Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Есей Жеңісұлы. Ар ...

24.11.2019 6891

Есей Жеңісұлы. Ар 18+

Есей Жеңісұлы. Ар  - adebiportal.kz

(Триптих)

І. Қырқым

Біз жайлауға жүк мәшинесінің қорабында әндетіп жеттік. Әсіресе ағам қатты қуанды. Өзі ән бастап, тап бір опера әншісіндей қолын ары-бері сермеп, дауыстай шырқаған-ды. Әйелдердің: «Әй, шешек, қазір көлік бір секірсе, ұшып кетесің ғой! Ұстан!» - дегеніне күле қарап, тіпті де доғарған жоқ. Мәшине ойлы-қырлы жолда қанша мөңкісе де, тұрған жеріне дік етіп қос аяғымен түсіп, бәрін таң қалдырды. «Мына шешек сиркаш боп кеткен бе?!» - деп әйелдер таңдай қағып, артынша ілесе шырқап кеткендерін өздері де сезбей қалды. Тіпті кейбіреуі: «Баяғы қалқоз кезінде қырқымға осылай әндетіп барушы едік. Қайран заман-ай...» - деп күрсініп те жіберді.

Әдемі тәте ғана ұяң жымиып, әнге қосылмай, бір бұрышта отырды. Ағамның сол жаққа қайта-қайта қарағыштағанын мен де сездім, жұрт та байқады. Бауырымның мұнысын жақтырған жоқпын. Өйткені, әдемі тәте туралы жұрттың пыш-пыш сөзін естігенмін. Ағам қалайша хабарсыз? Құлағы шалмауы мүмкін емес.

Қалдыбай қойшы бәрін дайындап қойыпты. Мен әдемі тәтеге, әйелдерге тамақ дайындауға көмектесетін болдым. Қалдыбайдың өзім құралпы Мәкен есімді баласы екеуміз өзеннен су тасып, отын жарып, отардан күніне бір қой сойып тұруға тиіспіз. Әттең, жайлаудың бұл қойнауына жарық жетпепті. Әйтпесе, Қалекең отарындағы сегіз жүз қойды жігіттер бір-екі күнде-ақ қырқып бітірер еді. Электр қайшы біреу ғана, оны сылқым Сайлау келгеннен-ақ иеленіп алды. Моторға жанармай құйып, біліктерін майлап, ұзақ дайындалды. Өзге жігіттердің бәрі бір-бір қырықтықты қайрап алып, түстен кейін қой қырқуға кіріскен.

Мәкен екеуміздің жұмысымыз да дереу басталды. Әй, су тасу дегенің бір азап екен! Екеуміздің де бойымыз аласа. Бөшкеге су толтыра сала, өрдегі қосқа қарай екпіндей жүгіреміз. Сәл тежелсек, ауыр бөшкенің салмағымен кері домалауымыз мүмкін. Әуелі қызық көріп, өрге гүжілдей ұмтылған көліктің дыбысын салып жүріп тасып едік, тез шаршайтынымызға көзіміз жетті. Одан гөрі қанша мықшыңдасаң да, үн-түнсіз көтерген жақсы. Өмірі тоймайтын қара қазанға кемі үш бөшке су тасып біткесін, отын бұтаймыз. Қатты кепкендерін тізеге сарт ұрып сындырып, бір-бірімізге күштілігімізді дәлелдемек боламыз.

Мал баққан әрбір адам сияқты, Қалекеңнің де қолы қаттылау екен. Өз қойларының біреуін сойғызған жоқ. Отарына көбірек қой қосқандардың бір-бір ісегін алып ұрды да отырды. Бауыздап береді, біз соямыз.

Қырқымшыларға бесін шай апарып едік, Сайлау кешікті. Баяғысынша моторының асты-үстіне түсіп жүр екен, ешқайсымыз мән бермедік. Ол келгенде, жігіттердің алды үш кеседен босатып, маңдайлары жіпси бастаған. Сайлау жұрттың өзін күтпей шайға кірісіп кеткенін айтып, мұрнының астынан міңгірлеп алды да, шетке отырды. Әдемі тәте қалайы кесеге шайды меймілдете құйып апарып беріп еді, көзінің астымен жақтырмай бір қарады. Қантын араластырмастан аузына тақай берді де, кесені лақтырып жіберді.

– Мынауың ыстық қой-ей, әкең! – деп әдемі тәтені балағаттап салды.

Күтпеген жерден ағатайым орнынан ытқып тұрып, Сайлауды бір тепті.

– Қыз балаға неге ауыр сөз айтасың, а?! Жағыңды айырамын қазір, сөзіңді қайтып ал! – деп тепсініп тұр.

Үлкендер араласпағанда, қып-қызыл төбелес басталар еді. Сайлаудың дұрыс істемегенін әрең ұқтырып, екеуін зорға татуластырды. Әдемі тәтеге қарасам, тістеніп алыпты, жүзі сұп-сұр. Сүйкімділігінен із жоқ.

– Сүмелек, маған айғайлайтын кімім едің сонша? Жаныңды бақ! – деп бұрқылдасын келіп. Әйелдер оны да әрең тыныштандырды.

Кешкісін бәрі түк болмағандай, қайтадан әнге басты. Қалдыбай қойшы бас шайқап қояды. «Мына атаңның аузы өңшеңдерде биттей ұят болса қані? Жаңа ғана бірін-бірі атарға оғы болмай отыр еді, енді тіпті құшақтасып ән айта қалыпты ғой. Осы күнгі жастарды түсінбеймін. Бөрінің бөлтірігіндей ырылдасуы да тез, ауыз жаласып дос болуы да тез. Береке жоқ істеген ісінде. Мына Сайлау деген қу қой қырыққаннан гөрі, моторды майлыішектей көп айналдырды. Ал анау қызды айтамын, жаңа ғана аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып еді, енді өзі төбелестірген екі жігіттің ортасында жетісіп отыр» деп сырттап тұрып, бәйбішесіне біраз күңкілдеді. Бәйбішесінің:

– Осы қызды неменеге алдырдың, қырқымшылардың тамағын өзім-ақ пісіріп берер едім ғой... – дегеніне:

– Шешесі емес пе қосып жіберген... «Қойыңды қырқысатын ешкім жоқ үйде, тым болмаса тамақ жасауға көмектессін» деген, – деп қайырды.

Мен ағамды білетін болсам, біреуге ара түсетіндей ерлігі жоқ сияқты еді. Жасы отыз бірге келсе де, әлі үйленбей жүргенін сол жасықтығынан көремін. Өзінің түр десе түрі бар, бой десе бойы бар, бірақ кісі бетіне тура қарап сөйлей алмайтын болбыр. Басқа-басқа, дәл осы ағама ұқсағым келмейді. Мектеп бітіріп, үйде түк тындырмай, қол қусырып жатқаннан жаман ештеңе көргенім жоқ. Менің көзіме ағам еш мақсаты жоқ, ешкімді жақсы көре алмайтын, ешкімге жақсылық жасай алмайтын адам болып көрінеді. Шешемнің «осы байғұс өмірден үйленбей-ақ өтетін шығар» дейтініндей де бар.

Бүгінгі мінезі мені қатты таң қалдырды. Әуелі шырқап ән айтты. Аузынан ән емес, сөз әрең шығатын адамның бұл қылығы ерсі көрінеді екен. Дегенмен даусы тәп-тәуір. Ал әдемі тәте үшін ара түскені ше? Шынында да сылқым Сайлауды төрт бүктеп жіберетіндей арқаланып шыға келгенін айтамын дағы. Жанымызда жүрген адамның қандай қасиеті барын байқамайды екенбіз ғой.

Қырқымшылар ерте тұрды. Мәкен екеуміз шаруамызды тез тындырып, өзенге шомылдық. Қостан сәл төменірек тұсына тас тасып, шыммен бекітіп, көлмек жасадық. Белімізден сәл асатын тереңдікке кезек сүңгіп, су астында бір-біріміздің аяғымыздан тартып мәре-сәреміз. Тау суы суық-ақ, екеуміз жағаға шығып, тас үстінде тісіміз-тісімізге тимей сақылдап отырсақ та, әңгімеміз таусылар емес. Бір кезде Мәкен: «Мәссаған, ананы қара!» – деп өр жақты нұсқай қалды да, сақ-сақ күлген бойы суға секірді. Қарасам... әдемі тәте белуарына дейін жалаңаштанып алыпты, өзеннің тайызданған тұсына талтайып тұрған күйі жуынып жатыр екен. Екі қолымен суды кезек іліп алып, кеудесін ысқылайды...

Көзіміз бақырайып кетті. Ұялып та тұрмыз, бірақ қарағымыз да келе береді. Әдемі тәте бізді көрді, сонда да айылын жиған жоқ. Қайта жалаңаш кеудесімен бізге молынан бұрылды да, сұқ саусағын шошайтты. Біз тастың тасасына зып бердік.

Әдемі тәте асықпай жуынды, сосын киімімен желпініп біраз отырды. Біз тасадан сығалап тұрдық.

– Бір ұятсыз тәте екен! – дедім ақыры. Сонда да ұрланып қарай беремін.

– Мәссаған, өмірімде бірінші рет көрдім. Күзде мектепке барғанда балаларға айтып, көздерін тас төбесіне шығармасам! – Мәкен мұрнын қулана тартты. – Сенің ағаң осындай қызға ара түсіп жүр, ә-ә... «Жеңгең» сұлу екен...

Мен өрттей қызардым. Бір сәт осы тәтенің біздің босағадан аттап, келін болып түскенін елестеттім де, өз ойымнан өзім шошып кеттім. Қой, құрсын, беті аулақ!..

Төртінші күні түсте жауын жауды. Ол бізге жақсы болды. Жұрттың бәрі киіз үйге жиналып, бірі ұйықтап, екіншісі әңгіме бастап, екі-үшеуі карта ойнауға кіріскенде, біз жауын астында жүгіріп жүрдік. Жайлаудың жауыны қандай рақат! Жып-жылы. Мәкеннің күшігі бізбен қоса жүгірді. Жауын толастағанда, сайдағы өзеннің қарақошқылданып, суы көбейіп, асып-тасып жатқанын көрдік. Сылқым Сайлау таяздау тұсына тұра қалды да, түртініп қалып, жағаға қос алақанымен аппақ балықты лақтырып жіберді. Бәріміз тайлы-тұяғымызбен өзенге ұмтылдық. Аз уақытта тегін олжаға қарық болдық та қалдық. Су қатты лайланғанда, балықтар таязға ұйлығысады екен. Бізге одан артық не керек! Патшабалықты майға қуырып жеп, сол күні көңіл-күйіміз ерекше көтеріңкі болды.

Қойлардың жүні кепкенше күтетін болғасын, қас қарайғанша доп қудық. Ұятсыз тәте бізді отын бұтауға шақырмаса, Мәкен екеуміздің қайырылар түріміз жоқ еді. Алаңды қимай, қосқа беттедік. Тамақты мезгілінен ерте ішіп, қырқымшылар жата-жата кетісті. Ескі киіз үйдің ішін темекі түтіні кернеп алыпты. Қолқам ашып, жай таппадым. Ай жарық екен, жалғыз өзім өзен жағасына тарттым.

Өзен манағы долы мінезінен айырылып, жуасып қалыпты. Дегенмен әлі тұный қоймаған. Ай сәулесі әр толқынына ілесе шағылысып, көзді арбайды. Айналада бір керім тыныштық бар. Тоқ қойлардың жатуға ыңғайланғандағы ыңқ-ыңқ дыбысы мен күшіктің шәуілдегені ғана әредік естіледі.

– Е-ей, қияли, жүрші, жүрші бері!

– Не боп қалды?

– Өткен жолғы киноның екінші сериясын көресің бе? – Мәкен сылқ-сылқ күледі.

Түк түсінсем бұйырмасын! Қайдағы кино? Теледидарға тоқ беретін моторды Сайлау электр қайшыға пайдаланып жүрмеп пе еді?!

– «Жеңгең» қандай адам-ей, а?! Жүр тез! Кетіп қалады әйтпесе.

– Қандай жеңгені айтып тұрсың?

– Бассаңшы аяғыңды! Барған соң көресің ғой. Үніңді шығарма. Тегін кино! Түнеукүнгі киноң жолда қалсын! Бұл... – Мәкен басын қасып тұрып ойланды. – Бұл – «боевик»!

– Біреулер төбелесіп жатыр ма?

Ағам тағы да ұятсыз тәте үшін төбелесіп жатыр екен деп қорқып кеттім.

– Ақымақ, еркек пен әйел төбелесіп жатыр!

Демімізді ішке тартып, алға бастық. Не де болса көргім келіп өліп барамын. Өзенді құлдап, бір төбеден айналғанымызда, екі-үш шырша көрінді. Енді жер бауырлап жылжуға кірістік. Ай жарығына алдымен ұятсыз тәте шалынды. Шырша түбінде олпы-солпы киімдерін түзеп, қобырап кеткен шаштарын саусақтарымен тарақтап отыр екен. Жанында... сылқым Сайлау. Ол да үсті-басын қаққыштап, ара-арасында ұятсыз тәтені сүйетіндей ұмтылып, ақыры жабыса кеп отырды.

Мәкен кері қайтуға белгі берді. Жаудан тіл алып қайтқан барлаушыларша кері жылжыдық. Қаным қайнап, ызадан жарылардай ашуланып келемін. Өзен жағасына жетіп еңсе тіктегенімізде:

– Сен «фильмнің» соңын ғана көріп қалдың. Мана мен келгенде, олар ешкімге қарауға шамасы жоқ, қатты «дос» болып жатыр екен, – деді Мәкен.

Оның сөзін тыңдауға еш құлқым жоқ еді. Мәкен менің күйімді түсінгендей болды.

– Әншейін сені көрсін деп ертіп әкелгенім ғой. Ағаңа айт, бұл тәтеге жоламасын. Ұятсыз тәте ол. Кеше – Наушамен, бүгін

Сайлаумен құшақтасты. Мен кеше саған айтпап едім. Келгелі бері соны аңдып жүрмін ғой... Өткенде суға жалаңаш шомылған күннен бері... Ағаң ол үшін төбелеспей-ақ қойсын.

Қосқа келсем, ағам қорылдап ұйықтап жатыр екен. Аяғынан бір тептім. Ағам атып тұрды. Не болғанын түсінбей, аяғын ауырсынып біраз отырды. «Жүр!» дедім ишарамен. Түсімді әдейі суыттым.

Ағам екеуміз бұқпантайлап төбеге өрлегенімізде, Сайлау мен ұятсыз тәте құшақтасып келе жатты. Жата қалдық. Олар бізді көрген жоқ.

Қырқым біткен күні түстен кейін жолға шықтық. Әйелдер ән бастады. Ағам қосылған жоқ. Жұрттың кеу-кеуіне үнсіз бас шайқады. Ұятсыз тәте Сайлау мен Наушаның ортасында отырып әнге қосылды. Екеуіне көздерін кезек төңкереді.

Мен ағамды аяп отырдым...

ІІ. Тәрбие сағаты

– Құрметті ата-аналар! Мен сіздермен бүгін алғаш рет жолығып отырмын. Өздеріңіз білесіздер, бұл мектепке жақында ғана ауысып келдім. Мектеп мүдірі маған бірден осы сыныптың жетекшілігін тапсырды. Енді...

Сөзін тәп-тәуір бастаған сияқты еді, тез мүдірді. Қарсы алдында өзіне сынай қарап отырған бірі жас, бірі жасамыс жандардың мысы басып кеткендей.

– Айта бер, қызым, тыңдап отырмыз.

– Иә, қысылма.

– Сені тыңдауға келдік емес пе?

Сәл жөткірініп алып, сөзін жалғады.

– Жалпы... маған балаларыңыз ұнады. Елгезек, еңбекқор, білуге құштар... Әрине, бәрі де емес. Мысалы... Сүйіндік, Ақеділ, Қатшабек...

– Қарағым, олардың бәрі саған қайыната емес пе? Аттарын сен түгілі, біз атамаймыз.

Мұғалима ағаттық жіберіп алғанын тез ұғып, қызарып кетті. Жас келін екенін, ауыл үлкендерінің атын атауға болмайтынын ұмытқаны қалай? Шешесі құлағына құйып-ақ жібермеп пе еді...

– Кешіріңіздер, мен әдейі айтқан жоқпын...

– Әй-и, Күлпән-ай, ескерту жасамасаң бір жерің ауыра ма? Ол мұғалім ғой, айта беруіне болады. Жорналдың бетінде бадырайып жазылып тұрса, атамай қайтеді? Өзің қайынағаларыңның атын күнде тергеп жүргендей-ақ, тегі...

Күлпән апай өзін аузынан қаққан апаға күлімдей қарады. «Ой, тәте-ау, біз осы ауылдың өзінікі болып кеттік қой, ешкім кінә арта қоймас. Қайта біз атын атасақ, қасына «ата» мен «ағасын» қосамыз ғой» дегеніне бәрі күліп алды.

– Түк етпейді, балам, жалғастыра бер.

Жақсы сөз жас ұстаздың жанын жадыратты. Әуелі балалардан өзі байқаған жақсы қасиеттерді сөз етті. Журналға қайта-қайта қарап, оқушылардың тегін айтып қоймауға тырысып, барын салды. Мұнысы жиылған жұртқа шын-ақ ұнады. Сәлден кейін мұғалима бұл ауылдың ежелгі тұрғынындай есіле сөйлеп, лебіз алмасып, еркін көсіліп кетті.

– Балаларыңызға ара-тұра ақша жинатып жатқанымызды да кешіріңіздер. Ауылдық жерде демеуші табу қиын, – дегеніне:

Оған қысылма, қызым.

Қайта бұрынғыдай емес, қазір ақша сұрауды азайттыңдар ғой. Бұрын қит етсе, екі жүз-бес жүздеп қалтаны қағып тұратын.

Қашан ақша сұратып едің, қалқам? Мен тіпті ұмытып қалыппын, – десіп, жұрт біраз дабырлап барып басылды.

– Бүгін сіздерді жинап, дұрыстап танысып алғым келді. Байқауымша, бір қыздың анасы ғана жоқ сияқты. Ол кісі мана келе алмайтынын айтқан. Сондықтан сөзімді жерге тастамай, бір кісідей жиылып келе қалғандарыңызға да рахмет. Алда да дәл осылай түсінісіп жұмыс істейтінімізге сенемін, – деген еді, жұрт тағы біраз даурықты.

– Ой, айналайын, біз ата-аналар жиналысына келмегелі қай уақыт?

– Баламыздың қалай оқып, кімдерден оқып жүргенін ұмыттық қой.

– Бүгінгінің баласы да бұрынғыдай емес, – деп дабырласты.

– Қалқам, мына келіп отырғандардың жартысынан астамы балалардың туған әке-шешесі емес, ата-әжесі. – Күлпән апай мол денесін шалт бұрып, арттағыларды нұсқады. – Қазір туып-туып, тастап кете беретін болды ғой біз бейбаққа. «Қаладан қай күні келер екен?» деп олардың жолына қарғаларымен бірге біз де қарағыштаймыз. Қайта сен бізді осылай жиі-жиі бас қостырып тұр. Немерелеріміздің қалай оқып, не үйреніп жүргенін біле жүрейік. Оқымаса, тіліңді алмаса, жасырмай айт. Жандарын шығарамыз!

Көпшілік тағы да қауқылдасып, қуаттап алды.

– Менің де осы тақырыпқа тоқталғым келіп тұр, – деді мұғалима. Аузына сөз салып берген Күлпән апайға ырзалығын көзімен аңғартты. – Балалардың бәрі «беске» оқуы мүмкін емес. Бірақ араларында мүлде оқымайтындар да бар. Айған деген бала кітап бетін ашпайды. Сіз мамасысыз ғой, сірә. Балаңыз киіміне де қарамайды.

Артқы парталардың бірінде жұрт көзіне түспеуге тырысып, бүкшиіп отырған әйел жасқаншақтай бас изеді. Көзін тез тайдырып, әңгіме мүлде басқа біреуге айтылып жатқандай керенау күйге көшті.

– Байқауымша, Айған талапсыз бала емес. Бірақ... өзі арманшыл ма... қиял...шыл ма... – «Қияли» деп қала жаздап, жұрнақты дұрыс жалғап үлгерді-ау, әйтеуір. – Сабақ үстінде терезеге қарап ойланады да отырады. Кейде тіпті сабақта отырғанын да ұмытып кетеді.

– Е-е-е... – Жұрттың жартысы ыңыранды, сол ыңыраныстарында үлкен мағына барын ұқтыра ыңыранды.

– Ол өзі туғаннан сондай! Әй, сөз ұқпайды-ау, ұқпайды! Күнде кешкісін қасына отырып, сабағын қадағалайтын адам мендей-ақ болар. Миземейді, тіпті миземейді! Әкесіне тартқан өлік! Маған тартса, жұлынып тұрмас па еді, берместі тартып алып!

– Саған тартпай-ақ қойғаны жақсы! – Күлпән апай әйелге ызалана қарап, шаңқылдай жөнелді. – «Сабағын қадағалаймын» дейді ғой жаманқатты! Сенің балаларға қарайтын уақытың бар ма өзі?!

– Менің балаларымды сіздер бағып беріп отырған жоқсыздар! Ал мен қараймын, неге қарамаймын?! Кеше кигізген шалбарды бүгін іске алғысыз ғып келеді. Жемір бір! Сор болды басыма! – Айғанның шешесі партаға бетін басып отыра кетті.

Кенет нілдей бұзылған жиналыстың бұдан кейін берекесі кірген жоқ. Мұғалима білетін ақылын айтып, бәрінің көңілін табуға тырысып жиналысты аяқтады. Айғанның шешесіне баласын қатты-қатты тапсырды. «Өлік, сор деген сияқты ауыр сөз айтпаңызшы. Ол бала ғой, жанын ауыртпаңыз» деді шын өтініп.

Күлпән апай жұрттың соңын ала шықты. Мұғалиманы дәлізге жібермей тоқтатып, сыбырға көшті.

– Бүкіл ауылды лайлап бітті бұл құрыған! Оған сөзіңді қор қылма. Күйеуі қалаға мал табуға кеткенде істемейтіні жоқ. Бүкіл ауданға әйгіленді. Бүгін жиналысқа қай бетімен келді екен?! Түк болмағандай отырды ғой. Әй, бұл ма, бұл!..

***

Төртінші тоқсанның жұмысы жеткілікті. Мұғалима көп отырып қалғанын енді аңғарып, үйіне құстай ұшты. Күйеуі келгенше тамақ жасап үлгеруі керек.

Көктем кеші тамылжып тұр. Қыстың бар ауыртпалығы артта қалып, дүние біткен өмірге құлшынып тұрған бір ғажап шақ. Жапырақ жайып жасанып алған ағаштар жел ыңғайымен жай тербеледі. Шағын бақты кесіп өтетін осы жалғызаяқ жолды мұғалима жақсы көреді. Қысы-жазы жанға жайлы бір тыныштық бар мұнда.

Дәл құлақ тұсынан сақылдаған арсыз күлкі естілгенде, мұғалима селк ете қалды. Оң қапталдағы теректің біріне Айғанның шешесі сүйеніп тұр екен. Өле мас. Арақтың иісі алыстан мүңкиді. Бүгіле берген тізесін тіктеуге тырысып көрді де, әйел жалп етіп құлады. Мұғалима іркіліп қалғанын кеш аңғарып жүре бергенде, әйел күтпеген жылдамдықпен орнынан атып тұрды. Алдын кес-кестеді. Бармағын шығарып, мұғалиманың дәл көзіне тақады.

– Көріп тұрсың ба, қаншық?! – деді барқыраған дауыспен. – Көріп тұрсың ба?! Мә, саған! Мә, саған тәрбие! «Балаңа қарамайсың» дейді ғой.

Мұғалима айналып өтпек болып еді, әйел білегінен шап берді. Шошайған бармағын екінші көзіне тақады.

– Мә, саған! Дәнішпансыған салдақы! Сенің тәрбиеңе бар ғой, иә, сенің тәрбиеңе... түкірдім! Мә, ал тәрбиеңді!

Бармағымен көзін нұқып-нұқып жіберді. Мұғалима не істерін білмеді. Жалтарып кете қалатындай жол да кең емес.

Әйелдің бет-жүзі әлем-тапырық. Көздері шатынап кеткен. Есірік буғандай селкілдеп, езуін көпірте тістеніп, мұғалиманың білегін қыса түсті. Ата жауын көргендей құтырды.

– Есалаң! – деді айқай салып. – Үлгілі келін болып көрінгісі келеді тағы! Осы ауылдың өңкей кәрі-құртаң, шал-шауқанының алдында мені жер қылғаныңа жетісіп жүрсің ғой, иә! Көрсетемін саған тәрбие дегеннің қандай болатынын!

Қорғанбаса, мына әйелдің өз бетін шиедей қылатынына мұғалиманың күмәні қалмады. Әйелдің қолын қағып жібергенінше, бетіне шапалақ шарт ете қалды.

– Сарыауыз балапан, маған қол жұмсағың келеді, ә-ә-ә!

Мұғалима кәдімгідей ауырсынып қалды. Шым етіп ашып кеткен жағын ұстап, өң-түсін айыра алмай біраз тұрды.

Әйел жын қаққандай билеп жүр. Аңырып тұрған мұғалиманың көзіне бармағын тақай қалады да, қайта билеп кетеді. Етегінің жалп-жалп ашылғанына да қарайтын емес. Тоқтай қалып, ырс-ырс демалып, төмен жаққа қарап айқай салды:

– Қалта-аш, мына қаншықтың көзіне көк шыбын үймелеттім, қарашы!

Мұғалима сонда ғана аңғарды, осы ауылда «мәңгі мас» атағы бар Қалташ деген кісі бақтың шетінде қалтақтап кетіп барады екен. Қолында шишасы бар. Әйелдің даусына мойнын еріне бұрды да, ішегін тарта, сылқ-сылқ күйген адамның кейпімен бүктетіле қалды. Іле тіктелгенсіп, қолын сілтей салды.

Мұғалима жан-жағына алақтай қарады. Тірі жан көрінсе-ші! Қатты қорыққаны сонша, даусы да шықпайды. Шегіне берді. Кері қашпаса, құтылатын түрі жоқ. Ұмтыла берген әйел дәл осы сәтте жалп етіп құлай кетті. Айдай әлемге аймандай болып жатыр. Ырқ-ырқ күледі.

– Тойсаң, кет! – деді сосын шаптығып. – Енді көзіме түсуші болма! Өлтіремін тура!

Мұғалима қаша жөнелді. Үйіне жеткенше жүгірді. Бізөкшесінің бірі сынып, текіректеп қалғанына да қараған жоқ. Жұмыстан жаңа келіп, етек-жеңін қаққылап есіктен аттай берген ерінің құшағына еңіреген күйі құлады.

– Мен оған «балаңды қара» деп жүрсем... – деп егілді.

– Мен оған «сабағын оқыт, дәптеріне қара» деп жүрсем... – деп өксіді.

– Мен оған «киімін дұрыстап кигіз» деп жүрсем... – деп жылады.

Күйеуі күлді. Жай ғана күлді. «Неғыласың оған көз жасыңды қор ғып?» деп қайырды.

***

Жарты айдан кейін бүкіл ауыл жиылып, Айғандарды отбасымен көшіріп жіберді.

ІІІ. Қоңырау

- Сәлеметсіз бе? Қа-а-лыңыз қалай?

- Сәлем... Бұл кім екен?

- Мен ғой... Танымадыңыз ба?

- Жоқ, танымадым...

- Шын танымай тұрсыз ба? Әйеліңізден қорқып, нөмірімді телефоныңызға сақтамаған болып тұрсыз ғой, демек...

- А-а, Алтыншаш, сен бе едің? Немене, жылап тұрсың ба?

- Жоқ!.. Иә, жылап тұрмын... Сіз бұл жолы үндемеңізші. Құдай үшін үндемей тыңдай беріңізші! «Телефонымның ақшасы кетеді» деп те қорықпаңыз, «маған қайыра қоңыраулатыңыз» деп және өтінбеймін, тек тыңдасаңыз болғаны.

- Алтыншаш-ау, не болды? Тыныштық па?

- Үндемеңіз дедім ғой сізге! Жігіт болып бір рет үнсіз қалуға болмас па?

...Мен жұмыстан шығып қалдым бүгін. Шығарып тастады. Демалысым бітіп ертелетіп барсам, бастықтың қабылдау бөлмесіндегі қыз жұмысқа да, бастыққа да кіргізбей қойды. «Сіз бен компания арасындағы келісім-шарт ұзартылмайтын болды. Бастық «кіріп әуре болмасын» деді» деп үзіліп тұр. Тепсініп есікке жақындап-ақ қалған едім, хатшы қыз кес-кестеп жолатпады. «Сотқа беремін. Адам тағдырымен ойнаудың қандай екенін көрсетемін!» дегеніме:

- Мейліңіз! Сіздің қолыңызға хабарламаны бір ай бұрын бергенбіз, – дей салды немқұрайлы.

Өзімнің де сорым бес елі. Өткен жылы босануға кеткен әйелдің орнына қабылданғаным сонда ғана есіме түсті. Демалыс алдында келісім-шарттың мерзімі біткені туралы хабарлама алғаным да шын. Онда несіне өкінемін? Кілт бұрылып, шығып жүре бердім. Баратын жерім бар сияқты, бойымды тік ұстап, бізөкшемді тоқылдата ұзай бердім. Ішім өртеніп бара жатыр.

Бәріне өзім кінәлімін. Жо-оқ, мен ғана емес... Сіз тыңдап тұрсыз ба?

- Иә... иә...

- Ара-арасында жөткірініп қойсаңыз, сол жетеді. Ішімді біреуге ақтарып алуым керек, әйтпесе құсадан өлемін. Сіз адамша тыңдай алады деп...

- Болды, жыламаңыз. Өмір ғой бәрі...

- Үндемей тұрыңызшы! Өтіндім ғой! Жылап алайын да... ...Тұра тұрыңыз, көзімнің жасын сүртіп жатырмын. Міне, жымидым! Күл-л-л-дім! Бәрі жақсы, бәрі керемет!..

«Өмір ғой бәрі» дейсіз... Сол өмірдің неге менің басымды игенімді қалайды? Құрбым мен ұнатқан жігітке тұрмысқа шығып кетті, «өмір ғой» дедім. Әпкем үш баласымен үйге қайтып келді. Қайта барып, қайта келді. Қазір де ырың-жырың тіршілігін кешіп жатыр. «Өмір ғой» дей салдым. Інім үйленіп еді, келінімнің қабағын бағып, жақпай қалмауға тырысып жүрмін. Осы да өмір ме? Айтыңызшы, осы да өмір ме?..

Менің осылай ешкімге керексіз болып қалуыма анамды кінәлаймын бір сәт. Сөйтемін де, өз-өзімнен шошып кетемін. Анашымның не жазығы бар? Маған бақыт тілегеннен басқа ол кісі не істей алады? Онсыз да күндіз-түні жалғыз қайғысы – мен. Осы күні мені көрсе көзін ала қашып, әбігерленіп, білдірмей күрсініп, берекесі кетеді. Дүниеде ананың перзенті алдында бүгежектегенінен жаман ештеңе жоқ екен.

«Неге анаңды кінәлайсың?» дегіңіз келіп тұр ғой, иә? Анам мені керемет тәрбиеледі. Әкемнің де әсері болды ғой, бірақ ол марқұм мейірленіп маңдайымнан иіскегені болмаса, «былай жүр, былай тұр» деген емес. Ал анашы-ым... тағы да өксіп алғанымды қараңызшы... анам әр қадамымды аңдап басуымды қадағалады. Қазақтың анасы қызына қандай тәрбие беруге тиіс, анашым соның бірін де жіберген жоқ. Сол кісінің арқасында мен қыз үшін ар деген нәрсенің бәрінен де биік екенін жадыма түйіп өстім. Ес біліп, етегімді жиған күннен бері арымды қызғыштай қорып келемін... Бірақ... соным ешкімге керек емес сияқты. Тіпті Құдайға да...

- Олай деме, Алла бәрін көріп тұр ғой.

- Көріп тұрса, қайда маған жіберген ризығы? Несібесі? Қайда менің байым, балаларым? Қатты айтқанымды кешіріңіз, әрине!..

- Алла кешірсін де, Алтыншаш. Өмірдің өзі адамға берілген сынақ қой...

- Тү-ү-үу, тағы да фәлсафаңызға көштіңіз бе? Үндемей тыңдай алмайсыз, ә... Әңгімені тыңдап отырып-отырып, арасында осылай сақ еткізетініңіз ұнайды ғой маған. Ең бастысы, сіз тыңдай аласыз. Өзеуреп өз пікіріңізді тықпаламайсыз. Бірақ мақтанып кетпеңіз, адамды мақтау өлтіреді ғой, негізі.

Әне, сөзді бұрып жібердіңіз. Адам сияқты ақтарылып әңгіме айтайын десең осы, сөзді ең жақсы тыңдайды деген жанның өзі қиырға жетелеп, миды атала көже ғып жібереді... Жә, кешіріңіз, сізді ағам сияқты сезінемін, бірақ бірге туған ағатайым да мені сіз сияқты тыңдай алмайды. Өйткені, оның миын менен де артық қатырып жіберетін әйелі бар ғой. Не айтсам да, «кішкентай қыз емессің ғой, басты қатырмашы» деп қол сілтей салады. Ал сіз... тыңдай бересіз. Біреу қарсы сөз айтпай тыңдаса, әйелге одан артық не керек? Өзін кемеңгер сезінеді ғой... Бірақ бүгін сізге ағама да айта алмайтын әңгіме айтамын. Ұяттау болса да, сөзімді бөлмей тыңдаңызшы, иә...

- ...

- Алтыншаш... Алтыншаш... Мына телефонға не болып кетті өзі?

- ...

- Маған қоңырау шалмай-ақ қоймадыңыз ба? Әне, сізді ыңғайсыз жағдайға қалдырдым. Сәл күте тұрыңызшы, қазір телефоныма ақша салып келейін, сосын қайыра қоңыраулатамын.

- О не дегенің, Алтыншаш, сөйлесе бер. Мен тарифке кіріп алғанмын, байланыс өте арзан. Қысылмай, әңгімеңді жалғастыра бер.

- Менің жұмыссыздығымды бетіме басып тұрсыз ғой, иә...

- Жо-жоқ, қысылма, Алтыншаш. Жаман ойлай бермесеңші, мен сенің ағаңмын ғой. Өзің айттың жаңа ғана.

- Не айтып жатыр едім өзі?.. А-а, иә, иә, сол анашымның берген тәрбиесінің арқасында... мен қазір жалғыз жүрмін. Әйелді қадірлейтін, жарым деп те, балаларымның анасы деп те сыйлайтын бір көн етіктіні жолықтыру мұң болды. Жұмыс болса, ол да жоқ. Мамандықты да ретсіз таңдағанымды қараңызшы.

Иә, бүгіннен бастап қайтадан жұмыс іздеймін. Өлмеуім керек қой. Өлмелі жанды, өтірік бұлықсыған тәнді асырауым керек қой! Бірақ бұл әрекетімнен не шығатынын күнібұрын білемін. Бастықтың қабылдау бөлмесіне «жүзімнен нұр төгіліп» енемін де, іштей мені дереу өзімен салыстырып үлгеретін хатшы қыздан мән-жайды сұраймын. Ол қандай жұмыспен келгенімді анықтап алады. Кейбіреуі орын жоқ екенін бірден ескертеді. Құдды бастық өзі сияқты. Кейбіреуі орысшалап сұрап, сән тақтасында жүргендей билей қозғалып, бастықтың есігін қорқа-қорқа тоқылдатады да: «Бәленше Түгеншеевич, сізге бір кісі келіп отыр. Жеке жұмысым бар дейді», – деп мүләйімсиді. Бастықтың алдына өте сенімді адам болып кіремін. Еш қылымсымаймын. Қылымситын жаста емеспін, өйткені. Білесіз бе, осы күні мен мықты психолог болып алдым. Адамды көзінен танимын. Ойын оқи қоямын. Бастықтардың алдына жұмыс сұрап келгенде, ол ең алдымен көзіме қарай ма – соны бақылаймын. Бірақ ешқайсысы, сенесіз бе, ешбірі көзіме қараған емес... Ең алдымен тұла бойымды түгел шолып шығады. Мен ашық-шашық киініп жүретін адам емеспін. Сөйтсем де, түгел тінти жөнелетін көздерді жек көремін. Ішімнен бірден қоштасып тұрамын, бұрылып шығып кетуге шақ қаламын. Сөйтсем де, үміт деген ең арсыз нәрсе ғой, санамның түбінен жылт-жылт етіп, тежейді де қалады. Бастық мені асықпай тыңдайды, сосын қатты ойланған адам болып көзін бір нүктеге қадап, кейбірі көзілдірігін ары-бері ойнатып, бір минут үнсіздік жариялайды. «Жұмыс жоқ» деп бірден айта салса түсінбейтін жан емеспін, рахметімді айтып кете берер едім ғой. «Қарастырып көрейік» деп көлгірсиді. Қабылдау бөлмесінің есігін тарс жауып шыққан соң кеудемді керіп демаламын да, құтылғаныма қуанамын. Құдды мені біреу осы жерге желкелеп кіргізгендей. Осы әдеттен арыла алмай-ақ қойдым. Бірақ жұмыс іздемесем тағы болмайды. Тағы да есіктерді қағамын, тағы да өзім жайлы мәлімет жазылған қағазды қабылдау бөлмелеріне тастап, телефоныма қарағыштап жүремін. Біреу қоңырау шалып, жұмысқа шақыратындай. Біреу дәл мендей маманға зәру екенін айтып, мерейімді асыратындай. Әй-и, осы үміт дегеннен шаршадым-ақ...

Тыңдап тұрсыз ғой, иә... Көзіме жас тығыла береді, қанша жыламайын десем де... Дәл қазір сұқ саусағымды аяусыз тістеп алдым, сенсеңіз... Жыламас үшін... Осы қандай адамдар жыламайды екен?..

Аға, шынымды айтайын ба? Мен көзге шыққан сүйел сияқтымын. Бауырларымның үйіне барсам, жеңгелерім жаратпай қарап тұратын сияқты, балалары менімен өтірік ойнайтын сияқты. Жұмыстың жайын айттым. Ал құрбыларыма... несін айтайын, менде дос дейтін дос қалмады ғой. Негізі, қыз деген сорлы жаратылыс екен ғой, аға...

- Неге олай дейсің? Әлемді мейіріммен ұстап тұрған қыз ғой, ана ғой...

- Жалынды да жаттанды сөздерді айтпаңызшы, аға. Ең қорғансыз, ең бишара жаратылыс қой қыз деген... «Өзінің бағы ашылмай қалғасын осылай деп тұр» деп ойлап үлгерген боларсыз. Жоқ, менің жеке басымдағы бақытсыздықтың бұл сөзге еш қатысы жоқ. Өзіңіз ойлап қараңызшы, қыз бала ата-ана мейіріміне шомылып өседі де, мен жалпы айтып тұрмын, бойжеткен соң өзімен-өзі қалады. Университетте бірге оқыған құрбыларымен ары кетсе екі-үш жыл хат-хабар алысып тұрар, одан кейін әрқайсысы бір-бір ошақтың бұтып ұстап, тапқан баласымен әуре боп кетеді ғой. Сондықтан нағыз достық деген әйел баласына тән ұғым емес. Әйел байғұс күйеуінің достарының әйелдерімен араласады, қаласа да, қаламаса да. Басқа жол бар ма, айтыңызшы... Ол әйелдерді ішің қаламауы мүмкін, бірақ бәрібір жарыңнан аттап кете алмайсың. Ал мен сияқты не оңға, не солға кетпеген, қу түзесін құшақтап қалған қыз үшін... тү-үу, қандай ауыр осы қазақтың сөздері, тіпті қиын. Әлем жалғыз, мен жалғыз.

Жақында масқара оқиға болды, аға... Сізге айтсам ба екен, айтпасам ба екен?.. Біз, қыздар деген сондаймыз, кешіре салыңыз. Бір нәрсені бастап аламыз да, өтірік ойланған болып, ақыры айтып тынамыз. Сонымен, өткен сенбіде құрбым мені бір жігітпен таныстырды. Олар менің еркіндігімді көре алмай ма, әлде шынымен жандары аши ма, түсіне алмай-ақ қойдым. Бірақ маған жар табу олардың «қоғамдық жұмысына» айналып кеткелі қашан... Жыным келеді тура! Құрбым дейтіндей аса жақын досым да емес, бірақ менің жанымды түсінгісі келген талпынысын ұнатамын. Әуелі бір апта айналдырды. Мен жайлы бір жігітке айтып қойыпты. Әбден мақтаған ғой, несін айтасыз... Әуелі үзілді-кесілді бас тарттым да, артынша жібідім. Нем кетеді? Көрейін. Жас қыз емеспін ғой. Жігіт те жас емес. Ажырасқан дейді. Мейлі, тағдыры солай шығар. «Не де болса кездесіп көрейін» дедім. Құрбым үйіне шақырды. Дастарқанның белін қайыстырып дайындап қойыпты. Есіктен аттап кіре бере-ақ тыжырындым. Менімен танысқысы келген жігіттің қалпы бірден ұнамады. Диванда жайылып отыр екен. Орнынан тұрып ілтипат білдіруге де жараған жоқ. Қолын сүлесоқ ұстата салып, тұла бойымды көзімен тінтіп шықты. Тоқ соққандай тітіркендім. Киімі де олпы-солпы. Жейдесінің үстіңгі түймесі үзіліп қалғанын көзім шалды. Құрбым жолдасы екеуі ананы-мынаны әңгіме ғып отырды да, «дүкенге барып келетін едік» деп шығып кетті. Ондай кезде олардың қандай амалмен жұмыс істейтінін жақсы білесіз ғой.

Мен үміткердің қасында отырмын. Ләм-мим сөзі жоқ. Дәм ұсынып, көңілімді аулау әдебінен жұрдай екенін айтпай-ақ қояйын. Өзіме де обал жоқ, үндеместің өзі біліп ештеңе істемейтінін білдім де, «әкеліңіз, шай құйып берейін» деп өзімше қызмет көрсете бастадым. «Сіз маған салып бермесеңіз, мен сізге даяшы болайын» деп тәрелкесіне салат, тәтті-дәмдіні үйіп бердім. Оған қысылып отырған жігітім болсын ба, қасықпен көсіп алып, аузын сылпылдатып жей бастады. «Қай сорлының сорына біттің екен? Сенімен ажырасқан қызда арман жоқ қой» деп отырмын. Осындай жарты адаммен мені таныстырғысы келген құрбымды да іштей оңдырсам қані? Бәрібір шыдайын. Кейін құрбыма өзі ұсынған «сайыпқыран серісінің» әдет-дағдыларын дәл келтіріп, ішегін қатырмаймын ба? Дерек пен дәйек жинап алуым керек екен ғой. Бір кезде менің «мырзам» тойды. Дастарқанның жартысын жоқ қылған кезде барып... Сойдиған-сойдиған тістерін еш қысылмастан тазартып, аузын сылпылдатып тағы отырды. Азу тісіне тұрып қалған етті ала алмай біраз әуреленді ме-ау... Апыр-ай, сонда бұған өмір ештеңе үйретпеген бе? Әлде әбден жабайы болып, торда өскен бе? Лоқси жаздап әрең отырмын. Құрбым да кешікті.

Бір кезде жігіт жамбасымен ақырын маған қарай жылжыды. «Мәссаған, не ойы бар-ей мынаның?!.» ...деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, мойнымнан құшақтай алды. Зәңгінікіндей шошайған ернімен маған төніп келеді. Тү-үу, аузының сасығын-ай... Жүрегіңіз айнып кетті ме? Менің де жүрегім айныды. Орнымнан атып тұрдым да, итеріп жіберіп, алыстаңқырап барып тұрдым. «Сонда маған көрсеткен ілтипатың осы ма?» дедім тепсініп. «Сен бай іздеп жүр емессің бе?» дейді әлгі иісалмас. Көзім қарауытып кетті. Шәугімнің жанындағы пышақты қалай қолыма алғанымды өзім білмеймін, «шығыңыз, әйтпесе жарып саламын!» дедім айғайлап. «Мырзам» шошып кетті. Жаңағы жайбарақаттықтан жұрнақ та қалмады. «Мынауың жынды ғой-ей...» деді де, алды-артына қарамай тайып тұрды...

Мен... жыладым. Бода-бодам шығып жыладым. Құрбым кіріп келіп, ештеңе түсінбей қалды. «Сені ұрды ма?» дейді, «ренжітті ме?» дейді. Күйеуі жүр бәйек болып. Менің қорланып жылап отырғанымды олар ұқты. Құрбым күйеуіне «шығып кет» деп белгі беріп, өзі қасымда ұзақ отырды. Мен әбден жылап біткенше күтті. Сол күні мені жалғыз жібере салса, өзіме қол жұмсауым да мүмкін еді. Құрбым салып берген төсекте кірпік ілмей таң атырдым. Жастығым малмандай су болды. Таңертең дыбысымды білдірмей тұрып кеттім.

Аға деймін-дағы, аға, неге еркектер қазір бейшара болып кетті, а?.. Сіз де сондайсыз ба? Біз еркектерден өзімізде жоқ қасиеттерді, батырлықты, ерлікті көргіміз келеді ғой. Неге бәріңіз ұсақсыздар, а?.. Сіздерді қалай арқа тұтамыз... ...

Бірдеңе десеңізші, еркектерді қорғап бір ауыз сөз айтсаңызшы. Бөріктінің намысы бір емес пе еді?..

- ...Жылап алғаның дұрыс. Біз, еркектер... сондай болып кеттік қой...

- Жә, қойыңызшы, ақталып қажеті жоқ. Жұмыста бірге істеген қыздікі тіпті сорақы. Екеуміз бірге пәтер жалдап тұрғанбыз ғой. Бір күні жігітін ертіп келіпті. Маған «басқа жаққа барып қонып келші» дейді. Әй, жігіті қызбен оңаша қалғысы келген екен, неге менің тыныштығымды бұзады, а?! Осы қалада не көп, күнделікті пәтер көп қой, соны жалдай салмай ма? Бұл еркектер сонда бір сәттік ләззатты су тегін алуға да ұялмағаны ма?

Басыңызды қатырдым-ау әбден... Негізі, мұның бәрін сізге айтпауым керек еді, бірақ тығыным атылып кетті.

Аға, әлемге сыймай жүрмін. Не істеуім керек? Қалай жан бағамын? Анамның қабағындағы көлеңкені қайтсем кетіремін? Қашанғы құрбыларымның ойыншығы боламын? Дақ түспеген арымды бұлдап кемпір боламын ба сонда?

Менің сорым – үнемі балалы-шағалы еркектерді ұнатып қалатыным шығар. Студент кезде сондай едім, әлі де сондаймын. Мүмкін, осы қасиетім аяғымнан шалып келе жатқан болар. Бұл біреудің бағын қызғану емес, аға. Дұрыс түсініңіз. Бәрібір ол еркектің отбасын бұзатын ойым жоқ. Құрсын, өзімен-өзі болсыншы.

Өмір деген қиын екен, аға... Біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі екен. Бірақ сіздің де басыңыз қатып жүр ғой, одан әрі жүк артып қайтемін санаңызға... Қанша балаңыз бар еді? Екеу дедіңіз, иә. Сол екеуін бағу да оңай емес қой. Бірақ сіз бағасыз. Жауапкершілігіңіз көп адамсыз ғой, білемін мен.

- ...

-– Аман болыңыз. Тағы да кешірім сұраймын. Мені тыңдағаныңызға рахмет. Жақсы болып қалдым. Жұмыс тауып алсам, сізге айтамын ғой.

- Бірақ сен жылай берме. Адам мықты болу керек. Боркемік адамды өмір жүндей түткенді жақсы көреді.

- Рас айтасыз. Мен бәрібір жеңіп шығамын, аға. Сау болыңыз. Қойдым тұтқаны...

- ...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар