Күн алыстан мұнартып көрінер Кеңсайдың биік шыңдарына шым-шымдап батып бара жатты. Қарағайлы қойнаулар, төмендегі, тау етегінде жатқан барша ауыл алқызыл нұрға малынып тұр. Қара Ертіске дейін жайылған жалпақ жазықты көмкеріп жатқан сірі қардың әр жері жыртылып, жер қыртысы қараң-құраң көрініп қалыпты. Алты ай қыс көк мұзбен құрсанып жатқан тау өзені де оянып, ойдым-ойдым ойылған мұз астында ойнақ сала жөңкіледі.
Өзен бойлап келе жатқан екеу ауылдан біраз ұзап шығып кетті.
– Қайда бара жатырмыз? – Маржан кілт тоқтады.
– Жердің шетін көріп қайтамыз.
– Жер шетіне жету екеуіміздің қолымыздан келе қояр ма екен?
– Қасымда тек сен ғана жүрсең, жеткенді қойып, асып та кетерміз...
Қыз жігіттің бетіне қарады. Жігіт күлген болды. Ол жүрек түкпірінде көптен сақтап, сыртқа шығара алмай жүрген бұйығы ғана балаң сезімінің бір ұшығын байқаусызда көрсетіп алғанына қысылғандай. Дегенмен, «сыр ашу» сынды ауыр сыннан абайсызда өтіп алғанына іштей қуанды да. Маржан қайтып үндеген жоқ. Екеуі де іштей аңдысып келе жатқандай. Асқар әңгіме бетін басқа жаққа бұрды.
– Көктемді жақсы көрем, – деді ол. – Әсіресе осы бір шақ ғажап-ау. Жер бетін тұмшалап жататын қардың көбесі босап, күн шуағы бар ғаламға емірене қарайды. Көктемде гүл бүршік атады, көктемде жаңа өмір басталады.
– Жарайды, жарайды! Сенің ақынжанды екеніңе көзіміз жеткен. Бірақ аудандық газетте жарияланған бір шумақ өленіңнен өзге ештеңеңді оқи алмай келеміз. – Маржан наздана күлді.
«Мені мазақтауын қоймайды. Бейне бір үшінші-төртінші кластың оқушысы сияқтымыз» деп ойлады Асқар. » Бірақ ренішін сыртқа шығарған жоқ.
– Немене, өкпелеп қалдың ба? Жара-ай-ды, ендеше қайтып алдым сөзімді. Ал шын өкпеледім десең, онда көшке берген тайыңды ал! Сен өкпелеме, ақындарға еліктеп, аспандап сөйлейтінің бар. «Күн шуағы бар ғаламға емірен қарайды...» Бұл – жерде емес, аспанда жүрген сөз.
Білесің бе, Асқар, ақынжанды екенің рас болса, ақынша сөйлемей нағыз ақынша жақсы өлең жазу керек.
Маржан қашандағы өзінің бір қырын тартатын мінезіне басқандай. Асқар онымен дауласып опа таппасын біледі, сондықтан дауылға қарсы тұрмай, кішірейе сөйлеген.
– Шынында көктемнің ғажап екенін мойындамайсың ба? – деді Асқар.
– Мойындаймын, бірақ мен жыл мезгілдерінің бәрін де ұнатамын. Қыстың ақша қарын, жаңа өмірдің жаршысындай бүршік жаратын көктемнің бәйшешегін, жаздың ақ жаңбырлы күндерін, күздің сары ала жапырақтарын ұнатамын.
– Ал мен бәрінен бұрын көктемді ұнатар едім. – Маржанның өзінің де ойламаған жерден ақынша сөйлеп кеткенін пайдаланып қалайын дегендей жігіт те ойын әрі қарай жалғаған. – Жыл мезгілдерін адам өмірінің әр кезеңіне ұқсатамын. Көктем – жаңадан қауыз жарған гүлдей жастық шағымыз. Жаз айлары – азаматтың толысқан шағын елестетеді. Күз – тоқталған тұсың, ал қыс – алпыстың арғы жағын меңзейтін секілді. Осылардың қайсысына қарасаң да жастық шаққа не жетсін! Сондықтан да жылдың осы мезгілі – көктем маған ерекше жақын сияқты...
Маржан бұл жолы оның сөзіне қарсылық та, қостау да білдірген жоқ. Әлденеге беріле ойланғандай үнсіз. Бірақ балаң жүзінде көктем шуағындай бір жарасымды жылылық, көктемнің аспанындай бір мөлдірлік бар еді. Жігіт толқыды, бірақ тағы да ақынжанды көрінбес үшін, мейлінше қарапайым сөйлеуге тырысқан.
– Кел, жотаға шығып отырайық, батар күнді шығарып салайық. Маржан, маған керемет бір ой келіп тұр, айтайын ба?
– Айт.
– Кәмелеттік аттестат алған күні осы жотаның басына келіп, екеуіміз шығар күнді қарсы алсақ, қандай ғажап болар еді. Уәделесейік осыған? Әкелші қолыңды.
Маржан қолын ұсынған жоқ. «Уақытында көрерміз» дегендей иығын үнсіз ғана қозғап қойды. Екеуі жотаның басындағы шөккен нардай қызыл жартастың түбіне барып отырды.
– Маржан, – деді Асқар дауысы дірілдеңкіреп, – кеше мамандық таңдау кешінде Семейдің медициналық институтына барамын дегенің кесімді сөзің бе?
– Әрине.
– Менің ҚазГУ-ге баратынымды, тек журналист болғым келетінін жақсы білесің. Ал сен Алматының медициналық институтына неге түспейсің? Бірге өстік, он жыл бір класта оқыдық, енді бір жерде болайық та.
– Басқаны қойғанда, ата-ананың қасында да өмір бойы жүрмейміз ғой.
– Мен сен үшін «басқа» болғаным ғой сонда. – Асқардың жанын әлдебір құпия жалын шарпып өтті. Көз алдына Семейде оқып жүрген өз ауылдасы Серіктің бейнесі елестеді. Жуырда демалысқа келгенде Маржанның әкесіне сәлем берген болып, сумаңдап үйіне барып жүргені есіне түсті. Бірде мектептегі кешке келіп, Маржанды дамыл таптырмай биге шақырғанын да ұмытқан жоқ-ты. Асқар сол кеште қыз жүзіне көп қараған. Қараған сайын баяғы ақ жарқын күлікісін көретін. Тіпті Серікпен қаздай қалқып билеген кездегі екеуінің әлдеқандай бір сырттай жарастығын мойындаған Асқар өзін өмірдегі ең сорлы адамдай сезінген. Осындай күйге түсіп, өз ойымен өзі арпалысып отырғанда, «ішің күйсе, тұз жала» дегендей, қыздың өзі Серікті биге шақырды. Иә, одан әрі шыдау мүмкін емес еді. Асқар далаға атып шығып, ауыл сыртына қарай жүгіре берген, жүгіре берген. Жүрегіне ұялатқан аққуын әлдеқандай әбес аңшыға аттырып алғандай, жан жайлауының миуасын өртке шалдырғандай, өмірдегі ең асылын, ең ардақтысын бөгде біреуге көпе-көрнеу ұрлатқандай тұңғыш рет жан азабына түскен. «Мәңгі армандап өтермін, бірақ қайтып жоламаспын» деп серт еткен балаң жігіт. Балаң жігіт ертеңіне-ақ өз-өзінен торығып, мұңға батқан. Бұйығыланып, көп ешкіммен, әсіресе Маржанмен тілдеспеуге, тіпті оған қарап, назар аудармауға тырысқан. Қарамау деген жай сөз екен, қыз көзінен өзіне деген бөлек ықыласты соңғы кезде жиі аңғара берген соң, емексіген көңіліне тағы да еркіндік берген.
Қыздың оқуға Семейге барамын деген шешімі оның сол күдігін қайта молайтып, қызғаныш отына май құйғандай болды.
– Білемін, сенің ол жаққа неге құштар болып жүргеніңді, – деді ол ойланбастан. Бәлкім, жүзінен қаны қашып, ерні дірілдеген болар. Ашуланғанда сөйтетін. Қыз да бөгелген жоқ:
– Білсең, айта қойшы!
– Серікке қара тартып барасың ғой.
– Несі бар, Серік қара тартуға жарамай ма?
– Дауым жоқ.
– Өзімді біреудің қызғанғанын жақсы көретін сияқтымын. – Қыз Асқардың бетіне тесіле қарады. Бірақ жылы жымиып тұр.
– Шыныңды айтшы, осының бәрін менің қызғануым үшін ғана айтып тұрсың ба?
– Асқар, тоңдым.
Жігіт пальтосының түймесін ағытып, қызға кигізбек болды. Бірақ Маржан келіскен жоқ:
– Өзің тоңасың, – үнінде өзімсінгендік бар. Жігіт қызды пальтосының бір жақ өңірімен жауып, құшақтай отырды. Маржан қарсылық білдірген жоқ. Оның жүрегінің лүпілі жігіт жанын балқытып, тұңғыш рет ғажап бір рақат сезімге батырды. Ол «бар ғаламдағы ең бақытты адам мен ғана шығармын» деп ойлады сол сәтте.
– Маржан! – Асқар жанында тұңғыш рет жойқын күш бұлқынды, тұңғыш рет сол күшін қолында қонақтап, бейкүнә отырған бақыт құсына бағыштап, тұңғыш рет қызды құшып, сүймек болды. Оның көзі ештеңені көрмей, жүрегі лүпілдеп, аузына тығылды. Мұрнын қытықтап, тұла бойын мас еткен қыз шашының хош иісі оны тұңғыш рет есінен тандырғандай болды. Ол сол ессіз күйінде құшағында отырған қызды қарулы қолымен өзіне қарай икемдей берді.
«Міне, қазір тұңғыш рет ақ мамық қыз бетінен сүйеді...» Жоқ, Маржан одан ептірек болып шықты. Бағанадан өзін пана тұтқандай бұйығы отырған қыз бір жұлқынып, жігіт қолынан босанып шықты.
– Асеке, мұғалімдерге айтып, бұрышқа тұрғызып қоярмын. Неге тәртіпсіздік жасайсың? Бастауыш класта жүргенде үстіңнен талай рет шағым айтып, жазалаттырғаным есіңде ме?
– Кешір, жаным! – Ол тұңғыш рет қызды өзіне баурай, меншіктей сөйледі. – Алтын – көрінгеннің қолына түсе бермейтіндігінен алтын ғой. Арзанға түскен асылдың да мыс құрлы құны жоқ екенін білемін. Осының бәрі де мен үшін сенің бағаңды арттыра түседі ғой, Маржан. Соңғы өтінішім, мүмкіндігің болса, оқуға бір қалаға аттанайық.
– Жоқ, ең әділ қазы – уақыт. Болашағымызды соған тапсырайық, төрелігін өзі айтар. Содан кейін, жылқы баласы жақында жүрсе тістесіп, алыста жүрсе кісінеседі екен. Адам да жылқы мінездес қой... Тістеспегенмен, тіктесіп қалсақ... бәрінен сол жаман. Және алыста жүріп сағынысқан да ең үлкен бақыт сияқты. Солай, Асқар. «Сағынысқан» деген жалғыз ауыз сөз ол үшін «Мен сендікпін!» деген сөзден бір кем естілген жоқ. Оның қабағының үсті бүлкілдеп, ерні дірілдеді. Қос жанарында айнала дүние бұлыңғыр көрінген, бәлкім, бәлкім, көзі жасаурады.
– Мен сені... – Ол кідіріп қалды. Тұңғыш рет айтпақ болған ең киелі сөзінің жартысы көмейінде қалды, бәлкім, сол киелі болған соң да... – Мен сені... ғана ойлай, сені ғана сағынатын боламын. Бүгінде де, ертең де, ай бойы, жыл бойы да, өле-өлгенше де тек сені ғана сағынатын боламын, Маржаным!!!
– Мен де, Асқаржан! – Жігіт тағы да құшағындағы қызды өзіне бейімдеп еді, Маржан: «Тәртіпсіз болса!» деп ақырын сыбырлай сөйледі де орнынан тұра берді. Асқар да амалсыз орнынан тұрды...
Сол күні Асқар тұңғыш рет жаңа өмір басы – бәйшешек гүлін қызға сыйлады. Сол күні Маржан тұңғыш рет ұзақ түн кірпігін айқастырмай шықты. Қыз тұңғыш рет сол түні қуаныштан жылады. Ол өзінің де балаң жанының бәйшешегі гүл жарғандай сезінді. Өзі өмір көктемінің бұрын беймәлім келген ғажайып бір рақатына бөленді. «Оқуға басқа қалаға барамын деп несіне қырсығып қалдым екен? Онан да жұптасып бірге жүрген жақсы еді-ау. Амал қанша, айтылған сөз – атылған оқ. Оны қайтып алу, немесе бір шешімнен айну – тұрақсыздықтың белгісі. Көндім, сөйтіп алыстан сағынамын» деп ойлады ол. Қыз тұңғыш рет кластасы мен өзінің ертеңін көзіне қатар елестетті.
1969 ж.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.