Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Иттер де жылайды...

05.02.2016 4359

Кәдірбек Сегізбай: Иттер де жылайды

Кәдірбек Сегізбай: Иттер де жылайды - adebiportal.kz



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


– Қошақаным, менің ауырып қалғанымды сезіп тұрсың-ау. Ақылдым сол. – Алдыңғы екі аяғын кереуетте жатқан иесінің кеудесіне қойып, қос қара маржандай көздерімен бір түрлі мүләйім қарап тұрған итінің басынан сипауы мұң екен, ол лып етіп, төсектің үстіне шығып алды. Алаудай болып көрінген қып-қызыл тілімен Жұбаныштың күн еңкейе көтерілген дене қызуынан күреңітіп жатқан бетін жалап-жалап жіберді. Жайшылықта қолының сыртынан басқа жеріне итінің тұмсығын тигіздірмейтін баланың «Қошақан, кетші әрі!» деуге шамасы да келмеген. Тынысы тарылып, бір сәт көз ілуге зар болып жатқан осы бір шақта Қошақанның тілінің жылуы жанына жаға түскендей. Ол тілсіз хайуанның өзіне ғана тән әбден берілген ықыласын сезінді. Ит иесінің екі бетін тілімен «жуып» болып, тамағын, ашық жатқан кеудесін жалауға кіріскен. Бүкіл қолқасын сырылдатқан жөтел де сәл саябыр тапқандай. Алайда, оның алқымы мен кеудесін жалай беруді біржола өз міндетіне алғандай итінің тоқтайтын түрі көрінбейді. Сол кезде кенжелерінің халін білмек болып, аяғының ұшымен басып, бөлмеге шешесі Ақжамал, оған ілесе әкесі Әлімжан кірген.


Екі-үш күннен бері сызып ауырып жүрген ұлдарының бүгін мектепке баруға да шамасы келмей, қатты ауырып қалғанын көрген олар түстен кейін амалсыз жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер дене қызуын түсіретін уколдарын беріп, біраз дәрі-дәрмектердің тізімін жазып беріп кеткен. Айтыстары: «Қорқатын ештеңе жоқ. Тұмау қатты тиген. Оның үстіне созылмалы баспа дерті қайта қозған. Сондықтан жазып берген қою-сұйық дәрілерді жиі-жиі ішіп, төсектен тұрмауы керек. Егер ертең де қызуы қайтпаса, ауруханаға апаруға тура келеді».


Әке-шеше екеуі де балалары қатты жығылған соң тыныш жатып ұйықтай алмай жиі кіріп, дәрі-дәрмегін беріп, күйіп-жанып жатқан маңдайына дымқылданған дәке басып жүрген. Бөлмеге кірген екеуі мына көрініске көздері түскенде бірден абдырап қалған.


– Қошақан, мұның не? Кет былай! – деп, алғашқы болып тіл қатқан баланың әкесі Әлімжан болды. Бірақ Қошақан оларға қарап, бір қыңсылап алды да, кішкентай иесінің жалаңаш кеудесін жалап-жұқтауын жалғастыра берген. Әкесінің үнінен көзін ашып алған Жұбаныш:


– Әке, Қошақаным мені емдеп жатқан сияқты. Қуаламай-ақ қойыңыздаршы. – Ол итінің ақ бұйра жүнінен сипап қойып, әке-шешесіне қарап езу тартқан. – Шынында да Қошақанның жалағанынан денем жеңілдеп, ыстығым да азая бастаған сияқты.


– Ой, Алла-ай, мұндай да болады екен-ау, – деп, шешесі Ақжамал жүгіріп келіп, баласының маңдайына алақанын басып көрді. – Расында да қызуың бәсеңдей бастаған сияқты. Бәлкім, жаңағы ішкен дәрілердің әсері болар.


– Солай шығар, – деп, Әлімжан да итінің баланы «емдеп» жатқанына сене алмай.


– Жарайды, Қошақаның енді қайтер екен, біз біраз бақылап отыра тұрайық.


Олар диванға жайғасып алып, бала мен итті бақылауға кіріскен. Ит атаулының иелері үшін адал қызмет атқаратынын, тіпті ешқандай қауіп-қатерден қаймықпай, иесі үшін өліп кетуге де даяр болатынын, бірақ та науқастанған кісіні емдейді дегенді көргенді қойып, естімегендерін айтып, сүт пісірімдей отырған.


Балаларының тыныс алғанынан оның ұйықтап кеткенін байқаған екеуі мойындарын созып қарап тұрған сәтте ақ ит ақ сейсептің сыртынан басын баланың кеудесіне қойып, жата кеткен. Жалғыз ұлдарына өздерінен әрмен қамқорлық жасап, жанын қоярға жер таппай жүрген итке екеуі де: «Қошақан, орныңа бар, қане!» деп, бұйрық беруге дәттері шыдамай, тағы да аяқтарының ұштарынан басып, өздерінің жатын бөлмелеріне бет алған. Мына бір адам айтса нанғысыз көріністің куәсі болған олар да ала таңды көздерімен атырды десе болар. Әр жарты сағат сайын Жұбаныштың бөлмесіне бас сұғып, үстел үстіндегі шамның ала көлеңке сәулесімен ұлының бетіне үңіліп, тың тыңдайды. Іңірдегідей үздіксіз жөтелі де сап тыйылып, бала танауы пысылдап, бейбіт ұйқыға кеткен. Ең қызығы Қошақанның бұлар кірген сайын жатысын өзгертетінін байқаған. Біресе төменірек жылжып, басын иесінің кіндік тұсына сүйесе, біресе оның оң жағына, біресе сол жағына шығып жатады.


– Жарайды, ұлымыздың ендігі тыныштығын Қошақанына тапсырайық та, біз де біраз дем алайық. Таң да енді көп кідірмес, – деп, әкесі қабырғадағы үлкен сағатқа бір қарап қойып, орнынан тұрған. Бірақ ол төсегіне қисайғанмен уақытында ұйықтамағаннан болса керек, көзін іліндіре алмай біраз дөңбекшіген. Алладан да, адамнан да сұрағандай болып жүргенде көрген жалғыз ұлдың басы ауырып, балтыры сыздаса екеуі бірдей шыр-пыр болып, жандарын шүберекке түйгендей күйге түсетін...


* * *


...Әлі жаспыз, бар болашақ алда деп жүргенде құдай қосқан қосағы Ақжамал тетелес үш қызы – Шырын, Мөлдір, Іңкәрін дүниеге әкелген соң аурулы-сырқаулы болып, баланы ойлағанды қойып, басымен қайғы болып кеткен. Заман өзгеріп, қоғам басқа бағытқа бет алған тұста ауылдың берекесі қожырап, біраз жұрт қалаға қарай ағылғанда бұлар да кеңшардың құрылысын басқарып тұрған лауазымын, бірі мұғалімдік жұмысын тастап, үлкен шаһарды бетке алған. Екі жыл пәтер жалдап тұрғанмен, өздері де жеке үйлі болып, қалалықтар қатарына қосылған. Құрылыстың қыр-сырына қанықтығы іске асып, о баста өзі сияқты әр жерден көшіп келгендерден ұйымдастырған пәтерлерді жөндеушілердің бригадасы кеңейе-кеңейе бес-алты жылдан соң жеке кеңселері бар жә деген компанияға айналған. Сақадай сай біраз техникаларының, маман құрылысшылары барлығының арқасында тіпті ірі құрылыстарды салатын тендерлерді ұтып та алатын. Бұл кезде Ақжамалдың да денсаулығы біршама жақсарған еді. Міне, осы кезде еді Әлімжанның «Қыз – күтімің, ұл – түтінің» дейтін мақалды жиі есіне алып, кіндігін ұзартар ұрпақ жайын жиі ойлай бастағаны. Көкірек түбіне ұялап алған қиялының арманға айналып бара жатқанын зайыбына білдірмесе де ойын ішінде тұншықтыруға тырысатын.


Бір күні Ақжамал: «Әлімжан, биыл Түркістан жаққа барып, әулие-әнбиелердің басына тәу етіп қайтайықшы» деген. Келіншегінің қырықтың қырқасы көріне бастаған тұста бір байламға келгенін бұл да айтқызбай түсінген.


Екеуі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауидің, Отырардағы Арыстан баптың бастарына барып түнеген. Жаратушының мейірімінен бе, әлде киелі бабалардың рухтары жебеді ме, бірер жылдан соң дүниеге осы Жұбаныш келіп, әке-шешенің жұбаныш-қуанышы болып еді.


Бетінен қақпай еркелетіп өсіргенмен, ұлдары оғаш мінез танытпай ақылды, өз қатарының алды болып өсіп келеді. Балабақшада жүргенде де тәрбиешілерінің жаттатқан тақпақ, жаңылтпаштарын тез ұғып алып, бұлжытпай айтып беретін. Мектепте де озат атанды. Қазір алтыншы сыныптың ең озат оқушысы атанып жүр. Қоғамдық жұмыстарына да, өзі айналысып жүрген еркін күрес секциясына қатысуға да, бір мезгіл итін қыдыртуға да уақыт табады. Бір қызығы, мектепте ата-аналар жиналысы бола қалса, оған өзі де, шешесі де барып қатысып келуге құмар болатын. Ойлап отырса, Ақжамал екеуінің де ондай жиналыс-жиынға қосарлана барған кездері жиі болыпты. Екеуі де мұғалімдердің: «Жұбаныш Жұмахан сыныбымыз ғана емес, мектебіміздің мақтанышы. Оның оқу үлгірімін, тәртібін барлық шәкірттерге үлгі етеміз», деген сияқты сөзді естіген сайын жаратылысында мақтаныш дейтін мінездің ұшқыны бар өзінің: «Міне, көрдіңіздер ме, біздің бала қандай, әні» дегендей айдарынан жел есіп, айналасында отырғандарға мардымси қарар еді. Ақжамал болса, жиналыстан шыға: «Осы құлынымды мақтаған сайын жаным жадырап, бір жасап қаламын, бірақ тіл-көзден аман болса екен деп үрейленем» дер еді. Кішкентай кезінде біреулердің сұғынан қорқып, маңдайына үнемі күйе жағып жүретін. Өсіп қалған шәкірт бала енді қайдан маңдайына күйе жақтыра қойсын. Шешесінің тапқан амалы мешіттегі молдаларға барғанда бөтен-бөгденің тіл-көзінен қорғайтын дұға жаздырып, киімінің бір жеріне тұмар ғып тігіп қояр еді.


«Тәуба-тәуба» деп Әлімжан ерекше бір риза көңілмен аунап түскен. Ұйқы мүлде қашты. Көзі ашығанмен тәтті ойлар қаумалай берген. «Қазақ-қазақ болғалы ит баласын жуындырып-шайындырып, өзімен бірге бір үйге жатқызып көріп пе екен?! Жүні тықыр тазы ит асыраған кісілер ғана оларды босаға жақтағы бөстекке жатқызғанын көруші еді. Қошақанның Жұбаныш мектептен келген бетте жанынан бір елі қалмайтыны, еденге жайылған бөстегіне жатқанмен оның ұлымен бір бөлмеде ұйықтайтыны көз үйренген әдетке айналған еді. Ал енді бүгінгідей Қошақанның ұлының жанына барып, бір төсекте жатуы бұл шіркін бұрын-соңды көргенді қойып, естімеген кебі екен. Ит пен адамның достығы әсіресе иттің иесіне деген адалдығы, бір берілсе ең соңына дейін біржола алғаусыз берілетіні туралы естігені де, оқығаны да көп еді. Алайда, науқастанып қалған кісіні иттің жалап-жұқтап «емдегені», тіпті емінің қона бастағаны бұларды таң қалдырған. Хайуан мен адам баласының бір-біріне деген ерекше ықыластары нағыз айтағасын оқиға еді. Олар алғашқы күннен-ақ бір-біріне серт беріскендей адал табысқан болатын...


* * *


Жұбаныштың өзінен үлкен әпкесі Іңкәр бір күні үйге мысықтың көзін жаңа ашқан баласын алып келіпті.


– Әке, есіктің алдынан тауып алдым. Мысықтың баласы. Өзі құйтақандай болғанмен сүйкімді екен. Асырайыншы, – деп қиылды. Жұбаныш та жүгіріп жеткен бойда әпкесіне қарай қолын соза берген.


– Іңкәй әпке, маған бейші, а! Сен сабаққа кетіп қаласың, бейші, а? – деп, сұрағанын алып үйренген бала қиыла өтінген.


– Қане, тұра тұрыңдар, – әкесі төрелікке келген. – Біріншіден, қазақ мысықтың баласын «марғау» деп атайды....


– О, – деп, шыдамсыз Жұбаныш сөзді бөлген. – Онда, мұның аты «Майғау» болсын. Оны «Майғау» деп атаймын. Басқа баладай да біліп жүйетін болады, мысықтың баласын «майғау» деп атайтынын.


– Керегі жоқ мысықтарыңның. Ертең өсе бастаған соң үйдегі жиһаздың беттерін тырнап, бүлдіріп тастайды. – Үйдің ішін жинап-теріп, тазалық, тәртіп дегендерді өз қолына алған үлкен әпкелері Шынар жаңа тұрғынды асырауға бірден қарсылық білдірген. Әкелері сөзін жалғады.


– Екіншіден, мұны иесі жоғалтып алып жүруі мүмкін ғой. Сондықтан, Жұбантай, осы марғауыңды есік алдына апарып, иесін іздеп көр. Көрші балалардан сұрастыр. Егер иесі табылмаса ғана асырарсыңдар. Егер асырайтын болсаңдар, өзім мал дәрігеріне апарып, тексерттіремін, себебі мысықтан жұғатын жаман ауру түрлерінің болатынын оқығаным бар. Екпе жұмыстарын жасату қажет. Үшіншіден, «менікі, сенікі» деп меншіктеудің қажеті жоқ. Бәріңе де ортақ болады. Ал, Шынаржан, сен иесі жоқ Марғауға бауырыңның қамқорлық жасауына қарсылық көрсетпе. Жиһаздарыңның бетін тырнатпаудың және үйдің ішін бұлғатпаудың тәсілін өзім үйретемін.


Әлі мектеп табалдырығын аттамаған, бірақ бір-екі жылдан бері балабақшаның қызығын көріп жүрген Жұбаныштың да көршілес біраз достары бар болатын. Ол бірден балабақшаға бірге барып жүрген досы Әділдің үйіне қарай Марғауын алып, тұра жүгірген. Шай қайнатым уақыт өтпей-ақ үйге қайта кірді. «Марғаудың иесін іздестір» дейтін тапсырманы «ойдағыдай» орындағаны көрініп тұр еді.


– Әке, Әділ екеуіміз бес-алты баладан сұйадық. Ешкім мысығын жоғалтпапты. Біз асыйап алсын деп бійеу әдейі тастап кеткен шығай, – деді ол екі танауы желпілдеп.


– Сен сақау, иесі «табылмаса екен, табылмаса екен» деп дұрыстап іздемеген де боларсың. – Өзі тауып әкелген кішкентай мысығын інісінің біржола иемдене бастағанына реніші басыла алмай тұрған Іңкәр оның «р» әрпіне әлі тілі келмейтінін осындай ренжігенде немесе түс шайысып қалғанда ғана бетіне басатын әдетімен.


Марғауды іздеген ешкім бола қойған жоқ. Оны Жұбаныш далаға да көп шығара бермейтін. Әкесі дәрігерге де апарып, екпе жасатып келген соң қалың тақтайшалардан шегелеп берген тақтаны тырнап, қаруының қышуын басуды, әжетханаға кіріп, құм салатын қорапшаға ішін босатуды да үйреніп алған. Ең алғашында сүт беріп, бірте-бірте шикілі-пісілі ет беріп, одан соң мысықтарға арналған арнайы тағамды сатып әкеліп беретін Жұбанышқа оның әбден бауыр басып алғаны сонша, ол жоқ болса іздеп, мияулайтынды шығарған. Ол үйге келсе болды, аяғына барып сүйкеніп, біраздан соң алдына барып отыратын. Тіпті кейде оның төсегіне барып жатып алатын да әдет тапқан.


Жұбаныш бірінші сынып бітірген жылы Марғау түгі жылтыраған үп-үлкен сары ала мысық болған. Бұл кезде ол сыртқа шығып, ауланы екі-үш айналып келуді көксеп тұрар еді. Жұбаныш оны өзі шығарып қыдыртады, әйтпесе мысық есіктің алдына шоқиып отырып алып мияулар еді. Онысы тысқа шығайыншы деп сұрағаны.


Қыстың күні болатын, кіші бесінде тысқа шығып кеткен Марғау үйге оралмай қалды. Жұбаныш та сабақтан келе сала мысығын іздеген. Күндегідей алдынан жүгіріп шықпаған соң:


– Марғау қайда кеткен? – деп сұрады.


– Бағана тысқа шығып кеткен. Өзі бүгін берген тамағын да ішпей қойып еді... Ауырып жүрген жоқ па екен? – деп шешесі де баласының бетіне қараған. – Көп кешікпеуші еді, бүгін неғып үйге қайтпай қалды екен?


Жұбаныш сөмкесін қоя салып, жүгіріп тысқа шыққан. «Марғау, Марғау, қайдасың?» деп айнала жүгірді. Оның соңынан үш әпкесі де тысқа шығып, мысықты іздеуге кіріскен. Бірақ іздеу нәтижесіз аяқталған. Әкесі Әлімжан да жұмыстан келген соң айналаны біраз тінтіп көрген. Мысық сол жоғалғаннан мол жоғалған. Әкесі: «Марғау бір жерге барып өліп қалған шығар» деуге ұлының көңіліне қарап айтпаған.


– Ондай жақсы мысықты біреу алып кеткен болар, – деп қана қойған. – Жарайды, балам, күшіктер мен марғауларды сататын арнайы базардан өзіңе ұнаған бір марғауды алып берермін.


Бала болса, ең бір қимасынан айрылғандай алғашқы күндері ара-тұра жылап та алатын. Оған ілесіп әпкелері де көздерін дымдап, мұңға батып жүргенін көрген Ақжамал оларға:


– Тәйт әрі, олары несі, жаман ырым бастап?! Әке-шешелерің, ағайын-туыс, дос-жарандарың аман-сау. Мысықтарың жоғалса тағы біреуін асырарсыңдар. Доғарыңдар, мысық үшін көздеріңді мөлтеңдетіп, уайымдағандарыңды, – деп, балаларына ұрсып тастаған. Сонан соң жұбайына ұсыныс айтқан еді:


– Әлімжан, мына ұлыңның қабағы ашылмай қойды ғой. Осы демалыста Жұбанышты базарға апарып, күшігі ме, мысығы ма, бірдеңесін алып берші.


Осы сөз шешім болып, келесі жексенбіде Әлімжан ұлын ертіп, ит-мысық сатылатын базарға арнайы барған. Бала бірден мысықтардың түр-түрін саудалап тұрғандарды аралаған. Мысықтардың да мұнша көп тұқымдары болатынын Әлімжанның өзі де білмепті. Әр түстілерін айтпағанда, түрлерінің өзі алуан-алуан. Тықыр жүнді, тік құлақ, кертпек танау, шегір көз, сидам сирақ, сүліктей созылған тұрықты, беті бырыс-тырыс, сіркелері су көтермей жатқан ашушаңдары, шолақ құйрық, ұзын мұрт, шәугім бастары, несін айтасың, мысық тұқымдарының көрмесі дерсің. Бұлардың текке келіп жүрмегендерін білгендер өз мысықтарын мақтай жөнеледі. Айтыстарына қарасаң, бәрі де асыл текті, бәрі де осал емес. Көбісі-ақ тышқандарды айтпағанда, егеуқұйрық сияқты пәлекеттердің тұқымдарын тұздай құртады екен.


Ал мысықтың балаларын – марғауларды саудалағандар оларды сыртын орап, жылытқан жәшіктерге салып әкеліпті. Жұбаныш асыл текті мысықтарға көп көңіл аудармай көбіне жәшіктерді аштырып, марғауларды қараған. Бірақ өзінің Марғауына түрі-түсі келетін бірде-біреуін таппай торығып тұрғанда әлдебіреу:


– Балам, көп мысықтардың бірде-біреуін ұнатпадың. Бәлкім ит сататын анау базарға барып көрерсің. Аулаға байлайтын да, пәтер үйде асырайтын да иттердің тұқымдары жетерлік, – деп ақыл айтқан. Әлімжан: «Қай қазақ үйінде ит асырушы еді?» демек еді, Жұбаныш: «Жүрші, әке оларды да көрейік», – деп ерте жөнелген.


Бір қызығы мұнда саудагерлердің сөздерін иттердің арсылдаған, қыңсылаған, шәуілдеген үндері естіртер емес. Кавказ, Орталық Азия, Шығыс Еуропа овчаркалары, түрікмендердің алабай төбеттері, қазақы жуан мойын төбеттер, келте танау, тұмсықтарының жартысын балтамен шауып тастағандай кертпек танау, салпы ерін, жырта қарыс ауызды, келте құйрық, тықыр жүн бульдогтер, қанден иттердiң небiр түрлерi, небір тұқымдары – бәрi-бәрi бар. Түр-түстерін былай қойғанда, иттердің иелеріне көрсетер қызметтері де сан алуан. Біреулері аңшы, біреулері малшы дегендей, енді біреулері иісшіл, енді біреулері қасқыр алатын, қайсыбірінің жүндерін әдемілеп қырықтырып, сәнге ұстайтын... дегендей іздегеніңді табасың. Көбінің мойындарына таққан медальдарының өзі әр түрлі конкурстарда – ит-жарыс, ит-талас, сән-сұлулық өнері дей ме, әйтеуір біраз ит сынына байланысты өткізілген жарыстарда алған олжаларын әйгілейді. Тіпті жеті атасынан бермен қарай қуалағанда бұлардың осал тұқым еместігін дәлелдеп беретін құжаттары да бар екен. Сәнді тұмылдырық, қарғы бауларының өзі неге тұрады. Бір қызығы, бұлардың көбі-ақ сатылмайтын көрінеді. Тек жылы жәшiктерге жатқызылған күшiктерiнiң асыл тектi екенiн дәлелдеу үшiн ғана әкелiнедi екен. Енесіне, не әкесіне, олардың құжаттарына қарап, болашақ иелерін күтіп жатқан, туғандарына бірер ай ғана болған, көздерін жаңа ашқан күшіктерін саудалайсың.


– Балам, мұндай үлкен иттерді пәтердің ішінде күтіп-бағу оңай болмайды ғой, – деп, әкесі ұлын бұлардың жанына көп кідірттірмеген. Оның үстіне қанша асыл текті болса да күшік емес, тайынша-торпақ саудалап тұрғандай базаршылардың өңештері тым кең екен. – Ит сатып, байыпты деген бір қазақты көрмеп едім, бұл да уақыттың бір кебі болар...


Жұбаныш болса әке ақылына үнсіз келіскендей ит жетелегендер иін тіресіп тұрған алаңмен аяңдап келе жатқан. Бір кезде ол:


– Әке, мына бір ақ күшік қандай сүйкімді. Жүріңізші көрейік, – деген. Шынында үлкен етіктің ұлтарағындай қос құлағы салпайып, қара маржандай қос көзі жылтыраған, ақ бұйры итке жақындай берген. – Өзі тура қошақаннан аумайды екен.


– Бұл күшік емес, өзінің тұқымы осындай кішкентай ит шығар, – деген Әлімжанның сөзін түсіне қойған оның иесі де иті туралы әңгімелей жөнелген:


– Иә, бұл төрт жасар қаншық ит. «Пудель» дейтін тұқым. Тек үй ішінде бағылатын, өте ақылды, текті тұқым. Үйретуі дұрыс болса, кез келген бұйрықты бұлжытпай орындайды. Сатылатын төрт күшігі бар. Үшеуі төбет, біреуі ғана қаншық. Туғандарына бір ай болған. Қазір сүт, сорпаға пісірілген бөкпен, аздап ет, балық та жей бастайды. Егер тұқымын көбейтіп, күшіктерін саудалаймын десеңіз қаншық күшігін алғаныңыз дұрыс. Күтімі дұрыс болса, жылына екі дүркін, кемі алты-жеті күшік табады...


– Жо-жоқ, туысқан, ит саудалап байыйын деген ойым жоқ. Әншейін, мына балам көрейікші деген соң келгеніміз ғой, – деп Әлімжан ат-тонын ала қашқан.


– Е, біз де о баста ит саудалаймыз деп ойлаппыз ба?! Қазір бәрін де ақша билеген заман ғой. Біле білсеңіз, бұл бизнестің ең әдемі түрі.


– Күшіктеріңізді көрейінші, – деген бала ит саудалаушыға қарап.


– О, балақай, таңдауың өте дұрыс. Үлкен иттер бір шара тамаққа да тоя қоймайды. Олардың күтіп-бағуы да өте күрделі. Ал мынау пудель сияқты денесі шағын иттің күтімі де оңай. Ұрыспай, еркелетіп дұрыс тәрбелесең, нағыз адал досқа айналады, – деп, ол қардай аппақ басына дейін бұйра жүн басқан күшікті жәшіктен алып шыққан. Желке терісінен алып көтергенде үн шығармай, кішкентай аяқтарын ғана тырбаңдатқан. Оның көздерінен бәріне де көнген шарасыздық па, әлде өзінің ит тағдырына «не болса, ол болсын» дегендей бір бей-жайлық байқалатындай. Әрине, күшік қалай ғана олай ойлай алсын. Бұлайша ойлап тұрған Жұбаныш болатын.


– Дұрыс таңдадың, балақай. Бағасы да қымбат емес.


– Осы күшікті аламын, әке! – Жұбаныш ит саудалаушы айтқан бағаны да естіген жоқ. Қанша десе де оған бәрібір енді. Және «алсақ қайтеді», «осыны алайықшы» деген сияқты ақылдасу, өтініш айту сияқты сөздермен мәймөңкелемей-ақ «аламын» деп, кесіп-пішіп бірден айтқан соң, әкесі де амалсыз қалтаға қол салған.


– Мынау менің Марғауымнан да кішкентай екен, – деген баласы машинаға отырған соң. Күшік болса баяғы сол бей-жай қалпында жаңа иесінің алдында сұлап жатты. Ол күшігін басынан сыйпап қояды. – Қошақаным сол! Мұның аты да «Қошақан» болады енді.


– Бұл да жаңағы енесі сияқты болып өседі әлі. «Қошақан» деген сөз бірден аузыңа түсті ғой. Онда күшігіңді «Қошақан» деп атайық. Ал енді жаңағы кісі айтқан ит асыраушылардың клубына барып, күшігіңді тіркетіп, құжаттарын алайық. Мал дәрігеріне көрсетіп, ектірейік, қалай асырап, қалай тамақтандыру жөніндегі ақыл-кеңестерін естиік., – деген әкесі.


Қошақан үйге келгелі жалғыз Жұбаныш қана емес, оның үш әпкесі де орталарына бір сәби келгендей кезек-кезек алдарына алып, ақ бұйра күшікті барынша еркелетер еді. Тек шешелері Ақжамал ғана:


– Әлеке-ау, Жұбанышты қуантамын деп, үйдің ішінде ит асырау дейтін атам қазақта жоқ үрдісті бастағандарың елден-жұрттан ұят болды-ау, – деп, қарсылық білдіргенмен қошақаннан аумай қалған күшікті балаларының айналып-үйірілгендерін көрген соң, амалсыз көнген. – Иттің жағымсыз исі болады. Соған абай болыңдар.


Алайда, төртеуі қатар отырғанда өзін ерекше күтімге алып, өзі ғана тамақтандыратын, өзі ғана аулаға шығарып қыдыртатын, үйге кірген бетте аяқтарын, бауырын дымқыл шүберекпен сүртетін де Жұбаныштың өзі еді. Ит бағушылар клубында айтқан ақыл-кеңес бойынша күшікті сабынмен емес, сабынның немесе арнайы су сабынның көбігімен үш-төрт айда бір рет қана жуындыру қажет дейтін кеңестерін әбден ұғып алып, оны жуындырар күнді де арнаулы дәптеріне жазып жүретін.


Әсіресе әкесі де, шешесі де ұлының көңілін аулайтын ермектің табылғанына қуанысқан. Олар бір жан иесін ерекше қамқорлыққа алып, бос уақытын соған арнағанына риза еді. Өзін сары уайымға салып кеткен Марғауын да біржола ұмытқандай.


Жұбаныш күшігін аулаға алып шыққанда көрші балалардың бәрі жиналып, оны тамашалаудан жалықпайтын. Иесінің оны тәрбиелеудегі алғашқы жетістіктері де бір-екі айдың ішінде-ақ көріне бастаған. Кішкене таяқшаны лақтырып жіберіп, не допты домалатып жіберіп: «Қане, Қошақан, алып кел!» десе болды, таяқшаны тістеп, допты тұмсығымен домалатып алып келетін. «Кел, мұнда келіп жат!», «Жүр, кеттік» деген бұйрықтарды бұлжытпай орындайтын. Ең қызығы, ауладағы балалардың бұйрықтарын орындай бермейтін. «Маған әмір беретін сен менің ием емессің ғой» дегендей олардың беттеріне қарайтын да орнынан тапжылмайтын.


Досы Әділге де ой түссе керек, ол да әкесімен бірге барып, дәл Қошақан сияқты жұдырықтай ғана ақ күшік сатып әкелген. Ол да пудель тұқымынан. Ол да ақ бұйра. Төбет күшіктер болмаған соң қаншығын сатып алыпты. Әділ құйттай күшігін аулаға алғаш шығарып, балаларға көрсеткен кезде Қошақан да оны иіскелеп, алғашқы таныстықтың ырымын жасаған. Кішкентай күшік болса, өз енесі деп ойласа керек, бірден ұмтылып, оның бауырына кірмек болған. Одан мұндай батылдықты күтпесе керек, Қошақан секіріп келіп, иесінің аяғына оратылды. Бірақ бұлайша үркектеу тым ұзаққа созылмаған. Екі-үш күннен кейін-ақ екеуі бірге ойнайтын болып алды. Алғашқы күні-ақ балалар Әділден:


– Күшігіңе ат қойдың ба? – деп сұрағанда ол:


– Иә, бұның атын «Монтый» қойдық. Монтыйған түріне қарап, үнемі монтыйып, сүп-сүйкімді болып жүрсін деп ырымдағанымыз ғой, – деп жауап берген.


Арада алты-жеті ай өткенде Монтыйдың бойы да Қошақанға жетеғабыл болып өскен. Иелерінің «Отыр, тұр!» деген бұйрықтарынан әбден жалықса керек, екеуі бірін-бірі қуалап, асыр салып жүргендері. Екі ұлдың қорқыныштары біреу ғана: «Аппақ бұйра жүнді сүйкімді қос күшіктерін әлдебір балалар ұрлап кетпес пе екен?» дейтін қауіп еді ол. Шынында да оларға қызықпайтындар кемде кем. Тіпті «Күшіктеріңді сатасыңдар ма?!» деп өтініш жасайтындар көбейген.


Балалардың күшіктерге қызыға қарап, екеуін еркелетуге даяр тұратынын көргенде Әлімжан «Ауыл баласы қозы-лақты, бота-құлынды жақсы көреді, солармен ойнайды. Ал қала баласы малдардың төлдерін асырай алмайды, содан да олар мысық-күшікке құмар екен-ау. Бұл тіршілік иесіне жақсылық жасау – табиғат заңы екен-ау. Бәлкім, баланы мейірімділікке тәрбиелеу дегеннің басы осы заңдылықта жатқан болар» деп ойлаған.


Күшіктердің иелері ойынға қаншалықты айналғандарымен, екі қарап, бір шоқып дегендей, бір сәтке де иттерін көзден таса қылмауға тырысар еді. Доп қуалап, велосипедпен зырғып жүрер балалардың да қос күшікке деген қызығушылықтары бірте-бірте біршама бәсеңдеген. Тек көргенде ғана: «Қошақан, Монтый» десіп, еркелетіп кетеді. Балалар ойынға айналған кезде олардың жанынан Айнұр ғана көп ұзамайтын. Екеуін де ойнатып, еркелетуден бір жалықпайды.


Балалар оларды «күшіктер» деп атағандарымен, біреуінің екі, екіншісінің бір қар басқан кез – бұл ит-ғұмыр үшін есейіп қалған шақтары болатын. «Кәндек иттің «күшік» аты қалмайды» дегендей олардың өз тұқымдарына сай бойларының шағын болулары да осылай атай беруге себепші болғандай. «Күшіктер» де аула балаларының өздерін ойнатып, еркелетулеріне ынталы бола бермейтін. Бір-бірімен қуаласпақ ойнап, балалардың жандарынан жиі ұзасып, қалың егілген сәндік бұта-бүргенді аралап кететін. Тысқа шыққан бетте бір-бірлерін жалап-жұқтасып, өздеріне ғана тән ерекше мейірім танытар еді. Тіпті бес-алты күн бойы кешкілік үйлеріне қайтарда қыңсыласып, «Бір-бірімізден айыра көрмеңдерші» дегендей иелерінің «үйге қайтайық» деген бұйрықтарына барынша қарсылық көрсетіп бағуды шығара бастаған. Әкелерінің «Монтый да үйігіне жетіп қалған екен ғой» деген сөздерін Жұбаныш пен Әділ ұға қоймағандарымен, қос иттерінің тіршіліктерінде бір ұлы өзгерістің басталғанын сезетін. Содан да олар сабақтан келе есіктерінің алдында көздерін сатып, мөлиіп отырған екеуін тездетіп сыртқа шығаратын. Сол төрт-бес күннен кейін-ақ екі ит бір-бірін көрген кезде тұра жүгірісіп, иттерге ғана тән ықылас-пейілдерін білдірісіп, тұмсықтарын жаласқанмен, бұрынғыдай үйлеріне қайтуға көп қарсылық білдірмейтін болған.


* * *


Әлімжан қаланың тау жақ етегінен салынып жатқан көп қабатты жаңа үйден бөлмелері кең де жарық пәтерге алдын-ала қаржысын құйып, соңғы жарты жылдан бері оның әрлеу-сырлау, есік-терезелерін қалауларымен салу жұмыстарымен өз құрылысшыларының төртеу-бесеуімен бірге айналысып жүрген. Ол бала-шағасына қоныс тойын жасауға көп қалмағанын, көктем шыға көшетіндерін айтып, қуандырып қоятын.


– Қыздарыма бір үлкен бөлмені даярлап, жиһаздарын кіргіздірдім. Енді Жұбантай мен Қошақанның бөлмесін жабдықтау ғана қалды, – деді ол бір күні.


– Сонда, әке, әбден біткенше ол үйді бізге көрсетпейсіз бе? – деп, балалары талай өтініш жасаса да әкелері көнбейтін.


– Жап-жаңа үйді бірден барып көргендерің қызық емес пе?! Ол сендерге деген әкелеріңнің ең үлкен сыйы болмақ. Сәл шыдағандарың жөн, – деп, өз дегенінен тынбай қойған. Ақыры жаңа мекенге «бірер аптада көшеміз» деген күн де жеткен. Балалар әдеттегідей иттерін кешке серуенге алып шыққан. Бұл кезде күн жылынып, жер аяғы кеңи бастаған. Қары кеткен алаңдардан қылтиып, көк шөп көрінген. Үйлердің көлеңкелеріне тығылған сүрі қарлардың астынан жылтырап су ағады. Бұрын қарны беліне жабысып, қаншырдай қатып жүретін Монтыйдың іші шеңбірек атып, мүлде самарқау мінез көрсетіп жүрген. Қошақан бұрынғыдай оның тұмсығын жалап, қанша ықылас көрсеткенмен, Монтый оған ойнайтындай бейіл бермейтін.


– Қошақан, Монтыйдың мазасын ала берме. Оған қазір көп жүгіруге болмайды ғой, – деп, Әділ Қошақанға қанша «ақыл» айтқанымен, ит шіркін оны қайдан ұқсын. Қошақан Монтыйды айнала қанша жүгіріп, секірсе де бейғам мінезінен айнымай жүрген тұқымдасынан әбден көңілі қалғандай, біраздан соң доп қуалаған балалармен ойнап кететін. Әсіресе, соңғы кездері иесінен үйреніп алған екі бірдей өнерін жұртқа көрсетуге даяр тұрар еді. Оның бірі: «Қане, биле!» дегенде алдыңғы екі аяғын көтеріп алып, тік тұрып айнала жүреді. Жұбаныштың қалта телефоны ойнайтын музыканың ырғағымен тыпыр-тыпыр қимыл жасайтын. Аула балалары оның бұл өнерін те жоғары бағалап, «Шіркін, мұны циркке берсе ғой, бұдан ғажап өнер түрлері шығар еді» дер еді. Ондайда Әділ де қарап тұра алмас еді: «Мен Монтыйға да билеуді үйретер едім. Қазір оған көп қимылдауға болмайды ғой» дер еді. Қошақанның соңғы кездегі игерген екінші жетістігі жұртқа «қол» беріп, сәлемдесуі болатын.


– Сәлем, Қошақан, – деп қолыңды ұсынсаң болды, шоқиып отырып, алдыңғы оң аяғын ұсынар еді.


– Әділ, сен тым болмаса Монтыйыңа осылай сәлемдесу рәсімін де үйрете бермейсің бе? – деген бір күні көрші ауладан осында келіп ойнап жүретін Талғат деген бала.


– Монтыйдың мазасын көп алуға болмайды емес пе! – деп Әсет көршісі, әрі сыныптасы Әділге де, оның Монтыйына да арашашы болып сөйлеген. – Көп мазалай берсек, ішіндегі күшіктеріне зиян келмей ме?!


Жұбаныштың бұл сөзге күлкісі келген. Әсеттің әлі тумаған күшіктердің денсаулығын ойлап, қам жегенінен гөрі, оның Әділге жағымсып тұрғаны анық еді. Себебі «Монтый күшіктейді екен» деген сөзді құлағы шалғалы бері Әсет Әділмен достығын бекемдей түскен. Көп басы бар бәкісін де сыйлап жіберген. Математика пәні бойынша орташалардың қатарынан ұзай алмай, өзі сияқты озаттарға ілесе алмай жүрген досы Әділді біржола қамқорлыққа алған. Көршісінің қалта телефонын күн сайын дың еткізіп: «Қалай досым, есептеріңді шығара алдың ба? Көмек керек болса, айт. Барып көмектесейін» дейтінін де Жұбаныштар естіп жүрген. Әкем: «Монтый буаз, өзі сияқты ақ бұйра күшіктерің болады әлі» деген сөзді Әділдің бір күні айтуы мұң екен, осындай ақ бұйра қозы сияқты иттің күшігін асырауға қолдары жетпей жүрген балалар: «Біреуін маған берші, бірін мен алайыншы» деп өтініш айтқандар көбейген. Бұған дейін Әсетпен бірнеше бала ит базарына арнайы барып, осындай ақ пудель тұқымының қардай аппақ күшігін таппай келген. Болашақ күшіктерден дәмегөй балалардың бірі де осы Әсет болатын. Оның соңғы кезде көршісіне деп дүрк оянып, күн санап дамып келе жатқан достық сезімінің, Әділдің өзін қойып, оның Монтыйына, Монтыйын қойып, оның ішіндегі әлі жарық дүниені көріп үлгірмеген күшіктеріне дейін қамқоршы болып сөйлеуі жалғыз Жұбанышқа емес, басқа балаларға да бір түрлі ерсілеу көрінетін...


Жұбаныш пен Әділ бір-бір ақ күшіктердің иесі болғаннан кейін бүкіл ауладағы балалардың осы тұқымдас ит асырауға, тіпті, олардың Монтыйдың күшіктерін бөлісуге асығып жүргендерін байқап жүрген Ақжамал реніш айтқан. Сөзін Әлімжанға да қаратып сөйлеген еді:


– О баста базардан бір мысықтың марғауын ала салыңдар деп едім, бардыңдар да ит алып келдіңдер. Жаман әрекет – жұқпалы. Енді бүкіл аула балалары ит асырауға жаппай кірісіпті. Ұяттағы. Көрген, естіген елден ұят болды.


– Сонда менің Қошақаным жаман болды ма, тәте? – Жұбаныш шешесіне бұртия тіл қатты. Шай ішіп отырған қыздар да бұл сөздің мәнін ұқпаған сыңайда:


– Неге олай дейсіз, тәте, Қошақанды біз ғана емес, барлық балалар жақсы көреді ғой. Оның үстіне өзі аппақ қардай әдемі әрі өте ақылды ит қой, – дескен.


– Әдемілігіне де, ақылдылығына да, оны сендердің жақсы көретіндеріңде де дауым жоқ. Мына әкесі Жұбантайдың көңілін қимай үйде асырайтын күшік алып беріп еді. Енді ғой, мұның достары жаппай ит асырауға кірісті. Атамыз қазақ тазыдан басқа ит баласын үйде баққанды қойып, есіктен қаратпайды деуші еді. Түбінің қайырын берсін...


Айналайын, ұлым, енді жаңа үйге көшіп барғанда ондағы балаларға итіңнің өнерін көрсетіп, мақтанушы болмашы.


– Е, балалар ит баласына болсын қамқорлық жасағысы келіп тұрмас па?! Қорықпа, шешесі, бүкіл қала баласы ит асырап кетер дейсің бе? Пәтерлерінің бір бөлмесіне үш-төрт асыл тұқымды ит ұстап, содан пайда тауып отырған қулар бар. Сондайлардан сақтасын де... Жарайды, бұл әңгімені осымен доғардық, – деп Әлімжан орнынан тұрған.


Осы әңгімеден соң ертеңіне кешкілік Әділ балаларға өзінің үлкен жаңалығын айтып, қуанышын жеткізген. Монтыйы өзінің жататын бұрышында күшіктеп, үш бірдей аппақ ұрпағын әкеліпті. Мұны ести сала Әсет жабыса түскен.


– Әй, дос, жүрші барып көрейік. Мен бір төбет болатынын таңдап алайын, – деген.


– Сен неге таңдап алуың керек? Біз немене, сенен қалғанын алуымыз керек пе сонда? – деп алдын ала күшік алуға дәмелі болып жүрген балалар шу ете қалған.


– Біріншіден, бірер ай бойы енесінің сүтін еміп, әбден көздерін ашып, ширағанша, бауырларын көтеріп, сүт, тамақ ішіп үйренгенше оларды үйден шығарып, енесінен бөлуге болмайды, – деп, бұрыннан мысық пен иттің күтімінен біраз білгір болып қалған Жұбаныш төрелік айтқан. – Екіншіден, күшік асырағысы келгендердің ішіндегі Айконы құрметтеуіміз керек. Бірер ай өткен соң ең алғашқы таңдауды соған берейік. Қанша дегенмен ортамыздағы жалғыз қыз ғой.


– Оған қыз болғаны үшін артықшылық беруіміз керек пе? Оның үстіне, оның күшік бағуға уақыты да болмайтын шығар. Сабақтан соң спорт залынан шықпайды емес пе! Мектептің намысын қорғап жүрген гимнастшы қыз ғой ол. Біз күшік асыратып, уақытын бөлгізіп дегендей зиянымызды тигізіп алып жүрмейік. – Әсеттің Айнұрға «қамқорлық» жасамақ болған сөзін балалардың ешқайсысы құптамаған соң, ол амалсыз үндемей қалған. «Әй, өздерің біліңдерші, менікі мектептің намысын ойлаған ғой!» деп ақталды.


– Ал, үшіншіден, – деп, Жұбаныш сөзін жалғаған – Күшік үшеу ғана. Оларды алғысы келетін балалардың саны бесеу. Өкпе-реніш болмас үшін оларды бөліске қалай салуға болады? Меніңше, оның ең әділетті жалғыз жолы бар.


– Қандай? Қане, айтшы, – деп басқалары ентелескен.


– Ол былай, – деп, Жұбаныш айналасындағыларға маңғаздана қарап қойды. – Уақыты жеткенде Айко қалаған күшігін алады. Қалған талапкер – төртеу, күшік екеу. Алдымен, Әділ екі күшіктің мойындарына «№1 және №2» дейтін сандарды жазып іледі. Сол сияқты кішкентай екі қағазға да әлгі нөмірлер жазылады. Дәл сондай екі қағазға ештеңе жазылмай бүктеледі. Қағазда жазылған нөмірлерді тапқан балалар да сондай нөмірі бар күшіктердің иесі болады... Сонан соң әкем: «Күшіктерді мүлде текке алуға болмайды. Жақын достар онда мүлде бір-бірімен «иттесіп» кетеді екен. Сол үшін ырымы болсын деп, аз да болса ақша беруі керек. Оны иттің «қарғыбауы» деп атайды» деген...


– Күшіктерді бөлісу тәсілің өте әділ шешім, – десті балалар. – Әрине, ақша да береміз.


Әсет те бұған қарсы дау айта алмаған. Тек ол теріс айналып бара жатып, Жұбанышқа ренішін естілердей ғып айтып кеткен: «Сен-ақ көсемсіп жүреді екенсің осы. Тезірек көшіп, осы жақтан кетсең екен».


Осы сөзден кейін екеуінің арасында жанжал туып кетер ме екен деп қауіптенген балалар үрпиісіп, бұларға қараған. Бірақ Жұбаныш реніштің белгісін де көрсетпей, оған күле жауап берген.


– Көшуін көшеміз ғой. Бірақ сен қуанбай-ақ қой. Бала кезден бірге өскен достарыма, туған үйімнің ауласына Қошақанымды ертіп келіп тұрамын ғой. Мен сияқты оның да сағынатын Монтыйы бар...


«Мен сияқты...» дегенде Жұбаныш өзінің кімді сағынатынын меңзеп тұрғанын достарының бәрі де түсінген...


Айнұр Жұбаныштың бір үйдің бір қабатында іргелес тұратын көршілерінің қызы. Жұбаныштан бірер жас қана кіші. Тіпті екеуі балабақшаға барғанша да бір үйдің баласындай болып өсіпті. Қыздың анасы жалғызілікті болған соң бір жаққа асығыс барар болса, көбіне оны бұлардың үйлеріне қалдырып кететін. Екеуі ойыншықтарға таласпай, тату ойнайтын. Айнұр әлденеге өкпелеп, бұртиып қалса, Жұбаныш үлкендігін жасап: «Айко, қоя ғой, мен сені енді өкпелетпеймін, жарай ма?» деп еркелете салатын. Топтары бөлек болғанмен бір балабақшада өсті. Онда да Жұбаныш қыздың тумаса да туған ағасындай болып жүретін. Енді міне біреуі бесінші, біреуі алтыншы сыныптың оқушысы. Бір мектептің шәкірттері. Айнұр бірінші сыныпта жүргенде-ақ мектептегі көркем гимнастика секциясына қатысып, екі-үш жылда-ақ мектеп мақтанышына айналып үлгірген. Жуырда өткен оқушылардың спорт түрлерінен қалалық жарысына қатысып, бірінші орын және спорт шеберіне үміткер деген жоғары дәрежеге ие болғаны бар. Ол жарысқа біраз оқушылармен бірге Жұбаныш, Әділ, Әсет – бәрі де жанкүйер болып барған. Өзінің көптеген тұстастарынан оза шауып, бірінші орын алғанын естігенде Айнұр қуанғанынан алдымен анасы Әлияны құшақтай алып, жылап жіберген. Сонан кейін жаттықтырушы апайының да барып құшағына кірген. Жұбаныш та туған қарындасының жеңісіне куә болғандай бір түрлі толқып тұр еді, бір кезде еліктің лағындай Айнұр жүгіріп келіп, мұның мойнына асыла кеткен. Атын атайтын әдетімен:


– Жұбаныш, мен жеңіппін, – деді көзінің жасын сүртіп қойып.


– Жарайсың, Айко! Құттықтаймын! – деп құйтақандай қыздың алаулап тұрған бетінен алғаш рет қалай сүйіп алғанын өзі де байқамай қалған. «Әлия апайдан, мұғалімдерден ұят болды-ау» деген ой келгенде өзінің де екі беті ду ете қалған. «Е, менің қарындасымдай болып бірге өскенімізді, әлі де үнемі бірге жүретінімізді бәрі де біледі ғой» деп өзін өзі жұбатқан.


Екі күннен кейін еркін күрес бойынша өтетін финалдық жарысқа Жұбаныш та шыққан. Кілемге шыққан сайын өзінің мықты екенін, секцияға текке қатысып жүрмегенін әке-шешесіне, достарына, әсіресе Айнұрға көрсету үшін аянбай кірісетін. Бәлкім, сол намысқа тырысуының арқасында, бәлкім төгілген тердің нәтижесінде, әйтеуір, бұған дейін қарсыластарының бәрін де жеңіп еді, тек ең соңғы айқаста қапы қалды. Спорт шеберіне үміткер болып үлгірген бала екен. Бәрібір құттықтаушылар аз болған жоқ. Әсіресе Айнұрдың жүгіріп келіп, мұның бетінен сүйгенін қалай ұмытсын.


Өзі де жақсы оқитын Айнұр сабақ жағынан бұдан көп көмек сұрай қоймайды. Қайта дойбы, шахмат ойындарын сылтау ғып, Жұбаныш олардың үйіне жиі барғыштар еді. Шешесі Әлия да: «О, Жұбантай, келе ғой. Айко, ағаңа шай құйып бер. Шахматтарыңды сонан соң ойнарсыңдар» деп, қашан болсын мұны қуана қарсы алар еді. Әлия апай жалғыз қызын «Айко» деп еркелете атағаннан ба Жұбаныш та осылай атап үйреніп кеткен болатын. Беті-жүзінде бір мін жоқ, аппақ дидарына қашанда күлімсіреген дөп-дөңгелек қарақат көзі жарасып тұратын Айконың тал шыбықтай нәзік денесі бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тапқандай еді. Кейде Жұбаныш шахмат, дойбы ойнаған кезде қаралық жасап қойса, немесе бір сылтау айтып, жүрісін қайтып алса, «Жұбаныш, сен дұрыс ойнасаңшы» деп ескерту ғана жасайтын мінезі қандай. Бір қызығы, оның жүрісі де билеп келе жатқандай әсер берер еді. «Бәлкім, көркем гимнастикаға барған қыз жүрісін де көркемдеп жүру керек шығар». Бұрындары Жұбаныш: «Шіркін, Айко неге менің қарындасым болып тумады екен? – деп қиялдайтын. – Бір-бірімізге қыдырып бармай-ақ бір үйде тұра берер едік».


Кейінгі кездері көбіне мектепке бірге барып, бірінің сабағы біреуінен ертерек бітсе, екіншісі тосып тұрып, үнемі бірге қайтып жүргеннен бе, Жұбаныш оны жиі көргісі келетінін іштей мойындап жүретін. Ертеңгілік мектепке барар уақыттан кешікпей шығуға, Айнұрдың үйінен шыққанын күтіп, бірге кетуге әбден машықтанып алған. Олардың бұлайша бірге жүретіндері, әке-шешелері, мұғалімдері, тіпті достарына да сөкет көрінбейтін. Бірге өскен тату көршілердің осылай жүрулері әбден жарасымды да жағымды көрініс деп ойлар еді олар.


Айнұр қалалық жарыста бірінші орын алып, суреті «Мектебіміздің мақтаныштары» дейтін тақтаға ілінген күннің ертеңіне Жұбаныштың тып-тыныш жатқан жан-дүниесін айран-асыр ғып бұзған бір оқиға болды. Сабақтан келе жатып, Айнұр бұған қалта телефонына әлдекім жазған хатты оқытқан. «Айко, мен сені сондай жақсы көремін. Ә.» депті. Мұны оқыған соң оның бүкіл тұла-бойын бұрын-соңды байқалмаған ерекше бір ыстық жалын шарпып өткен. Бірақ оны қызға білдіргісі келмей, жайбарақат сөйлеуге тырысқан. Ол өзіне тұңғыш рет киліккен «қызғаныш» деген сезім екенін аңдаған да жоқ еді.


– Бiреудi бiреудiң жақсы көретiнi заңды ғой. Тiптi екi ұлдың, екi қыздың бiр-бiрлерiн жақсы көрулерi де бола бередi. Дегенмен бұл кімнің ісі деп ойлайсың?


– Баяғы Әсет қу шығар. Одан басқа кім болушы еді?! Және оның жақсы көруінің қандай жақсы көру екені белгілі ғой. Сол баланы бір түрлі жаратпаймын. – Айнұрдың бұл сөзі Жұбаныштың бойындағы жаңа тұтанып келе жатқан «қызғаныш» атты жалынды су сеуіп өшіргендей болған. Дәл сол кезде соңдарынан тапыр-тұпыр жүгіріп жеткен Әсетті көрген.


– Екеуің қатар түзеп алып, тіпті жеткізбейсіңдер ғой, – деді ол келген бетте әлденеден құр қалғандай ентігіп тұрып.


Айнұр оның бетіне жаратпай қарап, былай деді:


– Ұятсыз! Менің телефоныма жаман сөзді неге жазасың?


– Жаман сөз емес, мен шынымды айттым, – деген ол да бұлтаруға шамасы келмей. – Сені жақсы көретінім рас.


– Бұдан былай ондай сөз жазсаң, әке-шешеңе, сынып жетекшісіне барып айтамын. Ұқтың ба? Бар енді, жүре бер.


Осы бір ойда жоқта шыққан қолайсыз әңгіме өзі қалағандай болып шешілген соң Жұбаныш сөзге араласқан жоқ. Тек қана Әсетке сол жылы қабақпен:


– Асығып бара жатыр екенсің. Жүре бер, – деген. Әсет болса, екеуіне де, тіпті өзіне де өкпелегендей болып, қолын бір сермеді де бұлардан оза берген.


* * *


Бұрынғы үш бөлмедегі жиһаздарды қалдырып, киім-кешек, басқа да ыдыс-аяқ, кітаптар, төсек-орын сияқты керек-жарақтардың өзі үлкен бір жүк машинасына толтырып, қалған ұсақ-түйектерді әкесі мен Жұбаныш жеңіл машинамен үш-төрт қатынап тасыған. Жаңа үйлері ұлға ғана емес, шешелері Ақжамалға да, қыздарға да керемет ұнаған.


– Балаларымның құт мекені ете гөр, Жаратқан! Осы босағадан қыз ұзатып, келін түсіруге жазсын! Шашу-шашу! – деп, шешесі бір уыс күміс теңгелер мен кәмпит шашқан. Бөлмелер хан сарайындай кең де, жарық екен. Ас үйінің өзі ат шаптырым, барлық отбасымен емін-еркін отырып, тамақтануға болады. Жаңадан жинастырылған жиһаздары да, солармен түстес әр бөлменің қабырғаларына жапсырылған оюлы жалтыраған тұсқағаздары да жарасып тұр. Отбасы мүшелерінің бірде-біреуі әкелеріне: «Мынауыңыз былай болса» дей алмаған. Бәрін де керемет бір талғаммен, ерекше ұқыптылықпен жасатыпты.


– Әке, нағыз Еуропа үлгісімен жасатыпсыз, – деген үлкен қызы Шынардың сөзіне әкесі: «Жоқ, қызым, бұл қазақша үлгімен безендірілген үй. Көрдіңдер ме, әр бөлменің төбесіндегі бедерлі өрнектердің өзі киіз үйдің шаңырағына ұқсайды. Оған айнала шаншылған уықтардың сұлбасы да байқалады. Тәуір дүниенің бәрін де «еуропаша» дейтін бір келеңсіз әдет пайда болыпты. Біз бір жақсы үй тұрғызып, өзімізше, қазақша, жасандыра алмайтындай. Еуропаңыз, керек болса, көп нәрсені бізден үйренсін.


Бұл кезде жаңа көршілердің біразы шашу шашып, «Іргеміз құтты болсын!» десіп, дуылдасып кеткен. Жұбаныштың өз бөлмесіне көңілі толғаны сонша, қайта-қайта кіріп, сабақ қарайтын үстел-орындығына отырып, төсегіне жатып та көрді. Компьютерін ток көзіне қосып, өзіне тиесілі шағын сөреге оқулықтарын, басқа да кітаптарын тізді. Бұрышта жатқан қой терісінен жасалған аппақ бөстекті көргенде ғана ескі үйде қалдырып кеткен Қошақаны есіне түскен. Ол жүгіріп, ас үйге кіргенде көшірісіп келген әкесінің екі-үш жолдастары мен «Қоныс құтты болсын!» айта келген жаңа кірген көршілері дастарқанға отырыпты. Шешесінің алдын ала пісіріп әкелген тағамдары үстелге қойылып, әр түрлі жасанған бірнеше шөлмектің төбелері қылтияды.


– Әке, Қошақан жалғыз қалды ғой, – деді ұлы үйге кірген бетте. Танымайтын болса да кез келген үлкен кісілерге, оның үстіне, өз төрлерінің басында отырған кісілерге сәлем бермей үлкен ағаттық жасап алғаны енді есіне түскендей қолын кеудесіне қойып, сәлем берген: – Ассалаумағалейкүм, ағалар! Сәлемет-саусыздар ма, апайлар!


– Бәрекелді, үлкен жігіт бол! Сенің де мынау кең сарайдай үйің құтты болсын! – деді төрде отырған денесі әкесіндей екеу болардай етжеңді ағай.


– Біздің Жұбаныш есімді азаматымыз ғой. «Қошақан» деп тұрғаны қозыдан айнымайтын кішкентай иті бар. Сонысы бұрынғы үйде қалған. Қазір, балам, біраздан соң барып алып келеміз, – деп, әкесі жай-жапсарды түгел айтып шықты. Бала өз бөлмесіне барып, сабағын қарауға кіріскен.


Әрине, оған жаңа мекендері керемет ұнаған. Жиырма екінші қабаттағы үйдің солтүстік жағындағы балконға шықса, бұрын қарлы шыңдары ғана мен мұндалайтын Алатау тым жақыннан бар сұлулығымен, бар салтанатымен асқақтап көрінеді екен. Қармен, мұзбен құрсанып алған биік шыңдардың жартасты құздары ғана қараяды. Одан төменірек сай-саланы толтыра біткен қарағай шырша белуардан қар кешіп тұрса да, жап-жасыл бояуымен сағындырып келе жатқан көктемнің өзіндей болып көрінеді. «Шіркін, тауға өрмелер ме еді». Бұрын өздері тұрған үйлері сияқты төрт-бес қабатты жә деген биік ғимараттар тым төменшіктеп, жермен-жексен болып қалғандай. Таудың бөктерлерімен өрлей салынған қызыл, көк, жасыл шатырлы үйлер қатар-қатар тізіп қойған әр түсті «кубик» ойыншықтардан айнымайды. Ал қала жақтағы балконнан қарағанда алып шаһар шекарасын көрсетпеген қалпы көгілдір мұнардың астында бұғып жатыр. Қаланың етек жағынан әр жерден мойнын созып сорайып-сорайып көрінген биік мұржалардан ұшқан қара түтін онсыз да тұтасқан мұнарға сіңіп жатыр. Бірнеше алып диюлар шалқалай жатып алып, шылым тартқаннан аумайды. «Мына қалың мұнардың ішінде қалай тұрғанбыз? Бәлкім, жиі-жиі ұстайтын жөтелімнен де енді жазылып кетермін».


Ол бұрынғы өздері тұрған үйдің тұрған жерін іздеп көріп еді, көзі адасты. Тек мұнар ішінен үйлеріне жақын орналасқан биік егіз ғимаратты көргенде қуанып кеткен. «Иә, сол Сәтпаев көшесіндегі қос үй ғой. Одан әрі цирк, театр... мектептері де алыс емес еді. Сол-ақ екен, балмұздақты кесегімен жұтып жібергендей баланың іші, тіпті бүкіл тұла бойы түгел мұздап кеткен. Бес-алты жыл бірге оқып келе жатқан достары, әбден бауыр басып кеткен мектебі, «біздің озат оқушымыз» деп мұны мақтаныш қып сөйлейтін мұғалімдері – бәрі-бәріне де өзі опасыздық жасап кеткендей сезінген. Әкесі бұларға жаңа үйлерін көрсетпегенмен, балалары оқуға тиісті мектептің басшыларымен келісіп, ұл-қыздарының құжаттарын өткізіп, өздерін жаңа оқу орнымен, оқитын сыныптарымен де таныстырып үлгірген болатын. Бір жақсысы мұнда да спорт секциялары, оның ішінде өзі айналысатын күрес түрлері де бар екен. Бір шалғайда қалған бұрынғы мектептерінде қалып оқу мүмкін болмағандықтан, бұған бәрі де осында оқуға амалсыз көнген... «Иә, бәрі де бір шалғайда қалып қойды. Қаршадайынан адал достықтан айнымай келе жатқан, иттерін бірге қыдыртып, бірге ойнайтын Әділ, басқа үйде тұрса да көбіне біздің аулаға келіп, бірге доп тебетін сыныптастары – Берік, Талғаттар, тіпті кейбір оғаш мінездерін көрсетіп қалып жүретін Әсет... бәрі де бірте-бірте мұны ұмытып та кетер. Өйткені, олардың орталары бүтін, орындары өзгеріссіз ғой. Ал мұның өзі достарын ұмыта алар ма? Ұмыта алмас... Әсіресе, Айко мұны іздер ме екен? Іздейтін шығар. Ал өзі оны ұмыта алмас. Өзгесі үшін де, Айнұр үшін де кемінде аптасына бір рет болса да бұрынғы ауласына Қошақанын ертіп барып тұрар-ау. Айтпақшы, Қошақан мен Монтый да иттерге тән түйсікпен бір-бірін іздейтін шығар...» Ол сол сәтте-ақ көшкендеріне жарты тәулік болмай-ақ бұрынғы үйін, ойын соғатын ауласын, достарын, әсіресе Айнұр-Айкосын кереметтей сағынып тұрғанын сезді. «Қашанға дейін шыдар екенмін?» деген де бір ой келген...


Оның ескі жұртын сағынып тұрғанын сезіп қойғандай есікті ашқан әкесі:


– Жүре ғой, балам. Қошақаныңды алып келейік. Қонақтарды шығарып салдым, – деген. Ол киініп жатып: «Әкемнің ішімдікті екі жылдан бері қойғаны қандай жақсы болды. Қонақтармен бірге арақ ішкен болса, бүгін машинамен жүре алмайтын еді» деген бір қызық ой келді. Әкесінің ішімдікті қойғаны тек қана Қошақанын бүгін бұрынғы үйде қалдырмау үшін жақсы болғандай ой келгеніне іштей күлкісі келген.


* * *


Көшіп кеткен жұрты Жұбанышты көңілсіз қарсы алғандай. Әлде балаға солай көрінді. Ол машинадан түсе салысымен, әкесінен пәтердің кілтін ала салып, үшінші қабатқа жүгірген бойы шыққан. Ешқайда қарауға да мұршасы болмаған. Аяулы Қошақаны бес-алты сағаттан бері иен үйде қамауда жатқан соң қалай ғана жаны жай тапсын. Қызыл темір есіктің үш бірдей құлыбын ашып болғанша, итінің қыңсылай үрген жалынышты үні балаға одан әрмен жан таптырмаған.


Қос есік ашылып болғанда босағада тұрған Қошақан бірден иесінің кеудесіне секірген. Көптен көрмеген туысқанымен сағынысып қауышқан кісідей алдыңғы екі аяғын оның кеудесіне қойып алып, ерекше мұңды үнмен қыңсылайды. «Жалғыз қамқорым-ау, неге көрінбей кеттің? Мені жалғыз тастап, бәрің де қайда кетіп қалдыңдар?» дегендей баланың иегін, екі бетін кезек жалап, бар ықыласын білдіріп-ақ жатыр.


– Балам-ау, Қошақаның сені әбден сағынып қалыпты ғой, – деген үйге кірген әкесі де.


– Қошақаным, енді қорықпа. Қазір жаңа мекен-жайымызға алып кетеміз. Алматының үстінен қарап тұратын боламыз, – дейді Жұбаныш бұл айтқандарын иті ұғып тұрғандай-ақ. – Біз сыртқа шығып ойнайтын ауласы да кең, тек қана менің достарым, сенің қуаласпақ ойнайтын Монтыйың жоқ онда...


– Балам-ау, күшігің жылап тұр ғой. Байқадың ба?... – деген әке сөзінен кейін ол итінің көзіне қараған. Рас екен. Дөңгеленген қос жанарынан мөлт-мөлт тамшылаған жасты енді байқады.


– Апыр-ай, ит те жылайды екен-ау? – деген Жұбаныштың Қошақанына жаны ашығаннан өзінің де көзіне жас үйірілген. «Науқастанып қалсам «емдеп» жазып алатын, ит те болсаң, адалдығың мен шын достығыңды дәлелдеген, Қошақаным, енді сені ешқашан жалғыз қалдырмаспын» деп иесі де өзіне өзі іштей серт беріп тұрған еді.


– Иә, ұлым, иттер де жылайды екен. Мұндай оқиғаға өзім екінші рет ұшырасып отырмын. Қайтарда айтып берермін ол әңгімені. Мен ұмыт қалған бірдеңелер болса жинастыра берейін. Сен Қошақаныңмен бірге достарыңмен көрісіп қайт. «Әбден жиылып-теріліп болған соң қонаққа шақырамын» де оларға.


Әкесі өлшеп берген уақытта ол достарының біразымен жүздескен. Өзінің келгенін айтып, Айнұрға телефон шалып еді. Ол да кідірмей жүгіріп аулаға шыққан. Кеткеніне әлі жарты тәулік болмаса да ол алғаш рет қызға қол беріп амандасқан. Үлкен кісілер сияқты.


– Сені сағынатын болдық қой, – деген Айнұр ешкімнен қысылып-қымтырылмай-ақ.


– Сағындырмай жиі келіп тұрамын ғой.


Әсет тосын сұрақ қойған:


– Жаңа үйлерің жақсы ма екен?


– Сәл кейінірек бәріңді де қонаққа шақырамын. Жақсы-жаманын сонда өздерің көрерсіңдер... Айтпақшы, Әділ, күшіктерің бауырларын көтеретін уақыт болды ғой. Оларды тысқа жиі шығарып тұр, рақаттанып қалсын. Жарайды, балалар, мен кеттім. Әкем тосып қалған шығар, – деп, ол итін ертіп, машиналары тұрған жаққа қарай беттеген. Қолын көтеріп, қоштасқан. – Көріскенше сау болып тұрыңдар.


* * *


– Біз ауылдан осы қалаға көшерде қазақы төбет тұқымынан Жолбарыс дейтін итіміз болған. – Әкесі бағана айтып бермек болған әңгімесін машинаға отырған соң бастаған. Ұлы болса достарын ойлап, әсіресе Айко туралы қиялдарға беріліп отырып, оны ұмытып та кетіпті. – Ақылды, жақсы ит еді. Қанша жақсы болса да Алматыға оны алып келетін емес, бір ағайын сұраған соң итті соған қалдырып кеткенбіз.


Екі жыл мерзім өткен соң ел жаққа бір-ақ барғанмын. Сәлемдесіп шығу үшін Жолбарысты қалдырған ағайынның үйіне барайын. Төбетімді шынжырға байлап қойған екен, мені таяқ тастам жерден көргеннен біресе үріп, біресе қыңсылап дегендей шынжырын үзердей арпалыссын-ай келіп. «Жолбарыс, Жолбарыс» деп, жанына жақындай бергенімде қазіргі иесі: «Ойбай, жолама! Екі жылдан бері ұмытып қалған шығар. Қабаған неме жазым етіп жүрмесін» деп қауіп білдірген. Бірақ мен «Жолбарыс-Жолбарыс» деп, жанына барғанымда қыңсылап келіп, мойныма асылған. Бет-аузымды жалап, қуанғанда жанын қоярға жер таппай қалған. Сонда көрдім, иттің де жылағанын. Екі көзінен жас моншақтағанда тұрғандардың таң қалмағаны жоқ. Иттің де иесі үшін өзін аямайтынын алғаш рет сол Жолбарыс көрсетіп еді. Алыс сапарға кеткен иесінің ұшаққа отырғанын көрген бір иттің бірнеше жылдан бері әуежайдан кетпей, ұшып келген жолаушылардың арасынан қожайынын тосумен жүретіні туралы мақаланы бір газеттен оқығаным бар еді. Жақсы ит жаман достан адалырақ болады екен, балам...


Жолбарысым үйігіне жетпей-ақ аузы жырта қарыс, кеуделі, аяқтары ағаш ожаудың басындай болып көз қуандырар нағыз бөрібасар болып өсіп келе жатқан. «Шіркін, Жолбарысың нағыз қасқыр алатын қандыауыз болар» дейтін көргендер. Бірақ мейлінше қорқақ болатын. Бір сумақай қаңғыбас сары ит үйдің төңірегін тіміскілеп жүретін. Жайшылықта не малға, не кісіге айбат шегіп, үруді білмейтін, тым маңғаз Жолбарысым қайтер екен деген оймен бірде үйді тағы да жағалап жүрген сарыға айтақтағанмын. Ол маған бір қарап алды да, арбаң-құрбаң жүгіре жөнелді. Сарыны ұзатпай қуып жеткен. Жеп қоярдай болып төніп қалған төбеттен құтылмасын білсе керек, сары да желке жүнін күдірейтіп, тұра қалып айбат шеккен. Жеткен бетте түтіп жердей айбарлы барған төбетім «Қой, сен бәледен аулақ жүрейін» дегендей маған қарай қайта салғаны. «Дерейген бойыңа болайын, сужүрек неме» деп, итім үшін өзім намыстанайын. Келесі күні болса керек, көшеде жаяу келе жатқанмын. Жолбарыс та әдетімен соңымнан сөлеңдеп келе жатқан. Біреудің үнемі шынжырда тұратын қабаған иті болушы еді. Ол да тайыншадай, тым кесек болатын. Шынжырынан босанып кетсе керек. Бір қарасам, сол ит маған қарай құйындай ұшып келеді екен. Қолымда ештеңе жоқ. «Кет әрі, кет әрі!» деп жан даусым шыға отыра кеттім. «Отырған кісіні ит қаппайды» дегенді естігенім бар. Қайда-аа-а, қабаған ит қасыма құрық бойы қалғанда көлденеңінен ағындап келген Жолбарысым жауын кеудесімен соғып, ұшырып түсірді. Ол да жан-дәрмен ұшып тұрып, екеуі айқаса кетті. Аяспай алысты, күрескен жігіттер сияқты тік түрегелісіп, бір-біріне азу салысқан. Жолбарыс қабағанды ақыры алып ұрды. Сол кезде иттің иесі де жетіп, әрең дегенде екеуін айырып алдық. Көрдің бе, балам, қанден иттен сәл ғана үлкен жаман сарыдан қорқып қашқан итім иесіне қауіп төнгенін сезгенде «қорқыныш, үрей» дегендерді жеңіп, өзінен үлкен болмаса кіші емес жауымен тайсалмай майдандасқанын. Иттің иесіне деген адалдығы сол, әнеки... Жалпы, «қорқақтық», «батырлық» деген қасиет жан-жануарға болсын, кісіге болсын, туа бітеді десек те, негізінен тәрбиемен бойға біте ме деп ойлаймын. Мені қорғаймын деп Жолбарысым батыл болуды үйренгендей. Кейіндері көп қорықпайтын болды...


Оны асырап алған ағайын айтады. Біз көшіп кеткен соң итім тамағын ішер ішпестен, бұрынғы үйге барып, есікті күзетіп жатады екен. Содан амалсыз шынжырлап қоятын болыпты.


Уақытым біткен соң қалаға қайттым. Жолбарысымды тағы бір көргім келгенмен, ол үйге соқпадым. Итім тағы да кеткенімді көріп, қиналмасын дедім... Екі-үш ай өткен соң қалаға Жолбарысты қалдырған ағайыным келген. Итім мен кеткен соң-ақ әлде ауру жабысқаннан, әлде иесін енді көре алмасын сезген уайымнан, тамаққа да қарамай сұлық түсіп, жатып алыпты. Шынжырдан босатқан екен, бірден сүйретіліп, бұрынғы мекеніне жетіпті де... жан тәсілім етіпті...


Көңілсіз әңгімеден соң Жұбаныш та, әкесі де үнсіз қалған. Бала өзін ит атаулының ішіндегі ең бақытты жан иесіндей сезініп, алдында көлденең түсіп жатқан Қошақанын қысып-қысып қояды. «Шіркін, адамдар да, әсіресе балалар бір-біріне тілсіз мақұлық иттер сияқты адал болса ғой. Иесі үшін өзін құрбан шалуға барған, бәлкім өзі бауыр басқан жандарды сағынғаннан көз жұмған Жолбарыс сияқты... Бәлкім, мен ауырған кезде жанұшыра өзінше емдеп жазып алған, сонан соң иемнен біржола айырылып қалдым ба деген үрейден бүгін ағыл-тегіл жылаған Қошақаным сияқты... Кез-келген жан иесі өзіңе жан-тәнімен берілу үшін бәлкім, өзіңнің де оларға деген дәл сондай ықылас-пейілің болуы керек шығар. «Біреуге жасар жақсылығы жоқ, дұрыс сөйлесуді де білмейтіндерді әкем: «ит-адам» деп отыратын. Ал кісіні кісіден артық жақсы көріп, адал берілетін иттерді «адам-ит» деп атаса ғой» деген бір тосын ой келген балаға.


Жұбаныш қазір жаңа үйіне жететінін, бірақ аулада достарының жоқ екенін ойлап еді, ішкі дүниесі сазып, осы бір жаңа үйге көшкендеріне өзінің онша қуанбағанын сезінген. Өзінің де біреуді сағынып отырғаны анық еді. Дереу қалта телефонын алды да, қысқа хаттың әріптерін лып-лып еткізіп, тере бастады. Онда: «Айко, мен сені сағынып отырмын. Ж.» деп жазды. Айконың: «Неге жаман сөз жазасың?» деп сөкпейтінін сезетін сияқты. Көп ұзамай-ақ телефонынан хат келгенінің қоңырауы шиқылдаған. Телефон экранында: «Мен де... А.» деген бар-жоғы алты-ақ әріп жазулы тұр еді. Ол өзінің нағыз бақытты жан екенін сезінген. Оның ойын әкесінің:


– Ой, Алла-ай, сары өрік те гүлдей бастапты. Көктем келді деген осы, – деген сөзі бөлген.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар