Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ібітанов, қайдасың?.....

14.07.2020 5769

Ібітанов, қайдасың?.. 12+

Ібітанов, қайдасың?.. - adebiportal.kz

...Сондай бір алмағайып шақ болатын. Сондай бір түсініксіз хәл еді. Ілкім бейне. Тылсым әуен. «Арман бар ма осылай сөнсе ғұмыр, Еркінді де ақын деп ел сеніп жүр, Ал ол болса жаза алмай еңселі жыр, Ескерткішті айналып теңселіп жүр», - дейтіндей аумалы кеп. Ол ұзақ уақыт ширығып жүрді. Ол жылдар бойына шамырқанып жүрді. Кеуде тұсы ұзақ сыздайтын, көкірегін кек кернейтін. Булығатын, тұншығатын. Әлденеге кеткен есесін айта алмаған мылқау баладай қыстығатын. Санасы тұнық, сарайы ашық. Алдында ақ қағаз жаюлы, қаламы саптаулы. Иығы қомдаулы. Қиялы тіленіп ұшар қыран сынды. Бірақ, қол байланғандай. Тіл күрмелгендей. Қаламы бір ақтарылмай-ақ қойды. Ақ қағазды да, ақ қағазға телмірген жан – арын да аяитын сынды. Өзінің тамырласы еді ғой, өзінің тағдырласы еді ғой, өзінің рух-дидары еді ғой. Бір топырақтан, бір анадан еді ғой. Сол ғазез топыраққа өз қолымен арулап аттандырған еді ғой. Ақырғы аманатын атқарған еді ғой. Соның бәрін бояусыз қағаз, боямасыз қалам білмейтін бе еді? Неге ләм демейді? Неге сүріне береді? Неге бойұсынбайды?.. Осы жылдар ішінде Мұқаң туралы естеліктер қарша борап жатқан. Эсселер желдей есіп кеткен. Бәрі Мұқағалидың етбауыры екен. Бәрі Мақатаевтың мұңдасы екен. Сырласы екен. Әнтек, тірісінде қадырын білмей қапты. Әйтпесе бәрі басқаша бебеулер ме еді. Мүмкін, Ібітановтің қаламын он жыл қаңтарған осы «қадырын білмеушілік шығар». Ібітанов қаламының ұшына тұнған қайсар ашудың, ынталы кектің қайыруын таппағанына өзі де қайран-тұғын. Алпыс екі тамырыңды иітіп тұрған, жан арпалысыңмен сезетін, жұлын-жүйкеңмен ұғынатын тақырыпты он жыл бойына кешіктірудің басқаша қандай салқыны болуы мүмкін? Иә, үлкен әдебиетте бәрі мүмкін. Өйткені оны уақыт жасайды. Тағдыр тудырады. Әсіресе мұндай кеп Ібітановт әлемінде жиі ұшырасады. Он сегіз жасында «Қойшыларымен» Алатаудың алқабын тандырдай қуырғаннан кейінгі жиырма жылға жуық беймарал шақты ақылға сыйдырудың өзі қиын. Еркіннің сойына ғана жарасар сүбе сияқты. Енді міне, Хантәңірінің қойнауында туып, Хантәңірінің баурайында жүріп «Хантәңірі, қайдасың?..» деп аласұруы да, бізге ширыққан, шерлі домбыраның кенет кербез саусаққа жолығып, бабына сай бағы асқандай, алапаты сыртына теуіп, мейманасы тасығандай құпиясын аңдатар емес. Ол Хантәңірде туды. Хантәңірде қалды. Ол үшін тұтас әлем Хан тауының қауызына сыйып кетердей еді. Оның санасында биіктіктің басқаша өлшемі жоқ болатын. Жалғанда тау ұлының құпиясы жылқының қартасындай қатпар-қатпар. Мұқағали – шүңет. Еркін – иірім. Екеуі Хантәңірдің егіз екі өркешіндей. Қазақ ақындарының арасында қара өлеңнің тылсымат биігіне, сырт көзге жайдақ, ішкі бояуы сақардай қайнаған жұпарлы мәуесіне Еркін мен Мұқағалидай бойлаған, қара өлеңді өзгеше күрделендірген, табиғатын, болмысын, әр тармақ, әр буын, әр ырғағына дейін асқақтатқан ақындар некеншілік. Бұл тұрғыда қазақтың сөзтану ғылымы осы екі тұлпарға белшеден қарыздар.

Амал қанша бұл бірақ елес еді,

Жыртық үйде уілдеп жел еседі.

Нағиманның қалжасын қайтеміз деп,

Қабырғамен Сүлеймен кеңеседі.

Еркін Ібітановтің бұл шығармасын өлең-роман деп атаған ләзім. Тірісінде өзі де солай атағанды лайық көріпті. Біз де сол ғұрыпқа бағындық, артық дестелегендік емес, қос сүлейдің тарпаң тағдырымен өрілген өлең-роман. Бұл өлең-роман өткен ғасырға несібесі кеткен аталарымыздың, әкелеріміздің, аналарымыздың қанды шежіресі. Сіз екеміздің өткен өміріміз. Біз жұтқан кәусар бұлақтың мизам бастауы. Осы жүлгені бойлап көп нәрсе айтқың келеді, бірақ шашыратып аласың. Бәрі бірден сыймайды да. Өлең-роман жылт еткен бір оттан, лап еткен ыстық демнен тұтанған. Негізі шын өнердің дені жасындай жарық еткен түйсіктен қуат алады. Сол түйсіктен тұтанған дерттің қаулауы, айрықша шарпысуы, тұтастай адамизаттанып бекзада бітім танытуы қаламгердің қуаты. Бұл тұрғыдан Ібітанов Мұқағали туралы ғана жазған жоқ. Мұқағали шуағына шомылған өз бейнесін қоса сомдады. Өз рухын боямасыз бейнеледі. Бұндай бақ пен сордың біте қайнасуы Ібітановтан басқа жыршының маңдайына тайқы. Егіз ұғым. Егіз әлем. Ақын санасының түп-төркінінде ұзақ булыққан бітеу жараның қапиадағы жарылысы. Тәңір тауының сілкінісі. Құдды Мұқағалидың «Өмір-дастанының» жалғасындай, сірге жияр тұсындай. «Хантәңірі, қайдасың?..» өлең-романы үш бөлімнен тұрады. «Қасірет жастанған ұл», «Қарасазда басталған жыр», «Астанада аспандап жүр». Әр бөлім жекелеген тақырыпты бауырына алған тараулардан тұрады. Жалпы жиырма тарау. «Бесік балағына оралған жыланның» арбауынан тартып, «Өмірді қалай сыйласаң, Өлімді сондай жат көрме», - дейтін сәбилік түйсіктен, бақилық баянға дейінгі екі ғұмырдың, екі әлемнің шырма шату тағдырын шарпиды. Ондағы айтылар жайыттар мен елеулі уақиғалар мұқағалишыл оқырманға таныс болғанымен, Ібітановтің сезімтал, өткір тілінен өзгеше өріледі. Шығарманың жазылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткеніне қарамастан жаңа ұрпақтың ұғымына етене. Мейірлес. Тіпті алыстаған сайын сауырынан сипатпас сырлы күйде. Ақын өміріндегі ең ұсақ, ең елеусіз детальдардың өзі Мұқағали жүрегінен қалай өткенін, өміріне нендей өзгерістер әкелгенін Ібітанов риясыз жеткізген. Осы дастанды оқып отырып маған Еркін Ібітанов Мұқағалидың Қарасаздағы бейнесіндей, Мұқағали Мақатаев Еркіннің Алматыдағы келбетіндей әсер етті. Екеуі де бақытты. Екеуі де асқақ. Екеуі де қорғансыз. Хантәңірдің қойнауынан бауырлап ұшқан мұзбалақтың қос қанатындай. Жас шамалары да соншалық алыс емес. Биыл Ібітановтің туғанына 85 жыл. Келер жылы Мақатаевқа торқалы 90 жыл.

– Менің орным етекте емес, төрде! - деп,

Ақ маңдайын самал сыйпап, жел жебеп...

Өршеленген өр мінезді өлеңдер

Мұнар тауға бара жатыр өрмелеп.

***

1976 жылдың екінші наурызына қараған түн. Түнгі үштің кезі. Еркін Ібітанов үйінің қара телефоны беймезгіл шырылдай жөнелген. Ар жағында Мұқағалидың баршын тартқан дауысы. Әңгіме күрделі. Қоңырауға сыймайтын еді. Қысқа қайырылған. Бәрін бағамдаған Еркін ертесі Алматыдағы «Жетісу» қонақ үйінен табылған. Бұл екі ақынның соңғы жүздесуі. Ашық бақұлдасуы. Мұқағали бәрін ашып айтқан. Соңғы аманатын жүктеген. Таулардың оянғанындай, теңіздің күрсінгеніндей, көлдердің ортайғанындай, қара жердің тілім-тілім шағын елестететін кепиетті сәт. «Ертең больницаға кірем, одан аман шықпайтыным анық. Сен соңғы шаруаларға ие бол. Мен өлсем, ана үйдегі екі жесір ертең несін сояды, автобус соя ма, трамвай соя ма? Мал-жанды ыңғайла. Соның бәрін ойластыр, қадағала... Мынау менің «Өмір-дастанымның» сүйіншілі данасы, көзімдей көр, көңіліңе медеу ет. Мен кеттім. Аманат!.. Алматы жаққа құлағыңды түре жүр, хабар күт... 1976 жыл, 27 наурыз », - деп қол қойған. Қолтаңба берген күні 2-ші наурыз. Қайтқан күні 27-ші науырыз. Таулардың күрсінгеніндей, теңіздің оянғанындай, қара нардың шөккеніндей... Екі алыптың ақырғы диалогтарын ары қарай азаптаудың өзі әбестік. Біздің сөз де тәмәм.

Хантәңірі, қайдасың?..

Ойласаң осы сөзде мағына көп,

Қара тікен қадалды-ау санама кеп.

Мен қорқамын әредік осы ауылда,

Тек қана ескерткіштер қала ма деп.

Ібітанов, қайдасың?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар