Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Кәкен Қамзин. Қып-қызыл бұлттар, көгілдір-керім тр...

08.12.2019 4227

Кәкен Қамзин. Қып-қызыл бұлттар, көгілдір-керім троллейбус 16+

Кәкен Қамзин. Қып-қызыл бұлттар, көгілдір-керім троллейбус - adebiportal.kz

(әңгіме)

Панорамалық алып шеңбер баяу айналып тұр. Еңістегі креслода отырғандар бірте-бірте ұшар басқа жетеді, шырқаудағылар әупірімдеп ылдиға сырғи береді. Аумалы-төкпелі харекет. Бәрі айналыс заңына бағынған бұл жерде. Жұрт, әйтеуір, айналғанына, көкке көтерілгеніне мәз. Несіне мәз? Тапжылмай-ақ биікке қол созғанына ма? Ессіз қуыршақтар құдды...

Тап сол айналмалы дөңгелектің қасында өзгелердің өрлеуі мен құлдилауына қарап, арлы-берлі сенделіп мен жүрмін. Іргедегі бықсыған кәуапханада қою қара мұртты сатушы жігіт қолы-қолына жұқпай зыр қағады. Елдің аузынан түскен екі-үш түйір талшыққа бола екі суықторғай әлсін-әлсін текетіресіп, әлсін-әлсін жағаласып қалады. Бұл бейшаралар да адам сияқты. Ана алаулаған ұранның төбесіне қара қарға қонжия қалыпты. Оның оң жағында «Алматы» мен «Есік» ресторандары жарнамаларындағы даяшылар бізге келмей кетпеңдер дейді. Ой жүгіртіп қарасам, дені сау адам мындай жерге кездесуге шақыра ма? Әрине, шақырмайды. Ендеше, мен есуастың нақ өзі болмасам да, соған тетелес біреу шығармын. Мәселен, Ғалиасқар сабазыңның бүйтпесі анық. Сәлима да бұндай жерді бір шақырымнан айналып өтеді. Ал, біздің курстың ерке-тотайлары менің осы жүрісімді көрсе бар ма, бір жылғы әңгімелеріне таусылмас желі таба қояры анық. Тәңірім, оларды бұл маңға жолата көрмесін.

Адам деген – әсіре жұмбақ өзі, өзгені былай қойғанда, өзіңіе өзің бейтаныссың. Воланд айтқандай, ертеңгі күнің де саған беймәлім. Кей-кейде адам мінез-құлқының реңдерін саралаудың өзіне ғалымдар талай жылдарын сарп етіп жатқан жоқ па? Мен болсам, қадалған жерінен қан алатын ғалым емеспін, сондықтан мұндай түйінді мәселелерге қолымды бір-ақ сілтей салуыма болар еді. Бірақ осы күні арғы жағын өзің тап, ішің білісін, ләм деме деп, көп нүкте қоя салатындар қаптап кетті ғой. Соның бірі боп қайтем.

Шарадай басты осы күні не қинамайды: ғарыштың ғажаптарынан бастап, пиджактағы оқалы түймеге дейін. Тым алысқа қол созып қайтейін, өзіме жақын студенттер ортасын алайын. Сондағы өзара тартылыс заңы неге сүйенеді, неден бастау алады? Мықты екеніңізді білейін, айта қойыңызшы. Алғашқы студенттік күндерімнен бастап осы Ғалиасқар мен Сәлиманы неге тым іштартып кеттім, оның себебі не? Бастапқыда оған кім ой жіберді дейсіз? Қазірдің өзінде де соған дәл жауап бере алмаспын мына мен. Әсілі, адамды өзара жақындастыратын ген шығар, одан кейін – көңіл үндестігі мен бір-бірін түсінушілік болар. Жалпы, идея бойынша, қиын еспетің жауабы солай шығуға тиіс.

Бүтіндей адам баласы қызық па, басыбүтін мен қызықпын ба осы? Оңаша қалғанда әлгіндей сауалды өзіме жиі қоятын боп жүрмін. Оның да өз себебі бар-ау. Желкілдеген он сегіз романтикасынан арылғаннан кейін жақын-жұрағат, жора-жолдас пейілін ақыл елегінен өткізе бастайсың. Дос көңілінің өткінші, есепті болмағанын қалайсың. Бірақ сыйлы бір профессорымыз айтпақшы, «өмірде не болмайды». Күндердің күні етене жақын деп жүрген жолдастарың сенің мұратыңа, сенің арманыңа күмандана, күле қараса, одан өткен қасырет, одан бетер уыт жоқ. Сенің оларға деген ыстық ықыласыңды көктемнің соңғы күндеріндегі ызғардай үсік шалады. Олардың орбитасынан сен алыстай бересің. Ұмытуға тырысасың, өзегіңді ашутастай өкініш өртейді. Ол дерттің емі жоқ, еш уақытта жазылмайды, сыздап қойып жүре береді. Күні-түні жаныңды жегідей жейді...

Ой елегінен өткізсем, дені сау адам мындай жерге кездесуге келе ме? Ана беті қызарған ұранның үстіндегі қара қарға да қарасын батырыпты. Оның оң жамбасындағы «Алматы» мен «Есік» ресторандарының жарнамалары бізге кіріп шығыңдар дейді. Кіріп шыққанбыз, есіктеріңізді айқара ашқанбыз. Сенбі күні Сәлима, Ғалиасқар – үшеуміз сабақтан шығып, кішігірім тауды қопарып тастағандай керги аяқ басқанбыз.

Көкке шапшыған субұрқақтар, һауыз суы айналасына дым бүркіп, салқын сабатқа бөлеп-ақ тұр. Немерелерін тербеткен әжелер, әңгіме-дүкен құрған зейнеткерлер, шахмат қызығына берілген әуесқойлар жатаған орындықтарға жайғасыпты. Көшеге көз салсақ: аяқ киім дүкеніне кіріп-шығып жатқан бибілер, көстеңдеген бойжеткендер, зайыбтарының жанынан екі елі қалмай жүрген секемшіл жігіттер. Көгершін үйірін үркітіп, апыл-тапыл баса жас сәби жүр шат-шадыман болып. Үшеуміз келіп осыларға іргелес жайласамыз. Шауып келге ебі бар Ғалиасқар, елпілдек Ғалиасқар үш балмұздақ алып жетті, анадай жерде адам таппай жүрген фотографты ерте келді. Осындай ұмытылмас сәттерден естелік қалдырмасақ, тарихқа қиянат емес пе?

- Мені мына жігіттермен бірге суретке түсіре қойыңызшы, sir le photographe, - деп

Сәлима құбыла тіл қатты. Ескінің сарқытындай суретші шал елжіреп кетті, білем, көпті көрген көзәйнегін маңдайына ысыра:

- Жалған-ай, бес-алты қырдан асып кеттік, әйтпесе мына екі ширлен қасқа маңайыңа жолайтын ба еді, ma beaute! – деп бар комплиметін ақтарып салды.

Сәлима, әне, көрдіңдер ме, қадірімді білмейсіңдер-ау дегендей жарқыраған мүйіз көзілдірігімен от ойнаған жанарын қарайта қойды. Мен не дейін, олай болса, бар айып Ғалиақардың мойнына.

Осы үшеуміздің соқпа аурудай оқта-текте ресторан, кафе жағалайтын әдетіміз бар. Бүгін сол береке біздің жұртқа қайта оралды дей беріңіз. Оған қабақ шытатын біз бе, үйренген жолмен «Есік» рестораны табалдырығынан аттай бердік. Зал әнтек қана толыпты. Мәрмер тіреу тұсында егде тартқан екі адам сигареттерін будақтата қол сермесіп тұр. Онан әріде – желпініп алған өзіміз құралпы қыз-жігіттер. Біз орныға бере оркестр экспромтпен бастап, Бродта жүретіндердің бәрі білетін әуенге көшті. Селеу шаш қыз бен қара көбелек таққан жігіт битлдардың «While Mi Guitar Gently Weeps» композициясын өз мәнерлеріне салып, әсіре сыңсытып алған сияқты. Елеусіздеу бір бұрышқа жайғасқан біз қызғылт кабарнені ұрттап қойып, ана-мынаның басын шалып отырмыз. Сәлима Хемингуэйдің бұрын орысша аудармасын қарап шыққанмын, ұнамаған; енді ағылшынша оқып көрдім, көркемдіктен жұрдай, тек кофе, вальполичелла, виски ішкенін, ана көшеден мына көшеге өткенін тізбелейді, түкке тұрмайтын жазушы екен деді. Ғалиасқар мақұлдағандай басын изеді. Мен үндемедім. Сабақ беріп жүрген профессорларымыз қайдан шет қалсын мұндайда. Оларды да біраз жерге апарып тастадық. Ғалиасқар ежелгі бабымен бүкіл адамзат баласының, оның ішінде осында отырған үшеудің денсаулығы үшін тост көтерді. Жанқалтасынан біз естімеген анекдоттарды бірінен соң бірін суырып тастай берді. Күлкіден ішегіміз түйілді. Адамның күлкіден өлетін рас шығар, тегінде. Сәлима бізді дирижердай үйіріп отырған Ғалиасқарға қарады:

- Айнам, сен билеп келсең қайтеді, - деді жайлап. Ол әміріңізге құлдық дегендей басын иді де, көңілді топ ортасындағы қарқошқыл қызды алаңға шақырды. Екеуі тамам бишілердің арасында әсем қозғалып, биязы есіп барады. Сәлима коктейлінің мұзын түтікшесімен қозғай отырып, маған байыптай қарап алды, бозғылмен шыр айналдырылған көзін бір төңкерді де:

- Қарай гөр, талғамы бар. Африканың алқорысын қағып түсті, - деп Ғалиасқарды иегімен меңзеді. Оның үнінен сұқтану мен қызғаныштың біліненр-білінбес табы жылт еткендей. Қыздардың мұндай қылығына көңіл аударатын біз бе, дәріске біреу тәуір бірдеңе іліп келсе, әлем-тапырық болатын салкерімдердің мінезі өзімізге белгілі. Сондықтан биге қарап отыра бердім.

- Сәкен, осы біз саған доспыз ғой, солай емес пе?

- Оған күмәнің бар ма еді?

- Солай де... Әлгі бойжеткен... Мынаның дәмі қалай өзі? Не деп едім? Ә-ә, бір нәрсе сұрайын ба сенен? Осы біздің қыздардың айтып жүргені не әңгіме?

- Біздің қыздар не демейді. Түсінбедім.

Мен рас түсінбедім, дәнеңені түсінсем бұйырмасын. Сәлиманың тұмандатып «біз саған доспыз ғой» дегеніне де бойлап бара алмай отырмын. Екі қолымды жайғаннан басқа амал қалмады.

- Ақымақ болма, ақымақтық саған жараспайды. Бахты іздеп барған қыздар сені консерваторияның орган залынан көріпті ғой. Қасында бір перизаты бар дейді...

- А-а, онда тұрған не бар екен. Это – не крамола. Мен қыздармен қыдырмасын деген заң шығып па? - деймін бойым жеңілдей түсіп.

- Ештеңе жоқ. Сенің сол періштең кім өзі соншалық?!

- Фаузия ғой.

- Фаузия! Сөзіңе болайын. Фау-у-зи-ия. По-моему, ничего. Әдемі. Есімі әдемі екен деймін, сонда менен де сұлу ма?

- Сенен артық жан бар ма бүкіл Алматыда, - оп-оңай құтылып кеткім келіп еді, қайдан құтқарсын, риза болса да ризалығын берер емес.

- Мәлімет толық емес!

- Біз осында не үшін келдік? Көңіл көтеру үшін. Әлде сенің хоббиің тергеушілік пе?! - менің үнім шыныдай шың-шың ете қалды.

- Қоғамдық негіздегі социолог десең, дәлірек болар. Мен қыздар жағынан өкілеттік алып кеп отырмын. Мандатымды көрсетейін бе? Мектеп оқушылары құсап сырыңды сейфте ұстағың келе ме? Оның болмас. Сен біздің қыздарды білмей жүр екенсің, олар онан да мықты броньды күл-талқан еткен, - деп Сәлима күліп жіберді. Мен де жай ғана езу тарттым.

- Сендерден, әсіресе екеуіңнен сыр жасырып не бопты. Ыңғайы келмей жүргені.

Кәдімгі қыз. Бір қызығы, ондай есім араб ханшайымдарына лайық екен. Египеттің тақтан тайған королі Фаруктің бір қызының аты Фаузия, - осы тұста артығырақ кетіп қалғанымды аңғармай қалдым.

- Аһа! Ханшайым де. Сонда менің де шаһзадалықтан үмітім бар де! Әйтпесе біз сені менмендіктен, эгоизмнен жұрдай деп жүрсек. Ал, мәртебелі, мәлігім, сіздің әлгі ертегідей хан қызыңыз қайда оқиды? А?

Оркестр мұқым Одессаның грегі мен еврейі езіліп тыңдар аңқылдақ әуенге ауыса берді. Біз отырған үстелге шалықтай келген бейтаныс жігіт күтпеген жерден реверанс жасап Сәлиманы биге шақырды. Әншейінде бұндай сұқсырлардың есін әп-сәтте жиғыза салуға болар еді. Бірақ дәл қазір мені Сәлимадан арашалап алғанның бәрі дос. Сәлима:

- I'm sorry, I do not dance with the condition not reached. Go and add a couple of glasses of good brandy, - деп ананың бетіне сигарет түтінін бұрқ еткізді. Серісінген жігітке бұдан артық жерлеуді ойлап табудың өзі қиын. Бейшара не істерін білмей аңтарылып қалды, ақырында нарттай қызарып жайына кетті. Би атаулының түбіне жетіп Ғалиасқар да орнына отыра берді.

- Әлгіндегі сауалымды аяқсыз қалдырма. Меніңше, қыздардың талап-тілегін мүлтіксіз орындау, көңілін айтқызбай табу – тәрбиеліліктің белгісі. Иә, сонан...

Осындай сұғанақтықты жаным жаратпайды. Біреудің түпкіріне қол салудың қажеті не? Басқа біреу болса мана шарт ете түсер едім, тек Сәлиманы сыйлағандықтан:

- КазПИ-де, тарих факультетінде, бірінші курста. Қанағаттанған шығарсың, - деймін осымен әңгіме тәмәм болды дегендей шанышқымен тәлеңкені шықырлатып.

- Е-е, құдай құртсын, солай ма? Ол жерде Тілеш Шойынбаев деген менің нағашым сабақ береді. Профессор. Дәм алсаңшы, немене жауар бұлттай түнере қалдың. Ғалиасқар, айнам, сен мына сырттан келгендерге тағы бір өнер көрсетіп келсең қайтеді. Әйтпесе байқұс қазақ ағаш басынан кеше ғана түсті деп жүрер...

- Маған айтар нақылыңды Ғалиасқар да естісін. Соның бәрін жеке өзім иемденуім астамшылық болмай ма? – мен сәл-пәл күлгенсідім.

- Ғалиасқар мырзамен кезінде дәл осындай әңгіме өткізілген, оң жолға сонан кейін түсті батырың... Һім... Сәкен, сен бері қара, сен кім, біз кім? Мен кейбіреулер сияқты сырттан сөйлемеймін. Даттасам да, мақтасам да көзге айтам. Сен ұсынған жобаларды қасқа бастардан бастап, студенттер қауымы да жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Оған таласым жоқ. Мен де сенен кем соқпаймын, оны өзің де білесің. Анадағы рефератың да мықты. Демек, ғылым жолы сайрап жатыр. Сайрап жатыр дегенім қате болар, онда қайбір даңғыл жол бар дейсің. Таяуда сен жас ғалымдар кеңесіне бір жоба әкелдің ғой. Соны мен қайдан көрдім деп көп ойландым. Сүйтсем, сенің сол дүниең Джон Портманның «Hyatt Regency Hotel»-іне сәл-пәл ұқсап кетіпті. Құдай сақтасын, көшірме деп тұрғам жоқ. Сенің жобаң одан әлдеқайда әрлі, әлдеқайда тиімді. Сен ондай-ондайға көңіл аударма, азын-аулақ бұлғақ-сырғақтар «мен ғанамын» деп жүргендердің талайының басынан өткен. Негізгі бағытың дұрыс, айналмалы ресторан мен интерьеріңнің шешімі бас бармақтай. Менің бір қызығатыным, сенде табиғат бере салған бірдеңе бар, тума талант деуші ме еді. Геннің оянуы дейін бе әлде? Бабаларымыздың ғажайып қала салушылық өнері, әйтеуір, біреудің қаны мен жанынан көрінуі керек қой... Жарайды, оны қойшы. Қысқасы, сол бардың көзін аша түскен абзал. Бала емессің, мұны түсінуге тиіссің. Осым дұрыс па? Дұрыс!

Солай екенін өзім де білемін. Ендеше, мына Сәлиманың ұлы ағартушыдай сайрауына жол болсын. Қайда тартып барады, қайда әкетіп барады мені. Түсініп болмайсың. Бокалын қос қолдай ұстаған Сәлима қолындағы сағатына екі қарады. Шарабын үстелге қоя беріп, мойнындағы орамалын серпіп тастады.

- Олай болса, қолайлы жағдай, жағымды орта керек емес пе? Керек! Менің қазір айтайын деп отырғаным тоғышарлық шығар. Сен алдымен тыңдап ал, уәжіңді соңыра айтарсың. Сен Достоевскийдің әнебір кейіпкері сықылды келістілік, жарасымдылық жолында иненің жасауындай қараулық жатса, үйлесімің өзіңе деп безіп кетер адамдар санатына жатасың. Қазіргі заман басқа, түсінсеңші. Түпкі мақсат деген болады. Бүгінгі күнді әлпештеуден не ұтасың. Мен айтсам, саған ана балапандай қыз қандай жағдай жасамақ? Сенің туыңды тұрмыс тауқыметі-ақ жығады, онда қош бол творчество, алыстан мен мұндалаған алқызыл арман. Ана столдағы таңқар танау толықша қара қызға қарашы – әкесі обкомның бірінші хатшысы, қасындағысы – Алексей Гурский деген танымал боксшы, әрі оққағары, әрі бойфренді. Бұлар өмірдің өткінші екенін сезбейді, құмарлықпен күн кешіп жүр. Кейін өкінеді, бірақ өкініш өткен шақтың есесін қайтара ма? Күндердің күні сен өткен өмірді бір сүзіп өтерсің. Сонда солай неге істемедім деп бармақ шайнарсың... Ал ондай қасыреттен аулақ болу үшін ғұмырыңды модельдей біл. Тоқта, тоқтай қал, мен де адаммын, менде де жүрек бар. Бірақ мен реалиспін, романтикаға сергек қараймын. Сентиментализмді маңыма жуытпаймын...

Маған тасқа тигір жөтел жабысып, қиқылдап-шиқылдадым да қалдым. Басқа-басқа, дәп Сәлиманың аузынан мындай сөз шығады деп кім ойлаған. Осы сәт ол «өміріңді қауіпсіздендір!» деп емініп отырған сақтандыру агенті секілденіп кетті. Менің келер күнімді өлшеп-пішіп отырған мына қызды орыстардың небір нәрлі сөзіне сылқита тойдырып жіберуге бір оқталып барып қайттым. Нақ осы жолғы ойынға біздің барымыз тігіліп отырғанын сездім, сездім де босаңси бердім. Ғалиасқардың ше, Ғалиасқардың мына әңгімеге түк қатысы жоқтай арлы-берлі өткендерге, былқ-сылқ еткен белдемшелі даяшыларға қарап беймана отырған жайы бар. Әлдекім сықылды адамның әр сөзінен, әр қылығынан астар іздемеуші едім. Осындай пәленің шығарын оның білгеніне шүбам қалмады, екеуінің сөз байласып алғанын да енді шамалап отырмын. Сәлима сөніп қалған сигаретін мыжғылай салып, жаңасын тұтатты.

- Махаббат дейміз, күйдім-сүйдім дейміз. Шынайы бақытқа қолы жеткен өнер адамын тарих жарықтық білген емес. Ана Хемингуэй төрт рет үйленген. Өзіміздің Мұхтар Әуезов ше? Қаныш ағамыз ше? Сен де пендесің, жалғызды місе тұтам дейсің бе? Екіталай... Қазекең «жақсыны жатқа берме» деген. Тек қызға қарата айтылған сөз емес. Өзің білесің, жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ зиялы жігіттерін татар матурлары қағып алатын, келе-келе осыдан бірдеңе шығады-ау деген ер-азаматтарды еврей мен орыстың маржалары қоймайтын болды. Әлеуметтік бәсеке деп соны айт. Онан кейін ұлттық бірегейлік пен тұтастық қайда... Тыржима, интернационалист недоделанный. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – это не актуально. Қойшы әрі, қайдағы нәсілшілдік. Бұл – таудай проблеманың бір қыры. Айтпақшылы, тарихшы қызың қазақ па? Аты былай, нетипичный қазаққа...

Таяқшалары тарсылдап, оркестр барабаны күмпілдей жөнелді, қос гитарист үдете көсілтіп, онан әрмен безек қаққызып, желіктіріп әкетті. Жұртшылық аяғы сатырлаған ырғақты қуа дүбірлетті кеп жаппай. Бағанағыдай емес, адам көбейіп қалыпты. Қызып алған кавказ жігіті «ассалап» шыркөбелек айналып жүр. Мына ресторан енді-енді бабына келе бастағандай. Қасымда отырған Сәлиманың дауысы өзге планетадан талып жеткен дыбыстай құлағыма еміс-еміс шалынады. У-шудың асқынғанынан ба екен, бәлкім.

- Сен сондықтан өзіңнің де, анау жап-жас қыздың да обалына қалма. Ол өз бақытын табады. Көзіңді өйтіп шақшитпа. Сенің теңің – дарыны өзіңмен деңгейлес өзіміздің қыздардың бірі, немесе ана академик Арынғазиевтің қызы Майра. Жолыққан сайын сені сұрайды. Сені сүйетін, сүйейтін демей-ақ қояйын, бағыт-бағдар сілтейтін адам керек саған. Сен онсыз ешқандай биікке көтеріле алмайсың. Ноль шкаласында, қазіргі үміт күттірер қалпыңда қаласың. Өзіңнің кімің бар, айтшы, жалғыз шешеңнен басқа?..

Мен не айтарымды білмей қайраңдап қалдым. Жерге бір, көкке бір көз тастадым. Осылардың ойыны ма, шыны ма деп біресе Сәлимаға, біресе Ғалиасқарға қарадым. Шындары. Не айтайын бұларға? Орнымнан теңселе көтерілдім. Маған бүгін бірдеңе көрінетін шығар, көрінді-ау деймін. Кейін өз қылығымды сараптап қарасам, осындай қысылтаяң кезеңде адамның көңіл-күйін жасытпай беруге төкпе өлең ғана қауқарлы екен. Әбден қыстыққанда тау өзеніндей тасқындаған жырды бабаларымыздың түйдек-түйдек тастайтыны сондықтан ба дейсің.

- Сәлима, мен былтыр Ленинградта бір керемет ақынмен таныстым, - дедім тістене тұрып. Соның мынадай өлеңі бар:

Как мало нужно для смиренья:

всего лишь горсточку ума.

И вот случилось озаренье:

я разглядел людей, дома;

постиг безмолвие каменьев,

и подвиг птичьего труда,

и что песчинку не заменит

собой никто и никогда;

и смех травы, испившей влаги,

изгиб реки, провал дождя,

и эти яростные флаги,

и вечный тот прищур вождя -

всё озарилось как бы внове,

и всё пронзило как бы вновь!..

И нет ни жалоб, ни условий, -

одна Земля, одна Любовь...

Сайқымазақтана айналама бас идім. Жұрттың бәрі маған қарап қалыпты. Мұндай қызықты бірінші рет көріп отырғандай. Әлде мені Бальмонтқа балады ма? Бәз біреулер қол шапалақтап жатыр. Мана Сәлиманы биге шақырмақ болған масаңдау жігіт тіпті сүймек болып бетіме ұмтылып жүр.

- Өлеңнің авторы Глеб Горбовскийді дәйім естеріңде ұстаңдар! - деп мен сыртқа ұмтылдым. Ғалиасқар қоса шықты. Қолтығымнан демемек болады.

- Сүйемей-ақ қой. Қайтесің. Табаным таймайды, - деймін Ғалиасқардың қолын ақырын ысырып. Ол маған мүсіркей қарайды. Ем қонбайтын, дәм-тұзы таусылған сырқатқа туған-тусқандары осылай есіркей қарамаушы ма еді. Жазған-ау, қайта, мен сені аяп, саған жанам ашып тұрған жоқ па? Жанымыздан өтіп бара жатқан көзілдірікті, қарны көрнекілеу мәстек жігіт әйеліне:

- Осылардыкі рахат, тападай тал түсте әке-шешесінің тапқан-таянғанын судай шашып жүр. Біздің кезімізде... – деп өткен шақта сөйлеп ұзай берді.

- Қайтсаңшы, барсаңшы, Сәлима күтіп қалды, - деймін Ғалиасқарға жалынғандай болып. Менің қасымнан енді өзіне орын табылмасын сезді ме, шашын сілкіп тастап кері қайтты. Ендігәрі екеуміздің, жоқ, үшеуміздің жолымыз әсте қосылмас. Бір аудиторияда отырсақ та бір-біріміздің арамыз алшақ кетер тіптен...

...Алып панорама шеңбері баяу айналып тұр. Жоғарыдан қарасаң, қала түп-түгел көз алдыңа келеді. Сонау көкжиектен сығалаған күннің жарым-жартысы ғана қалыпты. Қып-қызыл бұлттар. Айналмалы панорамалық дөңгелектің түрлі-түсті шамдары жарқ ете түсті. Ымырт үйіріліп келеді. Шар-шардан өн-бойына қан жүгірген жарнамалар, дүкендер самалалары ақшыл-көкшіл бояуларын күлімдетіп, жадырап шыға келді. Жүргіншілер, трамвайлар қаңғыр-күңгірі, гуілдеген троллейбустар. Мындай ысқаяқтыққа Египет пирамидаларындай алыстан мұнартқан көгілдір таулар ғана селсоқ қабақ танытады. Қозғалысты, динамиканы ол қайтсін... Мен секунды тыпыршыған сағатыма қараймын, қарағаш түбіндегі шынжырлы орындыққа салмақ сала отыра кетемін, өзімді өзім тербеймін...

- Көп күтіп қалдың ба? – бұл Фаузия ғой қолын шапалақтай сақ-сақ күліп тұрған. – Мен анау жерде саған қарадым да тұрдым. Мына шеңберге несіне жалтақтай бересің.

Фаузия неон шамдарындай езу тартады. Көңілді. Біз бақ арасындағы тақтақ жолмен қол ұстаса жүреміз де қоямыз.

- Сәкен деймін, енді ары бармайықшы, мен қорқамын. Бармайықшы ол жаққа, сондай қараңғы. Ана мүсәпірси қалған қайыңдардың ар жағында аузын бүйтіп ашқан құбыжық тығылып тұрған сықылды. Сен күліп тұрсың ғой, сенбеймісің сен? Рас-рас. – Фаузияның көзі бақырайып шынымен үрейленіп қалыпты. Мен оның тілін қызық көрем бе, әлде балалығым ұстай ма, білмеймін, ызаландыра түскім келеді.

- Қорқақ, қорқақ, мәссаған! Шынымен бе? – деп мазақтаймын.

- Енді ше. Мен кішкентаймын, сен кішкентай емессің.

- Менімен бірге жүрсең де қорқасың ба? Мен ше?

- Жо-жоқ... Аһа, солай сияқты. Тіпті кей кезде сенен де қорқа бастаймын. Есіңде ме, былтыр автобус ішінде: «Аяғымыз аяғыңыздың астында қалып қойғаны үшін кешірім өтінем», - деп әжуалағаның. Сосын тесіле қарап тұрсың, қорқып кеттім... Танымайтын адамға солай қарауға бола ма екен?

- Сен қараған жоқпысың?

- ...

- Неге қарадың сонда? – деймін сол уыздай сәтті қайта есіме алып.

- Білмеймін, қарағым келе берді. – Фаузия төмен қарап күлімсірейді. – Ал сен ше?

- Білмеймін, қарай бергім келді саған...

- Сәкен деймін, кетейікші, мамамды үрейлендіргім келмейді. Сотқарлар соғып, не жазым етуден тайынбайды деген болатын. Мен бар ғой, өлімнен жаман қорқам, қым-қиғаш түстер көрем ылғи. Сен білмейсің ғой, менің папам қатты ауру. Ауруханада. Түк сөйлегісі келмейді, барған кезде теріс қарап, қабырғаға қадалып қалады. Енді қалғаны... Сонан кейін мамамды ренжіткім келмейді. Әйтпесе сондай ерке болатынмын.

Мен бағанағы желбастығыма қатты өкінемін. Осы маған өмірі ақыл кірмейтін болар. Бірде алай, бірде бұлаймын. Әлгінде ғана тұнжырап тұр едім енді жадыраған аспандаймын. Жерге бір қараймын, көкке бір қараймын – менің сасқандағы әдетім осы. Сүйтемін де:

- Қой-қой, ондай нәрсе айтпасаңшы, - деймін Фаузияны құшағыма тартып, - бостан-бос үрей неге керек. Сен мықты жан емеспісің. Мойымау керек ондайға.

- Түу, Сәкен-ай?! Сен өзің біртүрлісің. Біреудің сөзімен жұбатпашы, әлдекімдерді қайталамашы, керегі жоқ... Сені өкпелетейін деген жоқпын, сен тырсима, жарай ма? Бір жақсысы, сен өтірік айта алмайсың, мен саған қашанда сенем. Мен сені бар ғой, сені шын ұнатам, рас жақсы көрем... Сүйемін сені... Ал, бұдан былай сені өзің сөйле, өзің тап, өзгенің сөзін қайтесің. Сонда мен сені онан сайын жақсы көре түсем, - Фаузия маған мөлдірей қарайды. Бұдан артық бақыттың керегі не маған. Керегі жоқ. Аузыма сөз түспейді, тек қана:

- Фаузия, жаным Фаузия... Немене біз осы... Ал, менің тапқаным бар! Өз тапқаным бар! Айтайын ба, а, айтшы деші, - дей беремін. Ол күлімсіреп басын изейді еркелікпен шыр айналып.

- Ол, ол сенсің, сенсің, жаным!

- Сәкен, Сәкен-ай... Қойшы енді, - басын бұлғалақтатып жолатпайды, сосын менің жағымнан ұстап:

- Кел, онанда мен сүйейін, міне, былай, болды ма? – дейді жымиып. Мен басымды шайқаймын.

- Ал, онда тағы да, сен сондай пәле екенсің. Қой енді, кеттік. Әне троллейбус келеді, - деп қолымнан тартады. Жүгіргеннен жүгіріп отырып ұзынша салонның есігінен аттай береміз. Қалжырап отырған кондуктор кемпір:

- Паркке, паркке барамыз, - деп екі билет ұсынады.

Біз қараптан-қарап күліп жібереміз. Онысы несі, біз парктен келеміз, бұлар паркке барамыз дейді. Жердің жұмыр екенін, тынымсыз айналып жатқанын осының өзі-ақ дәлелдеп тұрған жоқ па?

- Бақытты билетті қара, - дейді Фаузия жанары жалт етіп. Расында да бақытты билет екен, екеуміз жерден жеті қоян тапқандай қараймыз әлгі алты орынды тылсым сандарға. Бұл дүниеде бұлардан керемет белгілер жоқ біз үшін. Біз бақытты билетке, бақытты сәттерге сенеміз.

Көгілдір керім троллейбус екі сымнан қос қолдай ұстап Гоголь көшесі бойымен уілдеп келеді селк-селк етіп. Фаузия менің кеудеме басын сүйеп, жүрегімді тыңдап отыр. Лүпіл жүрек ғалам сарайына сыймай бұлқынады-ай бұлғақ қағып.

Алматы, 1978.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар