Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ертай Ашықбаев. Жұматайдың Кенежирені...

08.01.2019 5319

Ертай Ашықбаев. Жұматайдың Кенежирені

Ертай Ашықбаев. Жұматайдың Кенежирені - adebiportal.kz

Жұматай Жақыпбаевтың 2005 жылы «Раритет» баспасынан шыққан кітабы «Кенежирен» деп аталды. Оны құрастырып, алғы сөзін жазған Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай мен редакторлық еткен Есенбай Дүйсенбайұлы қазақ поэзиясының ХХ ғасырдағы ірі өкілінің бұл бір томдығын осындай есім-атпен жарасымды үкілеп еді.

Сәл әрі жылжысақ, 1981 жылы қолымызға тиген Төлеген Айбергеновтің кітабы «Бір тойым бар» деп аталуы да осы тәріздес әсерлі тапқырлық болатын. Сондай-ақ 1983 жылы «Жазушы» баспасы ұсынған Ізтай Мәмбетовтің бір томдық жыр-мұрасын «Ақпан» деп атағанда құрастырушылар әйгілі «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деген өлеңді негізге алғаны дау тудырмаса керек.

Сол «Бір тойым бар», сол «Мен туыппын ақпандатқан боранда» секілді Жұматайдың «Шора Кенежиренді сатып жібергенде» деп аталатын өлеңі де кейінгі талай жылдарда да тап қазіргідей шуағын төгіп тұра бермек. Тағы бір рет оқып шығайық.

КЕНЕЖИРЕНДІ ШОРА САТЫП ЖІБЕРГЕНДЕ

Жирен тұлпар — іштен туа қасқа бас,

Молда мінсе, дұғасынан тастамас.

Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,

Бес моторлы самолетке баспа-бас.

Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,

Шыбынға да тигізбейтін кесірін.

Жабағыдай жатағандау болғасын,

Кенежирен қойып едім есімін.

Шоңайнаның мөрін жалға басып ап,

Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап.

Қорықшы да қамамай-ақ жүретін

Өзін-өзі беделімен асырап.

Митыңдатып мінгенім бе енді есек?!

Бүйтер болсақ, бұл өмірге келмес ек.

Жұбымызды неге жаздың, бауырым,

Екеуміз де бәйгемізде теңдес ек.

Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда,

Жұрт жаутаңдап иесіне қарар ма?

Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай

Енді мені есті жігіт санар ма?

Құбыладан қайтқан атты тосарда

Қуаныштан көңіл енді босар ма?

Аламанға ат қосқанда жігіттер,

Жиренім жоқ, қара итті енді қосам ба?

Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,

Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?

Жұрт ағасын айырбастай бастаса,

Шөке, сені өткізер ем алдымен.

Алғашқы жолдан бастап-ақ Жұматайдың әр атауға мүмкіндігінше бояуды анық етіп жағатын ерекшелігі және бір мәрте байқалады: «Жирен тұлпар — іштен туа қасқа бас». Осы жолдың әрін келтіріп тұрған, керек десеңіз, санаға бірден сіңіп қалуын қамтамасыз ететін анықтама — «іштен туа» деген тұрақты сөз тіркесі. Рас, құлынның (әрине, балапанның да) өсе келе сыртқы түгі, жүні өзгеретіні дау туғызбас. Әйтсе де жылқы (басқа түліктер де) ешуақытта аяқ астынан қасқа бас бола салмаса керек, іштен солай болып туатын шығар. Бірақ Жұматай «іштен туа» деген артық қосымша түсіндірме секілді һәм поэзияға тиесілі еместей, ауызекі сөзге ғана лайықты сияқты көрінетіндей осы тіркес арқылы осы бастапқы жолды құлпыртып-ақ жіберген. Себебі «жирен тұлпар — қасқа бас» дей салсаңыз немесе оған, мейлі, «әуелден, баяғыдан» деген сөздерді қосып қолдансаңыз да, бұл жол дәл осындай әсерлі болмас еді. Соншама бай қазақ тілін талғамсыз ысыраптамай, керек сөзіңді адаспай теріп алудың бір үлгісі — осы. «Іштен туа» — алдыңғы сөз бен кейінгі сөзді сәнді жалғап тұрған көркем ұстын.

Ал «Молда мінсе, дұғасынан тастамас» — осы алғашқы жолға іле-шала қисынды түрде жалғанған, кейінге қалдыра тұру қиянат болатындай, Кенежиреннің шынында да тұлпар екендігіне сендіретін қолма-қол айғақ-дәлел. Бұл өлең жазылған шақта молда социалистік елдің атеистік тұрғыдағы көзқарасы бойынша ұнамсыз қызмет иесі болғанымен, ел арасында есім-жөнін өз ауылы түгілі көршілес жұрттар да танып, біліп жүретін әжептәуір сирек бедел иесі еді. Молданың сөзіне нағашылы-жиендігі бар әлдекімдер әйтпесе әбден құдайдан безгендер қыжырту айтқаны болмаса, мына жалған дүниеде қиямет-қайым барын есте ұстайтын көпшілік, әсіресе, діннің адамгершілік негізі туралы әңгімелерге құлақ асатындар түгелге жуық ден қойған. Жұматайдың молданы дәлелге ұсынып отырған себебі осы болса керек. Әрине, молда Кенежиренді дұғасынан тастамауы, тіпті дұғасына енгізуі екіталай шаруа, дегенмен ақынның оқырманды бұл ықыластың өтеуі басқаша емес, дәл солай болғанына сендіргісі келетіні, өлеңді оқып отырғанда өзің де сенгің келетіні қызық. Поэзияның екі жердегі екі төрт болмайтындығын да дәлелдеп шығуға қуаты жететіндігінің бір мысалы — осы.

«Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін» — зор өкініштің ащы тынысы. Ақын «сатпайтын-ақ атым еді» демейді, себебі бекзат адам қымбат дүние-мүлкін (күміс шақшасын, жүйрік атын, құмай тазысын, қыран бүркітін) сатпауы мүмкін, бірақ дос, сыйластық көңілдің белгісі ретінде атымтай жомарттықпен бере салуы бек мүмкін. Жұматай бере салғысы да келмейді екен. «Қайтейін» деп күрсіне бармақ тістейтіні де, күйзелісі еселене түсетіні де содан. Бұл ретте Абайдың «…Ыза қылдың қолыма бір тигізбей» дегені мүлдем басқаша опыныс. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген мұғаліміміз осы «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақты…» түсіндіргенде: «Ақын «ыза қылдың қолыма бір тигізбей» дегенде кедейлердің атынан сөйлеп отыр, әйтпесе байдың баласы болған Абайдың мұндай жылқыға қолы жетпеуі мүмкін емес» дегені есте қалыпты. Оны бүгін саясат араласқан (Абайдың өлеңіне саясат қазір де араласпай жатқан ештеңесі жоқ) тұрпайы түсінікке балап, әр саққа жүгіртуге де болар еді. Бірақ әйгілі Мұхтар Әуезовтің өзі де бұл өлеңді талдағанда таптық көзқарас болуы керектігі жөніндегі талаптан шылбыр үзіп кете алмаған ғой. Ұлы жазушының былай дейтіні бар: «…Жалғыз-ақ атап айтатын бір жәй: осы атты сынап отырушы адамның кейбір салт-саналық көзқарасы турасында болу керек. Ақын осы атты еңбекші көпшіліктің күнделікті тіршілігіне қажет болған күш есебінде жырламайды. Және жорықта жан серігі ететін жауынгер көзімен де қарамайды. Өзі жүйрік, өзі берік, жуан, жуас, қолға түспес, жақсы атқа қарап отырған көз өзі де еңбекші адамның көзі. Атты, оның іс-әрекетінің үстінде көрсетпей, «белдеуде тыныш тұрса байлап көрсек» деп тек қана көлденең тұрғызып қойып, созерцание түрінде, тыныш қана тамашалап отырған ақын көзін көреміз».

Дегенмен Абайдың неліктен «Ыза қылдың қолыма бір тигізбей» дейтіні бәрібір түсініксіз. Бәлкім, ұлы ақын мұндай дүлдүлдің қол жетпес армандай асыл жаратылыс екенін айтқысы келген шығар. Ал Жұматай қол жеткен сондай асыл жаратылыстан жазықсыз айырылып қалғанына қалайша одан арттыра назаланбасын?!

Төртінші жолда ақын Кенежиренге қайтадан тікелей оралып, «Бес моторлы самолетке баспа-бас» дейді. Келісті-ақ теңеу. Заманында Иса Байзақовтың да «Екпінім самолеттей заулайтұғын» дегенін ұмытқан жоқсыз. Рас, самолеттің (қазіргіше айтсақ, ұшақтың) моторы бесеу болмайтыны түсінікті. Дегенмен біздің аймақтағы секілді су-нуы аздау құрғақшылық өлкеде туып-өскен адамдарға халық әніндегі «Сен есіме түскенде, беу, қарағым, Кемесіндей дарияның бұраңдаймын» деген жолдар қандай таңсық әсер етсе, бес моторлы самолетпен қиыстырылған мына жол да кәдімгідей еліктіріп-ақ жібереді.

Қайтадан оқылық:

Жирен тұлпар — іштен туа қасқа бас,

Молда мінсе, дұғасынан тастамас.

Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,

Бес моторлы самолетке баспа-бас.

Міне, бір шумақ, төрт жолдан қаншама сөз туындап жатыр. Ал әр шумақты, әр жолды осылай талдай берсек ше? Солай етсек те әбес болмайтындай. Өйткені осы өлеңде басы артық лепес жоққа тән. «Мүлде жоқ» деп кесіп айту, әрине, тым көңілшектікке (ессіз табынушылыққа) соқтырар еді. Мысалы, «Аламанға ат қосқанда жігіттер, Жиренім жоқ, қара итті енді қосам ба?» дейтін жолдар су төгілмес жорға мініп келе жатқан мырзаның аяқ астынан іш түсірер шоқыраққа тап болғанын елестететіндей. Себебі аламанға ат орнына ит қосу дәстүрде болған емес. Ал, қобыз қосу — ерекше оқиға. Бұл ретте Мағжанның қаламынан туған «Қойлыбайдың қобызы» еске түсер еді. Бұл — бір. Екіншіден, итті аламанға қосу түгілі, өзара таластырудың өзі — ерсі ермек, өнерді емес, өлермендікті насихаттау. Үшіншіден, неге қара ит, неге қызыл ит немесе сұр ит емес, жауабы жоқ сауал. Әрі-беріден соң, қара иттің орнына жылқыға лайықталған шобыр, мәстек тәріздес синоним атаулардың бірін шебер кіріктіре салу Жұматайдың қолынан келмейтін еді дегенге кім сенер?!

Рас, Жұматайдың бұл өлеңіндегі бір атауды бұдан бұрын да, тым ертеректе сынағанбыз. Тілектестік рәуіште жазылған мақалалардың біреуінің авторы ақынның «Жабайы аттай жатағандау болғасын, Кенежирен қойып едім есімін» деген қайырымына тоқталып, «жабайы ат» деген сөздің шындыққа жанаспайтынын айтқан еді де, кейін бұл сөз өзгеріске ұшыраған. Әлде Жұматайдың өзі «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» (Абай) деген қағидаға бас ие салды ма, әлде әлгі ескертуді оқыған кітап редакторы батылдық көрсетті ме, әйтеуір кейін осы қайырым «Жабағыдай жатағандау болғасын» делініп кетті. Нағыз жүйріктің сыртқы тұрпаты сырт көзге тым қораш болып көрінетіні туралы әпсаналарға құлағымыз қанық. Дегенмен жабағыңыз — құлын мен тайдың арасын жалғастырып тұрған түлік. Ендеше оның ірі жылқыларға қарағанда шағын, жатаған болмасқа шарасы жоқ, бұл — табиғи заңдылық. Ал жабайы аттың жөні басқа. Ірі кітаптарды былай қойғанда, 1986 жылы жарық көрген, төменгі сынып оқушыларына арналған «Ол кім? Бұл не?» деп аталатын энциклопедияда мынандай деректер бар: «Жабайы жылқылар жер бетінде тіпті аз қалды, оның өзінде де тек Азияда ғана сақталған. Ол осы жабайы жылқыны алғаш кездестіріп әрі сипаттап жазған әйгілі саяхатшының атымен Пржевальский жылқысы деп аталады. Жабайы жылқы жатаған (!), мығым, басы үлкендеу, тікірейген тарақ жалды, мүлдем кекілсіз болып келеді». Көрдіңіз бе, жатағанның түпкі негізі қайда жатыр? Журналист Қарагөз Сімәділге берген сұхбатында ғалым Бірлікбай Есжановтың: «Керқұлан немесе түзат. Пржевальский жылқысы дегенді мүлдем ұнатпай­мын… Ғылыми орта көрген, Пр­же­вальский атып алған уақытқа дейін ол жануар сайын даланы ешқандай атаусыз кезіп жүрмеген болар?! Ол — түзат. Немесе керқұлан…» дейтінін қоссақ, қосымша кең арнаға түсіп кетеміз. Сол сияқты академик Игорь Нечаевтың: «…Ағылшын ғалым­да­ры жылқының шежіресін жасапты. Шежіре­ге қазақтың жылқылары енбепті. Біз оны кіргіздік. Бұдан кейін ағылшындық пен Бүкіл­одақтық ресейлік жылқы шаруашылығымен айналысатын институт ғалымдары біздің жа­бы, адай, мұғалжар және басқа жылқы­мыз­дан қан алып тексерді. Біз де тексеріп көр­дік. Тек­серу кезінде ағылшындардың қатты таңғал­ғаны бар. Жер жүзіндегі жыл­қы­лардың ішінде қазақ жылқыларында, мұғал­жарда алғаш­қы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені ба­рын анықтаған. Басқа тұқым­дарда бұл ген жоқ. Қазақ жылқысының шы­дам­дылығы сол — алғашқы жабайы жылқының генінің барлы­ғы сақталған. Ол тарпаңнан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Сол жабайы жылқы­лар­дан қал­ған қазіргі қазақ жылқылары» дейтіні де (Жексен Алпартегі, «Қазақ жылқысынан артық жануар жер жүзінде жоқ») ғылым тереңіне тартатын пікір. Әрине, мұндай деректерге өзі де жылқының жайын ешкімнен кем білмеген Жұматай біршама қанық болғаны даусыз. Ал жабайы жылқыны жабайы ат (түзат) деп атауда тұрған ешқандай сорақылық жоқ-ақ. Ақынның болашақ кітаптарында осы қате түзетіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әділін айта кету керек, осы сөзді жатырқамағандардың бірі, мысалы, Есенғали. «…Кенежирен ат жабайы аттай жатағандау тұрқымен тақтай қақпаны өзі ашып (қазақтың қара өлеңінің қақпасын деп түсінеміз) кіріп келді» — деп жазды ол «Өлеңнің Кенежирені» деп аталатын мақаласында (22 желтоқсан 2005 жыл, «Әдебиет айдыны»). Міне, кейде үстірт айтыла салған бір пікірге байланысты бұзылған өрнекті қалпына келтіру үшін бірнеше еңбекке үңілуді қажет ететін осындай реттер де болады. Орайы келгенде ескерте кетелік, Жұматайдың өлеңдеріне енгізілген басқа да бірер «түзетулер» туралы айту — басқа әңгіменің еншісі.

Үшінші шумаққа тоқталайық:

Шоңайнаның мөрін жалға басып ап,

Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап.

Қорықшы да қамамай-ақ жүретін

Өзін-өзі беделімен асырап.

Бұл шумақта Жұматай мен Кенежиреннің туған, өскен өлкесінің ерекшелігі, осыған параллельді түрде келтірсек, бақша өсіруді құнт етпеген біздің ауыл-аймақтың өзгешелігі көзге түсіп тұрады. Сондай, яғни бау-бақшасыз өңірде ержеткен біздің өлеңдеріміздің беріден тартқанда, мысалы, жабайы бүлдіргенмен, әріге кеткенде базар-дүкеннен сатып алынатын алмамен өгейлене жасауланып тұратыны сондықтан. Өтежанның балладаларында («Тағы да Сағындық туралы», «Жылдарға сапар») негізінен әлі де жалғасып келе жатқан, әр үй жеке бақша отырғызбайтындығы себепті ұжымшардың (кеңшардың) ортақ бақшасы балалардың көзінің құртын жейтіні дәл бейнеленген: «Құнарлы еді-ау Қаратөбе бауыры, Семіз тайдай жалтырайтын сауыры. Үш баланың көз алдында бал құсап Пісіп жатты Сағындықтың қауыны». Ал мына ауылдың көрінісі («Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап») жеміс-жидекке бай тірлікті байқатады. Бір ғана гәп — осыны айта отырып та ақын Кенежиренге жерлестері қандай құрметпен қарайтынын сыналай құлаққа құйып кетеді.

Қорық пен қорықшы туралы да осыны айтуға болады. Ертеректе Кеңшілік Мырзабековтің кейінгі ақындық жолын кінәратсыз айқындаған алғашқы өлеңдерінің біріндегі «Менің әкем мазасыз қорықшы еді», одан соңғы «Қорық болмай әне бір шалғын табан Өріске өткен көп малға өткел боп тұр… Қорық көрген құнандар көп келмейді, Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр» дейтін жолдарын оқығанда қорық пен қорықшы туралы сәл іркіле ойланғанымыз бар. Кейін жалпы Жетісуды, оның ішінде, әсіресе, Жұматай туған Жетісу ауылындағы (курстасымыз Мұрат Талдыбаевтың да туған ауылы осы болғаны себепті) ырғын көкөніс алқаптары мен бітік шалғындарды көргенде барып бақшашы мен қорықшы туралы тереңірек пікір түйгеніміз бар. Біздің жақта осы қорықшылық кәсіппен салыстыруға келетін әбиетшік (объездчик) деген қызмет иесінің міндеті, біздің түсінігімізше, жайлауға көшіп кеткен шопандардың қыстауларындағы үй-қоралардың бүтіндігін бақылаумен (әрине, анда-санда ғана) шектелетін тәрізді еді.

Бір шумаққа соншама қадалып отырған себебіміз мынау. Жұматай оқырманды өз ауылының көркем пейзажымен талай мәрте тамсанта таныстырды. Кенежиренді дәріптеуді жалғастыратын осы шумақта сол жасыл әлем, қайтадан суреттелмесе де, бізге тағы да бір рет ту сыртымыздан жасырын көз салып тұрғандай сезіледі екен.

Келесі шумаққа ауысайық. Кенежиренінің даусыз даралығын ғана емес, сол даусыз даралықты сол ауылдың адамдары (молда, бақша өсірген жұрт, қорықшы) қалайша риясыз түсінетінін ризашылықпен баяндайтын сырбаз ақын, әрине, өзін де ұмытпайды: «Жұбымызды неге жаздың, бауырым, Екеуміз де бәйгемізде теңдес ек». Әдетте біз ұйқас құрайтындардың барлығын өлең бәйгесінде жүр деп есептейміз. Сонымыз дұрыс па? Қазақ бәйгеге жел жетпес сәйгүліктерді немесе сондай атақтан үміткерлерді ғана қоспаушы ма еді. Ал мініс аттары жемін жеп, шөбін тістеп, ауыл сыртында аман-есен жайылып жүре беруші еді ғой. Қазіргі мүшәйралар мен жыр бәйгелерінің сорақылығы — сондай талғамның адыра қалғаны. Үп-үлкен басымызбен өзімізден әлдеқайда жас, енді көктеп келе жатқан Бағашар Тұрсынбайұлынан: «Біздің конкурстар, үл­кенді-кішісі болсын, әділет жолын ұс­танбаған. Сондықтан да шын жүйрік озбайды. Жәркенді мүшәйралардың жеңімпазы деп көп естімейтініміз де сондықтан болар» дейтіндей сөз естуіміз ұят-ақ («Қазақ әдебиеті» газеті, 2014 жыл, №19). Кеңестік Қазақстанда пәленбай жылға созылған жалғыз конкурс — «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің соңына сөз еріп көрмегені осы жұртқа түгел мәлім. Түптеп келгенде, аса кеще болмаса, қалам ұстаған жан өзгелермен салыстырғанда өзінің өнер-өрістің қай маңайында жүргенін анық аңғарады-ақ. Жұматайдың «Екеуміз де бәйгемізде теңдес ек» дейтіні содан және солай айтуға оның толық құқы да бар еді. Ал біздің біраз өлеңдеріміздегі өзімізді дәріптеуіміз, асабалардан естігеніміздей, «Алашқа аты мәлім Серік едім, Айтысқа бірінші рет келіп едім» деген сияқты болып келетіні бар.

Одан кейінгі шумақтағы «Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай Енді мені есті жігіт санар ма?» деген күйініш-сауалдың астарында да автордың өз бейнесінің негізі жатыр. Біріншіден, жай ғана Сарноқай емес, сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай. Расында да Қуан аға Шаңғытбаевтың осы тақырыпқа жазылған әсем өлеңдері бар: «Сарноқайдағы түн», «Сарноқай-Сатылы», «Сарноқайдың жайлауына бармаққа…». Екіншіден, жақсы өлең жазып, жүйрік ат мінген жас мырзаны есті жігіт демегенде не дейміз?! Демек, айдың күні аманында Кенежирендей асыл тұяқтыдан айырылып қалу сондай мінсіз беделге түскен кешірілмес дақ емес пе?!

Міне, осындай да осындай жағдайлардан кейін езу тарттыратын мына соңғы шумақтың жазылмайтын да реті жоқ екен-ау:

Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,

Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?

Жұрт ағасын айырбастай бастаса,

Шөке, сені өткізер ем алдымен.

Шын болған оқиға ма, әлде қиялдан туған қисын ба, әйтеуір осы өлеңнен соң Шора ағамыз Кенежиренді үстеме бәс беріп қайтадан кейін сатып алғаны туралы әңгіме айтылады. Бірақ, қалай болғанда да, жұрт жапырыла оқыған өлең жазылып қойып еді.

Ал біздің қаламымызға бұл өлеңнің жеке дара іліккен себебі неде?

Ең әуелгі айтар жайт, «Кенежиренді Шора сатып жібергенде» өлеңі — Жұматайдың Кенежиренді қатыстырып жазған бұған дейінгі барлық туындыларының қорытындысы іспетті. Ақынның «Саратан» атты алғашқы кітабындағы «Ат жаратқанда» дейтін өлеңі «Елпең-елпең желеді, Елден бөлек жан қинап. Кенежирен дегенің — Тұлпарлыққа кандидат» деп аяқталатыны бар. Бұған әр кезеңдерде қағазға түскен «Кенежирен», «Кенежирен. Түн», «Топты жарып әлеміш жаяу қалың…», «Айдарбекте. Сауал», «Менің атым», «Ала аяқтарға құранды ер, жабу салдырып…», «Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен…», «Ақ тастары кем емес сұлтандардың тағынан…», «Қорлық» тәрізді өлеңдерді қоссаңыз, Кенежиренді тұтас танып шығасыз және Кенежиреннің сатылып кеткеніне Жұматаймен бірге сіздің де ішіңіз удай ашиды.

Рас, ақынның бұған дейінгі өлеңдеріндегі секілді бұл өлеңде де Күреңбай тәрізді сыншылардан қалған үлгі, яғни аттың сыны жоқ. Әрине, Абай мен Ілиястан соң бұл үрдісті жалғастыру оңай да емес екені белгілі. Дегенмен осы жеті шумақ Кенежиренді жеткілікті танытады. Жоғарыдағы талдауымызға енген мысалдарға Кенежиреннің қақпаның есігін өзі ашып кіретін сезімталдығын, шыбынға да кесірін тигізбейтін тәрбиелілігін қоссаңыз, мына жирен жылқыны тіпті де жат тұта алмайсыз, асырып айтсақ, осындай дүлдүл «қолыңызға бір тимегеніне ыза болуыңыз» да мүмкін.

Және бір ерекшелік, бұл өлеңде тосын өкініш бар, бірақ шексіз күйреуік шер жоқ. Тіпті өкініштің өзі әлдебір әзіл-юморға бүйрек бұра беретін секілді. Әсіресе, өлеңнің аяқталар жолдары («Жұрт ағасын айырбастай бастаса, Шөке, сені өткізер ем алдымен») түптің түбінде жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше екеніне мегзеп тұрғандай-ақ.

Ал өлеңнің басты тарту күші, әрине, сол баяғы жұматайлық қолтаңба. Жоғарыда сөз болған көркемдік нақты детальдарға қоса, ешбір жүк көтермейтін саяқ сөздің енуіне рұқсат етілмейтін татаусыз талғампаздық, бір шумақты екінші шумаққа жарасымды жалғап тұратын жалпы тұтастық, «Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда» немесе «Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай» деген жолдардағы тәрізді ұнасымды дыбыс қайталамалары бұл өлеңнің де шаңырағын биік ұстап тұр.

Тек оқырманды ешуақытта бейтарап қалдырмайтын осындай үздік өлең жазу әркімге бұйыра бермейтіні неткен қатал заңдылық екені ғана шешілмейтін жұмбақ күйінде қала бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар