Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Камал Әлпейісова. Дүрбелең күнгі кездесу (әңгіме)...

28.02.2025 1874

Камал Әлпейісова. Дүрбелең күнгі кездесу (әңгіме) 14+

Камал Әлпейісова. Дүрбелең күнгі кездесу (әңгіме) - adebiportal.kz

Басқа курстастарына қарағанда кезінде бір бөлмеде тұрған Рашида, Бибігүл, Бекзада  мен Аиданың қарым-қатынастары оқу бітіргелі үзілген жоқ. Ара-тұра болса да телефон шалысып, жолдары түссе, үйлеріне соға кетіп жүрген олар былтыр кездесулерін алдын-ала жоспарлап қоюды келісті. Оған мамыр айындағы мереке күндері Алматыға келген Бибігүлдің бір күннен кейін Сарыағашына қайта кететіні себепші болған. 

- Түу, немене от алып келдің бе? - деді Рашида кейіп, - сонда біздікіне бармайсың ба? Келетініңді естіп, күйеуім мен балалар күтіп жүр...

Бибігүл құрбысын құшақтап, «Келесі келгенде барам. Қара да тұр, тура сенің үйіңе түсем де, жатып алам. Сонда Сержанды қызғанып жүрме», - деп күле сөйлеп, әңгімені басқа арнаға бұра қойды. Сосын құрбыларына қарап:

- Осының өзінде әрең жіберді директорымыз. Қас қылғандай мойныма кезекшілікті іліп  қойыпты. Оны бір әріптесіме жалынып жүріп ауыстырдым, - деп ақтала сөйледі. -  Биыл менің сыныбым мектеп бітіреді ғой, шіркіндер «табиғат аясында демаламыз», «маевка» деп жүріп, бірдеңеге ұрынып қала ма деп өзім де  қылпылдап отырмын, шынымды айтсам... 

- Иә, қылпылдайтын жөнің бар. Сендердің балаларыңа күн қаттырақ әсер етіп, ертерек есейеді ғой... Естіп жатырмыз қилы-қилы оқиғаларды, - деп мырс етті Аида.

- Қойшы осындай болмайтын әңгімені...

- Неге болмайтын? Қызды еркінен тыс алып қашу да болмайтын әңгіме ме? Кезінде өзіңнің басыңнан да өтіп еді ғой? Ал қазір дүңк-дүңк етіп естіліп жатқан «ұл зорлау» деген сұмдық та болмайтын әңгіме ме? Тіпті...

- Қыздар... 

Рашиданың тамағын қырнап, өзіне көзінің астымен қарағанын байқап, Аида тілін тістей қойды. Бір бөлмеде тұрған төртеудің ішіндегі жасы үлкендеуі болған соң, Рашида қашанда қыздардың көңілге келер, бостекі сөздерін тыйып тастап отыратын. Қалған үшеуі де ешқашан онысын теріс демеуші еді.

Ыңғайсыздықты жуып-шаю үшін Рашида: «Қыздар, жасымыз біразға келді, балаларымыз өсті, енді адам құсап, алдымызға 2-3 күн салып кездесейікші» деген-ді. Онысын құрбылары қуана қоштап қана қоймай, іле жоспар құрып тастады. Бәрі де мұғалім болғандықтан, қысқы және жазғы каникулды пайдаланып, кезек-кезек бір-бірінің туған жерлеріне баратын болып келісті. 

Бекзаданың ұсынысымен алғашқы кездесулерін жазда соның елінде өткізіп, Бекет атаның мешітіне барудан бастады. Қысқы каникулда студент кездері өткен Алматыда бас қосатындары да сол жолы айқындалған-ды.

...Бұдан жиырма жыл бұрын оқу бітірген соң үш қыз өз елдеріне кетті. Тек Өскемен зауыттарының мұржаларынан ауаға шығарылатын будақ-будақ түтіннен барған сайын тынысы тарылып, буына жөтеліп қайтатын Аида Алматыда қалып қойды. Жалғызсырап жүрген ол арада он бес жыл өткен соң докторантураға түскен Рашида үй-ішімен көшіп келгенде қатты қуанды. 

Зыр жүгіріп, қисыны келмей жатқан шаруаларын ыңғайластырып, балаларды мектеп пен бақшаға орналастыруға көмектесіп жүрген оны отбасы мүшелері де бірден өзімсініп, жақсы көріп кетті. Жаны таза, күлбілтеге салмай тік сөйлейтін, өзі педагог болған соң ба әлде тумысынан балажандығынан ба, бала біткенге үйірсек, тілін тапқыш, ал құрбысының балалары десе шығарда жаны бөлек Аида көп ұзамай-ақ бұл отбасының бір мүшесіне айналып кетті. Тіпті ара-тұра қыдырып келгенде қона салатын.

Рашида біраз тұрмыстық жүгінің жеңілдеп, кейбір мәселесінің оңтайлы шешілуіне он жылдан астам қаланың білім беру саласында қызмет еткен құрбысының абырой-беделінің септігі тигенін жақсы біледі, әрине. «Әр қалада бір үйің болсын» деген даналық сөздің мәнін де құрбысының өзіне жасаған қамқорлығына қарап ұққан. Аңқылдаған Аида бұлар қаражаттан қысылып жүргенде күйеуін өзі басқаратын жеке  мектепке жұмысқа алғаны, ал Рашида диссертациясын қорғаған соң сол жоғары оқу орнында қызметке қалдырылғанда бұдан бетер қуанғаны да есінде. 

Тәуелсіздік мерекесімен бір-бірін құттықтағанда құрбылар жаңа жылды бала-шағаларымен қарсы алып, қаңтардың алғашқы сәрсенбісінде Алматыда жолығысамыз деп бәтуаласқан. Одан бір күн бұрын алматылық екеуі Рашиданың үйінде шәй ішіп, ертеңгі кездесу жоспарын құрып отырғанда кенет Бекзада бейнебайланысқа шығып, келе алмайтынын айтты.

- Неге?! - десті бұлар қосарлана.

- Естіген шығарсыңдар, ел іші дүрлігіп... басыла ма деп ек, кешелі бері өршіп бара жатыр... Аяғы не боларын?.. Оқушыларым бір нәрселерге ілігіп қала ма деп қорқып тұрмын... 

- Осы сендер-ақ дүрлігесіңдер де жүресіңдер, - деді Аида әдетінше тік сөйлеп, - Екі-үш күн демалыс болса үйлеріне сыймайтын еріккендер көп шығар, сірә?

- Жоқ, олай емес... мұнда әлеуметтік мәселелер айтылуда... 

Бекзаданың сөзін бөліп қос құрбы жарыса сөйледі:

- Билік адамдары барып, келіссөз жүріп жатыр дейді ғой... Енді не керек? 

- Тараңдар... бір пысықайлар бейбіт шерулеріңді пайдаланып кетпей тұрғанда... 

- Соны айтам... Әр жерден қисық-қыңыр ұрандар естіліп қалып жатыр... Бірақ үлкендер ондай тентектерді тыйып тастауда. -  Бекзаданың даусы үзік-үзік естіле бастады. - Жұрттың қарасы да барған сайын көбеюде... Сендерде қалай? Бүкіл ел көтеріліп жатыр дейді ғой...

- Қойшы, қара аспанды төндірмей... 

Бекзада тағы бірдеңе дей бергенде әлдебір кедергі дыбыстар шығып, іле байланыс үзіліп кетті де бұлар біраз үнсіз отырып қалды.

Содан соң Бибігүлдің хабарын білу үшін екеуі оған кезек-кезек телефон шалған. Бұлардың көңіліндегі үрейден бейхабар әйел дауысты робот: «Телефон байланыс аясынан тыс жерде» деп қайталаумен болды. Сосын екеуі жан-жақтағы таныстарына хабарласқан. Әрқайсысы әртүрлі жағдайды айтып, одан әрі шошытты. Жалма-жан әлеуметтік желіге үңіліп, онда әр жерде пайда болған наразы топтар туралы ақпаратты көргенде Бекзаданың үрейлі сұрағы ойға оралып, жүректеріне қорқыныш ұялай бастады...

Сержан жедел жәрдем станциясында істейтіндіктен, әлдебір шетін жағдай болмаса, өзіне жұмыс кезінде телефон соқпауы туралы бала-шағасына қатаң ескерткен болатын. Сол тыйымнан аса алмаған Рашида өзіне біраз тоқтау салып бақты. Ақыры шыдамады. Бірақ күйеуі ашылып ештеңе демеді. «Түсініксіз жай болып тұр» деді бар болғаны. Сосын сәл күмілжіп тұрды да: «Алаңдама. Біз ауысымсыз, күшейтілген режимде жұмыс істеуіміз мүмкін. Балаларды сыртқа шығарма», - деп нықтады. Күйеуінің соңғы сөздерінен Рашида оның  әлдебір нәрсені айтпай тұрғанын сезді.

Бір кезде сырттан тарс-тұрс еткен дыбыс, айқай-шу естілді. 

- Соғыс басталып кетті ме? - деп орнынан үрейлене атып тұрды Аида.

- Бүгін қандай мереке еді? Фейерверк атып жатыр ма? - деді көзін уқалап, бөлмесінен шығып келе жатқан ұлдың үлкені. 

Не болғанын көрейін деп терезеге жақындаған Аиданы телефонының шырылы тоқтатты. Тұтқаны құлағына тосқан ол көзіне үрей толып, тек басын изей берді. Сосын Рашиданың сұрақ толы жүзіне қарап: «Оқу бөлімінен ғой...  Оқушыларға хабарласып, далаға шықпасын, әр ата-ана өз балаларына ие болсын деп айтыңдар» деп  жатыр» - деді сыбырлай сөйлеп. 

Сосын «Мен мектепке барып келейін», - деп киіне бастады.

- Мен де университетке барып келсем бе екен? 

- Сендерде студенттердің көбі каникулға ауылдарына кетті емес пе? Біздің оқушылардың бәрі қалалық қой... Әрі, балаларды үйде жалғыз қалдырмайық та...

- Абай бол енді. Тез орал... Кеше таза ауада жүрем деп машинаңды тастап кеткеніңді қарашы.

- Жақын ғой...  төтелеп, тез-ақ жетем.

Аида кеткен соң тағы да Бекзада мен Бибігүлге кезек-кезек телефон соғып отырып, Рашида олардың жақындарының біреуінің де  телефон нөмірін білмейтініне өкінді. Әріптестері үй телефонына хабарласып, оқытушылардың жатақханаға кезекшілікке қойылғанын айтты. Тізімде тек ер адамдар екен, әйел оқытушыларға сабыр сақтау, үйлерінен шықпау, бала-шағаға ие болу туралы айтылыпты. Көңілін одан сайын үрей билеп, Көкшетаудағы сіңлісінің үйіне телефон соғып еді, ол көшеде бірлі-жарым топтар жүргенімен онша қатты дүрлігу жоқ деп, жұбатып қойды.

Әлдебір түсініксіз жағдайдың болып жатқанын сезді ме, балалар да бұрынғыдай асыр салмай, ұйлығысып, бір бөлмеге тығылып, үлкені кітапқа үңілсе, кішкентайлар айпад, телефонға шұқшиып отыр. Рашида көңіл түкпіріндегі алаңдаушылықты баса алмай, бірдеңе істеуге де құлқы болмай үй ішін кезіп, жүрді де қойды. 

Кеш батты. Телефон соққандардың сөзінен үрейі ұшып, интернеттің өшірілгені, оған қоса теледидардан бір көрсетілген жаңалықты қайта-қайта айналдыра бергендерінен де дүдәмал ойлар қаумалап, алыстан естілген тарс-тұрс дыбыстарға құлақ түріп, есік күзетіп отырғанда Аида келді-ау әйтеуір. 

- Тыныштық па?

Аида кеудесін кере өкси тыныстап, басын шайқады. 

- Не болып жатыр өзі? – деп тағатсыздана сұрады Рашида.

- Түсінсем бұйырмасын... Көшеде қаптаған адам... Түр-түстері біртүрлі... суық. Өткен-кеткенге дікіңдеп сөйлейді. Ағылып кетіп бара жатыр әкімдік жаққа. Кімнің кім екенін біліп болмайды. Біздің бір мұғалім алаңға жақын жерде – Сәтбаев көшесінде тұратын. Сол атыс болған кезде әлдекімдер адамдарды жас демей, кәрі демей  аяусыз ұрып-соғып жатқанын көріпті... 

- Неге?

Аида «білмедім» дегендей екі иығын көтерді. Сосын өз ойынан өзі шоши сыбырлап, «Соғыс басталмаса нетті...» деп өкси жылап отыра кетті.

Көшедегі дүрбелең түні бойы толастамады. Балаларын бірінен кейін бірін құшақтап, тыныштандыруға тырысқан Рашида үйлері көшенің бойында емес, тұрғын үй кешенінің аула ішінде болғанына шүкіршілік етті.  Солай болса да қиқулап жүгірген адамдардың айқай-шуы атылған оқтың тарсылы мен гүрс-гүрс еткен жарылыстарға, сынған әйнектердің  саудырап түскен дыбыстарына ұласып, балалар түгілі үлкендердің зәресін ұшырды. Сұраулы жүзбен қараған балаларына далада не болып жатқанын түсіндіре алмай, бар болғаны: «Сәл шыдайық, бәрі де қалпына келеді», - деп қайталай берді. Бірақ шындығына келгенде, іштей оған өзінің де сенімі жоқ-ты. 

Қаланы басқан түтін де мұның көңіліндегі күдік сияқтанып, барған сайын қоюлана түсті. 

Таң ата ғана көзі әзер ілінген Рашида дәлізде киініп жатқан Аиданың тықырынан оянды. «Қайда барасың? Далада атыс болып жатыр ғой!» - деген бұған «Мектепке, - деді ол қысқа қайырып, - жаным байыз табар емес». Ол ауыз жауып үлгіргенше гүрс еткен дыбыс тым жақын жерден естілді. Іле ауладағы машиналардың дабылы қосылып, ойбайлап, жылаған дауыстар естіліп, аула іші азан-қазан болды да кетті. Оған үйдегі кішкентай балалар шулай қосылған. Тап осы сәтте есік қоңырауы кенеттен шыр-шыр еткенде, жүйкелері тозған қос құрбы  шыңғырып, бір-бірін құшақтай алды.

Екеуіне таңғала қарап есікке қарай тұра жүгірген үлкен ұл әдеттегідей «Кім?» деп сұрамай-ақ, ашып қалғанда әуелі ар жағынан еңкілдей жылаған дауыс естілді. Сосын жүзін жас жуып, жақтауға сүйеніп тұрған бір әйел табалдырықтан аттар-аттамастан аңырай жылап, дәлізде шөкелеп отыра кетті...  Бұл Бибігүл еді.

Дір-дір еткен Бибігүлді үшеулеп төсекке жатқызып, Аида мен Рашида кезек құшақтап, етігін шешіп, үстін қымтап, әзер тыныштандырды. Сәлден соң басын көтертіп, ыстық шәй ішкізді. Бірдеңе сұрауға да бата алмай, жүзіне жалтақтап  отырған құрбыларына қарап, иегі кемсеңдеген Бибігүл бір кезде өзі: «Амансыңдар ма?» деп сыбырлай сұрады.   

- Аманбыз... Аманбыз ғой... Өзің поездан түстің бе?

Бибігүл басын шайқады.

- Кеше түнде индрайвермен шыққанбыз... органда істейтін інім келіп еді ғой Астанадан... Жаңа жылға әдейі демалысын алып... Соған кеше жұмысынан дереу қайт деп телефон соғып, Шымкенттен билет табылмай... Әйтеуір Алматыдан бүгін түске жақын ұшақ бар екен, соған жетейік деп едік қой...

- Сосын?

- Бірден әуежайға бардық... Біртүрлі тым тыныш көрінді. Әдеттегідей келіп-кетіп жатқан көлік жоқ. Бір адамдар тоқтатып, тексерді де, билеті бар інімді ғана өткізді. «Шығарып салайын» дегенімді тыңдаған да жоқ. Ашушаң біреу ме деймін, «кетіңдер!» деп зіркілдеп, жалынсам да кіргізбеді. «Бір адам көрінбейді ғой» дегеніме такси жүргізушісі: «Карантин енгізілген шығар... әлде ученье болайын деп жатуы мүмкін», - деп жұбатып қойды мені.

Бибігүл өксіп, демін тереңінен алды да, сөзін әрі қарай жалғастырды.

- Ініме хабарласайын десем, кеше асығып жүріп, телефонымды ұмытып кетіппін. Артыма қарай-қарай кеттім... Құдай-ау, қалаға кірсек те... адам танымастай боп кеткен. Көше жым-жырт, ел көшіп кеткендей... Орталыққа бет алғанда тіпті шошыдым – кейбір ғимараттар терезелерінің әйнектері парша-паршасы шығып, көзі соқыр адамдардай үңірейіп тұр... әр жерде қаракүйелеш үйлер... Көшеде түрлерінен адам шошитын біреулер топырлап жүр... 

Сыртта не болып жатқанын түсінуге тырысқан Рашида мен Аида үрпиіп тұрған балаларды бөлмеден шығарып, өздері Бибігүлдің үзік-үзік әңгімесіне  жіті құлақ түрді. 

- Қала орталығына ендеп кірген сайын одан әрмен зәреміз ұшты. Әйнектері тас-талқан болған дүкендер, дәмханалар... көрдік. Іші бықсып жанып жатыр. Қашып бара жатқан, қуып бара жатқан адамдар... Жүргізуші қаланы жақсы біледі екен, айналасын шолып келе жатып, бір ой келген сияқты... Кілт бұрылып, үлкен даңғылдарды айналып өтіп, ықпыл-жықпыл көшелермен жеткізді әйтеуір. Сыртқы есікке жақындағаным сол еді, гүрс етіп бірдеңе жарылды... қарауға да шамам келген жоқ. 

Иегі дір-дір еткен Бибігүл бұларға қарап: «Қаланы көрдіңдер ме?» деп сыбырлай сұрады. Сосын өз сұрағына өзі жауап беріп: «Соғыстан кейінгі қала сияқты... орталықтағы үйлердің сау-тамтығы қалмаған-ау, сірә, әйнектері шағылған, қабырғалар от-жалыннан күйелеш-күйелеш боп тұр. Өртенген, қираған машиналар төңкеріліп жатыр... адам шошиды... - деп күбірледі. - Не болды өзі?»

Рашида орнынан атып тұрып, жалма-жан Сержанға телефон соқты. Неше рет қайталап терсе де робот-дауыс «Телефон байланыс аясынан тыс жерде» дегеннен танбады. Енді Рашида жолдасының әріптестеріне телефон соға бастады, тым болмаса біреуімен тілдесермін деп үміттенген еді, ол үміті де ақталмады. Сонда да тоқтамастан учаскелік инспектордың, аудандық полиция бөлімшесінің, өзі білетін медициналық мекемелердің телефондарын тере бастады.  Кітапшаларды ақтарып жүріп станцияның қалалық нөмірін тауып алып, кезекшісіне хабарласты. Дабыл барып тұрғанына қуанып еді – бірақ ешкім тұтқаны көтермеді. 

- Жолда, Бөгенбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысынан өтіп бара жатқанда бір ашулы топтың полиция киіміндегі адамды дедектетіп сүйреп әкетіп бара жатқанын көзім шалып қалды, - деді Бибігүл сыбырлай сөйлеп. -  Онысы несі? Әдетте, тәртіпсіздікті басуға полицейлер бармаушы ма еді? Ана адамдар неге полицейлерді таяқтап жүр?

- Шындығында, түсініксіз жағдай сияқты... тәртіп күзетіндегі адамдарға шабуылдау – жақсылықтың нышаны емес.

- Менде бір күдік бар: осылар біздің елдің адамдары емес сияқты... өз отандасын, қаны бір туысын соншалықты аяусыздықпен өлімші етіп ұрмайды ғой... Сырттан келген... әдейі үйретілген әлдебіреулер болмаса...

- Аида, сен де көшеге кенет толып кеткендердің жүріс-тұрыстары да, сөйлеу мәнерлері де өзгеше, өктем көрінді деп күдіктеніп ең ғой? Әлде шабуылдаушылар полицейлерді қорқыту үшін әріптесін әдейі соққыға жығып, арандатып отыр ма екен?

- Бір мұғаліміміз «Теректі» шағын ауданында тұратын. Сол кеше әлдебіреулер нөмірі жоқ көлікпен көше-көшені аралап, дауыс зорайтқышпен түрлі насихат жүргізгенін естіпті. 

- Сонда не депті?

- Жұртты алаңға барып, билікке қарсы шығыңдар деп шақырыпты.

- О, сұмдық! 

- Жиналғандарды автобустарға отырғызып, орталыққа жіберіп тұрды дейді. Беттерін тұмшалап алған, көздері өңменіңнен өтеді деп шошып отыр... Қаладағы балаларын уайымдап отырған ол бір амалы табылар, жетіп алайын деп автобусқа мініпті. 

- Қандай жағдайда да байғұс ана баласы үшін басын бәйгеге тігеді ғой... 

Болып жатқан оқиғаны неге жорырын білмей, үшеуі біразға дейін үнсіз қалды: интернет өшкен, ұялы телефон байланысы үзілген... «Жаманат жерде жатпайды» деген сөз бекер айтылмаған сияқты, бұларға да «шабуылшылар әуежайды басып алыпты», «бір аудандық ішкі істер бөлімін қызметкерлерімен қоса сырттарынан құлыптап ұстап отыр екен», «Қалқамандағы 7-қалалық аурухананың бір бөлімшесін басып алып, ешкімді не шығармай, не кіргізбей тастапты», «қала әкімдігінің ғимараты тәртіпсіздік жасаушылардың қолына өтіпті» деген бірінен бірі өтетін адам нанғысыз хабарлар үсті-үстіне жетіп, үрей үстіне үрей қосты.   

Үзік-үзік берілетін жаңалықтардан ірі қалаларда коменданттық сағат орнатылатыны туралы хабарды естігенде құрбылар жағдайдың ушыққанын  ұқты. Көзі ашық жан коменданттық сағаттың ел-жұрттан шығын шықпасын деп, аса қауіпті жағдайларда ғана орнатылатынын біледі. Кітапта жазылатын «ел басына күн туды» деген осы шығар... 

Оқушыларға елді сүю, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін еңбек етіп жүрген тұлғаларды құрметтеу туралы ұдайы айтып жүретін оларды Үкіметтің  отставкаға кеткені кәдімгідей ойлантты. Өйткені балаларға жоғары биліктегі әр адамды халық тағдырына алаңдайтын жауапты тұлға деп айтатын өздері ғой. Мынадай жағдайға жол бергендеріне қарағанда олардың ішінде де ел мұратына  адалдығы күмәнді жандардың болғаны ғой. Дауыстап айтпаса да әрқайсысының көкейінде «Енді балаларға мұны қалай түсіндіреміз?» деген сұрақ тұр еді.

 «Ең жаман нәрсе – беймәлімдік» дегенді осындай жайды басынан өткізген жан айтқан болар. Бір-бір отбасының, тіпті ұжымның тізгінін ұстап, шәкірттерге білім беріп, мұқтаж жандарға ақыл айтып, жөн сілтеп жүрген үш құрбы – үш ұстаз мынадай жағдайда не істеу керектігін білмей, тығырыққа тірелді. Мың сан болжалдан бастары дыңылдап, сыртқы дүниеден нақты, анық хабар ала алмай дал болып отырғандарында кенет есік қоңырауы шырылдай жөнелді.  Бөлмесінен атып шығып, есікке бәрінен бұрын жеткен ұлының: «Әке!» деген даусы естілгенде, орнынан тұра берген Рашида буын-буыны босап, қайта отыра кетті.

Аида мен Бибігүл есікке жарыса жетіп, Сержанды бассалып құшақтап, бір күліп, бір жылап жүріп, «Не боп жатыр?», «Бұл не болды өзі?» деп сұрақтың астына алды.

- Сабыр... сабыр сақтайық, қыздар, - деді сақал-мұрты тікендей боп өсіп, өңі күреңітіп кеткен Сержан сырт киімін шешіп жатып. – Көп жай түсініксіз, кімнің кім екенін ажырата алмайсың... 

...Әзірге белгілісі – қай жақтан сау ете қалғаны белгісіз қарулы біреулер жолындағының бәрін қиратып, таптап-жаншып, қалалық әкімдікке шабуыл жасаған. Телеарналарды басып алмақшы болып, әрекеттері іске аспаған соң өрт қойыпты. Телемұнараға қайта-қайта ұмтылып жатыр. Шабуылдарға тойтарыс беру үшін қарсы тұрған күзет қызметкерлерін, сарбаздарды айуандықпен ұрып-соғып, тіпті бірнешеуін шімірікпей өлтіріп кетіпті деген хабарды естідік.

- Сұмдық-ай! 

- Әшейін аулаларда тұрған машиналарды өртеуде. Оны айтасыңдар, көмекке бара жатқан бірнеше «жедел жәрдем» көлігін аударып тастапты...

- Астапыралла! Сонда бұлар қазақтар ма өзі?

- Өкініштісі де сол – қазақтар сияқты. «Жалдамалылар» болуы мүмкін... әр жерде намаз оқып жатқандарды көргендер көп. Телефонға түсіріп алған бір бейнежазбаны көрдім: екі-үш адам шынымен көшеде намаз оқып жатыр... 

- Намаздан садаға кеткірлер...

- Иә, дінді желеу етіп, әлі санасы бекімеген талай жасты арандатқаны байқалды – жарақат  алып, ауруханаға түскендердің ішінде жастар өте көп. Дәрігерлік көмекке жүгінбегендер қаншама! Кейбіреулері  еліріп алған...

- Еліріп? Неге өйтеді?

- Әдетте психотроптық заттарды қолдану солай әсер етеді.

- Иә-иә, профилактикалық деректі фильмдерде көрсететін еді ғой.

Күйеуінің шұғыл шақыртуларға шығуына үйренген Рашида оның бұл келуінен кетуі тез болатынын айтқызбай ұғып, таза киім, керек-жарақ заттарын қамдай бастады. Киімін жылдам ауыстырып, ыстық тамақты жүре жеген Сержан төсегінде жайбарақат ұйықтап жатқан кішкентайларын барып иіскеді де, есікке беттеді. Әйелі  ұсынған үйде бар нан, піскен ет, шұжық, түрлі консервілер салынған дорбаны қолына алып тұрып, ұлына:

- Үйдің бас көтерер азаматы – өзіңсің. Мен келгенше апаларыңа да, бауырларыңа да ие бол. Сыртқа шықпаңдар! Бірер күн шыдаңдар, бәрі реттеледі, - деді нық сөйлеп... 

Бірақ қаланың әр жеріндегі атыс-шабыс ол айтқандай тез тоқтамады. Оқ-дәрі мен жарылыстардың, деміл-деміл бұрқ етіп шығып жатқан өрттің түтіні аспанды тұтастай жауып, күннің көзі мүлде көрінбегендіктен, осы күндері Алматы көркі көз қуантатын ару шаһар емес, фантастикалық кинолардағы елес-қалаға көбірек ұқсайтын. 

Түтіннің иісі қолқаны алып, көзден жас парлатады. Содан ба екен, әлде басқа бір себептері бар болар, өткен кеткен бірен-саран адамдардың бәрі беттерін тұмшалап алған. Оларды көріп, жетінші қабаттан қарап тұрған құрбылар кім деп жорырын білмеді: бұлар өздерін танытқысы келмеген басбұзарлар ма, әлде улы ауадан сақтанған қала тұрғындары ма? Бағзы кездегідей жайбарақат жүрген жан жоқ, көше жым-жырт, тек кеше түн ауа жастардың даурығып сөйлескендері естіліп қалды. Құрбылар алғашында көшеде адам даусы естілуін жақсылыққа жорып, селт ете қалса да, іле көңіл-күйлері кілт бұзылды. Айқайлай, бір-бірі кіжіне боқтаса сөйлесіп өтіп бара жатқандарға қарауға да жүректері дауаламай отыра берген. 

Міне, бүгін де қас қарайған кезде сырттан әлдебір шу шығып, оған жеңіл машиналардың дабылдары қосылып, іле көше жақ азан-қазан болды. Үш  құрбы жарықты сөндіріп, балконға шықты. Тау жақтан ылдилай түсетін көше осы үйдің қасынан бұрылатын. Сол жолға түскен он шақты қыз-бозбала дабырласып, өтіп бара жатыр екен – әрқайсысының қолдарында лық толған сөмке, дорба бар. Өздері әлденеге риза сияқты, кейбіреулері біресе қарқылдай күліп, біресе әлдекімге кіжініп, боқтық сөз араластыра айқайлап қояды. 

Шашы желпілдеп, топ басында бара жатқан жігіт екі-үш адымдап барып, жол бойында тұрған көліктердің біреуін шірене теуіп жібереді. Машинаның дабылы қосылған кезде топтағылар дарақылана күлді-ай дерсің. Сол күлкіге арқалана ма, ол аяғын аспандата сілтеп, тағы бір машинаны тебеді... Кенет соңғы жағында келе жатқан біреуі көзге түскісі келді ме, жол шетінде жатқан тасты алды да, келесі машина әйнегінің күл-паршасын шығарды...

- Әй, ұяттарың қайда сендердің? – деп айқай салды Аида.

Күтпеген дауыстан қалт тоқтаған топ жоғары қабаттардың терезелерін көздерімен тінткілеп, келесі сәтте жапатармағай тас лақтыра бастады: екінші, үшінші қабаттағы үйлердің әйнектері бірінен кейін бірі қирап, сау етіп  асфальтқа шашылып түсіп жатты. Абырой болғанда Бибігүл шалт қимылдап, құрбысын балконның түпкі жағына тартып алып үлгірген болатын.

- Үндеме! Мыналардың ісін көріп-ақ сөз ұқпайтынын түсінбейсің бе? Кімді ұялтып, жөнге салмақсың?

- Масқара! Мыналар мектеп оқушылары ғой... – деді Аида шоши сөйлеп.

- Масқараның көкесі ана жақта болып жатыр, - деді құрбылардың қасына келген Рашиданың ұлы. – Адамдар лек-легімен келіп, қарсы беттегі үлкен дүкенді тонап жатыр.

- Тонағаны несі? – Қосарлана тіл қатқан құрбылар жаңағы топ бұрылған қарсы көшеге қарайтын терезеге ұмтылды. Ол жақта қалаға көрік беріп тұрған еңселі ғимараттардың бірі – екі көшенің ортасында бой көтеріп, халықтың әрі қажет затын сатып алатын, әрі бала-шағамен барып демалатын үш қабатты сауда орталығы бар болатын.

Шындығында да, алып дүкеннің алдында әрі-бері жүрген адамдардың қарасы мол екен. Біреулер кіріп бара жатыр, біреулер дорбаларын толтырып, шығып кетіп барады. Үстірт қараған адамға күнделікті саудасын жасап жүрген жандардай көрінетіні рас. Бірақ, кеше бұл сауда орталығының қасында да жарылыс болып, әйнек қабырғалардың күл-паршасы шыққан. Іле қызыл оттың сумаңдаған тілі жан-жағын жайпай бастағанда, сірә, тауарларын құтқаруға әрекеттенгендер болуы керек, бірен-саран адам лаулаған отпен алысып, шырқырап жүрген. Бірақ, тілсіз жау дес бермеді. От таңға дейін әр жерден бұрқ ете түсіп, бықсып жанып,  бір кездері көшеге сән беріп тұрған сауда үйі аңғал-саңғал, қара күйелеш ғимаратқа айналып еді. Енді, міне...

Есік-терезесі жоқ дүкенге асыға беттегендер легі аз емес екен. Көбісі  әлденеден құр қалатындай дедектеп, ентелей басып барады. Кейбіреулері тіпті балаларын ертіп алыпты. Ана бір еркек пен әйел дүкен ішінен азық-түлік салатын арбашыққа толтырып алып шыққандарын есік пен төрдей көлігінің жүксалғышына тоғытып, екінші рет кірмекші ме, қолдарын дүкен жаққа сермелеп, әлденені бір-біріне дәлелдеп әлек. 

Мұндай үш ұйықтаса түстеріне де кірмейтін көріністі ақылдарына сыйғыза алмаған үш құрбы өз көздеріне сенбей, тілдері байланып қалғандай күй кешті. Сосын, болып жатқан оқиғаның мәнісін ұққанда: 

- Масқара-ай! 

- Сұмдық-ай! 

- Мына жұртқа не көрінген? – десіп, шарасыздықтан аһ ұрып, бір-бірін құшақтай, көз жастарына ерік берді...

- Дүние не болып кетті, қыздар? – деді Бибігүл үйге кіріп, өз-өзіне келген соң. – Соншама ашкөздік қайдан пайда болған бұл жұртта? Құдай-ау, өрттен қалғанды тышқаншылап таситындай аштан өлейін деп отырған жоқ қой ешкім.

Қыздар қыстығып, әзер отыр еді. Мына сөздер бітеу жараның бетін жұлып алғандай әсер етті: бірінің сөзі бірі іліп әкетіп, кешелі бері іштен тынып, іштеріне сыймай бара жатқан ойларын іркіліссіз айта бастады:

- Аталарымыз «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деуші еді... Жаңағылар... адам жиіркенеді істерінен. Оларды қалай ғана «отандас», «азамат», «бауыр» дейсің? Еш өсиетті санасына сіңірмеген, бойында еш қасиет қалмаған тобыр...

- Ана біреулер балаларын ертіп кепті ұялмай... Не деп айтты екен оларға? 

- Балалардың сиқын көрдік қой жаңа көшеден... Ұяда не көрсең... 

- Ол рас. Бірақ бізден де қате кеткені анық... Мектептен. Ұстаздардан. Көкірек көздерін аша алмағанбыз... Баға қуып, көрсеткіш, рейтинг деп жүргенде, адами қасиетті тәрбиелеу шетке ысырылып қалған...

- Мектепте, мұғалімде біздің оқушы кезіміздегідей бедел қалмады...

- Бұрынғы ата-ана да жоқ. Қоғам да басқа...

- Отыз жыл бойы мінберлерден, экрандардан, оқулықтардан басқаның есебінен оңай олжаға кенеліп, байып кеткендерді насихаттап, пір тұтудың нәтижесі бұл. 

- Қоғам, мектеп, ата-ана боп үріп ішіп, шайқап төгуді көксейтіндерді көбейтіппіз. Осы үшеуі бір-бірімен текетіресіп жүргенде, теріс дін жолына тартушылар айласын асырған. Біздің тәрбиемізден жастарды алдаушылардың ықпалы күштірек болғанының соңы қандай болатынын көрдік міне. 

- Орталықтағы митингке де «сұрасаң – береді» деген уағызға ұйып, «бер, бер!» деп, бел ауыртпай баюды ойлайтындар барғаны анық. Негізі, көбі қызықтаушылар болуы керек...

- Қайдағы митинг? Митинг деп Маңғыстауда өткен жиынды айт: жиналды, талабын қойды, шешімін естіген соң тарады. Бір бұта да сынған жоқ деп жатыр. Ал бұл – бүлік. Жоспарлы түрде жасалған террорлық акт. Әрі, әбден ойластырылған: әлсіз жерлерін дөп басып, үйіп-төгіп уәде беріп, жалпы жұртшылықтың хабарсыздығын пайдаланып, жинаған... 

- Мынаған басым қатып отыр: қанды қырғын салғандар сырттан келді делік... бірақ олардың саны бес мың, әрі кетсе, он мың болар... Ал, солардың айтағына еріп, үйлерді қиратып, өрт салғандар – осы қаланың адамдары ғой...

- Жоқ! Меніңше олай емес... Ақыл-есі кем мәңгүрт болмаса өзінің туған үйін кім талқандап, кім от қояды? Әйтпесе, білім алған, жастық шағы өткен жанына ыстық жерді бүлдіруге кім қияды? Меніңше, олар – осы қалаға келіп, өз орнын таба алмай, жалған жанашырларға кез болғандар... солардың арбауына түскен бейбақтар. Мұнда туып-өскен адам әр  көшесі таныс, әр ауласы ыстық қаласын  қиратуға бармасы анық... 

- Оны айтасың, сенбілікте өзіміз еккен шыбықты біреу жұлып жатса жанымыз шығып кете жаздайды емес пе? Сондағы тілегіміз күтіп-баптап, суарып, арамшөптен арылтып, тамырын тереңге жайған саялы бәйтерекке айналса дейміз.

- Отанымыз да сондай қамқорлыққа зәру ғой... Өскелең ұрпаққа бәрінен бұрын осы сезімді дарытуымыз керек екен...

Рашида осылай дегенде  көкейде қордаланған көп сұраққа аласұра жауап іздеп, кешелі бері жандарына маза бермеген ойларын біресе таң қала, біресе ашулана ортаға тастап, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп отырған құрбылар бір уақ үнсіз қалды. Дүниеге келген адамның адам боп қалуы үшін не істеу керек деген өмірлік сауалдың жауабы соншалықты қарапайым болар ма?

Құрбылар үнсіз ғана құшақтасты.

Оларға  осы дүрбелең күндері өмір таразысына түскен сұрақтардың жауабын іздеп әлі талай ұйқысыз түнді өткізетіндері аян еді.  Бастысы жандарын жегідей жеп, аласұртқан мың сан сұрақтың өзегіндей жауапты  тапқандай болды. Ол – еліңе, бойын енді тіктеп келе жатқан Отаныңа қамқор болу. Арамшөптерден арылту. Күретамырларына қуат болып құйылу екен. 

Шәкірттерге бай, бақуатты елдің азаматы болу оңай екенін, адамның мықтылығы қалжырап, шаршаған Отанына сүйеу болу екенін ұқтыру.

Неше күннен бері бебеу қақтыра сыздап, байыз таппаған жандарына дауа тапқандай күй кешкен құрбылар бір-бірінің кенет шырайлана түскен жүздеріне сүйсіне қарасты – бұл Алатау шыңдарының аппақ қарына сәулелері шағылысып шығып келе жатқан күннің шапағы еді. Бұлт пен түтіннен тұншыққан қала аспанына көтеріліп,  барған сайын молая түскен шуағын төккен Күнге  үш құрбы ғажайыпты көргендей құмарта көз тіккен. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар