Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ әдебиетіндегі жетімдер бейнесі (ЖАЛҒАСЫ)

29.10.2021 697

Қазақ әдебиетіндегі жетімдер бейнесі (ЖАЛҒАСЫ) 12+

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Қазіргі қазақ прозасында елеулі орын алатын жазушылардың бірі - Жабал Ерғалиев. Қаламгер қазақ прозасының зерттелуіне көңіл бөлумен қатар, өзі де балаларға арнап бірнеше әңгімелер, хикаяттар жазған. Олардың қатарында «Ескі арба» повесі, «Бұлтты түнгі толған Ай», «Тойғандар мен Тозғандар», «Жетімдік» атты шығармалары бар. «Жетімдік» әңгімесіндегі басты кейіпкерлері – Әсет пен Әсел. Әңгімеде мектеп жасындағы Әсел мен кішкентай бүлдіршін Әсеттің және олардың әкелерінің күрделі тағдыры, аянышты халі бейнеленеді: «Бір үйлі жанның жетімсіреген тіршілігі, міне, осылайша жалғасып жататынды. Ауыр сырқаттан дүние салған Ақнұрдың мына екі бірдей жетімегінің қазіргі көңіл-күйлері бейуақ, іңірдің тылсым қараңғылығымен бірге күңгірттеніп барады». Аналарынан айырылған Әсет пен Әсел енді әкелерінен қолдау күтеді. Сюжет әңгімеде былай беріледі: «Міне, мынау-сенің мамаңның суреті, бұл суретті үлкейттіріп әкелдім. Әсет екеуінің ұйықтайтын бөлменің төріне іліп қоямыз»,- деп ол қолындағы заттың орауын жазды да, ас үйдегі стол үстіне жайып салды. Кеңестің де сағынышы көзінен білініп тұрған еді, дауысы да дірілдеп шықты...

Ерекшелігі, әңгіменің баяндалуы, мінездеменің берілу тәсілі шығарманың көркін ашады.. Қаламгер көбінесе Әселдің ботадай көздерін, жабырқаулы бейнесін суреттей отыра, портретін көз алдымызға елестетеді. Тірі адам тіршілігін жасайды. Бұлардың тіршіліктерінің шырқы Ажар есімді әйелдің отбасына араласуымен бұзылады.. Әсел Ажарды үйлеріне бір бөтен адам келгендей сезініп, қолынан ас іше алмай, көпке дейін «мама» деп атай алмай жүреді. Бұрынғыдай емес, әкелері де өзгерген.

Уақыт өте келе жұмсақ дауысты нәзік әйел, нағыз қатігез әйелге айналып: «Әне, айттым ғой! Мына екі балаң тұрғанда біз бір-бірімізбен тұра алмаймыз», - деп әкелерінің құлақ етін жеп, Әселді мектеп-интернатқа, Әсетті таңнан кешке дейін бағатын балабақшаға орналастырады. Тірідей әкелерінен айырылған Әсел мен Әсеттің алдағы өмірі, болашағы бұлыңғырлана түседі.

Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінде жетімдік тақырыбын сипаттайтын тағы бір жақсы туынды – Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” көркем шығармасы. Роза Мұқанова - Қазақ прозасының өз қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті жазушы-драматург. Жазушы шығармаларының басты ерекшелігі – адам жанының диалектикасын ашу, нақтырақ айтқанда, кейіпкерлерінің ішкі рухани әлеміне үңілу, жан-дүниесіне психологиялық талдау жасау. Тіптен, Роза Мұқанова – “Адам жанының психологы”.

«Мәңгілік бала бейне» – күллі қазақ жұртының ауыр қайғысы мен мұңын жеткізген көркем шығарма. Талай көрерменнің көңілін босатып, жүрегін жылатқан туынды бұл күнде театрдан да, кинематография саласынан да орын алған. Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардабынан мүгедек болып қалған Ләйлә есімді жетім қыздың өмірі сипатталған. Туып-өскен жері Қарауылдың ащы болмысы мен жай-күйі бейнеленеді. 16-17 жасар қыздың бет-әлпеті ядролық сынақ салдарынан 8 жас шамасындағы бүлдіршін кейпінде қалып, өспей қалған. Ата-анасынан айырылып, жетім қалған Ләйлә жүрексіз, қатыгез Қатира тәтесінің қолында өседі. Жалғыз ұлының қамын жеген Қатира Ләйләнің қайғысымен ортақ болудың орнына кемсітумен болады. Бала жүрегін жаралап, тілімен түтіп алудан тайынбайды.

Жетімдігінен, мүгедектігінен әбден жуасыған, жаны жаралы Ләйлә өзін жұрттан алшақ ұстайды. Өзінің ішкі жан-дүниесін бөлісетін жан таппай, аймен сырласады. Зар-мұңын, қайғы-қасіретін айға айтады. Жарық Айға ғана сенеді: «О, жарық Ай, мүсіркеме сен мені. Мен күнәсіз қыза баламын. Сезімім бүтін, қылым дұрыс. Бірақ мынау тіршілік дүниесінен безінген жұдырықтай жүрегім кек пен қасіретке толы», - деп қамығады.

Қазақ прозасында, қазақ әдебиетінде, балалар әдебиетінде өзіндік ерекшелігімен танымал жазушылардың тағы бірі – Марат Қабанбай. Шығармалары балалар мен жасөспірімдерге арналған. Туындыларының көбінде ол заман келбеті, өмір шындығы және адамды сүю идеяларын ұстанады. «Қазақ қайда барасың?», «Сурет салғым келмейді», «Бауыр» атты әңгіме-повестері бар. Соның ішінде біз «Бауыр» шығармасын тақырыбымызға сай алып отырмыз.

«Бауыр» әңгімесіндегі басты кейіпкерлер – Манап пен оның інісі Қали. Манап пен Қалидың бала кезіндегі ауыр, аянышты жағдайлары суреттеледі. Шығарманың басты тақырыбы соғыстың салдарынан азап көрген жетімдердің өмірі. Әңгіменің негізгі идеясы – жетім балаларға деген аяушылығын ояту. Бұл шығарманың тәрбиелік мәні жоғары. Жетім-жесірге мейіріммен қарауға, жақыныңа жанашырлық сезімімен қарауға шақырады.

Әңгіменің ілхәм-кіріспесі жиырма төрт жасар Манаптың он бес жасар інісін іздеп, Омск қаласына келуінен басталады. Қолында қара түсті дипломаты бар. Такси тоқтатып, жүргізуші жігітке балалар үйінің мекенжайын айтқанда біраз кідіріс болып қалады. Ақыр соңында жүргізуші жігіт жолақысын алмай, қабағын шытып кетіп қалған еді. Бұл жігіттің Манапқа деген өкпесі бардай көрінді, «не себепті ініңді балалар үйіне тапсырдың» дегенді ым-ишарасымен білдіреді. Манап «Директор» деген алтын түсті әріптермен жазылу тұрған кабинетті тез тауып, сондағы басшыға кіруге асықты. Балалар үйінің директорымен тілдесіп, өзінің інісі жайлы ақпараттарды сұрайды. Директор: «Орынсыз мылжыңдап, түн қатып, түсі қашып келген қонағымды шаршатып алдым ба?»,- деп сәл қызарып, әңгімесін, айтар ойын тоқтата қойды. Қағаз беттерін, құжаттарды ақтарып, Қали есімді баланың бар екенін, оның спортшы, балалар үйінің мақтанышы екендігін қуана айтады. Манап көмейіне тұрып қалған сезімнен директор кабинетіне кіргеннен кеткенше дейін арыла алмайды.

Бұл шығармада автор Қалидың сыртқы бейнесін керемет етіп суреттегенін мынадан байқауға болады: «Тығыз қара шашы ұсақ-ұсақ, бұйра, қол-аяғы таралып қалған, кең иықты болмаса да ешкімнен қарызға жауырын сұрай қоймаған ақ сұр бала, дұрысы, боз бала сыртқа шыққан кезде Манап орнынан ұшып тұрды». Бір-біріне қараған аға мен іні не жайында сөйлесерін де білмей, біраз үндемей отырады. Манап он бір жыл бойы көрмеген інісіне «інім» деп айтуға батпай, «Қалың қалай, Қали?» деп әңгімесін бастайды. Кіндіктері бір шешеден болса да, өскен орталары басқа ағалы-інілілер бір-бірін жатсынып отырады. Қалиды балалар үйіне тапсырғанда, сорасы ағып, үнсіз жылағанда ғана ағалықты сезінгені есіне түседі. Қатты ренжісе де інісі ағасын жамандыққа қимайды. Шығармада Қалидың мінезі былай бейнеленеді: «Іске келгенде жаудай тиіп, апырып-жапырып жіберетін; ал сөз дегенде аузына маржан салып, «ішімдегіні тап дегендей» томаға-тұйық отырып алатын қыңыр тұқым-ай». Қали айтар ойын әбден пісіріп алып сөзін былай бастайды: «Өскемендегі балалар үйіне сені бұлыңғыр күзде апарып тапсырған болатынбыз. Басқа амалымыз болмады. Шешемізді қылтамақ алып кетті. Жерге қараған әкеміз лезде шөккен. Соғыстан контузия алған адамнан не исұрайсың. Бізге өгей ана тауып бере ме деп ойласақ, ауруханадан шықпауға айналды. Мен мектеп-интернатында оқимын. Сенің жылағаның әлі көз алдымда. Дорба кәмпит теңдеп, екі-үш күннен кейін келеміз, қорықпа, алып кетеміз қайтадан»,-деп алдадық. Сен әкемізге емес, маған қарап «Манапқа тілің келмей, Мака дейтінсің. Кәмпитті сен әкел, сен алып кет!», - дедің». Осы сәтте екеуі үнсіз отырды. Қалиды шешесі қайтыс болған соң, әкесі өзі бақты. Манап жазғы демалысқа келгенде жаялықтарын өзі жуатын. Кішкентай сәби Манап ағасын өлердей жақсы көретін. Бір бидайды бөліп жеген. Манап қайда барса томпаңдап Қали сол жерде жүретін, қасынан бір елі қалмайтын. Бұрыңғы шақтарын еске алған Манап Қалиға қараса, іші удай ашиды. Не ойлап отырғаны беймәлім. Манап демін жұтып, ақырын күрсінді. Қолыңдағы дипломатын ашып, ішінен Қалиға арнап алған костюмын ұсынды. Қали костюмге немқұрайлы қарап, миығанан күлімсірейді.

Манап осы күнге дейінгі тыңдырған істерімен бөліседі: «Көкемнің басына тас жинап, қорған көтердім. Саман кірпішін өз қолымен құйдым. Бүгінде елдің жағдайы жақсы. Тамақ тоқ, көйлек көк.». Бұл айтылған әңгімелер Қалиға қызық болмаған сыңайлы. Қали көкесі қашан, қалай қайтты, сұрамақ түгілі, тіс жармаған. Ағасы Манап қалай күнін көрді, қай институтқа түсті, оқуы, болашағы қандай екенін сұрап білген де емес. Бойындағы тебіреніс қайда? Көзден кеткен көңілден де кетеді ғой.

«Мереке қарсаңында жасөспірім боксшылардың арасында қалалық жарысы өтеді. Сол жарыста бірінші орын алуым керек. Соған дайындалып жүрміз. Жас өспірімдер бойынша бірінші разрядым бар»,- деп мақтанып қойды Қали. «Уақыттан ұтылсам, жарыста ұтылғаным. Жаз бойы салмақ қосып, бұлшық етім босап кетіпті. Қош бол..», -дей бердіде, тілін тістеді. «Сіз.. қонасызба? Жоқ кетемін. Кешкі алтыда поезд бар»,-деген сөздермен екеуі қоштасты. Дипломатын Қалиға тастап, директормен қоштасып, келген таксиімен қайта вокзалға аттанады. Аға мен іні арасындағы екеуара әңгімесі осылай аяқталады.

Көркем шығармалардағы трагизм мотиві

Қазақ әдебиетіндегі трагедия мәселесі аса көп зерттеле қойған жоқ. Біздің ойымызша, қазақ әдебиетіндегі трагедияның негізгі көріністері алғаш рет аңыз, миф, әпсаналарда, Асан Қайғының Жерұйықты іздеп шарлауы, Қорқыттың өлімнен қашуында көрініс тапқан.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасында Мұхтар Әуезовтің 1920 жылдардағы әңгімелерінен бастап, трагедияның тағы бір өзгеше қыры пайда бола бастады, ашып айтсақ, адамның ішкі жағдайы, қоғаммен қарсылығынан шыққан, яғни «Адам мен Кеңістік» жайлы қозғалатын мәселелер туындай бастайды. Бұл мәселе жайында «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Үйлену» және т.б. шығармаларында М.Әуезов адамның сыртқы дағдарыстарға қарсы тұруында, адамдық сезімінің моральдық түрде ауытқып кетуін сипаттайды. Сонымен бірге, әлеуметтік трагедияның негізі, адамдардың рухани құлдырауы болып табылады.

ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі рухани серпіліс қазақтың сөз өнеріне үлкен өзгерістер енгізді. Алаш қозғалысы, оның тәуелсіздікке қадам жасап ұмтылуы, ұлттың санасын ояту жолындағы игі істері, жігерлі ұрандары – қазақ әдебиетінің дамуына оң әсерін тигізгенін білеміз. Әлеуметтегі алаштық ой - жаңа сөйлеу өнерін қалыптастырды десек, Мұхтар Әуезов ағамызды осы сипаттағы әдебиеттің ең талантты өкілі деп айта аламыз. Оның шығармаларында өз заманының көрінісі бейнеленген және сол кезеңнің ағымымен сан түрлі тағдырды бастан өткерген адамның өмірі суреттелген. Уақыт Мұхтар Әуезовтің шығармаларына өшпес нұр берді, өйткені әрбір еңбегі адамдарға деген ерекше сүйіспеншіліктен туған. Қаламгердің шығармаларындағы қорғансыздар – басты тақырып. Ежелгі қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, зұлымдық, отаршылдық, біріктіріп айтқанда, қорғансыздар күні жазушының шығармашылығындағы өзекті тақырып. Дегенмен, автор өзінің әр шығармасында бостандық үшін күрескен адамдардың қаншалықты қорғансыз екендігіне қарамастан, олардың рухы биік, намысқор екендігін көрсетеді.

Мұхтар Әуезовтің әңгімелері негізінен трагедия жанрында жазылған. Оқиғалардың барысында, сюжеттік желісінде, кейіпкерлер арасындағы қақтығыста ішінара қайшылықтар кездеседі. Зұлымдық, қатыгездік пен зорлық басым. Басты кейіпкерлер қайғылы жағдайға душар болып, оқиға трагедиямен аяқталады.

Өзінің еңбек жолын драматургиядан бастаған және өнердің басқа салаларымен айналысып, өмірінің соңына дейін оны дамытып, жетілдірген Мұхтар Әуезов 1921 жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесін жазды. «Қорғансыздың күні» оқырманға қазақ ауылындағы кедейлердің өмірін, хәлін суреттеген, кедей, жан тебірентер азабы пен ауыр жағдайын әсерлі етіп нақты бейнелеген сом дүние.

Шығарманы оқып шыққан оқушы терең ойға құрсауында қалып, көкейінде «осы үй ғана ма қорғансыз қалған? Иісі қазақтың қорғаны кім?» деген сансыз сұрақтар туындары сөзсіз. Осы тақылеттес үлкен мәселені көтерген жас қаламгердің кеңдігіне, сезім мен ойдың жіңішке иірімдерін сондай бай тілмен дөп басып жеткізетін қабілетіне қайран қаласың. Мұхтар Әуезовтің әңгімелерінен қазақ халқының сол кездегі жағдайын көреміз. Бұрыңғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық туралы, адамдардың арасындағыс қайшылық, әйелдердің басына түскен ауыр хәл, өшпес мұң, қайғы арқылы қаламгер сол жиырмасыншы жылдарды, «Қорғансыздың күнінен», «Қараш-қараш оқиғасына» дейінгі аралықтағы бірнеше әңгімелер топтамасын жазған еді: «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық» т.б. Өгейлік, өктемдік құрбаны болған қорғансыздар тағдыры осы шығармаларда қатал реализм арнасында үлкен суреткерлік күшпен бейнеленген.

Ескірген әмеңгерлік дәстүрге лағынет айтып, оны зорлауға тырысқан қарт адамнан қашып, бұрқасын боранға тап болған Рабиға («Қыр суреттері»), сүйіктісі Ісламға қосыла алмай, Жақып болысқа тұрмысқа шығуға көнбегені үшін ұрып-соғылған, ауруға шалдығып, құсадан көз жұмған Ғазиза («Кім кінәлі»), Жәмила («Сөніп-жану»), ол өзі сүймеген адамға тұрмысқа тиюге үлкендердің күштеуімен амал-шарасыз көніп, соның салдарынан көзі жасқа, кеудесі шерге толған Жәмила («Сөніп-жану»), жауыз, тасжүрек ағайыны Иса мен оның «ұрысқақ долы қатыны Қадишаның» өгейлік тауқыметіне шыдай алмай ұрысып шығып, қараңғы түнде ата-анасының бейітін іздеп келе жатып, шошынып өлген он жасар кішкене Қасым («Жетім»)... Аталғандардың бәрі ішінара тағдырлас: бірінің кейпін бірі дамытып, бірінің мінезін бірі толықтырып тұрғандай.

«Тақырыбы ортақ, сюжеті желілес осы әңгімелердегі ұнамды кейіпкерлерді бір жерге жисақ, бәрі қосылған, «ескілік көлеңкесіндегі» «қорғансыздың» аянышты ауыр халін әр қырынан әсерлі танытып қана қоймай, сол ескіліктің еңбек адамдарын еркінен айырып, қараңғы қапас түнекте тұншықтырып абақты екенінде, одан құтылудың жолы біреу-ақ, ол тек қана азаттық үшін айқас екенін аңғартуы. Бұл, әрине, шыншыл суреткердің шындықты шынайы суреттеуінің күші деп білген жөн еді»,- деп академик Зейнолла Қабдолов өз пікірін білдірген екен.

Алайда, бұл тұста сыни реализм әдісінің осындай кереметтігіне қоса әлсіздігі де айқын көрініп-ақ тұр: қорлық көргендер мен езгіге ұшырағандар қанаушылар тигізген зияндарына қанша ашынғанмен, тіпті кейде ызаланғанымен, оларға қарсы төтеп бере алмайды: бас кейіпкерлердің барлығы өз қарсыластарымен тіл табыса алмай, көп жағдайда жеңіліс табады, өздерін құрбан етеді.

«Трагедия – драматургияның қаһарлы тартыстары мен адасуларының соғысы, қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып қана қоймай, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан кешіп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғысы, мұңы, эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен көрерменге берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашқан, қопара суреттейтін іргелі жанры», - дейді академик Рымғали Нұрғали. Әлбетте, қалыпты тіршіліктің өзіндік тілегі мен талабы, тарихы мен шарттары, қайғылы адамның мақсаты арасындағы жанжал, күрес, керіс сияқтылар әр қоғамда, әр кезеңде, әр халықтық ортада түрлі кұйде туындауы – объективті заңдылық болып табылады. Осы анықтамаларды негізге ала отырып ұлы суреткер туындыларына назар салып, талдау жасауға болады.

«Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын өзін туған әке-шешесі өлген… Өз әке-шешесі өлгенде Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан. Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткенде кәрі әжесі өліп еді. Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді. Басына аспан құлағандай уайымды сол күні көріп еді». Қатыгез тағдыр осындай балаға соншалықты қатал қарады. Өлім Қасымның туыстарын бір-бірлеп жалмады. Баланы жетім қылды. Ол жалғыз. Бұл жалғыздық пен панасыздық баланың жүрегіне ауыр тиді. Баланың жаны мен кішкентай жүрегі қайғыға толы болды. Әңгіме оқырманды қызықтырады. Мұнда біз тағы да жазушының шеберлігіне таңданамыз. Қасым ұйқыға батқанда бақыт құшағына енетін, алдына алып, сүйіп, көзін сүрткен ата-анасын көріп қуанып қалатын. Бәрі де «біз тіріліп келдік, енді өлмейміз... Сен қорғансыз емессің, сен жыламайсың, сенің көз жасың бізді қайтып алып келді...»,- дейтін еді. Ол түс көріп түсінде еркелеп, әжесінің төсін иіскесе, «мені неге жылаттың?» - деп назын да айтатын болды. Дегенмен күндер өтіп жатты. Қасым жалғыз қалды.. «Күн өткен сайын, әжесі келмейтін болып, алыстай бастады. Оның бейіті Ұлытаудың бөктерінде алыста қалды. Ауыл тау асып көшіп кетті. Әжесі тірі болған күн Қасымның көңілінен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түсті бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесінің мұны уатып айтатын ертегісі, кешкі мезгілде алдына алып, күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды. Өшті, Қасымның үмітті де жарық күні де батты»,- дейді жазушы. Барлығы да көркемдігін жоғалтқан секілді. Әжесінен айырылып қалған Қасым үшін өмір өз құндылығын жоғалтқандай. Қасым әжесін өз құшағына алып тау бөктері алыстаған сайын, Қасымның бал-бұл жанған бақытты шақтары, кәрі анасының құшағында жатып алып, тыңдаған әсем әні де құлақ құрышынан кеткендей. Өмір оты өшкендей болып, баланың көзіндегі шырақ та сөнгендей. Қасым – қорғансыз. Бірақ ол қолынан келген қарсылығын жасады. «Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім?.. неңді жеп едім?! Жазығым – қуарып қалған жетімдігім бе?»,- дегенді айтып жерде жатқан тасты алып, оған төніп келген Иса ағасын тізесінен періп жіберіп, сыртқа қарай қаша жөнелді. Қасым жас, дәрменсіз. Өзін-өзі қорғай алмайды. Алайда біз оның бойындағы өршілдік ұшқынын сезіне аламыз. Жазушының идеясы дәл осыған нұсқайды. Ата-анасынан ерте айырылған Қасым басқа туысқандарынан шамалы моральдық және материалдық зардабы аз болғандай, тіпті зиратта ол құбыжықтың қандайда бір түрінен шошып кетті. Жазушы Қасымның қайтыс болу сәтін қорқынышты суретпен береді: «Сол уақытта жаңбыр бұлты тауға таман жақындап, жел қатаңдап, күннің күркірегені жиілеп тұр еді. Күн әдетінше жарқ етті». Автор табиғаттың қаталдығын суреттей отырып, оны баланың өлімімен тікелей байланыстырады. Сүреңсіз болып қалған жаз сұлулығын жоғалтты, қайтыс болғандарға дұға етті, жетімдерге пана бола алмай қалғандығынан жанары мұңға толады, жылайды. «Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйеніп жығылып, қатып тұрған баланы көрді. Басында бұлар шошып, аттары да үркіп атып кетсе де, артынан оралып дыбыстап, әлгі жерге қайта келді. Бұлардың көп айқайына ешкім дыбыс бермеді. Аздан соң аттан түсіп, қасына келіп қараса, жыртық киімді, өңі кұп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он-он бір жасар бала екен. Ол – өлік. Бірақ денесі әлі түгел мұздап та болған жоқ екен...» - деп шығарма аяқталады.

Автор қайғылы бала өмірінің соңғы сәттерін күрделі дағдыдан тыс сөздермен суреттейді. Бұл әңгіменің бүкіл мазмұнының идеясын ашады және сізді ойланып-толғандырады. Шығармадағы оқиғаларды біріктіре отырып, автор басы мен аяғы толық, ең бастысы – эмоционалды әсері мол көркем туынды болып шығуына үлкен үлесін қосты. Қорытындылай келе, бұл әңгімелер қазақ әдебиетін жанрлық тұрғыда байытты деп айта аламыз. Бұл психологиялық, бірі – әлеуметтік, енді басқасы – философиялық және т.б. Осылардың барлығы адам жанының жай-күйін, сезімін, заманауи шындығын, адамдардың өмірін көрсетуде жанрлық жағынан әр тарап болып, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлесін қосқан, әлемдік, одан қалды, классикалық деңгейге асқақтаған туындылар. Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы шығармалары әлем әдебиетінің суырып салма ойшылдарының әңгімелерімен сусындай келе, маңызды ой, тиісті мазмұнның түп қазығы сияқты болды.

Трагедияның маңызды ерекшелігі – басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, адасуға ұшырайды. Ол әлеуметтік жағдайлар мен әлеуметтік қатынастарды тудыратын, мінезін оның еркіне қарсы қойып, мақсаттарына жеткізбей, мұраттарын бұзатын суық тағдыр, басына жазылған бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан пайда болады. Әрине, қайғылы қателік, шатасу кейіпкерді әуреге салады; ол тауға, тасқа басын соғып, өз мақсатына ұмтылады, бірақ соңында ол әлдеқайда қатыгез күштердің соққыларынан өледі. Реалист суретші көркемдік құралдар арқылы кейіпкердің өлімінің ішкі мәні мен нақты себептерін аша білді.

Жетім – трагедиялық образ. Айтпақ ойымыз, олардың бүкіл өмірі қайғылы оқиғаларға толы. Тағдыр қолдаусыз өскен жетімдерді аямайды. Себебі, олардың жүгінетін ешкімі жоқ, олар әлсіз. Әлсіздерге көрсетілген қарсы зорлық-зомбылық жайында жазылған бұл шығармалар да осы қоғам туралы шындықты айта алады.

Өзекті мәселе – әңгіменің қалай аяқталатындығында. Кейбір қаламгерлеріміз кейіпкерлерінің болашағына тәтті ғұмыр сыйласа, кейбіреулері өлімге қияды. Әңгімедегі сюжеттік шешім мен көркемдік шешім – ұқсас ерекшеліктер. Зерттеуші академик З.Қабдолов шығарманың осы бір ерекшелігінін былайша сипаттайды: «Шешім (орысша развязка) – шығарма сюжетіне де шешуші кезеңдерінің бірі; суреткердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған «үкімі», адамдар арасындағы қарама-қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің бітуі; түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты нәтиже; оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал-күйі; күллі құбылыс – көріністердің соңғы сахнасы».

Мұхтар Әуезовтің Қасымы мен Ғазизасы, Роза Мұқанованың Ләйләсі өмірден өтеді. Жазушының шешімі осындай болды. Сайын Мұратбековтің Аяны мен Оралхан Бөкейдің Тортайы тағдырдың қиыншылығымен күресіп, одан әрі қарай талпынуға ниет еткен жандар. Бұл да қаламгердің шешімі болатын.

Бүгінгі күнге дейін қазақ прозасындағы жетімдер бейнесі жеке ғылыми тақырып рөлінде жүрді, арнайы зерттеулердің тақырыбы болған емес. Сонымен қатар бұл қадам жас оқырманның жетім балалардың өміріне, олардың түр сипаты мен эстететикалық талғамына қазақ әдебиетінің көрсететін әсерін, қазақ әдебиетінің басты әсемдік принциптерін белгілі бір деңгейде ашуға мүмкіндік береді. Өткен дәуірдің 70-80 жж қазақ прозасында маңызды зерттеулер орын алып, олар мазмұны жағынан байып, ішкі құрылымдық мүмкіндіктері кеңейтілді. Адамның табиғатын және өмір шындығын бейнелеу туралы қазақ жазушыларының шығармаларындағы философиялық ойлардың өсуімен басты кейіпкердің шынайы бейнесін жасаудағы психологиялық талдаудың рөлі артып, жетімдердің образдарын жасау ерекшеліктері пайда болады. Адамдардың асыл армандары жолындағы таласын, жан дүниесін ақтара сыр шерту – көркем әдебиеттің бұрыннан келе жатқан негізгі мақсаты. Бұл мұрат ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Күндер өтіп, заман өзгерген сайын оның мәні одан әрі арта түседі. Өйткені, қай уақытта да әдебиеттің өзегі – ол адам, оның ішкі дүниесі. Расында, әдебиетте адамгершілік ізденістердің болғандығы дұрыс. Зерттеу жұмысымыздың өзегі болған жетімдер, олардың әдебиеттегі бейнеленуі – қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалдырды.

Жетімдер өмірін еңбектеріне арқау еткен қай қаламгердің шығармасын талдасақ та, асып - тасып жатқан бай тіл, бояуы қанық сурет арқылы қазіргі заманымыздың, не болмаса өткен уақыт уақиғаларының көркем шындығы, жетімнің ауыр тағдыры өз қейпінде көз алдымызға келеді. Қаламгерлер өмірдің басты мәселелерін арқау ете отырып, еңбектерінде кейіпкерлерін сомдап өрнектей білді, сөйлете білді. Тіршіліктен туындаған кейбір қарсылықтар сол күйінде жеткізілген. Айта кетсек, М.Әуезов, С.Мұратбеков, О.Бөкей, Д.Исабековтердің ерекше зерттегені – адамның жаны, оның ішкі дүниесі. Көркем әдебиет туындыларын қаншама тақырыпқа тиеп, кесіп –пішсек те, негізінен әдебиет бір-ақ тақырыпқа арналады. Ол – адам тақырыбы. Мейлі жесірді, мейлі жетімді, мейлі мал бағушыны алсақ та, ең басты нысанасы – ол адам, оның тағдыры. Бұл кезеңдердегі қазақ прозасы адам мәселесін әлемдік концепцияларға ұқсатып дамытады. Аталған проза табиғат пен адам, табиғат пен әлеумет қарым – қатынастарына назар сала отырып, адам мен адам арасындағы зұлымдық, мейірімсіздік мәселесін көркем сипаттағаны танылады.

Біз қазіргі қазақ прозасында, ХХ ғасырдың 70-80 жылдардағы ұлттық трагизм, адамның рухани құлдырауынан туындаған трагедия, жақындардың тарапынан көрсетілген қатігездіктер, жетімдердің қайғылы жағдайға ұшырау салдарын талдадық. Осы тұста басты жанр ретінде хикаят пен әңгіменің рөлі басымырақ болды. Хикаят жанры алдыға шығып, бұл жанр арқылы жазушылар заманның өзекті мәселесін көтерген еді. Адамдардың мәңгі арқау болған тақырыбы жақсылық пен жамандықтың күресуі, бұл кезеңдердегі прозада жаңа қырынан танылды.

Мақаламызда шығармалар көбінесе философиялық, психологиялық тұрғыдан қарастырылды. Қоғамның рухани құлдырауы ұлттық трагедиямыздағы маңызды мәселелердің бірі екенін көреміз. Мысалы, Әуезовтің «Жетім», «Қорғансыздың күні» әңгімелеріндегі трагедиялық суреттер, қорғансыздардың көбінесе қайғыға бой ұрғандығының себепкері болады. Бұл шығармалардағы трагедияның үлкен символдық және шынайы мәні зор. Кейіпкерлер қиындыққа төтеп бере алмай, қайғыға бой ұрса да, бойында шыншылдық пен пәктікті сақталып отыр. Шығармаларды психологиялық талдаудың стилистикалық ерекшеліктері мен көркемдік функцияларын көрсету үшін жалпыға ортақ әдеби шығармаларға сүйендік. Жазушының шығармашылығына психологияның араласуы жетімдердің ішкі әлемі мен ойларын дәл жеткізуге көмектесетін құптарлық тәсіл. Адами ой-сананың, сезімнің берілуін, оның әңгімедегі өзіндік нақышын сақтап, адам жан-дүниесінің диалектикасын ашуға лайықты етіп қолдану қаламгердің шеберлігіне байланысты болады.

Туындыларды көркемдік жағынан зерделеу адамдардың қарсылыққа толы табиғатын айқын көрсетуге көп көмек берді. Осы орайда текстік детальдардың атқарған қызметі зор болды. Өйткені, ашық айтылмайтын, алайда, шығармалардың сана түкпіріндегі жасырын тұрған ой құбылысын айқындап, шынайылықты, кейіпкер өмірінде болып жатқан оқырманның көбісі түсіне қоймайтын жағдайларды ортаға салады.

Жетімдердің тағдырын сипаттаған авторлық туынды – бұл қаламгердің ақыл - ойы мен қажырлы еңбегін талап еткен көркемдік сипаты мол өзгеше әлем. Себебі, жетімдер тақырыбын саралап, өрелі ой айтудың құралына айналдыратын қаламгердің арман-аңсары да биік еді. Жетімдер портретін толықтай ашу үшін, балалар әдебиетін, олардың уәжі, психологизм мен трагедия, портрет пен сипаттау сияқты көркемдік ерекшеліктерді пайдаланылды. Әлбетте, біз авторлардың суреткерлік қырын ашу мақсатында бірде жалпы шолу жасасақ, бірде нақтылы зерттеулер арқылы тұжырым жасадық. Кез келген мәселені түбінен қарастырып, басқа жазушылардың шығармаларымен салыстырғанда айтылар ойға негіз болатын жағдайлар кем болмады. Бүгінгі зерттеуіміз сол жағдайларға аз да болса септігін тигізсе – нұр үстіне нұр болып, мақсатымыздың орындалғандығы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар