Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлжаухар Сатан. Сапар...

05.06.2023 2030

Гүлжаухар Сатан. Сапар 14+

Гүлжаухар Сатан. Сапар - adebiportal.kz

Таң ауылының тұрғындары таңмен таласа ұйқысынан тұрды. Көздерін ашқанымен ұйқысын аша алмай, күнделікті көзге көрінбейтін, көрінсе де еленбейтін күйбең тірліктерін атқаруда. Ауылдың еркек кіндіктілері малдарын жайғап, өріске айдап, жұмысына асығуда. Нəзік əйелдер қауымы сиырын сауып, құртын жайып, жаз айының ыстығына қалмай тірліктерін бітіруге жанталасып-ақ жүр. Тек осы күнге жоспар құрып жүргендер ғана күннің ерекше ыстық болғанын қалауда. Олар: «Тоқсан тоғызыншы жылғымыз», - деп айтуға кейбірі қысылатын, мектепті екі жыл бұрын бітірген түлектер еді. Ауылдың бұл жастары құралыптас достарымен демалу үшін ерте тұрып, бірнеше күн бұрын уəделескен жері – мектептің алдына жиналды. Сағынысып ауылға келгенде сыныптастарымен кездесіп, бірге қыдырып, бірге көңіл көтеретін əдеттері бойынша олар мектеп алдынан жергілікті тұрғындары Қамбаш деп атап кеткен Қамыстыбас көліне жол жүрді.

Түс ауа бастаған кез. Сағат үштердің шамасы. Таң ауылының жастары алты сағатта бірнеше шақырым жерді артқа тастап, Қамбаш көліне жетті. Жолдан шаршап, терлеп келген он бес шақты көліктен жүгіре түсіп, көлге қарай асыға беттеді. Жігіттер суға секіріп сүңгіп кетсе, қыздар көл жағасында беті-қолын жуып, шіліңгір шілденің аптап ыстығында жан рақатын тапқандарына қуанды. 

Арада жарты сағат өткен. Суға түссе баспен, аяқпен суға секіріп, бір-бірімен жарысатын жігіттердің ермегі қалмаған сияқты. Көл жағасында отырған қыздардың бəрін Әмір көзімен бір шолып өтті де, жігіттерге ойнақы, әмірлі көзімен қарады. Сосын жүзе алмайтын Динараны көтеріп алып, өтініп, жалынып, тіпті ұрысқан оны тыңдамай суға бірнеше рет сүңгітті. Əмірдің мойнынан қатты құшақтап, көзін тарс жұмып алған Динара су астынан шыға салысымен ойыншыл сыныптасын төмпештей жөнелгенде басқа жігіттер де жағадағы қыздарды суға лақтыруға кіріскен еді. Тек жағажайда əлі суға түспеген Ержігіт қана қалған болатын. Оны көрген Əмір:

– Ержігіт, сені «ер», «жігіт» дейді-ау! Неге түспей отырсың? Бәлкім, сені де суға батырып, жүзуді үйрету керек шығар? – деп əзілдей сұрады. Ержігіт оның сұрағына сабырлы үн қатып: 

– Аяғымның тартылып қалатыны бар! Терім басылсын! – деді де, біразға дейін сыныптастарын қызықтап отырды.

Күннің батысқа беттеген кезі. Сыр маржаны атанған түбі жұмсақ, табиғи құмды көлдің де, аспанның да түсі қара көкшіл. Тек ұясына жақындаған күн мен шығыстан шыққан айдың жарығы ғана даланы нұрландырып тұр. Жағада жүрген ешкім жоқ. Бəрі мөп-мөлдір судан шыққысы келмегендіктен күннің батқанын да қаламай жүр. Бірақ олардың дегені болмай көздің жауын алып күн мен күннің айналасындағы күлгін, қызғылт, сарғыш тартқан сәулесі де біржола жоғалып, даланы қараңғылық басты. Амалдың жоқтығынан бəрі судан шығып, көл жағасында орналасқан демалуға арналған үйлеріне кірді. Осылай керемет күн керемет түнге жалғасып, көлдегі сапар əрі қарай қыза түсті. Түнде гитарамен əн шырқалып, би биленді. Басқа естіп қоймасын дегендей жан-жағына жалтақтай қараған үштік-төрттіктердің арасында құпия сырлары айтылды. Осылай күні бойы көңіл көтеріп шаршаған жастар ұйқыға жатар алдында түрлі ойындар ойнаса, ойын ойнағысы келмеген бір топ қыз-жігіт көл жағасына серуенге шығып, əңгімелесумен болды. Əңгіме барысында Динара: 

– Мен ата-анама:«Кешке дейін үйге ораламын!» дегенмін. Рұқсат бермейтінін біліп, мұнда қонатынымызды айтпадым, – деді.

– Ата-анаң ұрысса енді не дейсің? – деп Еркеназ сыныптасынан сұрады. Динара иығын көтеріп, «білмеймін» дегендей ишарат білдірді. Ақлима сəл ойланып: 

– «Оқыс оқиға болды. Сондықтан қонып қалдық!» - деп айта сал. Шындықты өзің айтпасаң кім біліп жатыр? Ыммм... Қандай оқыс оқиға болды деп айтсақ екен? Мүмкін көлігіміз бұзылып қалсын? Немесе... – деп, өзінің ойын айтып келе жатыр еді, Ақылжан оның сөзін бөліп:

– Жамандықты шақырмаңдар. Шынымен оқыс оқиғаға ұрынармыз, – деді. Əмір болса аяғының ұшымен жүріп, сұқ саусағын ерніне апарып: 

– Ақлима қазір ашулануы мүмкін. Тыныш, – деп сыбырлады. Əмірдің бұл қылығына бəрі бір күліп алды. Ақлима бұл сөздерді естімегендей кейіп танытты. Суретке түскенді бəрінен қатты ұнататын ол көл жағасындағы жетілдірілген сал қайық – баржаны көріп, достарын сол жерге апарды. Төбесін үй секілді шатырлаған, тамақ ішуге, отыруға арнап ағаштан жасалған орындықтары мен үстелі бар сүйретпелі баржаның үстінде суретке түскісі келетінін айтты. Бірақ Ілияс Ақлиманың бұл қылығын құп көрмей:

– Ақылы екенін білесің бе? – деп сұрады. 

– Ілияс, тек суретке түскенде не бар? Сəл-пəл, жо-жоқ, таңертеңге дейін тегін пайдаланып, баржада әңгіме айтып отыруымызға болады. Себебі, иесі таңертең келеді, – деді аузы-аузына жұқпай. Ақылжан оған қарсылығын айтып қалды. Ақлима болса бұлқан-талқан болып:

– Ой, данышпаным-ай... – деп, ұрысуға шақ қалғанымен, іркіліп қалды. «Ақлима бізге ақима», - деп мектеп оқитын кезінде сыныптас достарының айтатын сөзі есіне түсіп, «Ақлима əлі ақиятыныңды қоймағансың ба? Сол баяғы ашушаң мінезің, менмендігің өзгермепті», - деп, құлағына жауыр болған сөзді айтар деген ой келді. Бұлай дауласқанмен ештеңе шықпайтынын түсінген ол қулыққа салып:

– Мен үшін. Менің көңілім үшін, – деп жылы сөйлеп, бəріне қиыла қарады. Достары Ақлиманың көңілін қалдыра алмай баржаға отырып, суретке де түсіп, серуенін суда, су болғанда көлдің ең жағасында жалғастырды.

Қанша уақыт өткені белгісіз. Қалқымалы сал қайықтағылар салқын желден тоңғанда демалуға арналған үйлеріне оралуды жөн көрді. Бірақ бұл кезде жағажайға оралу оңай соқпастай болған еді. Мұны ең алғаш байқаған Ақлима:

– Жағажай қайда? Мүлдем көрінбейді, – деді көздері шарасынан шығардай. Бұл жайсыз хабарды естіген достары жан-жағына үрейлене қарады. Мүлдем жағажай, үйлер, ағаштар да көрінбейді. Айналаның бəрі су. Қап-қара аспан. Бұған Ілияс сенер-сенбесін білмей: 

– Баржаның қазыққа байлаулы тұратын арқаны шешіліп кеткен екен. Қалай байқамағанбыз? – деді де, ұялы телефон арқылы жағажайдан көмек шақыруға асықты. Себебі баржаны тек сүйрейтін қайық, кемелермен ғана жағаға жеткізуге болатын еді. 

Ілиястың ойын құптаған достары ұялы телефондарының көмегіне жүгінбекші болды. Бәрі жанталасып хабарласпақшы болғанымен, Динараның ұялы телефонында ғана интернет ұстап тұрды. Мұның өзі оларға үлкен үміт сыйлады. Бірақ бір айналдырған қырсық шыр айналдырып баржадағылар жағажайда қалған достарының ешқайсысымен байланыс орната алмады. Қайта-қайта хабарласқанымен, бірі өшірулі болса, бірі түн ортасы болғандықтан тәтті ұйқыға кеткен еді. Үміттері үзіліп, тығырыққа тірелгендерін түсінген қыздар бірінен кейін бірі өздерінің қорқынышын жеткізе бастады. Батыл Ілияс алға бір қадам аттап: 

– Қорықпаңдар. Біз жүзіп барып, көмекке адам шақырамыз. Менімен кім барады? – деп, бұл мəселенің шешімі табылғандығын хабардар етті. Ержігіт те бір қадам алға шығып: 

– Мен барамын, – деді. «Бөгелмейік! Бəрінің өмірі біздің қолымызда!» - дегендей екеуі бір-біріне басын изеп, суға сүңги кетті. Толқынға, желге қарсы жүзу қиын болғанымен, олар достарынан ұзап, көзден ғайып болды. 

Белгісіз бағытқа кетіп бара жатқан баржадағылар аузын буған өгіздей үнсіз. Бəрі іштерінен тезірек таң атқанын, тезірек өздерін құтқарғанын қалағанымен ойлары сансақта. Олар көлге сапарға шығамыз деп мәңгі келмес сапарларына кетіп қалатындай қобалжулы. «Түнде су алуға, суға түсуге бармаңдар!» - деп айтатын үлкендердің сөздері естерінен шығар емес. Және өмірде бар-жоғы белгісіз су періштесі шыға қалатындай сезінеді. Жан алатын Әзірейіл періштеде қастарында жүргендей айналаға жалтақтап қарай береді. Суы мол, тұнық, үлкен көлдің толқындары да тыным таппай тербелгенде қорқыныштары үдей түседі. Өздері үрейленіп отырған оларға желде қайта-қайта тиіп, соғып, құлақтарына гуілдеп: «Біз сендерді адастырамыз. Бізге қарсы тұра алмайсыңдар!» – деп, ойнақтап, мазақтап жүргендей. Сондықтан күндіз судан шыққысы келмеген олар енді суды ұстамақ түгілі, тіпті қарағысы келмеді. Бұған шыдай алмаған Еркеназ: 

– Неге бізді құтқармайды? Мен тоңып кеттім. Ілияс пен Ержігіттің жететін уақыттары болды. Енді баржаға мінбеспін! – деп, Ақлимаға ала көзімен қарады. Ақлима өзін кінәлап отырғанын бірден сезіп:

– Сені біреу күштеп отырғызды ма? – деді. Ақлимадан мұндай жауап күтпеген Еркеназ кекесінмен қарқылдай күліп:

– Ай, солай де. Баржамен суретке түскісі келген сен емес, сенің көңіліңді қимаған біз кінәлі болып шыққан екенбіз ғой, – деді өзін ұстай алмай. Оған ызаланған Ақлима:

– Тағы да қайталап айтамын. Сені ешкім қинап мінгізбеді, – деді тістене сөйлеп. Еркеназ оған үнсіз біраз қарап тұрды да:

– Не үшін сыныпта қыз достарың болмағанын білесің бе? Сен сабақты жақсы оқыдың. Сондықтан ұлдар жаныңнан шықпай бүкіл айтқаныңды істейтін. Бірақ жігіттерге қыздардың өз дегенін істеткені ұнамайды, – дей бергенде, Ақлиманың оң жақ көзі мен ерні жоғарыға көтеріңкіреп, күмілжіп қалды. Алайда өзін тез жинап алды да, кекесінмен:

– Түсінікті. Сен менің жақсы оқығанымды көре алмаған екенсің ғой. Ал мен... –  дей бергенде Еркеназ оған:

– Сен өзімшілсің. Әрине сабақ айтқанда сенікі дұрыс болған шығар, бірақ өмірде ұстанатын көзқарасың ешқашан дұрыс болған емес. Өзімшіл адам қандай болатынын білесің бе? Өзімшіл адам – тек өзін ғана ойлайды. Менікі ғана дұрыс және менің дегенім ғана болсын дейді. Бойын менмендік жайлаған өзімшіл адам – өзгенің пікірін тыңдамай тәкаппарлыққа салынады. Менмендіктің шыңы – тәкаппарлық. Бұл шыңға көтерілгенін байқамаған адам құзға құлағанын да аңғармай қалады. Шыңның басынан өзгеге де, өзіне де зиян тигізбей түсу үшін адам кішіриюді үйрену керек. Дегенмен іс-әрекетіміздің бұрыс екенін біліп тұрсақта, біз өзіміздікін дұрыс қылып шығарғымыз келеді. Қателігімізді мойындамаймыз, түзетуге тырыспаймыз. Кеудеміздегі бір кесек ет елжіреп: «Кешірім сұрағаның дұрыс» – дегенде, іштей келіскенімізбен санамыз жүрекпен де санаспайтыны қиын. Жүрегімізді осылай тасқа айналдырып жатқанымызды байқадық па? – деді. Бұл сөздер Ақлиманың жанын ауыртқан болуы керек, ол кеудесінен шыққан өксікті жасыра алмай:

– Кешірші! Кешіріңдерші! – дегенде көздеріндегі ыстық жас ерніне қарай құлдилады. Өзімшіл сыныптасының кешірім сұрауын күтпеген Еркеназ:

– Сен бізден кешірім сұрағанмен ештеңе өзгермейді. Не өзгерді айтшы? Менің анам көлге барғаныма қарсы болып еді. Ана жүрегі сезгіш келетіні рас екен... Мен ата-анамды, бауырларымды қайта көре аламын ба? Сен осы сұрақтарыма жауап берші. Неге үндемейсің? Мен ғана емес осы отырғандардың бəрі сол үреймен отыр... «Сенің сөздерің жалған. Біз тілімізді кəлимаға келтіріп отқан жоқпыз» деп айтыңдаршы қане? – деді, ол да жасын тыя алмай. Ақылжан тоңғаннан тістері бір-біріне тиіп, дірілдеп тұрған Еркеназға: 

– Еркеназ, сабыр сақтап, кешірім сұраған жанды кешіре білейік! – деп, оны құшақтады. Ақлима мен Динараға, Әмірге қарап:

– Түсінемін бəрің тоңдыңдар. «Кемедегінің жаны бір» деген сөз бар. Бəріміз жақынырақ, бір-бірімізді құшақтап отырсақ жылынамыз, – деді. Барлығы «Шын айтып тұрсың ба?» дегендей аңырқай қарап, ортаға дөңгеленіп отырды. Ақылжан: 

– Шыдаңдар! Ешқашан жақсылықтан үміттеріңді үзбеңдер! Басқа түскен қиындықты «Сынақ» деп түсініңдер! Біз өмірдің мағынасын түсіну үшін және сабырлылығымыз шыңдалуы үшін сыналамыз. Әрқашан сабырлы болайық. Себебі сынақ кезінде айтылған сөздерді, жасалған амалдарды ешқашан түзете алмаймыз... Əр шыққан күннің нұры – Жаратушының бізге деген мейірімі. Жақсы амалдар жасауымыз үшін бізге берген мүмкіндігі. Біз сол мүмкіндікті жəне əр жаңа күн шыққанда жанымызда жүретін жақындарымыздың қадірін де түсіне бермейміз. Біреуді алалап, біреуді қаралауға дайын тұрамыз. Қатесін түсініп, түзеген адамды да кешіре алмаймыз... Бұл біздің адамдығымызға сын емес пе? Достарым, біз Жаратушының бүгінгі сыйын – күннің нұрын көретінімізге сенуіміз керек, – деп, достарының тəнін, тек тəнін ғана емес тəніндегі жүрегін жəне көңілін жылытты. Елжірей тыңдаған Еркеназ Ақылжанның сөздерінен кейін ойланып: 

– Мен үмітімді үзбеймін. Біз жақсылықтан үмітімізді үзбейік! – деді. Осы кезде жағажайда қалған достары оларға хабарласып, үлкен үміт сыйлады. Динара достарына болған жағдайды, Ілияс пен Ержігіттің көмекке адам шақыруға кеткенін айтты. Жəне Ержігіт пен Ілиястың əлі жағаға оралмағанын естігенде көңіл-күйлері түсіп, оларды көмек шақыруға жібергендеріне өкінді.

Сүт пісірім уақыттан кейін жағажайдағылар Ержігіт пен Ілиястың келген-келмегендігін анықтап, Динараға қайта хабарласты. Динара: 

– Алло, жақсы жаңалық бар ма? Құтқарушыларға хабарладыңдар ма? – деп достарынан сұрады. Баржадағылар жақсы жаңалық естірдей Динараға ентелеп:

– Не дейді? – деп жан-жақтан жамырай сөйледі. Динара басын шайқап, көңілсіз:

– Əлі жағаға оралмапты, – деді. Сəлден соң дауысы қаттырақ шыққан ол секіріп: 

– Шын айтасың ба? Жүзіп келе жатқан бір адамды көрдік дейсіңдер ме? – деді қуанышы көкке бір елі жетпей. Бұл жаңалықты естігендердің барлығы қуанғанымен, «Бір адамның жүзіп келе жатқаны қалай?» – деп өз-өздеріне сұрау салды. Динараның қуанышы да бір сәтте су сепкендей басылып: 

– Алло, мені естіп тұрсың ба? Екі адам – Ілияс пен Ержігіт кеткен. Шынымен бір-ақ адам жүзіп келе жатыр ма? Дұрыстап қараңдаршы! Мүмкін емес... – деді жанын қоярға жер таппай. Əрі-бері теңселген Еркеназ:

– Біреуіне не болды екен? Ілияс немесе Ержігіт... Ержігіт немесе Ілияс. Қайсысы? Ілияс немесе Ержігіт... Оларға не болуы мүмкін? – деп, осы сөздерді қайта-қайта қайталап, сұрақтың шешімін таба алмай шарқ ұрды. Əмір болса шешімін тапқандай қуанып, дегенмен бір досының жоғына мұңайып:

– Естеріңде ме? Көлге келгенде Ержігіт маған: «Аяғымның тартылып қалатыны бар!» деген еді. Ал Ілияс суда жақсы жүзеді, – деп, жағаға жүзіп келе жатқан адамның кім екенін топшалады. Дауысы дірілдеген Динара: 

– Мүмкін емес... Аяғының тартылып қалуы мүмкін емес. Аяғы тартылып қалса – жүзе алмайды. Жүзе алмаса – суға батады. Суға батса – өледі. Ө-ле-ді...– деді денесі де дірілдеп. Бұл сөздерді естіген Ақлима: 

– Сонда Ержігіттің аяғы тартылып... жүзе алмай... суға батып... жо-жоқ... Жо-жоқ, мүмкін емес... Бекер жібердік. Жібермеуіміз керек еді! – деп кеудесін жұдырығымен ұрғылай берді. Сосын өз-өзіне күбірлеп:

– Бір партада отырған парталасым. Өзгеге көмек қолын созу үшін өз өмірін құрбан етуге дейін баратын – Ержігітім. Жүрегімнің түпкірінен орын алған – алғашқы махаббатым. Сен бұрын байқадың ба, байқадамың ба білмеймін? Мен саған ессіз ғашық едім. Мені өкініш өртеп барады.. Мен менмендігімнің кесірінен...алғашқы махаббатымды.. – деді де, өз ойларынан өзі жеріп, «Ержігіт өлді» деуге аузы бармай үнсіз қалды. Осы кезде Динараның ұялы телефоны қайта шырылдады. Динара: 

– Иә, естіп тұрмын. Айта бер. Жағаға жүзіп келген Ілияс дейсің бе? Шүкір. Бірақ Ержігіт қайда? Ержігітке не болған? Аяғы тартылып... Ержігіт... – деді де, сөйлесіп болысымен ол жылап жіберді. Ержігітті өлімге қимай отырған достары:

– Ержігітке не болыпты? Неге жылайсың? – деді. Динара Ержігіттің аяғы тартылып қалғандығын айтты. Мұны естіген Ақлима есі ауысқан адамдай: 

– Аяғы тартылғаны – жүзе алмайтыны... суға батқаны... өлгені. Оның өліміне мен... мен... мен кінәлімін, –  деп өзін жазғыра бастады. Динара Ақлиманы құшақтап: 

– Жоқ, Ержігіт тірі. Ешкім өлген жоқ, – деп оны тыныштандыруға тырысты. Ақлима «Қалай тірі?» дегендей Динараға сұраулы қарады да, басын шайқап көз жасына ерік берді. 

– Сен бірінші мені соңына дейін тыңдашы. Оның аяғы тартылып қалғаны рас. Бірақ ол тірі. Ержігіттің аяғы тартылып қалғанда оны Ілияс арқасына салып, жағаға дейін жүзіп барыпты. Арқасына салып... Сенесіңдер ме?.. Екеуі де аман. Қуаныштан келген жас қой. Аман-есен жеткеніне қуанып жыладым, – деп, Динара көз-жасын сүрте бастады.

– Сенің басың істей ме? Аман-есен жеткеніне қуанып жыладым дейсің. Менің жүрегім тоқтап қалуға сәл қалды. Бəрімізді шошыттың ғой, – деді Ақлима. Динара: 

– Ілиястың жасаған ерлігіне қалай тамсанбайсың? Мен еріксізден жыладым. Досын қиындықта тастамай аман-есен жағаға жеткізгеніне риза болдым. Барлық достың қолынан мұндай ерлік іс келе бермейді. Барлық адамның қолынан өзінің басын қауіп-қатерге тігіп, жүзуге ерік-жігері, батылы, қайраты жете бермейді. Сендер осыны түсінесіңдер ме? – деп, сұраулы қарап, сөзін қайта жалғады:

– «Ақыл, қайрат, жүректі» бірге ұстай алатын адамның бірі – Ілияс деп айтар едім. Оның ақылы:

– Сенің жасамақшы әрекетің өз өміріңе өте қауіпті. Бірақ досыңның өмірі де сенің қолыңда екенін ұмытпа! – деп санасына жеткізіпті. Жүрек шіркін досын қиындыққа тастауға қимай:

– Қайратың мен ақылыңды қоса пайлаланып, досыңды қалай болса да жағаға аман жеткіз, – деп аласұрыпты. Жүректің айтқанына қайраттанған, өзінің ойға алған ісі ақылға қонымды екендігін ұғынған Ілияс «Өзім аман қалып, досыма көмектеспегенім үшін жүрегімде өмір бойы өкініш қалғанша тәуекелге барайын», - деп шешім қабылдаған көрінеді, – деді. Динараның бұл сөздерінен кейін достары Ержігіттің де аман екеніне көздері жетті. Ілиясқа риза болғандарынан олар да көздеріне жас алды. Есін енді жиған Ақлима күбірлеп:

– Аяғы тартылып қалатынын біле тұра суға түскен менің Ержігітім де жүректі ғой. Жүрегі кең ақкөңілім сол... – деп, өзгелер ескермеген Ержігітінің ерлігіне шексіз риза болды. Сыныптастары тек Ілиясты мақтағанына өкпелегенімен, оларды сезіктендіріп алмау үшін өзінің ішкі үнімен тілдесуді жөн көріп:

– Мен бүгін көп нәрсені түсіндім. Бұдан былай «жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөзді есімнен шығармаспын. Адамның ойлағаны да, айтқаны да орындалады екен. Тек жақсы нəрсе ойлап, жақсы сөздерді айтуға тырысамын. Жаңа күннің нұрымен жаңа мүмкіндік алып, жанымда жүрген жандарды қадірілеймін. Жақсылық жасап, оларды қуантуға бар күш-жігерімді саламын, – деді өзі-өзіне. Тек Ақлима ғана емес көлге сапарға шыққандардың бəрі осындай ойда болды. Олар өмірлік сабақ берген сапар арқылы осы дүниедегі уақытша сапарларының мəнін түсінді.

Гүлжаухар Сатан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар