Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Исраил Сапарбай: Қазақтың несiбесi бiр Аллада!...

15.05.2017 7273

Исраил Сапарбай: Қазақтың несiбесi бiр Аллада!

Исраил Сапарбай: Қазақтың несiбесi бiр Аллада! - adebiportal.kz

ҚАЗАҚТЫ ЖАҢАША ТАНЫСТЫРУ

Қазақтың құшағы кең Даласындай!

Көрiп пе ең көлпар елдi дәл осындай?!

Өмiрi – өткендердiң өткелiндей,

Көңiлi көк пен жердiң арасындай!

Саз кернеп өне бойын сардаланың,

Жеткiзген жер түбiне арман-әнiн.

Сiбiрлеп атқан таңнан,

Батқан күннен

Қыдыр деп қабылдаған әр қонағын.

Көлденең көкаттыны жат санамай,

Алдыңнан ақ жарылған ақ босаға-ай!

Ерiнбей ел қыдырған ерiң де сол

Астынан алты ай бойы ат босамай.

Қазаққа тар келедi қай қала да,

Қайран-ай, қайда жайлау?

Қайда дала?..

Тәңiрдiң талбесiгi – таңсәрiден

Аңсарың ауып тұрар айдалаға...

Қолындай Қарымбайдың қалтылдаған,

Сараңның айтпай-ақ қой салтын маған.

Мейманның сыбағасы қап түбiнде,

Қап түбi қазан барда сарқылмаған!

Хауа ана қауызынан жаралғалы,

Қазақтың бiр азығы – ағарғаны.

Ошақтың оты өшпеген,

Обыр, жебiр...

Орыстың қаптаса да қара орманы!.

Ұлы жұрт,

Ұлан-ғайыр,

Ұлан Дала.

Жетедi қыранға да, құланға да!

Қазанның тұтқасына ие болған,

Қазақтың несiбесi бiр Аллада!

Астынан алты қырдың таң атқандай,

Таң нұры тауға алтын жалатқандай!

Сол Алла ағыл-тегiл пейiл берiп,

Қазақты Атымтай ғып жаратқандай!

Бұлбұлдың кiмге керек тордағы әнi?

Самал да сағынбай ма сардаланы?!

Тағдырын Алласына табыстаған

Азат ел әлiмсақтан сол болады!

Өтедi,

Өтедi әлi заман қанша...

Артыңда, арманың не, балаң қалса?!

Қазақтың Тайқазаны жұтамас-ау,

Сол Пейiл,

Сол Атымтай аман болса!..

АТАМЕКЕНГЕ АРЗУ

Көптi көрген көнекөзiм, көнтерiм,

Бүгiнiңнен бұлыңғырлау ертеңiң...

Өмiрiңдi ойлай-ойлай өксiдiм,

Өксiдiм де өзегiмдi өртедiм.

Өрт орнында күл қалады...

Iшiм – күл.

Өрт пен дерттiң көршi екенiн түсiндiм.

Сарқылғаны шығар, бәлкiм, сабырдың,

Таусылғаны шығар, бәлкiм, күшiмнiң.

Ашылғалы таңғажайып тылсымың

Саған қадап жатқандар көп тiл сұғын.

Үзер ме едi жұлымырдың жұлынын!

Бұзар ма едi сұғанақтың тұмсығын?!

Жау жағадан,

Бөрi етектен алғанда,

Қарқ-қарқ күлiп бағады екен қарғаң да.

Тағдырыңды талапайға қалдырып,

Не бiтiрем Жұмақжайға барғанда?

Аш қасқырдай торуылдап үй-жайды,

Әлдекiмдер сенi маған қимайды.

Келiмсектiң көз алдымда кердеңдеп,

Өлiмсектiң өңмеңдеуi қинайды.

Ата-бабам аманатқа қалдырған

Шаңдақ қалды-ау шашетектей шалғыннан.

Қай жауыздың өңменiне қадалар

Қара көзiм қанталаған, қан жуған?

Асқынғалы арам ниет,

Аш пиғыл,

Қарашадай қабағымды тас түйдiм.

Көлпар көңiл өзiме де обал жоқ

Қаңғып келген қайдағы итке ас құйдым.

Әлденген ит арпылдауды шығарды,

Төрге озудан тартынбауды шығарды.

Буға пiсiп көкiрегi көнектей,

Суға түсiп салқындауды шығарды.

Ен жайлауды еншiм деудi шығарды,

Кең қойнауды кенiшiм деудi шығарды.

Қағанатты қарағайдай бұтарлап,

Жамағатты менсiнбеудi шығарды.

Шайтан шуы,

Жайлаған соң жын үнi,

Тiршiлiктiң ылайланды тұнығы.

...Өз жұртынан ауып кеткен аулаққа

Кәрi төбет Айға қарап ұлыды.

Атамекен,

Айналайын, ұлы өлкем,

Не болады?

Не қалады күнi ертең?..

Сенсiз қалай атам қазақ атанып,

Сенсiз қалай ғұмыр кешiп, күнелтем?

Бiр айрылсаң Ұжмағыңдай ұяңнан,

Қайта жасау қиын болар қиялдан.

Жаным пида!

Қасық қаным қалғанша

Қарыс жердi қас пиғылға қия алман!!!

ҰРАН

Кеңдiгiм – кемелiм,

Теңдiгiм – тереңiм.

Елдiгiм – еменiм,

Ерлiгiм – еренiм!

Қаһаным – Тәңiрiм,

Жаһаным – жарығым!

Қара алтын – қадірім,

Сары алтын – сабырым.

Айдыным – аспаным,

Айбыным – асқарым!

Тарихым – тастаңба,

Шежiрем – дастаным.

Ер тұран – тұрағым,

Ерке ұлан – қыраным!

Ер-тұрман – пырағым,

Ел-жұртым – жұмағым!

Жазира – жайнағым,

Қазына – аймағым.

Көк төрi – байрағым!

Көкбөрi – айбарым!

ТАЙҚАЗАН

Ассалаумағалейкум, Тайқазаным,

Салмағы сары алтынға сай қазаным!

Елжiреп ет-жүрегi сен дегенде

Көзiне жас алмайды қай қазағым?!

Көзiне жас алмайды қай мұсылман,

Қаймыққан қам көңiлi қайғы сұмнан...

Қолымыз саған жетпей қор болдық-ау,

Заманда зымыранын Айға ұшырған.

Өзiңдi кiмдер кеше жоқтамады,

Халiңнен хабар-ошар тоқтағалы?

Қазансыз қара ошақтың қаңыраған,

Орнында өшiп-бықсып от қалады...

Орныңда сен болмасаң, Бас қазаным,

Қазақтың кiм бағады қас-қабағын?

Әр аңыз ақиқатқа айналсын деп

Бабамыз жазып кеткен тасқа Заңын!..

Күңiренiп күллi Түркi шаңырағы,

Қанша жыл орның босқа қаңырады?..

Қазанын көрiнгенге бере берсе,

Қазағым санын әлi сан ұрады!

Ежелден Қазан – Қазақ егiз негiз,

Тең келер екеуiне ел iздеңiз!!!

Даланы от басында көзбен шолып,

Баланы от қасында емiзгемiз.

Жекпедi тағдыр бiздi қай қиырға,

Көргенбiз неше түрiн қайғының да...

Қанша жыл Эрмитажда қаңсып тұрдың,

Айналып қатардағы жәй бұйымға.

Берекем сен екенсiң,

Кеш бiлiппiн.

Ес жиып,

Кеш те болса көшке iлiктiм.

Екiншi өмiрi ендi басталғандай

«Екiншi Мекке» деген ескi жұрттың.

Кезiнде босқа өртенiп,

Босқа күйдiм...

Келмейдi ендi басты басқаға игiм!

Түркiнiң Түркiстанда Туын тiктiк,

Күмбезiн жарқыратып Иассауидiң!!!

Қаратау сiлкiп қалып қырау басын,

Көгiмде көктем құсы тырауласын.

Үш жүздiң үш алыбы қайта оянып,

Аруағы Абылайдың бiр аунасын!

Тапқалы, Тайқазаным, тұрағыңды

Қасыңа қатар қойдым Құранымды.

Түркiстан – түркi елiнiң тұмары ғой,

Жоғалтып алмайыншы Тұмарымды!..

«АБЫЛАЙ АЛАҢЫ»

Монолог

Кешiр менi, Ұлы бабам!

Ұрпағыңның күнi қараң.

Көкiрегiмдi шер қысқанда

Көкке қарап ұлып алам...

Сiлеусiн көз сұғанақтың

Сумаңдаған сұғы жаман.

Құжынаған құбыжықтың

Қалай ғана құлы болам?!

Түгi қалың, түрi қабан,

Тiлi, дiнi, түбi надан

Түндiгiмдi түрген сайын

Түршiгедi Ұлы Далам...

Жетер ме екен, жетпес пе екен

Жер түбiне жүгiм аман?..

Аламаным аңтарғанда,

Арғымағын қаңтарғанда,

Дарабоздан дәрмен қашып,

Қаракөзден қан тамғанда,

Алдыңа кеп Бұқардайын

Ақыл қосар қайда ақының?

Өзiн жатқа жау етерде

Басын тiгер тәуекелге

Баяндайын қай батырың?

Күбiрлейтiн Күнге ақырын,

Сыбырлайтын Айға ақырын

Кiмге керек майда тiлiм?

Дауға салған айла-ақылын,

Жауға салған айбат, үнiн

Екi келмес Абылайды

Ендi туар қай қатыным?!

Белiм неден бүгiледi?

Көңiл неден түңiледi?

Таңдап алған «ауруымның»

Табыла ма бүгiн емi?

Неге қазақ қарауылға

Елден бұрын iлiнедi?

Тiрi қашан бiрiгедi?

Өлi қашан тiрiледi?!

«Бас-басына би болғанды...»

Қимылдауға қиналғанды

Қаперiне кiм iледi?!

Тар келмейтiн тақымыма,

Тағдыр қосқан жақыныма

Неге жаным жiбiмедi?

Дiнi бөлек, тiлi басқа,

Тiрлiгi жат, түбi насқа

Неге жүрек жүгiнедi?

Ел болғалы, еншi алғалы,

Еңку-еңку жер шалғалы

Көре-көре көсем болған,

Сөйлей-сөйлей шешен болған

Бұл жайында не дейдi екен

Бүгiнгiнiң «iрiлерi»?..

МЕНТАЛИТЕТ

Сағым қуған сахара саяғындай,

Заман көшi заулайды баяғыдай.

Алты жасар баладан аумай қалған

Адал, аңғал құлыңды ая, Құдай.

Алты жасар баладай қылығы бар

Бұл халықты кiм аяп, кiм ұғынар?

Қанша үмiтiн,

Ұзатты ол қанша арманын

Айы мұңды аспанға, күнi мұнар?..

Қиын заман туса да құйындаған,

Дастарханын қайтерсiң жиылмаған?!

Өмiрiне,

Көл көсiр көңiлiне

Ықылымнан ынтымақ бұйырмаған.

Сұрағанға дей жүрiп «мал-жан аман...»

Елiң де осы ертеңiн болжамаған.

Қармағына iлiнiп алтын балық,

Бармағымен түсiнде бал жалаған.

Әдет шiркiн қала ма қанға сiңген?

Әлi күнге келедi арбасумен,

Жалқаулығын қайтерсiң алабөтен

Алтын басып жатқандай жамбасымен!

Мамыр заман сезбестен өткендiгiн,

Ақырзаман сезбестен жеткендiгiн,

Құдайдың бiр пендесi ұйқылы-ояу

Түсе қалған сияқты көктен бүгiн!

Тәттi ұйқыға қашанғы қанбайды адам?

Қайран, қайрат, қайдасың қанда ойнаған?!

Көкжиекке көз сатып шалғайлаған,

Көш соңында iлбiген қандай жаман?..

* * *

Туралықтан қалайша тұра қашам?

Жаза басып жасадым күнә қашан?

Ғұмырымнан не хабар-ошар қалар,

Тұғырымнан құласам, тұраласам?

Өлi менен тiрiнiң арасында

Өмiр кешсем,

Кiмменен кiнәласам?

Жер шектелер теңiзбен, Құрлықпен,

Емшек берер кiм маған, жыламасам?

Несiбемнен тиесi құр қалармын,

Құдайға да құлқыммен құламасам,

Төрдегi орным көрiнер тұманданып,

Сыртта тұрып есiктен сығаласам.

Елдегi орным көрiнер,

Ерте есейiп,

Егделердiң iшiне сыналасам.

«Адам ұлы бол» деген атасөзге

Ендi қашан, құдай-ау, құлақ асам?

Бүгiн өмiр сүрудiң керегi не,

Ұрпағыма ертеңгi ұнамасам?!

НОСТАЛЬГИЯ

Көне бұйым,

Көнтақыдай ұсталған

Көкiрегiмдi көк түтiнге ысталған,

Көшпендiнiң көзге көнiк салтымен

Көшiрсем-ау Көксарайға қыстаудан...

Күлiп шыққан Күнге төсеп маңдайды

Көксарайға көш түсiрген қандай-ды?!

Болар бала сонарға да iз тастап,

Баба жолын Балқантауға жалғайды...

Келбет-көркi кермаралдай келiскен

Көксарайым – көзге ұрыншақ еңiс, бел.

Алтыбақан аясында ән салып,

Айлы түнде Аспан мен Жер өбiскен!..

Көкжиекке көзiн сүзiп кенезем,

Еңiс жаққа еңкiлдесе көк өзен,

Судан шыққан суырдайын зып берер

Шүйгiн шөпке сүмең сүрлеу, көне жол.

Алқым керiп аңқылдаса ескен леп,

Алаңқайға жақындаса көшкен лек.

Шал-шауқандар шамырқанса шат көңiл.

«Шалғын қалай шаш етектен өскен!» деп.

Өткен қыс пен

Былай қалып өткен iс..,

Қандыбалақ қанат қақса көкте құс,

Жылмаң қағар әлдененi еске алып

Жылпос неме етектiнi ептегiш...

Қыпша бел қыз ақ мәйектей аршылған

Қызығымен қылаң берсе қарсыңнан,

Нәуетектiң нәшiн бағып қарарсың,

Нәпақа iздеп нәпсi деген арсыздан.

Аспани жақ алабөтен күркiреп,

Дүрбелең бұлт өте шықса дүркiреп!

Тайлы-таяқ жанға жайлы жыл тiлеп..,

Тайқазанда бүлкiлдесе былқып ет.

Сауын айтып мына қыр мен ана бел,

Ақбоз үйге ағып жатса тәмәм ел.

Көлпар Ием,

Сен де мынау қазақтың

Көңiлiне көз қырыңды сала гөр...

...Қайран, баба,

Қайран, ауыл,

Қайран, ел..,

Қашан ғана тұнығыңды лайлап ем?

Ұлы күндер ендi қайтып келер ме,

Ұлысам да арзу айтып Айға мен!..

КЕТКIМ КЕЛЕДI...

Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi,

Көзiме менiң симай жүр көктiң көлемi.

Күннiң де қажет болмай тұр күлiмдегенi,

Гүлдiң де қажет болмай тұр көп гүлдегенi,

Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi...

Түркiлiк түктi кiлемдей түсi мен өңi

Сол бiр жақ, қайран, мөлдiр жақ

түсiме енедi...

Желемiк перде жамылған Перiнiң қызы,

Жетелеп кiргiз Жұмақтың iшiне менi.

Сол бiр жақ...

Қайран, мөлдiр жақ өңiмде өледi.

Көзбояу, көлгiр болмысқа көңiл көнедi.

Жүзiне қызыл жүгiрмей жүдеген жүрек

Қайғы мен мұңға, қайтейiн, төрiн бередi.

Кеткiм келедi бiр жаққа...

Қайда барамын?

Жұлдызға көзiм телмiрiп,

Айға қарадым.

Жұматай ғұрлы жоқпын ба,

Жұртын қалдырып,

Iздеуге кеткен Жұмақтан Ләйлә қарағын?..

Дозақы дүние мезгiлсiз мезi еттi менi,

Кездiктей өткiр өкiнiш өзек тiледi.

Шырын деп жүрсем...

Шынымен шыбын жан шiркiн

Кезектi ме едi,

Әншейiн мезеттi ме едi?

Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi,

Көзiме менiң симай жүр көктiң көлемi.

Күннiң де қажет болмай тұр күлiмдегенi,

Гүлдiң де қажет болмай тұр көп гүлдегенi,

Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi...

ЕЛГЕ КЕТЕМ

Елге кетем,

Елге барып егiн сап, еңбек етем.

Қала iшiнде жұқтырған ауруымды

Ендi қалған өмiрде емдеп өтем.

Елге кетем,

Жайымды айтып кiмдерге телмең етем?

Есiгiнен ендiрмес, есiркемес

Бұл қалаға екенмiн мен де бөтен.

Елге кетем,

Желегiмдi жұлғызып желге нетем?

«Ақымақтың ақылы кеш кiредi»,

Елеске ерiп бекерге келген екем.

Арман, қиял бар едi нелер менде..,

Соның бәрi ұқсайды көнергенге.

Әркiмге ашқан абыройын Астананы

Әкiмдер мен қалдырам өлерменге!

Солар мiнсiн мiнбеген мен көлiкке,

Солар жүрсiн арада жеңгелiкке.

Солар бiлсiн,

Көзiнiң тiрiсiнде

Ақын жақын емесiн пенделiкке!

Солар алсын атақты, мәртебенi!

Солар қалсын адақтап әр төбенi!

Сайрайтұғын кезiнде бау-бағында

Қайран, тiлiм, қашанғы зар төгедi?

Елге кетем,

Ендi ой жоқ менде бөтен.

Жалғыз басы жаһанға симай жүрген,

Ей, Жаратқан!

Мен де бiр пендең екем!..

Елге кетем,

Өлгенше Ел деп өтем!!!

* * *

Сыйынарым, сүйiнерiм – бiр Алла!

Тылсым бар-ау,

Бiр сыр бар-ау, сiрә, онда?..

Шоқ-шоқ болып өспейдi ғой Шынар да!

Топ-топ болып ұшпайды ғой Қыран да!

«Бас кеспек бар, тiл кеспек жоқ» дегенмен,

Бала кезден талай таяқ жегем мен...

Дара туған кiм бар дейсiң дәуiрден?

Жаратылған кiм бар дейсiң Еменнен?!

Тiрi түгiл өлi аруақ мақұлдар

Әлiмсақтан Ақын деген атым бар:

Насаттанса – нәрестедей мәз болып,

Назаланса – найзағайдай шатырлар!

Ес бiлгелi еншiмдi үзiп ептiңнен,

Жыр жолына жүрегiмдi жектiм мен.

Ақыл-есi бүтiн жандар әманда

«Ақын сөзi – Алла сөзi» деп бiлген!

Баз бiреулер: «Басқа пәле, – деп, – тiлден»

Ауыл-елден қиыр жайлап, шет жүрген.

Бiлiп айтам,

Тiлiп айтам деп жүрiп

Тiрлiгiмде қанша зардап шектiм мен?..

Тура айтам деп туғаныма жақпастан,

Тағдырым бар табанымен шоқ басқан.

Көзсiз ерлiк кiмге керек, тәйiрi,

Көре-бiле көкiрегiн оққа ашқан?!

Ақын тiлiн, айтшы, бiрақ, кiм кесер?!

Көппен бiрге ол да адамша күн кешер.

Хан тағына бас иместен, керексе,

Тәңiрiнiң тек өзiмен тiлдесер!!!

...Сыйынарым, сүйiнерiм – бiр Алла!

Тылсым бар-ау,

Бiр сыр бар-ау, сiрә, онда?..

Шоқ-шоқ болып өспейдi ғой Шынар да!

Топ-топ болып ұшпайды ғой Қыран да!

* * *

Менi мынау жалғанда

Түсiнетiн жан бар ма?

Жан дарағын жай ұрар,

Жаңа бүршiк жарғанда.

Ақпа-төкпе нөсерден

Әрқалай күй кешем мен.

Әлмағайып жан ба едiм

Ана сүтiн кеш емген?

Атқан таңмен ағарған,

Батқан күнмен қабарған

Кiм аясын ақынды,

Қыздан нәзiк жаралған?

Кiл шаһбаз,

Кiл «мықты»

Дос болмады кiндiктi.

Жалқауға да жал бiттi,

Мылқауға да тiл бiттi.

Аузымен құс тiстеген

Қандай күйге түстi өлең?

Әкiм менi неғылсын,

Ат үстiнен түспеген?

Белгiлi ғой қалған жәй,

Болушы едi хал қандай:

Қара жерге жас емес,

Қарашығым тамғандай!..

* * *

Кеудем – қуыс,

Iшiм – бос,

Қайда күйiм құс үндес?

Қу заманға тап келдiм

Құдай сөзiн түсiнбес.

Құдай сөзi – өлеңiм,

Қайда құның?

Төлемiң?

Өзi емес пе ең өмiрдiң?

Көзi емес пе ең көненiң?

Жағдайыңа жан құрбан,

Қайыршыдай қаңғырған.

Жұрт жүрегi жартас па,

Жәй әншейiн жаңғырған?

Қайда кезiм гүл еккен?

Қайда сезiм дiр еткен?

Жұрт жүрегi темiр ме,

Шыбық тисе шың еткен?

Кешегi еңбек – бүгiн еш,

Шiрiгенге шыбын өш...

Жұрт жүрегi мұз ба, әлде,

Ерiмес те жiбiмес?

Құп ал, мейiлiң,

Құп алма,

Бұған куә бiр Алла.

Жазылған ғой өлеңмен

Көктен түскен Құран да!

АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫНДА

Сен жаяу да, мен жаяу,

Екеумiз де – Ақынбыз.

Сен баяу да, мен баяу,

Қарсы келе жатырмыз.

Замананың көлiгi

Жанымыздан зулайды.

...Ен даланың Елiгi

Ендi сағым қумайды.

Өткен күннiң бәрi аңыз,

Уақытта жоқ күту.

Қалаңыз да далаңыз

Сағым емес, көк түтiн.

Елсiз көңiл көнши ме?

Ер салайын атқа мен.

Қыдыр болсаң, еншi үйге,

Құмыр болсаң, баққа қон!

Енбе кейiн түсiме,

Сахараңда сенделiп.

Желбегейiң iшiне

Кетейiншi мен де енiп!

...Көкiрегiн дау керген,

Айлалы да айбарлы

Көлеңкесiн жау көрген

«Қыр қазағы» қайда әлгi?

Өзгермептi оншама,

Баса алмапты аптығын.

Жалқау қазақ болса да,

Аңқау қазақ жоқ бүгiн.

Басына бақ қонса да,

Бәсi бақыр тоқтының.

Мәңгүрт қазақ болса да,

Аңғырт қазақ жоқ бүгiн.

Елдiң қамын жемейдi,

Ерқаштылар жиналған.

Қырт пен қиқым көбейдi,

«Бас басына би болған».

Көкiрегiм ырықсыз

Көмбесiндей көп ойдың.

Өңi бүгiн сұрықсыз

Өзiң барған Семейдiң.

Бармақтайын бақ қонбай

Байғұс қалай тыншиды?

Онегиннен хат келмей,

Татьяна сыңсиды...

Өксiп өмiр өткендей...

Кiм толтырар олқысын?

Тоғжан да ұзап кеткендей

Сыңғырлатып шолпысын...

Хас арудай тұншыққан

Қара бұлтқа батқан Ай.

Сен де, сен де сыңсып қал,

Әйгерiмнiң тәттi әнi-ай!..

...Көк теңiзден аумайды

Кейде ақынның көңiлi.

Жанымыздан заулайды

Замананың көлiгi.

Залалы жоқ ешкiмге

Зар илеген пақырмыз.

Кең даңғылдың үстiнде

Жаяу келе жатырмыз.

Ұғынғанға – ұлымыз,

Бұғынғанға – бөтенбiз.

Бiрiмiзге-бiрiмiз

Қашан жетер екенбiз?..

ЗАУАЛ

Қолыңдағы кесенi сарқып iшiп,

Аз ғана күн аспанда қалқып, ұшып,

Қайта айналып түс-тағы,

Көлбақадай

Көңiрсiген көлшiкке малты, Күшiк!

Малты,

Малты,

Алқынып кеңiрдектен,

Айлаң болмай аялсыз өмiрге өткен.

Бiр кеңейген қу көмей тарылар ма?

Бiр тарылған тiршiлiк кеңiр деп пе ең?

Табылмаса қасыңнан қатар-құрбың,

Арқасына аяздай батар кiмнiң?

Ескерусiз, елеусiз өткен күндер

Қайта айналып саған тiл қатар, мүмкiн...

Есiтiлер ол, бәлкiм, үкiм болып,

Әзiрейiлдей зәрең мен құтыңды алып.

Жұрт ойға алар бiр iсiң болмаған соң

Сырт айналар өзiңнен мұқым халық.

Саяқ қалып үркердей үйiрiңнен,

Сайқал сайтан түрткiлер бүйiрiңнен.

Ердiң ерi сау қалар,

Тiршiлiкте

Тереңiне тартатын иiрiмнен...

Малты,

Малты,

Күшiгiм, жан ұшырып,

Жүрегiңнiң қалғанша қаны суып.

...Желдi күнi жоқтайды әлдекiмдi

Құрақ жылап,

Жағада қамыс ұлып...

МЫЛҚАУ

Мен неге қайғылымын, қайғылымын?

Жақпай жүр Жаратқанға қай қылығым?

Кең етек шекпен емес,

Кебiн киiп

Келмеске кеткен бiлем айбын үнiм.

Жайымды кiм бар, кiм жоқ түсiнетiн?

Көрместей не iстеп едiм кiсi бетiн?

Қашанғы Жасырынбақ ойнап жатпақ

Аузымның кiрiп алып iшiне Тiл?

Таба алмай өз Тiлiмдi өз дiлiмнен,

Берекем безерленiп бездi бiлем?

Құлдайын құлақкестi үнiм шықпас,

Шалсаң да кеңiрдектен кездiгiңмен!

Қай құлақ тыңдап жатыр Мылқау мұңын?

Саязбын,

Саржамбаспын,

Сырқаулымын...

Толымы Толағайдай ұл тумаса,

Қопарып, қозғай қойсын бұл тауды кiм?..

Үркекпiн,

Үргедекпiн,

Үрейлiмiн...

Тартамын таразыға бiр ойды мың.

Ұға алмай қамсыз, мұңсыз хал жайымды

Маңдайын көкжиекке тiрейдi Күн...

Төркiнiм,

Төрiм,

Жерiм жатқа дайын,

Жанына жата кетем жаппадайын.

Алакөз ағайынның арасына

Құятын әзiр-мәзiр отқа майым.

Жан-жаққа жай түскендей жамыратқан

Талайсыз тағдырым бар тәңiр атқан.

Шаң-тозаң бұрқырайды,

Түтiн емес,

Шалқайған шаңқай түсте Шаңырақтан...

ТIКСIНУ

Қараңдап көлеңкесi қақ түбiнде

Қара бұлт Айдың бетiн жапты мүлде.

Аспаннан ауып келген әлдекiмдей

Ұл-қызым шүлдiрлейдi жат тiлiнде.

Түнерген түйсiнем де тау қабағын,

Көзiме көкжиектi аударамын.

Байқатып Балбал тас та тұрғандайын

Iлкiде iштен шыққан жау жаманын.

Муһминға иман – парыз,

Ғұсыл – мiндет.

Басымды тақтан төмен түсiргiм жоқ.

Сыпайы сырт пiшiнiм кiмге керек,

Iбiлiс жатып алса iшiмде iндеп?

Кеше бiз «Оян!» дедiк бұл қазаққа,

Қалмайды қамсыз жүрсе кiм мазаққа?

Көкке емес,

Айдалаға ұлыған соң

Айналып бара жатыр ұл да жатқа.

Қыдырып қыздың көзi Қырым жаққа,

Құптасаң, құлқы бейiл құбылмаққа.

Қалашық қар мен мұздан жасап алып

Қарғалар қарқылдайды бүгiн бақта..

Келгендей бiр басына ақырғы күн,

Бүк түсiп бүйенiмде жатыр мұңым.

Пақырдың суға салған бақырындай

Қарасын қара түнге батырды Күн.

Дегбiрсiз қалтырайды дене түнде...

Бұл көктем келмейтiн бе, келетiн бе?

Ұқсап тұр дүйiм дүние шынымен-ақ

Көк етiн Көкбөрiнiң сөгетiнге!!!

ҚЫЗ ҰЯТЫ

Ұятың – екi беттiң қызылы едi...

Қызығып ендi кiмдер сүзiледi?

Қызарып жаңа пiскен алмадайын

Қызылмен әрлi екен-ау қыз реңi!

Ұрыны түн жамылып баққа кiрген

Iз кесiп iздегенмен таппадым мен.

Қызығың қыз күнiңдей қайдан болсын,

Бетiңе опа-далап жаққаныңмен.

Жүзiңе, ұялғанда, қан тебетiн,

Сол сәтiң сәннен де әзiз мәртебе-тiн!

Ақындар марапаттап махаббатты,

Ғашықтар әуелетiп ән төгетiн!

Жүзiңнен, қызарғанда, қан таматын,

Сездiрiп Сезiмсарай салтанатын!

Қауышып қалатұғын кiрпiктерiң

Тауысып талайлардың жан тағатын...

Ұрыға ұятыңды алдырғалы

Жаныңда жастық әнi жаңғырмады.

Бөз болды жазға жетпей шырайлы өңiң,

Өзгердi ернiңдегi балдың дәмi...

Бетiңе опа-далап жағынасың,

Жасанды сол құрғырды нағыласың?

...Қызғыштай қыз ұятын қорғаймын деп,

Қу жүрек, сонша неге жанығасың?..

ҰЛЫ КӨШ

Көш келедi!

Ағайын, көш келедi!

Көш алдында бiр тайлақ бос келедi.

Елмен қайта қауышу оңай ма екен?!

Екi көзден ерiксiз жас келедi...

Көш келедi!

Көпшiлiк, нанасың ба?!

Арасында – ардағың, алашың да!

Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық

Ұлан-ғайыр қазақтың даласында!

Көш келедi!

Жұртым-ау, сенесiң бе?!

Көсегенiң жонында,

Белесiнде.

Айбарынан батырдың пақыр ығып,

Айдарынан ақынның жел есуде!

Көш келедi!

Сүйiншi, Ұлы анамыз?!

Қуаныңыз,

Қамығып, жыламаңыз.

Құрбан болған Құдайдың құлдары үшiн

Өткен күннен бiз әлi құн аламыз...

Көш келедi!

Алланың жарлығымен!

Жасауымен,

Жүгiмен,

Жабдығымен...

Қарайлайды артына қариялар,

Жан қимасы жат жұртта қалды, бiлем...

Қалғаны рас:

Қорым мен қоныс қалды,

Талай жылғы тамыр мен таныс қалды.

Оты өшпеген ошақтың көк түтiнi

Көз ұшында бұлдырап алыс қалды.

Қора қалды,

Момақан мола қалды.

Бастан талай өткерген зобалаңды...

Құрғай-құрғай жас қалды жанарларда,

Бұлғай-бұлғай дос қалды орамалды.

Өсiп-өнген жұрт қалды,

Ауыл қалды,

Араласқан ел қалды,

Қауым қалды.

Ет-жүрегi езiлiп егделердiң,

Жүрген сайын жонарқа ауырланды.

Белес қалды,

Бел қалды,

Беткей қалды...

Жүрек байғұс бiр уыс етке айналды.

«Қош, қош» айтып арттағы қалған жұрттың

Көшкендерге дауысы жетпей қалды...

* * *

Көш келедi екi елдiң арасында,

Наласын да,

Жасырып жарасын да...

Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық

Ұлан-ғайыр қазақтың даласында!

Санам сазып, шексе де сарыуайым,

Тағдырыма несiне тарығайын:

Қайран, менiң қамкөңiл қазағым-ай,

Қара жерге шашылған тарыдайын!..

Сен қайғырма,

Босама,

Қамықпа да,

Алаңдамай, алдыңа анық қара!

Тағдыр желi соқса да қай тараптан,

Тарыға да,

Сыймайсың табытқа да!!!

Сен жылама,

Көзiңе жас алма, Елiм,

Жылайтындай, немене, осал ма едiң?!

Қай қиырда,

Жүрсең де қай қиянда,

Қазақ болып қаласың қашан да, Елiм!!!

Қазақ болып қаласың..,

Мен сенемiн,

Айналайын, ер Елiм,

Еңселi Елiм!

Әр тараптан,

Көш артып шартараптан

Атажұртқа тезiрек келсең едiң!

Шалқарыңа жамырап құйыл бәрiң:

Шалғайдағың,

Шеттегiң,

Қиырдағың!..

Сол емес пе Тәңiрден тiлегенiң?!

Сол емес пе Құдайға сыйынғаның?!

* * *

Көш келедi!

Ұлы көш арғы беттен,

Күн қақтаған,

Жел өпкен,

Жаңбыр өткен...

Тұр-тұрлайды төсектен тылсым бiр күш,

Пыр-пырлайды көгершiн жан-жүректен.

Көш келедi!

Сүйiншi, Ұлы Дала!

Құдайы бер,

Құлдық ұр құбылаңа.

Жұмағыңа жүрелеп жүгiн, аға,

Етегiңе сүрiнiп жығыл, ана...

Айналайын, Атажұрт, шашы ағарған,

Босқан елiң аттады босағаңнан.

Безiп кетсiн Бекежан айдалаға,

Тұра келсiн Төлеген Қособадан!

Көмейiңе тығылып «Әттегенiң...»

Көз жасыңды төгердей төккен едiң:

Ұбап-шұбап байырғы мекенiне

Келе жатыр кешегi кеткен елiң!

Жасағанның мың шүкiр мұнысына:

Қайтып жатыр жамағат Ұлысына.

Ара ағайын,

Сен де оның алдынан шық,

Жамағайын,

Сен де оған жылы ұшыра

Ел мен ерге ежелден мұра мына

Көш келедi оралып Тұранына!

Ағайынның алдынан,

Аңсап келген,

Арсалаңдап жүгiрдi бұлағы да,

Қарсы алам деп құлшынды құрағы да!..

Ел мен ерге ежелгi көне көлiк –

Атажұртқа атанды шөгерелiк.

Туған елде көрелiк не көрсек те,

Туған жерге жүрелiк еге болып!..

ТӘУБА

Апыр-ай, мен бұл күнге қалай келдiм?

Тағдырдың тауқыметiн талай көрдiм...

Тiрсегiн қақпан қиған қасқырдайын

Жарасын жүрегiмнiң жалай бердiм...

Апыр-ай, мен бұл күнге қалай келдiм?

Самсаған шамдалдары Сарайға ендiм!

Сарбаздай сап түзеген сансыз күндi

Сардардай саусағыммен санай бердiм.

Санда бар,

Санатта жоқ сол күндердi

Көңiлден қайта өткiзiп көргiм келдi.

Желiгiн жел үрлеген жезөкшедей

Дүние көрген сайын көлгiрлендi.

Басы ма, кiм бiледi, егделiктiң,

Жасы ма, жоқ әлде бұл пенделiктiң:

Жапаннан жан сауғалап жай таппаған

Жай-күйiн сезгендеймiн ендi Елiктiң!..

Апыр-ай, мен бұл күнге қалай жеткем?

Ақ қырау қонып жатыр самайға еппен.

Түндiгiн көңiлiмнiң түрiп қойдым,

Қиылып қарай ма деп жаңа Ай көктен...

Апыр-ай, мен бұл күнге қалай жеткем?

Өтiптi-ау талай жаз бен талай көктем...

Пердесiн тереземнiң айқара аштым,

Таң күлiп қарай ма деп тағы әйнектен...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар