Біздің дәуірімізге дейінгі төрт жүзінші жылдары өмір сүрген әйгілі Платон тәрбиеде үлкен маңызы бар төрт дүниені ерекше атаған: гимнастика, музыка, поэзия және математика. Неге мектепте математика өтпесе, баланың зердесі дамымайтынын бүгінгінің ғалымдары дәлелдеп қойған. Музыка мен дене жаттығуы да мектеп бағдарламасынан түспейтін пәндер. Ал, поэзияның адам жадына қаншалықты әсері бары көп айтылмайтын болды. Тіпті балаға тақпақ жаттату, өлең оқыту, жыр-дастандар жаттаудың маңызы неде екенін тап басып айта алмайтын заманға келдік. Америкалық психолог Роберт Стернберг интеллект теориясын зерттей келе оның үш түрін атап өткен екен. Адам миы талдау, шығармашылық, тәжірибе деген интеллектілерге бөлінген. Осы үш түрлі интеллектінің қатар дамуы адамның тұлға ретінде қалыптасуына ерекше әсер ететін көрінеді. Білім қуғанда, жұмыс істегенде осы үш компонентті қатар жетілдіруге өлең жаттау көмектеседі. Осы үшеуі бір толқында тоғысқанда ақындар өрелі өлең туғызады екен. Яғни, поэзияның жадыны дамытудағы рөлі зор.
Өрелі өлең ұлтты тәрбиелейтінін ескермейтін заман туды. Ал, өлеңді ақын қанша жерден өзім үшін жаздым десе де, тек өзі үшін жазбайтыны бесенеден белгілі. Өлең – келешек ұрпақтың зиятын дамыту үшін қалдыратын мирасы. Өлең тылсымның күшімен жазылатын туынды. Өлеңде өмір бар, өлеңде ұлттық мінез бар, өлеңде адамзатқа ортақ сезім бар, құндылық бар.
Соңғы кезде оқыған өлеңдердің дені бірсарынды боп көріне бастады. Өрелі өлең өте аз. Бұл шамасы ізденістің кемдігі, яки көркемдіктің таяздығы болар. Сезіне алмаған құбылысын ақындар жеріне жеткізіп жүрекке қондыра алмауынан да шығар. Мұның бәріне неге тоқталып отырмын, себебі «Поэзия − заманақырды алыстататын өнер» деп айтқан ақынның өлеңдеріне тоқталғым келді. Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдері қазақ поэзиясынан ойып тұрып орын алған жауһарлар. Бәлкім, жалпы ақын болмысына тынымсыз ізденіс тән болмайтын шығар. Дегенмен өмірлік тәжірибенің өзі жыл санап өлеңнің өресін өсіріп, өлеңге деген махаббатты үдетуі табиғи үдеріс. Сол табиғи үдеріс кезінде туған өлеңнің құдіреті шексіз. Шын өлең саясат үшін емес, сұраныс үшін емес, сезім туғанда, көңіл алаңда, шабыттанғанда, арқаланғанда, ішке сыймағанда жазылса керек. Мейірхан Ақдәулетұлының таңдамалыларының І томында біршама өлеңі мен аудармасы бар. Қайта айналып оқи бергің келетін өлеңдер. Шаршағанда шаршауыңды басатын, шөлдегенде шөліңді басатын, жан бірдеңе іздегенде алдыңа күллі әлемді жайып салатын сезімдер сандығын ашқандайсың. Солардың ішінен қазақтың қоңыр үнін сезініп, өлеңмен бірге шалғайда қалған туған ауылға жетіп, жастық шақта уысқа түспей қалған мөлдір махаббаты еске алып, адалдық пен достықтың кемесіне неше мініп, неше түсіп, қарттыққа жетудің бақытын бастан кешкендей боласың.
«Салмақты неткен сөз едің мұнша «Азамат»,
Кеттің ғой бейқам көңілімді менің мазалап,
...Ана мен ауыл қоңырын аппақ деп сүйген
Қоңырқай ұлын теңейді зорға – ғажап-ақ» -
деген қара өлең жолдарынан қазақы қоңыр әуез сезіледі. Қазақ баласын еркелеткенде қоңыр болмысты да «аққа» жатқызатыны балаға деген шексіз мейірімін, махаббатын сезіндіреді. «Қоңырым» деп еркелетудің өзі де жанға жайлы, ыстық сөз. Қоңыр сөзі қазақта тек реңкті емес, тұтас бір образды беретіні де өз алдына бір пәлсапа. Осы туралы Әбіш Кекілбаев: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білу» деп бағалапты. Ал, біз Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдерінен сол қазақы иісті, қоңыр болмысты сезінеміз. Тас қаланы жатырқаған жанымыз шағын ауылдың қоңыр тірлігін сағынатыны да рас. Қоңыр деген қазақ үшін жанның күйі, киелі, қасиетті ұғым. Қоңырым деп әспеттеудің астарында дегдар болмысты, қазақтың көркем мінезін сипаттау жатыр. Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдерінде осы қоңыр мінез менмұндалап жатқандай. Оның табиғатты сипаттауы, махаббатты жырлауы да парасат биігінен өлшеніп, жүрек көзімен бағаланған.
«Сүйем деу аз,
Мен саған бас ұрамын,
Жаным – жетім, қалайша жасырамын?
Жаныңа еніп сәуле боп,
Жанарыңнан
Жасын нұр боп келеді шашырағым!» -
деген жолдардан асқақ сезімнің аласұрғанын көреміз. Тулаған жүректің шектеуге көнбей жатқан қайғылы үні бар. Қол жетпейтін сезімге асық ыстық жүректің шырылдаған лебізі, шын жылаған үні. Сондай биік, сондай қымбат махаббат. Арадағы алынбас қамалға соғылып, басын тауға да, тасқа да соққан мұңлықтың жыры. Қоңыр мұң. Айтыла сап ұмытылатын емес, өмір бақи жүректе сақтап өтетін асқақ мұң. Әр көлеңке ғашығы боп елестеп, әр адамнан оның көзін іздеткен. Сезініп тасқындайтын, бірақ айтып жеткізе алмайтын үнсіз мұң. Кеудеңді кеулеп сыздататын, бөтен адамға сезілмейтін мұң. Оқып отырып сол мұңға күмп етесің де, шыға алмай, шырғалаңға түсіп қаласың. Құдды бұл өлеңді ақын емес, өзің жазып отырғандайсың.
«Құмда қалған ізіңді құтырған жел өшірген!
Құшағыма бұйырған
Өзің емес!
...көшірмең.
Көктемдердің барлығы күз боп
өлер түнеріп... –
Біз өтіппіз өмірден.
Ғашық едік – тірі едік.
Жылағансып қайтесің,
Не демексің кереңге –
Өзім жанып, жоғалып
налам қалды өлеңде», -
деген сөзден өзекті өртеген өкініштің жүрекке дерт боп байланғанын сеземіз. Ерте ме, кеш пе әр адамның басына бір қонатын өкініш. Қанипа Бұғыбаеваның «Ғашық болған күндерім – тірі күнім, ғашық емес күндерім – өлі күнім» деген өлеңімен үндеседі екен. Махаббат әркез бақыт болса, сол бақытын абайсызда ұшырып алған мәжнүннің өкініші. Сезінесің, түйсінесің. Бәлкім, бастан да кешкен болармыз. Сондай түсінікті, анық өкініш. Жүректен көшіріп, өлеңге сыйдырған ақ сезімді келместің кемесіне мінгізіп, қоштасуы. Тоналып қалған жүректің өзін эшафотқа отырғызғандай күйі. Жылауық та емес, күйреуік те емес. Аскетизммен астасатын ерен төзім. Өкінесің, налисың, бірақ қайта тұрып жолыңды жалғастырасың. Мәңгілікке жеткенше жүректе сақтап, ары қарай жүре бермексің. Мұндағы құмның да, құшақтың да ыстығы сезілмейді. Бәрі өшкен. Ізі жоқ. Өмір енді түпнұсқа емес, тек «черновик» сияқты. Өзің өз емес, жармақ сияқтысың. Сол аянышты хәлді желге ұшырып, өзін тастүйін жинап алған қатал жүректі көреміз.
«Арасында Ақиқат пен Жалғанның,
Аз ғана күн сендім, сүйдім,
алдандым...
Бақытыма бас шайқа, Аспан!
...ал, мұңым –
ақымақтық...
қолдан жасап алған мін!» -
деп мұңның өзін болмысына мін санап, мінсіз еместігін паш етеді. Адамның бәріне тән осалдық. Пенденің бәріне тән ақымақтық. Адамзат басынан кешетін бүкіл сезім жиылып кеп осы өлеңдегі кіршіксіз мұңға сіңгендей. Бес күн жалғандағы бар қуаныш ағып өтіп, түбінде мұңға тірелетіндей. Мінсіз адам жоқ. Бәрінің міні – өз мұңы деп тұрғандай. Әркімнің өз мұңы өзіне ыстық көріне береді. Тәнің топыраққа сіңгенше сен не актерсың, не көрерменсің. Сен не ертекшісің, не сиқыршысың. Алдың мұң, артың өкініш. Құрдымға құлайсың, қайта тұрасың. Тұрғызатын қазынасы бар. Содан айырылмаса болғаны деп тұрғандай. Несібесін түгендейтін пенденің қысқа ғұмырына титтей болса да мән кіргізуге ұмтылған мұң. Жырлауға лайық, талдауға лайық ескі мұң.
«–Жалғансың! – деп, Мәңгіліктің жағасын,
жұлқылап ем, қыңбады.
Жесір-өмір жұбатады баласын
жырым-жырым құндағы...
Мың ғасырлық Мәңгі ойынның мәні –
Осы.
Бояуы тек көнерген.
Мен?
...сәбимін
сенімі мен дәмесі
өзінен Зор
өлермен...», -
деген өлеңде адамзат айналып соға беретін өзін іздеу жолына түскен пенденің тірліктен тұрақ таппай, адасуы, түңілу мен баз кешу бар. Қайғы деген қайталана беретін уытты ішіп тұрып, мойынсұну, көндігу бар. Адамның кейде өзін асқақтатуы ақырында түпсіз шыңырауға түсіретін жол екенін бағамдататындай. Бір қарағанда сол өмір, еш өзгермеген. Заман өзгергенмен адам болмысы түк өзгермейтіндей. Өнер мың өзгергенмен, сөз өз қалпынан айнымағандай. Жанкештілікпен өзін іздеген сан мың адамның ұзақ жылдан соң ақыры түк таппай, жүрегіне оралуы. Жастық шақ пен даналықтың тоғысуындағы пәлсапа. Бәрі сол қалпы, бірақ бәрі басқаша. Өлшемі өзгермейді, тек көру, яки тану ракурсы құбылады.
«Ділі – жусан,
Қиялы – қыпшақы ердің Тарланы,
Жылқы мүсін болмысы. Сордан кермек арманы,
Мұңы – Қобыз,
Төзімі болдыртардай түйені,
Домбырасы – дұғасы,
Сөзі – серті киелі».
Қыран түгіл,
Қарғасы қара ойды ұғар қиядан,
Осы Дала – Отаным. Ұқсамауға ұялам», -
деген жолдар «Гүл-жусан» өлеңінде бар. Қазақтың сары даласының қоңыр үнін жеткізіп тұрған өлең. Не көрмеген кең дала десеңші?! Тарихтың ізі, адамзаттың көші, өмірдің өзі болған дала. Ұлы мұраттарды, ұсақ қиянаттарды, ізгілік пен ірілікті, жатырқау мен ықыласты қатар көрген кең дала. Көне сүрлеуден тас жолға дейінгінің бәріне куә болған кең байтақ дала. Сол даланың өңсіз қоңыр тірлігіне көніп өскен өжет ұланы. Сол ұланның асау арманы. Тұнық ой, терең таным, дегдар болмыс. Көркемдігі келіскен, әр сөзінен өзіңді көретін ескі өлең. Жусаны да, тікені де мәңгі есіңнен кетпейтін туған далаң көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады. Өлең емес, сурет дерсің!
«Сонау көктем,
Сонау жаз,
Сонау қызық,
Жүкаяқты жастанған жамаулы үзік...
Кестеленген ақ көйлек,
Керемет күн.
Кеткенің бе із-түссіз қараңды үзіп?...» -
деген өлеңде де қоңыр мұң бар. Мұнда жастық шаққа деген сағыныш бар. Таусылмайтын, түгесілмейтін мұңлы сағыныш. Қоңыр сағыныш. Көп жыл аралатып ауылға кеп, ескі жұрттың орнын сипап қалатын терең сағыныш. Балалық шақты еске алып, өткен өмірді санаңмен іздейтін сағыныш. Ескі жұрт дейтін ұғымның өзі қоңыр тірліктің тәтті естелігі сияқты. Ең тәтті. Естен кетпейтін, ешқашан көмескіленбейтін естелік.
«Екеу таза киімім –
бір Иткөйлек,
бір Кебін,
...Күллі әлемдік Күйелеш,
Мен де өзіңмен біргемін!
Бар арманым – Тазалық.
Кірлегеннің арманы...» -
Мұны айтуға жаныңның тәуекелі бармады», -
деген Күбірден өмірден ақиқат іздеген ақын жүректің сенделісін сеземіз, ізденісін көреміз. Пәлсапалық мағынасына тәнті боламыз. Шиыршық атқан ашуды емес, зауалға көнген кіршіксіз Арды көреміз. Күрсінген, қожыраған, түңілген жанды көреміз. Фәниден тұрақ таппаған, ажалды іздеп, асыға күткен, амалы таусылған, дәрменсіздіктен қиналған жаралы жан. «Кеш. Жалғыздық» деген өлеңінде де пәлсапалық ізденіс, өмірден күдер үзген жалғыздықтың дерті бар. Саф дүниенің қанша қымбат болса да, мәңгілік емесін ұғындырады. Өлеңнің қара сөзден бәсі биік. Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдерінде өмір жатыр, өрнек жатыр. Өлеңінен сыр ұғасың, шындыққа қанығасың. Өлеңінен шабыттанып, өмірлік танымыңды кеңейтесің. Бейжай қалдырмайтын өлеңдер. Көңілді өсіреді. Сананы қозғайды. Сабырыңды сарқып, бір тылсымды күттіреді. Ғажайыпты іздетеді. Өлеңде кие бары рас. Өлеңде ұрпақтан ұрпаққа мирас боларлық құдірет бар. Оқыған сайын жаңалық табасың. Оскар Уайльд поэзия туралы: «Сазгер не суретшінің туындысы сөздің қасында жұтаң. Сөздің әуені, түр-түсі ғана емес, тұнық ойы, оттай ыстық құштарлығы, рухани киесі бар» деген екен. Расында да, «Ең әуелі сөз болған» деп күллі өнердің сөзден туындатқан бағзы заманның абыздары тәңірлік құтты білген болса керек. Сөздің киесін білген адамға өлеңнің берер тәлімі мол. Ал, арқалы ақынның өрелі өлеңі әрдайым көңілден орын алады. Іздеп жүріп оқып, сағынысып қауышатын ақ парақтардағы сырға толы жырлар сана биігінде қала бермек.
«Поэзия — ең бақытты адамның ең бақытты сәттерін сомдайтын ескерткіш» деген екен ағылшын ақыны Перси Биши Шелли. Поэзияны алдымен сезінесің. Сосын барып түсінуге тырысасың. Ал сезініп отырып түсінсең, ол шедевр. Поэзияның адам жанына сыйлайтын кереметін салыстырмалы түрде осылай сипаттаса керек. Дарынды ақынның өлеңіндегі ғибратты танудың өзі бір ғанибет. Ғасырлардан талып жеткен қоңыр үнге елегізи бересің, үнемі іздеп отырасың. Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдерінде қазақы танымның, болмыстың жинақталған бейнесі бар. Анаң жаққан ошақтың отына жылынып, ақ кебінге дейінгі аралықты көз алдыңнан өткізесің. Сондықтан ақын өлеңдері уақыт өткен сайын әр оқырманға әрі жақын, әрі қымбат бола түседі. Оқыған сайын ескі жұртқа оралғандай күйді бастан кешесің.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.