Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Кәдірбек Сегізбай. Әке...

03.11.2017 6787

Кәдірбек Сегізбай. Әке

Кәдірбек Сегізбай. Әке - adebiportal.kz

_L01Lhr9bCk.jpg

Күн Ақшоқының ақ сәукелелі құзар басына манаурап барып иек артты.

Шалқалай жатып, терезеге үңілген науқас жан күн көзін қимай ұзақ қарады. Ол дауыстап, қоштасқысы келді. Үні шықпады. Балаша еңіреп жылағысы келді, жылай алмады. Бүкіл жан-дүниеден өре тұрған ыстық жалын іштен шықса, шыбын жанды сүйреп өзімен бірге ала шығардай, жан алқымда тіреліп тұрып алды.

Батар күннің қызусыз сәулесі арқар жон адырларды белдеу­леп алып, жоғары қарай баяу ғана сырғып барады, сырғып барады. Ол да тым асығыс екен, тіпті аспанға шаншылған шоқыларға да қонақтап тұра алмады.

Сәрсенбай бар күшін жинап, алакеуімденген төңірекке көз салды. Бәз баяғы бір тіршілік. Көршінің кер төбелі екі езуін көпіршіте жемді бырт-бырт соғып тұр. Әрине, қарт оны естіген жоқ, бірақ нақ солай екенін сезініп жатыр. Жемге үймелеген бір топ суық торғай шоқақтап, ат езуінен түскен жемге мәз. Мал тұяғымен шиыр болған қыраттан серкенің ай мүйізі көрініп еді, артынша-ақ бір отар қой қораға қарай шұбырды. Ақтарылып келе жатқан ақ толқын сияқты. Мыңдаған тұяқтардың сыртылын, күпсек қардың әлсіз шықырын да естіді. Естіген жоқ-ау, ондаған жыл бойғы үйреншікті дыбысты дәл сол қалпында сезініп жатыр...

Жүйкесі шаршады. Қарт көзін ашты. Жетпіс бес жыл өмірінің куәсі болған қарлы жондарға, қожыр-қожыр қойтастар­ға, қыз емшек шағылдарға, сонан соң тұңғиық аспанға обырлана көз тастады. Ол нұрсыз жанарымен терезенің әйнегінен тыстағы қасиетті кең дүниені обырлана тінткіледі де кірпігін айқастырды. Қайтып көзін аша алмасын сезді ме, жаңағы көрген құдіретті суретті көңіл көзімен бағамдап, үнсіз жатты. Маңдайын айқыш-ұйқыш осқылаған терең әжім сайларында әлдеқандай бір көлеңке ұялай қалыпты. Бұл ауру меңдеген әлсіз тәннің қиналуынан түскен кірбің бе, әлде ғұмырымда не істедім, не көрдім деп өзіне-өзі есеп берген кездегі әлде бір өкініштің ізі ме, әйтеуір әлпетінде мұң қалды. Мүмкін өтер өмірдің өкінішсіз болмайтындығынан да болар ол көлеңке.

Бір кезде бүкіл тұла бойы отқа түскендей лапылдап қоя берді. «Су! Су!» дегісі келді. Бірақ оны айта алмады. Тілі де, денесі де өзінікі емес, өзінікі болса, неге сөйлей алмайды. Мүмкін о дүние­ге аттанып кеткен шығар. Иә, солай болыпты. Анау алауға оранып жанып жатқан өз тәні ғой. Әне, марқұм кемпірі де қол бұлғап шақырып тұр. Осы кезде: «Әке, әкетай, кете көрмеші!» деген ұлының даусы естілді. «Мынау Кәрімжанның дауысы ғой. Құлыным-ай, жеткен екен ғой! «Келмесін, аязға ұрынар» деп едім, тыңдамаған екен-ау». Ол қолын созбақ болған кезде ұлының бейнесі көрінбей кетті.

– Көзі ілінсе-ақ, кіші баласының атын атап шақыра береді – деді оның үлкен ұлы Ертай.

– Е, шырағым-ай, бала деген – бауыр ет емес пе? «Суыққа ұрынады» деп өзі шақыртпай отырса да сағынады ғой. Хабар беріңдер, келсін. Сауыққан соң қайтар...

Бәкене келген домалақ қара шал науқасты күзетіп, жадау көңіл, жабырқау қабақ отырған бір үйлі жанға: «Сауыққан соң» деп бопсалай сөйлеп, көңілдерін ауламақ болды.

Науқас жан бұл кезде бір сәт тынышталғандай. «Ұйықтап кетті-ау деймін» деп ойлады отырғандар. Бірақ ол ұйықтаған да, ояу жатқан да жоқ еді. Бейжай бір тыныштық құшағында жатқан.

Сәрсенбай қарт Кәрім дүниеге келгендегі өзінің бір бақытты шақтарын есіне түсірмек болды. Бірақ көз алдына ширек ғасыр ғана бұрын өткен күндерін елестете алмады. Оның есесіне түс сияқ­ты бірдеңелерді көріп жатыр...

«Көкек айының тамылжыған шуақты күні екен дейді. Шұрықтың тоқал жоталары қардан арылып, көктемнің көк майсасымен құлпыра түскен. Қойлар көк қуалағанын қойып, тояттап қалған. Күн шуағына жондарын төсеп, бығып жатыр. Бозторғай жерден арқан бойы ауада тұрып алып шырылдайды. Тұп-тура дақсыз беттегі мең сияқты. Қиқалақтап гүл қанат көбелек ұшады. Қозылаған саулықтар ауылға қарап маңырайды. Қоңыр төбел дөң астындағы ауылдан ұшқан сары қидың түтіні мұрынды қытықтайды. Иен тау қойнауындағы осынау тіршіліктің өз қызығы осылайша өзінде сияқты. Бұл қойторының ауыздығын алып, отқа қойып, қыр басында малдас құрып отыр екен дейді. Осы кезде: «Сәрсенбай, керең болдың ба? Сүйінші деймін! Қатының ұл тауып жатса, қаннен-қаперсіз қарақшыдай болып отырсың ғой өзің» дейді көрші әйел ентігін баса алмай.

– Қалағаныңды ал, тек малды қарай тұр, – деп асығыс атқа қамшы салып, ауылға бет алған екен.

Апырақтап ішке кірген бетте әйелі Батсайының жанында құндақталып жатқан қызыл шақа нәрестенің жып-жылы маңдайсымағынан иіскейді. «По, шикіннің балажанын-ай!» деседі отыр­ған әйелдердің бірі. «Е, қартайғанда көрген қарағы емес пе, енді қайтсін» дейді екіншісі. Бұл болса, сүтті сиыр болады деп жүрген балықтай жалғыз құнажынының басын қалжа үшін қайырады екен дейді... »

Ол тәтті түсінің желісін үзіп алды. Көзін ашты. Кәрімін көргісі келді. Оның жоқ екенін есіне түсірді де қабағын кіржитті.

Бар күшін жинап, орнынан тұрмақ болды. Мақсатына жеткенше бойда қалған бар қайратын өзін-өзі ұстауға жұмсағандай.

– Балалар, мені төргі үйге кіргізіңдерші, – деді ол ап-анық сөйлеп.

Екі күн бойы тілсіз жатқан жанның сөйлеуі отырғандарды бір серпіп тастағандай болды. Көздерінен үміт ұшқыны жылтылдады.

Науқас сүйемелдетіп аяғын да өзі басты. Үрпиісіп, жәудіреп қалған кішкентай немерелеріне, соңғы күндері түгел жиналған ағайын-туғандарға мейірлене қарады. Сөйтті де төргі бөлмеге өтіп, қабырғадағы көп суретке үңілді.

– Әке, кімді іздеп тұрсыз? – деді оны сүйеп тұрған үлкен баласы Ертай. Бірақ қарт тіл қатпады. Оның қос жанары Кәрімнің суретіне қадалып қалыпты. Бірдеңе айтпақ болды. Бірақ сәл ашыл­ған ернінен аз ғана ыстық жалын шықты. Содан кейін-ақ Ертайға қарай жығыла берді.

Сақаршам кезінде шалқалап ай туды. Қорадан ұйқысырап маңыраған қойдың даусы естілді.

Әке шіркін ең соңғы күш-қуатын ұл суретін бір көруге жұмсағанда оған деген сағынышын басқысы келді ме екен?! Мүмкін әкенің ауыр халін естіген соң келетін жөні бар Кәрімге өкпелі шығар. Бірақ Сәрсенбай қарт ұлының да перзентті болып, өз кіндігінің ұзарып жатқанын білмейтін еді. Дәл сол түні Кәрім де ұйықтаған жоқ. Әкенің ауыр халін естіп, енді жолға шығуға жинал­ғанда келіншегі перзентханаға түсті. Ол ертеңіне тұңғышының дүниеге келгенін естіп қуанды. Жоқ, дәл сол кездегі оның көкірегіндегі сезімді қуаныш деуге де келе қоймас, әйтеуір жан сарайында әлдене жетпей жүргендей салғырт қана қабылдады. Көңіл шіркін тым беймаза, құлази береді, көз алдынан әке бейнесі кетер емес.

Кәрім өзін-өзі қанша күштесе де бәрі бір еңсесін тіктеп көтере алмады. Шынында жүрек шіркін жаманатты хабарды ерте сезген екен. Почташы әйелдің ұстата салған бір жапырақ қағазы оған ауыр қайғы көтере келіпті. Ол ұйқыдан тұрған адамдай телеграмманың қысқа да, тым қатал екі-үш сөзін бірнеше дүркін оқып шықты. Бұл сөйлемнің мағынасы санасына жеткенде бүкіл жан дүниесін сұп-суық болып, осып өтті. Бөлме, барша мүлік, шайқалып кетті. Ол құлап кетпеу үшін үстел ернеуінен ұстап қалды.

– Әкем, әкетайым! – деді ол ышқынып.

Жо-жоқ. Бұлай болуы мүмкін емес. Сене алмайды. Тұла бойын шарпыған ыстық жалын жас болып төгіле берді, төгіле берді. Ол еркінше жылады, езіле жылады. Жан-тәнімен езіле жоқтауы да, соңғы рет қоштасуы да осы. Басқаша әрекет жасауға шарасы да, шамасы да жоқ еді.

Ол сол күні – ұмытылмас қуаныш әкелген күні, қайталанбас қайғы әкелген күні ұзақ жолға шықты...

* * *

Топырақ беті суық екен. Жетпіс бес жылғы ғұмырдың бар болғаны сұп-суық топырақты жамылып, тіршілік атаулыны тәрк еткендей тыныштық құшағына кіргенін көріп ұл көңілі де суын­ғандай болды. Ұлдың жан сезімі ағыл-тегіл жасқа айналып, жас қабірге тамшылады. Баз кешкен өмір үшін өзекті өртеген өкініші сол жаспен бірге сыртқа шығып, денесін біраз жеңілдетіп тастағандай.

Жолаушы ауылға қарай бет алғанда шыққан күннің алтын сәулесі қарлы атырапты нұрға мала бастаған еді. Тағы да алдымен күн шапағы биік шоқылар басына қонақтап, тау етектеріне қарай сырғанап түсе бастады. Кәрім шығып келе жатқан күнге қарады. Бәз баяғы, кешегісіндей. Оның мың-миллион алтын кірпіктері барша жаратылысқа арнап мейірім төккендей. Кеше ғана ойынан қырына, қырынан ойына қыс-жаз демей тынымсыз талай жүрген кең дала, тау-тасы да бәз баяғы. Сәрсенбай атты бір тумасын қайт­пас сапарға аттандырып салуы да табиғи заңдылық сияқты. Ұл көңілінен басқа дүниеде өзгеріс жоқ.

Жеңіл машина терезесінен тысқа үңілген Кәрім күн көзінен, бар аймақ бетінен осыны оқыды.

Әкенің мәңгі мекенінен ұзамай жатып-ақ оның көз алдына жас сәбиі елестей берді. «Апыр-ай, суық тигізіп алмаса жарар еді-ау. Мүмкіндігінше жылдам қайтуым керек шығар...» деп ойлады ол.

Кәрім тұңғыш рет әке болып, бала қамын ойлап көрді, бірақ кеше ғана өзі үшін өзегін өртеп, тұрса өңі, жатса түсінен кетірмеген әкенің, кеше ғана соңғы демін «ұлым» деп алған ғазиз әкенің бейнесі көз алдынан бірте-бірте алыстап бара жатыр еді.

1969 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар