Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Годоның жұмбағы...

10.05.2023 2681

Годоның жұмбағы 14+

Годоның жұмбағы - adebiportal.kz

«Годоны күте, күте»  - абсурдтық драматургияның шедеврі, биік шыңы. Пьеса әлі күнге дейін қызығушылық туғызып, әлем театрларында қойылып келеді. 

Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы драма театры да Беккеттің пьесасын қойды. Режиссері - Мекен Жұмабаев. Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ бұл туындыны ана тілімізге тәржімалапты.   

Сөз жоқ, Қалихан Ысқақ тіл байлығы мол, мейлінше көркем жазатын  прозаик.  Талантты жазушының туындыларын оқығанда сыршыл суреткердің сөздің сұлулығына, бейнелілігіне айрықша мән беретіні бірден байқалады. Шығармашылық ізденістерінде ұқсастықтар көп болғандықтан ба Қалағаң орыс классигі Бунинді ана тілімізге өте жақсы аударды. Тіпті, аударды дегеннен гөрі Бунинді қазақша сөйлетті десек те артық айтпаймыз.  Ұмытпасам, осыдан қырық жыл бұрын бір топ қаламгер Буниннің әңгімелерін аударып, ол кітап «Балқарағай» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Қазақтың сол кездегі ең танымал прозаиктері Буниннің туындыларын жарысқа түскендей болып ана тілімізге тәржімалаған аудармалардың ішінен Қалағаңдікі  жүзден жүйрік шыққанын мойындамасқа амал кем. 

Бунин әлеміне терең бойлап, прозасының шырайын бұзбай,  ана тілімізде сөйлеткен Қалағаң, өкінішке қарай Беккеттің пьесасын тап осындай шеберлікпен аудара алмапты. Егер де Беккет саналы түрде тілді көркемдемеуге тырысса, Қалағаң керісінше тілдің бояуын құлпыртуға зор мән берген. Соның салдарынан кейбір мағынасы жұмбақ сөздердің астарында жатқан автордың айтпақ ойы ашылмай қалған. Негізі мұндай күрделі пьесаларды келешекте филологиялық сараптамадан өткізіп, абсурд театрының табиғатын білетін мамандармен ақылдаса отырып  аударса нұр үстіне нұр болар еді.  

Модернистік бағыттағы ізденістері үшін, шығармаларын қос тілде жазған (француз және ирланд) драматург, жазушы, әрі ақын Сэмюэл Беккет 1969 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Дәлірек айтсақ, Швед академиясы Бекетке атағы жер жаратын марапатты «Бүгінгі заман адамының трагедиясы ақырында оның жеңісіне айналатын, проза мен драматургиядағы жаңашыл туындылары үшін» берді. 

Беккет өмірі қиын, тірлігі түсініксіз жұмбақ тұлға. Сартр сияқты Нобель сыйлығынан бас тартпағанымен ,ол Швед Академиясынан алған қомақты қаржысының бәрін мұқтаждық көріп отырған достары мен жетімдерге үлестіріп берді. Тіршіліктен тірек таппай қиналып, жалғыздықтың азабын тартты. Жалғыздықтың жұмбағын зерттеген Беккеттің өмірлік философиясы шығармаларында айқын көрініс тапты. 

Беккет үйленген. Алайда, өмірінің соңында ол өз қалауымен: «Сендерге қиындық көрсеткім келмейді», - деп, отбасын тастап қарттар үйіне кетіп қалады. Дей тұрсақ та өмірінің соңғы күніне дейін жұрттан жасырынып әйелімен кездесіп тұрды. Қайтыс боларының алдында елден оқшауланып өмір сүріп, жұбайы өлгеннен кейін бірнеше айдан соң дүние салды. 

Жас кезінде ол атақты «Улисті» жазған Джеймс Джойстың әдеби хатшысы болып та жұмыс істеді. Зерттеушілер Бекет өз  туындыларында Джойстың жазу техникасын одан әрі жетілдіре  түсті деп есептейді. 

Беккет өз биографтарына арнап: «Менің өмірімді емес, жазған  шығармаларымды микроскоптың астына қойып зерттегендеріңді қалар едім», - деген өсиет қалдырып кеткен қаламгер. Олай болса, жазушының тілегін орындап, жалғыз шығармасымен әлемді мойындатып, әдебиетке жаңалық әкелген Бекеттің өмірін қоя тұрып, негізгі әңгімемізге көшіп «Годаны күте, күте» пьесасын талқылауға кірісейік.  Өмірінен гөрі, ұлы драматургтің әлі күнге дейін түрлі пікірталас туғызып келе жатқан тағдырлы туындысы - «Годоны күте, күте» пьесасындағы детальдарды көбірек талдасақ әңгімеміз пайдалырақ болар. Ендеше әңгімемізді тезірек бастап: «Ешқандай да оқиға болмайтын атақты пьесаның құпиясы неде?»  - деген күрмеуі күрделі сұрақтың жауабын бірге іздеп көрейік. 

Пьесаның құрылымын структуралист ғалымдар айтып жүрген «бинарлық оппозиция» тұрғысынан талдап, форма мен мазмұнның ерекшелігіне назар аударатын болсақ көп жұмбақтың сыры өздігінен ашыла түседі. Сол себептен де біз ең алдымен пьесаның қалай жасалғанына, қандай әдістердің қолданылғанына баса назар аударып, жиі-жиі кездесетін қайталаулардың себебіне  тоқталып, оны  қалай түсінуге болатынының кілтін табуымыз керек. 

Екі актілі пьеса бір қарағанда мән-мағынасы жоқ, қайта-қайта үзіліп кете беретін диалогтардың фрагменттерінен тұрады. Кейіпкерлердің сөйлесуі өмірдегіге ұқсамайды, әрекеттері ақылға сыймайды. Мағыналы сюжеттің  орнына кенеттен пайда болатын оқиғалардың тізбегін көреміз. Классикалық драматургиядағы шарттылықтар қасақана бұзылған. Пьесадан антогонист кейіпкерді де, пратогонист кейіпкерді таппаймыз. Шекспир мен Шиллер сияқты ұлы драматургтердің туындыларынан іздейтін дүниелердің бірде-біреуі бұл пьесада атымен жоқ. 

Есесіне пьесада жол жиегінде Годоның келуін күтіп жүрген Владимир мен Эстрагон бар. Тағатымыз таусылып күткенімізбен, біз олардың кім екенін пьеса аяқталғанша сол күйі біле алмай кетеміз. 

Олар кімдер? Екі дос па, әлде әншейін таныстар ма, әлде қаңғыбастар ма,  немесе қалжыңбас актерлар ма? Біз Годоның кім екенін де және не үшін, қандай мақсатпен екеудің оны күтіп жүргенін де  білмейміз. Кенеттен сахнада  Попсо мен Лакки есімді екі кейіпкер пайда бола кетеді. Біреуісі – қожайын, екіншісі – қызметшісі. Лаккиді қызметші дегеннен гөрі, Попсоның құлақ кесті құлы деуге де болады. 

Беккет бір сөзінде «бұл екі кейіпкердің көрерменді жалықтырып алмау үшін ойлап тапқан тәсілі» екенін айтыпты. Ақыр соңында екеудің қасына бір бала келіп, «Годоның бүгін келе алмайтынын, бірақ ертең келуі мүмкін» екенін жеткізеді. Пьесаның бірінші актісі осымен тәмамдалады. 

Пьесаның екінші актісінде кіші-гірім өзгерістер ғана болып, барлығы сол күйінде басынан аяғына дейін қайталанады. Қысқаша айтқанда, көрерменнің пьесадан бар көретін қызығы осы ғана. 

Әйгілі пьесасын жазардан он жыл бұрын, әдебиет пәнінен сабақ берген жылдарында Беккет бір сөзінде Бальзактың шығармаларын сынай келіп, былай деген екен: «Реттілік  пен қисындылық Бальзактың хлороморфты әлемінің белгілері, оның кейіпкерлері наркоздың астында жатқан адам ағзасына ұқсайды. Өйткені, автор өз кейіпкерлерін қай жерге қойғысы келсе, олардың  міндетті түрде сол жерден табыла кететіне аса сенімді». 

Бекеттің жазу техникасы Бальзакқа мүлде ұқсамайды. Қайдағы ұқсаған. Қайта керісінше Бекетті анти-Бальзак десек еш қателеспейміз.  Себебі, ол  өз шығармасына Бальзак прозасындағы реттілік пен қисындылықты атымен жолатпайды. 

Бекеттің ойлап таппайтыны жоқ. Классикалық драмалардың бәрінде міндетті түрде сақталатын, яғни, оқиғаның басталуы, шиеленісуі, кульминациясы мен түйіні бар бірізділікті ол шеңберлік композицияға алмастырады. Егер де біз сюжетті пьесаның басы мен аяғын байланыстырып тұрған көпірге теңесек, Беккет ондай көпірдің быт-шытын шығарып, талқандап тастайды. Өйткені, Бекет пьесасының басы менен аяғының айырмашылығы жоқ. Пьесаның басында көрген кейіпкерлеріміз сол жерде, сол күйінде, еш өзгеріссіз сол қалпында қақшиып тұр. Олардың мінезінде де, іс-әрекетінде де түк өзгеріс болмаған. Осы тұрғыдан алғанда Бекеттің сюжеттерін екі жағалауды қосатын көпірге теңей алмаймыз. 

Реттілік пен қисындылық Бекетте құрылымдық тұрғыда ғана емес, жекелеген әңгіме барысында да бұзылып жатады. Айталық  пьесада әңгіменің қисынын келтіру үшін емес, қайта керісінше оны әдейі қолдан қирату үшін қолданылатын сөздер жиі кездеседі. Мысал ретінде пьесадағы мына бір диалогты еске түсіріп көрейік: «Ғажайып ұмытылмас кеш. Және ол аяқталған жоқ. Шамасы әлі аяқтала қоймады. Ол енді ғана басталып жатыр. О бұл не деген сұмдық». 

Қараңыз, бір жағынан енді ғана басталып жатқан ғажайып ұмытылмас кеш, бірақ, неге екені белгісіз, осының бәрі де сұмдық нәрсе.  Алайда, мұндай бірақ деген салыстырулар біздің әңгімемізде ғана бола алады. Ал, шеңберленген Бекет әлемінің шексіздігінде ешқандай бірақ жоқ, оның пьесаларын түсінудің маңызды кілті де осында.  Шығармадан  қандай да бір реттілікті көріп қалсаңыз оны кездейсоқтық деп қабылдаңыз. Көрерменнің  көзі үйреніп қалған заңдылықтар бұл жерде жұмыс істемейді. Бірінші актінің басында айтатын Эстрагонның сөзін еске түсіріңіз: «Керемет орын. Келешегі зор мүмкіндіктер. Кеттік бұл жерден» 

Реттілік пен қисындылықты сындыру үшін Беккет жиі қолданатын маңызды тәсілдің бірі - жауапсыз қалатын сұрақтардың шектен тыс көп қойылуы. Бұл шағын пьесада 600-ден астам сұраулы сөйлем бар. Және олардың көбісі жауапсыз қалады. Сол себептен де пьесада қайталаулар көп. Бальзактағы реттілік пен қисындылықты бұзып, оқиғалардың қайталанып жатқанын жеткізу үшін бір сөздер қайта-қайта айтылады. Кез келген драманың негізгі элементтері – әрекет пен сөз, әрекетсіздікпен және үнсіздікпен алмастырылады. Тіпті, кейіпкерлер бірдеңе айтып, уәде берсе де ол орындалады деген ұғымды білдірмейді. Өйткені, қозғалыссыз, қимылсыз қатып қалған Беккет әлемінде қандай уәде берсең де оны орындау шарт емес. Пьесадағы мәтіндерде реттіліктің бұзылып, бір нәрсе айтылғанымен, мүлде басқа дұниелердің болып жататынын көрсететін жарқын мысалдар көп. Мысалы, бірінші және екінші актінің соңында екеуі бір-біріне: «Не кеттік пе? Кеттік» - дейді де шымылдық түскенше орындарында қатып тұрып қалады. 

Басқаша сөзбен айтқанда, бұлардың бәрі де біз көрген  пьесаларда болатын үйреншікті нәрселер емес. Бекеттің көрерменді айран-асыр қылатын пьесаларына баға берген француз сыншысы Жан Ануй: «Оның пьесалары Фрателлини клоундарының орындауындағы, Паскальдің ойымен жасалған мюзикхолдық скетчтерге ұқсайды», - деген екен. 

Сонымен «Годоны күте, күте» дегеніміз - антипьеса. Антипьеса немесе антитеатр сөздері ХХ ғасырдың абсурдистері Ионеско мен Беккеттің шығармаларына байланысты қолданылды. Әйткенмен, абсурд театры  мағынасыздық театры  деген ұғымды білдірмейді. Қайта керісінше, Беккет өз туындысы арқылы шағын дүниеге мол мағына сыйғызуға болатын құрылымды ұсынды. 

Антипьесадағы мәтінді талдау барысында одан неше түрлі мағына табасың. Өз пьесасын Беккет өте құрғақ, үнемді тілмен жазып, әңгіме арасында бос кеңістікті, айтылмаған сөздерді, аяқталмаған ойларды көп қалдырып кетіп отырады. Бұл Беккет стилінің ең басты ерекшелігі. Джойспен өзін салыстыра келіп Беккет былай деген болатын:  «Джойс үнемі бірдеңені қосып  отырады. Ал, менің жолым мәтіннің кедейлену, қайыршылану жолы. Бұл жолдың түпкілікті мақсаты - керек емес сөздердің бәрін мәтіннен сылып алып тастау». 

Дей тұрсақ Аристотель айтпақшы табиғатта еш нәрсе де өздігінен тақыр жерде өсіп шықпайды. Міне, сондықтан да мәтін ішіндегі оқырманның ойын тұтқындау үшін қойылған қақпандардың сыры  жоқ емес. Бар. Сондықтан да  «Годоны күте, күте» пьесасындағы бос кеңістікті, көп нүктелердің қандай мағынамен толтырамыз деген заңды сауал пайда болып, оны түсіндіруде түрлі қиындықтар туындайды. Осыған орай бізге рецептивті эстетика мектебінің теориясына, яғни, түсінікті тілмен айтсақ, оқырман әсерінің теориясы көмегіне жүгінуімізге  тура келеді. 

Рецептивті эстетика мектебі мәтіннің уақыт кеңістігіндегі өмірін, әр кезеңдегі оның қабылдануын, әлеуметтік мәдени ахуалға бағыныштылығын, мәтін мен оқырманның өзара диалогын зерттейді. Әдебиет теориясындағы бұл бағыт оқырман мен оның әдеби туындыны оқу тәжірибесіне тұмсығын тірейді.  

Әдебиеттегі жаңа бағыт ретінде рецептивті эстетика өткен ғасырдың 60-70 жылдарында Германия мен АҚШ-та дүниеге келді. Бұл әдеби бағыттың пайда болуына ықпал еткен ғалымдар Ханса-Георг Гадамер, Романа Ингарден, Луизу Розенблатт, Клайва Стейплза Льюис. 

Ғалымдардың теориясына жүгінсек, әдеби туындының қандай да бір иманентті мағынасы болмайды, оны мәтінді оқу барысында оқырман өзі ойша құрастырады. Бұл мектептің көрнекті өкілдерінің бірі Вольфганг Изер мәтінді оқудың өте қызық моделін ұсынды. Оның айтуынша, мәтін ақ қағазға түскен қара нүктелерден тұрмайды, сөз бен сөйлем арасындағы кеңістіктен тұрады. Бос  тұрған кеңістіктің орнын оқырманның өз ойымен қалай толтырып, өрнектейтініне байланысты мәтін мағынасы пайда болады. 

Дегенмен, мәтіндегі айтылмақ ой  түсінікті жағдайда, онда оқырман қадалып қарайтын тұстар аса көп бола қоймайды. Ал, «Годоны күте, күте» туындысы бастан аяқ оқырманның өз қиялымен толтырып отыруын қажет ететін тұспалдардан тұрады. Сондықтан да оның оқылуы көп жағдайда пьесадағы мәтінге қандай дүрбімен көз салғаныңа байланысты өзгеріске ұшырай береді. Біз шындығын айтсақ, осы пьесадан ештеңе ұқпай шығамыз. Мәселен, Года. Кім ол? Немен айналысады? Қандай адам? Мүмкін ол адам да емес шығар. Пьесада бас қатыратын, жауабын өзің табуға тиіс сауалдар көп. 

Эпизодтардың бірінде Владимир баладан: «Годаның сақалының түсі қандай? Ақ па, әлде қара ма?» - деп сұрайды. «Ақшыл», - деп жауап береді бала. Баланың берген жауабы Годоның аққа да, қараға да жатпайтын, олардың ортасында тұрған бастаудың белгісін сипаттайтын метафораны білдіре ме? Әлде, оның осындай болғанының көрінісі ме? Бәлкім, бұл христиандар Құдайының гротескілік портреті де шығар? Тіпті, Годо деген біреу мүлде жоқ та шығар.   

Жарайды, қиялға тым ерік бермей, мәтінге сүйеніп көрейік. Бір қызығы бұл жағдайда да біз шындықтың шылбырын ұстай алмаймыз. Мәселен, Бекеттің пьесасында діни тұспалдар көп болғандықтан, оны христиандық көзқарас тұрғысынан түсіндіріп беруге болады. 

Біріншіден, Годаны екеудің соншалықты зарығып тосуын  Ғайсаның келуін күтумен байланыстыруға мықты негіз бар. Екіншіден үнемі жалаңаяқ жүретін қаңғыбас Эстрагон ылғи өзін Ғайсамен салыстырады. «Өмір бойы мен өзімді онымен салыстырып келемін», - дейді ол. Үшіншіден, Владимир мен Эстрагонның арасындағы бір диалогта Ғайсамен бірге жазаланған екі қарақшы жөнінде айтылады. 

«Владимир: Сен киелі кітапты оқыдың ба?

Эстрагон  Киелі?... (Ойланып) Бір кезде қараған сияқты едім.

Владимир:  Екі қарақшы жөніңде. Есіңде ме?

Эстрагон: Жоқ.

Владимир: Айтып берейін бе?

Э с т р а г о.н : Қажеті жоқ.

Владимир: Уақыт өлсін. (Пауза) Екі ұрыны құтқарушысымен бірге қатар керіпті.

Эстрагон: Кіммен?

Владимир: Құтқарушысымен. Екі қарақшыны. Бірін құтқарыпты, ал екіншісін... (Ойланып барып)Қарғыс атыпты.

Эстрагон: Неден құтқарыпты?

Владимир:Тозақтан». 

Владимирді «неліктен киелі кітапты жазған төртеудің біреуі ғана қарақшылардың біреуі ғана аман қалды дегенді айтты» деген мәселе толғандырады. Пьесадағы мұндай тұспалдарды ой елегінен өткізе келе, төмендегідей  қорытынды түюге болады. 

«Годоны күте, күте» пьесасы христиандық мистерия. Года дегеніміз  Құдай да, ал, Владимир мен Эстрагон - Ғайсамен бірге жазаланған екі қарақшы. 

Тап осындай жолмен бұл пьесаны тарихи позиция тұрғысынан түсіндіріп беруге де толық негіз бар. Мәселен, Потса мен Лаккиге қарап, автордың Холокостке жасаған ишарасы мен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы еврейлерге қарсы қудалауды көрсеткісі келген ойын сезіп қалғандай  боласың. Әмірші Потсо жүк тасушы Лаккиді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, ойына келгенін істеп қорлайды. Бір сөзінде ол Лаккиді жәрмеңкеге апарып сатқысы келетінін айта келіп: «Мұндайларды бірден өлтіріп тастап отырған дұрыс болар еді», - деген ойын жеткізеді. Владимир оның сөзіне наразы болып: «Сіз одан құтылғыңыз келе ме?» - деген сөзді қатарынан жеті рет қайталайды. Пьесада бірде-бір сөз тап осылай қатарынан жеті рет қайталанбаған.  Егер де бірінші ретте бұл сөз таңданыс ретінде айтылса, бесінші ретте адамның жан айқайы сияқты болып естіледі. Потса: «Амал нешік? Әркімнің өз сыбағасы бар», - деп жауап қайтарады. Соғыс жылдарында тап осындай сөздердің Бухенвальдтағы неміс концлагерінің кіре берісінде жазылып қойылғаны тарихтан белгілі. 

Әрі қарай да ойға ерік берсек, бұл пьесаны Фрейдтің  психоаналитикалық талдауының қалыбына салып та түсіндіріп беру қиын емес. Өйткені, мұндай талдау жасауға итермелейтін ишаралар да пьесада бар. Егер осындай көзқарасқа мән беріп, шығарманы талдасақ Годоны заң үстемдігінің көрінісін білдіретін әкенің символдық бейнесі ретінде қарастыруға болатын шығар.  Ал, Потсоның екінші актіде пайда болуы бізді еріксізден Фрейдтің психоанализіне сүйеніп, Эдип туралы аңызымен салыстыру жүргізуге итермелейді.   Қараңыз. Бірінші актіде Потсо әкесіне, яғни, Годоға қарсы бүлік шығарып, оның кім екенін білгісі келмей, атын да келемеждеп, біресе Годе, біресе Года деп бұрмалап сөйлейді. Потсо да аңыздағы Эдип сияқты өзін тағдырға иелік ете алатын әлемнің билеушісіндей сезінеді.  Екінші актіде бәрі түбейгейлі өзгеріп, бүлігі сәтсіз аяқталып, зағип болып, дәрменсіздікке ұшырайды. Енді шексіз билігінен айырылған Потсаның өзі біреудің жетегінде жүрген сорлыға айналды. 

Енді осы салыстыруларға қарап отырып, бір-біріне қарама-қайшы келетін екі түрі қорытынды жасауға болады. Әлдекімдер, осы пьесадағы көрермен өз ойымен, көңілінің қалауымен  толықтырып отыруы тиіс тұстардың көптігіне қарап, бұл шығармада ешқандай мән-мағына жоқ деп айтуы да ықтимал. Бір жағынан мұндай пікірдің жаны да бар, өйткені, шынында да «Годоны күте, күте» пьесасы өмірдегі мәндердің құнсызданғандығы туралы туынды. Алайда, пьесадағы айтылмақ болған ойдың тереңдігіне бойлай алмағандар ғана осындай қорытынды жасауы мүмкін. 

Бірақ біз, герменевтикаға, кез келген туындыда автордың айтқысы келетін шындығы мен қорғағысы келетін универсалды құндылықтарының болатынына сенеміз. Әділін айтсақ, бұл шығармадағы, сырт көзге мағынасыз болып көрінетін  сөздер мен іс-қимылдардың артында теңіздей тебірентіп тастайтын терең ой мен адамның көбелектің қанатындай нәзік жанын түсіндіруге тырысқан әрекет бар. Мағынасыз болып көрінетін сөздерде  түпсіз тұңғиықтың шексіз түбіне тарта түсетін мағына көп. 

Мағынасыз әлемнен мән іздеген пьесаны түсінген көрермен адам туралы танымын тереңдетіп, ойға байып шығады.  «Годаны күте, күте» пьесасы - жалған дүниенің айнасынан адамның әлсіздігін, тағдыр дауылының алдындағы дәрменсіздігін көрсеткен ұлы шығарма.  Пьеса әдейі әрекетсіздік пен үнсіздікке ұмтылады. Өмірді тірілтетін, мән беретін мағынаны біз пьесадан көрмейміз. 

Пьеса қуаныш сыйлаудың орнына, көңіліңе қорқыныш сезімін ұялатып, үміттің көбелегін қуып жүріп жоғалтып алған  жалғыздығыңды өзіңе қайтарып бергендей болады. 

Жалғыздықтан жаны жабырқаған адам жол жиегінде тағы да тағдырын күтіп не істерін білмей мәңгіріп тұр. Тіршіліктің тар жол тайғақ кешуінде адасқан аянышты, қорғансыз адамға қарап отырып Беккет өмір бойы өзін мазалап келе жатқан ұлы сауалды қояды: «Егер де өнер дегеніміз құдіреттің, жігердің, тұлға мен форманың, ал, адам дегеніміз әлсіздіктің, хаостың, еш қадірі жоқ құнсыздықтың көрінісі болса, бір-біріне қарама-қайшы бұл екі дүниені қалай үйлестіруге болады?» Беккет осы ұстара сауалдың жауабын іздеп, арасы ажырап кеткен адам мен өнерді жақындатуға тырысты. 

Киелі кітаптардағы сөздерге ел сенуден қалған, Құдай өлген, адамгершілік пен ізгілік жоғалып,  имани құндылықтардың бәрі күресінге лақтырылған қоғамда оны қалай іске асыруға болады? Беккет адамға деген жанашырлық сезімді ояту арқылы ғана әлемді құтқарып қалуға болады деп есептейді. Сондықтан да оның мысқыл мен зілді күлкіге толы пьесасын оқығанда адамға деген аяушылық сезімің арта түседі.  

Расында да Құдай өлген қоғамдағы пенделердің бәрі де аянышты. Қожайын мен оның бұйрығын екі еткізбей орындайтын құлақ кесті құлы да аянышты. Өйткені, мына тұрақсыз әлемде қожайын да  күндердің бір күнінде өзі қорлап жүрген құлының кебін киеді.  Адамгершілікті дәріптейтін кітаптарды жазатын суреткер де, одан ләззат алатын оқырман да аянышты. Өйткені, өз қиялында өмір сүріп жатқан суреткерлер ізгілікті насихаттағанымен, олардың шындығы әлемді өзгерте алған жоқ. Қайта бәрі керісінше болып, ізгіліктен гөрі зұлымдықтың жалы күдірейіп  келеді. 

Жұрттың бәрін қаһарманға айналдырып жіберген интернет заманында, әлеуметтік желідегі, сын көтере алмай бір-бірімен жағаласып жатқан халықты көріп, қолына қару берсе бір-бірін аямай қыруға әзір тұрған адамзаттың аянышты келешегінен үрейлене бастайсың. Әміршілер атом қаруын қолданатындарын ашықтан-ашық мәлімдеп, қорқытып жатқан заманда күні ертең бізбен бірге мәңгілікке жойылып кетуі ықтимал Жер-Анамыздың ертеңі бәрінен де аянышты. 

Беккет не істеп жатқанын білмейтін аянышты адамды келемеждей отырып, өзінің бейшаралығына күледі. Күлдіріп отырып жылататын оның адамы – аянышты. 

Адамның зұлымдығы мен жексұрындығы зорайған сайын   «Годоны күте, күте» пьесасында ұлы драматургтің адамзатқа деген ұлы махаббатының құдіреті жатқанын тереңірек түсіне бастайсың.  Дәл бүгінгідей адамның бәрі ақылынан адасып,  ізгілік пен зұлымдықтың шекарасы жойылған заманда Әлемді махаббат та, сұлулық та, өнер де, тіпті, әулие мен пайғамбарлар да емес, аяушылық қана құтқарып қала алады. Аяушылық сезімінің жалыны сөнген күні Алла жаратқан әлемнің жүрегі соғуын мәңгілікке тоқтатады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар