, мұрыны тәмпіш пе әлде қырлы ма, еріні қалың ба әлде жұқа ма – мүлдем таппады. «Неменеге қиналып отырмын, жанына барып қарай салмаймын ба» деп ойлады. Бірақ  орнынан тұрмады. 

Бетіне үздіге қарап, ақындық шалықпен әсемдеп айтатын әр сөзін аузы аңқиып отырып тыңдайтын байғұс баланы аяп кетті. Жаңа осы жаққа келе жатқанда: «Сол кеште өлеңіңізді он шақты қыз оқыдық қой, неге маған көңіл аудардыңыз?» деп әлдебір үмітке толы көзбен қиыла сұрағаны есіне түсті – оған не деп жауап бергенін ұмытып қалды.

Телефон номерін тапқан соң хабарласып, шырғалап жүріп кездесуге шақырып, мейрамханаға әлденеше рет апарып, саған арнап жазғаным деп өлең оқып, онда да таныс-біліс біреу-міреу көріп қоймаса екен деп қыпылықтап отырып, ақыры оңаша жерге баруға көндіргені бүгін еді. «Бірінші кездесуде-ақ ұзақ өнер көрсетем деп тыраштанып дәрі ішіп, бойың босаңси бере дем алмай тұра қалып, сәлден кейін қайта үдете қимылдап, жарты сағатқа жеткізіп тәнті етемін дегенде инфаркт бола жаздадың» - деді өз-өзін кекетіп. 

«Әлгі бір жазушы сияқты... аты кім еді... өліп қалсам» деп күбірледі сәлден соң. Қатарластары аңыз қылып айтатын еді: «Бәлен деген жасы алпыстан асқан жазушы достарымен бірге саунаға барыпты. Моншаға түсіп, бильярд ойнап, сыра ішіп, оған да разы болмай жеңіл жүрісті қыздарды шақырған екен. Төсектегі майдан кезінде жарықтықтың жүрегі шыдамай, үзіліп кетіпті. Бәлесінен аулақ деді ме, әлде бала-шағасының бетіне қалай қараймыз десті ме, ескі достары да апыл-құпыл киіне салып, марқұмды тастай қашыпты, – деп. Одан соң: – Байқаңдар, біреу-міреуіміз сондай абыройсыз өлімге тап болып, тірі қалғанымыз мазаққа қалмайық», – деп күлісетін. «Бұл ондай емес – қулық-сұмдықтан ада, уыздай жас қыз. Ал мен алпысқа да жеткен жоқпын».

«Абай атам рас айтады, – деді сәлден соң. – “Сап, сап, көңілім..., Жай жүрсең де қыз қумай, Сені біреу қарғай ма?”'» – «Арсыз неме, Абайдың атын кірістірме мұндайыңа, – деді іле-шала. – Істейтінің зинақорлық, сонда да жұрт көзіне көсемсіп көрінетін әдетіңді оңашада да қоймадың ғой». – «Немене, Абай да...» – «Пәлсапаны қайтесің, оданша дамбалыңды тауып ал».

Енді байқады, ваннадан шыққан қалпы лыпасыз екен. Екі омырауы салбырап, бұлшық еті баяғыда босаң тартқан шардақ қарнына төніп тұр. Еті қашқан санына қарап біраз отырды. «Тағы бірдеңеңді көре алмай отырсың ба?» деді сосын. Төсектің аяқ жағына түсіп қалған іш киімін қағып-қағып киіп алды.

Етпеттеп ұйықтап жатқан қыз ыңыранды да сол жамбасына аунап түсті. Оң аяғына ілінген көрпенің шеті ысырылып, санынан төмен жылжып кетті. «Жарты сағатқа жетпесем де, әбден зорықтырған екенмін» деді бұл масаттанып. Достарына осындай жорықтарын айтып мақтанғанда «бір өлеңім бір қызды жығуға жетеді» дейтіні есіне түсті. «Онда тұрған не бар? – деді сосын: – Біреу әйел затына ақшасымен өтеді, біреу түрімен өтеді, ал мен – сөзіммен». Ұйықтап жатқан қызға меңірейе қарап отырып қалды.

«Сұлу қыз, – деді сыраның соңғы бөтелкесін тауыса бере. – Жасы он сегіз-он тоғызда. Ал мен... елудемін. Енді он жылдан кейін мұның жасындағы қыз маған қарай ма? Маған десең, жүз өлең оқысам да...»

Кенет атып тұрды да, есік аузына тақау кіре берісте, бағана лақтыра салған жерде жатқан шалбарына ұмтылды. Оң қалтасына қолын сүңгітіп еді, үйінің кілті ілінді сылдырлап. Сол қалтасынан жалғыз презерватив шыққанда көзі күлімдеп сала берді: «Бәсе, артығымен алып жүруші ем. –  Қабырғадағы сағатқа қарады. – Әлі жиырма минут бар». Содан соң төсек шетіне баспалай келіп отырды да: «Кім... айналайын...» деп көрпені сыпыра бастады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар