Қазақстан атты мемлекеттің атауына негіз болушы және осы мемлекет халқының үштен екісінен астамын иеленуші қазақ халқының әлемдік өркениетпен ықпалдастығы, оның ырғағымен үндесімі – арнайы зерттеуді, жетістігі мен кемшілік тұстары болса оларды да айқындауды қажет етеді. Қалай болғанда да қазақ халқы – өз ортасынан туып шыққан ұлы ойшыл Абай заманындағы қазақ емес.
Мен емеспін, кешегі өшкен қазақ
Құба жонда тентіреп көшкен қазақ
Мен боламын қойнауға қой қаптатып,
Қала салып, білім алып өскен қазақ, -
деп ақын Кәкей Жаңжұңұлы жырлағанындай, бүгінгі қазақтың білімі мен ғылымы, өнері мен мәдениеті, әдебиеті, спорты әлемнің көптеген халықтарынан алда деп сеніммен айта аламыз. Діни ұстанымы тұрғысында бір лагерьдегі ислам мемлекеттерімен, географиялық орналасымы тұрғысында бір құрлықтағы Азия мемлекеттерімен салыстырмалы тұрғыда алғанда, Қазақстанның, қазақ халқының көптеген индекстер бойынша жеткен жетістігі жаман емес. Осындайда «жаманды жақсы десең, көркейкер, жақсыны жаман десең, жалпаяр» деген қазақтың мақалын ескере отырып, ұлтымызды позитивке ұмтылдырып отыру да жөн болар.
Иә, шынымен де соңғы екі ғасырдың жүзінде қазақтың байтақ топырағында өнер, ғылымның сан алуан түрлері мен салалары дәнектен тамыр жайып, толысып жетіліп, қалыптасты. Заманның бір ақиқат шындығы: бұл жетістік, жаңалықтардың бәрі кешегі кеңестік кезеңмен тұспа-тұс жүріліп қалыптасқандықтан, олардың барлығының даму эволюциясы коммунистік дәуірмен тікелей байланысты. Қазақ халқы Патшалық Ресей билігінен соң коммунистік Кеңес Одағы құрамында жеке республика болып құрылған тұста астана Алматы мен өзге қалаларда айтулы ғылым, білім ордалары қалыптасты, өнердің, әдебиеттің жанрлары өркен жайды. Әлемге танымал тұлғалар туып шықты. Олардың қоғамның мәдениетіне, рухани дамуына тигізер ықпалы барынша артты. Ел таныған туындыгерлер шоғыры қалыптасып, олардың дүйім жұртқа танымал туындылары халықтың рухани азығына, мәңгілік игілігіне айналды. Міне, осы замана үдерістерінің арқасында Қазақстанның, оның ішінде қазақтардың мәдени, әдеби таным көкжиегі кеңейіп, қазақ тіліндегі рухани өнімдердің талғампаз тұтынушылары қалыптасты. Қалай болғанда да бұл айтылғандар – кешегі күннің жарқын жетістігі болатын. Оны қашан да, қайда да ешбір тарих жоққа шығара алмайды. Бірақ...
Бірақ сол кешегі кеңестік дәуірдегі жетістік деп саналып, ақпараттық ресурстар арқылы барынша дәріптелген рухани өнімнің бәрі бүгінгі қоғамның талғам-таразысына толықтай сай келіп, өзінің лайық деп белгіленген орнын сақтап қала алды ма? Кешегі дәуірдің танылған тұлғалары мен танымал туындыларының қайсысы қайсысы халықпен бірге жасап, жарқырай бермек, қайсысы тарихтың шаңына еріксіз көміліп ұмыт болмақ? Осы бір дилеммалық сұрақтың жауабы кейінгі отыз жыл мұғдарында тіпті барынша жылдам айқындала түскендігі соншама, бәрі-бәрі өзінің лайықты орнын тапты деуге әбден болады. «Барынша жылдам» деуіміздің мәнісі – кеңес билігі тұсында жетпіс жыл бойы әспеттелген талай-талай кірпіштей қалың, талыстай мұқабалы туындылар кітап сөресінен макулатура қабылдайтын орынға жол тартқанын білеміз. Өз дәуірінің әспетті төрінен мызғымастай орын иеленіп, басынан құс ұшырмай құрметтелген талай-талай тау тұлғалар бүгіндері ел жадынан еріксіз ұмытыла бастады. Керісінше, бұған қарама-қарсы, оң үдеріс және жүрілгенін аатап өткен дұрыс: «асыл пышақ қап түбінде жатпайды» дегендей, қырағы коммунистер «идеясы жат, идеологияға қайшы» деп тауып, әдейі ұмыттыруға тырысқан көптеген тұлғалар мен туындылар туған халқымен қайтадан қауышып, ел жадында жылдар өткен сайын жаңғырып, әйгілене түсті. Әр өңірде олардың алып ескерткіштері тұрғызылып, олар жайлы зерттеулер мен әдеби туындылар жазылып, фильмдер түсіріліп, мектеп-мекемелерге есімдері беріліп, шығармалары оқулықтарға енгізілуде. Демек, белгілі бір заманның үдесінен шығу үшін ғана жасалған туындылар күйрек, жалпыадамзаттық, ұлттық мәңгілік құндылықтар ауқымындағы ойларға негізделген рухани өнімдер өміршең екен... Біздің рухани әлеміміздің бүгінгі ахуалы негізінен, осы ғой.
Ұлттық құндылықтар демекші, кешегі коммунистік дәуірдің идеологтары дәріптеген тұлғалар мен олардың туындыларында ұлттық құндылықтар жоқ деп айта алмаймыз ғой. Ендеше олар неге дәуірдің тезіне шыдамады деген сұрақ туындайды? Бұл сұрақтың ақиқат жауабы: өнер мен әдебиеттің әсіре саясатқа тым-тым мәжбүрлі қолжаулық болып кетуі ғой. Мемлекет тұрғындарының рухани әлемін белгілі бір шектеулі шеңбер ішінде ұстау арқылы биліктің беріктігін қамтамасыз етуді көздеген коммунистер қоғамдағы шығармашылық өнімге қатысты ұстанымды «түрі ұлттық, мазмұны социалистік болсын» деп айқындаған болатын. Мұның өзі, былайша нағыз демократияшыл сипат болып сезілгенімен, «социалистік мазмұн» біржақты таптық көзқарасқа құрылған еді. «Коммунистік қоғамның билігі пролетариаттың қолында!» - деп, қарапайым еңбекші бұқара өкілі алдыңғы планда тұрды. Ал ұлттың сан ғасырлық өмірінде елеулі із қалдырған тарихи тұлғалар туралы көркем туынды жазуға тыйым салынады, жазылса да олар бірыңғай «қанішер жексұрын», «елді сүліктей сорған қанаушы» деген сияқты жағымсыз сипаттарда болуы тиіс деген принцип қатаң сақталуы тиіс болды. Яғни, Абылай мен Кенесарыдай ел билеген көсемдер, Қабанбай, Бөгенбайдай батырлар мен Қазыбек пен Әйтеке билерді туындыға енгізер болса, оларды міндетті түрде біржақты нашар образда сомдау, суреттеу, бейнелеу талабы қойылды. Ал бұл талапқа анық бағынбай, коммунистік идеология сызып берген «түзу» жолдан ауытқып, шыға шауып, шығандай озған шығармашыл тұлғаға міндетті түрде тиісті жаза жүктеліп, бағынбаса қоғамнан шеттетілетін. Қазақтың тамаша лирик ақыны Ғафу Қайырбеков осы бір әділетсіз бейнелеу күйін төмендегі шумақта шеберлікпен бере алған:
Бір сұрақ осы күні мен аңғарған,
Сұрап келем білікті адамдардан.
Өзге жұрттың патшасы жақсы болып,
Қазақ ханы неліктен жаман болған?
Оның себебі: «қазақ қоғамының өткен дәуірлерінің бәрі қараңғы мешеу тұңғиық, қазақтың хандары мен сұлтандары, байлары мен билері, молда-қожаларының бәрі бірдей кертартпа, қанаушы тап өкілдері болғандықтан, олардан әсте үлгі алуға тұрмайды. Мал соңында амңып жүрген жабайы қазақты оқытып-тоқытып адам қылған – Ұлы Қазан төңкерісі» деген, түбірі тиянақсыз әләулай идея тынбай насихатталды. Авторы қоғамға идеясы жат деп танылып, цензура сүзгісінен өтпеген кез келген туынды көрермендері мен оқырмандарына жетпестен, орта жолдан жойылып құрытылатын. Мұның өзі шығармашылық адамының еркіндігіне қол сұғу болатын. Көп таланттар бұған шыдамай, өзін өзі ерте жоғалтты. Кеңес билігі тұсында бұл қиянатқа әсіресе, өнердің өрісті де өркенді саласы әдебиет – барынша көп ұшырады. Бұл қиянат, шындығында тіпті сонау Патшалық Ресей заманынан жалғасқан, ес жиғызбауға бағытталған ескі үрдіс еді. «Орыстың алдымен пушкасы келді, одан соң Пушкині келді» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Бұл – бір жағынан ақиқат шынды, әрі прогрестің өзі болғанымен, қазақ халқын тілдік, ділдік рухани отарлаудың ақиқаты. Оған бүгінгі қазақ қоғамындағы тілдік ахуалының өзі-ақ анық мысал. Қазақ жерін қарудың күшімен жаулаған отаршылдар орайы жеткенде байырғы халықтың салт-санасына, әдет-ғұрпына қыспақты бастады, дәстүрлі діни ұстанымына біртіндеп «патшаға сөзсіз, көзсіз бағынуды» барынша насихаттатып, өнері мен әдебиетіне қатаң бақылау қойылды. Осы ұстанымның дінге қатыстысынан өзге бағыттары кеңестік дәуірде күш ала түспесе, тіпті де бәсеңдемепті. Өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдары бұл нағыз асқын террорлық сипатқа ие болды. Бұл жөнінде белгілі ғалым тарихшы Талас Омарбековтың мынадай тұжырымы бар: «Сталиншіл кеңестік құрылыс алғашқы жылдардан бастап-ақ қазақ даласынан достар емес, жаулар іздейді. Алғашқы жаулар алашордашылар мен «ұлтшылдар» дейтіндер болды. Одан кейінгі кезек көшпелі қазақтың мүдделерін қорғайтын «садуақасовщина», «ходжановщина», «рысқұловщиналар» тәрізді «щиналарға» тисе, олармен қатар қазақ байлары да жаулар, бандиттер, террористер атанды, жер аударылды. ...Осы «ұлтшыл-буржуазия өкілдері», «халық жаулары» деп танылған А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов қатарлы қазақтың біртуар тұлғаларының есімдері оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде кеңес өкіметіне қастандық жасаушы зиянкестер ретінде беріліп, кейіннен «ұлтшыл-бурзуазиялық элементтер» деген сөздерді де, олардың фамилияларына қоса жазып жүрген». Иә, қазақтың ұлт қаймақтары осылайша мезгіл-мезгіл сыпырып алынып отырды. Оған «өлшеусіз» үлес қосқан – сол дәуірдің қырағы да қаһарлы сүзгі мекемесі Главлит болатын. Главлит цензурасының сүзгісінен өткен шығарма ғана өндіріске жіберіліп отырған.
Елдің арғы-бергі тарихында аты қалған елеулі тұлғалар – ұлттық рухтың шын мәніндегі қайнар көзі, айқындауыш коды болатын. Мұны Сталин бастаған коммунистер Кеңес Одағы күш ала бастаған кезде жорта елемегісі келгенімен, кей тұста еріксіз санасуға мәжбүр болған. Бұған бас көсем Сталиннің Грузияда өткізген жастық дәуірінде діни семинарияда оқығаны да әсер еткен болар. Ұлы Отан соғысының бастапқы кезеңінде кеңес әскерлері Фашистік Германиядан тас-талқан жеңіліп, үздіксіз шегінумен болды. Жеңілістен көз ашпай, моральдық құлдырауға ұшырай бастаған көпұлтты армияның әскери рухын көтеру қажеттілігі туындаған осы тұста ұлт батырларын еске салып, жауынгерлерді қайраттандыру күн тәртібіне қойылды. Міне, осы кезеңде қазақтың да аруақты тұлғаларының есімі атала бастады. Майдан даласындағы жауынгерлерге Ер Едіге, Абылай хан, Кенесары, Наурызбай т.б. ел бастаған көсем, қол бастаған әйгілі батырлардың ерлік жолы дәріптелді. Қазақ журналистерінің үлкен тобы майдан газеттерін үздіксіз шығарып жатты. Жамбыл бастаған ақындар мен жазушылар елде патриоттық рухқа толы өлеңдері мен өзге жанрлардағы туындыларын жариялап жатты. Мәлік Ғабдуллиндей батыр, филолог ғалым, қарымды қаламгер Мәскеудегі Саяси Бас Басқармада қызмет етіп, идеология майданында да еселі еңбек жасап жатты. Бұл алапат рух күші өз нәтижесін тез-ақ берді. Өрепкіген өктем жаудың сесі басылып, беті қайтты, қаһарлы рухты кеңес жауынгерлері ұстаған құдіретті қарудың ұңғысы біржола батысқа бұрылып, Берлинге бағыт алды. Бірақ...
Бірақ, жеңіске деген үміт білтесі маздай жанып, жеңіс таразысының басы Гитлерден өзіне ауған тұста Сталин көсем ұлт рухына қатысты ескі әуеніне қайта басты. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң да екпінін бұрынғыдан әрмен үдете түсті. Кеңес Одағы құрамындағы ұлттардың тарихын, көрнекті тарихи тұлғаларын дөкір күшпен ұмыттырып, жаңа буынның жадынан өшіру үдерісі үдей түспесе екпінін еш бәсеңдеткен жоқ. Тек «мұртты көсем» дүниеден озғаннан кейін ғана біртіндеп жұмсарғандай, сәл де болса жылымық жел ескендей болды. Бұл кезеңнің сондықтан да «хрущевтік жылымық» аталғаны да бекер емес.
Міне, қаңтардағы сақылдаған сары аяздың беті қайтқаны тәрізді осынау «жылымықтан» соң Кеңес Одағындағы он бес ұлттық республика мен автономиялық құрылымдар өз-өзінің өшкенін жандырып, тарихи жадысын жаңғыртуға, Сталин билігі тұсында еріксіз ұмыт бола бастаған ұлттық қаһармандарын біріндеп болса да туған халқымен қайтадан табыстыруға белсене кірісті. Одақ көлеміндегі бұл үрдерістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Қазақ тарихы, әдебиеті мен өнерінде тың серпілістер пайда болды. Мұны жүзеге асырған – қым-қуыт зұлматтан ғайыптан тірі қалған қадау-қадау аға буын өкілдері мен алпысыншы жылдардың басында қоғам өміріне батыл араласқан білімді де, жігерлі, шығармашыл толқын болатын. Нақ осы жылдары қазақтың әдебиеті мен өнерінде «жыл келгендей жаңалықтар» болып жатты. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидей ғаламдық деңгейдегі ғұлама есім-сойына орай қазаққа меншіктеліп, хандық дәуірде өмір сүрген жорық жырауларымыз бен олардан бергі ғасырлардың бір топ әйгілі ақындары туған халқымен қайта қауышты. Дәл осы «кемелденген коммунизмге жетер кезеңде» рухани қазынамыздың мәңгілік жауһарына айналған әдеби шығармалар мен көркем фильмдер, көркемсурет, монументалды өнер туындылары дүниеге келді. «Туындының авторы идеологиялық құрсаудың шеңберінен аса алмады, сол заманның сұранысына сай ғана әдебиет пен өнер жасалды, т.б.» деп бүгінгі сыншылар мен оқырмандардың біразы-ақ кеңестік коммунистік дәуір тұсындағы туындыларды орынды-орынсыз мансұқтауға бейіл екендігін де білеміз. Мұны жоққа шығармағанымызбен, қазіргі дәуірге молынан рухани азық, мызығымас таған болып отырған көптеген көрнекті ордалар мен мектептердің негізі сол тұста қаланғанын, олар жүріп өткен сындарлы жолды, қалыптастыруға табан ет, маңдай терін сіңірген тұлғаларымызды лайықты ескермеу – ұласпалы ұлы тарих пен тарихи тұлғалар үшін обал, тіпті қиянат болмақ.
Кеңестік дәуірдегі мемлекеттік пропаганданың қазақ халқы үшін тигізген ең басты жетістігінің бірі ретінде, сол тұста қазақ қаламгерінің алуан жанрда жазған көркем туындыларын қадағалап оқитын зерделі қазақ оқырмандарының халықаралық ауқымдағы ірі шоғырын қалыптастыра алғандығы еді. «Халықаралық ауқым» деп отырғанымыз – Алматыдан шығатын қазақ тіліндегі газет-журналдар мен кітаптар, кинотуындылар Кеңес Одағының түкпір-түпкіріне, сондай-ақ посткоммунистік мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қазақтарға тұрақты түрде, еш кедергісіз жеткізіліп жатты. Бүгінгі күннің белесінен қарағанның өзінде асқақ тұрған осы бір игілікті жылдардың арқасында социалистік жүйе елдеріндегі барша қазақтың тілдік, мәдени салт-дәстүрлік ортақ ойлау жүйелік тұтастығы сақталды. Сол заманда жазушылардың сұранысқа орай үсті-үстіне шығарылып, оқырманға жол тартып жатқан кітаптарының тиражы қазіргі күндегімен салыстырғанда, расымен де аспан мен жердей екендігі де ақиқат. «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Балдырған», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» т.б. журналдар мен газеттердің тиражы ондаған, тіпті жүздеген мыңмен ғана өрнектелетін. 1991-жылы Кеңес Одағының толықтай ыдыраған жұртында он бес тәуелсіз мемлекет қалыптасқан тұста мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған кешегі кең құлашты, тығыз байланыс мүлде дерлік адыра қалды. Әсіресе, соның ішінде баспа өнімдерін алмасып, таратудағы кедергілер мүлде көбейді. Онымен бірге, ақпараттарды жеткізудің технологиясы ғаламат қарыштап дамуына орай, кейінгі кезеңде кітаптар мен өзге де баспа өнімдеріне деген сұраныс та азайды, тіпті ақпараттарды қабылдау форматының өзі мүлдем өзгеріп барады, жұрт кітапты бұрынғыдай көптеп сатып алып оқымайтын болды. Газет-журналдардың тиражы мүлде азайды. Еуропаның өзінде бір ғасырлық тарихы бар кейбір басылымдарының өзі соңғы қағаз нұсқасын шығарып, баспа өндірісін тоқтатуға мәжбүр екендігін жариялап жатқандығынан хабарымыз бар. Көптеген газеттер жабылып, тек ғаламторлық электронды нұсқасы ғана қалды... Шетелдердегі қазақтардың бүгінгі ұрпағы өздері тұрып жатқан елді мекенге кезінде кітаптар мен газет-журналдар жеткізіліп тұрғанын ата-аналарының айтуынан ғана біледі. Оларды Атажұртпен байланыстырып тұрған ғаламтор мен «Отау тв» жерсерігі жүйесі ғана. Газет-журнал, кітаптың мүмкін, қажеті жоқ та шығар, мына дамыған ақпараттық дәуірде? Осылай деп, барлық кінәні дәуірдің, технологияның дамуына артып, ақталғымыз келеді. Бірақ...
Бірақ: «Қағаз кітаптың дәуірі өтіп барады, оқылмайды, оқығысы келген адам қалаған кітабын әлемнің кез келген кітапханасына тіркелу арқылы, ғаламтордан оқи алатын мүмкіндікке ие емес пе?» - деп ақталайын десеңіз, әлем жұртының қағаз кітапқа толы кітапханалары мен кітап дүкендері мүлтіксіз жұмыс істеп жатыр. Әлемді айтпағанда, біздің Қазақстанның өзінде, үлкен қалалардағы «Меломан», «Марвин» т.б. коммерциялық кітап дүкендер желісі өз жұмысын бірқалыпты жүргізіп, саудасын дөңгелентіп отырған жоқ па? Осы кітап дүкендеріне қашан барсаңыз да, сөрелерінде сықап тұрған алуан түрлі тақырыптағы, көлемі үлкенді-кішілі кітаптарды көресіз. Және оларды асықпай парақтап тұрғандар мен нақты сатып алушылардың қарасы аз еместігіне де азырақ аялдасаңыз көзіңіз жетеді. Демек, біздің елімізде де белгілі деңгейдегі сұраныстың барлығынан, кітаптарды көптеп сатып алып оқитын тұрақты оқырман тұтынушының болғандығынан да бұл коммерциялық дүкендер өмір сүріп, табыс тауып отыр емес пе? Бұл дүкендердің жұмысына нақтырақ зер салсаңыз, тіпті ҚАЛАМГЕР – БАСПАГЕР – САТУШЫ – ОҚЫРМАН тізбегінің өзі тәп-тәуір жолға қойылғанын, осыған бейімделе, заманға сай үндесе қызмет жасап жатқанын да аңғарасыз. Бірақ...
Бірақ, көңілге кірбің келтірерлік бір жағдай: тұрғылықты халқының жетпіс пайызын қазақтар иеленетін тәуелсіз Қазақстанның ірі қалаларындағы жоғарыда аты аталғандар мен өзге де ірі коммерциялық дүкендер желілерінде сатылымға шығып жатқан кітаптардың тоқсан тоғыз пайызы дерлік орыс тілінде десек, қателеспеспіз. Сөрелерде жанр-жанрымен жіктелген кітаптардың ішінде әр бұрыштан көзге шалынып қалатын қазақ тіліндегі кітаптардың үлесі бір пайыздың арғы-бергі жағында ғана. Рас, «Атамұра», «Фолиант» т.б. баспалардағы қазақ тіліндегі өнім шығару жағдайы тәуір әрине. Мұны бәріміз де білеміз, көріп жүрміз, бірақ көрсек те, білсек те оған жасар еш қайранымыз тағы жоқ. Бұған айтылар себептің өзі де толып жатыр. Ең бастысы, ең өкіншітісі: кешегі мол шоғырлы әрі кітапқұмар қазақ тілді оқырмандар толқынының алдыңғы буындары өмірден өтті, соңғы буындары қартайды, қартайып бара жатыр, қалыптасқан дәстүр тоқырай бастады. Әрі мінәйі себептерге байланысты қазақ тілінің ресми қолдану аясы да шектеулі күйде. Сондықтан да болар, қазақша кітап оқитын жас оқырмандардың қатары тым аз. Ал оқырманы аз болғандықтан, қазақша кітаптарға да сұраныс жоқ. Шыққан кітапты бір-бірден таратқанның өзінде Қазақстандағы барлық кітапханаға жететін мол тираждысы және аз. Қазақша кітаптар шықты дегеннің өзінде, самсаған шетелдік кітаптармен салыстырғанда құны қымбат. Түрлі бюрократиялық кедергілерге байланысты туындыгер-баспагер-сатушы-тұтынушы арасындағы өзара байланыс дамымаған т.б. деп талай кедергілер мен себептерді санай беруге болар. Бірақ...
Бірақ, осындай шөре-шөре күймен тағы қанша жыл жүрер екенбіз, өстіп жүргенде қазақ халқындағы кешелі-бүгінгі кітапқұмарлық дәстүрі мүлде үзіліп қалар ма екен, бұдан былай латын қарпіндегі кітаптар басылып шыға бастаса, кешегі дәуірдің туындылары мен аға буын оқырманның күйі не болады деген сияқты қаупіміз де жоқ емес. Оқырман демекші, әлемдік әдеби үдерістен әрдайым хабары бар, жарқ еткен жаһандық туындыны тез-ақ оқып, жіліктеп талдап отыратын білімпаз қазақтарымыз, құдайға шүкір баршылық. Шетелдік танымал қаламгерлер мен олардың туындылары жайлы әлеуметтік желілерде, теледидарда көсіле әңгімелеп, пәлен деген автордың түген деген кітабын міндетті түрде оқу керектігі туралы кеңес беріп жатады. Дұрыс-ақ, мұнысына рақмет, қой. Бірақ...
Бірақ, бұл білімпаз қазақтың оқуға кеңес беріп отырған кітабы тоқсан тоғыз пайыз жағдайда орыс тілінде ғой. «Е, онда не тұр, тіл білген соң әлемнің жұмысшы тілдерінің бірі орысшасын оқыды, ең бастысы, түсінікті тілде, уақытылы, оқыған болса болды емес пе, қазақшаға аударылғанша не заман, аударса да оны кім оқымақ?» - деген ой қылаң береді, көп кәллада. Иә, бізді, бізді болғанда қазақтың рухани әлемін аса көктетпей келе жатқан – дәл осы «е, онда не тұр» деген масылдық, Абайша айтқанда, «көп айтса болды, жұрт айтса көнділік» салбөксе келісім. Сонда әлгі қазақ өзі орысша оқыған әлемдік бестселлерді неге қазақ тіліне аудармасқа? Осыған неге талпынбасқа? Неге қауымдасып, талпынбасқа? «Жүз жыл жалғыздықты» қазақ тіліне ғажап аударған кешегі Кеңес Юсуповтардың бүгінгі ізбасарлары жоқ па? Әлде мұны талап етіп, үнімізді тиісті мекемелерге жеткізе алмай отырған қазақ оқырмандары кінәлі ме? Әлде қазақ оқырмандарына қуатты қолдауын сезіндіре алмаған мемлекет кінәлі ме? Бірақ...
Бірақ, олай дейін десеңіз, мемлекеттің қолдауымен құрылған, қазақ тіліне тәржіма жасаумен айналысатын аударма бюросы барынан хабардармыз. Дүниежүзіндегі ең танымал кітаптар осы бюро арқылы қазақ тіліне көптеп аударылып, халық игілігіне ұсынылып жатыр. «Көш жүре түзеледі» дегендей, осындай жарқын жаңалықтарға қарап, болашақтан үміт етіп те қоямыз. Осылайша, харекеттеніп, әлемдік үрдістен ақалмаған жөн, әрине. Жоғарыдағыдай: «Орысшасы бар ғой», - деген масылдық келісімге бойұсына берсек, осы тұтынушылықта қала бергеніміз – қала берген.
Осы орайда отандық өнім туралы тағы бір сұрақ қылаң береді. Яғни, біздің қазақ туындыгерлері соңғы ширек ғасырдан астам уақыт жүзінде дүйім елді елең еткізерліктей ерек рухани өнімдерді қаншалықты көп ұсына алды? Мейлі, ол поэзиялық, прозалық, музыкалық, синтетикалық жанрларда, немесе қолданбалы, монументалды өнер туынды болсын. Мысал үшін, Норман Фостер немесе, біздің елордамыздан Ұлыбритания астанасына дейін туындылары қойылған бурят мүсіншісі Даши Намдаков тәрізді әлемдік аренаға еркін танылған, мынау біздің шығармашыл дейтіндей қандай әйгіліміз, оның салмақты дүниесі бар?... Ойланарлық сұрақ, тума талант әнші Димашты айтпағанда. Әрине, Бұған бірден: «Бар!», - деп сенімді түрде жауап беруге де, ауызды қу шөппен сүртіп: «Жоқ!» - деуге де болмайды. Тәуелсіз елдің бүгінгі оқырманы мен көрермені бұл турасында не деген болар еді? Ескіні ескере отырып, жаңаша да лайықты жаңғыра алсақ игі еді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.