Құдайы көршім, елімнің үздік мұнайшысы
Айтмұхамбет Қосжанұлына арнаймын.
Үп еткен жел тұрса болды, қыстың күнгі қиыршық қарды суырған ақ бораны сияқты сары құмға да жан бітеді. Бір толқынын екіншісі бастырып, жолындағы кез-келген кедергiнiң үстiнен аунай жылжып, бүкiл елсiз сары далаға жан бітіргендей қозғалысқа түсiредi. Бұл бiсмiлләсi ғана. Үп еткен жел тұрды дегенше құдай ұрды дей бер. Бұл маңда оның құм дауылға ұласпай тына қалар сәтi сирек. Бүгiн де ертеңгiлiк шыққан күннiң алтын табақтай жарқырамай, көп ұсталған жез легендей күңгiрт тартқанынан және батыс көкжиектiң де мұнар басып күңгірттенгенінен мұнайшылар күдіктеніп, жаздық шатырларынан ұзамай жақын жердегі насостары, жеті қат жер астынан қоймалжың қара майды бүлк-бүлк айдап жатқан құбырлардың тынысын бақылап қана жүрген. Әне-міне дегенше күннің жез легендей жүзі де мүлде мұнартып, батыс жақтан жердің өзі тауға айналып, аунап келе жатқандай әсер берді.
– Айтеке, дауыл басылмай жолға шыға алмаспыз. Мынаның түрі жаман екен, – дейді жүгіріп жанына келген машина айдаушысы Серікболсын. Осы бір елгезек жігітпен бірге жұмыс істегеніне бір-екі жылдың мәулеті болған. Кел деген уақытынан кешігіп келу дегенді білмейді, қашан болсын машинасының іші-сыртын жылтырата тазалап, мүлтіксіз қызмет істеуге даяр тұратын.
– Жолдың сұлбасын жоғалтпасаң болды емес пе?! Оның үстіне бір шай қайнатымда жетіп жүрген жер ғой. Үйге жетіп, бір-ақ дем алғанымыз жөн болар, бауырым, – деген Айтжан айдаушысының бетіне қарап. – Кеңседе де шаруалар бастан асады.
– Кедір-бұдыр белгісі жоқ сары далада сол жолдың сұлбасынан адасып қаламын ба деп қауіптенгенім ғой. Тәуекел деп, жүрсек жүріп кетейік.
Серікболсын бұл жолы да бастығының сөзін екі еткісі келмегеннен әлі де көмейінде айтылмаған бір сөздің ұшығы көрініп қалғандай болған. Әңгіме осымен тұйықталды да, Айтжан шыбындаған жылқыдай изек қағып тұрған насостарға бұрылып, жігіттерге әлдеқандай шаруаларды тапсырып келді. Жаңа ғана тақырға ирек-ирек із салып, сусылдай жылжыған құм түйіршектері жерден бауыр көтере ұшып, бұлардың қойны-қоныштарына кіре бастаған.
Қарды, құмды, батпақты көп елей бермейтін, жол талғамас «Уазик» мұнайшылар мекенінен шыққан кезде тал түстің мезгілі болса да күн көзін қойып, оның нобайы да жоғалып, айнала түгелдей сұрғылт тұманға бөгіп үлгерген. Бірте-бірте күшейген жел құм түйіршектерімен машина терезелерінің әйнектерін сытыр-сытыр сипалайды. «Шай қайнатымдық уақытта жетіп жүрген жол ғой» деп тәуекел еткеніне Айтжанның өзі де өкіне бастаған. Себебі жол сұлбасы дегенді жоғалтпай жүру дегеннің мүлде мүмкін болмай бара жатқанын оның өзі де бағамдап отырған. Өйткені, бар сенген Серікболсын жиі-жиі жан-жағына жалтақтайды. Бір кезде ол жерге түсіп, құмды етігімен теуіп көрді. Сол әдетімен оң жағы мен сол жағынан арқан бойы жерді зерттеп келді. Қайта оралып келгенде, жайсыз хабарды жеткізген.
– Жолды жоғалттық, Айтеке. Түк көрінбейді, тіпті машинаның өзін әрең таптым. Көзді аштырмайтын, дем алдырмайтын нағыз құм дауылы. Не болса да дауылдың басылғанын күтуге тура келеді. Енді жүрсек қу далаға шығандап кетуіміз мүмкін.
Бастығы: – Қиын болды-ау, – дегеннен басқа ештеңе демеді.
– Ендігі мәселе машинамызды ықтаған құмның басып қалмауын ғана ойлауымыз керек. – «Ол үшін не істеуге болады?» дегісі келген бастығының сауалын айтқызбай түсінген жігіт сөзін жалғады. – Ол үшін бес-он минут сайын машинаны орнынан жылжытып отыруымыз керек...
Дауылдың үдей түспесе тыншитын түрі жоқ. «Қажеті болып қалар» деп Серікболсын өз орындығының астына тастай салған екі пластмасса шөлмектегі судың екіншісін де ішіп тауысқан кезде тас қараңғы түн өтіп, тағы да сұрғылт сұйықтық сияқты айнала мұнарға бөккен.
– Біз шыққалы бір тәулік болды, – деді Серікболсын.
– Иә, – деді Айтжан. – Дауыл бүгін басылмаса қиындау болатын болды. Суды да молдап ала шықпаппыз. Шөл әлден қыса бастады. Мұндай алапат дауыл боларын білмедік қой. Кеше сенің тіліңді алып, мұнайшылар қосынан шықпай-ақ қоюымыз керек еді. – Бастығы өзінің қателігін мойындағандай тіл қатқан. – Тек машинаңды жиі-жиі орынан жылжытып отырмағанда көлігімізбен бірге құм басып қалғандай екен-ау... Мұнайдан мән кеткен заман болды ғой. Біз қызғыштай қорып жүрген бұл байлығымыздың біраз ұңғымаларын әлдебір қалталы алпауыттар жекешелендіріп алады деген де әңгіме шығып жүр. Кім біледі, не болып, не қоярын?!
Серікболсын әлдене дегендей болды. Бірақ оның не дегенін Айтжан естімей қалған.
– Не дейсің? – Серікболсын аузын жыбырлатып, әлдене деді. «Жаңа машинадан түсіп, тысқа шыққанда құлағыма құм толып қалды ма?» деген оймен Айтжан екі құлағын кезек-кезек тазалаған болды. Бірер сағат бұрын екі шекесі солқылдап, көзі қарауытқан. Басынан біреу келдекпен ұрандай миы аузына түсіп, қатты ауырып еді. Кешелі-бергі шаршағаннан, тәуліктен астам нәр сызбай, шөл азабынан, сонан соң орталықтағы отбасы, қызметтестері бұлардың мұнайшылар қосынан шығып кеткендерін рация арқылы естіп-біліп, уайымдап отырғандарын ойлағаннан болар деп түйген. Әне-міне дегенше бастың сынып, екі шекенің солқылдағаны басыла қалған. «Бәсе, аяқ астынан не бола қалды деп үрейленіп қалып едім» деп ойлаған оның көңілі жайланды.
– Қазір бізді іздеушілер де жолға шыққан болар-ау. – Бірақ ол өз даусын өзі естімеген еді.
Серікболсын да бұған қарап әлдене деп еді, оның да сөзі естілмеді. Ол тағы да құлағын шұқыды.
– Менің құлағыма бірдеңе болды. – Тағы да өз сөзі өзіне естілмеді. Бұл кезде Серікболсын машинасын от алдырып, сүт пісірімде дөңгелектерді көміп үлгірген құмнан машинасын теңселіптіп барып шығарды да тағы тоқтаған. Ең сұмдығы Айтжанға мотордың әншейіндегі үйреншікті дыбысы да естілмеген...
Кешкілік қараңғы үйірілген кезде дауыл да тынып, суырыла жортқан құм толқындары ештеңе болмағандай тыныштанып, байырқалай қалған. Тек қана айналаның табиғаты танымастай өзгеріске ұшырапты. Кеше бір жел саябыр тартқан кезде көрген оң жақтарында жатқан құмның биік жалы сол жақтарынан қарауытады. Биік жал көшіп, орнын ауыстырды ма, әлде өздері жылжи-жылжи ол төбенің сол жағына шығып кетті ме – ол жағы белгісіз еді. Бір кезде бірде аспанға шаншылып, бірде құм шағылдарға жасырынып қалғандай ойнап келе жатқан машинаның жарығы көрінген. Серікболсын да шамын жағып, оларға қарсы қозғалған. Ауыр жолдарда көп тоқтауды білмейтін алты доңғалақты жүк машинасымен адасқандарды іздеуге шыққан жігіттер екен.
Айтжан күлген болды, әлденені айтқан болды, бірақ жігіттердің сөзін қойып, өз сөзін де естімеген. Іздеушілер әкелген суды ішіп, шөлдерін қандырды. Іздеушілер шұрқырай келіп сәлемдескенмен Айтжан олардың не туралы айтқандарын ести алған жоқ. Жоғалып табылған басшыларының бұрын көрсетпеген мінез байқатып, бір сөз айтпай неге тымпиып тұрғанына жіп таға алмаған. Тек Серікболсын сыбырлай айтқан жаңалықтан соң ғана олар да бұған ерекше бір мүсіркей қарасқан. Бір қызығы жолдан біраз қиыс кеткенмен, ауылға дауыс жетердей жерге келіп тоқтапты. Қатар қозғалған қос машина ел шетіне тез-ақ жеткен.
Айтжан үйіне келген соң да зайыбына жақ ашып, тіл қатпады. Ол әлдене деп жүзіне үрейлене қарай берген соң бұл екі құлағын көрсетіп: «керең болып қалдым!» деп сәңгірледі. Әйелі болса «Бұған не істесем дауа болар?» дегендей асатынан келген дертке дауа іздегендей қайнаған сумен оның екі құлағын булаған болды. Жүгіріп барып, дәрігер шақырып келді. Алайда ешқайсысынан ешқандай амал болмаған.
Айтжан жақын жердегі мұнайшылар бригадасына барардан бірер күн бұрын жер ананың төсін тескілеп, қара алтынын сорып жатқан жүздеген насостардың біразы жекешеленетін болыпты дегенді естіп, үйіне әбден торығып оралған. Оның үстіне «Кен орындарының біраз бөлігі шетелдік компанияларға беріледі. Себебі, оларды өндіруге өз мүмкіндігіміз жетпейді-мыс дейтін де сөздің шеті шыққан. Пәлен жылдан бері «тек Отан игілігі үшін игеріп жатырмыз» деген бар мақтаныштары да, қуаныштары да болған игіліктерін еліміз тәуелсіздігін алды, ендігі бар байлық тек өзіміздікі деген тұстағы бұл хабар Айтжан ғана емес, басқа да жігіттерге ашық күнде жай түскендей әсер еткен. Бүгінгі жұрт қана емес, ертеңгі ұрпақты да қамсыз өмір сүрдіреді деген қазыналары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында талан-тараж болып кетіп бара жатқандай көрінген. Жұрттың көбі-ақ елдің ортақ байлығы саналар Алланың өзі сыйлаған жер астының байлығы да жекешеленеді дегенді ұға алмаған, анығырағы ұққысы келмеген.
Күні кеше ғана жоспарды артығымен орындауды ғана, сонан соң еңбек ақыларын уақтылы санап алуды ғана білген бүкіл бірлестіктің басшысынан бастап, жұмысшыларына дейін торықсын. Өндірген кеннің құны күн санап құлдыраған соң соған орай келер қаржы да азайып, маман жұмысшылар кете бастаған. Оларды ұстап тұру үшін жалақыларын азайтпау керек. Оған қазіргі қаржыдан қауқар кеткен. Бірлестіктегі екінші басшы саналатын Айтжан да не істерін білмей тұйыққа тірелген.
Ол ұйқы-күлкісіз бірер аптасын өткізген соң Зағишаға келіп:
– Ертең барып, арыз беремін де, жұмыстан шығамын. Аштан өліп, көштен қалмаспыз. Екі қолға бір күрек табылар, – дегенде зайыбы былай деген.
– Асықпай-аптықпай тұра тұр. Күндіз-түні жеті қат жер астынан сорып жатқан мұнайды біреулер қалай жекешелендірмек? Оған үкімет жібере қоймас. Шетелдік компаниялар үлескер болса, жұмысшы жұртқа ақсын төлеп істетер... Сабыр сақтап, әліптің артын бақсаңшы. Сол «Әліптің артын баққаны» бүгінгідей тегі түсініксіз дертпен ұласып кетті.
Ертеңіне-ақ аудандық емханаға, екі-үш күннен соң облыстық емханаға қаралды. Он-он бес күн ауруханаға да жатып шықты. Бәрібір айнала, барша дүние меңіреу күйден танбай қойды. Дәрігерлердің атақтылары да атақсыздары да олай да, бұлай да тексеріп, еш көмек бере алмаған. Бәрінің айтатындары бір сөз: «Әлденеге қатты торығып, жүйкеңізге зақым келтіргенсіз. Емі – ештеңені ойламай дем алу». Қанша торығып, қанша қамыққанымен «құдай салды, біз көндік» дегенге сайып, ең мықты деген есту аппаратын саттырып алдырды. Содан бір көмек бола ма деп дәмеленген еді, одан да жәрдем болмады. Миының ішіне біреу жамба отын жаққандай сытырлаған, бытырлаған дыбыстар көбейіп, ақыры басын ауырта бастаған.
Мұның кісі аярлықтай жағдайын көрген басшылары да ем-домға, кез келген жерден баспана сатып алуға деп шама-шарқынша жәрдемдерін жасап, денсаулығына байланысты деп жұмысынан босатқан. Зағиша екеуі ақылдасып, білгір дәрігерлері жинақталған жер деп бірден Алматыға көшпек болды. Елден ертерек кетіп, әбден астанаға орнығып қалған ағайындары да осы ойларын құптаған соң бірден көшіп келген болатын. Ақшасына үй табу да қиын бола қойған жоқ.
Тіл болғанмен, құлақ жоқ, демек басқа адамдармен сөйлеспегендіктен, олармен қарым-қатынас жасай алмағандықтан, өзін ортадан, бүкіл қоғамнан тыс қалған, енді ешкімге де, ештеңеге де қажеті жоқ жандай сезінген күндер өтіп жатты. Бүкіл дүние, айнала бәрі-бәрі де тыныштыққа бөккен. Бәрі де жым-жырт. Басқасын айтпағанда, сырын да, мұңын да айтар Зағишасымен де сөйлесе алмайды, балаларының да еркелеген үндері бұған жетпейді. Өз ойын оларға айта алғанмен, сөздер мида сұрыпталып, ауыздан сөйлем болып шыққанмен, оның дыбысталу деңгейін дәл біле алмаған соң тым-тым айғайлап кеткен жоқ па екенмін, әлде ешкім ести алмайтындай сыбырлап қалмадым ба дейтін күдік жиі мазалаған соң сөйлеуді де мүлде азайтқан. «Шіркін, бұлар не туралы әңгімелеп тұр екен?» дегендей әркімге бір жаутаңдап қараудан да арланып, өзімен өзі болып, тұйықтала берген. Ең жаманы, көшеге шығып, қыдырудан да қалды. Күні кешегі улығын-шулығын дүние түгелдей меңіреу тыныштықта тұрғандай үнсіз, қайшыласып жатқан машиналардан дыбыс жоқ, құстардың әдемі әуендері де сап тыйылған.
Әлдеқандай дауасы табылып қалар ма деген үмітпен Зағиша жетелеп жүріп, Алматыдағы білгір мамандарды адақтап қайтты. Біреулері қатты суық тигенін, енді біреулері жүйкенің жұқарғанын айтты. Ауруханаға жатқызып та емдеді, олардың бәрінен де еш нәтиже шықпаған соң бұлар енді не бір емші-домшы, бақсы-балгерлерді жағалап көрді. Олардың біреулері қара қойдың терісіне түсіп терле десе, біреулері «бабаларыңның біреуінің арқасы бар екен, сол саған қона алмай, құлақтан алып тұр екен, құрбан шалып, құран оқыт» деді. Айтқандарын орындап бақты, бірақ... бірақ...
Соңғы жолыққан бір емші:
– Шырағым, бұл менің қолымнан келер кесел емес. Бір келсе, пәлен деген жерде, Пәленшекең дейтін қарияның қолынан келер. Ол шал өліп қалмаса, – деген еді. Жазған құлда шаршау жоқ, ұшаққа мініп, одан автобустатып, одан жаяулатып дегендей Пәленшекеңді тапқан. Ең бір қуаныштысы өле қоймапты. Ең бір өкініштісі оның өзі де тоқсанға таяған жасында төсек тартып қалыпты. Бабалары барған жаққа аттануға даярланып жатқандай көрінді. Өзінің де сөзден қалып, құлағы тосаң тартқан шағы екен. Балалары қонақтың алыстан келгенін, шамасы келсе, қарап беруін бірнеше қайтара айтқаннан кейін, қызыл жиектенген көзін ашып, мұның бетіне барлай ұзақ тесілді. Сонан соң ымдап, қасына шақырған.
– Қолын берсін, – деді шалдың ұлы Зағишаға. Ол Айтекеңнің қолын алып қартқа ұсындырған. Әбден еті қашып, сүйектеріне терісін олпы-солпы ғып қаптап қойғандай қолын қария әрең қозғап, қонағының тамырын ұстады. Екі көзін тарс жұмған күйі сыбырлай тіл қатқан: – «Домбыра тартсын...»
Зағиша қойнынан тастамайтын блокнотына қарияның сөзін жазып еді. Айтжанның қабағы түсіп кеткен. «Өмірінде қолына домбыра ұстап көрмеген, оның үстіне ол аспаптың үнін естімесе қалай домбыра тартпақ? Тағы да жолым болмаған екен. Не болса да бұл тағдырдың жазуы болды. Қалған ғұмырды таскереңдікпен өткізгеннен басқа не қалды?» деп торыққан.
* * *
Үміт талшығы үзілмеген екен. Енді ешқайда, ешкімге бармауға бекініп, үйіне келіп, біраз күн жатқан соң базарға барып, домбыра сатып алсын. Үйге келген інілерінің біріне аспаптың құлақ күйін келтіртіп алып, мағынасыз-мәнсіз домбыра шертуге отырған. Не тартып отыр, домбырасы қандай үн шығарады – онда жұмысы жоқ, оңаша бөлмеге кіріп алып, дыңғырлата беру. Мазасыз дыңғырды естуден жалыққан балалары да әкелерінің «шабыты» ұстаған кезде аулағырақ жүруге тырысады. Бәріне де шыдамдылық танытар зайыбы ғана. Кейде күйеуі бір керемет күй тартып отырғандай жанына келіп жайғасатын. Ол бірде блокнотына: «Біздің балалардың мектебінде домбыра үйрететін үйірме бар екен. Үйірме жетекшісімен сөйлесіп көрсең қайтеді» деп жазды.
Ертеңіне Зағишасын ертіп алып, мектепке келсін. Зағиша: «Солай да солай» деп үйірме жетекшісі жас жігітке бәрін де айтып шыққан.
– Апай-ау, бұл бір қисыны жоқ қиын мәселе екен. Біріншіден, ағамыз ештеңені ести алмайды екен, екіншіден, бұрын домбыра ұстап көрмепті, үшіншіден, егде тартып қалған кезінде бұл өнерді игеру оңай бола қоймас.
– Қайным, күніне бірер сағатыңды бөліп, үйге келіп үйретсең қайтеді. Ақыңды да артығымен төлейін. Емші тәуіптің айтқан жалғыз ауыз сөзі ағаңның ең соңғы үміті еді. Үмітін үзбе, айналайын. Ең жеңіл деген бір күйді қай пернеден бастап, қайсысын жалғастыратынын суретін салсаң да, бір амалын ойластыршы. – Зағишаның жалынғандай болып айтқан сөзінен кейін домбырашы жігіт амалсыз келісімін берген.
Кезінде орта мектебін алтын медальмен, институтын қызыл дипломмен бітірген Айтекеңе соңғы шәкірттік сабағы ең ауыр сын болған еді. «Елім-ай» әнінің әуенін үйретуге жарты айдай, ең жеңіл деген «Кеңес» күйін үйретуге бір айдай уақытын еш өкінішсіз сарп еткен. Домбырашы екі-үш қағысты өзі тартып, оны Айтекең қайталайды. Үйренгенін өздігінен қайталау үшін пернелердің суретін нөмірлеп, астыңғы шекті неше рет, үстіңгі шекті неше рет қағу керектігін жазып, сызып көрсетіп кетеді. Ақыры ұзақ та қиын еңбектенудің арқасында ол домбырасын құр сабаламай үйренген бір әні мен жалғыз күйін шала-шарпы ойнайтын дәрежеге жеткен. Ертеңгі шайын іше салысымен жұмысына асыққан кісідей оңаша бөлмесіне, домбырасына бет алатын. Тіпті, ауласын сыпырып, гүлдерінің арам шөбін жұлып, оларды суарғаннан басқа уақытының бәрін де домбырасына арнар еді.
Бір күні түскі асын ішкен соң теледидарындағы кісілердің суреттеріне қарап, диванда жатып қалғып кеткен. Құлағына, құлағына емес-ау, миына домбыраның бір тәтті әуені жетіп жатқанын сезді. «Қандай жанға жағымды саз еді. Тағы да тыңдай түсейінші» деп, бей-жай күйде аз уақыт жатты да көзін ашып алды. О, құдірет, экранда оқалы шапан киген белгілі күйші жігіт домбыра тартып отыр еді. Рас, алыстан естілгендей сазды әуен санасына жетіп тұрғанын білді. Ол қолма-қол пультті алып, дыбысын көбейтпек болған, бірақ дыбыс ең жоғарғы деңгейінде тұр еді.
– Зағиша! – деді ол бар даусымен. Ол да ұн жұққан қолдарын сүртуге де шамасы келмей қасына жеткен. – Мынау қандай күй? Мен мына күйдің сазын осы қазір де естіп отырған сияқтымын.
Зайыбы басын шайқаған. Демек, қандай күй екенін білмеймін дегені. Бірақ ерінің айтып отырған мына жаңалығынан соң ол да келіп күйеуін құшақтай алған. Бұл сөзі біржола өшуге айналған үміт отының қайтадан ұшқыны көрінгендей әсер еткен. «Айтекем-ау, мына сөзің өлгенімді тірілтіп, өшкенімді жандырғандай болды ғой. «Рақымыңды түсіре көр!» деп Аллаға жалбарынайықшы» деген сөзді блокнотына жазып, күйеуіне ұсынған.
– Ол әуен есімде қалды. Мен тауып келуім керек, – деп Айтекең орнынан тұрған. Зағиша оған «Қайдан, қалай іздейсің?» деп сұраған жоқ. Күйеуі үйден шыққан бетте мектепке тартқан. Жас ұстазы үйірме мүшелеріне сабақ өткізіп жатыр екен. Біраз тосуына тура келді.
– Ассалаумағалейкүм, Айтеке! – деп, ол сәлем берді. Ересек шәкірті оның сәлем бергенін қимылынан-ақ байқап, сәлемдесті де, бүгінгі қуанышты хабарын жеткізген. Ұстазы болса «Шамасы, Айтекеңнің есту қабілеті қалпына келе бастаған болар» деген ойға келген. Алайда шәкірті оның бірде бір сөзін естіген жоқ. Бұрынғыдай сәңгірлей сөйлеп, өз өтінішін жеткізген.
– Күйдің әуені санамда тұр, айналайын. Алдымен оның қандай күй екенін білсем, сонан соң сол күй жазылған дискіні тауып, соны таңдасам деймін. Соған сен көмектессең. – Екеуі жаңағы сабақ өткізген сынып бөлмесіне кірген. Ұстазы домбырасын қолына алғанда, Айтекең есінде қалған әуенді аузымен ыңылдап, айта бастаған.
Домбырашы жігіт оның ыңылын біраз тыңдап болған соң домбырасын қолына алып, бір күйді ойнаған. Айтекең басын шайқады. Естімедім дегені ме, «Бұл күй емес» дегені ме, оған жіп таға алмаған домбырашы тағы бір күйді ойнай жөнелген. Тыңдаушысы күйдің орта шеніне барған кезде жерден жеті қоян тапқандай айғайлап жіберген.
– Осы! Осы! Аздап естідім, осы күй! – деді ол домбырашыны құшақтай алған. Өзі мәз.
Жігіт орнынан тұрып тақтаға барды да, бормен: «Сіз шынымен күй әуенін естідіңіз бе?» деп жазды. Шәкірті болса:
– Білмеймін, естіген сияқтымын. Құлағыммен емес, миыммен естіген сияқтымын. – Жігіт жазуын жалғастырды. – Бұл Тәттімбеттің «Сылқылдақ» дейтін күйі» деп жазды. Сонан кейін сол жазудың астынан: «Осы күй жазылған дискіні ертең алып келемін. Оның пайдасы тисе қуаныштымын!» деп жазды.
Айтекең домбырашы ойнаған «Сылқылдақтың» кей иірімдерін есіне түсіріп жатып ұйықтап кеткен. Түс көріпті. Түсінде баяғыдай құлағы сау, айналаның у-шуын қойып, масаның ызыңына дейін естиді екен дейді. Сонан соң өзіне «Домбыра тартсын» деген емді айтатын қария бетіне күле қарап тұр екен. Ол «Ата-ата» деп қарияға әлдене демек еді, бірақ өз даусынан оянып кетті де, таң атқанша көз іле алмаған. Бәлкім, емші қария о дүниелік болып кетіп, менің әрекетімді қолдап жүрген оның аруағы ма екен? Күліп отырды ғой, демек бағытым дұрыс» деген бір қуаныш кернеген жүрегін.
Домбырашы жігіт біраз күйлер және «Сылқылдақтың» жеке өзі жазылған дискілерді әкеліп берген. Сол күннен кейін-ақ ол дискідегі күйді қайта-қайта ойнатып, ұзына кешке дейін тыңдай беруден бір шаршамайтын. Бір күні емші қария тағы түсіне кірген. Үндемеген қалпы бұған жымия қарап отырды да, ғайып болып кетті. Ол ұйқыдан ояна салып, жеңіл жаттығуларын жасағанға дейін дисплейді іске қосқан. О, ғажап, көптен бері жүрегінде жатталып жүрген күй сарыны тым әлсіз болса да, санасына жеткен. «Шын ба, өтірік пе?» дегендей ол екі құлағын алақанымен жаба қойып еді, күй сарыны мүлде естілмей қалды. Алақанын қайта ашқанда алыстан талып жеткендей саз жалғасқан.
– Зағиша! – деп айғайлаған ол қуанышы қойнынан сыймай.
Әйелі тағы да асығыс кірген кезде Айтжан күй ойнап тұрған аппаратқа еміне үңіліп тұрған.
– Мен күйдің әуенін аздап естіп тұрмын. Бәйбіше-ау, естіп тұрсың ба? Мені домбыра құтқара бастады ғой, мына дерттен.
Ерлі-зайыптылар диванға қатар отырып, бар даусымен ойнап тұрған күйді тыңдаған. Әйелін жаңа көргендей бір қолымен оны қапсыра құшақтап отыр еді, Зағиша күйеуінің қолының, бар денесінің ерекше дірілін байқаған. Бұрылып, ерінің жүзіне қарап еді, оның бетінен төмен қарай сырғып бара жатқан көз жасын көрді. Өзі де толқып отыр еді, мынаны көрген соң өксіп-өксіп жылап жіберді.
– Айтекем-ау, бұл дегенің жақсылықтың басы ғой. Ұзағынан сүйіндірсін, жаным! Қалай, менің даусымды да естіп отырсың ба? – деген ол ықылық атып отырып.
– Иә, түгел сөздеріңді естімесем де дыбысың үзік-үзік болып естіледі... Балаларға телефон шалып, қуанышты хабарды жеткіз, – деген ол шаттықтан жүзі бал-бұл жанып. Әйелі балаларын телефонмен қуандыруға шыққанда ол күйді қайтадан ойната бастаған.
Сабырмен жай басталған күй ерке назды жұмсақ әуенмен баяу қалықтады, бірте-бірте әр түрлі иірімдермен тыңдаушысының он екі тамырын кеулей жөнелді. Дауылдатқан, дүбірлеткен екпінді сазы аз болғанымен, мамыражай өмірді, тыныштықты тіршілікті меңзейтіндей базынасы басым еді. Астыңғы ішектен іліп-тартқан шертпе саз сәл екпін танытса, үстіңгі ішектің байсалды қоңыр үні осынау әуенді ғана емес, бүкіл айналадағы тіршілік атаулыны сабырға шақырғандай. Бұғалық толғаудан сағалық толғауға түсіп, қос ішекті іліп тартқан кезде шолпының сылдыры, бойжеткеннің сыңғыры естілгендей.
Айтжан күй аяқталғанда дискіні алып, кітап сөресінің жоғары жағына тықты да, асығыс киіне бастады.
– Кітапханаға, – деді ол зайыбына. – Тәтімбетпен танысамын.
«Әзілі ме, шыны ма?» дегендей ол жұбайының бетіне күле қараған, бірақ нақтап сұраған жоқ. «Құлағы енді-енді ашылып келе жатқанда көр-жерді айтып, басын қатырмайын» деп ойлаған. Бекер обалы қане, орталық кітапханада істейтін таныс келіншек Тәтімбетке байланысты мәліметі бар деген біраз кітаптарды жиып берген.
Ол сол күні кешке дейін отырып, бұрындары Тәтімбет деген атақты күйші болғанын сырттай ғана естігені болмаса, «Тәтімбеттің күйі»» дейтін концерт хабарламаларынан құлағдар болғаны болмаса, ол қай жерде, қай кезде өмір сүргенін, қандай күйлері болғанын білмейді екен. Атақты сазгердің өмірі туралы, күйлерінің тарихы туралы көлемді еңбек жазғалы жүрген адамдай екі-үш күн бойы табан аудармай кітап ақтарсын. Алдымен өзі кие санаған «Сылқылдақ» күйінің шығу тарихына көбірек зер салған. Әр кітапта қысқа-қысқа болса да ол күйдің қалай туғаны туралы айтылыпты.
* * *
«Ол заманда атақты күйші-домбырашылар өнер жарыстыру үшін бір-бірін арнайы іздеп келіп, күй-айтыс өткізеді екен. Сарыарқа өңірінде атағы алты алашқа жайылған Сарықыз дейтін дәулескер күйші бойжеткен болса керек. «Ел құлағы – елу», анау да керемет, мынау да керемет» дегізбей, айтысып жеңген анау керемет дейтіндей соңғы сөзді нағыз өнер сайысы айту үшін Тәтекең нөкерлерін ертіп, жайлауда отырған қыздың ауылына келіп нұрайды ғой. Даңқы бүкіл қазақ даласын аралап кеткен Тәтімбеттің өзі іздеп келген соң ел жақсыларында жан қала ма, арнайы он екі қанат ақ орда тігіп, ту бие жығып, кішігірім той жасаса керек қой. «Қос домбырашы күй-айтыс өткізбекші» дейтін хабар ат тұяғы жетер жерге түгел айтылады. Оған дейін екі күн сауық-сайран өткізеді. Не бір әнші-жыршылар, күйші-бишілер серқұмарларын шығарып, жиналған көпшілікті өнерлерімен сусындатады. Бірақ күйші қонақ та, күйші қыз да қолдарына домбыраларын ұстамапты. Өтініш айтқандарға Тәтекең «уақыты келгенде тыңдарсыздар» деп маңғаз ғана жауап береді. Қыз да: «Күйдің шын Иесінің алдына түспеймін» деп бас тартады. Олары нағыз сайысқа дейін сыр алдырмау болса керек.
Келісімді үшінші күннің сиыр түсі кезінде жиналған қалың көпшілік ақ орданың өзіне сыймайтын болған соң еркін отыру үшін көк жайлаудың бір шалғынды биігіне сарала сырмақтар төселіп, көрпе-жастықтар тасталады. Қос күйші отыратын жерлерге аю терілері төселеді.
– Тәтеке, сіз бастаңыз! – десті ақсақалдар. Толықша келген нарттай жүзі бал-бұл жанып, жеміне түсер қырандай түйіліп отырған күйші салалы саусақтарымен қаз мойын домбырасының пернелерін бір сипап өтіп, құлақ күйін құйқылжыта бір қайырды да: «Қане, бойжеткен, мықты болсаң, өнеріңді көрейік» дегендей қызға қарап, бір жылы жымиып алып, сазды әуенді төгілте жөнелді. «Мықты болсаң жүрегіңді бірден-ақ шайлықтырып алайын» дегендей күй заңғары, замандасы Құрманғазының иірімі, қалтарыс-бұлтарысы көп, бұл өңірге енді-енді тарай бастаған төкпе күйі «Сарыарқаны» төге жөнелді. Ағындатып, мыңдаған тұлпарлардың жер төсін дүбірлеткендей бірден арындай жөнеліп, сол арыны басылмаған күйінде жол ортаға келіп, жалт бұрылғандай әсер беріп, тағы да төпей жөнелген. Бес саусақ сағаққа келіп, тыңдаушыларын да «Енді не болар екен?» дегізген сәтте қонақтаған құстай қанатын жиі қағып келіп әрең тоқтады. Жұрт «бәрекелді» десіп дуылдап кеткен.
Бүгінгі айтыстың шарты бойынша, бірі тартқан күйді екіншісі бұлжытпай қайталап беруі қажет. Қайталай алмаса әділ қазылар сияқты қос айтыскерге жақын отырған өңшең күйшілер шешімдерін бірден айтады. Айнытпай қайталай алса, қарсыласына көп естілмеген бір күйді өзі ұсынады. Жұрттың сұрауы бойынша қалаған күйді ойнау айтыс аяқталған соң домбырашылардың еркімен болатын шаруа.
Бойжеткен де қарақаттай қос жанары Тәтекеңнің шанақ бетінде билеп жүрген оң қолы мен бес саусағы бірдей пернелердің асты-үстін кезек басып ойнақ салған сол қолынан айырмайды. Күй тынған бетте ол да қарсыласының күй шақырар кіріспесін сол қалпында қайталады да нәзік қолдар үкілі домбырамен еркін «тілдесіп», дауылпаз күйді сол қалпында құйқылжыта тартып шықты. Оның да өнеріне риза жұрт бір дуылдасып қалған. Бірақ күйші қыз қошеметшілердің дабырының басылуын күтпей-ақ ауыздығымен алысып, шабыс сұраған қас жүйріктей қос ішекті қағып-қағып жібергенде жұрт та тым-тырыс бола қалған.
«Сіз білген Құрманғазыны біз де білетін едік» дегендей қыз «Адайды» дүбірлете жөнелген.
Күн талма түстен ауған кезде еһелескен күйшілер Кетбұғадан бастап, Қазанғап, Дәулеткерей, Абыл, Қожекелерден бірді-екілі күйді қайырып барып, «Шұбар киік», «Желаяқ» сияқты халық қазыналарын көктей шолып келіп, Тәтекең өз күйлерін ұсынып көрген. Бойжеткен оның күйлерін айнытпай орындап берумен қатар, «өз бидайыңды өзіңе қуырып берейін» дегендей Тәтімбеттің басқа да күйлерін де өзіне ұсынған. «Сарыжайлауды» тартып болып:
– Тәтеке аға, әркім әр түрлі айтады. «Сарыжайлауыңыздың» мәнін түсіндіріңізші. Жас гүлі кетіп, сары жұрт болған жердің жайлауы ма, әлде жаз күні өтіп, сары кідір тартқан жанның жайлауы ма? – деген күйшінің жүзіне қарап.
– Қарағым-ау, саусақтарың жүйрік пе десем, санаң да ұшқыр, тілің де жүйрік екен. Екініші тұспалың дұрыс. Жасың да, жаның да, сары жайлауға келген соң шайқы-бұрқы, өтпестей көрер сол күндерді сағынған қарттың жайын толғаған дүние ғой, – деп, домбыраға қол созды. – Кәріліктің ауылы әлі алыс, дегенмен ол да біздің барар жер, басар тау болар деген ой ғой.
Бойжеткен «Қай майданыңа да дайынмын» дейтін қас батырдай атақ-даңқы аспандап тұрған күйшіден өнерін бір сүйем де түсірмей үзеңгі қағыстырып, қатар шапты. Тәтекең маңдайы терлеп, шындап сасайын деген. «Тәтімбет басымен қаршадай қызды іздеп барып, маңдайы тасқа тиген тұқы балықтай жеңіліп қайтыпты» дейтін қаңқу сөз өліммен тең. «Не істемек керек? Бағана толған айдай толықсып келіп, дүрия көйлегін төгілдіріп, алқа-шашбауларын сылдырлатып қасына келіп сәлем бергенде: «Алқа-шолпың сылдырлап, сылқылдайсың сылқым қыз» дегенге ұқсас бір әуен жүрегінің түбiнен көрiнгендей болып едi. Ол сәл көзiн жұмып, iштей ыңылдап едi, ерке әуен жетелей жөнелген. Ол сақтиян етігін, оған қоса батсайы шылғауын шешіп оң аяғын жалаңаштаған. Күдері шалбардың балағын түрді. «Мына кісі не істегелі отыр?» дегендей жұрт аң-таң. Тәтекең сол қолымен пернелерді басып, оң аяғының бармақ, саусақтарымен қос ішекті соншалықты бір ептілікпен шерте бастады. Ерке назды тың әуен тым мамыражай, тым сәнді еді. Ол әуенді сұлу арудың шолпылары сылдырлап, ырғала басқан жүрісіне немесе аққу құстың көк жүзінде мамыражай ұшқанына немесе су төгілмес ақпа жорғаның тайпала басқанына ұқсатуға болар еді. Күй қалықтап барып қонды.
– Тәтеке аға, күйіңізді көкейіме қонақтатып үлгірдім. Осы жерге келгенде сізден жеңілгенімді мойындадым. Аталарым, әкелерім, ағаларым отырған жерде етігімді шешіп, аяғымды жалаңаштай алмаймын ғой, – деп күйшіге басын иген.
– Бұл күйді бұрын-соңды естіп көрмеппін. Шамасы, бүгін шығардыңыз-ау деймін. Ренжімесеңіз, бұл күйіңіздің аты не? – деген күйші қыз.
– Қалқам, бұл сенің өнеріңе, өзіңе тәнті болған ағаңның тартуы болсын. Күйді «Сылқылдақ» деп атайық, – деген Тәтімбет күйші қызға ризалықпен қарап.
* * *
Айтжан күйдің әр қайырым, әр иірім, әр шертіс, әр қағысын күн демей, түн демей үйреніп жүріп, «Сылқылдақты» ортақол күйшідей тартатын дәрежеге жетті. Бұл кезде өзі тартқан күйді өзі емін-еркін еститін жағдайға жеткен. Ешқандай блокнотқа, қағазға айтарларын жаздырмай-ақ сәл дауыстап айтқан сөздер де санаға бөгетсіз жететін болған. Құлағына есту аппаратын қыстырған кезде дүние дүбірі қалпына келе бастаған.
Күйді тартқан сайын оның сазы санаға саңылау тауып, сіңе бастаған тұста ол қағаз-қаламын алып, өлең де жазып көрді. Төрт-бес жыл бойы торығудан қалғып, барша әлемнен шеттеп қалғандай жағдайдан шығудың жолын асығып-үсігіс іздеудің бұл да бір жолы еді. Алғашқы өлеңін жазып болған соң қала сыртындағы бір жотаға шығып алып:
«Жанымның басып пернесін, жүректің таптың тиегін,
Сазың ерек, назың да бөлек киелім!
Бабамның жыры боп, анамның үні боп жеткен,
О, қасиетті домбырам, басымды саған иемін...» –
деп, «Домбыра-кие» атты алғашқы ұзақ өлеңін бар даусымен оқығанда өне-бойын тер жуып, бойы әлдебір зіл-мауырды сыпырып тастағандай жеңілдеп салған еді...
* * *
Айтекең Зағишасын ертіп алып, тарту-таралғысын арқалап дегендей баяғы емші қарияға аттансын. Ұшақтатып, автобустатып жүріп жеткенмен, емші бұлар келіп кеткеннен кейін бір апта өтпей-ақ оралмас сапарға аттанып кетіпті. Айтекең мен Зағиша тарту-таралғыларын қарияның бала-шағасына беріп, шипагер қарттың басына мал сойдырып, құран-қатым оқытты. Одан өзге жақсылық жасай алмаған.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.